4.3. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы кеңестік реформалардың қайшылықтары мен салдары


ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ҚАЙТА ҚҰРУ» САЯСАТЫ

Қайта құру саясаты – 20 ғасырдың 80-жылдарының орта тұсында пайда болған саяси-экономикалық атау. КСРО-дағы әкімшілдік жүйені реформалау мақсатында жүргізілді. 1970 – 80 жылдары Кеңестік саяси-экономикалық жүйе тоқырауға ұшырады. Сондықтан Кеңес Одағындағы саяси-экономикалық реформалар жүргізу қажет болды. Осыған байланысты жаңа басшы М.С. Горбачев бастаған КОКП ОК 1985 жылы сәуір пленумында саяси жүйені реформалау қажет деп санап, Қайта құру саясатын енгізді.

Қайта құру саясаты КСРО-да, кейін басқа социологиялық даму жолына түскен елдерде үлкен өзгерістерге жол ашты (жариялылық, саяси плюрализм, “Қырғи-қабақ соғыстың” аяқталуы, т.б.). Бірақ кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе сақталған жағдайда, қоғамдық өмірді демократияландырудың мүмкін еместігін кейінгі оқиғалар көрсетіп берді.

1986 жылы Алматыда болған желтоқсан оқиғасынан кейін Тбилисиде, Бакуда, Вильнюсте бірінен соң бірі баскөтерулер орын алды. 1989 – 90 жылдары Орталық және Оңтүстістік-Шығыс Еуропа елдері (ГДР, Польша, Чехословакия, Болгария, т.б.) социологиялық Даму жолынан бас тартып, нарықтық қатынастарға көшті. Қоғам өмірінің барлық салалары дағдарысқа ұшырады. Нәтижесінде 1991 жылы Кеңес Одағы тарап кетті. Қайта құру саясаты аяқталмай қалды.

 

Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.474

 

АУҒАН СОҒЫСЫ ЖӘНЕ ОҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ҚАТЫСУЫ (1979-1989 ЖЖ.)

“АУҒАН СОҒЫСЫ” (25.12.1979 – 15.2.1989) – КСРО Қарулы Күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның Ішкі Істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыс. КОКП және КСРО басшылығы Ауғанстандағы 1978 жылғы сәуір төңкерісі нәтижесінде билікке келген қолдан жасалған “халықтық-демократиялық үкіметті” қолдап, көршілес елдің социологиялық бағытпен дамуын көздеп, “интернационалдық әскери жәрдем береміз” деген желеумен оның Ішкі Істеріне араласты.

1965 жылы қаңтарда Ауғанстанда Кеңес Одағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (МҚҚ) тыңшыларының қатысуымен жартылай астыртын қызмет атқарған Ауғанстан халықтық-демократиялық партиясы (АХДП) құрылып, біраздан соң ол екіге бөлінген. “Хальк“ тобын Н.М. Тараки, X.Амин, ал “Парчам“ тобын Б.Кармаль басқарды.

1977 жылы мамырда Мәскеудің нұсқауымен Ауғанстан халықтық-демократиялық партиясының екі тобы бірігіп, астыртын қимылдарын ұлғайта түсті. Мұхаммед Дауд үкіметі Ауғанстан халықтық-демократиялық партиясыға қысым жасап, 1978 жылы 26 сәуірде оның басшыларын қамауға алды. Ертеңіне Кабулдағы әскери күштер көтеріліп, Дауд бала-шағасымен қазаға ұшырады. Сөйтіп Ауғанстанда Ауғанстан халықтық-демократиялық партиясы билігі орнады.

Жаңа үкімет КСРО-ның айтқанынан шықпай, бірден социализм негізін қалауға кірісті. Жер реформасын енгізу, діндарларды қудалау, ағарту саласындағы өзгерістер, кеңестік мамаңдарды көбірек пайдалану, жергілікті көшпелі тайпалардың әдет-ғұрпымен, салт-мүддесімен санаспау, т.б. бұқара халықтың наразылығын тудырды. 1978 жылы қазанда ірі қарулы қарсылықтар басталды.

Ауған үкіметі КСРО-мен достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа отырып (желтоқсан, 1978), Мәскеуге арқа сүйеді. Алайда халық күресі одан әрі күшейе түсті. 1979 жылдың ақырында 26 уәлаятта 18 көтеріліс өрті лаулады. Сондай жағдайда Ауғанстан халықтық-демократиялық партиясы басшылары өзара тартысып, Кармаль тобы жеңіліп (1978, шілде – тамыз), оның өзін Чехословакияға елші етіп жіберді. Келесі жылғы қыркүйекте Тараки Аминнің қолынан қаза тауып, Ауғанстан халықтық-демократиялық партиясы мен мемлекет басына Амин отырды. Бұл жағдайды Мәскеу өз мүддесіне қауіп ретінде қабылдады. КСРО МҚҚ Аминді қызметінен шеттетіп, “парчамшылдарды” билік-ке әкелуге әрекеттенді.

1979 жылы 12 желтоқсанда Кеңес Одағы басшыларының шағын тобы (Л.И. Брежнев, Ю.В. Андропов, М.А. Суслов, Д.Ф. Устинов, А.А. Громыко) Ауғанстанға кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдады. Сөйтіп 1979 жылы 25 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Қазақстаннан “Ауғанстан соғысына” 22000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты, 21 адам хабарсыз кетті.

Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.75

 

Д. А. ҚОНАЕВ - ІРІ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ ЖӘНЕ ЖАСАМПАЗ

1964 жылы Д.А.Қонаев екінші рет Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болып келді. Оның алдында аса күрделі міндеттердің тұрғаны сөзсіз еді. 1964 жылдан 1986 жылдың аралығында Қазақстан Компартиясының бес съезі болып өтті. Олардың әрқайсысында кезекті бесжылдықтағы халық шаруашылығы дамуының негізгі қорытындылары шығарылды. Республиканың табыстарымен қатар экономиканың дамуында жіберілген қателіктер мен жаңсақтықтар да атап өтілді.

Алайда нақ осы кезең ішінде өнеркәсіпте ауыл шаруашылығында, құрылыста, көлік пен байланыста, ғылым мен мәдениетте, халыққа білім беруде, денсаулық сақтау, сауда, халыққа тұрмыстық қызмет көрсетуде жарқын табыстарға қол жеткізілді.

Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың алдында шын мәніндегі жауапты міндеттер ттұрды. Олар табиғи байлықтарды барлық жерде пайдалануды, осының негізінде өнеркәсіпте қолданыстағы куаттылықтарды барынша пайдалануды, кәсіпорындардың неғұрлым жоғары техникалық-экономикалық көрсет- кіштеріне қол жеткізуді, шаруашылық айналысына аса бай табиғи ресурстарды белсенді тартуды қамтыды. Отын-энергетикалық ресурстарды дамыту мен оларды игеруге ерекше назар аудару қажет болды. Атап айтқанда, жоспарда қара және түсті металлургияның, энергетиканың көмір, химия, жеңіл, тағам және жергілікті өнеркәсіптің, мұнай өндіру мен оны қайта өндеудің жүздеген ірі кәсіп-орындарын салу қарастырылды.

Тың жерлерді игеру, суармалы егіншілік көлемін кеңейтудің дәрежесіне қарай астық, күріш, жүгері, техникалық дақылдар, көкөніс пен жеміс-жидек, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру артты.

Қазақстан елдің куатты астық базасына айналды. Алайда көпсалалы экономиканың одан әрі дамуы орасан зор қаржы мен материалдық-техникалық ресурстарға мұқтаж болды.

Д.А.Қонаевқа мұның бәрін одақтық үкіметтен ала білуге және халық шаруашылығын дамытудың бесжылдық жоспарларына енгізуіне тура келді. Бұл әрқашанда оңай міндет емес еді.

Д.А.Қонаев 1965 жылдың 14 желтоқсанында "Правда" газетіндегі "Ұйымдасқандық және төртіп" ("Организованность и дисциплина") атты мақаласында былай деп жазды: "Өмір біздің басшы кадрлардың алдына жаңа, неғұрлым күрделі міндеттер ұсынуда. Ендігі жерде басшыдан тек қана ерік-жігерлік қасиеттер ғана емес, сондай-ақ әрбір қызметкердің, бүкіл ұжымның шығармашылық бастамасына кең өріс беру үшін терең білім, адамдарды қалай орналастыруды, істі қалай ұйымдастыруды білу талап етілді".

Д.А.Қонаев әрқашан сөз бен оның өмірде жүзеге асырылуының арасындағы алшақтықты батыл айыптады, кеңестер мен басшылық нұсқаулар беріп, сөздің іске айналуын орындауға іс жүзіндегі бақылау жасауды жүргізуге қабілетсіз, қисынсыз дәрменсіздікке дейін жететін қызметкерлерді қатты сынады. Қонаев республикалық партия ұйымының барлық буындарынан бақылау ұйымдастырудың үлгісін көрсетуде талап етті, партия шешімдерінің сөзсіз орындалуына қол жеткізді, барлық деңгейлердегі басшыларды орындаушылықтәртіпті нығайтуға бағыттады.

Әрбір кезекті съезде, Қазақстан Компартиясы ОК пленумдарында республиканың барлык партия және мемлекеттік органдарының назары шаруашылық және мәдени құрылыстың басты проблемалары жөніндегі шешімдердің орындалуына бақылау жасаудың объективтілігіне, жүйелілігіне, бұқаралығына үнемі аударылып келді.

Ол қарапайым адамдардың өмірін жақсы білді, өзіне Қазақстанның барлық түкпірінен келген жұмысшылармен, шаруалармен жеке отырып көп әңгімелесті. Еңбекшілермен әңгімесінде Қонаев кез келген мәселені, кез келген сәтте бұқараның көңіл күйін, олардың нақты мұқтаждықтарын тап баса білді, оларға деген жолдастық қарым-қатынасымен адамдардың шексіз сеніміне ие бола білді, оларда туындап келе жатқан жоспарлардың дұрыстығын тексерді. Ол партияның бағыты, оның шешімдері бұқараға түсінікті және қолжетімді болуына қол жеткізді.

Екінші жағынан, елді басқаруда қатардағы жұмысшылар мен шаруалардың ұсыныстарын жиі пайдаланды да. Республиканың индустриялық картасынан оның көп салалы экономикасының аса маңызды объектілерінің ішінен Соколов-Сарыбай және Лисаковск комбинаттарын, Қарағанды отын-энергетикалық кешенін, Павлодар трактор зауытын, Шымкент және Жамбыл фосфор бірлестіктерін, Жезқазған мен Шығыс Қазақстанның өнеркәсіптік объектілерін, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Семейдегі жеңіл және тағам өнеркәсібінің аса маңызды кәсіпорындарын көруге болды.

Қазақстанның батысында пластмасса, Қостанайда - химиялық талшықтар, Ақтөбеде - хромды қосылыстар өндірісі ойдағыдай дамыды.

Ал "қазыналар түбегі" - Маңғыстауды игеру республиканы дүниежүзіндегі елеулі мұнайлы аудандардың қатарына шығарды. Кеңес өкіметі жылдары бізде мәшине жасау пайда болып, қуатты даму қарқынына ие болды. Қазақстан елдегі түсті металлургияның көшбастаушысына айналды. Оның энергетикалық әлеуеті өсті. Д.А.Қонаев республиканың 60 жылдығына байланысты былай деді: "Бүгінгі Каспийден Алтайға, Тянь-Шань тауларынан Сібір жазықтарына дейінгі бүкіл Қазақстан бұлалып құрылыс алаңы, жаңа құрылыстардың, көлік пен байланыстың барлық түрлерінің дамыған коммуникациялары бар аса маңызды индустриялық аймақтардың республикасы".

Отыз жыл ішінде әлеуметтік және тұрмыстық мақсаттағы көптеген бірегей объектілер салынды, көптеген даңғылдар мен көшелер қайта құрылымдалды.

Жаңа алаңдағы (қазіргі Республика алаңы) Үкімет үйі (1958 ж.) монументті имаратқа айналды. 1980 жылы Қазақстан Компартиясы ОК-нің жаңа ғимараты салынды, Ғылым академиясының, Достық үйінің, 3 мың адамға арналған Республика сарайының ғимараттары жөне басқалары да бірегей құрылыс үлгілерінің қатарына жатады.

Халық санының өсуімен қалада заманауи жаңа "Арман", "Целинный", "Байқоңыр" кинотеатрлары, қазақ және орыс драма театрлары, Орталық концерт залы, ұлттық нақышта салынған цирк, Алматы мақта мата және үй құрылысы комбинаттарының Мәдениет үйлері пайда болды. Спорттық кешендерден қалалық Орталық стадион, Спорт сарайы, "Динамо" қоғамының жүзу бассейні, "Медеу" мұз айдыны ерекше орыналды. Сондай-ақ "Медеу" Одақта қысқы спорттың көптеген түрлерінен бүкілодақтық және халықаралық жарыстар өткізуге арналған бірінші әмбебап мұз стадионына айналды, сол кезде ол бүкіл дүниежүзіндегі үздік стадион болып танылды.

Д.А.Қонаевтың бастамасымен 800 орындык театр-концерт залы, обсерваториясы, спорт залы, бассейні, кысқы бағы бар Пионерлер сарайы салынды. Қаланың мәдени өміріндегі айтулы оқиға 1970 жылы Ұлттық кітапхананың 20 оқу залы бар жаңа ғимаратының пайдалануға берілуі болып табылды.

Жоғары оқу орындарына арналып жаңа үй-жайлар салынды. 1985 жылдың соңында Ұлттық университеттің басты объектілері - "ҚазМУ қалашығы" пайдалануға берілді. Саяси оқу ағарту үйі ашылды.

Қалааралық және ауданаралық қатынастар үшін ірі теміржол вокзалы, барлық қолайлы жағдайлары бар әуежай, автомобиль стансылары салынды.

Барлық жағдайлары жасалған қонакүйлер - "Қазақстан" (1000 орын, биіктігі 107 метр, 25 қабат), "Достық", "Алматы" қала қонақтарын қабылдауға дайын болды.

1950 жылдарға дейін кеңшарлар мен ұжымшарларда іс жүзінде механикаландырылған малшаруашылық фермалары болмады. 1980 жылы бұл салаға өнеркәсіптік негізде мамандандыру мен ірілендіру ендіріле бастады.

Мал шаруашылығының жана салалары, қой фермалары, өнеркәсіптік құс және шошқа шаруашылығы, тауарлы жылқы шаруашылығы пайда болды.

Республика қой өсірушілері 1980 жылы рекордтық көрсеткішке 16,9 млн бас' қозыға ие болды.

1986 жылы шаруашылықтардың барлық санаттарында тоғыз миллион бастан астам ірі қара мал, 36,2 млн бас қой мен ешкі болды.

Қазақстанда бұрын осыншама мал болмаған еді. Халықты мал шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету проблемасы негізінен шешілді.

Бұл - Д.А.Қонаев басқарған республика басшылығының ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешеннің басқа да салаларын қарқынды дамыту, жемшөптік базаны нығайту, алдыңғы қатарлы технологияларды пайдалану, селекциялық-тұқымдық жұмысты жақсарту жөніндегі мақсатты жұмысының нәтижесі. Жүздеген ірі мал шаруашылығы фермалары, элеваторлар құрама жемдік кәсіпорындар қатарға қосылды.

Д.А.Қонаев еңбекшілердің толып жатқан топтарымен тығыз және тұрақты байланыс жасауды, бұқараны оқытып қана қоймай, одан оқуды, жергілікті қызметкерлердің іс- тәжірибесіне сүйенуді өз қызметінің аса маңызды ұстанымы деп есептеді.

Д.А.Қонаевтың әртүрлі деңгейлердегі партиялық, кеңес, комсомол және кәсіподақ қызметкерлерімен, сондай-ақ жұмысшылармен, ғалымдармен, өнер және әдебиет қайраткерлерімен тығыз байланыста болғаны табиғи нәрсе.

Ол Қазақстанның барлық облыстарында үнемі болып тұрды, өнеркәсіптік кәсіпорындар, құрылыс ұйымдары, кеңшарлар, ұжымшарлар, ғылыми және де басқа мекемелердің ұжымдарымен кездесті. Құрылыс алаңдарында болды, медициналық мекемелерге, ғылыми-зерттеу институттарына, оқу орындарына, дүкендерге, базарларға барды. Діни бағыттар мен сенімдердің қызметкерлерімен пікірлесті.

Тулепбаев Б.А. "Д.А.Кунаев - выдающийся государственный и политический деятель". Алматы: Нурлы Алем, 2006. C. 70-87, 104, 105, 120-121 , 174-175 .

 

1986 ЖЫЛҒЫ АЛМАТЫДА ЖӘНЕ РЕСПУБЛИКАНЫҢ БАСҚА ҚАЛАЛАРЫНДА БОЛҒАН ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ.

Желтоқсан көтерілісі – 1986 жылы 17 – 19 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық қимылдары. Көтерілістің басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облысы партия комитетінің 1-хатшысы Г.В. Колбинді Қазақстан Компартиясы ОК-нің 1-хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды.

17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Л.И. Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті. Бірақ көтерілісшілердің қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, “бұзақыларды” күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді.

КСРО ІІМ-нің No0385 бұйрығы негізінде дайындалған “Құйын – 86” операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды. 18 желтоқсан күні алаңға қайта жиналмақ болған көтерілісшілерге қарсы әскер күші қолданылды. Көтерілісшілердің қалған топтарын ығыстыру үшін жедел топ, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды. Осы әскери күштер 19 желтоқсан күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып, таратты. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде барлығы 8,5 мың адам ұсталған).

Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхамеджанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды ержүрек қазақ жастары бар. Желтоқсанның 19 – 23 аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингілер Қазақстанның Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар, Сарқант, т.б. қалалары мен Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді мекендеріне жалғасты.

Желтоқсан көтерілісіне КОКП ОК-нің қаулысымен “қазақ ұлтшылдығының көрінісі” деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі тарихи маңызы бар үлкен оқиға болды. Қазақстан тәуелсіздігін алған соң Желтоқсан көтерілісі туралы шындық қалпына келтіріліп, бұл жөнінде “Желтоқсан. 1986. Алматы.” (құраст. Т.Өтегенов, Т.Зейнәбілов), “Желтоқсан құрбандарын жоқтау”, “Ер намысы – ел намысы” жинақтары, К.Тәбейдің “Мұзда жанған алау”, Т.Бейісқұловтың “Желтоқсан ызғары” кітаптары мен “Желтоқсан” (бас редакторы Х.ҚожаАхмет) газеті жарық көрді, “Аллажар” (1991, реж. Т.Теменов), “Қызғыш құс” кинофильмдері түсірілді.

Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.265-266

 

1986 ЖЫЛДАН СОҢ ҚАЗАҚСТАНДЫ ӘЛЕМ ТАНЫДЫ

Әрине, Желтоқсаннан кейінгі жылдарды ғасырға бергісіз «алтын кезеңге» баласа да болады. Себебі, бүкіл әлемнің тең жарымына үстемдігін жүргізген қуатты империя қазақ жастарының бұлқынысынан соң шашылып түсті. 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы қазақ жастарының бас көтеруінен кейін Бакуде, Саха республикасында,  Вильнюсте,  Сумгайтта,  Ферганада,  Тбилисиде қанды қақтығыстар орын алып, олар да қарулы әскерлер мен танктердің күшімен басып-жаншылды. Бірақ та мұнымен Кеңестер империясы бұрынғы өзінің біртұтастығын сақтай алмады. Желтоқсан көтерілісінің жол бастап берген толқынысы бүкіл  одақтас  республикаларды  шарпып,  ақыры  жер  бетінің жарты бөлігін уысында ұстаған алпауыт империя КСРО – он бес өз алдына тәуелсіз елге жаңқалана бөлініп кетті.

Міне, осылай қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы наразылығы әлемдегі қалыптасқан жүйені тасталқан етіп, КСРО мен АҚШ бастаған социалистік және капиталистік лагерлер арасында тұп-тура қырық жылға созылған қырғи-қабақ соғысқа нүкте қойды. Сонымен қатар, Желтоқсан көтерілісі Ресей империясы боданында үш ғасыр бойы 300-дей үлкенді-кішілі ұлт-азаттық көтерілістерін басынан кешірген қазақ халқының соңғы күресі болып еді. Демек, Желтоқсан көтерілісі – әлемде ұлы өзгеріс жасаған,  КСРО  құрамындағы  15  республика  мен  социалистік лагерлердегі 20-ға тарта елге азаттық әперген XX ғасырдың ең айтулы даталарының бірі.

Жасыратыны  жоқ,  Алматыдағы  жастар  наразылығының дүмпуі алғаш рет Еуропаға жеткенде, көптеген елдер бұл хабарға сенімсіздікпен  қарапты.  Бұл  ретте,  тіпті,  «...Неге  Алматы? Қалайша Қазақстан?» – деп таң қалысқан екен. Себебі, бүкіл батыс сарапшылары, әсіресе, АҚШ саясаткерлері мұндай толқулар Украинада,  Балтық  жағалауы  елдерінде,  Кавказда  орын  алуы мүмкін деп есептеп келіпті. Керек десеңіз, «Халық қарсылығы Өзбекстанда болуы да ғажап емес. Тек оның Алматыда болуы мүмкін  емес»  деп  те  ойлаған.  Кейіннен  барып  жоғарыдағы ақпарат расталған соң Еуропа мен АҚШ алғаш рет Қазақстандағы ұлттық мәселеге назар аудара бастапты. Өйткені, олар бұған дейін КСРО-ның еуропалық бөлігі мен Балтық жағалауы елдерін ғана тыңғылықты да терең зерттеп, Орталық Азия өңіріне, оның ішінде  Қазақстанға  тіптен  назар  аудармаған.  Ал  Желтоқсан көтерілісінен  кейін  әлем  жұртшылығының  Қазақстанға  деген көзқарасы күрт өзгерген. Олардың көбі Кеңестер Одағы тек Ресеймен ғана шектелмейтінін, онда Қазақстан секілді батыр да қайсар халықтар тұратынын түсіне бастаған.

Демек,  Желтоқсан  көтерілісі  –  Қазақстанды  Еуропа  мен Америкаға танытты. Сосын, мұндағы қазақ ұлтының өкілдеріне деген көзқарас түбегейлі өзгере бастады. Тұңғыш рет шет елдерге тарыдай шашылған бауырларымыз өздерінің қазақ екендігін кеуделерін кере мақтана білдірумен болды. Өйткені, Қазақстан жүрегі – Алматыдан «Қазақстан – қазақтар үшін» деген ұрандар бүкіл төрткүл дүниеге тарап жатқан еді. Сондай-ақ осыдан соң әлемдегі түрлі ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген көзқарасы түбегейлі өзгерді. Соның бір белгісі – үстіміздегі жылы Париж қаласындағы  ЮНЕСКО-ның  штаб-пәтерінде  өткен  «Орталық Азия – мәдениеттер мен өркениеттер тоғысында» атты дөңгелек үстел басындағы кездесуде тәжік кинорежиссері Гүлбахор Мирзоев 1986 жылғы Желтоқсан «оқиғаларын» – Орталық Азиядағы ұлттық сана сілкінісінің басы деп атаған.

Әрине,  бүгінде  мұндай  бағаны  әлемнің көп  еліндегі саясатшылардың  аузынан  естуге  болады.  Демек,  Желтоқсан –  әлем  мойындаған,  «Тәуелсіздік  жолындағы  ұлт-азаттық көтеріліс»  деген  бағасын  алған  әлемдік  ауқымдағы  оқиға.  Ал енді  осы  әлемге  ұлы  өзгеріс  әкелген  Желтоқсан  көтерілісінің қалай басталғанын білеміз бе?..

1986  жылы  16  желтоқсан  күні  таңертеңгі  сағат  10.00-де Қазақстан  Коммунистік  партиясы  Орталық  Комитетінің  V Пленумы өтіп, ол рекордтық қысқа уақытта, небәрі 18 минутта  аяқталады.  Сөйтіп,  30  жылдай  Қазақстанды  басқарып,  үш рет  Социалистік  Еңбек  Ері  атағын  алған  көрнекті  мемлекет қайраткері  Дінмұхаммед  Ахметұлы  Қонаевқа  бір  ауыз  жылы сөз қимай, орнынан алып тастап, ол орынға Қазақстан жөнінде ешбір  түсінігі  жоқ,  жергілікті  қазақ  халқының  мәдениеті  мен салт-дәстүрінен  мүлдем  хабарсыз  –  Ульянов  облыстық  партия  комитетінің  бірінші  хатшысы  болған  Г.В  Колбин  дегенді әкеліп  отырғызады.  Осы  орайда  республика  халқының  пікірі тыңдалмақ тұрмақ, қазақ халқымен санаспайды да. Оның үстіне мұның өзі сол кезге дейін ұлттық республиканы жергілікті ұлт өкілі басқармаған бірден-бір жағдай еді. Бұл Орталықтың қазақ халқын ел деп санамай, өз отары ретінде бағалаған келесі бір қорлауы болатын.

Шыдам деген мәңгілік нәрсе емес. Ол ертелі-кеш пе, ақыры жарылады. Сол секілді осы жолғы қорлау мен шектен тыс басыну қазақ жастарының намысын қайрап, алаңға алып шықты. Сөйтіп,  Алматы  көшелері  мен  алаңдары  35-50  мыңдай  қазақ жастарына  толды.  Және  бұл  наразылық  шерулері  Алматы қаласымен шектеліп қалмай, ол Шымкент, Талдықорған, Жамбыл,  Қарағанды,  Арқалық,  Көкшетау,  Сарыөзек,  Талғар  және басқа да Қазақстан қалаларын шарпыды. Әрине, ресми Мәскеу қазақ  жастарының  талабын  тыңдағысы  келмеді.  Тіпті,  оларды  адам  ретінде  де  санамады.  Сөйтіп,  табан  астында  бейбіт шеруді  жаншып-таптау  үшін  «Метель»  жоспарын  қолданды. Нәтижесінде,  КСРО-ның  сегіз  қаласынан  шұғыл  әкелінген 12729  адамнан  тұратын  мұздай  қаруланған  әскерлер  Алматы көшелерінде  жабайы  жыртқыштардай  қимылдады.  Қарусыз жас жігіттер мен қыздарға қарсы темір таяқтар, шағын саперлік күректер қолданды, иттерге талатты. Сондай-ақ, 20 градустық аязда 11 өрт сөндіргіш машинамен жастар үстіне тастай суық су атқылатты, 15 БТР-мен шеруді «бұзып-жарды». Міне, осылай КСРО ІІМ арнайы әзірлеген «Құйын» («Метель») операциясы алғаш рет Алматыда жүзеге асырылып, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы көкөрім қыз-жігіттер қанға бояла басып-жанышталды.  Соққыға  жығылғандарды  ұрып-соғып  қала  сыртына  апарып, сырт киімдерін шешіп, лақтырумен болды. Жас қыздарды келешекте ұрпақсыз қалсын деп мұз асфальтқа отырғызды.

Бұл аздай содан кейін көтеріліске қатысқандарды жаппай жазалау орын алып, 2401 адам – ішкі істер бөліміне, 2212 адам – мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне, 2401 адам – прокуратураға жеткізілді.  Сондай-ақ,  20  жедел  жәрдем  бригадасы  жарақат алған  768  адамды  емдеу  мекемелеріне  әкеліп,  олардың  204-і ауруханаларға  жатқызылған.  Осы  орайда  ауыр  жағдайда  –  17 адам, өлім халінде – 2 адам түскен (екеуі де қайтыс болды). Ал жалпы алғанда Желтоқсан көтерілісінен кейін 99 адам ҚазақКСР қылмыстық  Кодексінің  60-бабы  (ұлттық  және  нәсілдік  тең құқықты бұзу) және 65-бабы (жаппай тәртіпсіздік) бойынша 3 жылдан 15 жылға дейін сотталды. Екеуі ең жоғарғы үкім – ату жазасына  кесілді.  Сонымен  қатар,  жоғары  оқу  орындарының 12 ректоры мен басқару саласындағы 33 мың адам қызметінен алынды. Және де ішкі істер жүйесіндегі 1200 адам жұмысынан кетірілді.  Ал  енді  көтеріліске  қатысқандар  осылай  аяусыз жазаланып  жатқанда  «Алматы  қаласындағы  қоғамға  жат тәртіпсіздіктерді жою кезінде көрсеткен ерліктері үшін» 16 адам –  КСРО  орден-медальдарымен,  1586  ішкі  істер  қызметкері  – «Милиция үздігі», «Үздік қызметі үшін» белгілерімен, жүздеген адам КСРО және Қазақ КСР Жоғары Кеңестері Президумының құрмет грамотасымен марапатталды.

Ол  алғаш рет  қазақтың  өрімдей  жас  ұрпағының  бүкіл  әлемге  жар  сала «Мен  қазақ»  деп  айқайлаған  күні  еді.  Ол  –  қазақ  рухының, намысының,  қайсарлығының,  бірлігінің  асқақтаған  күні  еді. Ол – әлем жұртшылығына мына Жер планетасында қазақ деген батыр, ержүрек, қайсар ұлттың бар екенін сездірген күн еді. Сондықтан  да  Желтоқсан  көтерілісінің  рухы  қазақ  халқының жүрегінде мәңгі өшпек емес.

Тәуелсіздік желтоқсаннан басталады /Аймахан Құттыбек – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2012. – 304 бет. – Б: 16-19

 

КҮНДЕЛІГІМНІҢ ЖЫРТЫЛҒАН БЕТТЕРІ

17 желтоқсан сәрсенбі, 1986 жыл

Түнгі сағат 4-тер шамасы. Ұйқым келер емес... Бір керемет күш  жүрегімді  лықсытып  жарып  жібере  жаздайды.  Жалмауыз  ойлардың  кесірінен  бір  орнымда  байыз  тауып  отыра  алар емеспін. Ақыры болмаған соң күнделігімді қолыма алдым. Бірақ қолым жүрер емес. Не жазам?.. Бүгінгі көргендерімді ойлауға қорқамын.  Сонда  да  көз  алдымды  тұмшалаған  қорқынышты елестерден құтылғым келеді...

Бүгін  таңертең  жігерім  құм  болғандай,  жүйкем  жұқарып жұмысқа   бардым.   Қолым   ештеңеге   икемделер   емес. Жұмысымның  берекесі  кетті.  Мен  ғана  емес,  бірге  істейтін жігіттердің  де  жүздері  сынық.  Іштей  бәрін  де  сезіп  тұрмын. Бірақ  сұрауға  батпаймын.  Олар  да  жақ  ашпайды.  Бәріміз  де бір-біріміздің ішкі жан тербелісімізді айтпай-ақ түсінгендейміз. Сонда  да  бірімізді-біріміз  жұбатқымыз  келмеді.  Жұбатудың өзіне сөз таба алмас едік.

...Бұл көңілсіздіктердің басты себебі, кешегі өткен пленумда  Қазақстан  КП  бірінші  секретары  Д.А.Қонаевты  орнынан алып,  оның  орнына  біздер  өмірі  естіп-білмеген  Колбин  деген біреуді әкеліп қоя салуынан еді. Бұдан артық халық намысын жерлеп, барлық қасиетімізді аяққа салып таптау болмас. Сонда Қазақстанда  ел  басқаратын  біреудің  шынымен-ақ  болмағаны ма? (Дәл осы сөздерді жазып отырып та бұл қорлыққа шыдамай, бүкіл  қаным  басыма  шапшып,  аптығымды  баса  алмай  отырмын). Тіпті, өсиеттерінің әрбір сөзімен өмір сүріп келе жатқан В.И.Лениннің «Әрбір республика, әрбір халық өзін-өзі басқаруға құқылы» деген сөздерді де жайына қалғаны ма?! Әлде біз ел болудан, халық болудан қалғанымыз ба?

Кежегені  кейін  тартқан  ойлардан  құтыла  алмай  алаңға бардым.  Лық  толы  адам.  Бәрі  дерлік  жастар.  «Халықтың қорғаушысы» деп әспеттейтін әскері Үкімет үйін қоршап алып-ты. Адам түгілі ұшқан құсты жіберетін түрлері жоқ.

Анда-санда «Қайтыңдар, тараңдар! Әйтпесе күш қолданамыз!» деген радио-дан басшылардың қорқытқан үндері естіліп қалады. Бірақ орнынан тапжылар адам байқалмайды. Қайта алаңға үсті-үстіне құйылып жатыр, құйылып жатыр...

Міне қолымда алаңнан табылған, оқушы дәптеріне жазылған бір жапырақ қағаз тұр:

Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

 

Жұбан Молдағалиев! Соның «Мен қазақпын» атты атақты өлеңінің бір шумағы.

Осылайша жоғарғы жақтан естілетін «жылы» сөзді күтіп, қас қарайғанын да байқамаппыз. Біздің талабымызды құлағына да қыстырмаған, мыңдаған адамды көзіне де ілмеген үкімет ақыры су  атқыш  машиналарын  алаңға  шығарды.  Ақ  қар,  көк  мұзда мұздай  суға  малшынған  жастардың  жан  даусы  бүкіл  алаңды күңірентіп жіберді...

Біздер  жетпіс  жылдай  сеніп,  табынып  келген  Коммунистік партиямыз  Алматының  Брежнев  атындағы  басты  алаңында осылайша  қаталдығы  мен  қатыгездігін  бүкіл  әлемге  көрсетіп, «әбүйірін» айрандай төкті.

18 желтоқсан бейсенбі, 1986 жыл

Алаңнан  қазір  келіп  отырмын.  Ешкім  жұмысқа  шыққан жоқ. Халық намысы аяққа тапталып жатқанда істеген жұмысы құрысын. Бүгін де көше толы жастар. Кешегіден де көп сияқты. Түнімен ұйқы болмады. Бүкіл жатақхана, бар қала ұйықтамады десе  де  болғандай.  Оны  дегбірсізденген  мазасыз  ойларымды басу үшін құлқын- сәріден далаға шыққанда көрдім.

Кешегі  шашылған  судан  киімдерімнің  әлі  кеппегенін  сонда  ғана  сездім.  Таңғы  аяз  бүкіл  тұла  бойымды  дірілдеткен жан  дүниемдегі  арпалысқа  көмекке  ұмтылғандай,  одан  әрі тұқырта түспек болып қарып барады. Бірақ, жеке бастың бұл «мәселесін»  жатақханалардан  жиналған  жастардың  үлкен  тобын  көргенде  ұмытып  та  кеттім.  Заманының  тәлкегіне  түсіп, кішкентай  ғана  әділет  іздеген  намысқой  қазақ  жастары  аязы шықырлаған желтоқсанның таңғы қою қараңғылығын қақ жарып,  үн-түнсіз  алаңға  жылжыдық.  Бірақ  біздер  келісімізбен алаңдағы әскер мен милиция жабылып, таяқтап қуып шықты. Таяқ жесек те, алған бетімізден қайтпай Фурманов көшесімен «Менің Қазақстаным» әнін айтып алаңға қайта беттедік. Мұнда да бізді мұздай қаруланған әскер қарсы алды. Мұнда да бізді «бұзақыларға»,  «экстремистерге»  теңеп,  адам  құрлы  санамады.  Талабымызды  кекесінді  күлкімен  табалай  қарап,  тағы  да тыңдамады. Тыңдағысы келмей, тағы да әскерін төкті. У-шудан айнала дүрлігіп кетті.

Одан әрі Ленин проспектісінде ентігімізді басып, аяқ-қолы-мызды  жинап,  бет  алған  жағымызға  баяу  жылжыдық.  Жарты жолда көңілі бостаулар сонау «Ақтабан шұбырындыдан» қалған «Елім-айды» айтып, онсыз да қамыққан көңілдерімізді бұзбасы бар ма! Қыздарымыз қолдарын көздеріне апара бастады. Бірақ бұл  зарлы  өлең  «Зарламаңдаршы!»  деген  өжет  қыздың  дауы-сынан сап тыйылды. Одан әрі Ленин, Совет, К. Маркс, Гоголь, Горький, Коммунистік (қазақша ат бұйырмаған, Алматым-ай!) көшелерімен жүріп өттік. Қалып бара жатқан көшелерде танк-тер мен БТР-лардың сұп-сұр түрлері сұстияды.

...Осы жерде мен замандастарыма таң қалдым. Сатушылар қорқып, тастап кеткен жаймалардағы иесіз дәмдерге бір адам жоласашы. Қарындары ашқандары, қайта, ақшасын қалдырып алып жатқанда шын сүйсінгендейсің. Бабалардан қалған ақжүр-ектілігіміз, адалдығымыз әлі де бар екен-ау!

Кешке Москва мен Алматыдан берілген радио-телехабарлар осы бір оқыс оқиғаға арналды. Тек бізді неге аздаған «бұзақы-лар»,  «нашақорлар»,  «ішкіштер»  тобы  дегені  түсініксіздеу. Өздері  жетпіс  жылдай  қақсап  келген  шындығымыздың  түрі осы ма! Ал Жоғарғы Советтің Председателі Мұқашевтің теледидардан сөйлеген сөзіне төбе шашың тік тұрады! Түсі сондай суық,  құдды  камераның  бергі  жағында  біреу  мылтық  кезеніп тұрғандай....

20 желтоқсан сенбі, 1986 жыл

Кешелі бері қалада тыныш. Бірақ, алаңға барғандарды ұстап әкетіп жатыр деп естимін. Алаң толы әскер деседі. Оны кеше өзім де көрдім...

Талабымыздың  орындалмағанына  күйініп,  кеше  таң  атпай алаңға тағы барғанбыз. Автобуспен тұсынан өтіп бара жатып көрдік, алаң кілең әскерилерге лық толы. Солдаттардың қолында кәдімгі адам ататын мылтық. Қою тұман мұның бәрін көрсеткісі келмегендей тұмшалай түссе де, анық көріп, денеміз тітіркеніп кетті. Енді олай қарай аттап бассақ, тіпті, қару қолданудан тайынбайтындарын  сездік.  Алаңнан  өте,  түсіп  қалдық.  Екі-екіге бөлініп,  жан-жағымызды  барлап  қайтуды  жөн  санадық.  Бірақ Сағадат екеуміз кішкене жүргенде, алдымызға ақ «Волга» кесе-көлденең  тоқтап,  жолымызды  бөгеді.  Ішінен  қара  көзілдірікті орта жастағы кісі түсіп: «Қарақтарым! Өздеріңді аяңдаршы! Ана жақта бір-екеу болып жүрген қазақ жігіттерін ұрып-соғып, ұстап әкетіп  жатыр.  Бармаңдаршы,  ол  жаққа!»  деп  сұқ  саусағымен алаң жақты көрсетіп, еңкілдеп жылап жіберді. Адамға сенетін кез бе, әлгі кісіні де «онда бармаймыз» деп алдап, алаңға қарай жүрдік. Шынымен-ақ ешкімді де кездестіре алмадық. Қайта аяқ басқан сайын милиция мен дружинниктер тобы көрінеді. Тіпті, бір рет ұсталып қала жаздап, әрең қашып құтылдық. Қолдарына түссең аямасын білеміз.

Міне, осылай еңсені езгілей басқан ойлардың шырмауынан шыға алмай отырмын. Далаға шықсақ болды, түрлері керемет өзгерген қазақ жігіттерінкөресің. Табыт шығарғандай,түстері өте суық. Амандасқандада «Тірісің бе?» деп өте шығады. Не деген  суық  сөз!  Әзілдесу,  күлу  деген  мүлдем  ұмытылғандай. Өйткені, олар тұңғыш рет «сүйікті партиясының» қатыгездігінің куәсі  болды.  Өйткені,  олар  өздерінің  халқының  ертеңіне алаңдаулы еді...

P.S.  Күнделік  1984  жылдан  басталған.  1986  жылы  24 желтоқсанда мені жұмыстан ұстап әкеткенін естіген достарым бұл күнделікті тығып тастапты. Менің бөлмемді қайта-қайта тексере бергенінен сескенген біреулері осы үш күннің бастан кешкендері жазылған беттерін жыртып алыпты. Оны осыдан он тоғыз жыл бұрын, Желтоқсан көтерілісінен алты жылдай уақыт өткен соң қолыма табыс етті. Сол бір ызғарлы үш күннің барлық қайғы-қасіретін тізбегенімен, көз алдыма 1986-ның желтоқсанын қайта еске түсіреді маған, осы ескі жолдар.

17, 18,20 желтоқсан, 1986 жыл.

 

 

ЖАППАЙ САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ АҚТАЛУЫ

Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарының ақталуы – қуғын-сүргін құрбандарының орынсыз тағылған айыптан ақтап шығарылуы. Бұл көбінесе негізсіз тағылған айып-кінәні сот арқылы немесе әкімшілік жолмен жоққа шығару, абырой-атақ пен құқықтарын қайта қалпына келтіру жолымен жүзеге асырылды.

КОКП 20-съезінде И.В. Сталиннің жеке басына табыну айыпталғаннан кейін қуғын-сүргінге тиым салу мәселесі көтеріледі. Осыған байланысты 1954 – 64 жылдар аралығында бұрын қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жазаланғандардың біразы ақталып, азаттық алды, өлгендері өлгеннен кейін ақталды. Бірақ бұл үрдіс 1960 – 84 жылдары аралығында тоқтап қалды. Жүргізілген қуғын-сүргін туралы айтуға тиым салынды, айтылған күннің өзінде тек үстірт қана сөз болды.

1985 жылдан бастап жариялылыққа жол берілуіне байланыста және КОКП ОК-нің 1989 жылы “30 – 40-шы жылдары және 50-ші жылдардың бас кезінде орын алған жазалау шараларының құрбандарына қатысты әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі қосымша шаралар туралы” қаулысына сай жазықсыз жазаланғандардың толық ақталуына жағдай жасалды. Осыған байланысты Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков, Н.Нұрмақов т.б. зиялылыр қауымы толығымен ақталды. 1993 жылы 14 сәуірде “Жаппай саяси Репрессия құрбандарын ақтау туралы” заң қабылданды.

Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.257

 

ҚАЗАҚ КСР ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕСІНІҢ САЙЛАУЫ.

Жоғарғы Кеңес – 1) бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында (КСРО) болған жоғарғы мемлекеттік билік органы (1936 – 88); 2) бұрынғы КСРО Халық депутаттары съезінің тұрақты жұмыс істеген органы (1988 – 93); 3) КСРО құрамына кірген одақтас республикаларда, оның ішінде Қазақстанда да болған жоғары мемлекеттік билік органы (1937 – 93).

КСРО Жоғарғы Кеңесі ресми түрде КСРО-дағы мемлекеттік биліктің ең жоғары әрі бірден бір заң шығарушы органы болып саналады. Алайда, ол іс жүзінде Кеңес Одағы Коммунистік партиясы (КОКП) басшылығы қабылдаған шешімдерді құқықтық тұрғыдан қайталап, заңды құжатқа айналдырып, отырды. КСРО Жоғарғы Кеңесі депутаттары жалпыға бірдей тең және төте сайлау негізінде, жасырын дауыс беру жолымен төрт жыл мерзімге сайланды. Одақтық заңдар, мемлекеттік, шаруашылық және әлеуметтік-мәдени құрылыстың аса маңызды мәселелері бойынша шешімдер осы Жоғарғы Кеңес қабылданған ресми құжаттар түрінде күшіне енді.

КСРО Конституциясы бойынша Жоғарғы Кеңестің құзырына, сондай-ақ, КСРО құрамына жаңа республикалар қабылдау, одақтас республикалар арасындағы шекараларға жасалған өзгертулерді бекіту және одақтас республикалардың құрамындағы жаңа автономиялық республикалар мен автономиялық облыстардың құрылымдарын бекіту жатқызылды.

КСРО Жоғарғы Кеңесі тең құқылы екі палатадан – Одақ Кеңесі мен Ұлттар Кеңесі КСРО-ның барлық тұрғындарының жалпы мүдделерін, Ұлттар Кеңесі КСРО халықтарының ұлттық ерекшеліктеріне байланысты мүдделерін білдірді. КСРО Конституциясы бойынша, Одақ Кеңесіне 300 мың адамнан 1 депутат, Ұлттар Кеңесіне әр одақтас республикадан 11, автономиялық облыстан 5, ұлттық округтен 1 депутат сайланды. Сондай-ақ Жоғарғы Кеңес КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасын сайлау, КСРО үкіметін – КСРО Министрлік Кеңесін құру, КСРО Жоғары сотын сайлау, КСРО Бас прокурорын тағайындау жүктелді.

Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі (1937 – 91) Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасындағы (Қазақ КСР-і) мемлекеттік биліктің бір палаталы ең жоғарғы органы болды. Қазақтан КСРО құрамындағы одақтас республика болып құрылғанға дейінгі алғашқы кезеңде (1920 жылы қазан – 1936 жылы желтоқсан) республикада мемлекеттік биліктің заң шығарушы, өкім жүргізуші және бақылаушы органы міндетін Қазақ Автономиялық Социалистік Республикасының (Қазақ АКСР-і) Орталық Атқару Комитеті (ОАК) [1925 жылы сәуір айына дейін Қырғыз (қазақ) АКСР ОАК-і] атқарды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1-сайлауы 1938 жылы 24 маусымда, ең соңғы 12-сайлауы 1990 жылы өткізілді. Қазақ КСР-інің осы соңғы сайланған Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін баянды еткен аса маңызды тарихи заңнамалық құжаттар қабылдады. Атап айтқанда:

1990 жылы сәуірде “Қазақ КСР Президенті қызметін белгілеу туралы” Заң қабылдап, Қазақстанда Президенттік басқаруды енгізді, бұл мәртебелі қызметке Н.Ә. Назарбаев сайланды; осы жылғы 25 қазанда “қазақ КСР-інің Мемлкеттік егемендігі туралы” Декларацияны, 1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақ КСР-інің атауын Қазақстан Республикасы (Қазақстан) деп қайта атау туралы заңды, 16 желтоқсанда “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Қазақстан Республикасының Коституциялық Заңын, т.б. қабылдады. Сөйтіп, 1993 жылы 13 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес ресми түрде таратылды.

1993 жылы 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасының сайлау жөніндегі жаңа кодексі бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесін (117 депутат) сайлау 1994 жылы 7 наурызда өтті. Сөйтіп, республикада алған рет көп партиялық негізде заңдар қабылдауға қабілетті Жоғарғы Кеңес сайланды. 1995 жылы 30 тамызда қабылданған жаңа Конституция бойынша жоғары заң шығарушылық өкілеттілігін атқаратын қос палаталы Қазақстан Республикасының Парламенті жұмыс істей бастады.

Қазақ АСКР ОАК-інің төрағалары болып С.Меңдешев (1920, сәуір – 1925, сәуір), Ж.Мыңбаев (1925, сәуір – 1927, сәуір), Е.Ерназаров (1927, сәуір – 1935, қаңтар), Ұ.Құлымбетов (1935, қаңтар – 1937, қазан), Н.Өмірзақов (1937, қазан – 1938, шілде);

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағалары болып Ә.Қазақбаев (1938, шілде – 1947, наурыз), Д.Керімбаев (1947, наурыз – 1954, наурыз), Н.Оңдасынов(1954, наурыз – 1955, наурыз), Ж.Тәшенов (1955, наурыз – 1960, қаңтар), Р.Кәріпжанов (1960, қаңтар – 1965, сәуір), С.Ниязбеков(1965, сәуір – 1978, желтоқсан), И.Әбдікәрімов (1978, желтоқсан – 1979, желтоқсан), С.Мұқашев (1985, наурыз – 1988, ақпан), З.Камалиденов (1988, ақпан – желтоқсан), М.Р. Сағдиев (1989, наурыз – 1990, ақпан), Н.Ә. Назарбаев (1990, ақпан – 1990, сәуір), Е.Асанбаев (1990, сәуір – 1991, қазан); Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағалары болып С.Әбділдин (1991, желтоқсан – 1993, желтоқсан), Ә.Кекілбаев (1994, наурыз – 1995, қаңтар) жұмыс істеді.

Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.277-278

 

КСРО-НЫҢ ЫДЫРАУЫ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТТЕР ДОСТАСТЫҒЫНЫҢ (ТМД) ҚҰРЫЛУЫ.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы – РСФСР, Беларусь және Украинаның басшылары 1991 жылы желтоқсан айының басында Беларусь астанасы Минск қаласында бас қосуымен құрылған саяси ұйым. Бұл республикалардың басшылары жүргізілген келіссөздерден соң 1922 жылы КСРО-ны құру жөніндегі келісімшарт күшін жойғанын мәлімдеп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құру жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл кездесуге Қазақстан президенті Н.Ә. Назарбаевта, басқа ортаазиялық республикалардың басшылары да шақырылмады. Халық арасында славян республикаларының өзіндік пактісі құрылып жатыр деген әңгіме тарай бастады.

1991 жылы желтоқсанның 13-інде Орта Азия мен Қазақстан басшылары Ашхабат қаласында бас қосып, Орта Азия мен Қазақстан республикаларының басшылары Минск қаласында қабылданған шешімді қолдайтындықтары жөнінде хабарлады. Бұл бұрынғы КСРО республикаларының Алматыда бас қосуына мүмкіндік берді.

1991 жылы 21-желтоқсанда тәуелсіз елдің басшылары Қазақстан Президенті резиденциясына жиналды. Жиналыста күні бұрын даярланған құжаттарды талқылап, он бір республиканың басшысы қорытынды құжаттарына қолдарын қояды. Осы сәттен бастап КСРО іс жүзінде өмір сүруін тоқтатты және құрамына кірген республикалар тең құқылы құрылтайшы болып саналатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы дүниеге келді.

Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.688-689

 

КЕҢЕСТЕР ОДАҒЫНЫҢ КҮЙРЕУІНЕ НЕ СЕБЕП БОЛДЫ?..

...Әнеукүні емханада дәрігерге кіруге кезек күтіп отырғанымда күтпеген бір әңгіме өрбіді. Кезектегі оншақты, орта жастағысы бар, зейнеткері бар өзара әр тақырыптың басын бір шалып отырған. Бір кезде терезеге таяу отырған алпыстарға таяп қалған орыс ұлтты әйел «Ұлы Отан соғысының ардагерлері таусылуға жақын қалды. Газеттерден оқыдым, Алматының өзінде 1568 ғана соғыс ардагері қалыпты. Қызық, олардың бәрі өліп біткен соң, кімдерді басына көтеріп, құрметтейді екен?..» деп жаңа бір әңгіменің ұшын шығарды. Ойланыңқырап қалған көпшіліктің арасынан суырыла сөйлеген кавказ ұлтты зейнеткер әйел «Оған бола қам жемей-ақ қой. Олардың орнын ауғандық интернационал-жауынгерлер мен чернобыльдықтар басатыны қазірдің өзінде белгілі емес пе?..» деді білгішсініп. Басқалар оның сөзін қолдағандай бас изеумен болды. Ал сондағы екі-үш қазақ «ішімдегіні тап» дегендей үнсіз қалдық...

Шынымен де, соңғы кездері Қазақстанда құрмет төріне біртіндеп «ауғандықтар» мен «чернобыльдықтар» шығарыла бастады. Басқа-басқа, тіпті, қазақ тілді ақпарат құралдарының өздері оларды «елі мен жерін қорғаған батырлардай» әспеттей бастады. Әрине, мен олардың ерліктеріне күмән келтіріп отырғаным жоқ. Бірақ, менің сұрайтыным «Неге осы ретте Қазақстанды әлемге танытып, жарты әлемді уысында ұстаған Кеңестер империясының күйреуіне дем берген Желтоқсан көтерілісінің қаһармандары аталмайды? Тіпті, бүгінгі Тәуелсіздігіміз де солардың қайсарлығы мен өжеттігімен тамырласып жатқан жоқ па?» – деген мәселеге келіп тіреле береді.

     Жалпы, «КСРО-ның күйреуіне не себеп болды?» деген сөз Кеңестер Одағы тарасымен-ақ шықты. Әрине, саясаткерлер, бұрынғы империялық мемлекеттің басында болғандар бұл жөнінде сырғыма пікірлер білдірді. Көпшілігі «КСРО-ның таратылуын» – «ескі жүйенің шіруінен», «Жариялылықтың өте сәтсіз жүзеге асуынан», «Мәскеудегі «мемлекеттік төңкерісті» ұйымдастырмақ болған оқиғадан» көрді. Дегенмен, бұл сауалға сол КСРО-ның соңғы басшысы Михаил Горбачев «Кеңестер Одағының тарауына негізінен 1986 жылғы Чернобыль АЭС-індегі апат басты себеп болды» деп жауап берді. Бірақ, бұл пікірді нақ сол кезде саясатшылардың дені қолдаған жоқ. Өкінішке қарай, осыған байланысты қазақтың сол кездегі билігі де үн қосуға жарамай, іштен тынды. Тек Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қана қатысқан жиындарында «Желтоқсан – біздің халқымыздың ұлттық санасының қалыптасуы...» немесе «Желтоқсан – Тәуелсіздіктің ақ таңы» деп атап айтып жүрді. Біле білсек, осы сөздің өзі Желтоқсан көтерілісін әлемдік маңызы бар қозғалыстар қатарына жатқызуға әбден жетіп жатыр. Бірақ, оны іліп әкетер жан болмады.

     Ең өкініштісі сол, Елбасыдан басқа бірде-бір қазақтың билік басындағы ірі шенеунігі халықаралық биік мінберден «КСРО-ның күйреуіне 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі басты себепкер болды» деп, батылдық танытып айта алған жоқ. Егер олай айтар болса, онда қазақ халқының мәртебесі әлемдік дәрежеде қатты өсер еді. Және бұған дүние жүзіндегі белді саясаткерлер ашық қолдау танытар еді. Әйтпесе, АҚШ ғалымдары мен саясаткерлері «Бұған дейін АҚШ КСРО-ның еуропалық бөлігі мен Балтық жағалауы, Кавказ елдерін ғана тыңғылықты зерттеп, жалпыхалықтық толқулар бір болса – Украинада, Литвада, Эстонияда, Латвияда немесе Кавказ елдерінде орын алуы мүмкін деген ойда болатын. Ал бұл ретте олар Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстанға тіптен назар аудармаған. Сондықтан да болар, Желтоқсан көтерілісі «бұрқ» ете қалғанда АҚШ билігі «Қалайша Қазақстан?.. Неге Алматы?..» деп таң қалысып, бұл хабарға сенімсіздік танытты. Сосын, Желтоқсан көтерілісінен кейін әлем назары Қазақстанға күрт ауып, олардың көзқарасы бірден өзгерген» деген пікірлерін ашық жариялар ма еді?! Бұл аз болса, тәжік кинорежиссері Гүлбахор Мирзоев Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өткен жиында «1986 жылғы желтоқсан көтерілісі – Орталық Азиядағы ұлттық сана сілкінісінің басы» – деп, көршілері үшін мақтана сөйлейтін бе еді?...

     Шынында да, Желтоқсан көтерілісі – шын мәнінде тек Орталық Азиядағы ғана емес, сонымен қатар бүкіл Кеңестер Одағындағы, одан қалды, барша социалистік қоғамдағы сана сілкінісінің басы болғанын несіне жасырамыз? Өйткені, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен соң наразылықтар толқыны Бакуде, Тбилисиде, Вильнюсте, Сумгайтта, Ферғанада және Саха республикасында жалғасты да, ең соңында 1991 жылы жазда империяның орталығы Мәскеудің өзінде орын алып, 74 жыл жарты әлемге үстемдік құрған КСРО-ның тарауына әкеп соқты. Тіпті, Желтоқсан көтерілісі – Кеңестер империясының «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» болған бүкіл социалистік лагерь елдеріне еркіндік әкеліп, КСРО мен АҚШ бастаған социалистік және капиталистік екі әлемнің арасындағы 50 жылға созылып келген қырғи-қабақ соғысқа нүкте қойды десе де болады.

     Әрине, мына жаһандану дәуіріне бет алған заманда ел беделін, мәртебесін осылай ғана көтеруге болады. Осы ретте, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі Қазақстанда емес, басқа бір республикада болса, онда олар қазіргі таңда «Әлемге азаттық таңын атырған – бізбіз» деп, мақтана-мақтана күп болып ісініп отырар еді. Әттең, біздің биліктегі азаматтарымыздың осындай жағдайдағы немқұрайдылығы, жайбасарлығы кейде қарныңды ашырады екен, тіпті. Осыған байланысты ойлаймын, кейде халқымыздың ертеңі үшін бүкіл халқымызға ортақ абырой-беделді сұрап емес, зорлықпен тартып алған да дұрыс-ау...

     ...Күні кеше ғана әңгіме арасында бір жазушы ағам «Соңғы кезде тарихшылар Ресейдің отарындағы үш ғасырда Қазақстанда 300-ден астам көтеріліс болды деп айтып жүр. Бұл дұрыс емес. Шын мәнінде, қазақтың бодан жылдарындағы бұлқынған көтерілістерінің саны 700-ден асып жығылады. Міне, осы 700-ден астам көтерілістің бірде бірі жеңіске жете алған жоқ. Тек олардың ең соңғысы – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі ғана жеңіске жетіп, еліміз Тәуелсіздігін алып, Азаттықтың ақ таңы атты. Егер де еліміз Тәуелсіздігін алмаса, Желтоқсан да қазақтың жеңіске жетпеген көп көтерілісінің бірі болып тарихта қалар еді ме, қалай?.. Сондықтан да мен қазаққа Тәуелсіздігін алып берген тап осы Желтоқсан көтерілісі деп білемін» деген көшелі сөз айтты.

     Міне, қарапайым халық осылай ойлайды. Оны көріп те, естіп те жүрміз!..

Желтоқсан

 

Ашу-ыза, намысым боп,

Буырқанған Желтоқсан!

Азу тісті талайдың,

Уы тамған Желтоқсан!

 

Қарындастың көз жасы –

Мұз боп қатқан Желтоқсан!

Темір төсек жамбасқа,

Сыз боп батқан Желтоқсан!

 

Қазағымды «ұлтшыл» деп,

Жалалы болған Желтоқсан!

Ұл-қызының қанына,

Табағы толған Желтоқсан!

 

Темір торға жазықсыз,

Қамалғансың Желтоқсан!

«Нашақор» мен «бұзақы»,

Саналғансың Желтоқсан!

 

Сапар шеккен Қайрат боп,

Мәңгілікке Желтоқсан!

Кең далада қалықтаған,

Жаңғырық та сен Желтоқсан!

 

Әлем саған елеңдеп,

Құлақ тұрген Желтоқсан!

Бодандықтың шекпенін,

Лақтырған Желтоқсан!

 

Ар-ұятым, абыройым,

Қасиетім сен соққан.

Ерік-жігер, күш-қуатым,

Бәрі де сен – Желтоқсан!!!

 

Тәуелсіздік желтоқсаннан басталады/Аймахан Құттыбек – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2012. – 304 бет. – Б: 4-7

 

 

ХРУЩЕВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

1953 жылғы қыркүйек Пленумы КОКП Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы етіп Н.С.Хрущевті сайлады. Пленум жұмысы аяқталысымен ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшелері мен облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшыларын қабылдады. Никита Сергеевич Қазақстан партия және кеңес органдарының халық шаруашылығына басшылық жасау әдіс-тәсіліне тиісті. Республикада бай мүмкіндіктердің нашар пайдаланылып отырғандығын, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ауыл шаруашылығы өндірісін өрге бастырудың келесі мәселелерін көтеруде ынта-жігердің жоқтығын айыптады. Ол, ең алдымен, республикада тың және тыңайған жерлерді игеру, ауыл шаруашылығын одан әрі өрге бастыру жөнінде шараларды белгілеп, оларды КОКП Орталық Комитетіне тапсыруды ұсынды.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Н.С.Хрущев ұсынған бағдарламаны талқылап, егіс көлемін төрт жылда (1954-1957 жж.) 2,5 млн га-ға көбейту мүмкін деп үйғарды. Ол кезде Ж.Шаяхметов, Н.Оңдасынов сияқты Қазақстан басшыларының бұл шешімді қабылдаған уақытта республика мүмкіндіктерін ескергені хақ. Ауыл шаруашылығы бүкіл одақтағы сияқты республикада да дағдарыста болатын. Қазақстан бойынша МТС-терде мамандар саны 56% ғана болып, 11 мыңға жуық тракторшы, 2500 комбайншы жетіспеді. Шаруалардың ауыл шаруашылығы өндірісінде еңбек етуге ешбір ынтасы болмайтын. Халықтың хал-ахуалы өте төмен еді. Осы жағдайда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 2,5 млн га жерді 4 жылда игеру жөнінде шешім қабылдауы белгілі дәрежеде нақты өмірден туындаған болса керек.

Ал Н.С.Хрущев болса, бұл мәселеге Одак деңгейінен қарады. Ол 1954 жылдың 23 ақпанындағы КОКП Орталық Комитетінің пленумында «Елімізде астық өндіруді одан әрі арттыру, тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» жасаған баяндамасында: «Одақтас республикалар Компартиялары Орталық Комитеттерінің және облыстық комитеттерінің есептерін талқылаған кезде кейбір партия, кеңес органдарының ауыл шаруашылығын өркендету үшін қолда бар мүмкіндіктерді нашар пайдаланғандығы айқындалды. Мұны Қазақстандағы жағдай айқын сипаттайды. Республикада қандай зор жер байлықтары барлығы, мал шаруашылығын өркендету үшін қолайлы жағдайлар бар екендігін жоғарыда мен көрсетіп өттім. Қазақстанның астықты Украинадан кем бермеуге мүмкіндігі бар, ол ет пен жүнді Украинадан гөрі бірнеше есе артық бере алады. Қазақстан көп мөлшерде мақта, жеміс, қант және басқа өнімдер бере алады. Онда кен байлықтарын шығаруды арттыру үшін зор мүмкіндіктер бар.

Қазіргі кезде Қазақстанның ауыл шаруашылығы алдына жаңа үлкен міндет - 6 млн га-дан аса тың және тыңайған жерлерді игеру міндеті қойылып отыр. Республикада партия басшылығын жақсартпайынша бұл күрделі міндетті ойдағыдай шешуге болады деп есептеу қиын»*.

Хрущевтің бұл тұжырымында бірнеше субъективтік қателер бар. Біріншіден, Қазақстанның экономикасы, оның байлығы тек экономикалық саясат тұрғысынан ғана қаралады. Қазақстанның ұлттық құрамы, қазақ халқының ұлттық мемлекеті, оның ұлттық тәуелсіздігі туралы мәселелерге Н.С.Хрущев ұлы державалық гегемонизм тұрғысынан келгенін дәлелдеудің қажеті бола қояр ма екен. Екіншіден, Н.С.Хрущев Қазақстанды патша дәуіріндегі сияқты экономикалық отарлық құрылымына итермеледі. Бұл саясат, түптеп келгенде, республиканы Бүкілодактың шикізат қоймасына айналдыруды көздеді. Үшіншіден, осыншама жаңа саясатты бағдарлаған кезде Бас хатшы Н.С.Хрущев өзінің бұл зорлығын жасырған да жоқ. «КОКП Орталық Комитетіне, - деді ол - 1954 жылғы КОКП Орталық Комитетінің ақпан Пленумында, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшелері шақырылды. Солармен бірге республика ауыл шаруашылығының алдына қойылған міндеттерді орындау үшін қандай шара қолдану керек деген мәселе талқыланды. Талқылаудың нәтижесінде республикада партия басшылығын нығайту қажет деген қорытындыға бірауыздан келдік».

1954 жылдын акпанында Казакстан Компартиясы Орталық Комитетінің Пленумында Ж.Шаяхметов пен И.П.Афонов республика Компартиясы Орталық Комитетінің хатшылары міндетінен босатылды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшылары қызметіне А.К.Пономаренко мен Л.И.Брежнев сайланды. Ұзақ жылдар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Ж.Шаяхметовті, жергілікті партия, кеңес органдарының басшыларын кудалау басталды. Әйтсе де Н.С.Хрущев көп кешікпей: «Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Шаяхметов жолдас, менің ойымша, адал адам және бұл жөнінде оған ешім де ешқандай кінә тақпайды, бірақ мұндай зор республика үшін ол әлсіз басшы болды», - деп айтуға мәжбүр болды.

Қозыбаев М. Ақтаңдақтар ақиқаты. Алматы, 1992. 249 252-бб.

 

ЕГЕМЕНДІК – АСЫЛ ҰҒЫМ

Егемендік (суверенитет) – бұл әрбір халық үшін маңызы өте зор қасиетті сөз, ұлы ұғым. Ол латын тілінің «супера-нус»  –  «басшы»,  «жетекші»  деген  сөздерінен  тамыр  тартады.  Кейіннен  бұл  сөз  француздың  «жоғарғы  билік  иесі» ұғымын  қалыптастырған.  Яғни,  егемендік  «жоғарғы  билік иесі», «жоғарғы өкімет иесі» деген мағынаны білдіреді. Ал оны алғаш рет саяси ғылымға француз заңгері Ж.Боден енгізіп, ол «егемендікті» мемлекеттің толық әрі тәуелсіз билігі деп атаған. Жаңа кезеңде бұл ұғымды Т.Гоббс пен Ж.Ж.Руссо одан ары дамытып, кейінгісі «егемендік» ұғымын жалпы халықтың таңдауымен байланыстырады.

Ендеше, кең мағыналы «егемендік» ұғымы – мемлекеттің ішкі және сыртқы істерін тек өзі ғана шешуі, басқа бір мемлекетке кіріптар, жаутаңкөз болмай, өз еліне, өз жеріне өзі би, өзі қожа мемлекет болуы деген сөз. Демек, толыққанды «егемен» мемлекет болу үшін өз алдына мемлекеттігі, әскері, ақшасы және дипломатиясы болуы шарт екен. Ал егер мұның біреуі жоқ болса, онда ол мемлекеттің «егемендігі» жартыкеш, толық емес болады. Оны біздің республикамыздың Кеңестер империясы бодауында болған 70 жылдан астам өмірі дәлелдеп бере алады.

 

КЕҢЕСТЕР ИМПЕРИЯСЫНЫҢ АЛДАМШЫ САЯСАТЫ

Жасыратыны жоқ, Кеңес өкіметі билік басына келген алғашқы күнінен бастап қарамағындағы халықтарды алдап ұстады. Мысалы, 1917 жылы 16 қарашада Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.И.Ленин «Ресей халықтары құқықтарының декларациясы» деген құжатқа қол қойды. Онда халықтар теңдігі, еркіндігі сақталатындығы, тіпті, Ресей құрамындағы халықтардың өз алдына бөлініп, дербес мемлекет құра алатындығы айтылғанымен, іс жүзінде бәрі керісінше болып, Қазақстан өзінің шын мәніндегі мемлекеттік егемендігіне қол жеткізе алмады. Сол секілді, 1924 жылғы 27 қазандағы Қазақ АКСР-інің құрылуына байланысты шыққан қаулыдағы «егемендік» мәселесі де сөз жүзінде қалды. Керісінше, Орталықтың өктем саясатының салдарынан қазақ халқы тоз-тоз болып, ашаршылыққа ұшырады. Қолы қанға білегінен батып, бүтіндей бір халықты жоюға айналған «коммунистер билігі» мұны да қанағат тұтпай, өздерінің зымиян әрекеттерін одан әрі жалғастырумен болды. Тіпті, олар біздің халықты мазақ еткендей, Қазақ КСР-інің 1937 жылғы Конституциясына «КСРО Конституциясының 14-бабы негізінде Қазақ КСР-і мемлекеттік билігін өз бетінше егемендік құқын толық сақтау тұрғысында жүзеге асырады», – деп, 1978 жылғы екінші Конституцияға «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы – егеменді кеңестік социалистік мемлекет», – деп тайға таңба басқандай жазғызып алып, өз ойларына келгенін істеп бақты. Сөйтіп, империя құрамындағы республикалардың барлығы Мәскеудің көзіне қараған, аузын баққан жалынышты, жалбарынышты отарлары болып қала берді.

 

ШЫНЖЫРЫ ШЫЛДЫРАҒАН «ЕГЕМЕНДІК»

Осы 70 жылдағы өткеніміз қандай қасіретті десек те, оны ұмытуға ешқандай да қақымыз жоқ. Өйткені, «Аврораның» атуымен келген осы кеңестер заманы қазақ халқына не көрсетпеді? Соның жоғарыда айтқан қитұрқы саясаты емес пе, қазақты «ақ», «қызыл» етіп бір-біріне айдап салған, «ұлы кәмпескесімен», «ұжымдастыруымен» қырғын ашаршылыққа ұшыратқан, көзі ашық асылдарымызды баудай қиған.

...Мұндай адам шошитын қатыгездіктен соң «егемендік» туралы айтуға қалай ауыздары барғанына жағаңды ұстайды екенсің. Қала берді, республикамыздағы 20 млн. гектар жердің полигондарға, сынақ алаңдарына, тағы 25 млн. гектар шұрайлы жердің астық алқабына айналуы, тіліміздің, салт-дәстүріміздің, рухани байлықтарымыздың тұншықтырылуы отарлық саясаттың шыңына шығу емес пе? Тіпті, «егеменді» Қазақ КСР-і кезінде бүкіл Одақты шикізатпен асыраушы республика болып, астықтың 80 пайыздайын, мақтаның 72 пайызын, жүннің 60 пайызын сыртқа шығарғанымен қоймай, ірі кәсіпорындарының бәрі басқаларға тәуелді етіліп қойылғаны қазір мектеп оқушыларына дейін бас шайқатуда. Міне, осылай әміршіл-үстемшіл саясаттың шектен шығуы – алып империяны жайлаған халықтар арасында жиі-жиі наразылықтар туғызып, ақыр соңында оның күйреуіне әкеліп соқты.

 

ШЫН МӘНІНДЕГІ ТАРИХИ ҚҰЖАТ

Сөйтіп,  дағдарысқа  ұшырап,  қоғамдық-саяси  жүйесі  әбден тығырыққа тірелген, экономикасы іріп-шіріп, іргесі сөгілген алып империяның үйінділерінің арасында қалған біздің Қазақстанға өз бетінше жол тауып, елдігін сақтап қалу қажет болды. Міне, осындай  қиын  кезеңде  –  1990  жылдың  25  қазанында  Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР халық депутаттарының кезекті сессиясында  республикамыздың  егемендігі  жөніндегі  тарихи Декларация  қабылдады.  Бұл  құжат  елімізге  шын  мәнінде  өз бетінше билік құратын егемен мемлекет мәртебесін алып берді. Онда  арада  өткен  260  жылдық  бодандықтан  кейін  алғаш  рет егеменді  мемлекеттің  негізгі  атрибуттары:  мемлекеттің  толық билігі,  азаматтығы  мен  аумағы,  халықаралық  қатынастардағы дербестігі,  өзінің  Қарулы  Күштері  көрсетілді.  Бірақ,  империя  Қазақстанды  уысынан  шығарғысы,  оның  «егемендігін» мойындағысы келмеді. Сондықтан да ол өз өктемдігін сақтап қалу мақсатында 1991 жылдың 17 наурызында «Кез-келген ұлт өкілінің праволары мен бостандықтарына толық кепілдік беретін тең праволы, суверенді республикалардың жаңарған федерациясы ретінде КСРО-ны сақтауды қажет деп есептейсіз бе?» – деген бүкілхалықтық референдум өткізуге дейін барды.

 

«ЕГЕМЕНДІК» ПЕН «ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ» ОРТАСЫНДА

Әрине, Тәуелсіздігін сол уақытқа дейін ала қоймаған елімізге өз бетінше әрекет етуде кедергілер өте көп болды. Бірақ, ендігі жерде қателесуге болмайтынын сезіне бастаған Қазақстан әрбір қадамын мұқият ойланып баса бастады. Сөйтіп, ұлы өзгерістерге жол ашылып, еліміздің егемендігі ақырындап жүзеге асырыла түсті.

«Қазақ КСР-інің Егемендігі туралы» Декларациясы қабылданғаннан  кейін  елімізде  өз  алдына  мемлекет  болуға  деген ұмтылыс  тіптен  күшейді.  Алдымен  жер-су  аттарына  өзінің тарихи  атаулары  беріліп,  жабылып қалған  қазақ  мектептері қайтадан көптеп ашыла бастады. Одан әрі Қазақстанның тұңғыш  Президенті  Н.Назарбаевтың  Семей  полигонын  түпкілікті жабу,  Қазақстан  азаматтары  әскери  борыштарын  республика көлемінде өтейтіндігі, Ғарыштық агенттікті құру, Мемлекеттік Қорғаныс  комитетін  құру,  Қазақстанның  алтын  және  алмас қорын құру, республикадағы 72 Одақтық министрліктер мен ведомстволарды  жабу,  Қазақ  КСР-ін  «Қазақстан  Республикасы» деп өзгерту туралы көптеген Жарлықтары шығып, ақыр соңында 1991 жылдың 16 желтоқсанында ҚР Парламенті аса маңызды тарихи құжат – «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылдады. Сөйтіп, қазақ елі үш ғасырға жуық уақыттан соң өзінің шын мәніндегі еркіндігін алды

     Тәуелсіздік желтоқсаннан басталады/Аймахан Құттыбек – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2012. – 304 бет. – Б: 8-11

← Тізімге оралу