РЕСЕЙДЕГІ ҚАЗАН ТӨҢКЕРІСІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ ӨМІР.
ҚАЗАН ТӨҢКЕРІСІ, Ресейдегі 1917 жылғы Қазан төңкерісі – 1917 жылы 25 қазанда (7 қараша) Петроградта болған ірі әлеуметтік-саяси, тарихи оқиға.
Көтеріліс В.И. Ленин басқарған большевиктер партиясының жетекшілігімен жүзеге асырылды. Оған Петроград жұмысшылары, қала гарнизонының солдаттары мен Балтық флоты матростарының өкілдері қатынасты. Көтеріліс жеңіске жеткен күні кешкісін Петроградта ашылған Кеңестердің Бүкілресейлік II съезі Уақытша үкіметтің құлатылғандығын және бүкіл елдегі өкімет билігі Кеңестердің қолына көшетіндігін жариялап, В.И. Ленин дайындаған Бітім және Жер туралы декреттерді қабылдады.
Алғашқысында 1914 жылы басталған I-дүниежүзілік соғысқа қатысушы елдердің үкіметтері мен халықтарына аннекциясыз және контрибутциясыз демокр. бітім жасау ұсынылса, Жер туралы декретте жерге жеке меншік жойылып, ол жалпы халықтық мемлекеттік меншік болып жарияланды. Съезде В.И. Ленин басқарған және жұмысшы шаруа үкіметі аталған Ресей ХКК құрылды. Сонымен қатар Кеңестердің Бүкілресейлік ОАК-нің (БОАК) жаңа, большевиктендірілген құрамы сайланды. Съезд В.И. Лениннің “жұмысшыларға, солдаттар мен шаруаларға” арналған үндеуін қабылдап, ол арқылы халықты барлық жерде жаппай Кеңес өкіметін орнатуға шақырды.
Кеңес үкіметі көп ұлтты Ресей еңбекшілерін өз жағына тартуда айтарлықтай насихатшылдық рөл атқарған екі саяси құжат жариялады. Біріншісі 2 (15) қарашада жарияланған “Ресей мен Шығыстың барлық мұсылман еңбекшілеріне” деген үндеу болды. Бұл құжаттарда Ресейді мекендеген халықтардың теңдігі, олардың өздерінің мемлекеттік құрылысын өздері шешуге құқылы екендігі айтылып, ұлттық және этникалық топтардың еркін дамуына, бұрынғы езілген ұлттардың өздерін-өздері билейтіндігіне кепілдік беріледі делінді. Мұның үстіне Кеңес өкіметі мен большевиктер партиясы (Зауыттар мен фабрикалар – жұмысшыларға!”, “Жер – шаруаларға!”, “Теңдік - бұрынғы езілген ұлттарға!” деген ұрандарды үзбей қайталаумен болды. Осы уәделер мен ұрандарға әуел баста бұқараның айтарлықтай бөлігі, ең алдымен, қоғамның жаппай кедейленген мүшелері сенді, сондықтан олардың өкілдері Кеңес өкіметін орнату үшін күреске қатысты.
Петроградтан кейін 1917 жылы қарашаның басында Кеңес өкіметі Мәскеуде, елдің өнеркәсіпті орталық аудандарында жеңіске жетті, көп кешікпей бұл жағдай мемлекеттің ұлт аймақтарын, оның ішінде Қазақстанды да қамтыды. Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы ұзаққа созылды. Бұл кезде Кеңес өкіметі негізінен алғанда қалалар мен өлкенің басқа де ірі мекендерінде орнады. Ал ауылдар мен селолардың басым көпшілінде
Кеңес өкіметінің орнауы Азамат соғысы басталғанға дейін, тіпті одан кейінгі жылдарға дейін жалғасты. Бұл өлкенің әлеуметтік-экономикалық артта қалуынан, жергілікті жұмысшы табы мен большевиктік ұйымдардың сан жағынан аз және әлсіз болуынан, ұлтаралық қатынастардың күрделілігінін шиеленісе түсті. Мұның үстіне ұлттық-демократиялық Алаш қозғалысының жетекшілері Қазан төңкерісі мен Кеңес өкіметінің идеяларын қабылдамады. Ал Қазақстанда орналасқан Орал, Жетісу, Батыс Сібір және Орынбор казак әскерлерінің әскери үкіметтері Кеңес өкіметінің орнауына қарулы қарсылық көрсетті. Кеңес өкіметінің Қазақстанда жеңіске жетуіне негізінен славян текті халықтардың (ең алдымен орыстар мен украиндардың) өкілдерін біріктірген жергілікті гарнизонның солдаттары мен жұмысшы солдат және шаруалар кеңестеріне топтасқан қоғамның кедейленген мүшелерінің өкілдері барынша ат салысты.
Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату ісіне Ә.Жангелдин, С.Сейфуллин, К.Сүтішев, А.Асылбеков, Ә.Майкөтов, И.Дубынин, К.Шугаев, Я.Ушанов, А.Иманов, С.Цвиллинг, Т.Рысқұлов, Т.Бокин, П.Виноградов, Л.Емелев, Т.Өтепов, А.Розыбакиев, т.б. неғұрлым белсене қатысты. Қазан төңкерісі кеңестік тарихнамада Кеңес Одағы Коммунистік партиясының құжаттарында күллі адамзат тарихына түбірлі өзгеріс енгізген, жаңа заманнан – капитализмнен социализмге өту дәуірін ашқан 20 ғасырдың басты оқиғасы деп дәріптеліп келді. Шын мәнінде Қазан төңкерісі көп ұлтты Ресейдің, оның құрамына енген көптеген елдер мен халықтардың табиғи, эвол. даму жолын күштеп революцияшыл қайта өзгерістер үрдісіне түсірді.
74 жыл өмір сүрген Кеңес одағында ел өмірінің барлық салалары (экономика мен саясат, мәдениет пен руханият) сталиндік нұсқада, әміршіл мәндегі тәжірибелер жасау алаңына айналды. Олардың барлығы да Қазан төңкерісі, социализм идеяларын жүзеге асыру үшін жүзеге асырылды деп түсіндірілді. “Түбегейлі өзгерістер” жасау тәжірибесінің зиянды салдарлары аз болмады. Олардың қатарына ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру мен көшпенділердің зорлап отырықшыландырылуы нәтижесінде елді жайлаған ашаршылық салдарынан сан мыңдаған адамдардың қырылуы мен басқа елдерге ауа көшуін, көптеген мемлекет, қоғам, мәдениет, ғылым, қайраткерлерінің әміршілдік жүйе ұйымдастырған саяси қуғын сүргіннің құрбандарына айналуын, демографиялық саясат пен мәдени-рухани салада орын алған келеңсіздіктерді жатқызуға болады. Солай болса да, Қазан төңкерісінен кейінгі 74 жыл Кеңес Одағы үшін, оның құрамдас бөлігі болған Қазақстан үшін, тек қана бос кеткен кезең емес. Атап айтқанда, Республиканың материалдық өндірістің жүйесі түбегейлі жаңарды, халықтың білім деңгейі күрт өсті, сапалы ғылым жүйесі қалыптасты, адамдар арасындағы қарым-қатынастар жақсарды.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.471-472
ЖЕЛТОҚСАНДАҒЫ ЖАЛПЫҚАЗАҚ СЪЕЗІ.
Екінші жалпықазақ съезі – қазақ зиялыларының Алашорда үкіметін құрған құрылтайы. Съезд 1917 жылы 5 – 13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында өтті. Ұйымдастыру комитеті тарапынан әр уезден, әр облыстық қазақ комитеттерінен келетін екі өкілден бөлек 30-ға жуық кісіге арнайы шақыру қағаздары жіберіліп, “Сарыарқа”, “Ұран”, “Бірлік туы”, “Тіршілік” газеттері мен әр түрлі ұйымдардан бір-бір өкілден шақырылды. Съезге барлығы 200-ден астам өкіл қатысты. Съездің төралқасына Б.Құлманов (төраға), Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамедов, Ә.Кенесарин, Ғ.Қарашевсайланды. Съездің күн тәртібіне Сібір, Түркістан автономиясы һәм оңтүстік-шығыс одақ туралы, Қазақ автономиясы, милиция, Ұлт Кеңесі, оқу мәселесі, ұлт қазынасы, мүфтилік мәселесі, халық соты, ауылды басқару, азық-түлік, т.б. мәселелер енгізіліп, маңызы зор шешімдер қабылданды.
Съезд Қазақ автономиясы мен милиция туралы Х.Ғаббасов жасаған баяндаманы тыңдап, осы мәселе бойынша “Алашорда бүгіннен бастап қазақ-қырғыз билігін өз қолына алады” деген қаулы шығарды. Алайда, Алаш автономиясын жариялау мәселесі бойынша делегаттардың пікірінде келіспеушілік байқалды. Ресми жариялауды жақтаушылар: Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, А.Кенжин, У.Танашев, Қарашев, С.Досжанұлы, т.б. барлығы – 33 адам; ресми жариялауды тоқтата тұралық деушілер: Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, О.Алмасов, Ғаббасов, т.б. барлығы – 42 адам, қалыс қалғандар – А.Шегірұлы, М.Шоқайұлы, Қ.Кенесарыұлы болды. Нәтижесінде, “ресми жариялауды съезд атынан сайланған қазақ-қырғыз ісін басқарушы 15 кісіге тапсыралық. Олар біздің Уақытша үкіметіміз (Алашорда) болсын” деген тоқтамға келді.
Съезд Сырдария облысы қазақтарының Түркістан автономиясына қосылу-қосылмау мәселесін талқылау мақсатында осы облыс қазақтарының съезін шақыруды қажет деп тауып, өз араларынан Құлманов, Т.Құнанбаев, Дулатовты өкілдер ретінде жіберу туралы шешім қабылдады. Қазақ зиялылары Алаш автономиясын аяғынан тік тұрғызу үшін және большевиктермен күресу мақсатында ұлттық әскер құру және кеңестерге қарсы әр түрлі саяси күштермен одақтасу ісіне үлкен мән берді. Съезд бұл мәселені жан-жақты талқылап, қазақ милициясының әр облыс, уезд орталықтарындағы саны, оларға әскер ғылымын үйрету және қажетті заттармен (қару-жарақ, қаржы, көлік, т.б.) қамтамасыз ету тәртібін анықтап, “26 500 адам тіркелген халықтық милиция құрылуы қажет” деген қаулы қабылдады. Бұл идеяны Алашорда үкіметінің мүшесі Ж.Ақбаев ұсынды. Әскер құру ісіне қажетті қаражатты 6 облыстың қазақтары есебінен алатын болды.
Аманжолова Д.А., Казахский автономизм и Россия, М., 1994; Нүрпейісов К., Алаш һәм Алашорда, А., 1995; Қойгелдиев М., Алаш қозғалысы, А., 1995; Құл-Мұхаммед М., Алаш ардагері Ж.Ақбаевтың саяси-құқылық көзқарастары, А., 1996
ОРЫНБОРДАҒЫ ЖАЛПЫҚАЗАҚ СЪЕЗ МӘЖІЛІСІНІҢ ХАТТАМАСЫНАН
5-13 желтоксан, 1917 жыл.
…Ғаббасовтың автономия туралы баяндамасын талқылай келіп және қазан айының соңында Уақытша үкіметтің құлағанын, Ресей Республикасының халықтың сеніміне және моральдық беделге ие болған өкіметтен айырылғанын, елде қандай да бір өкімет билігі болмаған жағдайда азамат соғысының тууы мүмкін екенін, анархия бүкіл мемлекет бойынша үлкен калалар мен деревняларды толқыннан кейін толқын туғандай жайпап кететін, анархияның күн санап өршіп, қырғыздар (қазақтар) тұратын облыстардың аумағына таралу қаупі төніп отырғанын, анархия толқыны қазақ-қырғыз халқы облыстары тұрғындарынын өмірі мен мүлкіне қатер төндіретінін, орын алып отырған қиын жағдайдан шығудың бірден-бір жолы қырғыз (қазақ) облыстарының барлық халқы танитын мықты өкімет ұйымдастыру болып табылатынын ескере отырып, съезд бірауыздан каулы етті:
Қазақстан Республикасының Орталық
мемлекеттік мұрағаты. 1-т. 19-іс, 2-3 п.
АЛАШ АВТОНОМИЯСЫН ҚҰРУ ТУРАЛЫ ШЕШІМ
АЛАШ АВТОНОМИЯСЫ – 1917 жылы 5 – 13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен 2-жалпықазақ съезінде жарияланған қазақ халқының ұлттық территориялық мемлекеттігі (1917 – 20 ж.).
Съезд қазақ автономиясы мәселесі бойынша Халел Ғаббасовтың баяндамасын талқылап, төмендегідей қаулы қабылдады:
“Автономия туралы Халелдің баяндамасын тексеріп, қазанның аяғында Уақытша үкімет түскенін, Руссия мемлкетінде халыққа сенімді және беделді үкіметтің жоқтығын ... және бұл бүлікшілік біздің қазақ-қырғыздың басына келуі мүмкін деп ойлап ... съезд бір ауыздан қаулы қабылдады;
1) Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы және Амудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы және Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері біріңғай, іргелі – халқы қазаққырғыз, халі, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық, жерлі автономия құруға;
2) қазақ-қырғыз автономиясының жер үстіндегі түгісуы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын; ...
5) қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттардың бәрі бүкіл мекемелерде санына қарай орын алады;
6) алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша Ұлттық Кеңес құрылсын.
Мұның аты “Алашорда” болсын. Алашорданың ағзасы 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы басқа халықтарға қалдырылады.
Алашорданың уақытша тұратын орны – Семей қаласы. Алашорда бүгіннен бастап қырғыз-қазақ халқының билігін өз қолына алады (“Сарыарқа” газеті, Семей, 1918, 25 қаңтар).
Съезд Алаш автономиясының Алашорда аталған (Алаштың ордасы немесе үкіметі) Ұлт кеңесінің құрамын сайлады. Алаш автономиясының үкіметі – Алашорданың төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. 2-жалпықазақ съезі милиция жасақтарын құру мәселесін жанжақты талдап, оның Алаш автономиясына кіретін әрбір облыс пен уездегі санын анықтап, оларды соғыс өнеріне үйрету мен қажетті қару және киім-кешекпен қамтамасыз ету жолдарын айқындады. Милицияға қажетті қару-жарақ пен оқ-дәрі Алашорданың ұлттық қорының есебінен алынатын болды.
Милицияны құру мақсатын съезд былай деп анықтады:” ... осы күнде мемлекет ішінде бассыздық, талан-тараж, қырылыс қазақты мұндай бүліншіліктен қорғау үшін ... ешбір тоқтаусыз милиция түзуге кірісуі тиіс...”.
Сонымен съезд Алаш автономиясын құру қажеттігін бір ауыздан қолдады. Алаш автономиясының бастау көздерінде тұрған, 2-жалпықазақ съезінің делегаты Әлімхан Ермеков бұл туралы былай деп тебірене жазды:
“... желтоқсанның 12і күні, түс ауа, сағат 3-те Алаш автономиясы дүниеге келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғызқазақ жұрты өз алдына ауыл болды. (“Сарыарқа”, 1918, 22 қаңтар).
Ұлттық-территориялық қазақ автономиялық мемлекетін құруда съезд делегаттары бірауыздылық танытқанымен, оны (автономияны) ресми түрде жариялау мәселесінде алауыздыққа жол берді. Бұл жағдай мемлекеттік құрылым ретінде жаңадан қалыптаса бастаған автономия үшін қатерлі еді, өйткені автономияны ресми түрде жарияламайынша, оған қазақ халқын, өлкені мекендеген басқа халықтарды сендіру, Алашорда үкіметін мойындату қиын еді.
Бүкілқазақтық 2-съезде автономияны жариялау мерзімі жөнінде қызу айтыстар болды. Бұл айтыстардың негізінде қазақ автономиясын жариялауға байланысты өлкені мекендеген қазақ емес халықтардың (ең алдымен орыстардың) пікірін білу және жариялауға тиісті автономияға Түркістан өлкесін мекендеген оңтүстік қазақтарының қосылу-қосылмау мәселесін нақтылы шешу қажеттігі жатты. Бұл мәселеде бір-біріне қарамақайшы екі бағыт қалыптасты. Бір бағытты Бөкейханов басқарды. Оны жақтаушылар съезде өкілдері болмаған Қазақстанды мекендеген орыстардың еркін білмейінше автономия жариялауды кідірте тұру қажет еді.
Ж.Досмұхамедов бастаған Орал облысы мен Бөкей Ордасының өкілдері автономияны дереу жариялауды қажет деп санады. Дегенмен, ұлттық, жалпыхалықтық мүддені жеке бастарының саяси ұпай жинауынан жоғары қойған Бөкейханов пен Досмұхамедовтың жақтастары Алаш автономиясын жариялау мерзімі туралы ортақ, ымыралы келісімге келді. Екі жақтың көзқарастарын жақындатуға алғашында бүкіл қазақ жерін Түркістан (“Қоқан”) автономиясының құрамына енуін жақтаған, ал соңынан бұл пікірінен бас тартқан Мұстафа Шоқай оңды рөл атқарды.
Съезд қабылдаған ымыралы қаулының негізгі баптары мыналар еді:
2-бүкілқазақ съезі Түркістан өлкесін мекендеген қазақтардың Алаш автономиясына қосылу немесе қосылмау мәселесін талқылау үшін Сырдария облысы қазақтарының съезін шақыруды қажет деп тапты және оған өз өкілдері ретінде Бақыткерей Құлмановты, Міржақып Дулатовты және Тұрағұл Құнанбаевты жіберуге ұйғарды. Осы мәселеге байланысты Бөкейханов пен М.Шоқай біріккен мәлімдемеге қол қойды.
Мәлімдеме “Қазақ” газетінің 1917 жылғы желтоқсанның 18індегі 255і санында жарияланды. Большевиктер партиясы мен Кеңес үкіметі ұлттықмемл. құрылыс мәселелерін шешудің негізіне таптық жіктелу принциптерін алса, Алаш көсемдері бұған керісінше ұлттық бірлік, территориялық тұтастық принциптерін таңдады. Бөкейханов 2-жалпықазақ съезінің қазақтың автономиялы ұлттық-территориялық мемлекетін құру туралы шешіміне саяси баға бере келіп кейінірек (1919 жылғы 11і ақпан) былай деп мәлімдеді:
“съезд бұл шешімдері қазақтар ме кендеген территорияда анархияны болдырмау, өлкеде большевизмнің дамуына жол бермеу мүдделерінен туындады ... Сол кезде Россияда орын алған жағдайда қазақтардың жариялаған автономиясын жүзеге асыру мүмкін емес еді. Кезекте бостандықтың жауы – большевизммен күрес тұрды”.
Азамат соғысы жылдарында большевиктер басқарған Кеңес өкіметіне қарсы күресте Алашорда үкіметі жеңіліс тапты. Нәтижесінде жеңіске жеткен Кеңес өкіметі Алаш автономиясын және оның үкіметі – Алашорданы тарих сахынасынан күштеп кетірді.
Алаш-Орда, Сб. документов, А., 1992; Нүрпейісов К., Алаш һәм Алашорда, А., 1995; Қойгелдиев М., Алаш қозғалысы, А., 1995
ТҮРКІСТАН (ҚОҚАН) АВТОНОМИЯСЫ ҮКІМЕТІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ.
ТҮРКІСТАН АВТОНОМИЯСЫ, Қоқан автономиясы – Түркістан өлкесі халықтарының өзін-өзі басқаруын қамтамасыз ету мақсатында 1917 жылы 28 қарашада Ресей Федеративтік мемлекеті құрамында құрылған автономиялық мемлекет. Оның өмірге келуіне Кеңестік биліктің Түркістан халықтарының өзін-өзі басқару құқын мойындамауы түрткі болды.
1917 жылы Қазан төңкерісі жеңген соң, 22 қараша күні Ташкентте өз жұмысын аяқтаған 3-Түркістан өлкелік кеңестер съезі өлкеде кеңес билігінің орнағанын, соған байланысты Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесінің құрылғанын, өлкедегі биліктің ендігі уақытта соның қолына өтетіндігін мәлімдейді. 14 мүшесі бар бұл үкіметтің құрамында жергілікті мұсылман халықтарының бірде-бір өкілі жоқ еді. Бұл кеңестік биліктің отаршылдық сипатын танытқан оқиға болатын. Бұған жауап ретінде құрамында М.Шоқай, М.Бехбудий, т.б. бар “Түркістан өлкесі мұсылмандар кеңесі” 26 қараша күні Қоқан қаласында 4-Түркістан өлкелік төтенше мұсылмандар съезін шақырды.
Үш күнге созылған съезд 28 қараша күні Түркістан өлкесін Түркістан автономиясы деп жариялап, Түркістан Құрылтайын шақырғанға дейін саяси биліктің Түркістан Уақытша Кеңесі мен Түркістан халық билігіне өтетіндігі жөнінде қаулы қабылдады. Түркістан Уақытша Кеңесі құрамына барлығы 54 адам енді, оның 32-сі Түркістан Құрылтай жиналысына сайланған депутаттар еді. Бұлардың арасында негізгі тұрғындары қазақтардан тұратын Сырдария мен Жетісу облыстарынан 11 өкіл бар болатын. Кеңес құрамында, сондай-ақ, мұсылмандар съезі сайланған өкілдермен бірге, қаланың өзінөзі басқару ұйымдары съезінің 4 өкілі, түрлі өлкелік “еуропалық” ұйымдардың 13 өкілі бар болатын.
Түркістан Уақытша Кеңесі 12 орыннан тұрған Түркістан автономиясының Уақытша үкіметін бекітті. Съезде Түркістан өлкесіндегі барлық халықтардың құқығын сыйлап, қорғайтындығын мәлімдеп, өлкенің барлық мұсылман, орыс, т.б. тұрғындарын Түркістан автономиясы төңірегіне топтасуға шақырды. Сонымен, 1917 жылы қарашада Түркістанда қос билік орнап, оның алғашқысы кеңестік негізде құрылып, ең алдымен ресейлік қоныс аударушылардың мүддесін көздеп, жағдайын нығайта түсуге қызмет ететіндігін білдірсе, соңғысы отарлық езгіге қарсы, діни және ұлттық негізде құрылып, жергілікті халықтардың өзінөзі басқару құқығын баянды ету басты мақсаты екендігін жариялады.
Түркістан Уақытша үкіметінің төрағасы және ішкі істер министрі болып М.Тынышпаев, ішкі істер министрінің орынбасары болып заңгер Ә.Оразаев бекітілді. Уақытша үкіметтің сыртқы істер министрі қызметіне М.Шоқай тағайындалды. Көп ұзамай Түркістан автономиясы үкіметінің төрағасы М.Шоқай болды. Түркістан автономиясының құрылуын Түркістан өлкесінің жергілікті халықтары зор қуанышпен қарсы алып, оған қолдаушылық танытуға даяр екендіктерін білдірді. 1918 жылы қаңтарда Түркістан қаласында өткен Сырдария қазақтарының съезі Сырдария облысы Алаш автономиясы жарияланғанға дейін Түркістан автономиясы құрамында болатындығын білдірді. Халық зор үміт артқан Түркістан автономиясын 1918 жылы 2 ақпанда кеңес үкіметі қарулы күшпен таратып, оның бірнеше мүшелерін тұтқынға алды.
Қойгелдиев М., Алаш қозғалысы, А., 1995; Агзамходжаев С., Туркистан Мухторияти, Таш., 1996.
МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ ЕСТЕЛІКТЕРІ
Мұстафа Шоқай (25.12. 1889, қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылы – 27.12.1941, Берлин) – Алаш қозғалысы қайраткері, Түркістан өлкесі халықтарының азаттық күресі жетекшілерінің бірі, публицист. Сыр өңірі қазақтары арасындағы беделді кісі – Шоқайдың отбасында дүниеге келген. Шоқайдың әкесі Торғай Сыр қазақтары Ресей патшалығының қол астына кірмей тұрғанда Хиуа ханының уәлиі болған. Нағашылары (шешесінің әкесі мен ағайын-туыстары) Хиуа хандығын орыстардан қорғауда ерекше көзге түскен әйгілі әскербасылар болды. Мұстафа Шоқайдың болашақ анасы – Бақты орыстарға қарсы соғыста әкесіне көмектескен. Отаршылдықтың өктемдігін Мұстафа Шоқай жас кезінен бастапақ сезіп өседі. Сұлутөбе стансасындағы орыс мектебінде бастауыш білім алған ол 1910 – 1902 жылы Ташкенттегі гимназияны, 1910 – 1917 жылы Санкт-Петербург университінің заң факультетін оқып бітірді. Студент шағынан қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, түркі-мұсылман студент-жастарының қозғалысына қатысты.
Балқан соғысына байланысты 1912 жылы Санкт-Петербургтегі қазақ, татар, өзбек, башқұрт және әзербайжан студент-жастары арасында Түркияны қолдау қозғалысы өріс алған кезде оның арасында Мұстафа Шоқай да болды. 1915 жылы түркі-мұсылман халықтарының азаттық қозғалысына іріткі салу мақсатында орталық билік орындары құрған “Сират – ул – мустақим ” (“Тура жол”) партиясына алғаш қарсылық танытқандар қатарында Мұстафа Шоқай тұрды. Ол астанадағы түркі-мұсылмандық студент жастар тобымен бірлесе отырып, зиялы қауым өкілдеріне “Сират – ул – мустақим” партиясын қолдамау жөнінде үндеу тастады. Бұл үндеу сол кезде татар тілінде жарық көріп тұрған “Сөз” газетінде жарияланды.
1916 жылы Ә.Бөкейхановтың ұсынысымен Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясы жанындағы бюроға мүше болып, онда хатшылық қызмет атқарды. Түркістандағы көтерілістің себеп-салдарын тексеруге Мемлекеттік дума Ташкентке арнайы комиссия аттандырғанда, оның құрамында депутаттар А.Ф. Керенский, Тевкелевтермен бірге Мұсылман фракциясы жанындағы бюро мүшелері Ш.Мұхамедияров пен Мұстафа Шоқай болды. Жергілікті халықтың жағдайымен терең танысу мақсатында Мұстафа Шоқай Ташкентпен ғана шектелмей, Самарқанд пен Әндіжанда болып, жергілікті жағдаймен танысты. Петроградқа оралғаннан кейін өзі жинаған материалдар негізінде 1916 жылғы көтеріліс кезінде билік орындарының Түркістан халқын аяусыз қуғын-сүргінге ұшыратқаны туралы Мемлекеттік думада Мұсылман фракциясы атынан жасалатын мәлімдеме мәтінін әзірледі.
1917 жылы көктемде Түркістан өлкесіне оралды. Жолда майданның қара жұмысына алынған қазақ жастары мен жалпы түркістандық жастардың елге қайтуларына қол ұшын берді. 1917 жылы 16 – 21 сәуір аралығында Ташкентте өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының 1-съезіне қатысып, оның төралқасына мүше болып сайланды. “Бірлік туы” газетінің негізін қалап, оның алғашқы редакторы болды. Түркістан өлкесі жергілікті халқының мүддесін қорғауды мақсат еткен қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметін үйлестіру үшін құрылған “Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесіне” төрағалық етті. Бірінші жалпықазақтық съезіне қатысты. Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды, 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Ташкенттегі жұмысшы-солдат депутаттар кеңесі жергілікті халықтың өзін-өзі басқару құқығын мойындаудан бас тартып, 15 – 22 қарашада өткен кеңестердің 3-съезі қабылдаған “өлкедегі барлық билік еуропалық нәсіл өкілдерінен құралған Түркістан Халық комиссарлар Кеңесіне көшеді” деген қаулысын Мұстафа Шоқай нағыз әділетсіздік деп бағалады. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды кеңестердің қырына алуына байланысты Мұстафа Шоқай жетекшілік еткен “Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі” Ташкенттен Қоқанға көшіп, сонда өлке мұсылмандарының төтенше съезін тез арада өткізу ісін қолға алды.
1917 жылы 28 қарашада өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының төтенше 4-съезінің төралқасына басшылық етті. Осы съезд шешімімен құрылған Түркістан (Қоқан) автономиясының 54 адамнан тұратын Уақытша Халық Кеңесі құрамына сайланды және жаңа Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі болды. Түркістан мұхтариаты Уақытша үкіметінің төрағасы М.Тынышбаев қызметінен кеткеннен кейін оның орнына Мұстафа Шоқай сайланды. Ол сондай-ақ 1917 жылы желтоқсанда Екінші жалпықазақ съезіне қатысып, Алашорда құрамына сайланды. Съезд аяқталғаннан кейін Мұстафа Шоқай біртұтас автономия құру мәселесін қарау үшін Сырдария қазақтарының құрылтайын шақыру туралы тиісті қайраткерлерге жеделхат жолдады.
Онда: “Сырдария халқына өз тарапымнан айтарым, тегінде Алаш баласының басы қосылатын кезі осы бүгін. Айрылсақ, мұнан соң жұрттың басын қосуымыз қиын. Алаш ұранына шаппайтын қазақ баласы болмас. Сырдария қазағы кешікпей Алаш туының астына жиналар деген үміттеміз” делінген еді.
Мұстафа Шоқайдың Сырдария өңірі қазақтарын Алаш автономиясына қосу жолындағы әрекеті нәтижесіз болған жоқ. 1918 жылдың бас кезінде өткен Сырдария облысы қазақтарының съезі “Алашорда өз алдына автономия жариялап, Түркістан (Қоқан) автономиясымен одақ болса, Сырдария қазақтары Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына кіреді” деген қаулы қабылдады.
Қоқан қаласын большевиктер жаулап алып, Түркістан (Қоқан) автономиясын құлатуына байланысты Мұстафа Шоқай шет елге эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. 1918 жылы мамырда зайыбы Мария Горина – Шоқаймен бірге Ақтөбеге, одан Екатеринбургке жетті. Онда кеңестік билікке қарсы оппозициялық күштермен байланыс орнатып, большевиктер үстемдігіне қарсы күрес жүргізудің жолдарын қарастырды. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының Самарадағы комитеті мәжілістеріне қатысты. Осы комитеттің ұйымдастыруымен 1918 жылы қыркүйекте Челябинскіде шақырылған съезге қатыспақ болып барғанында өзге делегаттармен бірге Колчак әскерлері тарапынан тұтқынға алынды. Сәті түсіп, тұтқыннан босап шыққан соң 1919 жылы көктемде Маңғыстау арқылы Бакуге, одан Тбилисиге келді. Мұстафа Шоқай онда 1921 жылдың 25 ақпанына дейін болып, осетиндік белгілі қайраткер А. Цалыковтың редакторлығымен шығатын “Вольный горец” және Грузия меньшевиктерінің “Борьба” газеттерінде істеді.
1920 жылы Тбилисиде украиндықтармен бірлесе отырып “На рубеже” журналын шығаруды жолға қойып, оның редакторы қызметін атқарды, Сонымен бірге ол “Шафақ” (“Таңсәрі”) газетіне бас редактор болды. Тбилиси қаласы Кеңес өкіметінің қолына өткен соң Мұстафа Шоқай зайыбымен бірге Түркияда біраз аялдап, соңынан Францияға ауысты. Шетелдік эмиграция жылдарында көптеген қиыншылықтарды жеңе отырып, ол кең ауқымды саяси күрес жүргізді. А.Ф. Керенскийдің “Дни” және П.Н. Милюковтың “Последние новости” газеттерінде қызмет етті.
1927 жылдан Зәки Уәлиди Тоганның редакторлығымен Парижде шығып тұрған “Иени Түркістан” журналына атсалысты. “Туркестан милли бирлиги” ұйымына жетекшілік етті. Эмиграцияда жүрген түркі-мұсылман халықтарының Ә.Топчибашев және Г.Исхаки секілді өкілдерімен жиі араласып, пікірлес болды. Оларды Ресейдегі түркімұсылман халықтарын азаттыққа жеткізуде күш біріктіре әрекет етуге үндеді.
1929 жылдан “Яш Туркестан” журналын шығаруды қолға алды. Ол “Яш Туркестанда” Түркістан халқының мәдениеті, кеңестік биліктің бұл өлкедегі саясаты және 2-дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы халықаралық қатынастар, т.б. тақырыптағы қоғамдық саяси мәні өткір зерттеу мақалаларын жариялады. Оның атсалысуымен жарық көрген басылымдарда тек Түркістан өлкесі ғана емес, Әзербайжан, Солтүстік Кавказ, Еділ-Жайық бойы, Қырым халықтары жөнінде қоғамдық-саяси мәні бар материалдар басылып тұрды.
Мұстафа Шоқай Орталық Азия кеңістігінде ұлттық-аумақтық межелеу негізінде бірнеше кеңестік республикалардың өмірге келуін құптаған жоқ. Ол большевиктер бұл өлкеде бөле отырып билеу саясатын ұстанып отыр деп түсінді. Ал республикаларды “ұлттық” емес, “ұлыстық” республикалар ретінде қабылдады. Түркістанда кеңестік биліктің орнауы және оның қызметі, іске асырылған жерсу реформасы, мемлекеттік мекемелерді жергіліктендіру, байлар меншігін тәркілеу, көшпелілерді отырықшы тұрмысқа көшіру, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселелерін талдауда нақтылы мәліметтерге жүгіне отырып, тоталитарлық жүйені сынға алды және оның солақай саясатын әлем жұртшылығына паш етті.
Кеңес өкіметі басшылығына Мұстафа Шоқай сыны өте жайсыз тиді. Сондықтан да кеңес өкіметінің үгіт-насихаты Мұстафа Шоқай сынына қарсы мақсатты түрде жұмыс істей бастады, ал бұл істің басында И.В. Сталиннің өзі тұрды. Мұстафа Шоқайдың еңбектерінде фактілік материал ретінде пайдаланылған түркістандық қазақ және орыс тіліндегі басылымдарды кеңестік билік орындары қатаң бақылауға алды.
1925 жылы 29 мамырда И.В. Сталин РК(б)П Қазақ өлкелік комитетіне жолдаған хатында “Ақ жол” мен ақ гвардияшыл эмигрант Мұстафа Шоқай арасында идеялық бірліктің байқалатындығын жазды. Мұстафа Шоқай қайда және қандай ауыр жағдайда жүрсе де бүкіл түркімұсылман халықтарының қамқоршысы болуға тырысты. Түркімұсылман халықтарын “Батыс Түркістан”, “Шығыс Түркістан” немесе “Орыс Түркістаны”, “Қытай Түркістаны” деп бөле қарауға қарсылық танытты. “Тұтас Түркістан” идеясын, түркі халықтарының бірлікте болуын насихаттады. Ұлттық езгідегі түркімұсылман халықтарының азаттыққа қол жеткізуі мен өзіндік құндылықтарын сақтап қалуы олардың өзара ынтымақтастығы мен бірлігіне байланысты екендігін дәріптеді.
Эмиграциядағы түркі-мұсылман қайраткерлері арасындағы ұлттық мүддені жалпы түркілік мүддеден жоғары қоюшылармен қызу пікірталасқа түсті, 1940 жылы Парижге неміс әскері кіргенде, Мұстафа Шоқай тұтқынға алынып, бірнеше ай концлагерьде отырып шығады. Түрмеден босаған оны неміс-фашистері түркістандық соғыс тұтқындарынан құрылуға тиіс Түркістан легионын ұйымдастыруға тартпақ болды. Мұстафа Шоқай бұл ұсынысты соғыс тұтқындарының жағдайын жақсарту үшін пайдалану жолдарын қарастырып, нақтылы әрекеттерге барды. Бірақ көп ұзамай Мұстафа Шоқай Берлиндегі “Виктория” ауруханасында күмәнді жағдайда көз жұмды. Берлиндегі мұсылмандар зиратына жерленді. Мұстафа Шоқай Түркістандағы кеңестік биліктің отаршылдық сипатын алғаш таныған және онымен күресуге бүкіл ғұмырын арнаған қайраткер болды. Алматы қаласында Мұстафа Шоқай есімімен аталатын көше бар. Қызылорда қаласындағы Экология уиверситетіне Мұстафа Шоқай есімі берілген. Қайраткердің туған ауылына ескерткіші қойылған.
Шығ.: Туркестан под властью Советов (к характеристике диктатуры пролетариата) П., 1928; Таңд., 1, 2 т., А., 1998, 1999.
Октай А., Түркістан: ұлттық қозғалыстар және Мұстафа Шоқай, Ст., 1955 (түрік тілінде); Шоқай Мария, Естеліктер, Ст., 1997; Қойгелдиев М., “Тұтас Түркістанның” идеясы және Мұстафа Шоқайұлы, А., 1997; Из истории Российской эмиграции письма А.-З. Валидова и М.Чокаева (1924 – 1932 гг.), сост. С.М. Исхаков, М., 1999; Садыкова Б., Мустафа Чокай, А., 2004; Абдуахаб Қ., Мұстафа Шоқай: өмірі, күресі, шығармашылығы, А. 2004.
А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ В.И.ЛЕНИНГЕ ЖАЗҒАН ХАТТАРЫНДА БОЛЬШЕВИКТІК ИДЕЯЛАРЫН СЫНАУЫ.
Байтұрсынұлының В.И. Ленинге хаттары – Қазан төңкерісінен кейінгі қазақ халқының тағдыры, ұлттық автономия құру мәселелері туралы Ахмет Байтұрсынұлының 1920 жылы жолдаған хаттары. Бұл құжаттар қазақ ұлтының ғана емес, бүкіл түркі жұртының, Шығыс әлемінің ортақ мақсат-мүдделерін жан-жақты, кең әрі терең жеткізген аса маңызды тарихи мұра болып табылады.
1920 жылы 17 мамырдағы хатында Байтұрсынұлы Қазақстандағы тұңғыш кеңестік өкімет органы – Қазақ ревкомының құрылғаннан бері 10 айлық қызметінің қорытындысын шығарып, Мәскеумен қазақ халқының арасында өзара сенім болмағандығын, Ресей коммунистерінің оған алуан түрге боялған үстемдігін таңып отырғандығын, сан ғасырлар бойы отаршылардың езгісінде болып келген қазақтардың өзін-өзі билеуге ұмтылысын, Қазақстанды “халық толық сенетін қазақ зиялылары” басқаруға тиістігін жазды.
“Ленин жолдастың ұлт және отар мәселелері туралы тезистерінде қосымша” деген атаумен белгілі хатты Байтұрсынұлы Ә.Ермековпен, Түркістан АКСР-ы өкілдері Т.Рысқұлов пен Низаметдин Қожаев, Башқұртстанның басшылары Зәки Уәлиди Тоған және Харис Юмағұловпен бірігіп жазды (1920 ж. 16 маусым).
Келесі күні, 17 маусымдағы хатында және жазылған мерзімі көрсетілмеген тағы бір хатында Байтұрсынұлы Ленин тезистеріне жеке өзінің сын-ескертпелері мен ұсыныстарын жолдады. Ресей революциясының жетекшісіне жөнелткен хаттарының бәрінде де Байтұрсынұлы ұлт азаттығын көздеді.
“Бостандыққа жетудің жолын қазақ елі өзі таңдауы керек, оған жетудің бар ауыртпалығы мен жауапкершілігін ұлт қайраткерлері көтеруге тиіс, Коминтерн мен Ресей коммунистерінің Шығысқа “көмегі” күшпен таңылмауы керек, оның орнына жанашыр қолдау көрсетілуі қажет” деп жазды ол.
Байтұрсынұлының саяси көзқарасын айғақтайтын бұл құжаттарда Ленин мен лениншілдердің тұрпайы отаршыл, орысшыл, тар ауқымды таптық көзқарастарына Алаш азаматының ұстанған жалпыадамзаттық құндылықтары қарсы қойылған.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.112-113
А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ В.И.ЛЕНИНГЕ ХАТЫНАН
17 мамыр, 1920 жыл.
B.И.Лении жолдаска Қырғыз (Қазақ) ревкомы құрылғалы бері 10 ай өтті. Ревкомның он айлық жұмысының қорытындысын шығара келгенде, оның өмір сүрген кезінде еш нарсе істелмегенін айтуға тура келеді. Ревком жұмысының өнімсіздігін көптеген себептермен түсіндіруге болады, бірақ негізгі себеп екеу:
1. Қырғыз өлкесін басқарудың басшылығына қойылған Орталық өкілінің айқын көзқарасы болған жоқ және соның салдарынан белгілі бір жоспары болмады, мұны Қырғыз өлкесінің әлеуметтік жағдайларының ерекшеліктері себепті қырғыз мәселесі жөнінде Орталықтың өзінде де «Ресей халықтары құқықтарының Мәлімдемесі» мен РКП бағдарламасындағы орнықты нұсқаулардан басқа анық көзқарастың болмауымен түсіндіруге болады;
2. Орталық пен халық өкілдері арасында өзара сенім болған жоқ. Патша үкіметі тұсында ұлттық езгі мен құлдықты басынан көп кешірген қырғыздардай бұратаналар бола қоймаған шығар. Ұлттық езгі ұлттық сезім туғызбай қоймайды. Егер қаналған ұлттың қанаушы ұлтқа қарсы өшпенділік пен ашу-ыза сезімі әрқашан туа бермейтін болса, сенбеушілік сезімі әрқашан болады. Орыстар тарапынан қырғыздар өзіне деген көзқарастың өзгергеніне көзі жеткенше, олар топқа бөлместен сенбеушілік сезімінен басқа ешнәрсе көрсете алмайды. Қырғыздарды ғасырлар бойы талап-тонап, езгіге салып келген орыс ұлтының пролетариаты өзінің езілген халықтардың мойнына патша шенеуніктерінің орнына мінгісі келетін жаңадан кұлдыққа түсіруші мырзалар емес, оларды азат етушілер екенін дәлелдеуге және іс жүзінде көрсетуге тиіс. Ал оның бер жағында, жергілікті коммунист жолдастар қырғыздарды түкті де түсінбейді деп ойлап және қитұрқы саясатқа салынып, еңбекші қырғыз халқына олардың өмірін кенестік негіздерде құруға туысқандық көмек көрсетпей, оларға алуан түрге боялған үстемдігін таңып отыр. Орыстар өздерін тек бір ғана интернационалист-коммунистер деп атау арқылы патша үкіметінің айлакерлік саясатымен ғасырлар бойы таныс орыс емес ұлттардың өзіне деген сенімін туғыза алмайды. Қырғыздарда: «Сары орыстың бәрі орыс» деген мәтел бар … Қырғыз халқын алдауға негізделген айлакерлік саясаттың бәрі сырттай жылтырағандықтан басқа елеулі еш нәрсеге жете алмайды. Патша өкіметінің санғасырлық езгісіне іштей ашу-ызаға булығып, өшпенділікпен үнсіз төзіп келген халық қазір де үн шығармауы мүмкін, бірак төзімділік көрсетіп былайша үн шығармау, өзінің наразылығын белгілі бір түрде білдіретін жағдай туғанға дейін ғана жалғасуы мүмкін.
Орыс пролетариатына қырғыздар жөнінде екінің бірін таңдау: әмірші жағдайында отырып және барлық жерде патшаның губернаторлары мен генерал-губернаторларының орнына диктаторлар тағайындап, өз үстемдігін күшпен таңу және сөзсіз бағынуды талап етуді не еңбекші қырғыз халқының сеніміне ие болуды таңдау қалып отыр. Бірінші жол айқын да түсінікті: оны әртүрлі әмірші-патшалар жеткілікті дәрежеде сынақтан өткізген. Ал екінші жол, біршама күрделі және бірсыпыра түсіндірмелерді керек етеді. Оның есесіне, біріншісін таңдап алған жағдайда кеңестік құрылыс атаулының бәрі құрдымға кетуі мүмкін, алекіншісі таңдап алынған жағдайда құрылыстың іргетасы берік негізде қаланады.
Мәселе мынада: қырғыздарда зиялылардың халық толық сенетін белгілі бір бөлігі бар, олардың қателесуі, адасуы мүмкін, бірақ олар өз халқын жеке басының қандайда да болсын игілігі мен пайдасын көздеп, сатпайды.
Қырғыздар арасында өздеріне сенімге ие болғысы келетін орыс пролетариаты ең қысқа жол осы зиялылар арқылы салынады. Бірақ бұл үшін осы зиялылардың Кеңес өкіметінің сеніміне кіруі қажет. Қырғыз мәселесіндегі бүкіл қиыншылық мынада: қырғыздар өздерінің күні кешегі езушілеріне сене алмай, ал Кеңес өкіметі күні кешегі қарсыластарына сене алмай отыр.
Қырғыздарды бұл көзқарастан айнытып, оларды, керісінше иландыру үшін коммунистер өздерінің ұлтына қарамай әлсіздерді езушілер емес, керісінше езілгендерді азат етушілер екенін қырғыздар дәлелдеп, іс жүзінде көрсетуге тиіс. Бұл үшін біріншіден, шет аймақтарда сүттен ақ, судан таза интернационалистер мүлде жоқ немесе аз. Өздерін интернационалистер деп атайтындардың көбі, шынына келгенде, ұлтшылдар, империалистер; екіншіден, қазіргі жағдайда бұған мүмкіндік жоқ; республикадағы өнеркәсіп дағдарысы себепті Орталықтың алғашқы кезде халықтан көбірек алып, оған азырақ беруіне тура келіп отыр, қырғыздардың мұны дұрыс түсінбеуі мүмкін, тіпті оларда патша үкіметі өздерін еш нәрсе бермей тонаған еді, Кеңес өкіметі де нақ солай істеп отыр деген түсінік тууы мүмкін. Сонда, егер істі практикалық жағынан қарайтын болсақ, сенбеушілік көрсетуге орын болмауға тиіс.
Шынына келгенде, қырғыз халқы тарапынан сенімсіздікке орын қалмауға тиіс болатын себебі, қазір өкімет басында қырғыздарды талап-тонап, езгіге салынып келген ұлтшыл-империалистер емес, әлсіз халықтарды күштілердің езгіге салуы мен қанауын емес, керісінше оларды азат ету мақсатын көздейтін коммунист-интернационалистер отыр; нақ сол сияқты, Кеңес өкіметі тарапынан да зиялы қырғыздарға сенімсіздікке орын қалмауға тиіс болатын себебі, егер революция кезінде зиялылар большевиктердің соңынан ермеген болса, бұл олардың өз халқын азат етуге қарсы болғандығынан емес, қайта оған, халықтың революцияға дайындалмағандығы салдарынан, олар бейбіт жолмен жетуді ойлап, тәуекелге бел байлай алмағандығы, яғни халықты азат ету жолын таңдауда қателескендігі себеп болды. Дұрыс жол теориялық жағынан табылып қана қоймай, іс жүзінде де дәлелденген қазіргі кезде өз халқын азат етуді шын жүректен тілейтін қырғыз зиялылары Интернационалдан басқа өзгеше жолды таңдай алмайды. Егер осындай зиялы қырғыздар болса, олар коммунист емес, адал үлтшылдар болған күннің өзінде де, Кеңес өкіметі оларға толық сенім көрсете алады, өйткені өздері шын жүректен сүйетін халқының мүдделері оларды Кеңес өкіметінен жармасып айырылмауға мәжбүр етеді.
Біз, Кеңес өкіметін басқарып отырған адамдардың сан-миллиондық ұлттың тағдырын мазақ етуді немесе тәлкекке салуды ойламайтынына және патшалық саясаттың ұлтшылдық және империалистік саясат болғаны, бұратаналар деп аталатын басқа халықтар жөнінде орыстарға бәріне мүмкіндік берілгені, керісінше бұратаналарға еш нәрсеге рұқсат берілмегені, бұратаналар жөнінде қылмыс жасаған орыстардың қудаланбаған, егер қудаланса да, сырт көзге ғана қудаланғаны, керісінше орыстар жөнінде қылмыс жасаған бұратаналардың қатаң жазаланып келгені даусыз нәрсе екенін мойындайтынына сенімдіміз. Мұны мойындағаннан кейін орыс халқының осы рухта, яғни бұратаналар жөнінде өзіне көп нәрсеге мүмкіндік берілген деп санаған үстемдік етуші үлт рухында ғасырлар бойы тәрбиеленіп келгені даусыз нәрсе екенін мойындауға тиіс деп ойлаймын. Мұны мойындағаннан кейін, дәйекті болған жағдайда, халық бұқарасының өзінің артықшылықты кұқықтарынан бірден бас тарта қоймайтыны да даусыз екенін мойындауға тиіс, өйткені бұқараның психологиясын ұзақ жылдар бойы төрбиелеу жолымен өзгертуге болады. Қазіргі уақытта кез келген көлденең адам өзін коммунист деп атайды. Оларға жақынырақтан қарағанда керемет болған екен - жұрттың бәрі коммунистерге айналып кетіпті деп ойлайсың. Бірақ кереметтер ертегілерде болады, ал дүниеде шын мәнінде ондайлар жоқ, сондықтан көпшілігінде коммунизм бетпердеден басқа еш нәрсе де емес. Сөйтіп, Ресейде коммунистер көп, бірақ нағыз идеялық коммунистер аз, ал оның үстіне олар шет аймақтарда аз болуға немесе мүлде болмауға тиіс.
Баяндалғандарды ескере келгенде:
1) Қырғыз өлкесін басқарудың басына нағыз идеялық коммунистерді және халық толық сенетін қырғыз зиялылары арасынан шығып, сынақтан өткен таза идеялық қызметкерлерді қою қажет, бірақ ешбір жағдайда коммунист қана болып саналатындар қойылмасын. Нағыз идеялық коммунистер мен идеялық қызметкерлер, қырғыздар арасынан шыққан, коммунист болмаса да, қырғыздардан да, басқалар арасынан да шыққан шалағай коммунистерге қарағанда, бір-бірімен түсінісу үшін тез арада ортақ тіл тауып, іске ортақ көзқараста болады;
2) аралас халық тұратын аудандар қарауына жататын барлық өкімет органдарында езілген ұлт өкілдері 2/3 бөлігінен кем болмауға тиіс;
3) Қырғыз өлкесінің шаруашылық-экономикалық мекемелерін басқару түрлі экономикалық бейімдік сылтауларымен басқа губернияларға немесе облыстарға ешқандай да бөлшектелінбей және бағындырылмай қырғыздардың қолында болуға тиіс;
4) қырғыз коммунистері мен революцияшыл зиялылардың бүкіл саяси-мәдени жұмысы кеңестік социалистік шаруашылық саясат бастауларына негізделуге тиіс;
5) Қырғызияны біріктіріп, Орынбор қаласынан басқарылатын әскери округ құрылсын;
6) қалалардағы гарнизондар міндетті түрде қырғыздардан тұруы тиіс;
7) Қырғыз өлкесінің шекаралары жөнінде төменде көрсетілгендерінен басқа, ешқандай өзгерістерге жол берілмеуге тиіс …
Қырғыз Әскери-революциялық комитеті мен
Бүкілресейлік Орталық Атқару
Комитетінің мүшесі
A. Байтұрсынұлы
Мәскеу. 17 мамыр,1920 жыл.
Қазақстан Республикасының қазіргі тарих Орталық
мемлекеттік мұрағаты. 811-қ., 568-іс, 46-48 п.
ҚЫРҒЫЗ (ҚАЗАҚ) КЕҢЕСТІК СОЦИАЛИСТІК АВТОНОМИЯЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ.
ҚАЗАҚ АВТОНОМИЯЛЫҚ КЕҢЕСТІК СОЦИАЛИСТІК РЕСПУБЛИКАСЫ (ҚазАКСР) – 1920 – 36 жылдардағы кеңестік автономиялық мемлекеттік құрылым. 1919 жылы 10 шілдеде В.И. Ленин “Қазақ (қырғыз) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құру туралы” декретке қол қойды. Ревком құрамына С.С. Пестковский, Б.Қаратаев, С.Меңдешов, Ә.Әйтиев, т.б. енді.
1920 жылы 30 тамызда Бүкілресейлік ОАК пен РКФСР ХКК құрамында “Автономиялық қазақ (қырғыз) Социалистік Кеңес Республикасын құру туралы” декрет қабылдады. Қазақ АКСР құрамына Ақмола, Семей, Торғай, Орал облысы және Каспий облысы мен Астрахань губернаторлығының қазақтар тұратын аудандары енді. Астанасы Орынбор қаласы болып белгіленді.
1920 жылы 4 – 12 қазанда Орынборда ҚазАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезі өтті. Оған 273 делегат қатынасты. Съезде Қазақ АКСР-нің ОАК сайланып, ХКК құрылды. 1921 жылы соғыс коммунизм саясатының орнына жаңа экономикалық саясат енгізілді. 1921 – 22 жылы жер-су реформалары жүргізіліп, 470 мың гектардан аса жер қазақ шаруаларына қайтарылды. 1924 жылы 5 – 10 қаңтар аралығында өткен Қазақ АКСР Кеңестерінің 4-съезінде республика конституциясының жобасы талқыланды.
Кеңестік Орта Азия республикаларының ұлттық-межелеу нәтижесінде Жетісу және Сырдария облыстарының қазақ аудандары Қазақ АКСР-ге қосылды. Патша әкімшілік кіргізген “киргиз” деген атау 1925 жылы сәуірде жойылып, қазақтар өзінің тарихи атауын қайтарып алды. Ел астанасы Орынбордан Қызылордаға көшіріліп, Орынбор губернаторлығы РКФСР-ге өтті. Жаңа әкімшілік бөлік бойынша Қазақ АКСР құрамына Ақмола, Ақтөбе, Жетісу, Семей, Орал (құрамына Бөкей облысы уезд дәрежесінде кірді) облыстарынан және республикалар Үкіметке тікелей бағынатын Қостанай округі мен Адай уезі, сондай-ақ, Қарақалпақ автономиясы облысы кірді.
1928 жылы Қосшы одақтары нығайтылып, 300-ден астам ұжымшар, 5 кеңшар құрылды, губерниялар мен уездер таратылып, округтер мен аудандар құрылды. 1929 жылы 13 округ (Адай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Гурьев (қазіргі Атырау), Қарқаралы, Қызылорда, Қостанай, Кереку (қазіргі Павлодар), Қызылжар (қазіргі Солтүстік Қазақстан облыстары), Семей, Сырдария, Орал құрылды. 1929 жылы мамырда ел астанасы Алматыға көшірілді.
1929 жылы жаппай ұжымшарға бірігу қозғалысы басталды. Ол байлар мен кулактарды тап ретінде жою, кеңестік озбырлық тұтатқан көтерілістерді қарулы күшпен басу және көшпелі халықты отырықшыландыру науқандарымен қатар жүргізілді. 1928 – 37 жылы республикада 1 – 2 бесжылдық жоспарлары бойынша 200-ге жуық ірі өндіріс орындары салына бастады. Олардың ішіндегі ірілері Шымкент қорғасын, Балқаш мыс қорыту зауыттары болды. КСРО-дағы 3-көмір бассейні атанған Қарағанды және Алтайдағы кен орындары тез дамыды. Жедел түрде Түрксіб темір жолы іске қосылды. 1932 жылы бұрынғы округтер таратылып, орнына 6 облыс (Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан) құрылды. 1936 жылы КСРО-ның жаңа конституциясы бойынша ҚазАКСР одақтас республикаға айналды.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.369-370
ТҮРКІСТАН КЕҢЕСТІК ФЕДЕРАЦИЯЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ ТУРАЛЫ ЕРЕЖЕ
30 сәуір, 1918 жыл.
1. Түркістан өлкесінің аумағы Ресей Кеңестік Федерациясының Түркістан Кеңестік Федерациялық Республикасы деп жарияланады.
Түркістан Республикасының құрамына Хиуа мен Бұхараны қоспағанда, бүкіл Түркістан елі өзінің географиялық шекарасына енеді.
2. Түркістан Кеңестік Федерациялық Республикасы антономиялы басқарыла отырып, Ресей Кеңестік Федерациясын таниды және өзінін іс-кимылын, оның орталық үкіметімен үйлестіріп отырады.
3. Түркістан Федерациялык Республикасынын жоғарғы заң шығарушы органы жұмысшы, солдат, шаруа және мұсылман-диқан депутаттары Кеңесінің желтоқсан айының алғашқы күндерінде шақырылатын съезі болып табылады.
4. Тұрақты заң шығаратын жоғарғы орган Түркістан өлкесі Кеңестерінің съезд 36 адамнан сайлайтын Орталық Атқару комитеті болып табылады.
5. Атқару міндеттері және өлкені басқару ісі съезд 16 адам мөлшерінде сайлайтын Халық Комиссарлары Кеңесіне шоғырландырылады.
6. Жергілікті жерлердегі өкімет Кеңестер мен олардың Аткару комитеттері болып табылады.
7. Орталық үкіметпен өзара қатынастарды анықтау үшін съезд 5 адамнан комиссия сайлайды, ол съезден кейін осы мақсат үшін Мәскеуге аттанады.
Шетелдік соғыс интервенциясы және Орта Азия мен
Қазақстандағы азамат соғысы. 1-том, А. Алматы, 1963. 25-б.
МҰСБЮРО (“МҰСЫЛМАН БЮРОСЫ”)
Кеңестік Түркістан республикасындағы жергілікті ұлттардың алғашқы коммунистік ұйымы (1919 – 1920). Түркістан АКСР-інің өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмен, тәжік, қарақалпақ коммунистерінің 1-өлкелік конференциясында (Ташкент, 1919, 24 – 30 мамыр) құрылған. Оны ұйымдастырушы әрі төрағасы Тұрар Рысқұлов болды.
Түркістанның төл халықтарының құқын қорғаушы ұйым ретінде Мұсбюро отаршылдық езгіден құтылу, ұлттардың өзін-өзі билеуіне қол жеткізу, мұсылмандарды кеңестік құрылыс пен мемлекеттік басқару жүйесіне қатыстыру міндеттерін жүзеге асыру жұмыстарымен айналысты. Бюроның өлкелік, облысы, уездік ұйымдары ауылдарда Кеңес өкіметін нығайту, күйзелген шаруашылықты қалпына келтіру, жер мәселесінде әділеттілік орнату, ашаршылық және кедейшілікпен күрес жүргізу, мәдени-ағарту және сауатсыздықты жою мекемелерін ашу, жергілікті ұлттар тілінде мерзімдік басылымдар шығару істерін жолға қоюды ұйымдастырды.
Түркістан АКСР әскери-революциялық Кеңесінің жанынан Мұсылман саяси бөлімі құрылды. Мұсбюро Түркістан Республикасының басшы орындарына өз қызметкерлерін ұсынды. Мұсбюроның қызметіне Д.Нысанбаев (Ташкент уезі қазақтарының өкілі), Ә.Жанкин (Ақмешіт уезі), Ж.Батырбеков (Түркістан қаласы) О.Жандосов, А.Розыбакиев, Ж.Бәрібаев (Жетісу облысы), т.б. белсене қатысты. Большевиктер Мұсбюроның күш алуынан сескеніп, өлкедегі барлық коммунистік ұйымдарды бір орталыққа біріктірді. Мұсбюроның 3-конференциясы (Ташкент қ., 1920, 20 – 27 қаңтар) оны тарату жөнінде шешім қабылдауға мәжбүр болды. Конференцияның Түркістандағы саяси билік “Түрік халықтарының Коммунистік партиясына берілсін” деген талабын Мәскеу қабылдамады. Мұсбюро қызметіне қатысқан қайраткерлерді пантүрікшілдік және “Рысқұловшылдық” аталған антикоммунистік оппозицияның мүшелері деген жалған саяси жаламен айыпталған.
Мусбюро РКП(б) в Туркестане, Сост. Т.Рыскулов, Таш., 1922; Бейсембаев С., Ленин и Казахстан, А., 1987.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖЕР-СУ РЕФОРМАСЫ.
Жер-су реформалары (1921 – 22) – патша өкіметінің жер мәселесі жөніндегі саясатының ауыр зардаптарын тоқтатуға, үлкен жер бөліктерін иеленіп отырған кулактар мен казак-орыстардың жоғарғы топтарына соққы беріп, қазақ және орыс шаруаларын жақындастыру, кедейлерді жер мен сумен қамтамасыз ету арқылы еңбекшілерді социалистік құрылысқа тартуға бағытталған аграрлық реформа.
Бұл реформа РК(б)П ОК-нің 1920 жылы 29 маусымдағы қаулысы мен Түркістан Компартиясының 5-съезі (1920 жылы қыркүйек) және Түркістан кеңестерінің 9-съезінің (1920 жылы қыркүйек) шешімдеріне, ҚАКСР-ының ОАК-нің 1921 жылы 2 ақпан мен 19 сәуірде қабылдаған қаулыларына сәйкес, жергілікті шаруалардың жер жөніндегі құқықтарын қоныс аударып келген келімсек шаруалардың құқықтарымен теңестіру мақсатымен жүргізілді. Реформа Түркістан өлкесіне қарасты қазақ ауылдарында: Жетісу облысының Алматы, Талдықорған, кейін Лепсі, Жаркент уездері мен Сырдария облысының Әулиеата, Шымкент уездерінде және Қазақ өлкесінің Ақмола, Семей, Торғай, Орал губернаторлығында жүргізілді.
Жер-су реформасы Түкістан республикасында 1921 жылы ақпан айының 2-жартысынан бастап жүргізіле бастады. Реформаны жүргізуші уездік, болыстық комиссиялар құрылды. ҚАКСР Жер комиссарияты жанынан жерге орналастыру жөніндегі Бас басқарма ұйымдастырылды. Бірақ, 1921 жылы құрғақшылық, жұт қазақ еңбекшілерін жерге орналастыру ісіне мүмкіндік берген жоқ. Сондықтан 1921 жылы жүргізілген жұмыстар негізінен дайындық жұмыстары болды.
1922 жылы көктемде қазақ шаруаларынан тартып алынған жерлерді қайтарып беру қолға алынды. Қоныс аударып келушілер иемденіп алған басы артық жер, мал, тұқым, ауыл шаруашылығы құрал-саймандары қайтып алынды. 1922 жылы аяғында қазақ және орыс шаруаларына беру үшін 1 696 970 десятина жер мемлекеттік қорына алынып, бұл жерлерден Жетісу обылысында қазақ қырғыз, ұйғыр шаруашылығына 460 мың десятина, Сырдария облысында 2 223 қазақ, өзбек батырақ, кедей шаруашылықтарына 90 мың десятина жер берілді. Қазақстанның Орал мен Ертіс өзендері жағалауынан қазақ шаруаларының пайдалануына шамамен 1 800 мың десятина, Ақмола губернаторлығында тек екі қазақ болысына 15 584 десятина жер берілді. Аграрлық өзгерістер 1916 жылы Қытайға эмиграцияға кеткен 300 мың босқынның қайтып оралуына себепші болды. 1921 – 22 жылы Жер-су реформасы шаруаларды жалға алу ауыртпалықтары мен кіріптарлық тәуелділіктен біршама құтқарды, олардың егіншілікпен айналысуына жағдай жасады.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.267
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ (ЖЭС). ЖЭС МАЗМҰНЫ ЖӘНЕ ОНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ.
ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ – 20 ғасырдың 20 жылдарындағы КСРО-да Азамат соғысы салдарынан қираған ел экономикасына жеке меншік иелерін тартып, адамдардың өз еңбегіне мүдделілігін орнықтыруға бағытталған әрекет.
1921 жылы көктемде РКП(б) 10-съезінде “әскери коммунизм” саясатынан Жаңа экономикалық саясатқа көшу туралы шешім қабылданды. Жаңа экономикалық саясат шеңберінде қираған халық шаруашылығын қалпына келтіріп, социализмге өту көзделді. Оның мәнісі азық-түлік салығымен алмастырып, жеке меншіктің түрлі формаларын пайдалануға жол ашу болды.
Жаңа экономикалық саясаттың енгізілуіне байланысты сырттан шет ел капиталы (концессиялар) тартылып, ақша реформасы (1922 – 24) жүргізілді. И.В. Сталин мен оның маңындағылардың ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру, басқару кадрларына қарсы жаппай жазалау әрекеттерін қолдануы салдарынан 20 ғасырдың 30-жылдарының басында Жаңа экономикалық саясат іс жүзінде тоқтатылды.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.256-257
1921-1922 ЖЖ. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ.
Көшпелі қазақ қауымы күшті жұт жылдары ғана болмаса, өзінің өткен ұзақ тарихында Ашаршылыққа сирек ұшыраған. Тек “ақтабан шұбырынды...” сияқты жаугершілік жылдары, саны 1/3-ге дейін кеміген. Жаңа заманда Қазақстан тарихында екі алапат Ашаршылық халық жадында қатты сақталған. Олардың алғашқысы 1921/22 жылы болған Ашаршылық. Оның басты екі себебі бар: Ресейдегі азамат соғысының кесірінен қазақ далысындағы шаруашылықтардың күйзеліске ұрынуы, екіншісі – табиғи апат, қолайсыз ауа-райы салдарынан орын алған жұт. Республикада 1920 және 1923 жылы жүргізілген ауыл шаруашылығы санақтарының және Қазақстанда жерге орналастыру мөлшерін белгілеген экпедицияны басқарған профессор С.П. Щвецовтың мәліметтері бойынша 1921 жылғы Ашаршылықта Қазақстан халқы 30%-ке дейін азайған. Кейбір елді мекендерде нәубет халықтың 100%-ын қамтып, олар түгелдей дерлік босып, жолда, біразы атамекенінде қырылып қалды. Санақ материалдары 1921 – 22 шаруашылық жылында Батыс Қазақстандағы шаруалар шаруашылықтарының 1920 жылмен салыстырғанда 23,8 пайызы қысқарғанын, Ақтөбе, Торғай аймақтарында шаруашылықтарының үштен бірінің жойылып кеткенін көрсетеді. 1921 жылғы Ашаршылық Батыс Қазақстан халқының 31,4 пайызын алып кетті. Санақ материалының толық болмауы осы Ашаршылық жылдарында қанша адамның қырылғанын нақты айтуға әлі де мүмкіндік бермей отыр.
Михайлов В., Ұлы жұттың жазбалары, А., 1992; Қызылдар қырғыны, А., 1993