ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫ ҚҰРЫЛТАЙЫНА ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖӘНЕ ЖЕРЖҮЗІ ХАЛЫҚТАРЫНА, МЕМЛЕКЕТТЕРІНЕ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҮКІМЕТТЕРІНЕ ҮНДЕУІ
Бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігінде шынайы демократия жолындағы күрестің алғашқы нышанының бірі – 1986 жылдың желтоқсаны - қазақ халқының азаттық жолындағы жойқын бұлқынысы жаңа бетбұрыстың басы ретінде тарихқа енді. Отаршылдықтың тауқыметін көп тартқан қазақ халқының ежелден еркіндікке үмтылысы бүгінгі таңда өз шешімін таба бастады. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланды. Қазақ тілі - мемлекеттік тіл болып қабылданды. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне кірді. Бүгінде әлемдегі өркениетті елдер қатарынан Қазақстанның өзіне лайық орнын алу үшін қажетті алғышарттар жасалуда.
«Біз, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатысушылар, ата-бабамыздың көне жерінде тұңғыш рет жиыла отырып, қазақ халқының тағдыры, бүгінгі жағдайы мен келешегін ойлай келе және дүниежүзілік қоғамдастықтың назарын қазақтың мәселелеріне аударуды тілей отырып:
Өзтарапынан он миллион қазақ ұлты бүкіләлемді өзінің бейбіт сүйгіш халық екендігіне, біртұтас демократиялық ұлттық мемлекет құру ісіне бекем бел байлағанына сендіреді.
Алматы, қыркүйек, 1992 ж.
Дүниежүзі казақтарының кұрылтайы.
Алматы, 1993. 103-104 -бб.
ҚҰРЫЛТАЙ КҮНДЕЛІГІ
1992 жылғы (хижраша - 1413 жыл) 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында қазақ халқының атамекені - Қазақстан жерінде дүниені дүр сілкінтіп, асыл топырақта ата- баба аруағын бір аунатып, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы салтанат кұрды. Бұл күндері алыс-жақынның бөріне аяулы - Алматы көшелері, ұлы думанды Ұлытау бөктерлері, түбі бір түркі жүртына түгел баба – Қожа Ахмет Иасауидің қасиетті мекені - Түркістан төңірегі, қарт Алатаудың етегін қашан да хас тұлпарлардың тұяғы дүбірлеткен Дегерес алқабы - әлемнің әр тарапынан қазақ иісін ала келген неше түрлі, неше қырлы тақиялармен, шошақ төбелі тымақтармен, ақ құрымды қалпақтар, ақ жібек әсем жаулықтармен көктемгі гүлдей кұлпырып, көк теңіздей толқыды. Меймандар болған осынау тарихи жерлерде, автобус, вагон керуендері жылжыған жол бойларында қазақтың небір ән мен жыры, күй-толғауы санғасырлық сағыныштай төгілді.
Бұл күндері әр қазақтың жадында тарихтың талай беттері қайта-қайта парақталды.
Бұл күндері зорлықты, зобалаңды жылдары ұрпақ санасынан ұмыт бола бастаған елдік, ерлік дәстүрлер, алтыннан қымбат асыл салттар санада сан рет жаңғырды.
Бұл күндері халқымыздың қасиеттісінің қасиеттілері: тілге, дінге, ділге деген құрметі және бір биікке ұмтылды.
Бұл күндері мындаған қандастарымыз бүгінде егеменді ел болған, жеке Байрақ желбіретіп, төл Елтаңбасын төрге ілген Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қазіргі мерейіне мың шүкір айтып, ертеңгі өміріне зор болашақ тіледі.
24 қыркүйек.
Алматы әуежайы.
Жергілікті уақыт - таңғы 9.00.
Тыныс-тіршілігімізге өзгеше рең енгізген жаңа заманның беташар алтын босағасындай тарих беттерінде мәңгілік таңбаланар осынау қымбатты сәттердің суретін салуға бояу, тебіреніс құшағындағы жандардың ыстық сезімін кестелеуге сөз жетпейтін төрізді. Атажұртын аңсап, туған жерге зорға жеткен ақ сақалды қариялар мен ақ жаулықты әжелер, самайын күміс қырау шалған аталар, ет-жүрегі елжірей езілсе де, ішкі жан дүниесін сыртқа шығара алмай ізетпен іркілген қыз-келіншек, Тәуелсіз Қазақстанның көк Туының дәлме-дәл көшірмесі - кішкентай жалаушалар ұстаған жас өскін сәбилер жаңа дәуірдің ұлы оқиғасы қазақтардың табысуы мен бірігуінің басталғанын еріксіз мойындатқандай еді.
Алматы көгін жаңғырта күңірентіп, асқақтай әуелеген «Елім-ай» әуені тұла бойды шымырлатқан күйі алты алаштың аспанына тәтті мұң боп тарап кетіп жатыр. Замана қойнауынан талып естілген ашы запыран мен қайғы-қасірет зары талай тауқыметті бастан кешірген ұлы халқымыздың, қайсар халқымыздың рухы әманда биік екенін, сол биікте қасиетті рухымызды қастерлеу, төмендетіп алмау бүгінгі ұрпақтың еншісіндегі асыл дүние екенін тағы да еске салғандай.
1 қазан.
9.30 12.00. Қазақстан Сыртқы істер, Еңбек, Мәдениет, Халыққа білім беру министрліктерінде, «Фараби» қоры мен «Ықыласқайран» шағын транспорт кәсіпорынында, Жазушылар одағы мен басқа да шығармашылық өнер ұйымдарында, бірлестіктерде кездесулер ұйымдастырылып, пайдалы әңгімелер, пікірталастар өтті.
13.00. Арнаулы пойыз қонақтарды алып, қасиетті Меккеміз - Түркістанға жол тартты.
2 қазан.
07.30. Пойыз Түркістанға келіп жетті. Облыс басшылары мен жергілікті халық қадірлі меймандарды гүл шоқтарымен, нан-тұз, ән-жырмен қарсы алды. Мындаған жылдық шежіресі бар қазыналы, бай өлкеде уақыт тезіне шыдап, сақталып қалған рухани, мәдени ескерткіштеріміздің бүгінгі куәсі - Қожа Ахмет Иасауи, Арыстанбаб мазарлары мен басқа да ежелгі тарихи мекендерді аралап, ата-баба рухтарына тағзым еткен қазақ ағайындарымызға атақты «Керуен сарайда» үлкен қонақасы берілді.
15.50. Қонақтар Алматыға аттанды.
Ертең олар әсем табиғатымен ерекшеленетін әрі шашасына шаң жұқтырмайтын сәйгүліктерімен әлемге әйгілі Дегерес жылқы зауытында болып, ат спорты ойындарын тамашаламақ. Осы жерде дүниежүзі қазақтарының бас қосу мерекесіне арналған ұлан-асыр той мәзірі өткізілді.
Зқазан.
Құрылтай жұмысы барынша қызып, мәнді де тартымды бола түсті. Халықтыққадір-қасиеттің, ұлттық ойын-сауық пен салт-дәстүрдің неше алуан түрлері бұл күндері бүкіл болмысымен көрінді. Республика сарайында құрылтайдың аяқталу рәсімі, бар сән-салтанатымен, арнаулы мәдени бағдарламасымен бүтін бір әсерлі әлем сипатында өтті.
4 қазан.
Бұл күні Қазақ қауымдастығының шаңырағы көтерілер орталық ғимараттың іргетасын төсеу, қабырғасын қалау атқарылды. Құрылтай қонақтары әлем қазақтарының астанада бас қосуқұрметіне орай өткізілген Алматы қаласының арнаулы күнін тойлауға қатысты.
Әлем қазақтарының бас-аяғы он күндей уақытты қамтыған ұлы той - мәртебелі құрылтайы мәмілелі мәжілістерімен, ұлт бірлігіне ұйытқы болар ұйғарымдарымен, санаға құйған сәулесімен, тұтастық туын тік тұрып көтеруімен мың-миллион жүректердің төрінен орын алды. Елдік тарихымыздың беттеріне бедерлене жазылды…
Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы. Құраст.: Б.Сапаралы.
Алматы, 1993. 150 152, 156-157 -бб.
БАР ҚАЗАҚ БАС ҚОСТЫ*
Ардақты ағайындар!
Қадірменді қауым!
Міне, бәріміз күткен, ондаған жылдар бойы аңсап күткен сәт те келді. Жер бетіндегі барша қазақтың басы қосылған күн туды. Сіздер мен біздер дәл қазір сол тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Бүгін тәуелсіз Қазақстанның астанасында Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы ашылады.
Бұл оқиға - біздің қазақ халқының, қазақ елінің тарихындағы айтулы оқиға. Бәріміз де пендеміз, ет пен сүйектен жаралған адамбыз. Ал адам үшін туыстан туыстың тірі айырылғанынан асқан қасірет болмаса, туыс пен туыстың кайта табысканынан аскан қvаныш та жок. Бүгін ақ түйенің қарны жарылатын, жүректер ұғысып, тілектер тоғысатын күн. Осы күннің нұрлы шуағына шомылып отырмыз біз бүгін.
Ілгеріде бір атамыздан:
Бақыт деген не, байлық деген не? - деп сұраған екен.
Сонда дана қария:
Бақыт - қолға қонған құс, байлық - қолға ұстаған мұз. Құс ұшады, мұз ериді, дүниенің қызығы - сіз бен біз, - деп жауап қайтарыпты.
Біздің халықтың әулеті асып, дәулеті тасыған дәурені де бар, басынан бағы тайып, тар заманға тап болған қилы кезеңі де көп. Сондай замандарда жаңағы атамыз айтқандай, бақыт ұшып, байлық көшкенмен, сіз бен біз қалыппыз. Халық қалыпты. Бұл біздің басты бақытымыз. Тарих тереңіне сүңгісек, бөліну тұрмақ жоқ болып кеткен жұрттарды, жат болып, жауласып кеткен туыстарды, тілі мен діні ауысып кеткен халықтарды көптеп таба аламыз. Бізді осыдан сақтапты. Шүкіршілік етейік, ағайын. "Орнында бар оңалар" дейді. Енді, міне, аман қалған алтын қазыққа ел оралды, көліне қайта құс қонды, шөліне қайта су келді. Өз алдымызға ел болып, тәуелсіздік туын тіктік. Жылға да жетпей тұрып, етек-басымызды жинар-жинамаста әлемдегі бауырларымызды іздеп жатырмыз.
"Мен пайғамбардан бастасам әңгімеге кетермін, Едігеден бастасам ертегіге кетермін. Келтесінен қайырсам сөз түбіне жетермін", - деп Үмбеталы жырау айтқандай, әріге бармай-ақ, кейінгі екі-үш ғасырда қазақ жұртының көргенін қозғасақ та талай қасіреттің көбесі сөгіліп шыға келер еді. Бәрін де көруге, көп нәрсеге көнуге мәжбүр болдық. Олар жөнінде бүгінгі алқалы жиында белді ғалымдарымыз, білікті мамандарымыз жан-жақты әңгіме қозғайтын болады. Сондықтан мен осы кіріспе сөзімде қазақелінің өткені, бүгіні, болашағы, қазақ диаспорасының көкейкесті мәселелері жөнінде айтудан тартынғалы тұрмын.
Осы қысқа қайырым сөздің түйіні ретінде бір ғана жайды қозғағым келеді. Соңғы бірер ғасыр аясындағы түрлі-түрлі тарихи жағдайлар біртұтас қазақ халқын әр түрлі мемлекеттердің құрамында өмір сүруге мәжбүр етті. Бұл елдегі өмір салтының, ішкі-сыртқы саясат пен мәдени-рухани үрдістің әртектілігі, қазақтардың арасын бірте-бірте алшақтата түсуі ықтимал. Біле білген адамға қазір қазақ халқының бас қосуы үшін өте бір қолайлы сәт туып отыр. Тарихи өлшем тұрғысынан қарағанда қазақтардың арасы ажырағанына көп уақыт өткен жоқ. Бұл шаруаны таяудағы оншақты жылда бастай алмасақ, біз тарихтың өзі қолға әкеліп тұрған ұлы мүмкіндіктен көрер көзге айырылып қалуымыз ықтимал. Мұның қаншалықты қиын, қаншалықты күрделі іс екенін білеміз, түсінеміз. Әйтсе де осындай бір басымыз қосылып қалғанда көңіл түкпірінде жүретін аңсар-арманымызды айтпай тағы тұра алмаймыз. Бүгінгі жиында осы жөнінде де ойлассақ.
Тағы бір ескертетін нәрсе - әлем қазақтарының ұйытқысы болатын Орталық құру. Шетелдегі отандастарымыздың байланыс жасайтын "Қазақстан" қоғамы бұл бағытта едәуір іс тындырды, бірақ қазіргі жағдайда мұндай күрделі шаруаны ол қоғам ойдағыдай атқара алмақ емес. Осы Құрылтайда Әлем қазақтарының орталығын құру жөнінде бір тоқтамға келгеніміз дұрыс. Оның жарғысының жобасы даярланған, іс-қимыл бағдарламасы жасалған. Талқылайық, ақылдасайық. Қалай болғанда да отандастарымызбен жұмыс алдағы кезде жаңаша ұйымдастырылуы керек.
Ардақты бауырлар! Отандастар!
Сіздер атамекенге жетуді қандай аңсай күтсеңіздер, Қазақстандағы ағайындарыңыз да сіздер туған жерге оралатын күнді сондай зарыға күтті. Ғасырлар бойы мойыннан түспей қойған отаршылдық қамыты, тұтас елді екі бөліп әкеткен империялар саясаты, осы ғасырдың басындағы қанды қырғын, алапат ашаршылық, бар халықтан бір халық жасамақ болып жанталасқан кеңестік саясат қазақтың басын қостырмай келді. Туған еліміз - Қазақстанның тәуелсіздік алуымен халқымыздың осы мақсатына жетудің нақты жолы ашылып отыр.
Бүгінде Қазақстан - халықаралық қауымдастықтың белді өкілі, Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі, ұстамды саясатымен, қуатты экономикасымен әлем назарын аударып отырған беделді мемлекет. Құрылтай күндерінде сіздер атамекеннің тұтқасы сенімді қолда екеніне, қазақ халқы, республиканы мекен еткен барша ұлттар мен ұлыстар даңғыл жолда екеніне көз жеткізе аласыздар. Біз сіздерге бар қазақ бас қосып, білек біріктіруге серттескен қасиетті мекен - Үлытауды көрсеттік, енді бірер күннен кейін барша түрк әулетінің ортақ ұстазы - Қожа Ахмет Иассауи бабамыздың, Абылай хан бастаған қасиетті хандарымыздың, аяулы батырларымыздың сүйегі жерленген Түркістанға зиярат етесіздер, бостандық жолында шейіт болған бабаларымызға ас береміз, астанамыз Алматыны аралатып, халқымыздың салт-дәстүрлеріне, өрелі өнеріне куә етеміз. Республикада сан түрлі ұлттың өкілі ынтымағы жарасып, өмір сүріп жатқанына, кілтін таба білсе әр қилы халық өзара достықта тұра алатынына көз жеткізесіздер. Ең бастысы – Құрылтай күндерінде қазақ ұлтының болашағы жөнінде, тәуелсіздік алған атамекеніміздің көсегесін қайтсек көгертеміз деген мәселе төңірегінде алқалы жиын ашып, келелі әңгіме өткіземіз. Бүгін басталған әңгіме ертең сағат 3-те Республика Сарайындағы салтанатты мәжілісте жалғасады. Онда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сөз сөйлейді деп күтіп отырмыз. Республика басшысы бүгін еліміздің қадірлі қонағы - Финляндия Президент Мауно Койвисто мырзаны қабылдайтындықтан Құрылтай жұмысына қатыса алмады.
Қадірменді туыстар!
Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайын ұйымдастыру комитетінің Төрағасы ретінде мен баршаңызға бақыт, береке, бірлік тілей отырып, Құрылтайды ашық деп жариялаймын!
Алматы, 1992 ж.
Жолдасбеков М. Тәуелсіздік тағылымы. Тарихи сөздер. Мақалалар. Сұхбаттар. - Астана: "Күлтегін", 2012. - 480 бет. – Б:13-16
"МӘҢГІ ЕЛ" МҰРАТЫ
Тарихымыздың алтын тұғыры болған, байтақ тарихымызды кеудесінде сақтай алған қасиетті жер - Ұлытау.
Өткенге көз жіберсеңіз, бодандықта болған 3 ғасырда тарихымыз тәркіленді, ал Кеңес заманында ол саясат құралына айналды. Бұл - адам жадын адастыру, ұрпақты, сәбиді анасының емшегінен айыру. Еліміз тәуелсіздік алып, жаңа тынысты заман басталған ана бір жылдары Өзбекәлі Жәнібеков екеуміз анасын аңсаған перзенттей, атасын аңсаған ұрпақтай күй кешіп, Ұлытауға келіп, аунап-қунап кетуіміздің сыры осында деп білемін.
Ұлытаудың түбінде тұрған Хан ордасы, Домбауыл, Алашахан, Жошыхан сияқты тарихи жәдігерлер - өткеніміздің белгілері, таңбалары.
Қазақ халқы - Ұлы Даланың байырғы тұрғындары. Қазақ халқының кұрамына кірген тайпалар бағзы заманнан осы Даланы мекендеген. Арғы тарихты айтпағанда, түрк қағанаты заманы кезінде суреттелетін оқиғаның бәрі, айтылатын тарихтың барлығы осы өңірлерге қатысты. "Ертіс өзенін кешіп өттік, Алтай тауын асып өттік" деп айтылады таста қалған жазуларда.
"Барған жерің - Балқан тау, ол да біздің барған тау", "Ұлың Ұрымға, қызың Қырымға" деген сөздерде мәнісін зерттеп, мағынасын ұққан адамға көп сыр жатыр. Ұлы Далада хандық құрған, мемлекет орнатқан және "Мәңгі ел" мемлекетін орнатамыз деп күрескен - біздің бабалар. Тасқа қашалып жазылған, ешкім өшіре алмаған алтын сөздер біздің қолымызда бар. Оны кешегі саясат дауылы да, Кеңес заманының солдаттары атқан оқ та өшіре алған жоқ. Өйткені ол - "Мәңгі ел" арманы, "Мәңгі ел" мұраты болатын. Рас, кеше тіліміз байланды, тіземіз дірілдеді. Барымызды түгендей алмадық. Бүгін басқаша. Біз Тәуелсіздік дегеннің қадір-құнын осы тұрғыдан бағалауымыз керек. Жоғалтып ала жаздаған бабамның тарихы енді еркін өскен ұрпақтың қолына тиді. Жақында Қаржаубай Сартқожа екеуміз "Орхон ескерткіштерінің толық Атласы" деген енбегімізді баспадан шығарып, жұрт қолына ұстаттық. Бұл - менің 40 жылдық, Қ. Сартқожаұлының 30 жылдық еңбегі.
Тарих - тоқсан тараулы, мың қатпарлы. Рас, өзбек, қырғыз, түркімен біздің бауырымыз, туысымыз. Оны ешкім бөле алмайды. Алайда сол бауырларымыз таласа алмайтын үлкен шындық бар, ол - түрк қағанатынан жеткен мұралар. Олар кімдер, қағанатты кімдер құрды?
Түрк қағанатын құрған тайпалар - рулар кейін қазақ халқы құрамына кірді. Олар - өздеріңіз білетін он оқ халқы еді. Олар басмыл еді, чигилдер еді, олар 9 оғыз еді, олар тәуелсіздік тағылымы түркештер мен арғындар, 9 оғызының керейлері мен 8 оғызының наймандары еді. Осы алтауы "алты Алаш" деп аталды. Мен осы деректі 40 жыл бойы таба алмай жүріп, атласты жазар кезде таптым. Алты Алаш сөзі тасқа жазылыпты. Елтеріс қағанның баласы, Күлтегіннің ағасы Білге қаған өлгенде "біздің бірлігіміздің белгісі болсын" деп алты Алаш тасқа қашап таңбасын салған.
Түрк қағанаты Орхон жерінде, яғни моңғол жерінде болған. "Моңғол" сөзі "мың қол" сөзі емес, "мәңгі ел" деген сөз бе деп қалатынымды жасырмаймын. Неге? Шыңғыс хан билікке келгенде оның мөрін ұстаған - керей руынан шыққан ақылды кісі. Ол моңғол мемлекеті құрылымын, әскери әдісін жасап берген адам.
Алты Алаш деген сөзді түркімен де, өзбек те, қырғыз да айтпайды. Керісінше, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов сияқты асыл ағаларымыздың аузынан түспеген сөз – осы сөз.
Түрк қағанаты - қазақ халқының қағанаты. Елтерісті қазақтың тұңғыш ханы дейміз. 731 жылы 47 жасында Күлтегін қайтыс болғанда күллі жұрт жылап-еңіреп басына ескерткіш қояды. Оған өшпейтін сөз жазылады. "Биікте Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстінде менің ата тегім Бумын қаған, Естеми қаған отырған. Қаған отырып елді түзеген, дүниенің төрт бұрышы соларға қараған. Азды көп қылған, кедейді бай қылған, тату елге жақсылық қылған. Сосын не болды, ей,түрктің бектері, халқы, сендер таққа кіріптарсыңдар ғой, сендер алауызсыңдар. Бір заманда анау көрші табғаштар (қытайлар), солардың сөзі тәтті болады, дүниесі асыл болады, соған сен алданып, аға мен іні дауласып, бек пен халқы жауласып сен не істедің? Сен хандығыңнан, қазаныңнан айырылдың. Ей, түрктің бектері, халқы өкін!" - деген ақылды сөз қалған.
Біз осы сөзді қасиетті Ұлытау бауырында тағы қайталап отырмыз. Осы сөз еліміздің тұңғыш Президентінің де аузынан түскен емес. Тек бірлік, бәтуа, ымыра рухыңды асқақтатады. Асқақ рух мемлекетті құдіреттендіре түседі. Мәңгі ел солай жасамақ.
Рас, біріміз аш, біріміз тоқ күн кешіп жатқан шығармыз. Алайда көрші елдердегідей аласапыран жоқ. Қора қойға, дала тойға толып жатса, ел тірлігінің түзелгені.
Үй салғанды, завод салғанды көрдім, ал қала салғанды, қала болғанда да ел астанасын салғанды көрген жоқпын.
Өз жолдауларында ел болашағын бажайлаған Н.Ә. Назарбаев Қазақстанның әлемдік даму күшінен алатын орнын да межелеп отыр. Бұл - "Мәңгі ел" мұраты.
Иә, осы жерде осыдан 550 жыл бұрын қазақ хандығының алтын қазығы қағылды. Міне, елдігімізді, тарихи тағдырымызды танытатын оқиға. Келесі жылы ел болып осы оқиғаны тойлайық.
Ұлытау, 2005 ж.
Жолдасбеков М. Тәуелсіздік тағылымы. Тарихи сөздер. Мақалалар. Сұхбаттар. - Астана: "Күлтегін", 2012. - 480 бет. – Б:42-45
МӘДЕНИ МҰРА – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ТІРЕГІ
Адам баласы ес біліп, қауым құрып, саналы ғұмыр кеше бастағаннан бері тек күнкөріс үшін ғана қорек іздеп, тамақ табумен шектелмеген. ол өзінің жұпыны тіршілігін рухани жағынан да көріктендіру мақсатын көздеген, сөйтіп өз түсінік-пайымына сәйкес өнер, әдебиет жасаған, алуан түрлі ғұрыптар мен наным-сенімдер туғызып, тұрмыста қолданған. Ежелгі замандағы тасқа салынған суреттер мен қашалып жазылған мәтіндер, қилы-қилы мифтер мен әпсаналар, қыш пен қолжазба түріндегі кітаптар, т.б. – бұлардың бәрі адамзат тарихының әр дәуірлеріндегі руханият екені белгілі. Өмірде қандай өзгерістер, небір төңкерістер, қырғын соғыстар, сұрапыл апаттар болса да мұндай жәдігерліктер үшті-күйлі жоғалып кеткен емес. оларды бірінен кейін бірі ауы-сып отырған ұрпақ та, қоғам да, мемлекет те жинап-теріп, зерделеп, өз қажетіне жаратып отырған. осындай істерді біздің арғы бабаларымыз да, түркілер заманындағы, одан кейінгі аталарымыз да назардан тыс қалдырмай, шама-шарқынша атқара білген.
Қазақ халқы өзінің ұзақ тарихында небір қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді, бірақ ол өзінің ұлттық құндылықтарын жоғалтқан жоқ. Шексіз де шетсіз сайын далада, ашық табиғат аясында ғұмыр кешкен бабаларымыз қоршаған ортасына үйлесімді материалдық әрі рухани мәдениет жасаған, көшпелілікпен бірге шаһарлар тұрғызып, қалалық та өмір салтын орнықтырған, неше түрлі қауым ұйымдастырып, мемлекеттер құрған. осының бәрі бүгінде тарих көмбесінде жатыр, біразы ашық мұра түрінде, біразы жер астында жатқан жұмбақ болып бізге жетіп отыр. «Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді?» – деп, Мұқағали орынды сұрақ қойып еді кезінде. Енді, міне, тәуелсіздіктің арқасында сол сансыз мұрамызды анықтауға, реттеуге, зерттеуге мүмкіндік туып, Президентіміз нұрсұлтан назарбаев өзінің 2003 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Мәдени мұра» атты Мемлекеттік бағдарлама жасап, іске асыру-ды тапсырған еді. Бағдарламаның алдына мынадай нақты мақсат пен міндеттерді жүктеген болатын.
Мемлекет басшысының өзі мәдени мұраға мұншалықты көңіл бөліп, оған қамқорлық көрсетуі – арғы-бергі тарихта бо-лып көрмеген оқиға. осының өзі мәдени мұраның мемлекетіміз бен халқымыз үшін қаншалықты маңызды екенін айғақтайды.
«Мәдени мұра» бағдарламасы не үшін керек болды? оның себептері көп еді. Жалпы тарихқа көз салсақ, отарлықтан құтылған елдердің көбісі өз мемлекетін құру барысында алғашқы 20-25 жылында халықты құлдық санадан құтқаруға күш сала-ды екен де ол үшін тарихқа, мәдени мұраға айрықша мән береді екен. отарлықтың кесірін біз де аз көргеміз жоқ. «Сендер көшпелі елсіңдер, ешқандай мәдениет жасаған жоқсыңдар, өз әдебиеттерің мен жазуларың болған емес, адамзат өркениетіне ешқандай үлес қосқан жоқсыңдар. Жазуды-сызуды біз үйреттік, бізге дейін сендерде тарих та, өнер де болған емес, бәрі Ресейдің, Кеңес Өкіметінің арқасы» деген сияқты қағидалар – ресми мемлекеттік саясат болды да орасан идеологиялық үгіт-насихат жүргізіліп, адамдардың санасына ықпал етілді, олардың ойы, пікірі қатаң қадағалау астында болды. Мұның бәрі өз «жемісін» берді де. Халқымыздың біраз бөлігі сол үгіт-насихатқа иланды, ұлтсыздануға бой алдырды. Міне, осының бәрін бұзып, нақты дәлелдермен жоққа шығару, сөйтіп тарихи әділеттілікті орнату қажет болды. Бірақ бұл – бірер жылда ғана орындала қоятын іс емес еді, сол себепті жүйелі бағдарлама жасалып, оны орындауда асығыстыққа жол берілген жоқ, бұл іс 2020 жылға дейін жүргізіле бермек.
Мәдени мұраның маңызы тек тарихи әділеттілікті орнату-мен шектелмейді. Сонымен қатар мәдени мұра халықтың тарихи жадын қалпына келтіру, халықтың бұрынғы замандарда қандай мәдениеті, әдебиеті болғанын, қандай құндылықтарды ұстанып, әспеттегенін көрсету, сөйтіп халық санасына өзінің өткені үшін ұялып-қысылатын емес, мақтана алатын сезім мен сенім ұялатып, сіңіру тәрізді аса мәнді істерді атқарады. Ал, егер анықталған, жинақталған мұраны ғылыми түрде зерделеп, ғылымның қорытындыларын білім-ғылым жүйесіне, күнделікті өтіп жататын әртүрлі мәдени іс-шараларға енгізе білсек, одан қоғамға, оның жаңғырып, өсіп-өркендеуіне орасан көмек болары сөзсіз.
Археографиялық экспедицияларда да өте құнды дүниелер табылып жатыр. Атап айтқанда, біздің шығыстанушы ғалымда-рымыз Еуропаға, Ресейге, түркияға, Қытайға, Моңғолияға, Қыр-ғызстанға сапар шегіп, олардың архивтерінен қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты көптеген жазба ескерткіштерді анықтап, біразының көшірмесін елге алып келді. Айталық, Ыстамбулдағы мұражайлар мен кітапханаларда Шыңғыс хан мен баласы Жошы ханның суреттері бар Алтын орда дәуірінің жәдігерлері табылды. Моңғолияның тарихи мұрағатында манжур, моңғол тілдерінде жазылған ХVІІІ–ХІХ ғғ. Қазақ хандығына қатысты қажетті құжаттардың көшірмелері алынды. Ал, Қытайда 300-ден астам шағатай, қытай тілдерінде жазылған көптеген құжат табылған және ойрат, моңғол тілдерінде жазылған біраз құжат зерттелді.
Соның нәтижесінде Абылай ханның, Әбілмәмбет ханның, Сәнияз төренің, Әділ сұлтанның, т.б. Цинь империясының басшыларына жазған 115 хаты табылды.
Осылай табылып жатқан тарихи маңызды құжаттар мәдени мұра ретінде том-том болып жарыққа шығып жатыр. Кейбірін атап кетейін: «Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері», «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері», «Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері», «История Казахстана в русских источниках», т.б.
Орындалған және атқарылып жатқан істерді түгел санама-лап шығу мүмкін емес, сондықтан халқымыздың төл, өзі жасаған мұрасы – фольклор мен әдебиет, өнер салалары бойынша жүзеге асқан және істелетін еңбектерге тоқталған жөн секілді. осы салаларға Президент ерекше мән беріп, «Халықтың осы заманғы ұлттық мәдениетін, фольклорын және ұлттық әдбиеттің санғасырлық тәжірибесін қорыту» қажет екенін айтқан бола-тын. Бұл дегеніңіз – қазақ халқының рухани байлығын, оның түрлерін барынша толық күйінде өзімізге ғана емес, әлемге, басқа жұрттарға таныту керек деген сөз еді. демек, ұлтымыздың фоль-клорын, әдебиетін, өнерін жариялап қана қоймай, оларды жан-жақты зерделеу, зерттеу міндеті алға қойылған болатын. осы арқылы өзіміздің кім екендігімізді білуге, біздің рухымыздың қайнар көзі қандай екенін тануға, сөйтіп бүгінгі мәдениетіміздің төркінін айқындауға тиіс болдық. Ал, мұның бәрі түптеп келгенде отарлық санадан құтылуға қызмет ететіні белгілі болатын.
Кеңес өкіметі тұсында «қазақ халқының жазуы, әдебиеті болмаған, тек октябрь революциясынан кейін туып, дамыған, сол себепті қазақ әдебиеті «младописьменная литература» – деп бағаланып келгені баршаға аян. «Жоқ, олай емес, бізде ежелден әдебиет, мәдениет болған» – деп, қазақ фольклорын, әдебиет та-рихын, өнерін зерттеген оқымыстылар қуғын-сүргінге ұшырағаны да елге мәлім. осындай жағдайдан кейін «младописьменная лите-ратура» деген анықтамаға намыстанып жүрсек те, іштен тынып, «жуасыған» күй кешкеніміз де жасырын емес. Құдай жарылқап, ата-бабаларымыздың, бәріміздің тілегіміз қабыл болып, аңсаған тәуелсіздікке қол жетті. Енді бұрын тұмшаланып келген, айта алмай жүрген ойларымыз бен проблемаларымызды қолға алып, іске асыру мүмкіндігі туды. Ә-дегенннен Елбасы бастап, бүкіл зиялы қауым қостап, Алаш ардақтыларын ақтау, тарихымыздағы ақтаңдақтарды жою, ұлттық құндылықтарымызды зерттеу жұмыстарына аянбай кіріскенімізді жұртшылық біледі. Еліміз үшін аса маңызды бұл шаруаларды тындыруда М.о. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қыруар жұмыс атқарды. Шәкәрім Құдайбердиевтің, Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Міржақып дулатовтың, т.б. арыстарымыздың Қазақстанда жоғалып-жойылып кеткен шығармаларын Москва, ленинград, Қазан, ташкент, орын-бор мұрағаттарынан, жекелеген адамдардан іздестіріп, жинап, жүйелеп, жариялау, содан соң ғылыми талдап-зерттеу істері – тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ойдағыдай орындалды.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Президенттің жол-дауынан туындаған тағы да бірнеше жоба жасалып, істер атқарылды. Солардың рухани мұраға қатыстылары 100 томнан тұратын «Бабалар сөзі» атты фольклорлық топтама, 8 томдық «Қазақ музыкасының антологиясы», «Қазақ өнерінің тарихы» атты 3 томдық зерттеу, «Әдеби жәдігерлер» деп аталатын 20 томдық жинақ т.б.
Мәдени мұраның түрлері көп. Солардың ішінде рухани мұра айрықша көңіл бөлуді қажет етеді. Өйткені бұл мұра бізге, негізінен, ауызша формада, қолжазба күйінде және кітап түрінде жеткен. олардың сақталуы – өте қиын, әрі күрделі іс. Ел аузын-да айтылып, бірден-бірге ауысып жүретін шежіре, аңыз, жыр, өлең, терме, мақал-мәтел, т.б. дүниелер көне көз қариялармен бірге өмірден көшіп, жоққа кетіп барады. Ал қолжазбалар ескіріп, тозып жатыр. Сондықтан ең зәру, кезек күттірмейтін мәселе – жоғарыда аталған мұра түрлерін тездетіп жинау мен тиісті жағдайда сақтау. Бізге бабаларымыздан жеткен мұраны аман-есен келер ұрпаққа аманат етіп беру – тарих пен халық алдындағы басты парыз.
Қазақ халқы да жаһандану процесіне ерте түскен. Ежелгі және орта ғасырларды айтпай-ақ, кеше ғана өткен XX ғасырды еске алайықшы. Қазақтар өзінің үйреншікті көшпелі өмір салты-мен қоштасып, отырықшылыққа үйренді, өндірістік технология-ны меңгерді. тіпті үй-тұрмысымыз да жаһаңдануға түсті: киіз үйді тастап, ағаш үйге, кірпіш тамға қоныстандық, киіміміз еуропалық үлгіге ауысты, тамағымызға да басқа дәмдер араласты. Сол сияқты рухани салада да өзгерістер болды: театр, опера, балет, симфо ния, кино, теледидар, радио – осының бәрі жаһаңданудың нағыз өзі. демек, жаһанданудан қашып құтылу мүмкін емес. Қазіргі біртұтас ақпараттық әлем кеңістігінде – бұл өте қиын іс.
Басты мәселе – жаһанданудың ұлттық рухқа зардабын тигізбеуінде. ол үшін не керек? Біздің ойымызша, мәдени мұрамыз қазіргі өмірге, бүгінгі қоғамға жұмыс істеуі қажет. Ру-хани саладағы жаһандану екі жақты жүріп жатқаны мәлім. Бір жағынан – әлем мәдениетінің классикалық туындылары тарап жатса, екінші жағынан, «көше мәдениетінің» азғын үлгілері на-сихатталуда. Соңғысының әсерін азайту мақсатында рухани мұраны пайдаланып, мәдениет нарқына, яғни мәдени бәсекеге, таласқа түсу керек. Рухани мұрамызды музей экспонаты құсатып сақтап қана қою жеткіліксіз. оны бүгінгі өмірдің талабына, ең әуелі жастардың талғамына сай етіп жаңғырту, жаңарту қажет. Ежелгі ән мен күйді, биді, зергер бұйымдарын, т.б. мұрамызды сол дәстүрлі қалпында орындаумен ғана шектелуге әсте болмайды.
Әр дәуір, әр ұрпақ өз талап-талғамына сәйкес мәдениетті қажет етеді және сондай мәдениетті жасайды. Ендеше біз бүгінгі жастарға тек бұрынғы дүниені ғана орында деп талап қоймауымыз керек. Жастарға – мәдени мұраны жақсы біл, меңгер және оны өз дәуіріңе сай етіп пайдалана біл, жетілдір, алға дамыт деп талап қойған жөн сияқты. Егер жас буын мәдени мұрамызды жетік білсе, оны игерсе және мұраны сақтаумен бірге оны шығармашылықпен пайдаланып, жаңа ұлттық мәдениет жа-саса, қазақ халқының рухы да, мәдениеті де жаһанданудың шы-лауында кетпесі анық.
«Мәдени мұра» журналы. 2010. No2. 4–9-бб.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ Қ.Ж. ТОҚАЕВТЫҢ «ТӘУЕЛСІЗДІК БӘРІНЕН ҚЫМБАТ» АТТЫ МАҚАЛАСЫ
Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз.
Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр.
Мен азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атар едім. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды.
«Қазақстан – 2030» стратегиясын қабылдадық. Шығыстағы көршімізбен шекарамызды бекіттік. Басқа да іргелес мемлекеттермен шекара жөніндегі келіссөздер қарқынды жүргізіле бастады. Ел аумағын ядролық қарудан толық тазарттық. Елордамызды Арқа төсіне көшірдік. Нарықтық экономикаға өтіп, жекеменшік институтын берік орнықтырдық. Отандық бизнестің негізін қаладық. Жастар әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім ала бастады. Түрлі дағдарыстардан аман өтуге мүмкіндік берген Ұлттық қорымыз құрылды. Дүние жүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, Ұлы көшке жол аштық. Соның нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді.
Екінші онжылдық – Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі. Осы жылдарда мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуетіміз арта түсті. Құрлықтағы барлық шекарамызды айқындап, заң жүзінде бекіттік. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, тарихымызды түгендедік. Солтүстік Аралды құтқарып, қашқан теңізді қайтардық. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммиттерін өткізуге және басқа да бірқатар маңызды халықаралық жобаларға бастамашы болдық. Елімізге шетелден қомақты инвестиция тарттық. Есілдің жағасында бой көтерген еңселі елордамыз ұлттық идеямызға айналды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Тұрғын-үй құрылысы да бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамыды.
Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік.
Әр бағыт бойынша «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» сияқты ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылды. Саяси және экономикалық реформалармен қатар рухани жаңғыруға баса мән бердік.
Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан, Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік.
Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет.
Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез-келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы.
Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді.
Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ, ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек.
Барша отандастарыма, әсіресе, жастарға айтарым: кең байтақ Қазақстанды асқақ армандарың мен батыл жоспарларыңды емін-еркін жүзеге асыра алатын, табысыңа марқайып, әрдайым тілеуіңді тілейтін қасиетті Отаның ретінде бағалаңдар! Мен жаңа Қазақстан патриотизмінің жасампаздық құдіретіне сенемін.
Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс.
Ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі Тәуелсіздігіміз барша жұртымыздың патриоттық рухымен асқақтай берсін!
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ
Қазақстан Республикасының Президенті
(5 қаңтар 2021жыл, Егемен Қазақстан)
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ Қ.Ж. ТОҚАЕВТЫҢ «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» АТТЫ ЖОЛДАУЫНАН ҮЗІНДІ
2022 жылғы 16 наурыз
Құрметті отандастар!
Менің бүгінгі бастамаларым өте ауқымды. Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертеді. Оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ, жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек.
Заң жобасын әзірлеп, оны қабылдау – едәуір уақыт алатын күрделі жұмыс. Сондықтан, оған аса жауапкершілікпен қараған жөн. Сондай-ақ, ішкі-сыртқы сын-қатерлерді мұқият ескеруіміз керек.
Біз Тәуелсіздік жылдарында небір қиындықтан аман өттік. Сын-қатердің бәрін еңсеріп, осы күнге жеттік. Енді елімізді түбегейлі жаңғыртуға кірістік.
Бұл кезең алмағайып уақытқа тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі халықаралық ахуал Қазақстанға да әсер ететіні анық. Бірақ, заман қаншалықты күрделі болса да, біз бағдарымыздан айнымаймыз. Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басамыз. Осы жолда жұртымызға, ең алдымен, ауызбіршілік керек. Ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет.
Біз әр шешімді мұқият саралап, әр істі байыппен жасауға тиіспіз.Отаншылдық рухы жоғары ел көздеген мақсатына қалайда жетеді.
Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру. Бұл нені білдіреді?
Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады.
Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенеміз. Әрбір азаматтың конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеміз. Мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырамыз.
Маңызды шешімдер жұртшылықтың қатысуымен ашық қабылданады. Өйткені, мемлекет әр азаматтың үніне құлақ асады. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланады.
Мен жаңа Қазақстанның осындай ел болғанын қалаймын. Мақсатқа жету үшін мемлекеттік аппаратты жаңарту немесе кадрлық ауыс-түйіс жасау жеткіліксіз. Өзгерісті әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет. Құндылықтарымыз түбегейлі жаңаруға тиіс.
Мұның бәрі – оңай жұмыс емес, біртіндеп қалыптасып, жылдар бойы жалғасатын үдеріс. Бұл жұмыс бізден жоғары жауапкершілікті, елімізге және бір-бірімізге деген жанашырлықты талап етеді.
Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан, баршаңызды жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін.
* * *
Бүгінде жер жүзінде геосаясаттың дүлей дауылы соғып тұр. Сондықтан мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын және ұлттық мүддемізді қорғауды көздейтін стратегиялық бағдардан айнымауымыз керек. Негізгі міндет – осы!
Біз ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз.
Қазір саяси баррикадалар орнатып, әр мәселеге бола митинг өткізетін, күмәнді шешімдерге итермелеп, жөнсіз талап қоятын, міндетін орындап жүрген полиция қызметкерлерінің жағасына жармасатын уақыт емес. Осының бәрі халқымыздың әлем қауымдастығы алдындағы абыройын төмендетеді. «Қасіретті қаңтар» оқиғалары еліміздің беделіне елеулі нұқсан келтіргенін мойындауымыз керек.
Бейберекет саяси реформалар мемлекетті әлсіретіп, оның егемендігі мен тұтастығына зор залалын тигізуі мүмкін. Әлемнің арғы-бергі тарихында өз аумағының ауқымды бөлігінен айырылған, астаң-кестеңі шығып, берекесіздікке ұшыраған елдер туралы мысал жетіп артылады.
Жаңа Қазақстанды құру елді дамыту парадигмаларын өзгертуге бағытталған. Біз әр қадамымызды саралап, таңдаған жолымызбен алға сенімді қадам басамыз.
Біз жаңа Қазақстанда «түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануға тиіспіз. Диалог пен мәміленің жоғары мәдениеті еліміздегі азаматтық ынтымақты арттыратын басты фактордың біріне айналады.
Біз надандық пен ескілікке, радикализм мен масылдыққа, тоғышарлыққа және сыбайлас жемқорлыққа табанды түрде қарсы тұрамыз. Бір-бірімізді жат көрмей, жақын тартып, қоғамда нақты өзгерістерге деген сенімді орнықтырамыз. Жұртымыздың күш-жігеріне, дарыны мен еңбекқорлығына сүйенеміз. Әр азаматтың өз қабілетін іске асыруына барынша қолайлы жағдай жасаймыз.
Біз осылайша ғана халқымыздың жасампаздық әлеуетін арттыра аламыз. Осылайша ғана өмірдің барлық саласын өзгертіп, реформалар дәуірін өз қолымызбен жасаймыз. Біз кез-келген сын-қатерді бірге еңсеріп, Қазақстанымыздың қуатын бірге арттырамыз деп сенемін.
Сөзімнің соңында бір мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын.
Ең бастысы – еліміздің егемендігі! Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан, маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ.
Мені ең алдымен, халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды міндет. Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын!
Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз.
Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты. Ендеше, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетейік, ағайын!
Қастерлі Отанымыздың тұғыры мығым, абыройы биік болсын!
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ РЕФЕРЕНДУМ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖАСАҒАН ҮНДЕУІ
Құрметті отандастар!
Кеше елімізде айрықша мәні бар тарихи оқиға болды. Мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ата заңымызға ұсынылған өзгерістерді азаматтардың басым көпшілігі қолдады. Референдум жоғары деңгейде өтті. Мұны халықаралық және отандық байқаушылар да айтып жатыр. Конституциялық реформалар қоғамда қызу талқыланды. Дауыс беру барысы демократия талаптарына сай өтті. Ешқандай мәжбүрлік болған жоқ. Референдум нәтижесі саяси жаңғырудың анық символына айналды. Азаматтарымыз зор жауапкершілік танытты және отансүйгіштік қасиетін паш етті. Біз Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлігіміз бекем екенін көрсеттік. Конституциялық түзетулер мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертеді. Бүкіл қоғамның дамуына тың серпін береді. Референдумға белсене қатысып, қолдау білдірген барша халқымызға зор ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, конституциялық өзгерістердің мән-маңызын түсіндіруге атсалысқан азаматтарға, түрлі қоғамдық ұйымдарға алғыс айтамын.
* * *
Референдум еліміздің тарихындағы маңызды белес болды. Ұлтымыздың шынайы өзгерістерге деген дайындығы мен ұйымшылдығын көрсетті. Дауыс беруге азаматтарымыздың белсенді қатысуы қоғамымыздың кемелдігі мен жауапкершілігін білдіреді. Сайлау учаскесіне келіп, елімізді жаңғырту бастамасын қолдағандардың бәріне алғыс айтамын.
Сіздер нағыз патриотизмнің үлгісін көрсетіп, Қазақстанның дәйекті дамуына зор үлес қостыңыздар. Еліміз үшін осы бетбұрысты сәтте заңды құқықтарын пайдаланып, өздерінің ұстанымдарын айтқан бүкіл азаматқа ризашылығымды білдіремін.
Ата заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмін нығайтамыз. Дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді.
Енді біздің алдымызда ашық әрі әділетті экономика құрып, заңнамаға реформа жүргізу міндеті тұр. Қолдан жасалған монополияларды түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою маңызды. Біз кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсетіп, жекеменшікті сақтап, бәсекелестікті күшейтуіміз керек.
Алдымызда экономиканы шынайы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыстар тұр. Жоғары өнімді ауыл шаруашылығы мен қуатты көлік-логистика жүйесін дамыту, барлық салада цифрлық экожүйе қалыптастыру үшін шаралар қабылдау қажет. Еліміздің орнықты дамуының негізгі қозғаушы күші еңбек, білім және азаматтық белсенділік болуға тиіс. Тек сонда ғана өзін-өзі қамтамасыз ететін орта тап пен тиімді экономика қалыптастыра аламыз. Бұндай экономика кірісті әділетті бөлуге, сапалы жұмыс орнын ашуға, тұрмыс сапасын тұрақты арттыруға және барлық азаматтардың толыққанды жетілуіне мүмкіндік береді.
Мемлекеттік аппаратты жаңғыртып, бюрократиядан барынша арылту үшін жүйелі жұмыс жалғасады. Біз қоғамның барлық өкілдерінің талап-тілектеріне жауап беретін озық мемлекет құруымыз керек. Басқару жүйесінің тиімділігі жұмыстың барысымен емес, түпкі нәтижемен өлшенетін болады. Мемлекеттік аппарат бизнеспен, үкіметтік емес ұйымдармен және азаматтармен тығыз жұмыс істеуге баса назар аударуға тиіс. Сол арқылы ел мүддесіне сай тиімді шешімдер қабылданып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы жақсара түседі. Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек.
Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз.
Конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашады. Парламент пен Үкімет Конституцияға енгізілген өзгерістерге сай Заңнамаға тиісті өзгертулер енгізуі қажет. Қазақстанда тиімді құқық қорғау және сот жүйесін құруға мүмкіндік беретін реформалар әзірленуге тиіс. Мұны әлемдік тәжірибені ескере отырып жүзеге асырған жөн.
Біз қоғамның және бизнес өкілдерінің өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға сұранысы арта түскенін көріп отырмыз. Елімізге азаматтар мен кәсіпкерлерді барынша қорғайтын құқық жүйесі қажет. Заңнамада мемлекетіміздің тұрақты дамуын тежейтін ешбір кедергі қалмауға тиіс. Заман талабына сай келмейтін және күмән туғызатын нормалардың бәрі күшін жоюға тиіс.
Еліміздің экономикалық ресурстарын шағын ғана топтың қолына шоғырландырып, оларға артықшылық берген заңнаманы қайта қарау қажет.
Елден жылыстатылған қаржыны және заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекеттің иелігіне қайтару жөнінде Мекемеаралық комиссия құрылды. Бұл үшін мен арнайы Жарлыққа қол қойдым.
Біз адам құқығы мен бостандығын қорғау жүйесін кешенді түрде күшейтуге негізделген бағдарымызды жалғастыра береміз. Құқықтық реформа аясында Конституциялық сот қайта құрылады. Оның қаулыларына жедел әрекет ету тетігін енгізу қажет. Сонда азаматтарымыз осы аса маңызды институт қызметінің пайдасын сезіне алады. Жаңа, Әділетті Қазақстанда полицейлердің озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға жол берілмейді. Қоғам құқық қорғау және сот жүйесінің шын мәнінде өзгергенін қалайды.
Мен елімізді дамытудың осы және басқа да мәселелері бойынша нақты шешімдерді қыркүйек айында өтетін Парламенттің кезекті сессиясының ашылуында айтамын.
Қастерлі Тәуелсіздігімізді, ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міндетіміз. Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрін Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Бабаларымыз маңызды мәселені алқалы жиында шешкен. Мен осы дәстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылады. Құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өткізіледі. Осылайша, азаматтардың мемлекет ісіне атсалысу мүмкіндігі арта түседі. Шын мәнінде, еліміздің тағдыры – әрқайсымыздың қолымызда.
Біз қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін түбірімен жаңғырта білуіміз керек. Сонда ғана барлық салада түбегейлі өзгеріс жасай аламыз. Жаңа Қазақстанның ең басты байлығы – халық. Ал, ең негізгі мақсаты – азаматтардың бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету. Әрбір азаматымыз саяси өзгерістер мен экономикалық өсімнің жемісін көруі қажет. Құрғақ уәде мен бос сөз ешқайда апармайды. Мен үшін нақты іс пен шынайы өзгеріс бәрінен маңызды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бар күш-жігерімді саламын.
Референдум қорытындысы біздің мемлекеттігіміздің тарихында мүлде жаңа дәуір басталғанын көрсетеді. Халқымыз өз таңдауын білдіру арқылы түбегейлі бетбұрыс жасауға ұмтылысын көрсетті. Жасампаз ел болуға деген ықылас-ынтасын байқатты.
Елімізді дамыту үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз керек. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгін тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында жаңа дәуірге жол ашылды. Осы жолда бірлігіміз әрдайым бекем болсын!
Жаңа Қазақстанды бәріміз бірге өркендетейік, ағайын!
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ» АТТЫ МАҚАЛАСЫ
2018 жылғы 21 қараша
Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана әдемі афоризм емес.
Шын мәнінде, немістердің, италиялықтардың немесе үнді халықтарының жылнамасына көз жүгіртсек, олардың мыңдаған жылды қамтитын төл тарихындағы ұлы жетістіктерінің дені осы елдер қазір мекен етіп жатқан аумақтарға қатыстылығы жөнінде сұрақ туындайтыны орынды. Әрине, ежелгі Рим деген қазіргі Италия емес, бірақ италиялықтар өздерінің тарихи тамырымен мақтана алады. Бұл – орынды мақтаныш. Сол сияқты, ежелгі готтар мен бүгінгі немістер де бір халық емес, бірақ олар да Германияның мол тарихи мұрасының бір бөлшегі. Полиэтникалық бай мәдениеті бар ежелгі Үндістан мен бүгінгі үнді халқын тарих толқынында үздіксіз дамып келе жатқан бірегей өркениет ретінде қарастыруға болады.
Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады.
Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті.
Біріншіден, қосқан үлестері кейінірек сөз болатын протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отыр.
Екіншіден, біз айтқалы отырған зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды.
Үшіншіден, кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Тіпті, қазақтың кейбір ру-тайпаларының атаулары «қазақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ.
Сонымен бірге ұзақ уақыттан бері біздің жерімізде өмір сүріп келе жатқан көптеген этностарға ортақ Қазақстан тарихы туралы сөз болып отырғанын атап өткеніміз жөн. Бұл – түрлі этностардың көптеген көрнекті тұлғалары өз үлестерін қосқан бүкіл халқымызға ортақ тарих.
Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек.
Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз.
Сонымен, Ұлы даланың жеті қырына тоқталайық.
І. ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ КЕҢІСТІК ПЕН УАҚЫТ
1. Атқа міну мәдениеті
2. Ұлы даладағы ежелгі металлургия
3. Аң стилі
4. Алтын адам
5. Түркі әлемінің бесігі
6. Ұлы Жібек жолы
7. Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны
ІІ. ТАРИХИ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ
1. Архив – 2025
2. Ұлы даланың ұлы есімдері
3. Түркі әлемінің генезисі
4. Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі
5. Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы
6. Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі