САҚТАР
Б.з.б. 1-мыңжылдықта Орта Азия мен Қазақстан, Шығыс Түркістан жерін мекен еткен ежелгі тайпалар. Бұларды Грек тарихшысы Страбон “азиялық скифтер” деп жазды. Рим жазушысы үлкен Плиний де осылай деген. Оның жазуынша скифтерді парсылар “саға” (“сақа”, “сақ” аты осыдан шыққан) дейді.
Ахемендік Иранның сына жазуы ескерткіштерінде Сақтар үш топқа бөлінеді. Олар: хаумаварға Сақтар (хаому шарабын ішетіндер немесе амюрийліктер); тиграхауда Сақтар (шошақ бөріктілер); тьяйпарадарая Сақтар (теңіздің арғы жағындағылар). Бұлар Орта Азияның Оңтүстігін, Арал теңізінің төңірегін, Сырдария бойын, Жетісу алқабын мекендеген. Сақтар одақтарына яксарт, массагет, исседон, дайлар, астақ, қамақ, аримаспы сияқты көптеген көне тайпалар біріккен. Бұлар Кавказ тауын “Қаз” тауы деп атаған.
Сақ жерінде Яксарт (Сырдария), Оксус (Өкісу – Әмудария) үлкен өзендер болған. Сырдарияны Бақтиярлар (бактрлар) Яксарт, ал Сақтар Сілес (Сіле, Сілеті) деп атаған. Сақтардың б.з.б. мәдениетті ел болғаны туралы дерек мол. Археологтар Қазақстанның оңтүстік ауданы мен Қырғызстан, Тәжікстан және Алтай жерлерінен Сақтар тайпаларының қорғандары мен обаларын тапты. (қ. Есік обасы, Есік жазуы, Пазырық қорғандары, Берел қорымы).
Көне жазбаларға қарағанда Ахемен әулетінің патшалары Кир ІІ, Дарий І Сақтардың әр түрлі тайпаларымен жауласып, бірде жеңіп, бірде жеңіліп отырған. Сақтар парсы әскерінің құрамында грек-парсы соғыстарына қатысты, Ахемендердің әскерінің құрамында қызмет атқарды. Александр Македонский, кейіннен селефкилер де Сақтарға қарсы соғысты. Б.з.б. 2 ғасырдың орта шенінде көшпелі тайпалардан ығысқан Сақтар соғыса отырып Дрангиан жеріне орын тепті де, бұл араны Сакастан атады (бүгінгі Иран, Ауғанстан жеріндегі Сейстан).
Бүгінгі Орта Азияның, Пәкістанның, Ауғанстанның, Солтүстік Үндістанның жеріндегі Сақтар б.з.б. 1 ғасырдың ортасына дейін-ақ жергілікті халықтармен сіңісіп кетті. Сақтар тілі 10 ғасырға дейін сақталды. Бүгінгі түркі халықтарының тілінде “сақ” сөзі жиі ұшырасады. Мәселен, якуттардың өздерінше атауы сыха, қазақта: сақа адам, сақшы, сақ сөздерінің сақталуы да бұлар Сақтардың ұрпағы екенінің бір дәлелі.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б. 647
МАССАГЕТТЕР
Массагеттер (грек. Massagtai) – ежелгі грек авторларының деректері бойынша Каспий мен Арал теңіз аралығын мекендеген тайпалар тобының ортақ атауы. Массагеттердің шыққан тегі мен қалыптасуы туралы нақты ғылыми деректер жоқ. Кейбір ғалымдар Массагеттер атауы “masyo” – “балық” деген сөзден шыққан, сондықтан “балық жегіштер” деген ұғымды білдіреді деп жорамалдаса, екіншілері Массагеттер атауы “мас”, “сака” және “та” деген сөздерден құралып, “ұлы сақ (скиф) ордасы” деген мағынаны білдіреді дейді. Енді біреулер Массагеттер сөзі “маза – геттер”, “ұлы геттер” деп түсіндіреді.
Кеңес ғалымы С.П.Толстов соңғы болжамның шындыққа жақындығын дәлелдей келіп, Сырдарияның төменгі жағындағы археологиялық ескерткіштерді Массагеттерге тиесілі деп санайды. Бірақ оған қарсы пікірлер де бар. Геродоттың айтуынша, Массагеттер көшпелі тайпалар. Олар соғысқа атпен де, жаяу да шыққан, ат әбзелдерінің бірнеше түрлері болған. Қару-жарақтары мен әшекей бұйымдары мыс пен алтыннан жасалған. Ахемен әулеті патшасы Кир Массагеттермен соғыста олардың падиша-ханымы Томиристен жеңіліп, қаза тапқан. Страбонның жазуынша Массагеттер күнге табынған. Оған құрбандыққа жылқы шалатын болған. Страбон Массагеттерге жер өңдеуді кәсіп еткен Арал маңындағы хорезмдік басқа тайпаларды да қосады.
Толстов С.П., По древним дельтам Окса и Яксарта, М., 1962; Акишев К.А., Кушаев Г.А., Древняя культура саков и усуней долины реки Или, А., 1963
САВРОМАТТАР
Жайық өңірі мен Еділдің төменгі сағасын мекендеген көптеген ежелгі тайпалардың атауы. Савроматтар-сармат тайпалары түркі халықтарының, қазақ ұлтының қалыптасу тарихында терең із қалдырған алғашқы мемлекеттік бірлестіктердің бірі.
Көптеген уақыт бойы Савроматтар тайпаларының тарихи отаны белгісіз болып келді. Соңғы археологиялық зерттеулердің нәтижесінде Савроматтар мәдениетінің ошағы б.з.б. 6 ғ. төменгі Еділ мен Жайық алабы екені анықталды. Жазба деректер мен соңғы археологиялық материалдар бойынша, Савроматтар солтүстік Қаратеңіз скифтеріне туыстас тайпалар бірлестігі болған. Герадоттың жазуынша, Савроматтар жауынгер әйел-амазонкалардан туып, алдымен скифтермен соғысып, артынан олармен туыстасып, Танайс (Дон) арқылы Еділге көшеді.
Ертедегі авторлардың айтуынша, Савроматтар қоғамда әйелдер ерекше рөл атқарған. Олар ерлермен бірдей соғысқа қатысқан. Герадот сармат қызы өзінің бір ата жауын өлтірмейінше, күйеуге шықпағанын атап көрсетеді. Псевдо-Гиппократтың жазуынша, савромат қыздары әскери іс пен аң аулауға жаттыққан үш адамды (жауын) өлтірмейінше күйеуге шықпаған. Ертедегі авторлардың деректерін осы заманғы археологиялық зерттеу деректері де растайды. Обалардың ортасына қойылған әйелдердің қабірлері ерекше. Олардан моншақ, білезік, қол айна, т.б. заттармен қатар қару-жарақ түрлері де көп табылды.
Б.з.б. 4 ғ. Савроматтар скифтермен тату көршілікте өмір сүрген. Көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданған олар бірте-бірте жаңа өріс іздей отырып, Дон өзенінің арғы жағындағы скиф жерлеріне, одан әрі Батыс Еуропа елдеріне дейін көшіп барған. Сол жердегі тұрғылықты халықтардың арасына сіңісіп, біртіндеп тарих сахнасынан жоғалған.
Степная полоса Азиатской части СССР в скифо-сарматское время. М., 1992.
ЕР ЖҮРЕК АМАЗОНКАЛАР
"…аңыз бойынша эллиндер амазонкалармен соғысып, Термодонт түбіндегі шайқаста оларды жеңіп, тұтқынға алған амазонкаларды үш кемеге отырғызып, теңізге шықты. Ашық теңізде жүзіп келе жатқанда амазонкалар еркектерге тап беріп, оларды шетінен қырып тастап, тұтқыннан босады. Бірақ өздерінің кемені, оны жүргізуді білмегендігі себепті, не желкенмен, не ескекпен кемені басқара алмай толқын айдап, жел қуып, Меотия көліндегі (Азов теңізі) Шақпақ жартас деген жерге келіп тоқтады. Бұл Шақпақ жартас еркін скифтердің жерінде орналасқан еді. Осы жерде кемедегі амазонкалар адамдар мекеніне бағыт алып, жолда кездескен жылқы табынын ұстап, атқа мініп, скиф иеліктерін тонай бастады…
…Ақыр соңында амазонкалармен соғысудан абырой таппасын білген скифтер оларға бір топ жас жігіттерді жіберіп, үйлендірді, сонымен, амазонкалар скиф тілінде сөйлейтін болды. Жас скифтермен қосылған соң олар Танаис (Дон) өзенінен әрі өтіп, қоныс сайлады. Осы ел кейін "савромат" (сармат) атанды. Осындай жағдайға байланысты савромат әйелдері ерте заманнан ерекше өмір салтын ұстанады, олар: атқа мініп еркектермен бірге немесе өздері-ақ аңға шығады, еркектермен бірдей киініп, соғысқа аттанады. Савроматтар скиф тілінде сөйлейді, бірақ ерте уақыттан бері бөлектеу, себебі амазонкалар толық ол тілді меңгермеген. Неке туралы оларда мынадай тәртіп қалыптасқан: ешқандай бойжеткен өзінің бір жауын өлтіргенше, күйеуге шықпайды, ал енді осы талапты орындай алмағандары қартайғанша, тіпті өлгенше, күйеусіз отырады".
1. Савромат (сармат) - Батыс Қазақстан, Еділ бойын мекендеген сақ-скиф тектес ел. Олардың тұрғызған қорғандарынан қару-жарақ өте мол табылады. Амазонкалар туралы аңыздың савроматпен байланысы қызықты ойларға жетелейді. Себебі, осы жағдай ерте көшпелілер арасында матриархалдық қоғамның қалдықтары мол болғандығын көрсетсе керек.
2. Эллиндер - ежелгі гректер. Аңызға олардың кездейсоқ кіруі мүмкін. Грек жазушылары скиф батырын - Геракл, Тәңіріні- Зевс деп атай береді.
Геродот. История в девяти книгах. М., 1972. - IV-бөлім. - 110-117 -бб. Қазақстан тарихы: Оқулық хрестоматия / Құраст.: Ж.Артықбаев – Астана: «Фолиант», 2003. – 264 бет. – Б. 10
КИР МЕН ТОМИРИС
"Азияны бағындырып және өз билігіне бүкіл Шығысты қаратып болған соң, Кир сақ еліне соғысқа аттанды. Ол заманда сақтардың патшайымы - Томирис еді. Жау шапқанда қандай да әйел болсын үрейленер еді, ол қорыққан жоқ.
Томиристің жауды Өкістен өткізбеуге мүмкіндігі болды, бірақ, не де болса, сақтың кең даласына енсін, соғысуға жеңіл болады деп есептеді, оның үстіне жау жағы жеңілген жағдайда алдынан өзен бөгеп қашуы қиын болар еді. Кир өзеннен өтіп, Сақ өлкесіне бірталай еніп барып, жорық шатырын тікті. Екінші күні, қорыққандай түр көрсетіп, шатырын тастап, қашқандай қимыл жасады. Ал енді аяқ шалдырған жеріне тойға керекті нәрсені түгел, әсіресе, шарапты мол қылып тастап кетті. Осы хабарды патшайымға жеткізгенде, өз әскерінің үштен бірін беріп, жас ұлын жауды қууға жүмсады. Әскери істе сыналмаған жас бозбала Кир шатырына жетісімен соғыста жүргенін, жаудың жақын екенін ұмытып, тойға келгендей өз көшпелілерін шараптан қаға алмады. Сонымен, қарудан жеңілмеген сақтар, арақтан жылдам жеңілді. Осыны білісімен-ақ, Кир түн ішінде қайта оралып, бейқам жатқан сақтардың бәрін патшайымның ұлымен бірге қырып салды. Әскерін жоғалтып, жалғыз ұлынан айрылып қалған Томирис патшайым көз жасына ерік бермей, қайта жеңісін тойлап жатқан жаудың өз зұлымдығын өзіне қайтару үшін кек алмаққа бекінді. Оның амалы табылды да. Ол өз әскеріне жеңілістен кейін сенбегендей түр көрсетіп, соғысудан қашқақтап, ақыр түбінде соңынан қуған Кирді тау шатқалына қамап, алдынан тосқауыл қойып, жан-жағынан қамап алды. Сол жерде патшамен бірге 200 мың парсыны сақтар қырып жіберді.
Бұл жеңілістің таң-қаларлығы - қырғын соғыстан парсы еліне хабар жеткізетін бір адам тірі қалған жоқ. Патшайым Кирдің басын адам қанымен толтырылған торсыққа салып: "Енді қанға той, сен қашанда оған құмар болдың және оған ешқашан да тойған жоқсың", - деп, оның қаталдығын айыптады".
1. Кир - Ахеменид әулетінен, парсы патшасы, өлген жылы - б.э.д. 530-ж. Әмудің Каспий теңізіне кұятын Узбой саласында қайтыс болған. Ерте замандарда Узбойдың арнасымен Әму суы негізінен Каспий теңізіне құйған.
2. Томирис - сақ патшайымы. Деректер бойынша парсымен соғысқан сақтардың "массагет" деп аталатын рулары. Кир алдымен Томириске құда түскен, бірақ мәселе массагет билігі болғандықтан, патшайым бас тартқан. Кир қолынан қаза тапқан ханзаданың аты - Спаргапис. Геродот ол жөнінде: «Спаргапис қолға түскеннен кейін, өзін өлтірді», - деп жазады. Оның баяндауынша, бұл соғыс көшпелілер қатысқан ең қатігез, қантөгіс соғыстардың бірі. Шайқас күн үзынға созылған, ақыр соңында парсының қатары сөгіліп, қаша бастаған.
3. Өкіс - Әмудария өзені. Ол заманда Сырды Яксарт атаған, бертінірек Әмуді - Жейхүн, Сырды - Сейхүн атаған уақыттар да болды.
Юстин. Эпитома сочинении Помпея Трога. Вопросы древней истории. - 1954. - 2-4-66; 1955. - 1-б. Қазақстан тарихы: Оқулық хрестоматия / Құраст.: Ж.Артықбаев – Астана: «Фолиант», 2003. – 264 бет. – Б. 55-57
АЛТЫН АДАМ
"Есік обасынан табылған комплекстің ғылыми, тарихи-мәдени бағасын анықтау қиын. Қазба жұмыстарының нәтижесінде Есік қорғанынан табылған өте құнды, көлемді информация гуманитарлық ғылымдардың ірі саласына - көне тарих, мәдениет тарихы, өнер мен жазу, тіл сияқты Қазақстан ежелгі тарихының құрамдас бөліктеріне әсер етері сөзсіз. Бұл информацияны қорыту, жинақтау ежелгі қоғамға (көшпелілер қоғамына) қатысты қалыптасып қалған көптеген дәстүрлі көзқарастарды жоққа шығарады.
Есік олжасы жақсы сақталғандықтан, жерлеу ғұрпын қалпына келтіруге, салтанатты бас киімді, киім мен аяқ киімді, әр түрлі әшекейлердің орналасу ретін анықтауға мүмкіндік берді. Осы тұрғыдан және өнер туындыларының орындалу шеберлігі мен табылған алтын заттардың саны жөнінен Есік қазынасы салыстыруға келмейтін, айрықша табыс.
Табылған заттардың ішінде Қазақстан жерінде пайда болған көне жазудың бірден-бір айғағы - жазуы бар күміс тостаған ерекше орын алады. Қазіргі күні осыдан 2400 жыл бұрын Қазақстандық сақ-скиф тайпалары жазу мәдениетін игерген деген ғылыми мәселені көтере аламыз...
Есік қорғанынан табылған өнер туындылары өнер тарихының жарқын бетін ашады. Бұл туындыларды Жетісу сақтарының өкілдері - суретші-шеберлер жасап шығарған. Олардың осы өлкеде жасалғанына ешқандай күлік жоқ…
Дегенмен, Есік обасында табылған өнер туындыларының Таяу Шығыс, соның ішінде ахеменидтік Иранның өте зор әсерінің арқасында пайда болғанын олардың жергілікті ортада жасалғаны жоққа шығармайды. Бұл әсер Есіктен табылған өнер туындыларында анық сезіледі.
Есіктік сақ өнеріндегі "аң стилі" - синкретті өнер, екі түрлі компоненттің қоспасы: төл және сырттан енген дәстүр. Бірақ екі арадағы шекараны ажырату өте қиын, Есік - біртұтас, ертеде қалыптасқан мәдениет нышаны…
Еуразия тайпаларының "аң стиліндегі" өнерді дамытуға сіңірген еңбегі өлшеусіз мол. Шынтуайтына келгенде, Еуразия - б.э.д VII-V ғғ. түзілген скиф-сібірлік өнер салтының отаны".
1. Күміс тостағандағы жазу әлі күнге оқылған жоқ. Тілшілердің арасында екі ұдай пікір бар: бірі - оны түрікше десе, екіншілері - иранша жазылған дейді.
К.А. Акишев. Курган Иссык (искусство саков Казахстана). - М., 1978. - 85-89-бб. Қазақстан тарихы: Оқулық хрестоматия / Құраст.: Ж.Артықбаев – Астана: «Фолиант», 2003. – 264 бет. – Б. 57-58
ЯНЦАЙ МЕМЛЕКЕТІ
Ерте заманда Қазақстанның батыс бөлігінде өмір сүрген мемлекеттің қытай деректеріндегі атауы. Янцай қытай жылнамасы “Ши цзида” хатталған “Yan caі” деген атаудың орысша дыбыстық аудармасы бойынша алынған. Бұл ел Батыс деректерінде “Aorsі”, “Alanі” (аландар) деп аталған. Қытай жылнамалары бойынша: “Янцай қаңлылардың солтүстік - батысында шамамен 2000 ли (шақырым) жерде тұрады, көшпелі мемлекет, қаңлылармен әдет - ғұрыптары ұқсас. Садақты әскерлері 100 мыңнан асады. Жерінің шеті үлкен теңіз, оның жағасына көз жетпейді. Оны “Солтүстік теңіз” деп атайды. (“Ши цзи”); “Янцай мемлекет (го) атын Аланчиң (Alanqіng) мемлекеті деп өзгертті, жерқорғанда тұрады, Қаңлыға бағынышты. Халқының әдет - ғұрыптары мен киім - кешектері қаңлылармен ұқсас...” (“Хоу хань шу”). Жоғарыдағы деректер негізінде қытай тарихшылары Янцайды қазақтың Кіші жүзіндегі алшындардың арғы тегі деп есептейді. Олардың өмір сүрген өлкесі Каспий, Арал теніздерінің аралығы болған. Янцайлар негізінен мал шауашылығымен шұғылданып, жылқы, сиыр, қой, түйе, қашыр түліктерін өсірген, бие сауып, қымыз ашытқан. Сондықтан кейбір қытай деректерінде “Қымызды ел” деп те аталған.
«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998, X том
ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ
Еуразия құрлығындағы сауда, керуен жолдарының жалпы атауы, б.з.б. 2 ғасырдан 16 ғасырға дейін Орта Азия арқылы Қытайды Алдыңғы Азиямен байланыстырды. Чжан Цяньның жасаған саяхаты нәтижесінде б.з.б. 2 ғасырда ашылды.
Ұлы Жібек жолы Сианьнан Ланчжоу арқылы Дунхуанға апарады, бұл жерден жол екі торапқа бөлінеді: солтүстік жол Тұрфан, Қашқар, Самарқан, Мервті, Ферғана алабын, ал оңтүстік жол Хотан, Жаркент, Балх және Мервті басып өтіп, Памирдің тау жоталары арқылы Үндістанға, сондай-ақ, Таяу Шығысқа апарады. Мервте оңтүстік және солтүстік жолдар қосылып, одан әрі батыстағы Ұлы Жібек жолы Ниса, Гекатомпил, Экбатана, Бағдад арқылы Жерорта теңізінің шығыс жағасындағы порттарға, Тир мен Антиохияға дейін созылып жатыр. Экспорт үшін арнаулы дайындалған және Батыста жоғары бағаланатын қытай жібегі негізгі сауда тауары болды.
Ұлы Жібек жолы арқылы сауда-мәмілегерлік байланыс, әсіресе, 1 – 2 ғасырлар аралығында мейлінше дамыды. Қытаймен, негізінен, ортаазиялық делдал саудагерлер сауда жүргізді. 97 ж. қытай саяхатшысы Гарь Ин Парсы шығанағына дейін, ал македониялық Май Тициан 100 ж. Ланчжоуға дейін жеткенімен, жол қатынасының қиындығы Қытай мен Рим арасында тікелей байланыс жасауға мүмкіндік бермеді.
3 – 6 ғасырларда Ұлы Жібек жолы көбіне “қажылар жолы” ретінде пайдаланылды, бұл жол арқылы будда монахтары Қытайдан Үндістанға, Үндістаннан Қытайға сапар шекті. 7 – 10 ғасырларда Ұлы Жібек жолының халықаралық маңызы арта түсті – Қытай Византиямен және арабтармен байланыс орнатты.
15 ғасырдан теңіз байланысының дамуына байланысты Ұлы Жібек жолы маңызын жоя бастады. Алдыңғы Азия мен Орта Азия және Қытай халықтары арасында экономикалық және мәдени байланысты дамытуда Ұлы Жібек жолының рөлі зор болды. Ұлы Жібек жолының ұзындығы 7 мың км-ден асты.
По великому Шелковому пути, А.-А., 1991; Байпаков К.М., Средневековые города Казахстана на Великом шелковом пути, А., 1998.
ҒҰН ЗАМАНЫ
Б.э.д. I мыңжылдықтың ортасында Орталық Азия даласында рулардың ірі одағы қалыптаса бастады. Қытай және антикалық жазба ескерткіштері оларды "Ғұн" (хунну) деп атаушы еді. Ғүндардың өз шежіресіне қарағанда (б.э.басы) "олардың тарихы мың жыл бұрын басталған" еді. Ғұндармен қатар екі дәуірдің шектесетін уақытында усунь (үйсін) және кангъю (қаңлы) тайпалық одақтары да көшпелі мәдениеттің тың үлгілерін жасады. Орталық Азияны мекендеген ондаған ірі рулардың басын қосқан ғүн мемлекеті б.э.д. III ғ. Тынық мұхиты мен Каспий теңізі аралығын, кейінірек Орталық Еуропаны қамтыған ұлан-байтақ империя құрды. Еуразия тарихында бұл көшпелілердің жасаған алғашқы империясы. Үйсіндер алғашқы кезеңде Шығыс Түркістанды мекендеп, ал юечжі тайпалары оңтүстік-батысқа жер ауған соң, Жетісу мен Ферғана өлкелеріне орнықты. Сол дәуірдегі көрнекті одақтың бірі - қаңлылар, әуелден Сырдария өлкесімен тығыз байланысты (Авестада Сыр бойына қатысты Канхга атауы кездеседі). Әрине, ғұн, үйсін, қаңлы руларының қоныстану мәселесі толық шешілді деуге әлі ерте, оның үстіне халықтардың ғұндар бастаған қолы қоныс аударуы кезеңінде (III ғ. бастап) этнотерриториялық картаға елеулі өзгерістер енгені даусыз.
Б.э.д. 200-ші жылы ғұндарға қарсы Қытайдан Гао ди бастаған (патша) ірі қол аттанды. Олар жылдан-жылға күшейіп келе жатқан көшпелі мемлекетті тізе бүктіру ниетімен шекаралық өлкеде билігін нығайтуды көздегенін жылнама жасырмайды. Бірақ ғұндарға қарсы соғыста патшаның әскері жеңіліп, оның өзі қолға түсті. Одан кейінгі қарым-қатынас ғұндардың пайдасына жүргені анық. Бірнеше жүз жылдар бойы Қытай көшпелілерге тәуелді болып келді. Осы соғыста Қытай жылнамашысы ғүн әскерлерінің батыс бөлігі - ақ боз атқа, шығыс бөлігі - ақ тұмсық күрең атқа, солтүстік бөлігі - шұбар атқа, ал енді оңтүстігіндегілер - жирен атқа мінгендігін суреттейді. Мұның өзі ғүн қауымдастығына енген рулардың нағыз көшпелі жылқы өсірушілер екендігін дәлелдесе керек. Үйсіндерге қатысты деректерде "олардың ішіндегі байлары 4-5 мың жылқыға иелік етеді" деген мәліметтер бар. Бұл көрсетілген сан ең жоғары шек болмаса керек. Археологиялык деректер ғұн қоныстарында орташа қалалардың орыны барлығын, ал олардың маңында суландыру жүйесі болатынын хабарлайды. Осы сияқты құбылысты үйсін мен қанлыға қатысты қазба жұмыстарынан да аңғарамыз. Дегенмен, осы аталған рулардың негізгі шаруашылық үрдісі көшпелі мал шаруашылығы болғаны айдан анық. Мәселен, отырықшы өлкелерге ең жақын деген қанлылардың басшылары арасы 900 шақырым болатын жайлау мен қыстау арасында көшіп жүрген.
Ғұн заманында көшпелі рулардың әлеуметтік тіршілігі күрделі жүйеге орнықты. Оның тамаша көрінісі - ғұндардың мемлекеттік билік құрылымы. Жоғары биліктің атқарушысы - "шаньюй"(шамасы "жәңгір" немесе "шоң" деген әлеуметтік титулдың кытайша транскрипциясы) көктің ұлы деген лақапқа ие, оны "көк пен жерден туған, күн мен айдан билікті алған ғүнның үлы билеушісі" деп дәріптейді. Ғұн мемлекетінің негізгі құрамы 24 көшпелі рудан тұрады, олардың әрқайсысын билер - ру басылар басқарады, кейінірек ол руларға шаньюй "түмен басыларды" бекітті. Осылайша мемлекет кұрамына кірген рулар 10 мың әскер бере алатын әкімшілік жүйесіне бағынды. Деректерге қарағанда гұн қауымына енген рулардың басшылары, шаньюйдің туыстары жылына үш рет Лунци тауына жиналып, Тәңіріге арнап қүрбандық шалып, мемлекет мәселелерін ортаға салатын. Ғұндардың күшеюі көршілес руларға әр түрлі әсер етті. Олардың ішінде юечжі сияқт аянбай соғысып, ақыры жер ауып кеткендері де болды.
Сонымен қатар, үйсін, ухуань сияқты ғұн билігін мойындап, одаққа кіргендері де болды. Бірақ, кейін келе, осы тайпалар б.э.д. 70-ші жылдары ғұн өлкесіндегі жұт кезінде Қытайға одақтас болып шапқыншылыққа қатысты. Шабуыл жасаушылар ғұндардан 700 мың бас малды олжалап алды.
Орталық Азиядағы ғұн үстемдігі III-IV ғғ. біржолата тиылды, бірақ одаққа кірген көшпелі тайпалардың көпшілігі батысқа жылжып, жаңа саяси бірлестіктің іргесін қалады. Сібір және Орал өлкесінен естек жұртын (орал-фин тайпалары) бағындырып, олардың біразын өзіне қосқан ғұн тайпалары, одан әрі славян қауымын ілестіріп, ақыры Қара теңіз маңында герман тілдес гот тайпаларымен көрші қонды. Бірнеше жылдың ішінде сармат-алан және герман-гот тайпаларын тас-талқан еткен ғұндар 376 жылы Рим империясының шекарасына ілінді. Батыс Еуропаны жаулап алу - Баламердің тұсында басталып, Ругилдің кезінде жалғасты, ал Аттила (Еділ) заманында аяқталды. Ғұндар бастаған халықтарлың ұлы коныс аударуы деген атақпен тарихқа енген бұл құбылыс Еуропаны жаңаша даму жолына бастады. Құл иеленушілік құрылыс жойылып, оның орынына феодализм қанат жайды. Еуропада бөлек-бөлек мемлекеттер дүниеге келді, ал адамзат баласы осы қозғалыстың арқасында көне дүниеден Орта ғасырларға қадам басты.
Көшпелі ұлыстардың түпкі жұрты болып табылатын Алтай тауларынан батысқа жайылған Ғұн көшінің бір тармағы Сыр бойына келіп тірелді. Ол өлкені кезінде ғұндар мен үйсіндер Жетісудан ығыстырып шығарған юечжі тайпалары мекендеуші еді. Олардың құрған мемлекеті бүкіл Шығыс өлеміне танымал Құшан империясы аталатын. Сыр өлкесіне келген ғұндар бірталай шайқастармен осы мемлекетті жаулап алып, оның орнында өз билігін орнатты. Жазба деректерде бұл жаңа саяси құрылымды – Эфталит немесе Ақ ғұндар мемлекеті деп атайды. Олардың тарихы мен мәдениеті жөніндегі мәліметтер Сасандық Иранның патшалары Перуаз, Кей Қуат пен Кей Қысырау жылнамаларына байланысты жақсы суреттеледі. Перуаз патша 484 ж. Ақ ғұндардың қолынан өлді, ал оның баласы Кей Қуат ғұндардың қолында көп жылдар кепілдікте болды, ғұн билеушісінің қызына үйленді. Кей Қуаттың тұсында Иран жерінде Маздақ бастаған діни қозғалыс болғаны белгілі. Оған да ғұндардың қатысы бар. Ғұндар Кей Қысырау патшалық еткен заманда да белсенді болды, өздерінің Иран тағында отырған жиеніне қашанда колдау көрсетіп отырды. Бұл тарихи оқиғаларды қазақтың көне эпостарынан да аңғаруға болады (Алпамыс батыр жыры). Ақ ғұндар билеген және мекендеген өлке XI ғ. атақты ғалымы Махмұд Қашқари кітабында "Арғу" деген атпен белгілі, бертінірек бұл өлке "Шағатай ұлысы" атанды (Шыңғыс қағанның ортаншы ұлының үлесіне тиді). Қысқа әңгімеде ғұндар мен үйсіндер және қаңлыларға қатысты тарихи жағдайлардың бәрін баяндап беру мүмкін емес, сондықтан кіріспе бөлімде де, хрестоматияда да негізгі деген құжаттарға ғана тоқталдық.
Қазақстан тарихы: Оқулық хрестоматия / Құраст.: Ж.Артықбаев – Астана: «Фолиант», 2003. – 264 бет. – Б. 63-66
ҒҰН ШЕЖІРЕСІ
"Және бір ескі хабар: Ғайса пайғамбардан 1300 жыл бұрын Че-ау нәсілі Қытайда хан кезінде Азияның Темір-қазық жақ шетінде "ғүн" яки "күн" деген халық болған. Бұл "ғұн" деген Орхон өзеніне қойылған ат еді. Сол себептен ол халық ғүн атанды. Одан кейін бір уақыттарда түріктер "киунығну" деп те аталды. Оның себебі Қытайлар Ханқу дариясының Темірқазық жағындағы халықты "киунығну" дегенінен шыққан. Шежірелердегі "Хунну" атанғаны "Онау", яғни "ұйғыр" дегеннен шықты деп Радлов айтады. Және, бір кезде, бұлардың "күншығыс татар" атанған күнның "Топа сиян-жу-жін" деген таптары Азияның күнбатыс шетіне шейін барды. Бұл қүнну Қытаймен көп соғысып, кейде жеңіп, алым да алды. Олар хандарын "Шан-иуи" деп, одан кейін "Тан жу" деп атады. Бергі заманда "таичи" деп қалмақтың айтқаны да сол сөзден, жоғарғы құннулар ханның қатынын "Иан-ши" деуші еді, біздің қазақтың өзінен үлкен кісінің қатынын "жеңеше" дегені сол сөз болар. Олардың "Танжуы", яғни ханы Айышан тауында тұрушы еді. Ол тау Алтайдың Ертіс өзеніне қарай созылған бір тарауы еді. Танжу Қытай ханымен тату тұрып, хат жазғанда Аспан, Күн, Ай тарапынан ғұндардың тағына қойылған Ұлық Танжудан деп жазушы еді. Бұл тату тұрғанының соңғы мезгілдері Ғайса пайғамбардан бұрынғы 210-шы жылға шейін білінеді. Жоғарыда ай-тылған: қытайларды ғүндардын шауып, талауы, Ғайса пайғамбардан бұрынғы 210-шы жылда, құннулардың ханы - Тумын танжу тұсында еді. Бұл Тумын хан Ғайса пайғамбардан бұрынғы 206-шы жылы өліп, оның орнына баласы Мете, яки Мәте хан болды. Ғайса пайғамбардан бұрынғы 174 жылға дейін бек көп жерлерді алды. Қытайдың сол кездегі ханы Киу-хуан-ти еді. Мәте Сопных-фу шаһарын алып, Шәнсиге кіріп, Синхан-фу шаһарына келген соң, Хану-тихан қарсы шыға алмай, қыз беріп бітім қылған. Мұнан соң қытай мен түрік қыз алысты. Ғайса пайғамбардан 175 жыл бұрын Хүннулар юсши, яғни шүршіт халқын Қансу һәм Шансиден шығарып, күнбатысқа қарай Балқаш көлі мен Іле өзеніне қуды. Юешилер барып Яксарт, яғни Сырдариядан өтіп, Соғды-Бақтырияны алып, онда ғися, яки саха атанған бұрынғы түріктерді қуды. Бұл кезде ғұнның танжуы, яғни ханы барып күншығыс татарды быт-шыт қылыпты. Сол татардың бір бөлегі Қытайдың Пекин деген қаласының Темірқазық жағындағы У-хуан тауына барып, "у-хуан" татары атанды. Және бір бөлегі Сиян пи тауына барып "сиян пи" атанды. Юешилер Мәуреннахрға кірген заманда ғүнның батыс жағындағы көршісі у-сун, яғни үйсіндер еді. Іле өзені жағасында еді. Олар хандарын "күнби" деуші еді. Осы үйсінді ғүндардың ынтымағынан айырмақшы болып Қытайдан сң алғаш дүниені көруге шыққан Чан киен дегенді жіберген еді".
1. Шәкәрім деректерінің көпшілігі В.В. Радлов зерттеулеріне саяды, ру-тайпа аттарының транскрипциясы ескіше.
Шәкәрім Кудайбердіулы. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Орынбор, 1911. - 14-15-бб.
КӨНЕ ҚЫТАЙ ЖЫЛНАМАСЫ
"Қытайдың солтүстігінен әрі мекендейді, малыменен бір жайылымнан екіншісіне көшіп жүреді. Көбінесе жылқы, сиыр, қой-ешкі өсіреді, аздап түйе, есек, қашыр және арғымақ тұқымын өсіреді. Көшкенде шөп пен судың ыңғайына қарайды. Не қалалары, не егіні жоқ, бірақ әркімнің өз жер еншісі бар. Жазу жоқ, ал заңдарын ауызша жариялайды. Ұлдары қойдың арқасына мінуге жарағаннан бастап, садақпен құс, ұсақ тышқандарды ата бастайды, өсе келе түлкі мен қоян атады және оны тамаққа пайдаланады. Садақты жаксы менгергендер сауытты атты әскерге түседі. Бейбіт уақытта мал соңында жүріп, далада аңшылықпен айналысып, күн көреді; қиын кезде әркім де жорыққа дайындала бастайды. Міне, осы - олардың табиғи сүйекке біткен қасиеттері. Алыстағы жауына садақ пен жебені, жақындағысына қылыш пен найзаны пайдаланалы. Жолы болса, алға ұмтылады, болмаса, шегінеді, қашуға ұялмайды. Пайда түсетін жерде ештеңеден де тайсалмайды, ол жерде әділдік, дүрыстықты үмытады. Басшысынан бастап бәрі де малдың етін жеп, терісін киіп, жүні мен елтірісін үстіне жабады.
Моде таққа отырған шақта Дунху елі елші жіберіп, Туманнан калған 1000 лиге шабатын ат сүратты. Моде шақырған кеңеске келген бектер: "Ол ат ғұн елінің казынасы, беруге болмайды", - деді.
Моде: "Көрші бола тұрып, бір атты олардан аяймыз ба?" деп, бергізді. Біраз уақыт өткеннен кейін Моде өздерінен қорқады деп ойлаған Дунху елі елші жіберіп, Моденің бір әйелін сұрайды (Яньчжды), Моде тағы бектерімен ақылдасты. Олар ашу-ызамен: "Дунху әбден ар-ұяттан кеткен екен. Яньчжыны сұрағаны үшін соғыс ашайық!" - деді. Моде: "Көрші тұрып бір әйелді олардан аяймыз ба?" - деп, өзінің сүйікті әйелін Дунхуға жіберді.
Дунху билеушісі одан әрі асып-тасып кетті. Ғүн иелігінде Дунхудан батысқа қарай 1000 ли бос жер бар еді. Екі қабырғасында шекара бойында қарауылдан басқа ештеңе жоқ. Дунху елші жіберіп: "Ғұндар пайдаланбай отырған екі жақтың қарауылы арасындағы жерді аламын", - деді. Моде өзінің қарамағындағылардан ақыл сұрады, олар: "Ол ыңғайсыз жер, беруге де, бермеуге де болады", - деді. Моде бұған қатты ашуланып: "Жер мемлекеттің негізі емес пе, оны қалай беруге болады?" - деп, "Бер!" - деген адамның бәрінің басын шапты. Өзі атқа мінді де, атқа мінбеген адамның бәрінің басын шабуға бұйрық берді, сөйтті де шығысқа аттанып, тұткиылдан Дунхуға тиісті. Дунху бұрын Модені санатқа қоспайтын, сол себепті қапы қалды. Моде өз әскерімен Дунху ордасын тас-талқан қылып, әбден жеңді. Бүкіл елін, малы мен дүниесін өз иелігіне қаратты.
Елге қайтып келген соң, батыстағы юечжілерге жорық жасап, оларды қуып жіберді, оңтүстікте Ордостың Лэу-фань және Байян деген бектерін бағындырды және Янь, Дай деген өлкелерге жорық жасап, Мын Тхянь деген қолбасшының уақытында ғұндардан тартып алынған жердін бәрін қайтарды. Сонымен, Хань әулетінің шекарасына Ордос және Чаона, Лу-ши маңында шықты. Бұл уақытта Хань Әулеті Хянь-юймен күресте еді. Кіндік патшалық ауыр соғыстан әбден әлсіреді, осы қолайлы жағдай Модеге күшеюге мүмкіндік берді. Ол өз қарамағында 300 мын әскер ұстады. Шунь-вэйден бастап, Тұманға дейінгі мың жылдан астам уақытта Ғүн Ордасы бір көтеріліп, бір құлап, бөлініп, шашылып жатқан уақытты бастан кешірді, сол себептен тақ мұрагерлерінің тәртібін анықтау қиын.
Моде тұсында Ғұн Ордасы аса күшейеді, көтеріледі: солтүстіктегі бүкіл көшпелі руларды бағындырып, оңтүстікте Кіндік Ордаға тең болды… Ғұндар кемеңгер адамдарын "Жұқа" (Чжуки) дейді, сол себепті тақ мұрагері Шығыс Жұқа тегін (князь) атанады. Шығыс, Батыс Жұқа тегіндерінен бастап Данхуға дейін жоғарғы бектерде 10 мың. төменгілерінде бірнеше мың атты әскер бар. Барлығы 24 ел басы бар, олардың бәрі түмен басы аталады… 24 бектің әрбірі қызмет атқаратын - мың, жүз, он басыларын тағайындайды… Бірінші айда, жаңа жылдың, ел басылардың таңдаулы тобы Шанью ордасындағы ғибадатханаға жиналады. Бесінші айда Лун ченге жиналып, барлығы аруақтарға, Тәнірі көкке, жер мен рухтарға құрбандық шалады. Күзде, жылқы семірген соң, барлығы орманды айналуға жиналады, сол жерде адам мен мал басын қарайды. Олардың заңдары бойынша: суық қару мен найза көтергені (өлтіргені) үшін - өлім, ұрлық үшін - дүние-мүлкін тәркілеу, ұсақ қылмыс үшін-бетіне таңба салу, ауыр қылмыстарға - өлім жазасы. Жүгініс (билер соты) он күннен әріге созылмайды. Тұтас мемлекетте жазалаған (түрмеде) адам бірнеше ондаған ғана. Шанью таңертең ордасының алдында шыққан күнге, кешке айға тағзым етеді. Ол сол жақта бетін солтүстікке беріп отырады".
1. 1000 ли - 565000 м.
2. Мәтін б.э.д. III г. деректері бойынша берілді. Қытай жылнамашыларының көшпелі көршілеріне деген теріс пиғылы, олардың тұрмыс-салтын түсіне алмауы деректе сезіледі.
Н.Я. Бичурин (Иакинф). Собрание сведений о народах обитавших в Средней Азии в древние времена.-М-Л., 1950. - т. 1. - 39-40-бб. Қазақстан тарихы: Оқулық хрестоматия / Құраст.: Ж.Артықбаев – Астана: «Фолиант», 2003. – 264 бет. – Б. 67-70
ҮЙСІНДЕРДІҢ ТІЛДІК ЖӘНЕ ЭТНИКАЛЫҚ ШЫҒУ ТЕГІ МӘСЕЛЕСІ.
Үйсін, усун – ежелгі түркі тайпасы. Қазақ халқының қалыптасуына негіз болған тайпалардың бірі. Жетісу, Оңтүстік Қазақстанды мекендеген Ұлы жүз құрамындағы тайпалардың атауы ретінде халық арасында да, жазба әдебиетте де қолданылады. Ал шежіре деректері бойынша Үйсінді Шыңғысхан заманындағы Майқы биден таратады. Ботбай руынан шыққан Диқанбай батырдың шежіресінде (Н.Аристов жазбасында) Майқы биден: Қаңлы, Бақтияр, Қырықжүз, Мыңжүз. Бақтиярдан: Үйсін, Ойсыл. Үйсіннен: Ақсақал (Абақ), Жансақал (Тарақ). Абақтан – Қараша, одан Бәйдібек, Байтулы. Ұлы жүздің негізін құраған тайпалар Бәйдібектің балалары болып саналады. Олар: Албан, Суан, Дулат, Шапырашты, Сарыүйсін, Ошақты, Ысты.
Ш.Уәлихановтың жазбаларында Үйсін – бұл тайпалардың ғана емес, Ұлы жүздің барлық тайпасының түп атасы. Онда Төбейден – Үйсін, одан: Қойылдыр (Қатаған, Шанышқылы), Мекрейіл (Жалайыр), Майқы (Абақ), Қоғам (Қаңлы). Бұл шежірелердің қайсысы болмасын тайпалар туыстығын көрсетеді. Алайда көне жазба деректерге қайшы келіп жатады.
Қытай жазбаларында Үйсін Атауы б.з.б. 2 ғ-дың ақырында аталады. Ғұндардың күшеюінен қорыққан Қытай үкіметі өзіне одақтас іздеп, батыс елдеріне елшілік жібереді. Ғұндардың шапқыншылығына ұшыраған халықтың бірі Үйсіндер еді. Қытай елшісі келген кезде Үйсін Ұлысбегі Лецзяомидің лауазымы гуньмо аталған. Оның заманында ғұндармен терезесі тең қуатты мемлекет құрған. (қ. Үйсін мемлекеті). Қытай патшасы Үйсін гуньмолары ұлыбек Гюньцюими, Ними, Куан – вандарға қағаз берген.
Ежелгі Үйсіндердің шығу тегі, тілі жайында бізге келіп жеткен жазба дерек жоқ. Біздің білетініміз адамдардың есімі, лауазымы, онда да қытай транскрипциясы бойынша жазылған. Үйсін тарихын зерттеушілердің назар ау даратыны есім соңындағы “ми” жалғауы.
Үйсіндер тұрпаты жағынан көне жазбалардан білетініміз б.з. 7 ғ. қытай жазушысы Чин-гу, Батыс өлкенің өзге шетелдіктерінен Үйсіндердердің едәуір айырмашылығы бар, олардың көзі көк, жирен сақалды... деп жазады (қ. Үйсін антроплогиялық типі).
Үйсіндердің шаруашылық жағдайы, мәдениеті жайындағы деректер археологиялық қазбалардан анықталып отыр. Көшпелі Үйсіндер өнерінің алғашқы даму кезеңі б.з.б. 4 ғ-да биік сатыға көтерілген. Б.з.б. 105 жылдарда Үйсіндер гуньмосына ұзатылған қытай патшасының қызы киізбен ораған дөңгелек үйде тұратынын, ет, сүтпен қоректенетінін айтып, өлеңмен зарлы хат жазған. Соған қарап, Үйсіннің б.з.б. киіз үйде тұрып, көшіп-қонып жүргенін байқаймыз.
Жазба деректерде б.з.б 1 ғ-да Үйсіндер халқының жалпы саны 630 мың адам (120 мың түтін) болған. Олар 188 мың 800 адамнан жасақ құрған. Үйсіндер тайпасы б.з.б. 3. ғ-да Бұлыңғыр өзенінің бойындағы Дун-хуан, Унлянь-шань (қытай атауы) деген жерде болған. Әрине бұл жер аттары қытай жазуының ерекшелігіне қарай бұрмаланып та жазылуы мүмкін. Б.з.б. 2 ғ-дың орта шенінде Үйсіндер Жетісуға, Іле бойына қоныс аударған. Бұл жердегі юсчжа (юе-да) халқын ығыстырған, бірақ олардың бәрі бірдей батысқа кетпеген болар деген ғылыми жорамал да бар. Ал Үйсіндер Шығыстан көтеріле көшпегенін С.Е. Малов Тоныкөк ескерткішіндегі Үйсіндер Есімінің жазылуымен дәлелдейді. Жетісу Үйсіндердердің шығу тегін анықтау жолында А.Н. Бернштам, К.А. Ақышев, Г.А. Кушаевтар археол қазба жұмыстарын жүргізді. Шығыстағы Орхон-Енесей жазба ескерткіштеріндегі дерек бұлтартпас қорытынды жасауға мүмкіндік туғызды. Бұл деректерге сүйенген орыс ғалымдары Үйсіннің исседондармен туыс екендігін дәлелдеп, оларды Тянь-Шань және Шығ. Түркістан тармағы деп бөледі.
Б. з. 6 ғ-нда Үйсіндер этнонимі тарихи әдебиеттерде кездеспейді. Бірақ одан тараған рулар Дулат, Албан, Шигель (Жікіл) Түрік қағандығы кезінде тайпалық одақтарды құруға қатысады. В.В. Бартольд зерттеуіне қарағанда Шаболо Хилиши (634 – 38) қаған кезінде Батыс түрік халқы он тайпа ел болған. Бұлар Шудың екі жағасына тең жарылып мекендеді. Батыс жағалаулары Нушеби, Шығыс жағалаулары Дулу (Дулат) аталған. Дулатпен қатар чубан (суан) халқы да мекендеген. Содан кейін 5 ғасыр бойы (700 – 1200) Үйсін жазба деректерде аталмайды да, 13 ғ-да Рашид ад-Дин шығармасында Шағатай қол астындағы Үйсін халқы туралы жазылады. Академик В.В. Бартольд “Жетісу тарихы очерктерінде” дулат тайпасынан шыққан Мұхаммед Хайдар Дулати шығармасына сүйене отырып, орта ғасырдағы Моғолстан иелігінде дулаттар басты тұлға болғанын жазды. Моғолдың ұлысбегі Бұлатшы, оның баласы Құдайдат, немересі Мир-Мұхаммед ұлысбегі атанды. Темірмен жауласқан Қамар ад-Дин, Құдайдаттың немересі Сейд Әли (1440) Жетісуда, Ыстықкөл маңындағы Шығыс Түркістанда, Қашғарияда билік құрды. Үйсін Қырғыз халқының құрамында да бар. Солты тайпасының бір тармағы Усон, Қаракесек тармағы Сарыүйсін, Бағышындағы Қалша аттары Үйсін деп аталады. Сол сияқты Үйсін қарақалпақтардың да құрамына енген. Үйсіннің шығу тегі, таралуы, халықтардың тарихындағы ролі жайында тарихи-генелогиялық зерттеулерінде талас пікірлер көп (қ. Исседон, Яғма, Тиграхауда).
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна» , 2006. – 768 б. – Б.726-27
ҮЙСІН (УСУНЬ) ТУРАЛЫ ЖАЗБАЛАР
"Усуннің үлкен гуньмосы Чигу қаласында өмір сүреді, Чань-аньнан 8900 ли, шаңырақ саны - 120 мың, адам басы - 630 мың, әскер - 188 мың. Шығысқа қарай протектордың отырған жеріне дейін 1721 ли, батысқа Кангюдің Фанней жеріне дейін 5000 ли. Жері жазық, шөбі мол. Жаңбыры көп, ауасы салқын жер. Тауларында қарағай қалың және мань ағашы бар. Егінмен айналыспайды, малымен су мен шөпке қарап көшіп жүреді, салттары хундарға келеді. Ол иелікте жылқы көп, байларында 4-5 мыңнан бар. Халқы қатал, зымиян, тойымсыз, жалпы жыртқыштыққа бейім. Осы иелік ең мықты болып саналады.
Бұрын олар хундарға тәуелді болды, соңынан күшейіп, оларға бағынышты болғысы келген жоқ. Шығысы - хундармен іргелес, солтүстік-батысы - кангю, батысы - Даванмен, оңтүстігі әр түрлі иеліктермен. Усунь гуньмосы тайсалып, жылқы айдаған елшісін жіберді, қытай ханшасын сұрап, туысуға ниет білдірді. Қытай императоры Аспанұлы (император) қызметкерлерімен ақылдасып, ханшаны алу үшін алдымен сыйлық талап етті. Усунь гуньмосы мың жылқы жіберді. Юань-фынь билеген кезде қытай сарайы бір князьдың қызын ханша есебінде аттандырды, оған күйме, киім, қымбат зат, қызметкер мен бірнеше жүз құл қосты, шығарып салып, барлығына да қымбат сыйлық үлестірді.
Усунь гуньмосы оны екінші әйелі қылды. Хунханы гуньмоға өз қызын берген еді, оны бірінші әйелі қылды. Ханша сарай салғызды, үш айда гуньмомен бір рет кездесті, оның бектері мен жақындарына сыйлықтар берді. Гуньмо кәрі еді және қытай тілін білмейтін, ханша болса іші пысқанда өлең шығарды:
Мені ұзатты туыстарым алыс жаққа,
Бөтен елге - усуньнің патшасына.
Кигізбенен жабылған үйде тұрады,
Кедей түрмыс құрады,
Жейтіні - ет, ішетіні - сүт,
Отанымды сағынғанда, аққу болғым кеп тұрады.
Аспанұлы бұл өлеңді естіп, елшіден сыйлық жіберді. Гуньмо өзі кәрі болғандықтан, ханшаны өзінің немересіне бермек болды…
Сюань-ди патшалық құрған дәуірде гуньмо мен ханша елші жіберіп, хундардың бірнеше рет усуньге әскер аттандырғанын, бір бөлек жер, біраз адамды алып қойғанын, елші жіберіп, Қытаймен байланысты тоқтатып, ханшаны өз қолдарына беруді талап еткенін хабарлады. Ал гуньмо болса, мемлекеттің жартысынан жиылған таңдаулы әскерді
шығаруға дайын, 50 мың әскерді өзі жасақтап, асырайды, барлық күшті хундерге төгу үшін, Аспанұлының әскер шығарғаны жөн болар еді.
Сонымен, Қытай 150 мың атты әскер жұмсады. Бес генерал әр түрлі жолдармен бір уақытта жорыққа аттанды. Патша генерал Чан-Хойды усунь әскеріне көмекке жіберді. Гуньмо өзі бастап, 50 мың атты әскермен батыстан Батыс Гули князьдің (хун) иелігіне енді. Ол түтқынға 40 мыңадамды алды, оның ішінде ханның туыстары, белгілі бектер болды, олжа деп 700 мың бас жылқы, сиыр, қой, есек пен түйе алды. Осы олжаның бәрін усуньдер өздері алды. Бұл оқиға Вень-шидің билік құрған 3-ші жылында болып өтті (б.э.д. 71-ші ж.)".
1. Қытай мен усунь ордасы арасындағы байланыс б.э.д. 110-шы ж. бастап тығыз жүрді. Усунь ішіне бірнеше қытай ханшасы келген.
2. Қытай жылнамасы "Солтүстік Вэй патшалығының тарихы" (И. Бичурин аудармасы) арқылы беріліп отыр.
3. Қытаймен одақтас болып, кейін бағыныштылық қамытын алдымен усуньдер киді, оған себепкер Қытайдан келген ханшалар. Оларды көшпелілерге жібермес бұрын алдын-ала дайындайтын.
С.Д. Асфендияров, П.А. Кунте // Прошлое Казахстана в источниках и материалах / Сб.I. жинағынан. Москва - Алма-Ата, 1935. - 20-б.
ҚАҢЛЫЛАРДЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ ЖӘНЕ ЭТНОСТЫҚ ТАРИХЫ.
Қаңлы – қазақ халқының негізін құраған ежелгі тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Ұлы жүз құрамына енеді. Қаңлы этногенезі мен тарихы туралы жазба деректер аз емес.
Қаңлылардың шығу тегі туралы Хиуа ханы Баһадүрхан Әбілғазы төмендегідей аңызды келтіреді: “Оғыз хан барып, татарларға тиді. Татар ханы сан мың әскерімен оған қарсы шықты; олар шайқасып, Оғыз хан кенет шабуыл жасап, оның (татар ханының) қолын быт-шыт қылды. Оғыз ханының қолына көп олжа түсті, оларды тиеп алып кетуге лау жетпеді. Олардың қасында қолы епсекті бір шебер кісі болып, ол ойланып-толғанып арба жасайды. Оған қарап, бәрі де арба құрастырып, оған олжаны тиеп, бәрі үйіне қайтып келді. Арбаны “қаңлы” деп атады. Бұған дейін оның аты да, заты да болған емес, ол қозғалғанға “Қаңқ-қаңқ” дегенге ұқсас дыбыс шығаратын себепті оны “қаңқ” атады. Оны жасаған адамды “қаңқылы” деп атап кетті. Бүкіл қаңлы елі – сол адамның үрім-бұтағы”.
Шығыстанушы Н.Аристов: “Қаңлылар – дулат тәрізді ежелгі түркі руы. Бәлкім Авеста мен Махабқаратада қаңқа деп еске алынатындар солар шығар”, – деп жазады.
Сырдариядағы, Заравшан мен Әмударияның төменгі ағысындағы ұсақ отырықшы аймақтар бағынатын Кангюйдың ұлан-байтақ иелігі б.з.б. қытай деректерінде айтылады. Кіші хандар дәуірінде (25 – 221) Кангюй мен Қаңлылар Арал мен Каспий теңіздерінің аралығындағы аландарды биледі. 568 ж. Земарх Дзивул Холиат аталатын Византия елшісі түркі қаңлыларының жерін басып өткен. Сұлтан Мұхаммед Хорезмшах қосынында Таластан келген он мыңдаған Қаңлылар қызмет еткен. Италиялық саяхатшы Плано Карпини құмандардан (қыпшақтардан) кейін Қаңлылар елімен жүріп өткен. Ақсақ Темір кезінде Қаңлылардың біраз бөлігі Сырдың оң жағасын жайлады. Оған дейін Еуропаға құйындай тиген ғұн мен қыпшақ жауынгерлерінің өздерімен бірге ілестіре кетуі Қаңлылар санын азайтты. Қазақ-қырғыз одағына Қаңлылар аз ру болып қосылады, себебі олардың көпшілігі Шайбани әулетімен Мауераннахрға кеткен болатын Қаңлылар 14 ғ-дың аяғында Жошы ұлысының бір бөлігін құрап, Сырдария мен Талас арасында көшіп жүрді. 17 ғ-дың басында Қаңлылар Ташкент аймағын мекендеді. 1629 ж. Есім хан оңтүстік өңірдегі қазақтарды тонағаны үшін Тұрсын ханды өлтіріп, Қаңлы мен қатағандарды қуғындады.
Кангюй, Қаңлы этнонимдерінің этимологиясына байланысты айтылып жүрген пікірлерде бірізділік жоқ. Қаңлыларды зерттеуде Н.А. Аристов, А.Н. Бернштам, С.Г. Кляшторный, В.Мурзаев, М.Тынышбаев, С.Аманжолов, В.Восторов, Ә.Қайдаров т.б. қажырлы еңбек етті. Әсіресе, Ә.Қайдаров Қаңлы руының этногенезі мен этникалық тарихы, тайпалық құрылымы мен ерекшеліктері туралы жазды. В.Восторов Қаңлылардың ежелгі тайпа және олардың түркі тілдес екенін нақтылап берді. “Кангюй” атауына қатысты пікірталас әлі де нақты шешімін тапқан жоқ. Дегенмен, ғалымдардың көпшілігі (Қайдаров, Востров, Арғынбаев) кангюйлер мен Қаңлыларды бір деп есептесе, аздаған бөлігі (Т.Жданко т.б.) мұны қолдамайды. Қайдаровтың тек тану кестесінде Қаңлылардың атасы Майқы би болып саналады.
Қаңлы сары-қаңлы мен қарақаңды болып екіге бөлінеді, оның үстіне Сырдария мен Жетісу Қаңлылары осылай жіктеледі. Ұлы жүздің Төбейден басталатын шежіресінде, Төбейден – Бәйтерек, одан – Қаңлы, одан – Қанкөжек, Келдібек таралады. Келдібектің бірінші әйелі Сары бәйбішеден – сары қаңлы ұрпақтары, ал екінші әйелінен қара қаңлы ұрпақтары өрбиді. Жетісу Қаңлылары да сары қаңлы, қара қаңлы болып бөлінеді. Қайдаров Жетісу Қаңлыларының атасы Сырдария Қаңлылары деп есептейді. Жетісу қоныстанған Қаңлының кейбір рулық тобы – ақ қаңлы және қызыл қаңлы деп бөлінеді, соңғылары сары қаңлының бір тармағы – Телқожа атасының ұрпақтары болып саналады.
Тіршілік ету аясына байланысты әрбір топ екіге бөлінеді. Мысалы, сары қаңлылар да, қара қаңлылар да Сырдария және Жетісуда екі атадан тұрады. Сырдарияның сары қаңлылары 5 ата: Ақбота, Ақынқожа, Телқожа, Омыртқа, Миям; Жетісудың сары қаңлылары 6 ата: Әлсейіт, Ақбарақ, Құйысқансыз, Бозым, Ешкілі, Шанышқылы. Сырдарияның қара қаңлысы 6 ата: Тоғызбай, Оңбай, Тоғанбай, Бақа, Бадырақ, Қара; Жетісудағылар да 6 ата: Езен, Қоспан, Еңке, Танта, Оразымбет, Бақа. Бұл тізімге қызыл қаңлы мен қаңлы рулық құрылымын қоспағанда, осы төрт топтан 23 ата тарайды. Мұның өзі бұрын Қаңлының көп болғанын көрсетеді. 19 ғ-дың аяғында Аристов Қаңлының шағын тобы Верный уезінде (300 үй) кездесетінін айтады. Олар Әулиеата (350 үй), Шымкент (478 үй), Ташкент (1650 үй) уездерінде де тұрған. Аристов еңбегінің тағы бір жерінде Қ-лар мен шанышқылардың жалпы саны – 10 мың үй болды деп көрсетеді. Қайдаров 1885 ж. Ташкент уезінде Қаңлылар мен шанышқылар 14 мың түтін болған деп есептейді.
Тынышбаевтың 1917 жылғы келтірілген мәліметінде Қаңлылар мен шанышқылардың жалпы саны уездер бойынша берілген. Мысалы, бұл жылғы жоғарыдағы үш уездерде барлығы – 190 мың жан өмір сүрген. Сырдария Қаңлыларының негізгі шаруашылығы суармалы егіншілік болды, ал жетісулықтар егін салумен қатар да төрт түлік өсірумен шұғылданды. Ұраны – “Бәйтерек”, “Айрылмас”, таңбасы – көсеу (/).
Аристов Н.А., Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности // Живая старина, в. 3 – 4, СПб., 1896; Бартольд В.В., К истории культурной жизни Туркестана, Л., 1927; Арғынбаев Х., Мұқанов М., Востров В., Қазақ шежіресі хақында, А., 2000.
ҚАҢЛЫ ЕСКЕРТКІШТЕРІ
Көне қаңлы (кангюй) тайпалары билік еткен өңірлерде сақталған археологиялық ескерткіштер кешені. Қаңлы ескерткішінің жарқын көріністерін Қауыншы мәдениеті, Отырар-Қаратау мәдениеті, Жетіасар мәдениетінен көруге болады.
Қаңлы ескерткіштері Сырдария сағасынан Ферғанаға дейінгі өңірге тараған. 1958 – 63 ж. Шардара археологиялық экспедициясы (жетекшісі А.Г. Максимова) Оңт. Қазақстаннан қауыншы мәдениетіне жататын бірқатар ескерткіштерді ашты. Біршама толық зерттелгені Шардараға таяу, Сырдарияның оң жағалауындағы Ақтөбе-2 қонысы. Мұнда жобасы тік бұрышты, аум. 28×18,5 м сарай аршылды. Сарай айшық іспеттес етіп салынған бес үйден, кірмелік кешені мен құрылысты батыс-шығысынан орап жатқан дәлізден тұратыны анықталы. Ортасында шаршы зал (3,6×3,6 м) бар, ол басқа үй-жайлармен доғалап иіп салған арка өткелдермен жалғасқан. Зал қабырғаларының биіктігі 6 м - ге жетеді, еденнің ортасында құдық бар.
Қоныстан құмыра, саптаяқ, таба, құм, құмған, көзе, жебе ұштары, алтын сырға, пышақ, сүйек айылбас, қола сақина, т.б. заттар табылып, олар б.з. 1 – 4 ғ-ларына жатқызылды.
Қаңлылар кезінде Шәушіқұмтөбе (1 – 8 ғ-лар), Сейітттөбе (1 – 12 ғ-лар), Сүткент Байырқұм (1 – 12 ғ-лар) секілді қалашықтар салынды. Мұндай мекенжайлар маңында обалы қорымдар бар. Шардара археологиялық экспедициялар 1959 – 63 ж. Ақтөбе, 1963 ж. Жамантоғай, 1958 – 63 ж. Шәушіқұм, 1960 ж. Төребайтұмсық қорымдарының қазба жұмыстарын жүргізген.
Мәйіттер киімімен, жеке пайдаланатын заттарымен қоса жерленген. Еркектер қабірлерінен қару-жарақтар, әйелдер қабірлерінен түрлі әшекейлер табылған. Қаңлылар мәйітті лақыт жасап және жай шұңқырларға жерлеп, үстіне оба үйген, сағана салған. Қабірлерге тамақ салынып, су құйылған қыш ыдыстар бірге қойылған.
Отырар алқабында Отырар-Қаратау мәдениетіне жататын ескерткіштер көп шоғырланған. Арыс өз-нің сол жағалауындағы Пұшық – Мардан, Қостөбе, Шаштөбе, Сейітман төбе, Ақайтөбе, Шалтөбе сияқты 20 шақты қалашықтар негізі осы қаңлылар кезінде қаланған. Олардың көбін 1969 – 70 ж. Отырар археологиялық экспедициясы (жетекшісі К.Ақышев) тапқан. Ең үлкені – Көкмардан. Онда 1977, 1978 – 83 ж. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі К.Ақышев) қазба жұмыстарын жүргізген. Мұнда негізінен 6 – 7 ғ-ларға жататын 10 махалла қазылды. Бір бөлмелі үйлер, іргесі жартылай жер астынан басталады. Оған екі-үш тепкішекті басқышпен кірген. Үй есіктері бұрыштарға жақын салынған. Есікке қарама-қарсы, бөлме ортасына таяу жерде ошақ бар. Қабырғаларға тақаусәкі-төсектер салынған. Ошақ басында еденде дәнүккіштер мен диірмендер қойылған. Шаруашылыққа қажетті түрлі ыдыстар қазып алынған. Көкмардан, Пұшық-Мардан, Қостөбе, т.б. қалашықтарда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары Оңтүстік Қазақстанның ежелгі қалалары сонау қаңлылар дәуіріне барып тірелетінін көрсетеді. Қалалар маңындағы Көкмардан, Қыркескен, Мардан, т.б. қорымдарында 1971 – 76 ж. Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының тобы (жетекшісі Б.Нұрмахамбетов) қазба жұмыстарын жүргізді.
Жетіасар мәдениеті Қуаңдария мен Жаңадария аңғарын қамтиды. Бұл кездегі қала орындары біртектес. Құрылыс салуға көлін үлкен (60×30×10; 40×25×10) шикі кірпіш, күйдірілген кесектер пайдаланылған. Есік үй қабырғасының ортасынан немесе шетінен шығарылған. Қалалар мен обалардан Жетіасар мәдениетіне жататын түрлі бұйымдар табылды. Археологиялық жұмыстар барысында алынған әшекей бұйымдар, шаруашылық заттар қаңлылардың егіншілікпен, мал шаруашылығымен, қолөнер кәсібімен, саудамен айналысқанын және ірі мемлекеттермен саяси, экон., мәдени байланыста болғанын дәлелдейді.
Максимова А.Г., Мерщиев М.С., Вайнберг Б.И., Левина Л.М., Древности Чардары, А., 1968; Байпаков К.М., Подушкин А.Н., Памятники земледельческо-скотоводческой культуры Южного Казахстана, А., 1989; Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін (очерк), А., 1994.