Ф.И. ГОЛОЩЕКИННІҢ «КІШІ ҚАЗАН» ИДЕЯСЫ: МӘНІ МЕН САЛДАРЫ.
1825 – 1933 жылдары Қазақ өлкелік партия комитетінің 1-хатшысы. 1896 – 1900 жылдары арасында жазу қағазымен сауда жасайтын дүкенде приказчик болып, 1901 – 1903 жылы тіс дәрігері мектебін бітіріп, екі жыл тіс дәрігері қызметін атқарады. 1903 жылы Ресейдің социал-демократиялық жұмысшы партиясы (РСДЖП) мүшелігіне өтеді. 1905 жылы Петербургке қоныс аударып, партиялық жұмыспен айналыса бастайды. 1912 жылдар аралығында ол патша түрмелерінде жеті рет жатып шығып, 1917 жылы дейін айдауда жүреді. 1917 жылы қазан төңкерісінен кейін Пермь, Екатеринбург губкомдарының және Орал обкомының хатшысы, Азамат соғысы жылдарында Орал облысы әскери комиссары, Түркістан армиясының революциялық-соғыс кеңесінің, Бүкіл Одақтық Атқару Комитетінің және РСФСР Халкомкеңінің Түркістан істері жөніндегі комиссияның мүшесі.
1923 – 25 жылдары Самара губерниялық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 1925 жылдың 12 қыркүйегінде Голощекин Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылордаға Қазақ өлкелік партия комитетінің 1-хатшысы болып келіп, әкімшіл-әміршіл жүйе орнатты. Голощекиннің басшылыққа келуі де Сталиннің алдын ала ұйымдастырған саясаты болды. Себебі, Голощекин қимылдың, шапшаң әрекеттің адамы. Оның елеулі ерекшеліктерінің бірі орталықтың нұсқауларын бұлжытпай, мүмкін болса, асыра орындауға тырысуында болатын. Оның зардаптары қандай болатынын ойлап бас қатырмастан ол асыра сілтеушіліктер жасауға дайын тұратын. Осылайша, терең теориялық даярлығы жоқ Голощекин Қазақстанда “Кіші Қазан”, “Ұжымдастыру” саясатын жүргізіп, қазақ халқының басына қасірет әкелді. 1933 – 39 жылдары КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы бас арбитр болып істеді. 1939 жылы тұтқынға алынды.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.183
ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНА ҚУҒЫН-СҮРГІННІҢ БАСТАЛУЫ
Саяси қуғын-сүргін – Кеңестік әміршілдік жүйенің саяси және таптық қарсыластарын “тап жаулары”, “ұлтшылдар”, “жат пікірдегілер” және “әлеуметтік қауіпті элементтер” ретінде саяси қудалау саясаты.
Қазан төңкерісінен және КСРО-дағы Азамат соғысынан бастау алған Саяси қуғын-сүргін науқандары Кеңес Одағы тарағанға дейін созылды. КСРО құрылған уақытта қазақ Т.Рысқұлов, татар М.Сұлтанғалиев, башқұрт З.Уәлиди тәрізді қайраткерлердің саяси көзқарастары “түрікшілдік” және “ұлтшыл ауытқушылық” ретінде сынға алынды.
1920 жылы мамыр айында большевиктер көсемі В.И. Ленин Рысқұловтың Түркістан жерінде РСФСР құрамында Түрік Кеңес Республикасын құру туралы ұсынысын қабылдамай тастады. Оның тапсырмасымен Орталықтан жіберілген “Түріккомиссия” деп аталатын топ Түрік Республикасын құру туралы идеяны талқандауды ұйымдастырып, осы идеяны негіздеуші Т.Рысқұловты, Н.Ходжаевты, т.б. “ұлтшылдар”, “пантүрікшілдер”, “басмашылар идеологтары” ретінде жөнсіз айыптауға жол ашты.
Кеңестік билік ұлттық автономия идеясын қолдаушыларды қуғындап, түркі халықтарынан шыққан беделді саяси қайраткерлерді бір-тіндеп жауапты қызметтерден босатты. Рысқұловты және Уәлидиді қуғындауға қарсы болған және шығыстық түрік республикаларын автономия етіп қайта құруды, соның ішінде Татар-Башқұрт республикасын ұйымдастыруды ұсынған татар коммунистерінің көсемі Сұлтанғалиев “басмашылықпен байланысы бар” деген негізсіз кінәмен 1923 жылы партия қатарынан шығарылып, түрмеге қамалды. 1923 жылы 9 – 12 маусым аралығында өткен РК(б)П ОК-нің ұлт мәселесіне арналған кеңесі, “сұлтанғалиевшылдықты” әшкерелеуге арналды.
1924 жылы Лениннің қайтыс болуы И.В. Сталиннің партиядағы ықпалын күшейте түсуге алып келіп, ол ұлт қайраткерлерін ашық қуғындауға мүмкіндік берді. Бұл Сталиннің Ташкентте шығатын “Ақжол” газетінің идеялық бағытын айыптап жазған хатынан анық байқалды. Онда ол газетте жарияланған қазақ зиялыларының мақалаларынан “шоқаевшыл” рухты іздестірді және ескі ұлттық интеллигенция өкілдерін мемлекеттік органдардағы қызметтерден аластату қажеттігін атап көрсетті.
1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.И. Голощекиннің жіберілуі жағдайды ауырлата түсті. Оның жүргізген саясаты шын мәнінде ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға ұласты. Оған ашық қарсы тұрған Қазақстанның белгілі мемлекет қайраткерлері Ж.Мыңбаев, С.Сәдуақасов, Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, т.б. қызметтерінен алынып, республикадан қуылды. Мұндай ауыр саяси жағдайдың қалыптасуына Орталықтағы троцкийшілерге, Г.Е. Зиновьев пен Л.Б. Каменовтың “жаңа оппозициясына”, Н.И. Бухариннің “оңшыл бағытына” қарсы жүргізілген Саяси қуғын-сүргін қатты ықпалын тигізді. Қазақ зиялыларының көзқарастары “ұлтшыл-ауытқушылық” ретінде айыпталды. 20-жылдардың соңына қарай “сұлтанғалиевшылдықты” айыптау қайта қолға алынды.
1928 жылы ОГПУ коллегиясы 58 қырым-татар интеллигенциясы өкілдерін буржуазияшыл-ұлтшыл ретінде айыптап, Саяси қуғын-сүргінге ұшыратты. Осы жылдың желтоқсанында Сұлтанғалиев тағы да тұтқынға алынып, алғаш өлім жазасына, онан соң он жыл бас еркінен айыру жазасына кесілді. Осы тұста ұлт зиялыларына қарсы бүкіл елде басталған Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда да көрініс берді. 1928 жылдың ортасынан бастап бұрынғы Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлер жаппай тұтқындала бастады. Оларға негізінен “буржуазияшыл-ұлтшылдар” деген айып тағылды. Осы кезеңде тұтқындалған 44 алашордашылардың үшеуі Ж.Аймауытов, Ә.Байділдин, Д.Әбілов ату жазасына кесіліп, үкім орындалды. Ал қалғандары әр түрлі мерзімге түрмеге қамалды. Ұлттық интеллигенцияның екінші тобы 1930 жылдың қыркүйек-қазан айла-рында тұтқынға алынды. Олардың 15-і Орталық Ресейге жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне, негізінен, КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген жала жабылды. Орталықтағы “Промпартия”, “Шаруалар партиясы”, т.б. қарсы сот процестері Қазақстанға да ықпал етті. Өндірістегі, шахталардағы қызметкерлер мен жұмысшылар арасынан “халық жауларын” іздестіру кеңінен орын ала бастады.
Қазақстанда 1928 жылы орын алған қазақ байларын кәмпескелеу саясаты, шын мәнінде, кеңестік құрылысқа қарсы “әлеуметтік қауіпті элементтерді” іздестіруге, оларды еріксіз жер аударуға ұласты. Мұндайда, әсіресе, діндарлар “басқаша, бөтен ойлайтындар” ретінде кеңінен айыпталды. 1930 жылы басталған байларды тап ретінде жою науқаны Саяси қуғын-сүргінге жаңа қарқын берді. Үш категорияға бөлініп жазаланған кулактардың алғашқы тобын “контрреволюцияшыл кулак белсенділері” құрады. Сонымен бірге осы топқа қастандық актілерін ұйымдастырушылар – контрреволюциялық бас көтерулер мен көтеріліс ұйымдарына дем берушілер де жатқызылды. Бұларға жазалаудың жоғары түрі – ату жазасы қолданылды.
1930 – 35 жылы жүргізілген осы саяси науқан барысында Қазақстанда түрмеге қамалғандар саны 22000 адамға жетті. Саяси қуғын-сүргін 1929 – 31 жылдары Қазақстанда орын алған күшпен ұжымдастыруға қатысушыларды жазалау барысында асқына түсті. Тек 1930 – 31 жылдары ғана Қазақстанда 34 мың адам қатысқан көтерілістер, 7,5 мың адам қатысқан 1950 контрреволюциялық топтар талқандалып, оған қатысушылар аяусыз жазаланды. Осы көтерілістер мен толқуларға қатысқаны үшін КСРО ХКК жанындағы Мемлекеттік Біріккен Саяси Басқарма (ОГПУ) органдарының өзі ғана 5551 адамды соттап, оның 883-ін ату жазасына кесті.
“Халық жауларын” большевиктер партиясының өз ішінен іздестіру де кең орын алды. Коммунистік партияның 14-съезінен кейін, яғни 1934 жылдан бастап Сталиннің коммунист әріптестерін қуғындауы өрши түсті. Осы съезге дейін-ақ 13 өлкелік партия ұйымдары “ұлтшыл ауытқушылықты” айыптап, 800-ге тарта адамды партия қатарынан шығарған еді. Адамдарды “контрреволюциялық қылмыстары” үшін айыптау елде кең қанат жайды. Соңғы зерттеулер бойынша 1931 жылдан бастап 1954 жылдың 1 ақпанына дейінгі кезеңде Кеңес Одағында соттан тыс және сот органдары 3 млн. 777 мың адамды ату жазасына соттап, оның ішінде 643 мың адамды кесіп, лагерлер мен түрмелерде 25 жылға дейінгі мерзімге қамауға 2 млн. 369 мың кісіні жөнелткен. Айдауларға және жер аударылуға 765 мың адам жіберілген.
30-жылдардың басында саяси айыпталғандарды қамауда ұстайтын еңбекпен түзеу лагерьлер жүйесі қа-лыптаса бастады. Республикадағы осындай алғашқы лагерьлер Қазақстандық еңбекпен түзеу (Казитлаг) және Қарағанды еңбекпен түзеу (Карлаг) лагерьлері болса, ал соғыстан кейінгі кезеңде Қазақстан аумағында 200 мың адамды қамтитын 11 лагерь жұмыс істеді. 1937 жылға қарай елдегі Саяси қуғын-сүргін өзінің шарықтау шегіне жетті. Оның идеялық-саяси негізі БК(б)П ОК-нің 1936 жылғы желтоқсан және ақпан – наурыз пленумдарында қаланды.
“Мәскеу процестері” деген атпен мәлім болған сот процестері қоғамдық санада ауыр із қалдырды. Бұлардың алғашқысы 1936 жылы тамыз айында өткен Зиновьев-Каменев процесі еді. Мұнда 14 адам партия басшыларын өлтіруді мақсат еткен троцкистік-зиновьевтік орталық мүшелері ретінде айыпталды.
1937 жылы қаңтарда кезекті Мәскеу процесінде “параллельді антикеңестік орталық” дегеннің ісі қаралып, Л.Д. Троцкийді жақтаушылар ретінде 17 адам сотқа тартылды. Осы жылы “әскерилер ісі” деп аталатын сот процесінде әйгілі қолбасшылар жауапқа тартылды. 1937 – 38 жылдары 4 мыңнан астам әскери қызметкердің көзі жойылды. Соңғы Мәскеу процесі 1938 жылы наурыз айында “антисоветтік оңшыл троцкистік блок” дейтінді айыптауға арналды. Мұнда “халық жаулары” ретінде Бухарин, А.И. Рыков және М.П. Томский, сондай-ақ, олардың “сыбайластары”, барлығы 21 адам кінәланды. БК(б)П ОК-нің 1937 жылғы ақпан пленумында бұлар билікті күшпен басып алуды ұйымдастырушылар ретінде сипатталған еді. “Оңшылдармен” байланыстары үшін жергілікті жерлердегі басшылар Саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Алғашқылардың бірі болып Өзбекстан Компартиясы ОК-нің 1-хатшысы А.Икрамов және осы республика ХКК-сының төрағасы Ф.Ходжаев, Қазақстан партия ұйымының жетекшісі Л.Мирзоян және Республика үкіметінің төрағасы О.Исаев, т.б. көптеген жауапты партия, кеңес қызметкерлері тұтқынға алынды.
Рысқұлов бастаған “ұлтшылдардың контрреволюциялық ұйымы” әшкереленді. Мәскеу процестері жергілікті жерлерде “халық жауларына” арналған сот процестерін ұйымдастыруға түрткі болды. Қазақстанда осындай процестер 1937 жылы Қарағандыда, Үржарда және Солтүстік Қазақстанның Преснов ауданында өтті. Бұлардың ішінде Қарағанды ісі республикалық деңгейдегі партия, кеңес қызметкерлерін айыптауға арналды. Үржар ауданында өткен сот процесі дәл осындай “зиянкестік” әрекеттерге Алматыдағы Ұ.Құлымбетов пен О.Жандосовтың басшылық жасағандарын “дәлелдемек” болды. Осыдан соң 1937 жылы өткен ҚК(б)П I съезінде есепті баяндама жасаған Мирзоян Сұлтанбековты, Қаратілеуовты, Кенжинді, Гатаулинді, Асылбековты, т.б. халық жаулары ретінде “әшкерелесе”, келер жылы Л.Мирзоянның өзі “халық жауы” ретінде айыпталды.
1936 – 38 жылы аралығында Қазақстанда 25833 адам партиядан шығарылып, олардың 8544-і “халық жаулары” немесе халық жауларының сыбайластары “кулактар, ақ гвардияшылар”, т.б. әлеуметтік жат элементтер ретінде айыпталды. Белгілі қазақ зиялылары, алаш қайраткерлері түгелге жуық жазаланды. 30-жылдардың басында Қазақстан басқа жақтан еріксіз жер аударылып келген 184 мыңнан астам кулактар мен олардың отбасыларының екінші отанына айналды.
1937 жылдан бастап “отанын сатқандар” қатарына жатқызылған халықтарды депортациялау басталды. Алғаш Қазақстанға Қиыр Шығыстан 18526 отбасы, барлығы 102 мың корей және 102 мың поляк жер аударылды. Жаумен ынтымақтасты деген желеумен 1941 жылы Қазақстанға 361 мың неміс жер аударылды. 40 мыңнан астам неміс ұлтының өкілдері сенімсіздер ретінде майдандағы әскер бөлімдерінен босатылды.
1943 – 44 жылы Қазақстанға 507 мың адам жер аударылды. Жер аударылғандар ішінде поляктар, қарашайлар, шешендер, ингуштар, т.б. болды. 1944 жылы Орта Азия республика-лары мен Қазақстан Грузин КСР-індегі Месхетия өңірінен жер аударылған 110 мыңнан астам мұсылман халықтарын қабылдауға мәжбүр болды. Сталиндік Саяси қуғын-сүргін соғыстан кейінгі жылдары да жалғасты. Ендігі соққы еркін ойлы интеллигенция өкілдеріне және талантты ғалымдарға қарсы бағытталды.
1946 жылы БК(б)П ОК “Звезда” және “Ленинград” журналдары туралы қаулы қабылдады. Бұл қаулы ақын А.Ахматованың және М.Зощенконың шығармаларын біржақты қаралап, оларды баспа беттерінде жариялауға тыйым салды. Осы мәселеге байланысты А.А. Жданов Ленинград партия активінде сөйлеген сөзінде Қазақстанда қызмет істеп жүрген Зощенко, Хазин тәрізді интеллигенция өкілдерін буржылы “космополит-гастролерлер” ретінде айыптады. Мұның өзі әсіресе шет елдермен байланыстары бар интеллигенция өкілдерін саяси қуғындауға жол ашты. Осындай негізде Қазақ университетінің бір топ оқытушылары қуғындалды.
БК(б)П ОК-нің “В.Мураделидің “Ұлы достық” операсы туралы” (1948) қаулысы музыка өнері саласындағы қуғын-сүргінді бастап берді. Музыкада, өнерде кеңес адамдарының бейнесін жасамағандары үшін көрнекті композиторлар С.Прокофъев, Д.Шостакович, А.Хачатурян, Б.Кабалевский, т.б. “халыққа қарсы формалистік бағытты” негіздеушілер ретінде кінәланды.
Қазақстанда республикалық опера театры халықтың тарихы туралы музыкалық спектакльдер қоюмен әуестенгені үшін айыпталды. “Қыз Жібек”, “Ер Тарғын”, “Қобыланды”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Ақан сері – Ақтоқты” тәрізді халықтың жүрегіне жақын, ұлттық бояуы айқын пьесалардан идеялық кемшілік іздеу басталды.
М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов “Қазіргі тақырыпқа пьеса жазбайтындар” ретінде сыналды. Ә.Тәжібаевтың “Біз қазақпыз” атты шығармасы ескі хандар мен феодалдар өмірін марапаттау деп танылды. Өзінің шығармаларында “Феодалдық-байшылдық” дәстүрлерді дәріптегені үшін белгілі композитор А.Жұбанов Қазақстан Компартиясының 5-съезінде қатал сынға ұшырады.
Буржылы-ұлтшылдықты айыптау Қазақстан Компартиясы ОК-нің 1947 жылғы “Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел кемші-ліктер туралы” қаулысынан соң кең өрістеді. Онда Қазан төңкерісінен бұрынғы қазақ әдебиеті өкілдерінін кейбір мұралары буржылы-ұлтшылдық, феодалдық-реакциялық сарындағы шығармалар қатарына жатқызылып, ауыз әдебиеті нұсқаларын зерттеуші ғалымдар қуғындала бастады. Қазақстан Компартиясы ОК-нің 1948 жылы тамызда қабылданған “Қазақ совет әдебиетінің жағдайы және оны одан әрі дамыту туралы” шешімі ахуалды ауырлата түсті.
Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин, Ә.Қоңыратбаев, Е.Ысмайылов, МӘуезов, Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан, т.б. өткенді дәріптеуші ұлтшылдар қатарына жатқызылды. Әдебиетші ғалымдардың бір тобы “Кенесарыны дәріптеушілер” ретінде де айып талды. 1947 жылы жарияланған “Қазақстан XIX ғасырдың 20 – 40-жылдарында” атты монографиялық зерттеуінде Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалысқа ұлт-азаттық қимыл ретінде баға берген тарихшы Е.Бекмаханов жазықсыз қудаланып, 25 жылға сотталды. Оның көзқарасына жақын пікір айтқан бір топ тарихшылар да қатал жазаланды. Сталиннің өзінен қолдау тапқан ғылымдағы лысенковшылдық та көптеген зерттеушілерді қуғындауға негіз болды. Қазақстандық ғалымдарға қарсы бағытталған соққыны әлсіретуге тырысқан республикалық Ғылым Академиясының алғашқы президенті Қ.Сәтбаев қызметінен босатылып, Қазақстаннан кетуге мәжбүр етілді.
КОКП-тың 20-съезі Сталиндік жеке басқа табынушылықты айыптағаннан кейін адамдарды сталиншіл рухта қаталдықпен жазалау тоқтатылды. Жазықсыз қуғындалған жандарды ақтау процесі басталды. Алайда әміршіл-әкімшіл коммунистік жүйе оны аяғына дейін жеткізуге ынталы балған жоқ. Демократиялық тәртіпті аңсайтын адамдар бұрынғысынша қоғамға қарсы қойылып, абақтыларға қамалды. Қырым татарларының, месхеттік түріктердің, Еділ немістерінің отандарына қайтып оралуды көздеген әрекеттері де жазалауларға ұласты. Әр түрлі мәдени-саяси ұйымдар, партиялар құру әрекеттері де жазаланды. Мәскеуде қазақстандықтар ұйымдастырған “Жас тұлпар”, Павлодардағы “Жас ұлан”, Қарағандыдағы Есеп партиясы әкімшіл-әміршіл жүйенің наразылығына кездесті. Қазақстандағы 1979 жылғы Целиноград және 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғалары шын мәнінде әміршілдік тәртіпке қарсы халықтың қарсылық акциялары еді. Бұлардың соңғысы әкімшіл-әміршіл коммунистік жүйе тарапынан қатал жазаланды.
Алма-Ата, Книга-хроника, ч.1 - 3, А., 1992; Омарбеков Т., 20 – 30 жылдардағы Қазақстан қасіреті, А., 1997; соныкі, XX ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері, А., 2001.
Т. РЫСҚҰЛОВ ICI 1937-38 ЖЫЛЫ
КСРО атынан СССР Жоғарғы сотының әскери коллегиясы құрамында:
Армвоенюрист Ульрих,
Бригвоенюрист Зарянов,
I Рангалы военюрист Кандыбин,
I Рангалы военюрист Костюшко,
СССР прокурорының орынбасары Рогинский -
Үкім шығарды.
Москва қаласы, 8 февраль 1938 жылы.
Жабық сот мәжілісі.
Қаралды: Рысқулов Түрар Рысқұловичтың ісі, 1894 ж. туған. РСФСР совнарком төрағасының бұрынғы орынбасары. РСФСР қылмыс кодексінің 58-1а, 58-2, 58-8, 58-11 статьялары бойынша белгіленген қылмыстары бойынша…
Үкім шығарды:
Рысқулов Түрар Рысқұлович жазаның ең ауыр түрі атуға кесілсін.
Үкім өзгермейді, қайта қарауға жатпайды.
Шерхан Мұртаза "Тамұқ". Атамұра Қазақстан. Алматы, 1994. - 199-б.
ҰЖЫМДАСТЫРУДЫҢ ӘДІСТЕРІ МЕН ҚАРҚЫНЫ
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҰЖЫМДАСТЫРУ, ауыл шаруашылығын коллективтендіру – КСРО-да ұсақ, жеке шаруа қожалықтарын біріктіру арқылы ауыл шаруашылығын мемлекет мүддесіне толық бағындырып, қайта құрудың теориясы мен практикасы.
Қазан төңкерісінен (1917) кейін құрылған Кеңес империясының экономикалық даму жолын таңдау мәселесінде үкімет партия басшылары екі топқа бөлінді. Олардың алғашқысы – Бухарин тобы (Н.И. Бухарин, А.Н. Рыков, М.П. Томский) экономикалық жүйеде әлі де көп жылдар нарықтық қатынас түрі шешуші тетік болып қала береді деп санады. Екінші топты нағыз сталиншілдер: В.В. Куйбышев, В.М. Молотов, А.А. Андреев, Л.М. Каганович, С.М. Киров, А.И. Микоян, Г.К. Орджоникидзе, т.б. бел алып келе жатқан тоталитарлық тәртіп басшылары құрады. Бұлар берік сенімге және күштеуге сүйену жолы мен күрделі экономикалық мәселелерді партиялық-мемлекеттік жүйе шеше алады деген көзқарасты ұстанды және “жарқын болашаққа” жету үшін едәуір құрбандықтардың болуын орынды санады. Алғашқы бухариндік балама жолды кейде толық, кейде ішінара сол кезеңнің ірі экономистері Н.Д. Кондратьев, Н.П. Макаров, В.В. Новожилов, А.В. Чаянов, Л.Н. Юрьевский, т.б. қолдады.
Қазақ ұлттық интеллегенцияның көрнекті өкілдері Ә.Н. Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, Ә.Ермеков, М.Дулатов, М.Шоқай, т.б. Қазақстандағы дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысатын халықтың эволюциялық дамуын сақтауды жақтады. Шаруаларды өндірістік кооперацияларға тарту үрдісі Қазан төңкерісінен кейін ілешала басталды. Оны бір жағынан мемлекет қарамағына алынған жерлерде кеңшарлар, МТС-тер (машина-трактор стансалары), екінші жағынан ұжымшарлар құру арқылы шешу көзделді. 1928 жылы 1 шілдеде Қазақстанда 41 кеңшар мен 1881 ұжымшар болды. Ұжымдық шаруашылықтардың 76-ы ауыл шаруашылық артелі, 590-ы жерді бірлесіп өңдеу серіктестіктері еді.
1928 жылдың маусым айында болып өткен колхозшылардың Бүкілодақтық 1-сьезі жоғарыдағы сталиншілдер бағытын өмірге енгізуге жол ашып, ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру жолымен әміршіл-әкімшіл басқару арнасына түсіріп, жеке меншіктің орнына қоғамдық меншікті орнықтыруға күш салды. Осының нәтижесінде Қазақстандағы ұжымшар қозғалысы едәуір екпін алды. 1929 жылдың 1 қазанында Қазақстанда 117,7 мың жеке шаруашылықтар (олардың 9,3 пайызы) ұжымдастырылды. Келесі қараша айында өткен БК(б)П ОК-нің Пленумы осы жұмыстарды қорытындылап, жекелеген облыстар алдына жаппай ұжымдастыру міндетін қойды. Бұл міндетті шешу жолдарын белгілеу үшін ОК-тің Саяси Бюросы арнайы комиссия ұйымдастырды. Оның құрамына Қазақстан Ф.И. Голощекин енгізілді. Осы комиссия дайындаған жоба Саяси Бюро мәжілісінде қаралып, соның негізінде БК(б)П ОК 1930 жылғы 5 қаңтарда “Ұжымдастырудың қарқыны және мемлекеттің ұжымшар құрылысына көмек беру шаралары туралы” қаулы қабылдады. Онда Қазақстан ұжымдастыруды 1931 жылдың күзінде немесе 1932 жылдың көктемінде аяқтауы тиіс болып белгіленді. Бірақ Қазақ өлкелік партия комитеті 1929 жылдың желтоқсан айында-ақ ұжымдастыруды егіншілік аудандарда ғана емес, мал шаруашылығы аудандарында да жеделдетуге нұсқау беріп қойған еді.
Жаппай ұжымдастыру науқаны басталардан бұрын 1926 – 28 жылдары Қазақстанда “Кіші Қазан” науқандарын, яғни ауылды кеңестендіруді, шабындық және жайылымдық жерлерді қайта бөлуді, ірі мал иелерін тәркілеуді қатыгездікпен белсенді жүзеге асырған Қазақ өлкелік партия комитетінің 1-хатшысы Голощекин жаппай ұжымдастыруда да Қазақстанға тән ерекешеліктерді ескермеді. Бүкіл Одақтағы барлық көшпелі шаруашылықтардың 80 пайызға жуығы (4236 мың адамды біріктіретін 706 мың жеке, ұсақ шаруашылық) Қазақстанда болатын. Ұжымдастыру үшін оларды алдымен жерге орналастыру және жаппай отырықшыландыру керек еді. Бұл екі күрделі іс (отырықшыландыру мен ұжымдастыру) шұғыл түрде қатар жүргізілді.
1930 жылғы 1 қаңтар мен 1 наурыз аралығында ғана ұжымдастырылған шаруа шаруашылықтарының саны бұрынғыдан екі есе асып кетті. Қазақстан басшылығы отырықшыландыру үрдісін ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі мал шаруашылығына, ұлттық салт-дәстүрге қарсы қойды. Жаппай ұжымдастару кезінде байлар мен кулактарды тап ретінде жою саясаты да жағдайды одан әрі ауырлата түсті. Осындай қатал шаралар және ет, астық дайындау науқандарындағы асыра сілтеушілік, қазақтарды дәстүрлі даму жолынан күшпен тайдыру әрекеті халықтың жаппай қараулы наразылықтарын туғызды. Тоталитарлық жүйе бұл көтерілістерді аяусыз, әскер күшімен басты. Көшпелі және жартылай көшпелі шаруаларды зорлап отырықшыландыру жоспары алғашқы бес жылдықта (1932 жылдың соңына дейін) сәтсіздікке ұшырады. Қазақстанда 400 мың-ның орнына 70,5 мың шаруа қожалығы ғана отырықшыланды. 1933 жылдың 1 шілдесінде 97,5 пайызы ұжымдастырылды. Күштеп ұжымдастырудың және жоспарлы түрде жаппай отырықшыландырудың зардаптары өте ауыр болды. 1929 – 33 жылдары аралығында Қазақстандағы мал басының саны 16 есе азайды. Мұның соңы қазақ халқының жасанды ашаршылыққа және жаппай босқыншылыққа ұшырауын ұрындырды.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.75-76
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҰЖЫМДАСТЫРУҒА ҚАРСЫ ШАРУАЛАР ҚОЗҒАЛЫСЫ
1929 – 32 жылдары Коммунистік партия мен кеңес өкіметінің Қазақстандағы әділетсіз, зорлықшыл ішкі саясатына наразы болған халық көтерілістері. Халық наразылығына қазақ ауылына әлеуметтік жіктелістің таңылып, тап күресін шиеленістіруі; ауқатты және орта дәулетті қожалықтардың мал-мүлкін тәркілеу; бай мен кулактарды тап ретінде жою; шаруаларды күштеп ұжымшарларға біріктіру; жедел қарқынды индустрияландыруды іске асыруға байланысты ауыл-ауылдан өкіметке шектен тыс азық-түлік, мал, т.б. ауыл шаруашылығы өнімдерін зорлықпен жинау; елдің шын жанашырларының, рухани көсемдердің, Алаш ардагерлерінің қуғынға ұшырауы; өкіметтің тым ұшқары атеистік саясаты (мешіттерді жаппай қирату, дін иелерін қудалау); коммунистік саясатты ұйымдастырушылар мен іске асырушылардың (шолақ белсенділердің) жүгенсіздіктері, т.б. себеп болды. Осы науқандармен қосып бір мезгілде жүргізілген көшпелі және жартылай көшпелі халықты отырықшыландыру, қазақ шаруаларының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі өмір сүру жүйесін күйрету ауылдағы жағдайды тым шиеленістіріп жіберді. Әсіресе, мемлекетке өткізілетін мал, астық, азық-түлік жоспарлары халықты әбден титықтатты. Оны орындамағандар түрмеге жабылды. Күнкөріс малынан, алып келді.
“Голощекин орыс деревнясында азаматтық келісімді, ал қазақ ауылында азамат соғысын уағыздайды”, – деп жазды Л.Д. Троцкий (1927) (Коммунистическая оппозиция в СССР, Из архива Льва Троцкого, т. 2, Бенсон, 1988). Егер 20-жылдары Кеңес өкіметінің тұрпайы-зорлықшыл саясатына шаруалар қарсылығы әр жерде көрініс берсе (белсенділерді, партия-кеңес қызметкерлерін ұрып-соғу, өлтіріп кету, өрт қою, шаруалар тарапынан мал-мүлкін, астығын жасыру, ауа көшу, “қарулы” топтар құру, т.б.), 1928 жылы ірі байларды жою деген желеумен жүргізілген саяси террорға қарсы қозғалыс ауылдың көпшілік бөлігін қамтып, Қазақстандағы халық наразылығы КСРО-ның басқа республикаларына қарағанда ерекше кең сипат алып, соңы ауыр қасіретке ұласты.
Көтерілісшілер құрамы, негізінен, ауыл қазақтары болып, ол ұлттық сипат алды. Шаруалардың ұйымдасқан алғашқы бас көтерулері 1929 жылы күзде басталып, 1932 жылдың жазына дейін созылды. 1929 жылы қыркүйек айында Сырдария округінің Бостандық ауданында, Қарақалпақ автономиялық облысының Қазақстанға көршілес Тақтакөпір елді мекенінде қарулы көтерілістер болып өтті. Оларға қарақалпақ, өзбек, қырғыз шаруаларымен қатар қазақтар да қатысты. Сол жылы қазан айының 2 – 9 күндері Қостанай округінің Батпаққара (қазіргі Амангелді) ауданында шаруалар бір апта бойы билікті өз қолына алды . Бірақ әскер күшімен олардың бәрі басылып-жаншылып, басшылары жауапқа тартылды. Республиканың барлық жерлерінде өкіметтің зорлық-зомбылығына қарсылық әрекеттері кеңінен өріс алды.
Шаруалар қозғалысының 2-кезеңі КСРО ОАК мен Халком Кеңесінің 1930 жылғы 1 ақпандағы кулактар мен байларды тап ретінде жою туралы қаулысын іске асыру барысын-азынаулақ астық, т.б. азық-түлігінен айырылған ауылға аштық апаты төнді. Кейін ресми құжаттарда “асыра сілтеу” деп аталған қатыгез саясат елді азамат соғысы жағдайына да ауқатты және орта шаруаны жаппай қудалау, өкіметке мал, азық-түлік дайындау науқанын шектен тыс үдету нәтижесімен тығыз байланысты болды.
1930 жылы ақпан – наурыз айларында Қазақстанның барлық жерлерінде толқулар, жете ұйымдаспаған бас көтерулер орын алды. Олардың көпшілігі қанды қақтығысқа ұласты. 1930 жылы ақпан – наурыз айларында Созақ, Ырғыз, Қазалы, Қордай, Бүйен-Ақсу, Бәрібаев, Жаңақала, Қарақұм, Өскемен, Зырян, Самара және басқа аудандарда шаруалардың қарулы көтерілістері болып өтті. Адай округіндегі қарулы қарсылық 1932 жылы жазға дейін жалғасты. Олардың көпшілігінде экономикалық қана емес, саяси ахуалға байланысты талаптар да қойылды. Нашар қаруланған шаруа көтерілістері әскер күшімен, кей жерлерде тұрақты әскер күшімен, кей жерлерде тұрақты әскер бөлімдерінің ірі күштерін шақыру (Ырғыз, Қарақұм, Созақ, т.б. көтерілістері) арқылы аяусыз басылды. Оларға қатынасқандар қатаң жазаланды. Бірақ үкіметтің зорлық-зомбылық саясатына қарсылық жалғасып, 1930 жылы жазда Адай, Қызылқұм, т.б. жерлерде көтерілістердің жаңа ошақтары пайда болып, халық қарсылығы жалғаса берді.
Шаруалар қозғалысының 3-кезеңі 1931 жылы қаңтар айында жүргізілген мемлекетке мал өткізу науқанына байланысты өрбіді. Бұл шарулардың сағын сындырып, жаппай ұжымдастыру науқанына көндірген кез болатын. Бірақ өкімет Қазақстанға мал басының сарқылмас көзі ретінде ғана қарап, 1931 жылы республиканың өзінде қалған басы артық малдың бәрін тартып алды. Ашаршылық нәубеті төнген халық босқындыққа душар болды. Абыралы, Шұбартау, Шыңғыстау және басқа аудандарда, бұрынғы Адай округінде бұл күресті басуға жіберілген әскер шаруаларды жаппай қырғынға ұшыратты.
Ресми деректер бойынша 1929 – 31 жылдары Қазақстанда 372 көтеріліс пен қақтығыс, 210 толқу мен бүлікшілік болып өтті. Тек ірі көтерілістер мен толқулар ғана 80 мыңдай адамды қамтыды. Соларға қатынасқан 5500-ден астам шаруа ату жазасына кесілді және әр түрлі мерзімге сотталды. Көпшілігі жер аударылды. Көтерілісшілермен бейбіт келіссөздер жүргізу ОГПУ органдарының да, жергілікті партия, кеңес органдарының да ойларына кіріп шықпады. Күштеу, қорқыту және зорлық-зомбылық негізгі әдіске айналды. Қозғалыс шаруалардың жаппай үдере көшуіне әкеліп соқты. Еділ бойына 40 мың, Қырғызстанға 100 мыңға тарта, Батыс Сібірге 50 мың, Қарақалпақстанға 20 мыңнан астам, Өзбекстан мен Тәжікстанға 50 мыңдай адам ауа көшті. Шаруалардың біразы Қытайға т.б. жерлерге өтіп кетті . Мал басы 45 млн-нан 3,5 млн-ға күрт төмендеді. Елді жаппай ашаршылық меңдеді. Қозғалыс жете ұйымдаспағанына қарамастан, қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің жалғасына айналды. Бұл қозғалыс туралы шындық тек 90-жылдардың басында ашық айтыла бастады.
Қозыбаев М., Алдажұманов Қ., Әбілғожин Ж., Қазақстандағы күштеп коллективтендіру: қорлық пен зорлық, А., 1992; Омарбеков Т., Зобалаң, А., 1994; Насильственная коллективизация и голод в Казахстане в 1932 – 1933 г.г., Сб. докум. и материалов, А., 1998
1930-33 ЖЫЛДАРДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ
Ашаршылық 1930 – 33 жылдары болды. Оның себебі – Қазақстанда жүргізілген сталиндік-голощекиндік реформа, содан туындаған шаруалардың жеке меншігін тәркілеу мен жою, бас көтертпес ет, астық, т.б. ауыл шаруашылығы өнімдері салықтары, көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын жаппай және күшпен отырықшыландыру науқандары болып табылады.
1926, 1937 және 1939 жылдардағы санақтар материалдарындағы олқылықтар осы Ашаршылықтағы адам, басқа шығындар санын дәл анықтауға кедергі келтіріп, ғалымдар арасында әр түрлі пікірлердің өрістеуіне себеп болды. Дегенмен, осы Ашаршылықта Қазақстандағы ауыл халқы санының кемуі туралы Қазақ АКСР Халық шаруашылығы есептеу басқармасының әр түрлі жанама есеп-статистикалық құжаттар (салық есебі, мал есебі және т.б.), сондай-ақ, 1937 жылғы Бүкілодақтық халық санағының алғашқы мәліметтеріне сүйенген ресми дерегі бар. Осы деректер бойынша Қазақстанның ауыл халқы 1930 жылдың 1 маусымынан 1933 жылдың 1 маусымынан дейін 3 млн. 379,5 мың адамға кеміп кеткен. Егер бұл кемуден 1 млн-нан астам босқындарды шығарып тастасақ, 1930 – 33 жылдардағы аштық құрбандарының 2 млн 200 мың адамнан асып түсетінін аңғарамыз.
1992 жылы осы мәселені арнайы зерттеген ҚР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының комиссиясы өзінің қорытындысында былай деп жазды: “Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ табиғи өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан 2 млн. 200 мың адамнан, яғни барлық қазақ халқының 48 пайызынан айырылды”. Ашаршылықтан Қазақстанда қазақтардың үштен бірі ғана қалды. Негізінен, жас балалар мен әйелдер қырылғандықтан оның демографиялық зардабы ауыр болды. Қазақтардың сан жағынан өсуін қатты тежеді. Кейіннен асыра сілтеушіліктің шын мәні саяси бүркемеленгенімен бұл Ашаршылық “қызыл қырғын”, “голошекиндік геноцид” деген тарихи атқа ие болды.
Голошекиндік зұлматтың қазақ халқына алып келген шығыны әлем тарихында (пайыз есебімен) гитлершілдердің Еуропадағы еврейлерге жасаған сойқанымен пара-пар келіп, Кампучиядағы “қызыл кхмерлер” зардабынан асып түседі. 1932 жылы мешін жылы болған бұл зұлмат 20 ғасырдағы азам-зат баласына қарсы жасалған ең өрескел қылмыстардың бірі болып саналады. Әр жылдың 31 мамыры күні Қазақстан халқы осы “қызыл қырғын” құрбандарын еске алады.
Михайлов В., Ұлы жұттың жазбалары, А., 1992; Қызылдар қырғыны, А., 1993.
АШТЫҚ
Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің
төрагасы М.И. Калинин жолдасқа КАКСР
Максим Горький ауданының N4 ауылдық
кеңесінің азаматы Дүйсенбинов Нүрғалидан
1932 жылғы 10 ақпан
Қазақстанда түратын барлық халық аштан өліп жатыр, кейбір жерлерде түтас ауылдар халқының қырылуы байқалады, мысалы, Павлодар және Ертіс аудандарының N9, 10, 11 ауыл кенестері, сондай-ақ Қазақстанның басқа аудандарында.
Соңғы уақытта барлық жерде халық қырылып, өле бастады, егін шықпай қалды, барлық мал мемлекетке тапсырылған, ал мемлекет тарапынан колхозшылар нанмен жабдықталмайды, халықтың ішіп-жейтін ешнәрсесі жоқ. Әрбір қожайынның жеке пайдалануында және колхоздарда бір де бір мал, жылқы жоқ. Рынокта базар және еркін сауда өткізілмейді, оларға жергілікті жерлерде тыйым салынған, астық мүлде жоқ. Жергілікті ұйымдарда жұмыс істейтін қызметшілер, село-ауылдардың торағалары мен мүшелерінің жергілікті активі, партия ұялары мен кандидаттық топтардың хатшылары, сондай-ақ аудандық ұйымдардың қызметкерлері өзгелердің мүлкін тонаумен айналысуда. Егер қайсыбір азаматтан немесе колхозшыдан бір тілім нан, бір қадақ үн және бір кесек ет көрсе болғаны, бейне бір мемлекетке тапсырылатын сияқты тартып алады да, өздері пайдаланады, шындығына келгенде, мұндайларды олардың өзі ішіп-жеп қояды. Сонымен бірге, ақшаны, жақсы киімді және басқа да әртүрлі мүлікті тартып алады, тінту жүргізіп, халықты қорқытады. Бұнымен қатар, пара алумен де айналысады, кім не алғысы келсе содан алады. Егер қайсыбір адам пара бергісі келмесе, ол кедей немесе орташадан төмен адам болса да, ол даусынан айырылады, кәмпескеленеді (мүлкі), сөйтіп ол енді кулак деп саналады. Осы қырғын өлім, кәмпескеден, пара мен мүлкінің тоналуынан (қорыққан) халық беті ауған жаққа кетеді; қайыршы болып қайыр сүрап, тіпті басқа өлкеге немесе округке ауа көшеді. Мынадай жағдайлар болды: әкесі мен шешесі аштықтан өздерінің жас балаларын тастап, өздері кетіп қалған. Бұл Қазақстанда халықтың бұдан әрі тіршілік ете алмайтынын (көрсетеді), өмір сүру өте сұмдық, қиын. Оның үстіне жергілікті өкімет орындары осы аш халықтан әртүрлі бұйымдар мен азық-түлік дайындау науқанын жүргізеді, ал халық болса оны орындау салдарынан өзінің тамағына бір тілім де нан таба алмайды. Жергілікті өкімет орындары халықтың бұл қырылуы аштықтан емес, қайта тырысқақпен ауырудан деп иландырмақшы болады. Шынына келгенде, халық арасында тырысқақ ауруы жоқ. Мұны жоғарыдағы органдарға хабарламай, жасырып отыр. Жергілікті ұйымдар халыққа Кеңес өкіметі бейне бір тонаумен айналысады, әсіресе орташа кедей шаруашылығына дүшпандық (көзқараста) дегенді үғындырып, село шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды сәтсіздікке ұшыратуда. Біздің ауданның және Қазақстанның басқа аудандарының барлық халқы аштықтан Кеңес өкіметіне наразы болып отыр. Аштықтан басқа (халық киім-кешектің болмауынан азап кешуде), өнеркәсіп товарларымен жабдықталмайды.
Осы өтінішті жолдай отырып, Сізден өтінетінім:
1) халықтың аштан өлуін, қырылуын тоқтату (үшін) шұғыл шаралар қолданып, мемлекет тарапынан тамақ өнімдерімен жабдықтау, олар жөнінде жүргізілетін әртүрлі дайындау науқандарын тоқтатып, өнеркәсіп товарларымен қамтамасыз ету және жер-жерде еркін сауда, базарлар мен рыноктар ашу керек.
2) Талап-тонаумен, пара алумен айналысып, басқалардың мүлкін пайдаланатын, Кеңес өкіметін халыққа дұшпан (етіп) көрсетіп, ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды сәтсіздікке ұшырататын барлық аудандық ұйымдар мен жергілікті окімет орындарының қызметкерлерін, белсенділерді, ауыл-село Кеңестерінің төрағаларын, мүшелерін бүкіл дүниежүзі пролетарлық революциясының жаулары ретінде қатаң қылмыстық жауапқа тарту керек.
Осы өтініштің нәтижелері туралы төмендегі мекен-жайға сәйкес почта арқылы хабарлауды өтінемін.
Качира почта бөлімшесі, Қазақ АКСР (Бұрынғы Павлодар округінің) Максим Горький ауданы, N4 ауылдық кеңес Дүйсенбинов Нұрғалига.
ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ЖАҚТАСТАРЫНЫҢ САЯСИ ҰСТАНЫМЫ – С.СӘДУАҚАСОВ, С.ҚОЖАНОВ, Ж.МЫҢБАЕВ. М.ШОҚАЙДЫҢ ЭМИГРАЦИЯДАҒЫ САЯСИ ҚЫЗМЕТІ.
ҚОЖАНОВ СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНҰЛЫ – мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист. Саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған “Кеңес” астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. 1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге “Бірлік туы” газетін шығарды. Түркістан (Қоқан) автономиясына қызу қолдаушылық танытып, оны кеңес өкіметінің әскер күшімен құлатуын жергілікті халықтың өзін-өзі билеу құқығын аяқ асты етушілік деп бағалады. Өлкеде кеңестік билік тұсында орын алған ашаршылыққа қарсы күресте белсенділік танытты. Аштықпен күресетін орталық комиссияның мүшесі ретінде 1918 жылы қарашадан бастап Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды.
1919 – 20 жылдары Сырдария уездік ревком төрағасының орынбасары, Түркістан уездік-қалалық атқару комитетінің, Сырдария облысы ревком төрағасы болды. 1920 жылдың соңына қарай Түркістан республикасы Ішкі істер халық комиссары, 1921 жылы қазанда Халық ағарту халық комиссары болып тағайындалды. Ол осы қызметтерді атқару барысында БОАК пен РКФСР Халық Ко-миссарлар Кеңесінің Түркістан ісі бойынша құрған комиссиясы – Түріккомиссияның Ресейде іске асырылып жатқан коммунистік шараларды Түркістан өңіріне күштеп енгізуге, таптық күресті шиеленістіре түсуге, сөйтіп ұлттық мәселені кейінге ығыстырып тастауға бағытталған әрекетіне қарсы тұрды. Оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті. Мәскеу, Петроград секілді ірі қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық жастарға материалдық көмек көрсетуде бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты. “Ақ жол” газетін шығаруды ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды.
1922 жылы Түркістан республикасы жер шаруашылығы халық комиссары болып тағайындалысымен, ауыл шаруашылығының ахуалына ерекше көңіл бөліп, өлкедегі жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат беру бағытын да ұстанды. 1922 – 1924 жылдары Түркістан КП орталық комитетінің хатшысы, атқару комитеті төрағасының орынбасары, РК(б)П ОК Орта Азия бюросының мүшесі болды. Қожанов мемлекеттік қайраткер ретінде Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеу кезінде (1924) айрықша танылды.
1924 жылы қарашада РК(б)П Қазақ обкомының (1925 ж. ақпаннан – Қазақ өлкекомының) екінші хатшысы қызметіне жіберілді. Қожановтың тікелей ұсынысымен Кеңестердің І съезі қазақ халқы тарихи атауын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан “киргиз” деген атты төл атауына – “қазаққа” түзетіп) қайтарып, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертті. 1925 жылы қарашада БК(б)П орталық комитетіне шақырылып, ұлт республикалары бойынша жауапты нұсқаушы лауазыммен Кавказға, 1928 жылы Ташкентке, Орта Азия Бюросына қызметке жіберілді. Мұнда ол үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, хатшы болды. Бүкілодақтақ ауыл шаруашылығы Ғылым Академиясының (ВАСХ-НИЛ) Ташкент бөлімшесін ұйымдастырды.
1929 жылы Орта Азия мақта-ирригациялық политехника институтын (САХИПИ) құрып, алғашқы директоры болды, сонымен қатар 1929 – 31 жылдары Орта Азия мақта комитетінің директоры қызметін атқарды. 1931 – 32 жылдары БК(б)П ОК аппаратында істеді.
Қожанов негізгі міндеттерін қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен ұштастырып отырды. Мектепке арналған “Есептану құралы” атты оқулығы (1924), “Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына” орыс тіліндегі зерттеуі (1928) жеке кітап бо-лып шыққан. РК(б)П ОК ұлт қызметкерлерімен өткізген Төртінші кеңесінде (1923), РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т.Рысқұловтың бас-қаруымен өткен жеке кеңесте (1926) сөйлеген сөздерінде, сондай-ақ, И.В. Сталинге 1927 жылы жазған екі хатында Қожановтың саяси көзқарастары мейлінше айқын тұжырымдалған. Ол 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы ақталды. Алматы, Шымкент қалаларындағы көшелерге Қожанов есімі берілген. Түркістан қаласында ескерткіш қойылған.
Қойшыбаев Б., Жазықсыз жапа шеккендер. А., 1990; Қойгелдиев М., Омарбеков Т., Тарих тағлымы не дейді? А., 1993; Әлмашұлы Ж., Сұлтанбек Қожанұлы, А., 1994; Шәріпов А., Сұлтанбек Қожанұлы – әдебиетші, А., 1994.
СТАЛИНДІК ҚУҒЫН-СҮРГІН, ОНЫҢ АУҚЫМЫ ЖӘНЕ АУЫР ЗАРДАПТАРЫ.
Сталиндік репрессия– Сталиннің басшылығымен одақ көлемінде жүргізілген адамдарды үнемі қорқынышта ұстау мақсатында жаппай қуғын-сүргінге ұшырату саясаты. Сталиндік қуғын-сүргін 1928 жылы сәуірдегі “Шахталар ісімен” басталып, қоғам ішінен үздіксіз жаулар іздестіру қызу науқанға айналды. Сталиндік қуғын-сүргіннің көлемі нақты анықталған жоқ. Қуғын-сүргін әсіресе 1937 – 38 жылдары аралығында тіптен өршіді.
Кейбір мәліметтер бойынша 1937 жылы Кеңес түрмелерінде қамалғандар 5 млн. болса, 1938 жылы желтоқсанына дейін тағы да 7 млн. адам қамалған. Ежов басқарған жазалау науқанында ғана (1937 жылы қаңтар – 1938 жылы желтоқсан) 1 млн. жуық адам атылып, тұтқында 2 млн. адам өлген. 1939 жылы қаңтарына дейін 1 070 000 адам атылған. 1950 жылға дейін Колыманың өзінде ғана 3 млн. аса адам өлген. Түрмелер мен лагерьлерде отырғандардың жалпы саны 12 – 15 млн.-дай адам болған. 1930 – 50 жылдары 100 971 қазақстандық жазалауға ұшырап, оның ішінде 20 170 адам атылған.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.664-665
КСРО ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ ҚАЗАҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АСПИРАНТУРА ҚҰРУ ТУРАЛЫ ҚАЗКСР ХАЛЫҚ КОМИССАРЛАРЫ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫНА ӨТІНІШІ
2 қыркүйек, 1936 жыл.
Қазақстанда ғылыми қызметкерлер кадрларын кең көлемде жоспарлы түрде даярлау туралы мәселе осы кезге дейін тиісті жоғары дәрежеде қойылған жоқ. Қазақстанның өзінде жас ғылыми кадрлар даярлау ісі қанағаттанғысыз. Қазақстан үшін орталық ғылыми мекемелерде дайындалатын ғылыми қызметкерлердің саны болмашы ғана. Орталықтан жіберілетін жас қызметкерлер Қазақстанды нашар біледі және мұнда олардың ұзақ мерзімге қалуы сирек кездеседі. Қазақстанда тұратын, жергілікті тілді, елдің табиғаты мен тұрмысын білетін ғылыми кадрларды даярлау қажет. Ғылым академиясының Қазақ филиалы осындай қызметкерлерге аса мұқтаж, қазіргі уақытта онда жұмыс істейтін қазақтардың саны өте аз (4,5%). Таяу уақытта филиалдың өзінің едәуір бай қорын (басшы қызметкерлер - профессура, коллекция, әдебиет) пайдалана отырып, сондай-ақ Ғылым академиясының Мәскеу мен Ленинградтағы ғылыми зерттеу институттарына стажировкаға жіберіп, өзіміздің жергілікті кадрларымызды даярлау ісін ұйымдастыру қажет. Өз ресурстарының жағдайына қарай қазіргі уақытта Қазақ филиалы 15 аспирант (зоология - 3, ботаника - 3, геология - 4, Казақстан тарихы мен әдебиеті - 5) даярлауды ұйымдастыра алар еді. Методологиялық даярлауды (диамат) марксизм-ленинизм институты жанындағы арнаулы семинарда, ал мамандық бойынша - Ғылым академиясының Қазақ филиалы секторларында жүргізген жөн.
Аспирантураны ұйымдастырудың негізгі принциптері «Ғылым академиясының Қазақ филиалы жанындағы аспирантура туралы Ереженің» ұсынылып отырған жобасында баяндалған.
Ең маңыздысы - аспиранттарды даярлау қазақ тіршілігі мен қазақ тақырыбында жүргізілетін болады. Республикадағы социалистік құрылыстың белгілі бір міндеттері аспиранттар дайындау барысында да шешілері анық, жас ғалым басталған зерттеулер циклін кейіннен, әлбетте одан әрі жалғастырып, тереңдете түсуімен халық шаруашылығының дамуына үлкен үлес қосары сөзсіз.
Аспирантура бойынша шығындар жылына бір аспирантқа 10 мың соммен көрсетіледі, бұған (400х12+12% 5400) ғылыми кітаптар алуға арналған 400 сом, ғылыми жұмыс пен зертханалық зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған 3200 сом және тіл мен арнаулы пәндер бойынша үйірмелер ұйымдастыруға арналған 1200 сом кіреді.
Академияның Қазак филиалы «Ғылым академиясы Қазақ филиалының аспирантурасы туралы Ережені» бекітуді және Қазақстан Орталық Атқару Комитеті жанындағы Ғылым комитетіне кандидаттарды іріктеу мен бекітуге қатысу ісін тапсыруды ұсынады.
Известия АН Республики Казахстан. Из серий общественной науки. Алматы, 1992. №6. С. 88-89.
ЖЕКЕ АДАМҒА ТАБЫНУШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗАРДАПТАРЫ ТУРАЛЫ
КОКПОК-нің бірінші хатшысы Н.С. Хрущев жолдастың 1956 жылғы ақпанның 25-інде КОКП ХХ съезінде жасаған баяндамасынан
…Егер Сталиннің партияны, елді басқару практикасын саралапкөрсек, Сталин жіберген барлық кемшіліктердің мәніне үңілсек, Ленин қаупінің орындалғанына көзіміз жете түседі. Сталин бойында Ленин барда жаңадан бас көтерген жағымсыз сипаттар одан кейінгі жылдары ұлғая түсіп, Сталиннің қолындағы билікті қатерлі дәрежеде теріс пайдалануына дейін әкеп тіреді де, біздің партиямызға есепсіз залал келтірді. Бұл мәселені байсалды саралап, дұрыс талдау бізге Сталин тұсында орыналған жағдаяттардың, тіпті көмескі елестерініңбірде-бірінің қайта жанданбауы үшін қажет. Сталин жұмыстағы және басшылықтағы ұжымдық сипатқа тұтастай төзгісіздік танытты, өзіне қайшы келген жайттар былай тұрсын, қазымырлығы мен ешкімді бет қаратпай билеп-төстеушілігінің салдарынан өз қағидаларына қайшы келетіндей болып көрінген нәрселердің бәрін дөрекілікпен жаныштады. Ол сендіру, түсіндіру, адамдармен қажымай-талмай жұмыс істеу жолымен емес, өзінің қағидаларын күшпен таңу, өзгелерді өз пікіріне сөзге келмей тізе бүктіру жолымен әрекет істеді. Бұған қарсыласқандар немесе өз көзқарасының дұрыстығын дәлелдеуге тырысқандар әуелі басшылар ұжымынан аластатылып, сосын іле-шала моральдық тұрғыдан құрып кетуге, өмірмен қоштасуға мәжбур боллы. Бул. әсіресе партиянын XVII съезінен кейінгі кезенде Сталин деспотизмінің салдарынан көптеген а0дал, коммунизм ісіне шын берілген көрнекті партия қайраткерлері мен партияның қатардағы қызметкерлері құрбан болған уақытта ерекше көрініс тапты.
Сталин «халық жауы» дейтін ұғым енгізді. Бұл термин идеялық пікір таласына түскен адамдарды, идеялық қателіктерін дәлелдеу қажеттігінен бірден босататын болды. Бұл ұғым Сталинмен қандай да бір мәселе жөнінде келіспейтін кез келген адамды, дұшпандық ниетте деген күдікке ұшыраған немесе жалған жалаға душар болған адамдардың бәрін сұмдық қатыгездікпен қуғындауға мүмкіндік берді. Бұл кезде революциялық заң нормалары белінен басылды. «Халық жауы» деп аталынған бұл ұғым идеялық күрес атаулыны немесе тіпті практикалық қана маңызы бар мәселелер жөніндегі өзіндік пікір біткенді іс жүзінде тұтастай мансұқ етті. Қазіргі заң ғылымының бүкіл нормаларын аякка баса отырып, біреуге тағылған кінәні дәлелдеудің негізі, ал шынтуайтында жалғыз-ақ жолы айыпталушының «өз қылмысын мойындауы» деп саналатын болды, оның үстіне мұндай «мойындаулар», кейіннен жүргізілген тексеру көрсеткендей, айыпталушыны ұрып-соғу арқылы жүзеге асырылды.
Бұл революциялық заңдарды өрескел бұрмалауға, бұрын партия бағыты үшін күрескен көптеген ешбір жазықсыз адамдардың қасіретке ұшырауына әкеп соқты…
Известия ЦК КПСС. 1989. №3. С. 131; Өркен. Алматы. 6 мамыр, 1989. №18(70).
СЕМЕЙ СЫНАҚ АЛАҢЫНЫҢ ЗАРДАПТАРЫ
(Дегелеңнің дегендері)
Республикамыздағы демографиялық апатты аймақтардың бірі - Семейдегі ядролық сынақ алаңы.
Сынақ аланы ашылғалы, міне, 44 жылдан астам уақыт өтіпті. Бұл аз мезгіл емес. Уақыт өткен сайын халық санасынан талай нәрсе өшіп жатыр. Соның бірі, сынақ алаңы қамтып жатқан 18 мың шаршы шақырым аймақтағы көне жер-су аттары, ескінің көзі - күмбездер мен бейіттер. Ал «18 мың шаршы шақырым» деген айтар ауызға ғана жеңіл. Таратып айтсақ, бұл Балқаш көлі суы айдынының аумағымен бірдей. Егер бұдан әрі нақтылай түссек, Эстонияның жартысына, Арменияның үштен екісіне тең жер. Сынақ алаңының алып жатқан жер көлемін осыдан-ақ біле беруіңізге болады. Арқаның бұл нағыз құйқалы, шұрайлы жерлері…
Бұл бұрынғы КСРО-дағы екінші ядролық сынақ алаңы. Алғашқысы да Қазақстанның батысында Нарын құмында болған. Ол шамамен соғыстың соңғы жылдарында пайда болса керек. Бірнеше жылдан соң әлдебір себептермен ол сынақ алаңын жауып тастаған. Егер қателеспесем, сол жер атымен Азғыр деп аталады. Оның да жер көлемі аз емес (12 мың шаршы шақырым).
Семейдегі сынақалаңы 1949 жылы ашылып, 1963 жылға дейін ядролық сынақ әуеде, жер бетінде жүргізіліп келгені бұл күнде ешкімге құпия емес. Сынақ алаңы Абай, Май, Жаңасемей аудандарының аумағында жатыр. Ядролық сынақ, негізінен, сынақ алаңының бергі Абай ауданына қарасты бөлігінде жүргізілген. Ол жер бұрын Абыралы ауданына қарайтын. Сынақ алаңы құрылар алдында аудан таратылып, оның халқы «қауіпсіз аймаққа» көшірілген. Сынақ аланының аумағында шығыстан батысқа қарай созылып жатқан, ұзындығы 3540, ені 15 20 шақырым шамасында ұсақ шоқылы Дегелең тауы бар. Бұл Сарыарқаның малға жайлы, жанға сая, қүйқалы тауларының бірі.
Ядролық сынақ алаңының экологиялық зардабын төрт радиуске бөліп қараған жөн. Бірінші шеңбер радиусы 150 шақырым аймақты қамтиды. Мұнда 200 мың халық тұрады. Оған сынақ алаңын қоршай жатқан бес-алты аудан енеді. Екінші шеңбер радиусы 300 шақырым жерді қамтып, онда 1 млн халық тұрады. Бұл аймаққа Семей, Алтайдың бір шеті, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Өскемен облысының кейбір аудандары жатады. Үшінші шеңбердің радиусы 500 шақырым. Бұл аумақта 5 млн халық қоныстанған. Бұған Павлодар, Өскемен, Ақмола секілді қалалар да енеді. Ал төртінші шеңбердің радиусы 775 шақырымға дейін жетіп, Алматы, Омбы, Новосібір қалаларын, сондай-ақ шығысында Моңғолия мен Қытайдың аумағын да қамтиды. Бұл шеңберде 20 млн адам тұрады. Бәлкім, біреулер бұл не үшін қажет деп ойлауы мүмкін. Біз қайда, Семей қайда деушілер де табылады… Оған біздің айтарымыз, Сарыарқаның желі көбіне солтүстіктен оңтүстік-батысқа, Қазақстанның ішіне қарай соғады. Ертеде ол желдің бағытында елді мекендер аз болған, халық сирек қоныстанған. Ядролық сынақ алаңын Семей жеріне орналастырудың бір себебі сол болуы керек. Екіншіден, Абыралы асты тау-тасты, ішкі қыртысы қатты гранитті жер. Бәлкім, сынақ алаңын осындай себептермен санаса отырып, қазақ жеріне әдейі әкелуі де мүмкін. Ертістің мол суы да жақын…
Солтүстіктен соғатын Арқаның желі көп жағдайда батысқа бұрылмай, Алатауға келіп тіреледі. Бұл азды-көпті радиацияның шаң-тозаңы Алматыға да жетуі мүмкін деген сөз. Әуелде жер бетіндегі жарылыс кезінде ол солай болған шығар. Мәселен, Өскемен облысының Күршім ауданында жердің үстіңгі қабатында 15 см-ге дейін радиация сіңіп кеткен көрінеді. Сол Күршім Абыралыдан 450 шақырым қашықтықта орналасқан.
Енді, ядролық сынақ алаңының демографияға әсеріне келейік. Ол, біріншіден, психологиялық тұрғыда әсер етеді. Оны ғылым тілінде радиафобия деп атаймыз. Фобия қорқыныш, үрей, қорқу дегенді білдіреді. Радиафобия үркушілік ретінде демографиялық мінез-құлыққа кері ықпалын тигізеді. Мәселен, радиафобия билеп алған әйелдер дендері сау бола тұра, үшінші, төртінші, бесінші баланы дүниеге әкелуге қорқады да, бала көтермейді. Олар ақыл-есі кем, денсаулығы жоқ, мүгедек сәбиді дүниеге әкелем бе деген орынды үрейді жеңе алмайды.
Ядролық сынақ алаңының демографияға екінші бір әсері, адамдардың миграциялық мінез-құлқына қатты әсер етеді. Енді жұрт жай қорқып, бала тууды шектеп қана қой- майды, олар сынақ алаңынан алыс аймаққа көшіп кетуге тырысады. Жоспарлы түрде жүргізілмеген миграция республиканың экономикасы мен шаруашылықтарға елеулі нұсқан келтіруі мүмкін.
Жалпы, ядролық сынақалаңынан басқа экологиялықапат аймағы Аралдың да жағдайы өте нашар. Бұл екі апат бір-бірімен қосылып кетуі әбден мүмкін. Оның үстіне республикада экологиялық апат аймағында 3 млн қазақ тұрып жатырғанын ұмытпаукерек. Бұл қазақтардың табиғи өсіміне үлкен тежеу. Сондықтан сол апатты аймақтардан халықты тұтас кеңшар, аудан ретінде өзге қауіпсіз жерге көшіру қажет.
Тәтімов М. Қазақ әлемі.
Алматы: Атамүра Қазақстан, 1993. 111-177 -бб.
1941-1945 ЖЫЛЫ
СОҒЫС ЖЫЛДАРЫ
М. Әуезовке жазылған хаттан
Сәлем Сізге, Мүхтар аға!
Ташкенттен келісімен мен жан-тәніммен сегізінші гвардияшыларға баруға тырыстым, Бауыржанмен бірге болуды аңсадым. Мені Момышұлы басшылық ететін батареяға комиссар етіп жіберді. Бірақ сол арада-ақ мені кері шақырып алып, қазақ тілінде газет шығару ісін ұйымдастыруды тапсырды.
Толассыз төнген ажал оғы гүрсілдеп жатқанда блиндажда отырып, туған даласын қатты сағынған қазақ жауынгерлеріне өз тілінде газеттер мен кітаптар оқу өте қуанышты.
Алматыдан келген делегаттар өздерімен бірге осында едәуір мөлшерде қазақ тіліндегі кітаптар әкеліпті, олардың ішінде Сіздің "Абай" романыңыз да бар екен. Бұл кітаптарды біз алғы шептегі жауынгерлерге апарғанымызда, біздің қазақ жауынгерлері сүйсініп қайран қалды. Бұл оларға аспаннан түскендей күтпеген сый болып көрінді.
Менің мынадай көріністі талай рет көруіме тура келді: білтелі шамның жарығы әлсіз ғана сығыраяды, жауынгерлер топталып отырады да, біреуі дауыстап оқып, қалғандары мүқият ден қойып тыңдайды. Көбінесе Сіздің "Абайды" оқып отыратын еді.
Жақында блиндаждардың біреуінен мен осы романның әбден тозған бір данасын тауып алдым. Бүкіл кітап айқыш-ұйқыш жазуға толы екен. Оның көп адамның қолынан өткені бірден-ақ көрініп түр. Жазулар мынадай сипатта: "Өте жақсы кітап, атақ-даңқы арта берсін, Абай"; "Осы кітапты оқып шыққан соң, мен бүгін үш фашисті өлтірдім. Мерген Үркімбаев"; "Мен бұл кітапты немістердің тылында жүріп оқып шықтым. Бүгін фашистермен кескілескен шайқасқа түсіп, олардың 10-ын өлтіріп, үшеуін тұтқынға алдым, 24. Х. 1942 ж…"
Барлық жазулар осы сияқты.
Сіздің Құрманбек
8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы 1073-ші гвардиялық атқыштар полкінің командирі, майор Бауыржан Момышұлына жауынгерлік
Мінездеме
1942 жыл,маусым
1910 жылы туған, 1942 жылдан БКП(б) мүшесі, ұлты қазақ, әлеуметтік тегі - қызметші. Жалпы білімі - орта, әскери білімі - бір жылдық. 1932 жылдан 1934 жылға дейін (осы уақытқа дейін) Қызыл Армия қатарында. 1941 жылдың қыркүйегінен майдандағы армияда.
Момышұлы жолдас құрылған күннен бастап, 8-ші гвардиялық дивизия қатарында. Ол дивизиямен бірге даңқты жауынгерлік жолдан өтті. Кеңестік Отанымыз жолындағы ұрыстарда Момышұлы жолдас өзін Ленин партиясының ұлы ісіне адал берілген ерекше ержүрек әрі батыл командир ретінде көрсетті.
Момышұлы жолдастың тактикалық даярлығы жақсы, өзінің әскери білімін неміс-фашист оккупанттарына қарсы кескілескен шайқастарда, іс жүзіндегі командирлік жұмыста арттырған және ол білімін ұрыста шебер қолданды.
1941 жылғы шілде-қыркүйек айларындағы кезеңде атқыштар батальонының командирі болған капитан (қазіргі майор) Момышұлы жауынгерлер мен командирлерді өз Отанына шексіз берілгендік рухында тәрбиелеп, өз батальонының жауынгерлік құрамының сапалы әскерлік даярлығына қол жеткізді.
1941 жылғы қазан айында Москва үшін болған ұрыстарда Момышұлы жолдас басқарған батальон жауға қарсы ерлікпен шайқасып, оған елеулі соққы берді.
1941 жылғы қараша айынан Момышұлы жолдас-1073-ші полктің командирі, ол басқаратын полктің жауынгерлік құрамы Батыс майданда жаудың тегеурініне батыл тойтарыс беріп, оның бірқатар әскери құрамалары мен көптеген техникасын жойды.
Дивизия басқа бөлімдерімен бірге Момышұлының полкі неміс оккупанттарын Москва түбінде (Волоколам бағытында) талқандауға жол ашты.
1942 жылдың қысы мен көктемінде Калинин майданында 1073-ші гвардиялық атқыштар полкі бастапқы кезде, қар қалың түскен қыс, қатты аяз және жол қатынасы аса қиын жағдайда, ал сонан соң көктемгі лайсаң, батпақты жерлерде шабуыл жасай отырып, жаудың көптеген танкілерін, автомашиналары мен басқа да әскери техникаларын жойып жіберді, ондаған селолар мен деревняларды азат етті.
Дивизияның бүкіл еліміз алдында белгілі жалпыға мәлім еңбектері, оның гвардиялық болып қайта құрылып, жауынгерлік Қызыл Ту орденімен және Ленин орденімен наградталуы майор Момышұлы басқаратын 1073-ші атқыштар полкінің жауынгерлік табыстарымен байланысты.
Қазақ халқының адал ұлы, өзінің Кеңес елінің абыройы мен тәуелсіздігін қолына қару алып қорғап жүрген осы халықтың таңдаулы өкілдерінің бірі - майор Момышұлы үкімет наградасына ұсынылды.
Дивизия командирі полковник Серебряков
Дивизияның әскери комиссары полк комиссары Лобов
Дивизия штабының бастығы подполковник Гофман