261 ЖЫЛДАН КЕЙІН ЖЕТКЕН ТӘУЕЛСІЗДІК!
Ақсарбас! кеше, 1991 жылы 16 желтоқсан күні сағат 18-ден 14 минут өткенде қазақстан парламенті аса маңызды тарихи құжат – Қазақстан Республикасының тәуелсіз ел болғаны жөніндегі конституциялық заңды қабылдады.
...Жүрек шіркін жарылып кетер ме екен?! Өйткені, соңғы кезде бұлай қатты қуанбап едім... Әй, бірақ осындай ақ түйенің қарны жарылған күні жарылған жүректе де арман жоқ қой! Олай дейтінім, бұл – қазаққа бақандай 261 жылдан кейін жеткен Тәуелсіздік қой! Елі, жері үшін шыбын жанын шүберекке түйген бабалар күрескен Тәуелсіздік бұл. Алаштың азаттығын аңсаған кешегі аяулыларымыз көре алмай кеткен Тәуелсіздік бұл. 86-ның желтоқсанында талай боздақтың арманы болған Тәуелсіздік бұл...
...Ендеше, қуан, қуана бер, тәуелсіз Қазақ елі! Шаттан, шаттана бер, еркін де азат алаш жұрты! Бұл – сенің қуанатын күнің Қазақ! Сен оған толық құқылысың!..
Ертесіне, яғни, 17 желтоқсан күні Жаңа алаңда үлкен де салтанатты митингі өтті. Қазақ елінің, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін жариялағаны туралы сүйінші хабарды осы алаңда, осыдан 5 жыл бұрын жастардың қаны тамған алаңда Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл елге жариялады. Сосын Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменов, Салық Зиманов және басқалар сөйледі...
...Япыр-ай, қатты қуану да адамды естен айырады екен-ау. Со-дан кейін не болғаны есімде жоқ. Тек, біздер, желтоқсандықтар, арқа қағысып, бір-бірімізді құттықтағанымыз, алаңдағы тас белгі жанында құран оқытып, суретке түскеніміз ғана еміс-еміс есімде қалыпты. Сосын, кілең отырып шыққан «65-тер» – Желтоқсан дүмпуіне қатысып, сотты болған, бүгінде «Зооветтің» бесінші курсында оқитын Ерлан Бисенбаевтың жатақханасына барып, қуанышымызды тойладық. Рас, алғашында Қали «Бүгін – сол бір желтоқсанның басталған күні, қаралы күн ғой, өткенді еске алып отырайық!» деп еді, Расылхан «Жоқ, 17 желтоқсан жаңа күнге бет бұрған жастар көтерілісінің күні. Тәуелсіздік күні!» деп, әлгі ұсынысты қабылдатпай тастады. Сөйтіп, біздер – Расылхан, Ермұхан, Құрманғазы, Үсіпхан – Гүлнар, Нұрман, Ерлан, Қали, Қасым және Елубай бәріміз ел Тәуелсіздігінің алғашқы күнін өте көңілді өткіздік.
Жалпы, 16, 17, 18 желтоқсан күндері біз алғаш рет, иә-иә, өмірімізде алғаш рет халқымыздың ерен құрметіне бөлендік. Оны сезіну барысында, шынымды айтқанда, біз аспанда қа-лықтап жүргендей әсерде болдық. Атап айтқанда, бүгін, яғни, 18-желтоқсан күні Орталық концерт залында Желтоқсан қаһар-мандарына арнап үлкен концерттік кеш өтті. Оның барысын-да залда отырған «желтоқсандықтардың» әрқайсысының аты-жөнін атап-атап, сахнаға, жұрт алдына шығарды. Мұндайды күтпеген біз аздап ыңғайсыз күй кештік...
Одан шыға біз – Расылхан, Ермахан, Ерлан төртеуміз арна-йы шақырған Жастар театрына келдік. Кіре берістегі апай билетімізді сұрады. Арамыздағы сөзге шешеніміз Расылхан «Кешелі бері бізге бәрі тегін, апай! Өйткені, біз – желтоқсанның жігіттеріміз!» деді. Сол-ақ екен әлгі апамыз «Үйбүй, айналайын! Кіріңдер, кіріңдер!» деп, бәйек болды да қалды. Онымен қоймай, артымыздан «Желтоқсан болған аттарыңнан айналай-ын!» деп сөйлеумен болды. Неге екенін қайдам, сол сәтте мен осыдан 5 жыл бұрынғы «Нашақор», «маскүнем», «бұзақы» деп, кіжіне, жек көре қараған адамдарды есіме алдым...
...Айта кетейін, осыдан тоғыз күн бұрын жазған естелігімді мен «Шындығымның шылдырлаған шынжыры...» деп күйзеле отырып «жылап» отырып жазыппын. Әрине, бұл өзімнің егемен елімнің мемлекеттік саясатына қарсы шығуым емес еді. Тек, биліктегі кейбір чиновниктердің «тірлігіне» көңіл толмаған-дықтан шыққан жолдар еді, олар. Әйтпесе, тәуелсіздігін жаңа алған жас мемлекетімді жамандағанша өліп кеткенім жақсы емес пе! Бұл ретте, осы жақында ғана бір газеттен оқыған «Күнделіктегі сөздер жеккөрушілік не болмаса мақтаншақтық емес, олар – сол күнгі көңіл-күйің!» деген сөзге әбден қосыламын. Әйтпесе, ылғи жақсы сөйлегенге не жетсін!..
18 желтоқсан 1991 жыл.
Тәуелсіздік желтоқсаннан басталады /Аймахан Құттыбек – Алматы: «Қазығұрт» бас пасы, 2012. – 304 бет. – Б:59-61
ҚАЗАҚСТАННЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ ЖАРИЯЛАУЫ
Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің жариялауы – Кеңес Одағының ыдырауын тездеткен “Тамыз бүлігі” 1991 жылы қазанына қарай көптеген мемлекеттердің өз тәуелсіздігін жариялауына септігін тигізді. Солардың бірі болып Қазақстан да 1991 жылы 16 желтоқсанда өз тәуелсіздігін жариялаған Конституциялық заңын қабылдады. Бұл құжаттың 1-бабында ҚР-на тәуелсіз, демократиялық және құқылық мемлекет ретінде анықтама берілген. Ол өз территориясында барлық өкімет билігін қолданады: ішкі және сыртқы саясатты өз бетінше жүргізеді, республика барлық мемлекеттермен халықаралық құқық принципі негізінде өз қарым-қатынасын орнықтырды. 2-тарауында республика азаматтары ұлтына, діни сеніміне, қоғамдық бірлестіктерге қатысына, шыққан тегі, әлеуметтік және дүние-мүліктік жағдайына, тұрған жеріне қарамастан құқылары мен міндеткерліктерін бірдей пайдаланатындығы атап көрсетілген. Егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттіліктің қайнар көзі республика азаматтары болып табылады. 3-тарауда ҚР мемлекеттік өкімет органдарының құрылымы анықталған. Қазақстан Республика және оның атқарушы өкіметінің басшысы Президент болып табылады. 4-тарауда Республика мемлекеттік тәуелсіздігінің экономикалық негіздеріне анықтама берген. Тәуелсіздік мемлекет статусына сәйкес келетін және меншіктің барлық түрлерінің көпқырлығымен мен теңдігіне негізделетін дербес экономикалық жүйесінің болатындығы атап көрсетілген. Жер мен оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдік және жануарлар әлемі, басқа да табиғи байлықтары, экономикалық және ғылыми-техникалық мүмкіндіктер ҚР-ның меншігі болып табылады. Заң ҚР-ның тәуелсіз мемлекеттік ретіндегі, дүниежүзілік қоғамдастықтың мүшесі ретіндегі негіздерін, халық мен азаматтық қатынастарын, мемлекеттік билік органдарын, экономикалық негіздерді және республиканың мемлекеттік егемендігін қорғауды айқындап берді.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.438-439
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІРІНШІ КОНСТИТУЦИЯСЫ
Елдің негізгі заңы 1993 жылы 28-і қаңтарда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қабылдады. Бұл аса маңызды құжаттың жобасы азаматтардың бас қосуларында, ауылдық, селолық, аудандық, қалалық, облыстық кеңестер сессияларында талқыланды. Жобаны талқылауға әр түрлі саяси партиялар мен қозғалыстардың өкілдері қатысты. Баспасөздерде, теледидарда, радиода қызу талдаулар өтті. Конституция 4 бөлімнен, 21 тараудан тұрады. Конституцияның бар рухы, бөлімдері, тарауларының, баптарының көпшілігі – отанымыздағы ұлтаралық жарасымдылықты сақтауға арналған. Онда Қазақстан Республикасы өзінің барлық азаматтарына құқық теңдігін қамтамасыз етеді деп көрсеткен. Конституцияда тіл мәселелері де анықталды. Жаңа қабылданған конституция бойынша республикада қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі деп жарияланды.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.439
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ (ҚРК)
Қазақстан Республикасының Конституциясы (ҚРК) – Қазақстан мемлекетінің Ата (негізгі) заңы. 1995 жылы 30 тамызда Республика референдум өткізу (бүкіл халықтық дауыс беру) жолымен қабылданды. Конституцияны қабылдай отырып, Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің қайнар көзі – өзінің егемендік құқығын баянды етті. Ата заң қабылданған күн демалыс – мемлекеттік мереке ҚР Конституциясының күні деп жарияланды. Бұл жаңа Конституция Қазақстанның төртінші Ата заңы (1937, 1978, 1993, 1995). Оның құрылымы кіріспеден, 9 бөлімнен, 98 баптан, көптеген тармақтар мен тармақшалардан тұрады.
Жаңа Конституцияның ең жоғарғы заңдық күші бар және ол Қазақстан Републикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Мұның өзі Конституциялық нормалар мен заңдардың басқа нормативтік құқықтық актілердің нормаларынан үстем екендігін көрсетеді. Кейінгі екі Конституцияның алдыңғы екеуінен елеулі айырмашылығы сол – бұлар тұңғыш рет мемлекеттік тәуелсіздікті, егемендікті және Қазақстан халқының толық билігін бекітіп, одан әрі орнықтарды. Жаңа Ата заңда құқықтық мемлекеттің қалыптастырылу бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, соның ішінде жеке адамның жан-жақты еркіндігі, идеологиялық және саяси әр алуандығы (сөз және шығармашылық бостандығы, саяси партиялар мен бұқаралық партиялар, сондай-ақ бұқаралық қозғалыстар бірлестігін құру еркіндігі), халық билігін жүзеге асыратын демократиялық амалдар, экономикалық қатынастардың қызмет етуі әлемдік талаптарға сәйкестендірілген. Оның нормалары тұрақты, жалпы мәнде ұзақ жылдарға бейімделіп тұжырымдалған.
Қазақстан Республикасының Конституциясы барлық заң салаларының негізі болып табылады, ал оның нормаларды басқа заңдар үшін басты қағида болып есептеледі.ҚР-ның негізгі мақсаты:
Осыған орай республика қызметінің түбегейлі қағидалары айқындалады, олар: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламенттік дауыс беру арқылы шешу (1-бап, 2-тармақ).
Ата Заңның негізгі бөлігінде (І – VІІІ бөлімдері) азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттері туралы, конституциялық құрылыс жайлы, мемлекеттік нысандар жөнінде, мемлекеттік буындардың жүйесі мен мәртебесі туралы (Президент, Парламент, Үкімет; Конституциялық Кеңес, соттар және сот төрелігі, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы) нормалар тұжырымдалған.
Қорытынды және өтпелі ережелер мазмұндалған соңғы ІХ бөлімде Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі, конституциялық заңдар мен өзге де заңдарды қабылдау рәсімі сөз болады.
Қазақстан Республикасының Конституциясы, А., 1995; “Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының 1998 ж. 7 қазандағы Заңы (“Егемен Қазақстан”, 8 қазан, 1998 ж.); Қазақстан Республикасының Конституциясы. Түсініктеме. А., 1999.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.439-440
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРІ
1992 жылғы 4 маусымда алғаш рет тәуелсіз Қазақстанның жаңа Мемлекеттік рәміздерібекітілді. Бұл күн жаңа Мемлекеттік рәміздердің туған күні ретінде еліміздің тарихында мәңгіге қалады. Шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бей-неленген көгілдір Ту мен бүкіл қазақстандықтар үшін ортақ үйдің белгісі ретінде шаңырақ бейнеленген Елтаңба әлемге Қазақстан Республикасы деп аталатын тәуелсіз жаңа мемлекетті танытты.
Мен қазір де Нью-Йоркте БҰҰ штаб-пәтерінің алдында әлемнің басқа да тәуелсіз мемлекеттері туларының арасында желбіреп тұрған біздің байрағымызды көрген сәтті, Атлантадағы Олимпиадалық ойындарда бүкіл әлемге қазақстандықспортшылардың жеңісі туралы жар салып, біздің гимн шырқалған сәтті, біз алғаш рет өз елтаңбамызды құйылған монетада және біздің ұлттық валютамыз теңгенің басып шығарылған банкнотында алғаш көрген сәтті толғаныспен еске аламын. Біздің Мемлекеттік рәміздеріміз алғашқы қазақстандық ғарышкерлермен бірге ғарышта қалай болғанын еске түсірмеу мүмкін емес. Мемлекеттік рәміздер – мемлекетіміздің, егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі. Олар Тәуелсіз Отанымыздың қасиетті біріктіруші бейнесін танытады, себебі біз мемлекет Тәуелсіздігін ұлтты шешуші құндылық ретінде сақтап қалудың бірінші негізі ретінде қараймыз. Бүгінгі күні біз қазақстандық мемлекеттілікті жасау жөніндегі тарихи мис-сия табысты түрде іске асты деп нық сеніммен айта аламыз.
Біздің бабаларымыздың мынандай сөзі бар: егер бір жыл алдағыны болжайтын болсаңдар – астық өсіріңдер; егер жүз жыл алдағыны болжайтын болсаңдар - ағаш отырғызыңдар; егер алдағы тұтас мәңгілікті болжайтын болсаңдар – Адам тәрбиелеңдер. Демек, жастарды тәрбиелеңдер дегені. Жас буын білімді де білікті мамандар ғана емес, соны-мен бірге Қазақстанның шынайы патриоттары болуға тиіс.Өз еліңе деген терең сүйіспеншілік сезімі, шынайы па-триотизм болмайынша нағыз азамат та, нағыз адам да жоқ. Мұндай патриотизмнің айшықты көрінісі өз еліңнің Мемлекеттік рәміздеріне деген құрмет болып табылады.
Отан сезімі, өз еліңе деген мақтаныш оның рәміздеріне де-ген құрметтен басталады. Сондықтан барлық уақыттарда Мемлекеттік рәміздер – бұл ұлттық мақтаныштың және оларға деген ерекше көзқарастың белгілері.
Біз бірге, бүкіл ел болып сүйікті Гимнімізді орындап, Туымыз бен Елтаңбамызды мақтан тұтамыз. Біз жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстанның іргесін бірге қалаймыз!
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ӘНҰРАНЫ
Қазақстан Республикасының мемлекеттік негізгі рәміздерінің бірі. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұраны – татулық-достықтың киелі бесігі отан-ананы, тарихи оқиғалардың тезінен өтіп шыңдалған қаһарман халқымызды ерлікке, бірлікке, бауырластыққа үндейтін асқақ әуенді ұран, сазды жыр; Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбаның поэтикалық-музыкалық баламасы. Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы” конституциясылық заң күші бар Жарлығымен (24.1.1996) белгіленген.
Әнұран салтанатты рәсімдерде, мемлекеттік органдар өткізетін өзге де шараларға байланысты: Қазақстан Республиканың Мемлекеттік туын көтеру, жаңадан сайланған ҚР Президентінің салтанатты ант беруі, Қазақстан Республикасы Палаталары депутаттарының сессияларын ашу және жабу кезінде, елге ресми сапармен келген шет елдік қонақтарды (мемлекет, үкімет басшыларын) күтіп алу және шығарып салу рәсімдеріненде, т.б. жағдайларда орындалады.
Алғашқы Мемлекеттік әнұранды жазу үшін шығармашылық байқау жарияланды, оған Қазақстан композиторлары қатысты. Мемлекеттік рәміздері жөніндегі үкімет комиссиясының шешімімен ақындар: М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ж.Дәрібаева шығарған өлең сөзі бекітілді. Сазы ретінде кеңестік дәуірде М.Төлебаев, Е.Брусиловский, Л.Хамиди жазған бұрынғы мемлекеттік әнұран әні алынды.
2005 жылы желтоқсанда сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазып, Нұрсұлтан Назарбаев өзгертулер енгізген, әнін Шәмші Қалдаяқов шығарған “Менің Қазақстаным” өлеңі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны болып қабылданды. Әнұран алғаш Н.Ә. Назарбаевтің 2006 жылы 11 қаңтардағы ұлықтау рәсімінде орындалды.
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің –
Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің –
Қазақстаным!
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.440
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЕЛТАҢБАСЫ
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің бірі. Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы” конституциялық заң күші бар Жарлығымен (24.1.1996) белгіленген. Рәміздік тұрғыдан ҚР мемлекеттік елтаңбасының негізі – шаңырақ. Ол – елтаңбаның жүрегі.
Шаңырақ мемлекеттің түп-негізі – отбасының бейнесі. Шаңырақ – Күн шеңбері. Айналған Күн шеңберінің қозғалыстағы суреті іспетті, Шаңырақ – киіз үйдің күмбезі көшпелі түркілер үшін үйдің, ошақтың отбасының бейнесі. Тұлпар дала дүлділі, ер-азаматтың сәйгүлігі, желдей ескен жүйрік аты, жеңіске деген жасымас жігердің, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсіздікке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесі.
Қанатты тұлпар – қазақ поэзиясындағыкең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпі. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңістікті біріктіреді. Ол өлмес өмірдің бейнесі. Бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүретін Қазақстан халқының өсіп-өркендеуін, рухани-байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесін паш етеді. Бес бұрышты жұлдыз елтаңбаның тәжі іспетті. Әрбір адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасының авторлары – Ж.Мәлібеков пен Ш.Уәлиханов.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.440
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТУЫ
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің бірі. Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы” конституциялық заң күші бар Жарлығымен (24.1.1996) белгіленген.
Мемлекеттік ту көгілдір түсті тік бұрышты кездеме. Оның ортасында арайлы күн, күннің астында қалықтаған қыран бейнеленген. Ағаш сабына бекітілген тұста – ұлттық оюлармен кестеленген тік жолақ өрнектелген. Күн арай, қыран және ою-өрнек – алтын түсті. Тудың ені ұзындығының жартысына тең.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік туының авторы – суретші Шәкен Ниязбеков. Бірыңғай көк-көгілдір түс төбедегі бұлтсыз ашық аспанның биік күмбезін елестеді және Қазақстан халқының бірлік, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбітшіліктің, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған.
Геральдика (елтаңбатану) тілінде – көк түс және оның түрлі реңкі адалдық, сенімділік, үміт сияқты адамгершілік қасиеттерге сай келеді. Ежелгі түркі тілінде “көк” сөзі аспан деген ұғымды білдіреді. Көк түс түркі халықтары үшін қасиетті. Түркі және әлемнің өзге де халықтарындағы көк түстің мәдени-семиотикалық тарихына сүйене отырып, мемлекеттік тудағы көгілдір түс Қазақстан халқының жаңа мемлекетілікке ұмтылған ниеттілегінің тазалығын, асқақтығын көрсетеді деп қорытуға болады. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейді.
Күн – қозғалыстық даму, өсіп-өркендеудің және өмірдің белгісі. Күн – уақыт, замана бейнесі. Қанатын жайған қыран құс – бар нәрсенің бастауындай, билік, айбындылық белгісі. Ұлан байтақ кеңістікте қалықтаған қыран Қазақстан Республикасының еркіндік сүйгіш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесінің кеңдігін паш етеді.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.440-441
ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТАНЫ ЕНГІЗУ ЖӘНЕ ОНЫҢ МАҢЫЗЫ.
Теңге – Қазақстанның ұлттық валютасы. Мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігі нышандарының бірі. Ең алғаш рет Республиканың ақша бірлігі 1993 жылы 15 қарашада енгізілді. Өзінің өмір сүруі барысында халықаралық нарықта танымалдыққа ие болып және жаңа қоғамдық қатынастардың дамуындағы басты факторлардың біріне айналды. Теңгенің алғашқы нобайын қазақстандық авторлар Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Хайрулла Габжалилов, Агимсалы Дузельханов-тар жасады. Ұлттық валютаны теңге деп атау идеясы (ортағасырлық «деньге» немесе «таньга» атты түрік күміс тиындарынан шыққан) халықаралық инженерлік академияның академигі Сауку Такежановқа тиеселі. Алғашқы 2,2 миллиард теңге Ұлыбританияда басы-лып шығып, тек 1995 жылдан бастап қана валюта Қазақстанда өзіндік банкноталық фабрикада жасалы-на бастады. Қазіргі кезде айналымда көрсеткіші 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10 000 теңгелік қағаз ақшалар, сондай-ақ – 1, 2, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік тиын-дар бар. Мерейтойлар мен тарихи оқиғаларға бай-ланысты Қазақстанның Ұлттық банкі естелік қағаз ақшалар және тиындар шығарылуда. Олар белгіленген көрсеткіштеріне орай тепе-тең төлем қабілетіне ие. Оның қосымша мәні – мәдени-ағартушылық. Олар шектелген данамен шығарылады және негізінен ну-мизматтар коллекциясын толтыруда.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері. Тәуелсіздік нышандары. – Алматы. Фотокітап.ТЖО «Тау Кайнар», 2015 – 324 б.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПАРЛАМЕНТІ (ҚРП)
Қазақстан Республикасындағы заң шығарушы қызметін жүзеге асыратын ең жоғарғы өкілетті орган. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдуммен қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес парламентті үш рет (1995 жылы, 1999 жылы, 2004 жылы) сайлады. Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңадан сайланған Парламенттің бірінші сессиясы жұмысқа кіріскен кезден аяқталады. Өкілеттік Конституцияда көзделген жағдайлар мен реттерде мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Парламенті құрылымы тұрақты негізде жұмыс істейтін екі палатадан: жоғарғы палата – Сенат және төменгі палата – Мәжілістен тұрады. Сенат әрбір облыстан, республикалық мәндегі қаладан және ҚР астанасынан екі адамнан, тиісті облыстағы, республикалық мәнге ие қаладағы және ел астанасындағы барлық өкілетті органдар депутаттарының бірлескен отырыстарында сайланатын депутаттардан құралады. Сенаттың жеті депутатын Парламенттік өкілеттік мерзіміне Президент тағайындайды. Сенат депутаттары жанама сайлау негізінде жасырын дауыс беру жолымен сайланады.
Мәжіліс депутаттарын сайлау жалпыға бірдей тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Парламент депутаты императивтік мандатқа, қандай да болсын аманат пен тапсырмаға тәуелді емес. Ол Парламентте өзінің сенімі бойынша дауыс береді. Парламент депутаты қол сұғылмаушылық құқықты пайдаланады. Әр палатаның өзінің өкілеттік күші жүретін қызмет аясы бар, сонымен бірге олар бірқатар өкілеттіктерді бірлесе отырып жүзеге асырады.
Парламент өз Палаталарының бөлек отырысында мәселелерді әуелі Мәжілісте, содан соң Сенатта қарау арқылы заңдар қабылдайды; Сенаттың ерекше құзырына мыналар жатады: Президенттің ұсынысы бойынша Жоғарғы сот төрағасын тағайындау және қызметтен босату, Президенттің бас прокурорды және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тағайындауына келісім беру; Бас прокурорды, Жоғарғы сот төрағасын дербес құқықтылығынан айыру; жергілікті өкілетті органдардың өкілдігін мерзімінен бұрын тоқтату; Президентті қызметтен кетіру туралы Мәжіліс көтерген мәселені қарау, т.б.
Мәжілістің ерекше құзырына мыналар жатады: тиісті заң жобаларын қарауға қабылдап алу және қарау; Парламент қабылдаған заңдарға Президенттің қарсылығы бойынша ұсыныстар әзірлеу; Орталық сайлау комиссиясы төрағасын, төраға орынбасарларын, хатшылар мен мүшелерін сайлау және босату; Президенттің кезекті сайлауын жариялау және және оның кезектен тыс сайлауын өткізуді тағайындау; ҚР Президентіне қарсы мемлекеттік опасыздық жасады деген айып тағу. т.б. (ҚР Конституциясы, 56-бап).
Әр палатаны депутаттардың арасынан сайланатын, мемлекеттік тілді еркін игерген төраға басқарады. Төрағалар палаталардың жұмысын жүргізеді. Парламенттің қос палаталы құрылымы Қазақстанның жоғары заң шығарушы органы қызметінің пікір алшақтықтарын азайтып, өзара ынтымақтаса жұмыс істеуін мақсат етеді: палаталар бір-біріне бағынбайды, бір-біріне тәуелсіз құрылады; палаталардың әрқайсысы жеке жұмыс тәртібінде қызмет атқарады, өзара қызмет аясы мен міндеттері бар. Сонымен қатар олар көптеген мәселелер бойынша бірлесіп қызмет атқаруға міндетті.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.441
“ҚАЗАҚСТАН – 2030 СТРАТЕГИЯСЫ”
Ел дамуының 2030 дейінгі кезеңге арналған стратегиялық бағдарламасы. 1997 жылы қазанда қабылданған. Президент Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған арнауында баяндалған. Стратегияда көзделген мақсат – ұлттық бірлікке, әлеуметтік әділеттілікке, бүкіл жұртшылықтың экономикалық әл-ауқатын жақсартуға қол жеткізу үшін тәуелсіз, гүлденген және саяси тұрақты Қазақстан мемлекетін орнату. Осы мақсатқа орай мынадай ұзақ мерзімді негізгі бағыттары көрсетілді:
Ұлттық қауіпсіздік: аумақтық тұтастықты толық сақтай отырып, еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде дамуы. Мемлекеттің тұрақты түрде дамуын қамтамасыз ететін барлық қажеттіліктер шеңберінде бастапқы шарт – ұлттық қауіпсіздік және мемлекетіліктің сақталуы. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі көрсеткіші ретінде демократиялы, индустриясы дамыған басты мемлекеттермен байланыстарды күшейту, халықаралық институттар мен форумдардың көмегі мен жәрдемін пайдалану қажеттігі атап көрсетілді. Мұның өзі халықаралық қоғамдастық тарапынан Қазақстанға қолдау жасаудың жақсы жолға қойылуын, бай табиғи қорлардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді, Қазақстан азаматтарының өз еліне деген сүйіспеншілік сезімін арттырады. Қауіпсіздікті қамтамсыз ету жұмысындағы сөзсіз басым бағыт сыртқы саяси қызметке, Қазақстанның өз көршілерімен және дүние жүзінің жетекші елдерімен өзара тиімді қатынастар қалыптастыруға саяды.
Ішкі саясаттың орнықтылығы және қоғамның шоғырлануы: бірлік – қоғам мен мемлекеттің одан әрі дамуының кепілі. Бұл салада барша азаматтар үшін тең мүмкіндіктің және барлық этникалық топтар үшін тең құқықтың болуына кепілдік беру, ауқаттылар мен кедейлер арасындағы айырманы азайту, әлеуметтік мәселелерді шешу, саяси орнықтылық пен қоғамның шоғырлануын ұзақ мерзімге қамтамасыз ететін дәулетті Қазақстан мемлекетін орнату міндеті қойылды.
Қазақстандықтардың денсаулығы, білім алуы және игілігі: азаматтардың тұрмыс жағдайы мен деңгейін көтеру, экологиялық ортаны жақсарту Сырқаттардың алдын алу және салауатты тұрмыс салтына ынталандыру, азаматтарды салауатты тұрмыс салтын ұстауға, дұрыс тамақтану, гигиена мен тазалық ережелерін сақтауға баулу, нашақорлық пен наша бизнесіне қарсы күресу, маскүнемдік пен темекі шегуді қысқарту, ана мен баланың денсаулығын сақтау, қоршаған орта мен экологияны таза ұстау мәселелерін қамтиды.
Энергетикалық қорлар: тұрақты экономикалық өрлеу үшін мұнай мен газ өндірудің және оларды шетке шығарудың көлемін жедел ұлғайту жолымен энергетикалық қорды тиімді пайдалану. Бұл стратегия: таңдаулы халықар. технологияларды, ноухауды және қомақты капиталды тарту, қордың тез де ұтымды пайдаланылуы үшін басты халықаралық мұнай компанияларымен ұзақ мерзімді серіктестік орнату, мұнай мен газ экспорты үшін құбырлар желісінің жүйесін жасау, отын қорын пайдалану қызметінде дүниежүзілік қоғамдастықтықтағы ірі елдердің Қазақстанға және оның әлемдік отын берушілік рөліне ынтасын ояту бағытын ұстау, ішкі энергетикалық инфрақұрылымды жасау, өзін-өзі қамтамасыз ету және бәсекеде тәуелсіз болу мәселелерін шешу мәселелерін қамтиды.
Инфрақұрылым (көлік және байланыс): ұлттық қауіпсіздікті, саяси тұрақтылықты нығайту, экон. өрлеуді күшейту. Отандық көлік-коммуникациялық кешеннің әлемдік рыноктағы бәсекелестік қабілетін қамтамасыз ету және Қазақстан арқылы өтетін сауда ағынын ұлғайту міндеті қойылды.
Кәсіпқой мемлекет: іске шын берілген және елдің негізгі мақсаттарына қол жеткізуде халық өкілдері болуға лайық мемлекеттік қызметкерлердің осы заманғы қабілетті құрамын жасақтау. Бұл саладағы міндет осы заманға сай тиімді мемлекеттік қызмет пен нарықтық экономикаға оңтайлы басқару құрылымын құру, басты мақсаттарды іске асыруға қабілетті Үкіметті жасақтау, ұлттық мүдделерінің сақшысы болатын мемлекет орнату.
Президенттің жолдауында бүкіл күш-жігерді осы бағыттарға жұмылдырудың, мүмкіндіктерді шоғырландырудың және үйлестірудің келелі идеялары айқын тұжырымдалған, басқару жүйесіндегі реформаларды жүзеге асырудың әдістері мен тәсілдерін түбірімен қайта қарау қажеттілігі атап көрсетілген. Бұл қысқа және ұзақ мерзімді негізгі бағыттарды іске асыру барысында, ең алдымен, еліміздің барлық азаматтарының бостандығына кепілдік беруге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және ертеңгі күнге деген сенімін нығайтуға бағытталған бірден-бір бағдарламалық-стратегиялық ресми құжат болып табылады.
Қазақстан осы стратегиялық міндеттерді орындай отырып, 2030 жылға қарай дамыған елдердің деңгейіне жетуге, дүние жүзінің ең дамыған жиырма елінің қатарына қосылуды көздейді. Реформалар стратегиясында экономикалық және саяси құрамдағы ырықтандырудың өзара ажырамайтын байланыста болатындығы ескерілген. Бәсекелестік қабілеті ашық та риясыз жағдайда қалыптасқан қоғам орнату одан әрі демократияландыру арқылы өтеді, ол, түптеп келгенде, сайлауды әділ өткізуге, саяси партиялардың, парламенттің рөлін, үкіметтің мүмкіндігін күшейтуге, сот жүйесін реформалауға, БАҚ-қа еркіндік беруге, әйелдердің қоғамдағы рөлін күшейтуге саяды.
Қазақстан – 2030: Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы: Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы, А., 2003
Назарбаев Н. «Қазақстан — 2030». Алматы: Бiлiм, 1998. 12—19, 33-34-бб.
ҚАЗАҚСТАН АСТАНАСЫ
Қазақстанның саяси-әкімшілік орталығы, ұлттық бірлік пен тәуелсіздіктің символы. 1920 жылы 26 тамызда Бүкілресейлік ОАК мен РКФСР ХКК “Қырғыз (қазақ) автономиялы социалистік кеңес республикасын құру туралы” Декрет қабылдады. РКФСР БРОАК-тің 1920 жылы 22 қыркүйектегі жаңа Декретімен Орынбор губернаторлығы мен Орынбор қаласы ҚазАКСР құрамына қосылды.
1920 – 25 жылы Орынбор қаласы Қазақстан астанасы болды. 1925 жылы Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеуден соң, Түркістан АКСР-нің құрамында болып келген Сырдария және Жетісу облыстары, сондай-ақ, Қарақалпақ автономиялық облысы Қазақ автономиялық республикасы құрамына енді, сөйтіп, ел астанасын шалғайда орналасқан Орынбор қаласынан қазақтың қалың ортасына көшіру мәселесі қайта көтерілді. Қазатком сессиясы (қыркүйек, 1924) ел астанасын Ташкентке ауыстыру, оған рұқсат етілмеген жағдайда Шымкентке көшіру жайында қаулы алды. Алайда, Мәскеудіің араласуымен республика астанасы Ақмешітке ауыстырылады деп шешілді.
1925 жылы 9 ақпанда Қазақ АКСР-і ОАК төралқасы О.Исаевтің баяндамасы бойынша мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығарды. Сол жылғы 15 – 19 сәуірде Ақмешітте өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық V-съезі халқымыздың орысша “киргиз” деп аталуын “қазақ”, “Киргиз АКСР-і” атауын “Қазақ АКСР-і” деп өзгерту, ал республика астанасы Ақмешіт қаласының атауын Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылдады.
1925 жылдың көктемі мен жазында мемлекеттік басқару органдары Сыр бойына көшірілді. Орынбор шаһары мен губерниясы Ресей Федерациясы құрамына берілді. Жаңа астана құрылысына және Қызылорданың Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени орталық ретіндегі қызметін орнықтыруға С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов, М.Тынышпаев, А.Кенжин, С.Акаев, А.Серғазин, О.Исаев, С.Сәдуақасов, С.Есқараев, т.б. қоғам қайраткерлері белсенді қатысты. Қызылорда 1929 жылы мамыр айына дейін Қазақ АКСР-і астанасы болды. Сыр бойының экономикалық және табиғи жағдайы қолайсыз дегенді желеу еткен Ф.И. Голощекин басқарған БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті ел астанасын Қызылордадан орысы басым Алматыға ауыстыруды жөн деп тапты.
1927 жылы 3 наурызда Қазақстан астанасын Алматыға көшіру жөнінде Қазақ АКСР-і ОАК мен республика ХКК-нін қаулысы жарияланды. Бұл қаулы Қазақстан Кеңестерінің VI-съезінде бекітілді (1927 жылы 3 сәуір). Қазақ АКСР-і орталығының Алматыға көшірілуі жөніндегі шешімді РКФСР ОАК мен ХКК мақұлдады (1927 жылы 30 мамыр). Ел астанасының Сыр өңірінен Жетісуға ауысуына Түркістан-Сібір темір жолының іске қосылуы да әсер етті. Ауа райы оңтайлы, табиғи көркем жерде орналасқан Алматы аз уақыт ішінде елдің саяси, экономикалық, мәдени орталығына айналды. Бас қала болған жылдары Алматы миллионнан астам тұрғыны бар, жан-жақты дамыған әсем қалаға айналды. Алматы 1997 жылға дейін Қазақстанның астанасы болды.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін астананы елдің оңтүстік-шығысынан республиканың орталық бөлігіне көшіру мәселесі көтерілді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы қаланы анықтау мақсатымен республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттелді. Талдау қорытындылары барлық нұсқалардың ішінен ең қолайлысы Ақмола қаласы екендігін көрсетті. Бұл қаланың орналасқан орны сәулетшілік тұрғысынан кез келген жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Оның үстіне Қазақстанның географиялық орталығы ғана емес, қала елдің аса маңызды шаруашылық аймақтарына таяу, ірі көлік жолдарының торабында орналасқан. Мамандардың бағалауы бойынша Ақмолада тұрғын үйлер мен әкімшілік, іскерлік ғимараттарын салу бағасы Алматымен салыстырғанда едәуір арзанға түседі, бұл – шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Республиканың Жоғарғы Кеңесі ел Президентінің айқын дәлелдерімен келісіп, оның астананы Ақмолаға көшіру туралы ұсынысын мақұлдады.
1995 жылы 15 қыркүйекте ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың “Қазақстан Республикасының астанасы туралы” Заң күші бар Жарлығы жарияланды. Осы уақыттан бастап Республиканың Президенті резиденциясының тұратын жері Ақмола және Алматы қалалары болып белгіленді. Жоғары мемлекеттік органдарды Ақмола қаласында орналастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін ҚР-ның мемлекеттік комиссиясы құрылып, оған орталық және жергілікті атқарушы органдардың бұл мақсаттағы атқаратын қызметін үйлестіру құқығы берілді. Президент Жарлығы бойынша Республика үкіметі Ақмола қаласын абаттандыру жөніндегі бюджеттен тыс қаражатты жинақтау мақсатында “Жаңа астана” қорын ашты.
1997 жылы 20 қазанда Президент Н.Ә. Назарбаев Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады. 1997 жылы 8 қарашада ҚР-ның мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын Алматыдан Ақмола қаласына шығарып салудың салтанатты рәсімі өтті. 1997 жылы 3 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрінің кеңсесі Ақмолаға көшті. Сол жылғы 9 желтоқсанда ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаев Ақмолаға ресми түрде аттанды.
1998 жылы 6 мамыр күні Президент Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып аталды. Қаланың ҚР-ның астанасы ретіндегі ресми тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда болып өтті.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.422-423
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ
Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі экономикасындағы өзгерістер. Тәуелсіздік алғанға дейін шикізат аймағы және арзан жұмыс күші саналып келген республика экономикаға меншіктің көп түрлілігіне негізделген нарықтық қатынастарды енгізе отырып, дербес экономикалық өрлеу жолына түсті.
Тәуелсіздік алғаннан кейін (1991) Қазақстанда экономиканы реформалаудың бірнеше тәсілі қолданылды. Мемлекеттік экономикалық саясаттың базалық бағыттары мыналар болды: 1) Социологиялық экономикадан кейінгі қайта құру; 2) дағдарысқа қарсы бағдарлама; 3) макроэкономикалық тұрақтандыру; 4) дүниежүзілік экономикалық дағдарысты еңсеру; 5) экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету.
Бірінші кезең (1991 – 92) Қазақстанда соц. экономикадан кейінгі экономикалық жағдайдың шиеленісіп, құлдырауымен сипатталады. Бұл 70-жылдардың аяғында КСРО экономикасы нақты секторының жаппай үдере қожырауы салдарынан туған еді, оның үстіне өзгеріске ұшыраған сыртқы және ішкі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси бағытта жүргізілген экон саясат өрістеп кете алмады.
90-жылдардың басында ҚР-ның экономикалық саясаты социологиялық экономикалық жүйені өзгертуге және ұлттық нарықтық экономиканы құруға бағытталды. Негізгі бағыттар мыналар болды: экономиканы ырықтандыру: сыртқы реттеуіштерді енгізу, әлеуметтік-экономикалық аяға мемлекеттің қатысуын шектеп, қамқорлығын азайту, сыртқы экономикалық қызмет нысандарын кеңейту, сырттан инвестициялар тарту, валюталық тәртіпті тұрақтандыру; көп ұстанды экономиканың негіздерін қалыптастыру: экономикада жекеше сектордың жұмыс істеуі үшін жағдай жасау, шаруашылық жүргізуші субъектілерге нарықтық нышандар үлгілерін енгізу, кәсіпкерлікті, шағын және орташа бизнесті дамыту, толымды нарықтық бәсекені өрістету үшін жағдай жасау. Республиканың жалпы ішкі өнімі 1991 жылы ағымдағы бағамен – 85863,1 млн. сом., 1992 жылы – 1217689,2 сом болды. Бағаны ырықтандыру салдарынан үдей түскен инфляцияға байланысты жалпы ішкі өнім ағымдағы бағамен 15 есе көбейді. Тұтыну бағасының индексі 1992 жылы 3060,8%-ды құрады, мұның өзі 1991 жылмен салыстырғанда 12,4 есе (247,1%) көп. Нақты баға мен жалпы ішкі өнім деңгейі 5,3%-ға төмендеді. 1991 жылмен салыстырғанда 1992 жылы экономиканың барлық саласы бойынша өндіріс көлемі күрт азайды. Өнеркәсіптік өнімнің құлдырау қарқыны құрылыста 40,5%-ды, саудада 17,4%-ды, көлікте 19,4%-ды құрады. Өндірістің өсуі тек ауыл шаруашылығында ғана тіркелді. Сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша орта есеппен жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 1991 жылы 5756 АҚШ доллары, 1992 жылы 5561 АҚШ доллары болды.
1992 жылы Қазақстанның стратегиялық дамуының алғашқы бағдарламасы – “Қазақстанның егеменді және тәуелсіз мемлекет ретінде дамуының қалыптасу стратегиясы” қабылданды, мұнда мемлекет дамуының басым бағыттар айқындалды және экономика аясында стратегиялық мақсаттар белгіленді, олар: бәсекеге негізделген, экономикалық және әлеуметтік өзара байланыстардың жалпы жүйесінде әрқайсысы өз міндеттерін орындайтын негізгі меншік нысандары (жекеше және мемлекеттік) ұшырасатын және өзара байланыста болатын әлеуметтік нарықтық экономика құру; адамның экономикалық өзін-өзі билеуі қағидасын іске асыру үшін құқықтық және басқа жағдайлар жасау.
Екінші кезең (1993 – 94) экономикалық дағдарыстың түйінді кезеңіне айналады, бұл дағдарыс мыналардан көрінді: Ресей Федерациясымен шаруашылық байланыстардың үзілуі және осының салдары ретіндегі төлем төленбеу дағдарысы: кәсіпорындардың өзара борыштары 1993 – 94 жылдары және 1995 жылдың басында 634913 млн. теңге болды; инфляция (гиперинфляция) өрши түсті: 1993 жылы тұтыну бағасының индексі 2265% деңгейіне жетті. (Ресей Федерациясынының жаңа рублінің инфляциясы); өнеркәсіптің шегіне жете құлдырауы: өндірілген ұлттық табыс 1991 – 93 жылдары 1976 жылғы деңгейге дейін төмендеп, жалпы құлдырау 38,2% болды.
90 жылдардың басындағы жалпы экономикалық дағдарыс халық тұрмысының күрт нашарлауына әсерін тигізді: 1990 жылдан 1994 жылға дейін тұтыну қабілетінің тепе-теңдігі бойынша жан басына шаққанда орта есеппен жалпы ішкі өнім 20%-ға азайып, 4711 АҚШ доллары болды. Бұл кезеңде халықтың жаппай көші-қоны басталды, ол 1994 жылы теріс сельдоға жетті (-410387 адам). Жалғастырылған реформалардың мақсаты мына шараларды көздеді: меншік қатынастарын қайта құру жеке меншікті заңдастыру жағына ойысты; “рубль аймағынан” шығу және ұлттық валюта – теңгені енгізу (1993 жылы қараша); валюта-қаржы және банк жүйесін өзгерту; инфляция мен бюджет тапшылығын кемітуге қатысты қатаң шектеу шараларын жүзеге асыру; алтын-валюта сақтық қорларын еселей түсу.
Бұл кезеңде үкімет дағдарысқа қарсы шаралар бағдарламасын қабылдады, ол инфляция деңгейін азайтуға және өндірістің құлдырауын шектеуге бағытталды. Қаржы секторы беретін қарыздардың көлемін шектеуге қосымша несиенің “бағасын ұтымды ету” талабы, яғни жоғары пайыздық мөлшерлеме белгілеу қарастырылды. Бұл шара жекеше жинақ ақшасының өсуіне септігін тигізетін, қарыз қорларына жұмсалатын шығынның өсуі себепті банк секторының қарыздарына жалпы сұранымды қысқартуға жәрдемдесетін барынша тиімді шаралардың бірі ретінде қарастырылады. Мұндай жағдайда ҚР-ның Үкіметі басшылық нұсқамасымен “директивалық” несиелер беру есебінен кәсіпорындарға талғамалы қолдау көрсетуге тырысты: 1994 жылы оның көлемі 14063,7 млн. теңге болды. Тұрақтандыру бағдарламасы шеңберінде қолданылып жатқан шараларға қарамастан мемлекеттің нысаналы несиелері көбінесе қайтарылмайтын несиелерге айналды.
1994 жылдың аяғына қарай шамамен 2300 млн. теңге (яғни бөлінген несиенің алтыдан бір бөлігі) қайтарылды. Бұл кезеңде жалпы ішкі өнімнің серпіні өндірістің шапшаң құлдырауымен сипатталды, ал 1995 жылдың басына қарай жалпы ішкі өнімнің көлемі 1990 жылғымен салыстырғанда 61,4% болды. Дағдарысқа қарсы бағдарламаның нәтижесінде таза жинақ қаражат – өндірісті тұрақтандыратын әлеуетті инвестициялар өсуге тиіс еді. Алайда, жинақ қаражат күткендегідей өсе қоймады: халықтың салымы небәрі 606,9 млн. теңгеден (1.1.1994) 1673,5 млн. теңгеге дейін ғана көбейді, ал банктердегі ағымдағы, есеп айырысу және депозиттік шоттардың қалдықтары тиісінше 4154,1 млн. теңгеден 12472,0 млн. теңгеге көбейді. Сөйтіп, экономиканың нақты секторында болған тұрақсыздану өндірістің құлдырауын ушықтыра түсті. Тек 1994 жылы ғана Қазақстан өз өнеркәсібінің ширегінен астамынан айырылды. Дағдарысты шектеу қатаң экономикалық саясат жүргізуді талап етті, соның салдарынан әлеуметтік-экономикалық ахуал одан әрі нашарлады. Қазақстанның экономикалық саясатына түзету енгізудің нәтижесінде экономика дәрменсіздіктен серпіліп, макроэкономика тұрақтану үшін жағдай жасауға мүмкіндік туды. Бұл кезде Қазақстан Халықар. валюта қорына кірді, ол елге дағдарысты еңсеру үшін нысаналы несие бөлді.
Үшінші кезеңде (1995 – 97) Макроэкономиканы тұрақтандыру бағдарламасы қабылданды, ол қатаң шектеу арқылы инфляцияны төмендетуді көздеді. Тұрақтандыру бағдарламасы мынадай мақстаттарды алға қойды: нарықтық экономикалық институттары мен инфрақұрылымды дамыту; халықаралық стандарттарға сәйкес екі деңгейлі банк жүйесін жаңғырту, инвестициялық және сақтандыру компанияларын, биржалар мен аудитаорлық фир-малар құру; қатаң ақша-несие және нысапты бюджет-салық саясатын жүргізу; ұлттық валюта бағамының тұрақтылығына қол жеткізу; атаулы жалақыны шектеу; берілетін несиелерді шектеу және ақша массасының қатаң көлемін (11722 млн. теңгеден аспайтын) белгілеу.
Бұл кезеңде шетел капиталы кеңінен тартылды, рыноктер мен нарықтық құрылымдарды дамыту үшін жағдай жасалды. Қолданылған шаралардың нәтижесінде 1996 жылдың қарсаңында теңгенің валюталық бағамы тұрақтанды (1994 жылы – 1 доллар үшін 35,76 теңге, 1995 жылы – 60,93 теңге, 1996 жылы – 67,29 теңге), бюджет тапшылығы азайды, өнеркәсіптің сыртқа шығаруға бағдарланған біршама салаларында өндіріс жанданды. Әлеуметтік аядағы қаржы –экономикалық қайта құрулар қаржы жүгін республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке беру, көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын, әлеуметтік сала мекемелерінің қызметін жаңа экономикалық бәсекелестік қатынастарды енгізіп, дамыту, қаржыландырудың бюджеттен тыс көздері мен көлемдерін ұлғайту бағытында жүзеге асырылды. Қаржы қорларын шектеу жағдайында негізгі қаржы-экономикалық өзгертулер аралас қаржылардың жаңа үлгілеріне көшу негізінде қаржыландыру жүйесін өзгертумен ұштастырыла жүргізілді, мұнда бюджеттен қаржыландыру, сақтандыру жарналары мен жекеше инвестициялар негізгі көздерге айналды. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 1994 жылмен салыстырғанда 1997 жылы 14,1 млрд. теңге деңгейіне дейін көбейді.
1997 жылдың бас кезінде экономиканың жай-күйін мынадай факторлармен сипаттауға болады: ісжүзінде барлық тауарлар мен қызметтердің бағасы босатылды немесе ырықтандырылды, негізгі заңдық актілер өзгертілді, олар реформаларды жүргізуге мүмкіндік туғызды, сыртқы экономикалық қызмет ырықтандырылды, нарық талаптарына сай келетін жаңа салық базасы жасалды, меншік қаржы рыногі құрылды, банк жүйесі жаңғыртылды, оның инфрақұрылымы дамытылды; мемлекеттік бағалы қағаздар рыногі құрылды, мемлекеттік меншікті жекешелендіру қарқынды жүргізілді. Алайда, қатаң ақша-несие, бюджет-салық саясатының экономикалық тұрғыдан тиімді нәтижелеріне қарамастан бұл кезеңде халықтың әлеуметтік-демографиялық ахуалы күрт нашарлады: халықтың өсіп-өну деңгейі кеміді; өмірдің ұзақтығы қысқарды; білім деңгейі төмендеді; материалдық әл-ауқат құлдырап кетті: қазақстандықтардың 31 %-ға жуығы тұтыну қоржынының ең төменгі деңгейінде өздерінің күнкөріс қажеттерін қанағаттандыра алмады, жұмыссыздық деңгейі екі есеге жуық көбейді.
Бұл кезеңде бұрынғы әлеуметтік саяси қағидаларын өзгерту қажеттігі туды: халықтың әлеуметтік қорғаудан әлеуметтік көмек пен қолдауға көшу, сондай-ақ, әлеуметтік саладағы мемлекеттік қамқорлықты қысқарту қажет болды. Бұл нарықтық реформалар кезеңінің басты жетістіктері: елде тұрақты әлеуметтік-экономикалық жағдай сақталды; ұлттық ақша бірлігі енгізілді және дербес ұлттық ақша саясатын жүргізу мүмкіндігі туды: Қазақстан рыногі тұтыну тауарларымен молая түсті; республиканың тәуелсіздігі мәртебесін дүниежүзілік қоғамдастығы мойындады және ол халықаралық қаржы институттарына кірді. Әлеуметтік-экономикалық шаралардың іске асырылуы Қазақстанда жекеше зейнетақы, сақтандыру және медициналық қорларын құруға жол ашты.
Төртінші кезеңде (1998 – 99) Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. “Қазақстан – 2030”: Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының жақсаруы: ел Президентінің “Қазақстан халқына жолдауы” (1997 жылы күз) бағдарламасы – ҚР-ның ұзақ мерзімді стратегиялық дамуының тұжырымдамалық негізі – даму бағыттары және елдің дамыған елдер тобына шығу жолдары айқындалды. Стратегияның міндеттеріне сәйкес Қазақстан 2030 жылға қарай дамыған мемлекеттердің деңгейіне жетіп, әлемнің ең дамыған 20 елінің қатарына қосылуға тиіс
1997 жылдың аяғында басталған дүниежүзілік қаржы дағдарысы Қазақстанның экспорттық салаларына айтарлықтай ықпал жасады. Ұзақ мерзімді стратегияның алдын-ала белгіленген кезеңін іске асыру мақсатында Президенттің 1998 жылы 28 қаңтардағы Жарлығымен ҚР дамуының 1998 – 2000 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бекітілді, ол дүниежүзілік қаржы дағдарысының зардаптарын еңсеруге, экономиканың нақты секторын сауықтыру жолымен экономикалық өрлеуді қамтамасыз етуге, бюджеттік аяны реформалауға, белсенді әлеуметтік саясат жүргізу жағдайында ел экономикасына жұмсалатын инвестицияларды көбейтуге бағытталды. Бұл кезеңде теңгенің өзгермелі бағамы енгізілді (1 АҚШ доллары 1998 жылы – 78,29 теңгеге, 1999 жылы – 119,64 теңгеге тең болды), мұның өзі 1996 жылмен салыстырғанда 12%-ға азайған (1998) өнім экспортын ынталандыруға мүмкіндік берді. 1999 жылы экспорт көл. 5592,2 млн. АҚШ долларына жетті; Бұл кезеңде тұтыну қабілетінің тепе-теңдігі бойынша жалпы ішкі өнім 74891,6 млн. АҚШ долла-рынан (1998) 77976,8 млн. АҚШ долларына (1999) көбейді. Жалпы ішкі өнімнің нақты көлемі 2,7%-ға артты.
Бұл кезеңде зейнетақы реформасы (ынтымақты зейнетақы жүйесінен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу) жүргізілді, ол ішкі қорлануды одан әрі ұлғайтып, ішкі инвесторлардың қалыптасуына жағдай жасады. 1998 жылдың соңында зейнетақының қоры 23-542 млн. теңгеге жетті, бір жылдан кейін ол 2,7 есеге көбейді (64504 млн. теңге).
Бесінші кезеңде (2000 жылдан қазірге дейін) Қазақстан экономикалық өрлеу жолына түсті. ҚР дамуының 1998 – 2000 арналған стратегиялық жоспарын іске асырудың оң тәжірибесі бюджеттік-қаржылық өзара іс-қимыл мен реттеудің жаңа қағидаларына негіз қалады, оның серпіні мына мақсаттармен айқындалды: 2000 – 02 жылдары орталық және жергілікті атқарушы органдар арасында қаржы экономикалық міндеттерді бөлісу; 2001 жылдан бастап елдің экономикалық дамуын жоспарлауға көшу.
Бұл кезеңде жалпы ішкі өнім жыл сайын өсіп отырды: тұтыну қабілетінің тепе-теңдігі бойынша 2000 жылы – 87607,5 млн. АҚШ доллары, 2001 жылы – 101674,1 млн. АҚШ доллары. 2002 жылы жалпы ішкі өнім көлемі бұрынғыдан 9,5%-ға көбейді. 1999 – 2000 жылдары бейқаржылық активтер негізінен шетелдік инвестициялардан құралса (тиісінше 57% және 51%), 2001 жылы ішкі инвестициялар тұңғыш рет салымның 60%-нан астамын құрады. Инвестициялардың жалпы сомасы 1158,1 млрд. теңгеге жетті. 2000 – 02 жылдары елдің экономикалық дамуы үшін инвестициялық мүмкіндіктер жасауға баса назар аударылды. Өз қызметін экономиканың басым секторларында жүзеге асырушы инвесторлармен 119 келісімшарт жасалды, негізгі капиталға 165 млрд. теңгеден астам сомада (1,2 млрд. АҚШ доллары) инвестициялық міндеттеме қабылданды.
2001 жылы негізгі капиталға жұмсалған инвестициялардың көлемі 775,7 млрд. теңгені құрады, бұл бұрынғы жылдағадан 21%-ға көп. 2001 жылы 4 желтоқсанда Президенттің Жарлығымен “Қазақстан Республикасы дамуының 2010 жылға дейінгі стратегиялық жоспары” бекітілді. Қазіргі кезде 2010 стратегиясы (2001), Үкіметтің 2002 – 04 жылдары арналған іс қимылдар жоспары (2002) және соның негізінде әзірленген 2003 – 05 жылдарға арналған республикалық бюджеттің болжамдық көрсеткіштері (2002) экономика үшін негіз ретінде басшылыққа алынып отыр.
Негізгі мақсат – бәсекелестік қабілеті күшті экономика құру, жалпы ішкі өнімді 2002 жылмен салыстырғанда 2 есе көбейту. Мұндай ілгерлеуге стратегиялық салаларды – мұнай-газ секторын, энергетика мен аграрлық-өнеркәсіптік секторды оңтайлы реттеу жолымен қол жеткізіледі. ҚР-ның 2003 – 2005 жылдарға арналған мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдарламасының қабылдануы осыны қуаттайды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 13 жыл ішінде Қазақстанда әлеуметтік, зейнетақы жүйесі, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық реформалары жүргізілді, қызмет көрсету аясы 100%-ға жекешелендірілді, жер реформасын жүргізу үшін жағдай жасалынды. 2006 жылы 15 қарашадан бастап жаңа ақша айналымға шықты.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.443-447
ҚАЗАҚТЫҢ ҚАН ҚАТҚАН ҚАСІРЕТТІ ТАРИХЫ БАР
Иә, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған адам баласын айыптаудың, жазғырудың, жазалау мен қуғын-сүргінге ұшыратудың ең биік шыңы болған – 1937 жылғы репрессияға биыл 60 жыл болды... Өткенді ой елегінен өткізу қашан да ауыр. Әсіресе, үш ғасырға жуық уақыт бойы Ресей империясының теперішінде тепкі көріп келген қазақ халқы үшін соңғы өткен 73 жыл сондай қасіретті де запыранды, зұлматтар мен нәубеттер кезеңі болды. Сондықтан тарихының әр беті қанға боялған бұл зобаландарды тәуелсіздік туын желбіреткен қазақтың бүгінгі ұрпағының ұмытуға ешқандай қақысы жоқ!
Үстіміздегі жыл бұрынғы «көп ұлтты» Кеңестер Одағындағы жалғыз Қазақстанда ғана – «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып ресми түрде жарияланып отыр. Неге жалғыз Қазақстанда...?! Сонда 30-жылдардағы сталиндік геноцид тек қазақ даласында болғаны ма? Олай болса, 1993 жылы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен алынған «1930–1940 жылдары және 50-жылдардың бас кезінде бұрынғы Кеңестер Одағында 3 млн. 778 мың 234 адам сотталып, олардың 786 098-і атылған» деп «тайға таңба басқандай» анық келтірілген деректерді қайда қоямыз?
...Сөйтсек, қырып-жоюдың ең сұмдығы осы ұлы далада, қазақ жерінде болған екен. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік комитеті берген мәліметгер бойынша осы жылдары Қазақстандағы қуғын-сүргінге ұшырағандардың саны 101000 адамға жетіп, оның 28-30 мыңдайы ату жазасына кесілген екен. Ал бұл қатып-семген қаралы сандарды басына түсірген ұлттарға шақсақ, қазақ халқының маңдайына ең көбін жазғанын байқау әсте қиын емес. Оған 30-31 жылдардағы ашаршылықты, қуғын-сүргіндерді, қазақ даласына айдалған ұлттарды, «КАРЛАГ», «АЛЖИР» сияқты «Халықтар түрмелерін», ядролық сынақтар полигондарын, жерінің ойран-ботқасын шығарған «тың және тыңайған жерлерді игеруді», Арал қасіретін, 1986 жылғы жастар қозғалысын қоссаңыз ...небір зар замандарды көрген тарихтың өзі теңселіп кетері даусыз.
1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы шықты. Онда 1917 жылдан 1991 жыл аралығында қудалауға түскендердің барлығы да «саяси қуғын-сүргін құрбандары» болып саналған. Ал негізінде, Қазақстандағы зорлық пен зомбылық 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен басталып, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісімен сабақтасып жатыр. Міне, осы аралықтағы алпыс жыл қазақ халқының, елінің, жерінің ең бір азапты да қасіретті жылдары болды десе де болады. Мұндай қиын-қыстау күндерді қазақ халқы жан-жағынан анталаған жаугершілік замандарда да көрмеген еді.
Сонымен нағыз апокалипсис (ақырзаман) кезеңі қазақ жеріне 1916 жылы келді. Сол жылы патша үкіметі «қазақтан солдатқа адам алмаймын» деген келісімін бұзып, 19-31 жас аралығындағы қазақ жігіттерін майданға окоп қазуға алу жөнінде жарлық береді. Оған қазақ халқы түгелдей наразылық білдіріп, ұлт-азаттық көтерілісіне шығады. Бірақ, бақайшағына дейін қаруланған патша әскеріне төтеп бере алмай, ұрыс даласында 30 мыңдай жігітін қалдырып, Орта Азия мен Қазақстаннан майдан жұмыстарына 250–300 мыңдай (көбісі қазақтар) адам айдалады. Ондағы ұрып-соғудың, аштық-жалаңаштықтың, ауру-сырқаудың салдарынан он мыңдаған қазақ туған жеріне қайтып оралмады. Ал олардың бос жатқан жерлерін орыс кулактары мен казактар келіп басып ала бастады.
Міне, қазақ жері осындай қысталаң жылды басынан кешіріп жатқанда қан қызыл жалауын желбіретіп Кеңестер үкіметі орнады. Халықтар достығын жырлап, кедей-шаруалардың намысын жыртамыз деп келген оларға халқымыз алғашында сенгендей де болды. Соның өзінде қызылдар мен ақтардың кезек-кезек шауып, тонауынан 1916–21 жылдары шетке 350 мыңдай қазақ үдере көшіп кетті. Азамат соғысынан кейін және төңкеріс жылдарындағы шаруашылықтардың күйзелуі салдарынан, сол 1916–21 жылдардағы ашаршылықтан 800 мыңдай қазақ қырғынға ұшырады. Осылай Кеңестер үкіметінің келуі қазақтар үшін қырғынмен басталды.
Бұдан кейінгі қазақ жеріндегі өзгерістер 20–30 жылдардағы қалыптасқан тоталитарлық жүйелердің қыспағымен, Мәскеудің айтқанымен жүргізіліп, халқымыздың бір бөлігін құрбан етумен жүзеге асырылды. Бұл, әсіресе, малын бағып тып-тыныш жатқан қазақтарды күштеп ұжымдастыру кезінде, 20 жылдардың екінші жартысында анық көрінді. Тіпті, бар билік қолдарына тиіп дандайсыған «белсенділер» 1928 жылдың 27 тамызындағы үкімет қаулысы бойынша байларды тәркілеу кезінде мал мен астық жоспарын асыра орындау мақсатында халықтың қолындағы малын сыпыра тартып алу науқанын аса қаталдықпен жүргізді. Халық санасында «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сөздермен қалған бұл қолдан жасалған зорлықтан кейін 1926 жылдарда республикадағы 44 млн. 723 мың 200 бас малдан 1932 жылдары 4,5 млн. бас мал ғана қалды. Халыққа жасалып жатқан бұл зорлық елдің наразылығын тудырып, 1929 жылы – Тақтакөпір, Бостандық, Бетпаққара, Наурызым, Торғай; 1930 жылы – Ырғыз, Шалқар, Қарақұм, Қызылқұм, Шоқпар, Сарқант, Созақ, Ақсу, Шұбар, Талас, Сарысу, Қордай, Өскемен және т. б; 1931 жылы – Абай, Табын, Қарқаралы, Абралы, Қу, Шыңғыстау, Шұбартау және тағы басқа (барлығы 372) көтерілістерге ұласты. Бірақ халықтың бұл бой көтерулерін қарудың күшімен қан жоса етіп аямай басқан «қызылдар», тірі қалғандарын «итжеккенге» айдады.
Міне, осылай аз ғана уақыт ішінде күнкөріс малынан, азын-аулақ азық – түлігінен айырылған халық жаппай аштан қырыла бастады. Елімізге орны толмас апат әкелген 1931-1933 жылдардағы аласапыран ашаршылық бүгінгі демографтарымыздың деректері бойынша (әртүрлі мәліметтер келтіріліп жүрсе де) 1,6 млн. қазақтың өмірін жалмаған екен. Ал шетке көшіп кеткені (қайтып оралмай қалғандары 615 мың адам) бар, қуғын-сүргінге ұшырағаны бар 1,5 млн. қазақ атамекенін тастап, босып кеткен. Бұның бәрі қосылып сол ашаршылық алдында 5 млн. 873 адамы бар Қазақстан халқын 70 процентке кеміткен. Тіпті, сол ашаршылық жылдары емшектегі сәбилердің 72 проценті, 7 жасқа дейінгі балалардың 60 проценті қырылып калған. 1932 жылы тек 68617 жетім балалар үйіне әкелінсе, 1933 жылы 1 қаңтарға дейін 45100 бала панасыз қалып, оның 1682-сі аштан өлген.
Мұндай өте қысқа мерзімде, осыншалықты шығынға ұшыраған халық оған дейін де, одан кейін де адамзат тарихында болған емес. Ал екі қолы білегіне дейін қызыл қанға боялған «қызылдар империясы» өзінің қитұрқы, зымиян саясатын одан әрі жалғастырып, «босап» жатқан қазақ жеріне жан-жақтан басқа ұлттарды қуып әкеліп тоғытумен болды. Мысалы, 1930 жылдары бір ғана Балқаш пен Қарағандыға 190 мың жұмысшы әкелінсе, жаңадан бой көтеріп жатқан құрылыстарға, индустрия ошақтарына 1 млн-ға жуық қоныс аударушылар келіпті. Яғни, қазақ халқы өз жерінде аштан қырылып жатқанда, басқа республикалардан келген адамдар есебінен Қазақстан халқы «толықтырылып» отырған екен.
Одан кейін бұл қырғынды аз көргендей қылышын сүйретіп 37-жылдың қуғын-сүргіні де жетті. Жаңа ғана есін жия бастағандай болған елге бұл соққы да қатты тиді. Қазақтың қамын жейтін нағыз марқасқалары мен жайсандары «халық жауы» болып қаралы тізімге ілікті. Бұл зобалаң Ә.Бөкейханов, Т. Рысқұлов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, С. Асфендияров, С. Сейфуллин, М. Жұмабаев, Б. Майлин, I. Жансүгіров, О. Жандосов сияқты халқымыздың сүт бетіне шығар қаймағындай мыңдаған ұл-қыздарының өмірін қиды. Екі қырғынды басынан кешіріп әбден тоза бастаған қазақ жері енді «халықтар түрмесіне» айналып, КАРЛАГ пен АЛЖИР-да (Акмолинский лагерь жен изменников родины) бүкіл Кеңестер Одағынан жиналған «халық жаулары» азап шекті. Бұл Сталин бастаған, Голощекин қоштаған Қазақстандағы «ұлы» қуғын-сүргін 53 жылдарға дейін жалғасты. Сонда да бұл террор жаны сірі халқымызды құртып жібере алмады.
Тіпті, ел басына күн туса барлық қайғысын ұмытып кететін халқымыз кешегі Ұлы Отан соғысында да өшпес ерлік көрсетіп, қан майданда 350 мың ұл-қызын тастап оралды. Ал бұл кезде қазақ жері жан-жақтан келіп жатқан халықтарды бауырына басып, бірігіп еңбек етіп жатқан еді. Атап айтқанда, 1937 жылы сонау Қиыр Шығыстан 95 мың кәріс Сыр мен Жетісу өлкесіне күшпен жер аударылса, 1940–41 жылдары Батыс шекарадан 10,5 мың поляктар, соғыс басталысымен Еділ бойындағы бір миллионнан астам немістің 400 мыңы, 1943 жылы 2 мыңнан астам қалмақ, 30 мындай қарашай, 1944 жылы 18 мыңнан аса қырым татарлары мен балқарлар, 310 мың чешендер мен 79 мың ингуштар ата мекендерін суытып, кешіп келуге мәжбүр болады. Оларға қоса гректер, курдтар, түрк-месхеттер, түріктер де мың-мыңдап айдалып әкелінді. Тіпті, ол аздай 1948–56 жылдары «бұрынғы басмашылар мен власовшылар» да осы Қазақстанға жіберілді ғой. Сонымен қазақ жеріне зорлықпен көшірілген халықтар саны бұл кезенде 974 мыңға жетті. Оның үстіне соғыс кезінде жау қолында қалған қалалар мен елді мекендерден 1,5 млн. адам Қазақстанға жан сақтауға тағы көшірілді.
Міне, осылай қазақ даласы он-он бес жылдың айналасында қуғын-сүргінге ұшыраған ондаған ұлттар мен ұлыстардың «құтты мекеніне» айналып шыға келді.
Бірақ, Кеңестер империясындағы қуғын-сүргін, халықтарды жылы орындарынан күштеп көшіру – «халықтар көсемі» И. Сталин өлген соң да тоқтай қойған жоқ. Коммунистік партияның саясаты ұнамаған, оған қарсы сөйлеген оқымысты азаматтардың көпшілігі қудалауға түсіп, «жындыханаларға» жабылып жатты. Кезінде халқымыздың біртуар ұлдары М. Әуезов, Қ. Сәтпаевтар да осылай Кремльдің қаһарына ұшырағаны бар. Дегенмен де миллиондаған халықтарды қан-қақсатқан большевиктер империясы өсіп-өркендей берді. Бірақ, «халықтар лабораториясына» айналған Қазақстан олардың көзінен ешқашан тасада қалмады. Соның дәлелі етіп 1949 жылы Семей жерінде ең алғашқы атом бомбасын сынаса, 1954 жылы «тың және тыңайған жерлерді игереміз» деп, елімізде тілгіленбеген жер қалдырмады. Сөйтіп, ұлан байтақ қазақ даласында 20 млн. гектар жер әскери мекемелердің қарауына көшіп, 25 млн. гектар жер жыртылып, егіс алқаптарына айналды. Бұл жылдары Қазақстанға «тың игеруге» келіп қоныстанып қалған басқа ұлттардың саны 2 миллионға жақындап қалды. Оның үстіне Қазақстан Магниткасына – 26 мың, Соколов–Сарыбай комбинатына – 30 мың адам сырттан тағы әкелінді.
Осының бәрі жинала келіп, қазақ халқы өз атамекенінде азшылыққа ұшырап, тілі, діні, әдет-ғұрпы құрып кетуге аз қалғанда, тартқан мехнаттары шегіне жетіп, 1986 жылғы Желтоқсанда бұрқ етіп жарылып кеткен еді. Қазақ халқының үш ғасырлық елі, жері үшін толассыз күресіп келген ұлт-азаттық көтерілістерінің ең соңғысы болған бұл жастардың қозғалысы кеңестік темір құрсауды қақырата жыртып, оның тар қапасында тұншығып жатқан ондаған халықтарды оятып, бостандықтың, тәуелсіздіктің нұрын септі. Алайда осы жерде, өткен жылы ғана 10 жылдығын атап өткен Желтоқсан көтерілісінде қудаланған қазақ жастарын бүгінде кейбіреулер «жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарының» қатарына жатқызғысы келмей жүргенін айтпай кетуге де болмайды.
Қазір сол бір қиын-қыстау күндері тағдыр айдап келіп, кең байтақ даламызда табыстырған бірнеше ондаған халықтар, ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бірақ олар өткен күндердің қуғын-сүргіндерін, сталиндік террор мен геноцидтің зардаптарын, азып-тозып келгенде жылы құшағын ашқан қазақтың бауырмалдығын ұмытуға тиіс емес. Сонда ғана қазіргі тұрып жатқан жас мемлекетімізде татулық, тыныштық, бақытты өмір орнайды.
13 желтоқсан, 1997 жыл.
НАМЫСТЫ ҚАЙРАҒАН... «МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ»...
Негізінде, адам өмірінің көп күні бір сарынды өтеді. Мысалы, сонау бала кезде бақандай он жылың мектеп пен туып-өскен шаңырағың арасында өтіп береді. Ал үлкейгенде – таңертең жұмысқа, кешке үйге асығасың. Міне, сөйтіп, апталар асыға, жылдар жүйіткіп өте шығады. Былай қарасаң, оның көбі бір-біріне сойып-қаптап қойғандай ұқсас күндер. Дегенмен, сол егіз күндер ішінде өмірі ұмыта алмайтын сәттер де болды. Тіпті, осыдан 13 жыл бұрын өткен күндердің де ойдан кетпейтін белгісі бар...
...Осы күнге дейін жадымда жатталып қалыпты. 1992 жылдың жанға жайлы маусым айының 7-жұлдызы-тұғын. Күн жексенбі болған соң, жатақхананың аядай бөлмесіне сияр емеспін. Әлгінде ғана осы өткен аптада жиналып қалған газет-журналдарды оқып тастағанмын. Сондағы бір оқиға естен кетпей-ақ қойғаны. Соған байланысты өз ойымды күнделігіме жазып тастамақ болып қағаз-қаламды қолыма алдым. Әйтпесе, ол ойдан әсте құтыла алар емеспін...
...Нақтылай айтсам, осы 1992 жылдың 4 маусымы күні мен үшін ғана емес, барша қазақ үшін тарихи маңызы бар тағы бір оқиға өтті. Ол – республика Жоғарғы Кеңесінің нақ осы бейсенбіде (4 маусым) өткен ҮІІ сессиясында жас Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік Туының, Елтаңбасы мен Әнұранының қабылдануы еді. Міне, сөйтіп біздер осы күні көк аспан аясында жарқырай сәулесін шашқан Алтын Күн астында емін-еркін самғаған Қыран Құс бейнеленген – Мемлекеттік Туды, Көк Аспан бедеріндегі шаңыраққа шаншыла қадалған 72 уық пен көне аңыздардағы қос мүйізді, құс қанатты қос пырақтың бейнесі көмкерілген – Мемлекеттік Елтаңбаны көру бақытына кенелдік. Ал, Мемлекеттік Әнұранның сол бұрынғы музыкалық жобасы қалдырылып, сөзі келесі сессияда бекітілетін болып келісілді.
Міне, осылай еркін, егемен, тәуелсіз Қазақ мемлекеті – өткені, бүгіні мен ертеңін сабақтастыратын, оның ерекшеліктерін, мүдделері мен қағидаларын жаңғыртатын өзінің қасиетті белгілерін айқындап алды. Оларды көзімізбен көріп, жүрегімізге қуана қабыл алған біз қандай бақытты ұрпақпыз десеңші!... Әсіресе, ертесіне Абай атындағы опера және балет театрында Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы көк байрағы – Мемлекеттік Туды Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бір тізерлей тағзым ете сүюі қандай әсерлі, тебіреністі болғанын сөзбен айтып жеткізу, мүмкін емес-ау...
...Содан 6 маусым, сенбі күні мен қалған ақшамды алуға «Орбита» ықшамауданындағы жинақ кассасына барған едім. Бірақ, ол сағат 10.00-де ашылатын болып, біраз уақыт күтуге тура келді. Уақыт босқа өтпесін деп, сол маңдайдағы дүңгіршектен газеттер сатып алдым. Оқып қарасам, мәссаған!.. Мемлекеттік Тулар бүгін ауыстырылады екен. Мен күтіп тұрған істерімді былай ысырып тастадым да, Республика алаңына тура тарттым. Алайда, сонша асығып жеткенімді қайтейін, Президент үйі (қазіргі Алматы қалалық әкімшілігінің ғимараты) төбесінде бәз-баяғынша бодандықтың белгісіндей болып көк жолақты қызыл жалау сүмірейіп тұр екен. Оған қарап «Қаншама қазақтың қанын арқалап бара жатырсың. Алды-артыңа бір уыс топырақ!» – деп, күбірлеп сөйлей бергенімді өзім де сезбей қалдым...
Дегенмен, әрі-бері күтіп, Тулар ауыстырыла қоймаған соң, өз шаруаларыммен жүгіріп кеттім. Содан кешкі сағат жетілерде қайта айналып соқсам, қазақтың Көк Байрағы көк аспанда ақырын тербеліп тұр екен. Оған қарап тұрып көңілім бұзылып, көздерім қуаныш жасына толып кетті. «Шіркін-ай, осындай өмірде бір-ақ рет кездесетін сәтте жаныма емен-жарқын сыр шертісетін бір адамды ертпегенім-ай...» деп ойлай бердім, сол сәтте.
Осыдан көп ұзамай Қазақстанның жаңа Мемлекеттік Әнұраны қабылданғанының куәсі болдық. Бірақ, шынымды айтқанда, бұл әннің сөзі де, әні де айтуға қиын тиді. Өйткені, осыдан кейін мектептерде, жоғары оқу орындарында өткен түрлі кездесулерде жаңа Әнұранды ешкім айта алмағанын байқап жүрдім. Тіпті, менің өзім оның сөзін қанша жаттасам да көп ұзамай ұмыта берген соң, жұмыс үстелімдегі алдымда тұрған қалам-қарындаш салғышқа жапсырып тастағаным есімде. Осы орайда, көңіл түкпірінде әлдебір ойдың болғанын несін жасырайын.
Әлі есімде... Сол бір желтоқсанның 18-і күні солдаттар мен милиция қызметкерлерінен қанша таяқ жесе де, шеруге шыққан жастар алған беттерінен қайтпай Фурманов көшесімен «Менің Қазақстаным» әнін айтып алаңға қарай жүрген еді. Сонда бұл ән барлығымыздың жүрегімізге рух беріп, намысымызды қайрай түскен болатын. Тіпті, осыдан көп өтпей дәл осы көшеден де күшпен қуып шығарылғанда да жастар еңсесін түсірмеген-тұғын. Тек, арамыздағы қамкөңіл қайсыбіреулеріміздің көңілдері босап, сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінен қалған «Елім-айды» айтып, ботадай боздай бастаған еді. Оған басқалардың жүректері ауырып, қыздарымыз қолдарын көздеріне апара бергенде... шерудің алдыңғы жағында кетіп бара жатқан бір өжет қыз «Зарламаңдаршы» деп тиып тастаған-ды.
Міне, осы «Менің Қазақстаным» әні содан кейін де қиналғанда күш беретін ұранға айналып кетіп еді. Тіпті, бұл ән еліміз Тәуелсіздігін жариялаған қуанышты сәтте де төбемізде қалықтаған-тұғын. Өйткені, оны елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері де жатқа білетін. Сол себептен де «Менің Қазақстан-ным» әні еліміздің Әнұраны болуға сұранып-ақ тұрды. Осыны аңғарған халық та Әнұранды өзгертуді жиі-жиі айтып та, жазып та жүрді.
...Сөйтіп, ақыры бұл мәселеге Елбасының өзі мән беріп, Парламенттің қарауына қойды. Бұл ретте, Нұрсұлтан Әбішұлының өзі тікелей кезінде Жұмекен Нәжімеденов жазған әннің мәтініне заман талабына қарай аздап өзгертулер енгізді. Содан 2005 жылдың 29 желтоқсанында ҚР Үкіметінің ұсынысымен әнін – Шәмші Қалдаяқов, сөзін – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев жазған «Менің Қазақстаным» әні ҚР Парламенті Мәжілісіне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранның жобасы ретінде келіп түсті. Ал жаңа 2006 жылы 6-қаңтарда ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік нышандары тура-лы» ҚР Президентінің конституциялық күші бар Жарлығына өзгертулер енгізу туралы» Заң жобасы екі оқылымда талқыланып, қабылданды.
Демек, 1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында жастардың намысын қайраған «Менің Қазақстаным» әні енді бұдан былай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны ретінде шырқалатын болды. Бұл ретте айта кететіні, Мәжіліс депутаты Михаил Трошихин ұсынғандай жаңа Әнұран шырқалғанда Қазақстан азаматтары орындарынан тұрып, оң қолын жүрегінің тұсына қойып айтуы тиіс боп келісілді:
Олай болса:
...Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой! – деп мақтана шырқайтын ұрпағымыз өз елінің «гүлі болып егілетініне, жыры болып төгілетініне» сенімі мол!
28 желтоқсан, 2010 жыл.
Тәуелсіздік желтоқсаннан басталады /Аймахан Құттыбек – Алматы: «Қазығұрт» бас пасы, 2012. – 304 бет. – Б:141-145