2.1. Моңғол кезеңіне дейінгі Орталық Азиядағы түркі тілдес этностардың этномәдени интеграциясы кезеңдері


ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЙТА ТҮЛЕУI

VII ғасырда түркiлер Алтайға келгенде, олардың жаулары, бiр жағынан, бұрынғы тұрғындар — алтайлықтар, екiншi жағынан, қазақтардың ата-бабалары — дала тайпа- лары болған. Сiрә, VII—IХ ғасырларда түркiлер екi майданда күрес жүргiзсе керек, олар осы балбал бейнелерiнде кескiнделiп қалған. Егер бұл дұрыс болса, онда бiз далалықтармен соғыс неғұрлым сәттi рбiген екен деп айта аламыз,өйткенi бiз зерттеген 486 балбалдың 329-ы үшкiр басты, ал 157-i тайпақ басты болды.

Сiрә, Шебиханнан кейiн де ормандағы әрбiр ағашты, сайдағы әрбiр тасты жақсы бiлетiн таулықтармен табан тiрескен күрестен гөрi, даладағы соныстарға тұтқиылдан жасалған шапқыншылықтар табыстырақ ткен тәрiздi. Үшкiр бастыларынан гөрi тайпақ басты балбалдардың мiндеттi түрде шомбалдау келуi де, мүмкiн, сондықтан шығар...

Жоңғария мен Жетiсуда мынадай халықтар өмiр сүрдi: Қара Ертiс пен Ұрынғы алаптарында қарлұқтар; Орталық Тянь-Шаньдағы Iле бойында түркештер, ал олардан батысқа қарай шүнiштер; Оңтүстiк-Батыс Жоңғарияда нешеттер; Манас өзенi мен одан шығысқа қарай құлыштар; Оңтүстiк Жоңғарияның шығыс бөлiгiнде басимдер (басмылдар) және сол жерде — ортаазиялық ғұндардыс жұрнақтары — шатолар.

Келтiрiлген бұл мәлiметтерге қосымша Орхон жазуы 710—711 жылдары түркештер соғысқан кеңгерес халқы туралы хабарлайды. Бұлар өздерiнше атауы қаңғар болған печенегтер. Олар Сырдарияның төменгi және орта ағысы бойын мекендедi.

Қара Ертiстегi қарлұқтар мен Сырдариядағы печенег - қаңғарлардың аралығында дәл сол кездерi қыпшақтар қоныстанып алған кең дала жатты. Осы күнгi Қазақстанның далалық өңiрiнiң Дештi Қыпшақ— Қыпшақ даласы деп аталуы, мiне, осыдан. Мұнда қыпшақтар қаңғарлармен (қаңлы) араласып кетiп, шығыста қыпшақтар, Еуропада командар, ал Ресейде половецтер деген атпен әйгiлi болған халықты қалыптастырды. Оңтүстiкке таман Сырдария мен Әмударияның төменгi ағысы аралығында түрiктендiрiлген арийлiктер, парфяндардың ең жақын туыстары — түрiкмен дер немесе гуздар өмiр сүрдi. Осы айтылғандармен Орталық Азияның тек неғұрлым iрi тайпалық бiрлестiктерi тамамдалады. Майдаларының кейбiреулерiн бiз, мысалы, аздар, чиктер, абарлар деген және басқа аттарынан бiлемiз.

 

Гумилев Л.Н. Көне түрiктер. А., 1994.258, 263-264-бб.

 

ҚАРЛҰҚТАР МЕМЛЕКЕТI

 

Басына iс түскенде Соғды бектерi жәрдемсiз қалдырылды, бiрақ олардан империяға деген адалдық бұрынғысынша талап етiлдi. Гао Сянь-Чжи Шаштың қожасын “сатқындық жасадың” деп қамауға алып, оны Қытайға жөнелттi, ол онда өлiм жазасына кесiлдi. Мұндай қатыгездiктiң орын алуына империя қолбасшысының ашқарақтығы себепшi болғандығын жұрттың бәрi түсiнген едi, өйткенi өлтiрiлген бектiң байлығы соның қолына түстi. Мұның өзi соғдылықтарды арабтардың құшағына бiржолата итердi. өлтiрiлген марқұмның ұлы Зияд ибн-Салихтың мұсылмандық қосынын ертiп келiп, оған өзiнiң соғдылық достарын қосып, Талас қаласын қоршауға алды. Гао Сянь-Чжи қаладағыларға көмектесуге аттанды, ол жаққа сол кезде империяға тәуелдi қарлұқтар жабғысы да өзiнiң атты әскерлерiн тартты. Империя жағында ферғаналықтар, қашқарлықтар, құшандар — барлығы 30 мың әскер шабуылға шықты.

Арабтар мен соғдылықтардың саны белгiсiз, бiрақ, сiрә, олар да бұдан аз болмаған тәрiздi. Екi армия 751 жылы шiлдеде Талас өзенi маңындағы Атлах деген жерде кездестi. Кескiлескен шайқас екi жақ үшiн де елеулi нәтижесiз бес күнге созылды. Шешушi сәтте қарлұқтар Гао Сянь-Чжи әскерiнiң тылына соққы берiп, қытайлықтардың күлталқанын шығарды. Гао Сянь-Чжи Қытайға қашты.

Халифат жеңiстiң жемiстерiн пайдалана алмады. Абу-Муслим мен Абуль Абастың омеядтарға қарсы 750 жылғы көтерiлiстерi елдiң бүкiл күшiн қылғып қойды. Талас маңындағы жеңiмпаз Зияд ибн Салих көптеген астыртын әрекеттердiң бiрiне қатысушы болып шығып, басын айбалта астына салды. Алайда жеңiлiс қытайлықтарды қорқытып тастағаны соншалық, олар Батысты басып алмақ ойларынан түңiле бас тартты. Империя күйреу қарсаңында тұрды.

“Талас шайқасы мұсылман мәдениетiнiң Орта Азиядағы қытай мәдениетiнен басым түскенi жөнiндегi мәселенi шештi” деген пiкiр болды. Әйтсе де бiр шайқастың тағдыры тұтас бiр елдiң даму жолын айқындап бере алмайды. Тан империясы Батысқа қытай мәдениетiн емес, өзiнiң саяси үстемдiгiн алып барды. Бiрақ бұл жүзеге асыруға болмайтын үмiт едi. Көшпелi хандықтардың — ұйғырлар мен қарлұқтардың өшпендiлiгi жеңiлмейтiн өшпендiлiк болатын. Империяның соғыс қуаты 751 жылы барлық жерде де соққы алды: қидандар қытайларды шығыста, тибеттiктер мен жаңадан пайда болған мемлекет Наньчжао — оңтүстiкте талқандалды, ал iшкi қарама-қайшылықтар көп кешiкпей Қытайды өз шекарасының iшiнде томаға-тұйық қалуға мәжбүр еткен астан-кестен өзгерiстерге алып келдi. Талас шайқасы оқиғалардың ұзын тiзбегiндегi бiр ғана буын болды.

Қарлұқтар. Этникалық жағынан қарлұқтар түркiлерге неғұрлым жақын болғандығына қарамастан, олармен ешқа шан да тату тұра алмады. 650 жылы телес-түркiлердiң алтай тарамы жойылған кезде қарлұқтар осы мейiрiмсiздiк iстi жүзеге асырған қытай әскерiне қолдау көрсеттi. Бұл қолдаушылық Қытайда қарлұқтардың империя қол астына өтуi деп қабылданды, бiрақ iс жүзiнде қарлұқтар Тан империясының құрамына тек 657 жылы Батыс Түрiк қағанатын жаулап алу кезiнде ғана ендi.

Империяға тәуелдiлiк қарлұқтар үшiн ауыр болған жоқ. Олардың көсемдерi қытай шендерiн алды, ал өзгелерiнiң бәрi бұрынғысынша қалды. Екiншi қағанат тұсында қарлұқтар өздерiнiң бостандығын өжеттiкпен қорғады және ақырын- да толық жеңiске жеттi. Гао Сянь-Чжи әскерлерiнiң ту сыртынан берген дәл солардың сатқындық соққысы Талас шайқасының тағдырын шешкендiгiне қарамастан, олар империямен одағын сақтап қалғылары келдi. Сондықтан қытайлықтарға 744 жылы берiлген түрiк жабғуы Абусы 752 жылы көтерiлiс жасап, Шофанды күйреткен кезде қарлұқтар 753 жылы оларға қарсы шығып, батыстан берген соққысы арқылы түрiк көтерiлiсшiлерiн толық жеңiлiске ұшыратқан болатын. Абусы қарлұқтардың қолына тұтқынға түстi, қытайға жөнелтiлiп, олар оны зынданға тастағанды. Қарлұқ жабғуы “Алтайдың патшасы” деп танылды. Осыдан былай қарлұқтардың тасы жоғары өрмеледi.

Олардың бiрден-бiр бақталасы — Түркеш хандығы ыдырай бастады.756 жылы сары және қара тұқымдар арасында қанды жанжал бұрқ ете қалды. Бұл араздық түркештердi бiржолата әлсiретiп тастады, содан 759 жылы қарлұқтардың шабуылы басталғанда, түркештер оларға қарсылық көрсете алмай қалды. 766 жылға дейiн қарлұқтар Жетiсуды, Таласты, Шу өзенi аңғарын бағындыруды аяқтап, Батыс Тянь-Шаньға жеттi.

Түркештердiң бiр бөлiгi қарлұқтарға бағынды, бiр бөлiгi шығысқа қоныс аударып, ұйғырларға берiлдi. Осы уақыттан бастап қарлұқтар Орта Азиядағы далалық мәдениеттi бiрден-бiр сақтаушы болып қалды. Олар 960 жылы здерi мұсылман дiнiне өтiп болғанша, 200 жыл бойы, исламның тегеурiнiн тоқтатып тұрды. Сiрә, қажет деп санамаған болар, қарлұқтар Қытаймен қарым-қатынас жасауын қойды.

Алайда қытайлықтар Батыс өлкесiндегi “Төрт бекiнiстi”— Құшаны, Қарашарды, Хотанды және Қашқарды, сондай-ақ Бәйтiн мен Жоңғарияны ұстап қалды. Шато императорға адалдығын сақтады, бiрақ Қытаймен екi аралығын ұйғырлар кесiп тастап, солардың жинайтын алым-салығынан жапа шеккен олар ақыр аяғында жеңiмпаз Тибетке бағынумен тынды.

Тан империясының Батыстағы саясаты сәтсiздiкке ұшырады. VIII ғасырдың екiншi жартысында Қытай мен Ұлы дала жауласушы екi дүние тәрiздi қайтадан бiр-бiрiне қарама-қарсы тұрды.

Гумилев Л.Н. Көне түрiктер. А.,1994. 369—372-бб.

 

ОҒЫЗ ЖӘНЕ ҚЫПШАҚ ҚАЛАЛАРЫ

Сицилия королi Роджер II (1098—1154 жж.) тапсырысымен жазылған орта ғасырлардың үлкен және өте қызықты географиялық шығармаларының бiрi “Нузхат ал муштак фи-их-бирак ал-афак” (“Аймақтарды шарлап шаршаған саяхатшының сауықтары”) авторы, белгiлi араб географы Әбу Абдуллах Мұхаммед ибн Мұхаммед әл-Идриси былай деп жазған: “Гүздердiң қалалары көп, олар бiрiнен соң бiрi солтүстiк пен шығысқа қарай созылып жатыр. Олардың өре жетпейтiн таулары бар және бектерi қорғанатын азық-түлiк қорын сақтайтын берiк қамалдары бар. Онда бұл жердi қорғайтын адамдар бар (бектер қойған)... олардың (гүз тайпасының) басты қаласы Хандага (т) Хиам деп аталады. Сол жерде олар баспана табады және сол жерде өздерiнiң дүние мүлiктерiмен қорғанады...”

Әл-Идриси мағлұматтары әйгiлiлiгi одан кем түспейтiн тағы басқа авторлардың деректерiмен әсереленедi. Қашқарлық Махмұт XI ғасырда оғыздардың Сырдарияны “угуз” өзенi деп атағанын мәлiмдеген, ал гүздер қалаларына ол Сауран, Сығанақ, Сүткент, Қарашық және Қарнақ қалаларын жатқызған. Оның картасында “Гүздер қалалары” Қарашық қаласынан оңтүстiкке қарай, Сырдария өңiрiнiң орта белiнде көрсетiлген.

Оғыз тайпалары X ғасырда тек Сырдария белдеуiнде ғана емес, оның төменгi ағысында да мекендеген. Мұнда олардың Жент, Яншкент, Хора қалалары болған.

Жаңа Гүзлiк аталған Яншкент қаласы оғыздардың астанасы, олардың ябгу әкiмдерiнiң резиденциясы болған.

Жазбаша деректерге қарағанда, қала өзен сағасынан 2 күндiк жерде, жаңадан бiр фарсах қашықтықта орналасқан. Оны “әл-Қарьят әл-Хадиса”, “Дих и нау” деп те атаған. Бұл атаулардың бәрi де “жаңа қала” деген ұғымды бiлдiретiн. Яншкент Хорезммен тығыз байланыста болған. Сондықтан қалада Хорезмнен қоныс ауып келгендер тұрған және де оғыздардан анағұрлым бұрын өмiр сүрген қала X ғасырда Хорезм құрылысшылары көмегiмен қайта салынып бекiтiлген деген пiкiр бар. Яншкент тек қана астана және оғыз әкiмдерiнiң қысқы резиденциясы емес, ол Сырдария сағасындағы iрi сауда орталығы да болған. Оған себеп болған: қаланың Орталық Қазақстан далаларын бiр жағынан Орта Азия және Таяу Шығыспен, екiншi жағынан Хорезм, Арал өңiрi, Кавказ және Жерорта теңiзiмен қосып тұрған географиялық орны. Қала құрлықтағы және өзен жолындағы сауда орталығы болған. Сырдария бойымен Орта Азия қалаларынан мұнда, ибн Хаукальдың куәлiгi бойынша бидай және астық тиелген кемелер келiп тұрған.

Оғыздар державасы Орта Азия мен Еуропаның саяси және соғыс тарихында маңызды рөл атқарған. Олар Орта Азияға шапқыншылық жасаған, Хорезм және құдiреттi Хазариямен бақталас болған. Тарихи деректер оғыз патшасы (ябгу) мен Киев князi Святослав арасында 965 жылы хазарларға қарсы әскери келiсiм жасалғаны туралы мәлiмдейдi. Олар да, бұлар да нақты саяси мақсаттар мен экономикалық пайда көздеген. Ежелгi орыс мемлекетi өзiнiң құдiреттi бақталасы Византияның одақтасын құлдыратумен қатар аса бай Шығыс нарығына енуге мүдделi едi, ал оларға апаратын сауда жолдары хазарлықтардың қарауында болған. Оғыздар Қара теңiз жағалауларындағы қырларға өтiп, Поволжьеден Маңғыстау мен Үстiртке баратын сауда жолдарын басып алуға ұмтылған. Святославтың 965 жылы Хазарларды талқандауы, Хазарлардың оғыздармен ұзақ күресiмен бiрталай жеңiлдеген. Осының бiрi Оғыз державасының саяси пәрмендiлiгiнiң өсуiне себеп болды.

X—XI ғасырларда оғыздардың мемлекеттiк бiрлестiгi қатты дағдарысқа ұшырады.

Оғыздарды Сырдария өңiрiнен ығыстырып шығарған және Қазақстанның кең-байтақ даласына бiрталай кезге дейiн “Дашт-и Қыпшақ” (Қыпшақ даласы) деп өз атын берген қыпшақтар көп кешiкпей батысқа қарай ұзақ iлгерi жылжып, половец деген атпен Киевтiк Русь пен Византияға көршi болды. Қыпшақтар бiраз уақыт қимақтарға саяси билiгiн жүргiзiп келдi: қимақтар қыпшақтар патшасын бекiтетiн.

XI ғасырдың басынан қыпшақтардың оңтүстiк және батыс бағытта жылжуы басталады да, көп ұзамай олар Еуразияның кең-байтақ далаларында негiзгi көш бола бастайды. Ғалымдардың пiкiрi бойынша, XI ғасырдың соңы, XII ғасырдың басында орталықтары Сығанақ пен Жентте орналасқан, жазба деректерде Сығанақ және Жент қожалықтары деп аталатын қыпшақ тайпаларының конфедерациясы құрылған. Орта Азия мемлекеттерiне қарама-қарсы орта- ғасырлық авторлар қыпшақ қожалықтарын исламға бағынбағандардың, яғни “кәпiрлер қожалықтары” деп атаған.

Назар аударатын мәселе — қыпшақтардың ХI—XIII ғасырларда Орта Азияның құдiреттi мемлекеттерiнiң бiрi болған Хорезммен арақатынастары. Хорезм мен қыпшақтардың әскери соқтығыстары бiтiм жасаумен және қыпшақ хандарының Хорезм шахының вассалдары болуымен аяқталған.

Алайда, көп кешiкпей, қыпшақ ақсүйектерi өз қолдарына шешушi әскери мансаптарды шоғырландыру нәтижесiнде сарайдың ең күштi тобына айналды. Оның үстiне, қыпшақтың бiр қожасының қызы Тұрқан хатун соңғы Хорезм шахы Мұхаммедтiң анасы болған.

Хорезм қыпшақтарды бағындыруға, олардың мемлекеттiк бiрлестiгiн өздерiне тәуелдi етуге әрдайым талпынған. Өздерiнiң көздеген мақсаттары үшiн Хорезм шахтары қыпшақ феодалдарының өзара араздығын, олардың одақ iшiнде басшылық және Сығанақ қаласына иелiк үшiн күресiн пайдаланған.

XIII ғасырдың басында Хорезм шахы Мұхаммед қыпшақтарды бағындырды.

Қыпшақтар иелiк еткен қалалар қазiр археологиялық ескерткiш қала ретiнде тұр, оларды зерттеу жұмыстары құлашын әлi де кең жая алған жоқ. Сондықтан қазiр олардың көбiнесе сыртқы топографиясы мен материалдық мәдениетiнiң кейбiр жақтары белгiлi.

Жанкент атауымен белгiлi Яншкент қаусырықтары Сырдарияның оң жағалауында Қазалы қаласынан алыс емес жерде жатыр. Көне қаланың сыртқы пiшiнi өлшемдерi 375х225 м тiкбұрышты төртбұрышқа ұқсас болып келген. Солтүстiк-батыс бұрышында өлшемдерi 100х100 м және биiктiгi 7-8 м iшкi қамал орналасқан. Қалдықтардың топографиясында шығыс және батыс қабырғаларындағы қақпаларды байланыстыратын негiзгi үлкен көше бағыты оқылады. Одан махаллалар (кварталдар) iшiндегi кiшiгiрiм көшелер тармақталған. 1986 жылы Қазақ КСР ҒА ескерткiштердi жинақтау археологиялық экспедициясы көне қаланың солтүстiк-батысындағы таулы жерден жүздеген қорған үйiндiлерiнен тұратын Мыңтөбе ескi зиратын тапқан. Мұнда б.з.д. I ғасырлардан XVIII ғасырларға дейiн жерлеу жүргiзiлген. Бiр уақытта майолик плиткалар және кiрпiштермен қапталған тозығы жеткен XIII—XIV ғасырлар кесенелерi назар аудартады.

Жанкенттiң Сырдариядағы бұзылған ескi қала қалдықтарының ең iрiлерiнiң бiрi және археологиялық зерттеулер үшiн өте маңызды. Жанкентке П.И.Лерх, суретшi В.В.Верещагин назарларын аударған. Верещагин бұл жерде тiптi кiшiгiрiм қазба жұмыстарын да жүргiзген.

Белгiлi орыс ғалымы В.В.Стасов: “...Нелiктен Жанкенттiң жанындағы көне қала бiздiң Помпей болмасқа!” — деп жазған.

...Оғыз және қыпшақ қалаларына Жаңқала—Жент жатады. Оның қалдықтары Жаңадарияның оңтүстiк жағасында, Қызылордадан солтүстiк-батысқа қарай 300 шақырымдай жерде орналасқан. Көне қала бекiнiс қабырғасымен қоршалған және ауданы 40 га шамасында.

Қаланың солтүстiк-батыс бұрышында квадрат төбе ұсқынды iшкi қамал орналасқан. Қала айналасындағы бекiнiс қабырға кейбiр жерлерiнде 8 м биiктiгiнде сақталған. Женттiң айналасында каналдар арналары, суару торабы, бау-бақша қалдықтары, құрылыс iздерi сақталған. Қала I—XVIII ғасырлармен кезеңделген, алайда көтерме материалдарға қарағанда, қала әсiресе қарқынды түрде X—XIII ғасырларда өмiр сүрген. XIII ғасырдың басында Жент Қыпшақ мемлекетiнiң астанасы болған. Моңғол шапқыншылығы кезiнде қала Жошы армиясына қарсылық көрсетiп, басып алынып тоналған. XIII ғасырдың соңы — XIV ғасырларда жазбаша деректер Женттi “қызу сауда базары бар кiшiгiрiм қала” деп сипаттайды. Жамал-Қаршидiң (XIV ғ. басы) мағлұматы бойынша, бұрын “Жент қаласы едәуiр маңызы бар қала едi, ол жақын уақыттан берi қираған, бiрақ сонда да ол көпестердiң бақталасатын және таразылары үнемi тербелiп тұратын қызу сауда орны”.

Қалада осы уақытта тиын соғылған деген деректер бар, қалай болғанда да, “Жент” деген жазуы бар күмiс дөңгелек бiр қазынаның құрамында табылған.

Қызылордаға оңтүстiк-шығысқа қарай 50 шақырым жақын жерде тағы бiр белгiлi Аснас (Асанаса) қаласының қалдықтары жатыр. Жазбаша деректерде Асанас қаласы туралы Жошы әскерлерiне қарсылық жасап, 1219 жылы басып алынған қала ретiнде мәлiмденген. Көне қала Асанас- Ұзақтың тартылған арнасының жағасында орналасқан. Ол жобасында дұрыс емес пiшiндi және биiктiгi 5 м дуалмен қоршалған.

Қаланың шығыс жағында iшкi қамал орналасқан. Қазiр ол көлемi 50 м-ге жақын, биiктiгi — 1 м төбе. Қазба жұмыстары кезiнде алынған деректерге қарағанда, қала б.з.д. I ғасыр б.з. XV ғасыр аралығында болған.

Оғыз және қыпшақ мәдениетiмен байланысты қыш ыдыстары көптеп жиналған.

Сығанақ қаласы туралы алғаш рет X ғасырда жататын жазбаша деректерде айтылған, ал XI ғасырда оны Махмұт Қашқари оғыз қалаларының iшiнде атап өткен.

ХІІ ғасырда Сығанақ Қыпшақ мемлекетi бiрлестiгiнiң астанасы болады.

ХІІІ ғасыр тарихшысы Джувейниде моңғолдарға көрсеткен қарсылығы үшiн қаланың 1220 жылы талқандалуының суреттемесi бар. Ол Жошы әскерлерiнiң Сырдария бойымен төмен жылжи келе бiр қаладан кейiн бiр қаланы алып отырғанын жазады. Жошыға жергiлiктi екi саудагер Хасан-қожа мен Әли-қожа ерiп жүрген. Хасан-қожа қала тұрғындарын берiлуге көндiру үшiн Сығанаққа жiберiлген, бiрақ олар сатқынды өлтiрiп, жауға қарсылық жасайды. Сығанақ 7 күндiк шабуылдан кейiн ғана алынып, тұрғындары түгелдей қырып салынған.

Талқандалғанына қарамастан, Сығанақ қайта салынып, XIII ғасырдың орта шенiнде Гетумның жүрген жолы суреттемесiнде аталған. Бiртiндеп қала қайтадан Сырдария өңiрiндегi iрi саяси және экономикалық орталыққа айнала бастады.

XIV ғасырда Сығанақ Ақ Орданың астанасы болды; онда мешiттер, үйлер басқа қоғамдық ғимараттар салынады, әсiресе Ерзен хан мен Орыс хан тұсында.

XV ғасырдың 20-жылдары бiраз уақыт дала Ұлықбектiң қарауында болған, ал 1446 жылы қаланы Әбiлқайыр хан билеген.

80-жылдары қаланы Мұхаммед Шайбани, ал онан соң қазақ ханы Бұрындық иемденген. Сонан кейiн ол қолдан-қолға ауысқан: XVI ғасырдың 50—60-жылдарында оған өзбек хандары ие болған, ал ғасыр соңында қала қазақ хандықтарының қол астына өткен.

XVI ғасырдың бас кезiне, Рузбиханның айтуы бойынша, қаланың бiршама әлсiрегенi, тұрғындар санының азайғаны байқалған, ал Ежелдегi Сығанақ “жайқалып тұрған, үй-жайлар және көгерген бау-бақшалармен қоршалған, азық-түлiкке бай және қазақ халқы үшiн маңызды сауда орны болған. Түркiстан аймақтары мен Мауереннахрдан, Шығыс- тан бастап, Қашқар, Хотан шекараларынан келген саудагерлер Сығанаққа сол жерлердiң тауарларын алып келiп, Дештi елдерiмен сауда жасаған”. Сығанақ өзiнiң сәулеттiк ескерткiштерiмен, әсiресе Көк-Кесене кесенесiмен белгiлi болған. Зерттеушiлердiң пiкiрi бойынша, бұл кесене — Әбiлқайырдың қабiрi, ал оның немересi Шейбани хан XVI ғасырдың басында Тимур патшалығын құлатқан.

Ортағасырлық Сығанаққа сөзсiз сәйкес келетiн Сунақ ата деген қала қалдығы Төменарық темiр жол стансысынан солтүстiк-батысқа қарай 20 шақырым жерде, қазiргi Түркiстан — Қызылорда тас жолынан 1,5 шақырым оңға қарай орналасқан. Жобасында көне қала дұрыс емес бесбұрыш пiшiндi болып келген. Оның топографиясында iшкi қамал мен шахристан оңтүстiк-шығыс бөлiгiнде орналасқан. Шахристанның өлшемдерi: солтүстiк жағы — 250 м, батысы — 360 м, оңтүстiгi — 250 м және оңтүстiк-шығысы — 450 м, солтүстiк-шығысы — 350 м, қаланың жалпы ауданы 20 га шамасында. Iшкi қамалдың ауданы — 7,2 га. Бұл — қаланың жақсы бекiтiлген бөлiгi. Мысалы, қамал қабырғасы болған дуалдың биiктiгi 6-7 м дейiн жетедi. Бес бұрышында үш-үштен сыртына шығыңқы тұрған дөңгелек мұнаралар жұмыс iстеген. Қала аумағына кiретiн жер екеу болған. Батыс және солтүстiк қабырғаларының ортасында 20 м алға шығып тұрған қабырға кесiндiлерiмен бекiтiлген, iшкi қамал қақпасы шығыс жағындағы қабырғасының солтүстiк-шығыс бұрышына жақын жерiнде орналастырылған.

Сығанақтың айналасында Сырдариядан Төменарық және Бұзғыл-Ұзақ арқылы шығарылған каналдармен және Қаратаудан ағатын Мыңбұлақ, Шолақ, Арсланды, Қызылтала, Келте-Шалғыз тау өзендерiнен шығарылған арықтармен суарылып, айдалған жерлер жатқан. Ол каналдар мен арық- тардың арналары көне қала маңайында әлi күнге дейiн сақталған.

Қала басқа да көптеген Сырдария қалалары сияқты, XIX ғасырдың орта шенiнде иесiз қалған, бiрақ осы күнге дейiн бұл және Сырдарияның басқа қалалары туралы Ұлы Жiбек жолында iрi сауда орталығы ретiнде халық аңыздары мен ертегiлерi сақталған.

 

Байпақов К., Нұржанов А. Ұлы Жiбек жолы және ортағасырлық Қазақстан. А., 1992. 90—97-бб.

 

ЗАМИННЕН ФЕРҒАНАҒА ДЕЙIНГI ЖОЛ

Жоғарғы Нұшаджаннан тоғызгуздер қағандағы астанасына дейiнгi үлкен құнарлы жерлi ауылдар арқылы үш айлық жол. Олардың тұрғындары – түрiктер. Олардың iшiнде отқа табынатын дуагерлер (ал-маджус) және құдайсыздар да (занадик) бар. Әмiр 12 қақпасы бар үлкен қалада. Бұл қаланың тұрғындары құдайсыздар. Олардан солға қарай (шығысқа және солтүстiк шығысқа қарай) қимақтар тұрады. Оларға қарсы солтүстiкке қарай 300 ф. жерде ас-Син орналасқан. Тоғызгуздер әмiрiнiң қорғанысы жанында 5 ф. қашықтық жерден көрiнетiн 100 адам сиятын үлкен шатыр бар. Ал қимақтар әмiрi өзiнiң шатырынан жайылымдарын бақылап отырады. Тараз бен тоғызгуздер тұратын жердiң арасы елсiз дала арқылы 81 күн. Түрiк тоғызгуздер (ал-атрак ат-тугузгуз) елi түрiк елдерi iшiндегi ең үлкенi. Олар ас-Синмен ат-Тубатпен және қарлықтармен шектеседi. Одан әрi өзеннiң ар жағында тұратын халадждар (ал-халадж), қарлықтар (ал-Харлух), кимактар (ал-кимак), ғұздар (ал-гуз), шығылдар (ал джигир), түргештер (ат-туркаш), азқыштар (адкеши, азкеши), қыпшақтар (хифшах), қырғыздар (хирхиз) бар.

Әл-Фараби қаласына келсек, онда мұсылман сарбаздары мен түрiк қарлықтардан тұратын гарнизон бар. Барлық түрiк қалаларының саны – 16.

 

ИБН ХОРДАДБЕК «Китаб ал-месалик ва-л мемалик» («Жолдар мен елдер кiтабы») Тарих—адамзат ақыл-ойының қазынасы: Он томдық. — Астана: «Фолиант», 2005. Т. 3: Ортағасырлық тарихи ой. — 2005. — 512 бет –Б. 11. Томды құрастырғандар: Н.А. Атығаев, К.Қ Ақтаева, Л.Л. Батурина, Ә.Ә. Қайдарова, Қ.З. Өскенбай

 

ЖҮСІП БАЛАСАҒҰН

 

ҚҰТТЫ БІЛІК

 

Бектікке лайық бек қандай болуы керектігі айтылады

Елік айтты:- Көңіліңді бұрайын,

Енді мына сауалымды сұрайын:

Жаратты адам баласын да бір Алла,

Есті-ессіз, ұлық-кішік - бар онда.

Ақылды бар, ақымақ бар, бар ғалым,

Бай-кедей бар, надан, аңқау, бар залым.

Бәрін соның алаламай бөлектеп,

Басқаратын қандай болу керек Бек?

Елі гүлдеп, байып бектің бағына,

Даңқы тарап, өссе халық саны да!

Қазна толып, күміс судай ағылса,

Шоқтығы өсіп, күшіне әлем табынса.

Әскер толып, тұрса күші дігірлеп,

Тұрмыс, заңды тураласа іліммен,

Бектің аты бар жаһанға тараса,

Күн-күн сайын құты артса, тамаша.

Ұзақ бектік құрып, жетсе мұратқа,

Рахат көрсе, мінгенінше пыраққа!

Өгдүлміштің Елікке жауабы

Айтты Өгдүлміш:- Құтты Бек!

Қиын сауал тынысымды тұтты кеп!

Бектік ісі аян бектің бәріне -

Бәрі жүйрік заң, саясат мәніне.

Бектік үшін туған олар анадан,

Бектік сүтпен, іспен бойға тараған.

Жаратқан да берсе бекке береді,

Ес, парасат, бекке керек - себебі.

Кімге бектік лайық соған сенеді,

Оған ақыл, жүрек, қанат береді.

Бектің ісі, тек бектердің еншісі -

Бектер ісін, ұғар бекке тең кісі.

Білер бәрін Елік бектік жөнімен:

Атасы бек болған, кейін - өзі бек!

Еліктің Өгдүлмішке жауабы

Деді Елік: — Ұқтым. Шын сөз айтқаның,

Тура сөйлеп, бұлтармадың, қайтпадың,

Іс істеуші тек ісімен жүреді,

Ал сапасын көрушілер біледі.

Мен істеуші — сеп көруші, бағасың,

Көрушіден құнын біліп, қанасың!

Алла саған ақыл, білім, ес берді,

Білік болмай сес болмасын ескерді.

Қаршадайдан маған келіп жалдандың,

Адамдықты еңбегіңмен аңғардың!

Барлық, істі білігіңмен биледің,

Суға баттың, отқа түстің— күймедің!?

(Адал жансың сөзіңмен де ісіңмен,

Ниетімді кісілікпен түсінген.)

Сенген жанға айтар кісі жан сырын,

Сенгенге адам жанын берер, бар шыным.

Сенем саған, сеніп кәміл, сырластым,

Сен де маған сенсең, үнсіз тұрмассың!

Не дегенін, тыңда ердің сеніскен,

Сенім деген қасиет қой келіскен:

«Ақылдылар сенгенді көп мақтаған,

Сүйікті ерді ел де түгел жақтаған.

Сүйінер дос тапсаң— білгін қадірін:

Білім-ойдан ұққан, менің тәлімім!»

Өгдүлміштің Елікке жауабы

Айтты Өгдүлміш:—Елік, елге ағасың,

Ұзақ, тыныш жаса! Даңқың тарасын!

Бұл бектікке асыл текті ер лайық,

Күшті, ер жүрек, епті бейне желқайық.

Атасы бек болса, ұлы да бек болар,

Ұлы бек боп туса, асыл тек солар!

Ақыл керек, бекке керек білік те,

Сақилық та керек лайық жігітке!

Бек халықты тек білікпен сендірер,

Барлығын да ақылына жеңдірер.

(«Бек» — дегенді «тек» дегенмен салыстыр,

Дейтін кім бар: бір-бірінен алыс тұр?!)

Бек дегенің білікпенен берік тұр,

Білік кетсе, бек қалады — желік құр...

Ақыл, білім сенер тыныс, қуатың:

Білімдінің жауы да көп буатын.

Не дер екен, тыңда, білген білікті ер,

Бастан кешіп түйгені мол біліп кең:

«Бек білімді, зерек болсын, қырағы,

Тосын қырсық сонда ығып тұрады.

Мың түрлі ерлік жасау керек мәнді, ірі,

Ізгі атың қалу үшін мәңгілік!»

Ұлы адамның барлығы да, парықта,

Тек біліммен жеткен мұрат, даңққа.

Тегі жақсы болса, жақсы адам да,

Жақсыларды құрмет тұтар әмәнда.

Бектік атақ — қасиетті, құрметте,

Бекке қажет өз қадірін білмекке!

Халыққа алып ұлдар керек саспайтын,

Ұлы істерде ұлы жорық бастайтын.

(Халыққа ұлы ерлер керек қаһарлы,

Саспай шығар өрт алса да жаһанды!)

Не дегенін, тыңда Өтүкен бегін де,

Есті сөзбен ер атанған тегінде:

«Шыншыл, сара басшы керек халыққа,

Халық үшін түсіп шығар тамұққа.

Халыққа жақ, көңілі — тоқ, көзі — тоқ,

Ойы — терең, тілі — майда, сөзі — шоқ...

Жасай алар ізгілік пен ірілік,

Заң, ұятты сақтай білер жүгініп!»

(Басшы керек, елін сүйер ер керек,

Болмау үшін адамың— құм, жер — кебек...

Осындай бек— болар халық көсемі,

Ұрпағы өссе — даңқы тағы өседі.

Басшы істі білігімен атқарсын,

Ақыл — батыл, батылдығы ақталсын.

Ұстау керек ел-жұртыңды біліммен,

Білім жоқ па, ақылың да бүлінген...

(Білікті бек елді ақылмен ұстайды,

Білім жоқ па — ақылыңды ел ұқпайды).

Бек жаңылса, билігі де шайқалар,

Дауа ләзім дертті жеңіп жай табар.

(Дауасы оның— ақылыңмен емдерсің,

Құдіретім, дертке білім дем берсін.

Болу керек бек білікті, ақылды,

Емде ақылмен, ауру шалмас басыңды.

Білімді бек, болса ақылың, таза арың,

Қос жалғанда бір шытылмас қабағың.

Екі әлемде ердің мәшһүр болғаны,

Тірлігінде басына бақ қонғаны.

Шайыр сөзі бұл жөнінде бар тағы,

Оны ұға алсаң, көніліңді тартады:

«Бақыт не өзі? Емес пе елдің ермегі?..

Кім бақытты? Кім зұлымдық көрмеді?

Кімдер жомарт — сол бақыттың иесі,

Бақыт берген жанға бақыт тиесі!

(«Жақсылық қыл!» — бұл дүниенің сабағы,

Сонда адам шын бақытты табады!)»

Қайтпаса бек әділдіктен, шындықтан,

Бақыт құшар бұғауда да шыңғыртқан!

Құдай кімге ізгі құлық сыйласа,

Оған да өзі жомарттығын тыймаса...

Құт қызығы бұйырады құлқына,

Көре ме өзі, бере ме әлде жұртына.

Құдай оңдап, бақыт қонса кісіге,

Мейірім-мерей ұя салар ішіне.

(Әуелі Алла оңдар пейіл-пиғылын,

Төгер сонсоң құт, береке, сыйлығын.)

Ізгі құлық, қасиет керек мың түрлі,

Ел басқарып, серпу үшін бұлтыңды.

Ізгі болса, құрыр көңіл күйігі,

Ізгі құлық — бектің нәсіп, киімі.

Құдай кімнің құлқын бұзса, жаман-ды,

Замана оғы тиіп, жөнін табар-ды!

(Ниеті — сұм, жүрсе жұртты қаралап

Құдай атар, өлімші қып жаралап.)

Бегің залым болса шөлдей қу тақыр,

Қылығы — у, қуанышы су татыр!

Ізгі жүрек ізгілікке бұлқынар,

Асыл текті тазалыққа ынтызар.

Жан секемшіл — тұмшалардай көк тұман,

Жүрек қорықса, ақтығыңа жоқ күмән!

Бегің қорықпай, кейде қорқып тұрады ел,

Бегің онда қорқау болды, ұға бер...

Сақи, сұлу кей бектер сақ, сабырлы,

Естиді ондай мұңыңды да, зарыңды.

Қиын істе ақыл ғана серігің,

Сор, не бағы елге — есі бегінің.

Ақылды ердің, тиер себі ісіңе,

Кірмес ісің ақымақтың түсіне.

Көңіл жоқ па, көзден көрер пайдаң жоқ!

Ақыл жоқ па, құр көңілден қайран жоқ!

(Жүрегі жоқ тасбауыр жан, соқыр нақ,

Жүрек

жоқта, ақыл байғұс, ақымақ!

Ел басқарған жүректі ер не дейді,

Ұлы сөзді ұқ, ғұмыр бойы жебейді:

«Қай кісі де ордасы ақыл-білімнің,

Ер деп сана, төк мадағын тіліңнің.

Білігі мол, ақыл-ойы сай кісі,

Кішігі — ұлы, ал кедейі — бай кісі!

(Жаман болсын — мақта, көзі ашық қой,

Білімсізді қасында оның, басып қой!)»

Білік — қанат, құт-ырысың торықпа,

Ақылдыны «дана!» деуден қорықпа.

Ұшқалақтық — шайтан ісі, азғырар,

Жеңілтек бек елін-жерін аздырар!

Ыза, қызбалық, тыраштардың кергісі —

Мұның бәрі, надандықтың белгісі.

Асыққанда, іс қайнауы кем келер,

Асыққаннан шикі ас ішкен — сенделер!

Барлық істі ойлап істе, сабыр қыл,

Асықтың ба — ибадаттан жаңылдың.

Ашкөзденбе, ұятты ойла, адал бол,

Ашық айтып, әділ іске жарар бол!

Мешкей тынып, сұғанақ көз қояр ма !?

Ашкөзділер жаһанды жеп, тояр ма?!

Сұғанақтық — дауасыз дерт, арылмас,

Күллі жаһан емі қонбас, жазылмас.

Барлық аштар, жесе ақыры тояды,

Сұғанақ көз, тек көрінде қояды.

Сұқ құтаймас, қанша мүлік жиса да,

Кедеймін дер әлемді оған қиса да!

Бек кісіге — керек ұят, ақыл, ар,

Зұлмат күш жоқ, ақыл-арды жапырар.

Күшті болса кімде ұят құрыштай,

Сақтар арын, арамды орып қылыштай.

Хақ бұйыртса ұят пен ар, намысты,

Құт та бірге, желеп-жебер арысты.

Барша арамнан сақтаса, ұят сақтайды,

Игі іске бастаса, ұят бастайды.

Ұят — қасиет, нұр құяды өңіңе,

Ол сүйрейді ізгіліктің өзіне.

Жүрек ақ боп, тіл шындыққа шынықсын,

Шын сөзіңе сеніп халқың қызықсын.

Егер бегі қиянатшыл, сұм болса,

Халқы сорлап, күн көре алмас құл да онша.

Көңіл мен тіл болса алдамшы, жылтырақ,

Безер бақ, құт ел-жұртыңнан шырқырап.

Үміт артпа, сөзі сұйық, қу бекке,

Қапа болып өтер күнің құр текке.

Болу керек бек жігерлі, бек — сергек,

Салғырт болса, оған қалай ел сенбек?!

Бек мәңгілік қарауы шарт екі ісін,

Қырағылық және заңы — елі үшін.

Сақ болса бек, берік елдің іргесі,

Жауы жасып, тынар үнсіз күндесі.

Қай жерде бек заңды тура ұстаса,

Елдің де онда күні жарқын, қысқасы!

Осы екі жай, бұл бектіктің сынағы,

Олар болса, мықты бектің тұрағы.

Сақтықпенен жаудың бетін қайтарған,

Тыңдап көрші, батыр қалай айта алған:

«Уа, бектер! Ұстан ойын Еліктің,

Сақтықпен ол ел жүрегін еріткен.

Бектік бекір ел, бектердің күшімен,

Осалдықтан тозар бектік ішінен!»

Сергек қара, қадағала жауларды,

Елді бапта, баптағандай бауларды.

Екі нәрсе елдің бетін аздырар,

Түзу жолдан тайдырар да жазғырар:

Бірі — күш те, бірі — бей-жай әлсіздік,

Екі пәле берер елге әрсіздік,

Жауды басып, келсе тыныш ұстағың,

Көз, құлақпен бақ баққандай құс таңын.

Сақтықпенен бектер жауын күйреткен,

Осалдықпен елін, бағын күйреткен.

Осал болса, бектер ісі бітпейді,

Осал болса, ұзақ бектік етпейді.

Сақ тұрса ер, осалды әркез соға алар,

Сақ болғай бек, жауың да бас сағалар!

Сақ жүрсе бек, соқтыға алмас ешбір қол,

Тиісе қалса, табар ақыл-есің жол.

Зұлым күшпен бек ұзаққа бармайды,

Күш-зорлыққа халық шыдап қалмайды.

Асыл сөз бар: «Қыздырмасын елді кек!

Күшпен ұзақ ұстай алмас елді бек!»

Зұлымдық — өрт, тисе өртеп қырады,

Заң — тірі су, құйсаң өніп-шығады.

Елді дана келсе ұзақ билегің,

Заңды ұстан, бұрсын елге бүйрегің!

Әділ заңмен — ғалам жайнап, ел сүйер!

Күш қысқанда — ғалам қайнап, ел күйер!

Зұлым, күшпен қырды талай орданы,

Ақыры аштан қатты, тағдыр қорлады.

(Зауал тауып, аштан өлді, тік тұрып,

Көмусіз қап, бәрі де аулақ зытты ұлып!)

Көңілі түзу, бектер заңға жүгінген,

Жасауда ұзақ, жауы да, ақыр түңілген.

Бәрінен де асқан сұмдық, Ей, бегім,

«Бектің суайт, жалғандығы!»

— дейді елім.

Болсын бектің сөзі — берік, ісі — анық,

Халық сенсін! Халық сенсе — күш алып!

Өтірікшінің ісі жалған, көз бояу,

Көзбояушы — сұм; көреді өзге ояу.

Былай депті кісілікті кішік ер,

Кісілікті кісілікті түсінер:

«Тілі жалған кісінің, біл арамын,

Пиғылы арам жанды мал деп санағын!

Алдамшыдан опа тілеп қор болма,

Сыналған сөз, малды мал деп қараған!»

Елдің ері — болсын батыл, білекті,

Жауға қойса, жұлып алар жүректі.

Әскер басы — болсын қайсар, қаһарлы,

Жүрексізді демер, жайқап жаһанды.

Жүректілер жүрексізді бастаса,

Жүрек бітер бәріне де басқаша.

Сөзге куә, шайыр сөзі тағы бар,

Жүрегіңе жазып, сырын танып ал:

«Біл, арыстан басшы болса иттерге,

Арыстандай күркірер кеп иттер де!

Арыстандар

басы болса ит бір күн,

Арыстандар жасар еді ит тірлік!»

Мейірбанды болсын бектер жайсаң жан,

Қылығынан жайсаңдығы байқалған.

Сақи бектің атақ-даңқы жайылар,

Даңқты ерге жау батпайтын жайы бар.

Күн-күн сайын толар әскер-жасағы,

Жасағы көп бектің бағы тасады.

Баһадүрді тыңда, бұзған орданы:

«Тарат түгел, тапқан табыс, олжаны!

Ішкіз-жегіз, таусылар деп тартынба,

Тағы олжа, тұр олжаның артында!

Мәрт батырдың олжа-азығы жолында,

Лашын құстың дән-ырзығы жолында.

Қылыш, балта, оқты ержүрек ерлерге,

Байлық мұң ба, тепсінісіп келгенде?!»

Жиһангер бек бәрін қайдан алады,

Қайда әскері — сонда байлық, тамағы.

Ел қорғауға жер қайысқан қол керек,

Қол ұстауға, тамақ-қару мол керек.

Нәрсе алуға — болу керек бай халқың,

Заң түз елді байытуға найқалтып!

Бірінсіз бұл төртеуі де сұлайды,

Бәрі тайса, бектігің де құлайды.

Жүрсін бектер, бес нәрседен алыстап,

Есі болса, жұрнақ болса намыстан:

Ұшқалақтық— бірі, екінші — сараңдық,

Үшінші — ашу, оған егіз надандық.

Қырсығың— сор, бетті жер қып жүргізер,

Бесінші — өтірік, жерге тірі кіргізер!

Бек бесеуден бойын аулақ ұстасын,

Білсін сонда, басынан құс ұшпасын.

Ең қорлығы — өзімшілдік, залымдық,

Олар жұқса азғаны тек, қаныңның.

Шайыр меңзеп айтқан ойды осыған,

Түсін өзің, сөзіңе сөз қосылар:

«Қырсық қысса, ісің оңға баспайды,

Арылмасаң, буып-қорлап тастайды!

Жаулық істеп, қырсық қысып есірер!

Бұл да жауын. Жаудан мұның несі кем?!»

Бек еліңе артқың келсе, сеніп қол,

Қолың жетсе, үш нәрсеге берік бол:

Қылыш ұстап, жауды қырса оң қолың,

Мал таратып, сый көрсетсін сол қолың.

Сөйлеп кетсең, шырын тамсын тіліңнен,

Бек, ұлық, құл бәрі сөзге жүгінген!

(Жылы сөйлеп айдаһарды арбарсың,

Жылы сөзбен ділді ділге жалғарсың!)

Мұның бәрін білсең жұртың сүйеді,

Даңқың артып, төрден орын тиеді!

Жүзі, сөзі раушан, тілі май болып,

Бұл пішінге құлқы бітсе, сай қонып.

Жаны жұмсақ, сақилығы жарасып ―

Мейіріммен жүрсе жұртқа қарасып.

Осы өнерді алса түгел, мойында,

Қалмас мысқал жаманат та бойында.

Ондай кісі ел ішінде саралар,

Сара адамда күнә болмас қаралар.

Әлем халқы дана бекті пір етер,

Билеп жаһан, құт-дәулетпен күні өтер.

Кердеңдерді қуар алыс маңынан,

Масқаралар жүре алмастай жанынан.

Бетсіз-арсыз, надандықтың бәрінен,

Қашық жүрген сырт айналып әріден.

Қара ниет бек біткенге жараспас,

Жұқса — қорлар, бек екен деп санаспас,

Құл қара да, бектер әппақ, қарашы,

Қара ақтың үйлеспейді арасы.

Даңқты болам деп тілесең, ұлы бек,

Қасиетіңді сақта, білдір — құдірет!

Аты бек те, заты болса қап-қара,

Қараның ең қоры ол елде, масқара!

Бек көрікті болсын — жауы күйінсін,

Орта бойлы болсын — көзің сүйінсін!

Көрген жандар дидарынан серпілсін,

Жүзін көріп, елі сергіп желпінсін.

Көркімен-ақ жауын жайдай жайратсын,

Көрер көзге көңілдерді сайратсын.

Ұзын болса ойсыз сырық ол да бір,

Тапалдарда не көрік бар, не қадір!?

Орта бойлы сымбатты да келісті,

Жарасып тұр сүйінердей жер үсті.

Көпті көрген, көп жасаған кісінің,

Сөздері бар тыңдап, түйгін түсініп:

«Бойы қысқа, тапал — шақар ежелден,

Қайда барса — жанжал, шатақ кемерден.

Бой мен тұлға орта болса — тамаша,

Шап-шақ, сап-сай, емес ұзын, аласа!»

Шарап ішпе, зинақорлық қылмағын,

Құтың қашар, басыңа мұң шырмалып.

Бектер ішіп, тәттіге бой исе егер,

Күні ашты боп, елдің мұңы күшейер.

Жиһангердің ойын болса — құмары,

Елін бұзып, телімсек боп тынады.

Бектік дәурен өтер — күйіп-жанарсың,

Құстай ұшар — қарманарсың, қаларсың!

Ішімдікке құмар байғұс наданға,

Білікті ер айтқан, сақта санаңда:

«Ей, маскүнем, ішімдікке жолама,

Қайыршылық — жолы, өзіңді тонама!»

Қара ішсе, мал мен мүлкін салады,

Бегі ішсе, елдің шырқын алады.

(Қара ішсе — малы желге ұшады,

Ішкіш бектің — тозар елі құсалы!)

Ішімдік — жау. Құртар алтын-күмісті,

Ішкен пенде бастар ұрыс-керісті.

Ішкен кісі ақылынан адасар,

Ал, ақылсыз тентектікпен жанасар.

Ердің сөзі, ұққан адам затыңды,

О, бейшара, тыңда айтқан ақылды:

«Ішкен кезде — ұмытылар керекті іс,

Шығар қалқып — неше түрлі керексіз!»

Қанша ізгі ішімдіктен бүгілді,

Қанша істер ішімдіктен бүлінді!?

Бегің ойнап, болса шарап-жастанар,

Қалай? Қайтіп халық ісін басқарар?

Зинақордан кұт та қашар, безінер,

Зинақор бек тірі өлгендей сезінер.

Құт пен бақыт — тазалықты тілейді,

Дәулет — игі, ізгіліксіз жүдейді!

Бек — зинақор, ішкіш болса бұзылған,

Елі де ішер, құр қалып құт-қызырдан.

Қара мінін, бек тексерер, түзетер,

Бектің мінін кім түзетер, кім өтер?!

Кір мен ласты халық сумен жуады,

Су кір болса, кірді немен қуады?!

 

Жүсіп Баласағұн. Құтты білік. Тарих—адамзат ақыл-ойының қазынасы: Он томдық. — Астана: «Фолиант», 2005. Т. 3: Ортағасырлық тарихи ой. — 2005. — 512 бет, -Б.83-93. Томды құрастырғандар: Н.А. Атығаев, К.Қ Ақтаева, Л.Л. Батурина, Ә.Ә. Қайдарова, Қ.З. Өскенбай

 

 

МАХМҰД ҚАШҚАРИ

«ДИУАНИ ЛУҒАТ АТ-ТҮРК»

(«Түрік тілдері сөздігі»)

 

Қайырымды, мейірімді Алланың атымен бастаймын Енді Мұхамметтің ұлы Құсайынның перзенті Махмұттың айтар әңгімесіне назар салыңыздар: Мен Тәңірдің гүлденген мемлекетті түркілердің топырағында жаратқанын, өмір біліктерімен сол топырақты ғажайып өрнектегенін көрдім.

Тәңір оларды түркілер деп атап, асқан сән-салтанатқа ие қылды. Дәуіріміздің хақандарын солардан таңдап, замана құбылысынық еркін тізгінін қолдарына ұстатты. Сан мыңдаған адамдарды басқартып, адалдық істерін қолдады. Олармен бірге бір сапта күрескендерді бек құрметтеді.

Түркілер өздерінің қатарына қосылғандарды барлық игі тілектеріне ортақтастырып, залымдардың зорлық-зомбылықтарынан сақтады. Олардың қаһарынан сақтану үшін түркілердің салты мен жолын ұстау сол заманның ақыл иелеріне дәстүр болып қалыптасты. Қасірет-мұңын түсіндіріп, шағыну үшін түркілерге өз тілінде сөйлеуден басқа жақсы жол жоқ. Өзінің ортасындағы жауларынан жерініп, сиынып келгендерді түркілер әрқашан қамқор қанатының астына алып, төнген қауіп-қатерінен кұтқарады. Олармен бірге басқалар да пана табады. Сол себепті түркі тілін үйренудің қажеттілігін өмір талабы мен ақыл таразысы әбден дәлелдеді.Сондықтан мен түркілердің зерек қабілет иелерінің бірі, әрі ұрыстағы шебер найзагері болғандығымнан, олардың шаһарлары мен далаларын түгел кезіп шықтым. Түрік, түрікмен, оғыз, жігіл, яғма, қырқыздардын сөздері мен сөйлеу мәнерлерін зерттеп, қажеттісін пайдаландым. Әрқайсысының тілі мен салты санама әбден қалыптасты. Соларды мұқият зерттеп, арнайы әліппелік тәртіпке келтірдім.

Мәңгілік ескерткіш, әрі таусылмас әдеби-көркем мұра болып қалсын деген ниетпен түркі елдерінің сөздігін жасап, кітапқа «Түркі сөздерінің жинағы» деп ат қойдым.

«Жинақты» сегіз бөлімге топтастырдым... Көпшілікке түсінікті» сегіз бөлімге топтастырдым... Көпшілікке түсінікті сегіз бөлімге топтастырдым... Көпшілікке түсінікті болуын ескеріп, арабша атауларды қаз қалпында келтірдім... Әрбір тайпаның тілінен сөз жасауға болатын түбір сөздерін ғана алдым.

Мақсатым —талаптанушыларға тура бағыт көрсетіп, болашаққа кең жол ашу. Ниеттес жандарды мәңгілікке риза ету ғана. Түркі халықтарының атамзаманнан көрген-білгендерін баяндайтын бәйіт-жырлары мен қайғылы және қуанышты күндерінде айтатын терең мағыналы мақал-мәтелдерінен мысалдар келтірдім. Бұл кітапты пайдаланғандар кейінгілерге, олар өздерінен кейінгілерге жеткізсін деген ниетпен тағы біраз табылмайтын тіркестерді пайдаландым. Сөйтіп, бұл кітап ұрпақтан ұрпаққа халықтық мұраны қаз қалпында жеткізу мақсатымен қиянға қанат қағып, әсемдік әлем – мәңгілік өмірге біржолата жолдама алды.

Кітапта айтылған және айтылмаған нәрселер туралы. Мен «Жинаққа» мұсылман болмаған түркі елдеріндегі таулар, шөлдер, далалар, өзендер мен көлдердің әр тілде жиі кездесетін көрнектілерін ғана жаздым.

Қатардағы көбін калдырдым. Оларды жазғаннан ешқандай пайда да жоқ. Түркі тілдеріне кейін кірген кейбір атауларды да жазбадым. Еркектер мен әйелдер есімдерінің көп кездесетін, жұртшылыққа барынша танымал болғандарын ғана кейінгі ұрпақтарға білдіру үшін атап өттім.

 

ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫ МЕН ТАЙПАЛАРЫ ТУРАЛЫ

 

Түркі халықтары негізінен жиырма тайпа. Әрбір тайпаның бірталай ұсақ рулары бар. Олардың саны Ұлы Тәңірдің өзіне ғана аян. Мен солардың негізгілерін ғана жаздым.

Оғыз түріктерін білуге құмарлық аса көп болғандықтан, олардың тектері мен малдарына басатын таңбаларына дейін нақтылап көрсеттім. Рұм өлкесінен тараған тәртіп бойынша, шығыстағы түркі тайпаларының тұратын мекен-жайларына дейін анықтап жаздым. Рұмға бәрінен жақын орналасқан тайпа бажанақ, онан кейін қыфжақ, оғүз, иәмәк, башғырт, басмыл, қай, ябақу, татар, қырқыз тайпалары.

Қырқыздар Шынға жақын орналасқан. Онан бері жігіл, тохси, яғма, оғрақ, жарүқ, жомүл, үйғұр, таңүт, хытай тайпалары. Хытайды Шын деп атайды. Онан соң тауғаж. Бұларды Машын дейді. Бұл тайпалар оңтүстік пен солтүстіктің арасында өмір сүреді. Олардын, мекен-жайларын картада арнайы көрсеттім.

Түркі халықтарының тілдері туралы.

 Ен таза тіл – тек кана бір тілді біліп, парсылармен араласпайтын, жат-жұртқа барып келіп, қарым-қатынас жасамайтын адамдардың тілі. Екі тіл білетін және шаһар халықтарымен араласып тұратын адамдардың тілдерінде шұбарлық

бар. Соғдақ, канжақ арғу тайпалары дәл сондай екі тіл білетіндерге жатады. Жат-жұртпен араласып, шаһар халықтары мен қарым-қатынас жасайтын хотан, тұбүт халықтары мен таңүттардың кейбіреулері дәл сондай. Бұлар түркі елдеріне кейінірек келген. Олардың тілдері туралы кезегі келгенде арнайы жазамын. Жабарқа (Жапондықтар) алысқа орналасқан. Машын елі екеуін үлы мұхит беліп тұрғандықтан, олардың тілдері бізге беймәлім.

Шын және Машын халықтары түрікшені жақсы біледі. Бізге жазған хаттарын түркі жазуымен жазады. Сол сияқты арамызды ұлы қорған мен тау-теңіздер бөліп тұрғандықтан, иәжүж бен мәжүж халықтарының тілдері де бізге беймәлім. Түбүт пен хотандықтардың жеке тілдері мен жазулары бар. Екеуі де түрікше сөйлей алмайды.

Ұйғырлардьщ тілдері таза түрікше. Олардың өзара сөйлесетін тағы бір тәсілдері бар. Жиырма төрт әріптен құралатын жазуды пайдаланады. Кітап пен хат-хабарларын сол жазумен жазады, Бұл жазуды мұсылман дініне кірмеген ұйғырлар мен шындардан басқалары білмейді.

Мен жоғарыда шаһар халықтары хақында ғана айтып өттім. Сахара, қыр халықтарынан шыққан жомүлдардың тілдері өз алдына жеке тіл. Олар түрікшені жақсы біледі. Қай, ябақу, татар, басмыл тайпаларының да өз тілдері бар. Олар түркі тілдерін әлімсақтан біледі.

Қырқыз, қыпшақ, оғыз, тохси, яғма, чігіл, оғрақ, жарүқ тайпалары тек түркі тілімен ғана сөйлейді. Иәмәк пен башкырт тілдері оларға жақын. Рүм өлкесінің жанындағы бүлғар, суар, бажанақтардың тілдеріндегі сөздердің соны ықшамдалған түркішенің бір түрі.

Тілдің ең жеңілі оғыз тілі. Анығы тохси мен яғма тілдері. Іле, Ертіс, Еділ, Ямар өзендерінін, өңірлерінен Ұйғыр шаһарларына дейін жасайтын халықтардың тілдері де сондай анық. Ең ауыр тіл Хақанияның орталық өңіріндегі халықтардың тілдері.

Баласағұндықтар соғда және түркі тілдерінде сөйлеседі. Тираз, Байза шаһарларының халықтарының тілдері де дәл сондай. Исбижаб қаласынан сонау Баласағұнға дейінгі барлық Арғу шаһарларындағы халықтардың тілдерінде шұбарлық бар. Қашқарда кәнжәкше сөйлесетін ауылдар бар. Шаһар ішіндегі халықтар Хақания түркішесімен сөйлеседі.

Рұм өлкесінен Машынға дейінгі орналасқан түркі елдерінің ұзындығы сегіз мың персех (бір персех — 6,24 шақырым. Тәрж.).

Олардың мекен-жайларын анықтап беру үшін жер жүзінің бедерлі картасында нақты көрсеттім.

 

ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ МЕКЕН-ЖАЙЛАРЫ МЕН ТАУ-ТЕҢІЗДЕРІ

 

Уч – атақты шаһар.

Өкүз – жейһұн. Үлкен өзендердің барлығы осылай аталады. Осьт сөз оғыз тілінде жеке қолданылғанда «Банагыт— Дәрия» деген ұғымды білдіреді. Оғыз шаһарлары дәрия жағалауларына салынып, олардың көшпенді тұрғындары сонда өмір сүреді. Түркі халықтары жасайтын өңірлердегі бірталай өзендер мен дәриялар да өкүз деп аталады. Ила, Яфынж өзендерінің аралығына орналасқан бір шаһарға да Ікі өкүз деп ат қойылған.

Алуш – Қашқардағы ауыл.

Улуш – жігіл тілінде ауыл, қыстақ деген сез. Баласағұн мен Арғу шаһарларында жасайтын халықтардың тілінде шаһар деген мағына білдіреді. Сондықтан Баласағұн шаһары Қузулуш деп те атала береді.

Азығ – біздің жұрт, біздің ауыл.

Абул – біздің жұрт, біздің ауыл.

Атыл – Қыпшақ еліндегі өзен (Еділ). Бұлғар (Каспи) теңізіне құяды. Бір саласы орыс елінен бастау алады.

Удун – Хотан шаһарының жанама аты. Хотандықтар да удун деп аталады.

Арантуз – Таразы жұлдызының қосымша аталуы. Ай аттарының бірі де осылай аталады.

Қызылоз – Қашқар тауындағы қыстақ.

Ақсай – бір жердің аты.

Ақтәрэк – Яғма елінің Ила өзеніндегі өткел.

Ала – Ферғанаға жақын жайлау.

Ала йығач – шекарадағы мекен.

Узуканд – Арғу еліндегі шаһар.

Алтунқан – Ұйғыр еліне жақын тау. Баурайында көшпенді түркі халықтары өмір сүреді. Зұлқарнайын осы жерде жеңіліс тауып, түркі хақанымен келісім-шарт жасасқан.

Ила – өзен (Іле). Екі жағалауында түркі тайпаларының яғма, тохси рулары мен жігілдердің бір тобы өмір сүреді. Бұл өзен түркі елдерінің Жайһуны.

Артуч – Қашқарда осылай аталатын екі ауыл бар.

Азғыш – бір жердің аты.

Артыш – Иәмәк даласындағы өзен (Ертіс). Көп салалы бұл өзен сондағы бір көлге барып құяды. Өзен шын мәнінде «Артыш суы – Ертіс суы» деп аталады. Әртішмәк етістігінің түбірі «Әртіш – Ерту» болады.» деп аталады. Судан тез өту үшін бәстесіп, маған ер. Қайсымыз ұрын өтер екенбіз деген мағына береді.

Атуқ – Таластың жанындағы шаһар.

Алғұқ – Қашқардағы ауыл.

Сулми – Ұйғыр елінің шаһары, Зұлқарнайын салдырған.

Қожу – Ұйғыр елінің шаһары.

Жанбалық – Ұйғыр елінің шаһары.

Орду – Баласағұнға жақын шаһар.

Арғу – екі таудың арасы. Осы сөзден алынып, Тираз (Талас) бен Баласағұнның аралығындағы шаһарлар да Арғу деп аталады. Себебі — олардың барлығы екі таудың арасына салынған.

Усмитарым – Ислам елінен Ұйғыр еліне ағып баратын үлкен өзен. Сол жерде құмға сіңіп кетеді.

Уран – Рұм елінің шығыс шекарасына жақын жер.

Ашычан – Шынға баратын жолдағы жолаушылар түнеп өтетін шаһар.

Өтукән — Татар даласындағы жер. Ұйғыр еліне жақын.

Мизан – Қарақұс жұлдызының қосымша аты.

Канд – кент, шаһар. Қашқар шаһары Ордакент деп аталады. Бұл Хан тұратын орда – астана деген ұғымды білдіреді. Шаһардың ауасы таза болғандықтан, Афрасияп сонда тұрған. Бұл шаһар төменгі Шынға жатады.

Канд – Оғыздар мен оларға жақын жерлерде жасайтын халықтардың тілінде Ауыл деген сөз. Түркі халықтарының көпшілік тілінде Шаһар. Ферғана шаһарына Өзканд деп ат қойылған. Бұл өз шаһарымыз деген мағынаны білдіреді. Үлкен болғандықтан, Сәмізканд деп аталатын шаһарды парсылар Самарқан дейді.

Бугур – Күшәр шаһары мен Ұйғыр елінің арасындағы тауға орнатылған қарауыл-мекеме. Бұл жер шекара болып есептеледі.

Бақырсоқым – Мірріх (Марс) жұлдызының екінші аты. Қызарғанда мысқа ұқсайды.

Талас – Тираз деген атпен машһүр болған екі шаһар. Біріншісі Улуғ Талас – Үлкен Талас, мұсылмандардың шекарасына орналасқан. Екіншісі Кәми Талас – Кіші Талас деп аталады.

Қабуш – Арғу еліндегі жер.

Торығарттіз – Торғат, Қашқардағы жайлау.

Балық – Исламаяттан бұрынғы Түрк және ұйғыр елдеріндегі Шаһар деген сөз. Сондықтан Үйғырлардың үлкен шаһарларының бірі Бишбалық – Бес шаһар деп аталады. Ұйғырдың тағы бір шаһары Яныбалық – Жаңа шаһар деп аталады.

Арқтуруқ – Қашқар мен Ферғана шаһарларының арасындағы жолы қиын асу.

Барчуқ – Афрасияп салдырған шаһарлардың бірі. Онда Бухту Нәссәрдің ұлы Бәтзән қамалған.

Қауақарт – Қашқар мен Өзкент шаһарларының арасындағы жолы киын асу.

Бадаларт – Ош пен Баласағұн шаһарларының арасындағы жолы қиын асу.

Қуйас – Барсағанның төменгі жағындағы шаһар.

Қызыл – Қашқар шаһарын жарып өтетін өзен.

Туман – Қашқар шаһарын жарып өтетін өзен.

Кусән – Күшәр шаһарының қосымша аты. Ұйғыр елінің шекарасына орналасқан.

Сиғунсамур – Бүғраханға у берілген жер.

Буқачарт – бір асудың аты.

Хозар – Түркі елдеріндегі бір жер.

Қаршы – Хан ордасы.

Шанжу – Жоғарғы Шынның жолындағы шаһар.

Қашқабұғра – екі жердің жағырапиялық атауы.

Жағла – Ош шаһарының жанындағы жайлау.

Мыңлақ – бір жердің аты.

Барчан – бір жердің аты.

Журчан – Шын жолындағы мұсылман шаһары.

Бархан – Төменгі Шын. Қашқарға жақын таудағы қорған. Сол таудың астында алтын кені бар.

Сабран – Оғыз шаһары.

Сахсын – Бүлғарға жақын шаһар. Суар деп те аталады.

Сіткун – Оғыз шаһары.

Тазғун – ағыны қатты бір өзен.

Ташқан – Шаша шаһары. Әсілі Ташканд – Тас шаһар болатын. Әбубәкір әл-Қаффал әл-Шаши осы шаһарда туып-өскен.

Булғар – Түріктердің көпшілікке машһүр шаһары.

Қашмир – Түркі елдерінің шетіне орналасқан шаһар. Тәңір жарылқаған Сүлеймен пайғамбар салдырған.

Суулағ – бір жердің аты.

Манқышлағ – Оғыз еліндегі бір жер.

Тартуқ – яғма еліндегі шаһар.

 

(Махмұд Қашғари. «ДИУАНИ ЛУҒАТ АТ-ТҮРК» («Түрік тілдері сөздігі»). Тарих—адамзат ақыл-ойының қазынасы: Он томдық. — Астана: «Фолиант», 2005. Т. 3: Ортағасырлық тарихи ой. — 2005. — 512 бет –Б. 109-114. Томды құрастырғандар: Н.А. Атығаев, К.Қ Ақтаева, Л.Л. Батурина, Ә.Ә. Қайдарова, Қ.З. Өскенбай)

 

 

ТҮРКІЛЕР

VI ғ. Орта Азияда жаңа көшпенді мемлекет пайда болды. Алтайдан шыққан жаңа жаулаушылар, аз-ақ уақыттың ішінде, Ұлы мұхиттан Қара теңізге дейінгі ұлан-байтақ жерлердегі халықтың барлығын тізе бүктірген еді. Мемлекеттің негізін қалаған Или-хан Тумын, 553 жылы қайтыс болды; Тобо ханның өлімінен кейін (581 ж.) империя, батыс және шығыс болып, екі мемлекетке бөлінді; шығыс

мемлекеттің орталығы, бұрынғы үйсіндердің жері – Жетісу болған еді, ол, Орта Азияның батыс бөлігіндегі бұдан кейінгі көшпенді мемлекеттердің де орталығы болды. Жетісу тарихында түріктердің үстемдік құру кезеңі үлкен маңызға ие болып табылады. Көпестер үшін көпшенді империяның орталығы тура пайда көзі болатын, олар бұл жерде тауарларын, әсіресе маталарды өткізетін, ал негізінен Қытайдан және Батыс Азиядан әкелетін маталар, сауда-саттықтың негізгі заты болатын еді. Онжылдықтарға ұласқан, VIІ ғ. Ферғанадағы

аласапыран заман орнаған еді, бұл, Батыс Азиядан Қытайға қарайғы, негізгі керуен жолдарын солтүстікке жылжуына ықпал етті. Ферғана мен Қашқарға соқпастан, саяхатшылар Самарқаннан солтүстік-шығысқа қарай жылжып, Ташкент пен Әулие ата арқылы, Жестісудан Шу жағасына қарай, ол жақтан, Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауына жетіп, Бедел асуынан Ақсуға өтетін. Бұл жол нобайы, бізге белгілі болғандай, бірінші рет, VIІ ғ. будда тәуіпшісі Сюань Цзаннің жазбаларында және қытайдың «Тан әулетінің тарихында» айтылады; ақырғы шығарма ІХ ғ. жазылған, бірақ оның құрамындағы батыс елдерге қатысты барлық мәліметтер VIІ немесе VIІІ ғ.ғ жатады. Біз қытай жол нобайларынан Жетісу арқылы өту жолдары туралы қанық мәлімет таппаймыз; дегенмен, қолдағы мәліметтер бойынша, VIІ ғ. өзінде Шу алқабында жерөңдеушілік мәдениеттің болғандығын және бұл мәдениетті Мәуреннахрдан (немесе Амудария мен Сырдарияның аралығындағы мәдениет аймағы) шыққандар әкелгендігін және бұндай колонияларды кейініректерде, Қоқан хандығының тұрғындары да түзген болатын. Сюань Цзаннің заманында, Амудария мен Шу аралығындағы мемлекет, мәдениет жағынан бүтін бір ел болатын; халқының киім киісі, жазу-сызуы мен тілі барлық жерде бірдей болатын. Сириялық болса керек, алфавит 32 әріптен тұратын; жоғарыдан төмен қарай жазып, сол кездің өзінде, тарихи шығармалар болған еді. Ең таралған дін, манихейлік болса керек. Тұрғындарды сипаттағанда, олар шашын жиып, басын ашық қалдырады; кейбірі шашын тақырлап алғызып, маңдайына жібек кесіндісін байлайды деп жазылады. Халықтың бір бөлігі жер өңдеумен айналысса, екінші жартысы саудамен айналысатын еді; сауда орталығы «Су-е (Шу) өзенінің бойындағы қала» болатын, Шу өзені, бұдан кейініректегі мұсылман дереккөздерінде Суяб деген атауға ие болып, Қастек асуының оңтүстігіне қарай орналасқан делінеді. Суябта VIІ ғ. өзінде, әр түрлі елдерден келген

көпестер өмір сүрген еді. Одан батыста бірнеше ондық қалалар бартұғын, ол қаланың әрбірінің бір-біріне тәуелсіз өз билеушісі болды, бірақ барлық билеуші түркілерге бағынатын еді.

Суяб маңайында, әдетте, батыс түріктердің қағанының ордасы орналасатын; Сюань Цзан сол қағандардың бірімен осы жерде жүздескен еді. Қаған жасыл жібектен тігілген жадағай киген; шашы жайылып жіберілген, отырықшы жергілікті халыққа тән – маңдайы жібек кесіндімен жабылған, басының айналасына бірнеше мәрте оралған кесіндінің ұзындығы 10 фут. Қағанға қарағанда, нөкерлерінің барлығының шашы өрілген. Қаған үлкен шатырда тұратын, оның іші алуан түрлі алтын әшекейлермен безендірілген екен. Шатырдың ішінде, екі қатарға тізіліп мырзалар отырды, барлығының үстінде жібектен тігілген киім; олардың артында қағанның сақшылары тұр. «Бұл киіз үйде тұратын, жабайы билеуші болғанымен, оған таң болмау және оны құрметке бөлемеу мүмкін емес еді». Тақуа келе жатып, шатырға дейін 30 қадам қалғанда, қаған алдынан шығып, тақуаға тағзым етіп, аудармашы арқылы бірнеше сұрақ қойғаннан кейін, темір орындық әкелуді бұйырады. Ағаштың бойына жиналған оттың қасиетін қадірлеуге байланысты болса керек, түркілер ағаш отырғыштарды қолданбайтын еді. Сонымен бірге, шатырдың ішінде Қытайдан және Гаочаннан (немесе Угырстан, қазіргі Үрімші, Турфан және Хами қалалар орналасқан жерлер) келген елшілер де бар-тын. Той сазды әуенмен басталды; дыбыстардың жабайылығына қарамастан, олар «құлаққа жағымды естіліп, жан-дүниең мен жүрегіңді масаттандыратын». Қонақтар ет жеп, шарап ішті; тақуаға өсімдік тағамы мен сүт ұсынылды. Тойдан кейін, тақуа қағанның қолқалауымен, будда ілімінің тынысындағы уағыз айтты; уағыз аяқталғаннан кейін қаған қолын көтеріп, иіліп тәжім етіп, бұл нақылды шын көңілімен қабылдайтынын айтты. Бірнеше күннен кейін, ұстаз жолға жиналғанда, оған, бірнеше жыл бойы Чанъань (Сианфу) қаласында тұрған, сондықтан да қытайша жақсы сөйлейтін жас жігітті жолсерік етіп береді.

Шаболо Хилиши қағанның кезінде (634-638 жж.) батыс-түркі халық бесі Шу өзенінен батысқа және бесі шығысқа, он әулетке бөлінген еді; біріншілері Нушиби, екіншілері Дулу деп аталды. Бұдан кейін, көп ұзамай, батыс түркілердің империясы Іле өзені бөліп жатқан, екі мемлекетке тарады. Патша жанұясының мүшелері арасындағы алауыздық толастамай, оған қытайлар да үнемі араласып отырды. 651 жылдағы Ашина Хэлу қаған сияқты, кейбір қағандар аз уақыт аралығында біртұтастықты сақтай алған еді. 657 жылы, бұдан ширек ғасыр бұрын шығыс-түркі қағанатын бағынышты қылған қытайлар, батыс түркілерді де тізе бүктіріп, оның ханзадалары енді қытай шендерін иемденіп, қытай намангері болып санала бастады. Дегенмен түркі ханзадалары қытайларға қарсы шығып, бұл кездері Шығыс Түркістанды иемденіп қалған тибеттіктермен, оларға қарсы соғысқа одақтасатын еді. 704 жылы Ашина Хуайдао аталмыш он әулетті өзіне қайтадан бағындырды; бірақ оның мұрагері, ұлы Ашина Синь Құлан қаласында өлтірілгеннен кейін, батыс-түркі әулеті де жойылды (шамамен 740 ж.).

Дулудың әулеттерінің бірі, атап айтқанда Шу мен Іленің аралығында көшіп жүрген түркештер бұрынғыдан да мықты қуат жинай бастады; олардың ханзадаларының ордасы Суябта, ал кіші ордасы – Іле өзіненінің бойында болатын. Түркеш ханзадаларының ең мықтысы деп, Сулуды атауға болады (738 ж.өлг.); оның қуатының күштілігі сондай, оның жанында тіпті, сол кездері, Сулуға қызын берген, Ашина Худайо билеген батыс-түрік тағының жарығы да тұтылып қалатын; онымен қоймай, Сулу шығыс-түрік қағандары мен Тибет билеушілерімен туыстасқан еді. 738 жылы ол, Мохэ-даган шенін иеленген түркеш ханзадаларының бірінің қолынан қаза табады. Таққа Сулудың ұлы отырады; бірақ, Мохэ-даган ферғаналық және ташкенттік билеушілерімен бірігіп, оны Суябта талқандап, тұтқынға алады. 740 жылы Мохэ-даган түркештердің билеушісі болып жарияланып, ақырғы батыс-түрік қағанын өлтіруге бұйрық береді; бірақ, оның билік құру кезеңі де ұзаққа созылмайды. Аласапыран кезең туды; 748 жылы Шығыс Түркістанды қытай наманері Ваан Чжэн-сянь алды да, Суябтың күл-паршасын шығарды. Келесі онжылдықта түркештер барлық күш-қуатынан айырылды. Жетісудың бтыс бөлігі, енді Талас қаласына тәуелді, ал Талас – Ташкент билеушісінің қоласында болды. Бұл жердегілердің үздіксіз жалғасқан алауыздықтан көрген азабының қаншалықты қиын болғанын, қытай жылнамашысының «бұл жердегі жер орушылар көк сауыт киіп, бір-бірін құлдыққа айдайды» деп жазған сөздерінен-ақ аңғаруға болады.

Батыс-түрік империясының құлауы, Мәуреннахрдағы арабтардың табысына үлкен ықпалын тигізген еді; осыған байланысты, араб жылнамашылары оған үлкен мән берген еді, олар бұл оқиғаны хижыраның 119 жылына (737 ж) жатқызады. Арабтардың айтуынша, ақырғы түрік қағаны Невакет қаласында (Шу алқабы, Тоқмақтан шығысқа қарай)тұрған екен; оның бұл жерде, ешкімге жақындауға болмайтын, тыйым салынған жайылымы мен тыйым салынған тауы бар-тын; шалғындарда жайылған мал мен таудағы аң, жорықтарға арналған азық ретінде сақталатын. Қағанның арабтарға тигізген кесір-кесапаты көп болғандықтан, арабтар оған Абу Музахим («соқтыққыш, сүзеген»дег. немесе бұқа, піл) деген атақ берген еді. Алайда, Тохаристандағы (Амудариядан оңтүстікте, Балхтан шығыста) соғыста, арабтар түркілерді талқандаған еді; еліне қайтып келген қағанды, Курсул ханзада өзінің, жеке өшпенділігі салдарынан өлтірген еді. Бұдан кейін түркілер тарап кеткен еді. Курсулдың өзі болса, арабтар қартаң шақтағы оны, 739 жылы Сырдария бойында тұтқынға алған еді; өзінің басын арашалған ол төлем ретінде 1000 жылқы мен 100 түйе атады, дегенмен, араб намангері Наср, оны өлтіруге бұйрық берген-ді. Түркілер сүйекті еліне алып кетпес үшін, денені өртеп жібереді; араб тарихшысының айтуынша, бұл түркілерді, Курсулдың өлімінен гөрі қаттырақ күйзелткен еді. Араб мәліметтері мен қытай жазбаларының, олардың үзінді түрінде болғандығы мен шынайылығы көп күмән туғызатындықтан, оларды жақындастырудан тартынғанды жөн көрдік.

 

ҚАРЛҰҚТАР

 

Қытай, араб және парсы дереккөздері, батыс-түркі қағанатының құлауынан кейінгі, түркі тайпаларының топтасуы туралы нақты түсінік алу мүмкіндігін береді. Мемлекетті түзген тайпалар, түркі атауынан басқа, шығысында да, батысында да, батыс түркілердің он әулетке

бөлінеді деген қытай мәліметіне қарамастан, жалпылай оғыздар немесе токуз оғыз («тоғыз оғыз») аталады деп санаймыз. Шығыс Түркістанның ең қиыр шетінде мемлекет құрған шато түркілерін («дала түркілері»), қытайлар батыс-түркі қағанатынан шыққан дейді; араб жазбаларында осы түркілер тугузгуз немесе токуз-огуз деп аталады. оғыздардың тағы бір буыны батысқа кетіп, мемлекет құрды, оның орталығы Сырдарияның төмегі ағысы болатұғын. Жетісу өңіріндегі өмір оғыздардың аңыздарында көрініс алады, ондағы Яфеттің ұлы Түркінің тұрағы, Ыстықкөл жағалауы болатын.

 

Жетісуда тек түркештер қалды, олар азийліктер мен тохсийліктер болып, екі әулетке бөлінді (бұл екі есім көп күмән туғызады; бәлкім, азийліктер орхон жазбаланыда кездесетін аз атты тайпамен бір болса керек). VIII ғ. екінші жартысындағы Жетісудағы үстемдік қарлұқтардың қолына тиді, олардың негізгі бөлігі Алтайдан қоныс аударған еді (қарлұқтардың алдыңғы буыны Амударияның жағсына бұл ғасырдың басында-ақ келген-ді). 766 жылы қарлұқтар Суябты басып алып, өздерінің астанасын осында көшіреді; олардың билеушісі джабгу деп аталатын-ды, бұл атаудың орхон жазбаларында кездесетін ябгумен мағынасы бір екендігі анық. Осылайша түркі мемлекетінің құлағанынан кейінгі Жетісу, түркі халықтарының қолында қалып, оны арабтар да, қытайлар да басып ала алмаған еді. Қытайлар, 751 ж. араб қолбасшысы Зияд б.Салих бастаған қолдың оларға жойқын тойтарысынан кейін Батыс Түркістан істеріне араласуын доғарған еді. Арабтар болса, VIII ғ. аяғында Ферғанадан қарлұқтарды ығыстырумен ғана шектелген еді; бізге қаншалықты белгілі болғандай, солтүстік-шығыста мұсылман басқыншылары Таластан

әрі қарай бас сұғуға құлықсыз болған сияқты.

Түркілердің тағдырына мұсылман қылышынан гөрі, сауда-саттық қарым-қатынас арқылы тараған, мұсылман мәдениеті үлкенірек ықпал еткен еді. Мәуреннахр халқы саудаға деген бейміділігімен ерекшелетін-ді, және исламның пайда болуынан әлдеқайда бұрынырақта, Орта Азияның әртүрлі елді мекендерінде сауда колонияларын құрған еді; согдийлік колониялардың Шығыс Түркістанның ең қиырларында, токуз-огуздардың жерлерінде де кездесетін еді. Х ғ. парсы географының сөзінше, Қастек асуынан солтүстікте орналасқан Беклиг мекені немесе (басқаша оқылымда) Беклилиг, согдийше Семекна деп аталатынына қарап, согдийлықтардың Жетсуда маңызды роль атқарғандығы туралы айтуға болады. Көпстердің артынан әрдайым, Мәуреннахрда кеңінен таралған, түрлі дін уағыздаушылар еріп жүретін-ді, олардың арасында несториандық жөндегі христиандар да болатын. Түкістанның көптеген қалаларында, мұсылман жазушыларының жазбаларына сүйенсек, христиан шіркеулері болыпты; Жетісудың, дәл Ыстықкөл жағалауындағы жикилдерде тұратын, көшпенді халықтарының бірінің арасында христиандар да болған екен.

Мұсылман авторлары Батыс Азияның Жетісу арқылы, Қытайға қарайғы сауда керуендерінің жолы туралы анық-қанық жазған екен, осы жол бойындағы бірнеше қалаларды атайды, олардың көбінің аты көп күмән туғызады. Пішпек маңында, Аламедин мекенінің орнында болса керек, Джуль қаласы болған (бәлкім, түркі тіліндегі чуль «дала» шығар); бұнда Тараз (Талас, Әулие Ата) қаласынан келе жатқан жол Асхикеттен (немесе Наманган уезінен, Қарақол асуы арқылы) шығатын жол тоғысады. Шу алқабындағы ең ірі сауда орталығы Невакет немесе Невикет қаласы болды, бұл жерде жол қақ айырылатын; біреуі Джиль-арық шатқалы арқылы Ыстықкөл жағалауына қарай, ал екіншісі – Суябқа апаратын. Джуль мен Невакеттің арақашықтығы 15 фарсақ, немесе шамамен 90 верст; сондықтан, Невакетті Шудың сол жағасынмен өтетін жол, Қабұлаққа айырылғандағы жерде орналасқан деп айтуға болады. Осы жерлердің барлығы да қарлұқтарға тиесілі еді; Ыстықкөл жағалауының басым бөлігі, қарлұқтардан бөлініп кеткен джикиль атты халықтың меншігінде болатын. Невакет пен шатқалдың арасында, тағы, қарлұқтардың әулеттерінің бірі – лабандардың, Керминкет (немесе – Кумберкет) үлкен сауда кенті болады; оның билеушісі күтегін – лабан шеніне ие болатын. Бұл кездерде шатқал Джилдеген атауға ие болған еді; тарихшы Гардидзи, бұл сөз «тар»дегенді білдірген дейді. Шатқалдың оңтүстігіне қарай 12 фарсақ қашықтықта, Яр қаласы орналасқан, ол соғысқа 3000 жауынгер шығаруға қабілетті боатын еді; бұнда тексин деп аталатын, джикиль билеушісінің астанасы болған; көрсетілген қашықтықтарға сүйенсек, Ыстықкөл жолдың сол жағында қалып қоятындықтан, қала көлдің дәл оң жағында болса керек. Ярдан 5 фарсақ қашықтықта Тон қаласы бар-тын, бұл жерде осы атауды иемденген өзен де бар, бүгіндерінің өзінде сол жерден үйінділерді байқауға болады. Тоннан үшкүндік жолда Барысхан қаласы бар; осы екі қаланың арасында джикилдердің шатырлары ғана кездеседі. Қаланың атауы, мүмкін, Барыскаун өзенінің атауында сақталса керек. Кудаманың айтуынша қала, төрт үлкен және бес кішігірім тұрақтардың бір тобынан тұрған-ды. Оның билеушісі манак деген шен таққан екен, ал басқа бір деректе бұл шен тебин-барсхан делінген; ол қала соғысқа 6000 жауынгерді қосуға қабілетті болыпты. Барысхандық манак, Х ғ. парсы географының сөзінше, тегі қарлұқтардан шығып, кейіндері халқы токуз-огыздардың жағына шығып кеткен екен. Батыс және Шығыс Түркістан арасындағы сауда орталығы ретінде, өте үлкен маңызға ие болатын; түркілердің шежіресінде Түріктің ұлдарының бірінің есімі Барысхан болып табылады.

Барысхан да, Үзгендтен Ясы (Жасы) асуы, Арпа алқабы мен Қарақойын, Атбаша және Нарын өзендерінің алабы арқылы өтетін, Ферғанадан тура жолдың үстінде болған. Ферғанадан, Барысхан мен тибеттік иеліктер шекарасынан (Шығыс Түркістанда) бірдей арақашықтықтарда (6 күндік жерде), Қарақойынның Атбашқа құйылу сағасының маңында, төбе үстінде Атбаш қаласы тұрды (бүгіндері Кошой қорған үйінділері); тибет иедіктеріне апаратын жолдар, Туругарт асуы арқылы өтетін. Атбаш пен Барысханның арасында бірде-бір елді мекен болмаған-ды. Жетісудың оңтүстік бөлігін ягма халқы (токуз-оғыздардың бірінші тарауы) мекендеді, оларға Қашғар да тиесілі болатын; қарлұқтар мен ягмалардың шекарасы болып, Нарын саналатын еді.

 

Ақыры, Барысханмен Невкеттің Суяб арқылы өтетін айналмалы жол да тоғысатын. Суяб Шудың солтүстігінде, түркештердің жерінде, Невакеттен 3 фарсақ арақашықтықта тау етегінде орналасқан еді, бұл жер, бүгінгі Қарабұлақ елді мекенінің орнында болған сияқты. Оның билеушісі түркі хандарының бірінің ағасы болатын, ол ялан-шах немесе «батырлар патшасы» деп, аталатын, арийлік шен тағатын; қала соғыс жағдайында 20 000 адамнан тұратын жасақ шығара алатын-ды. Суябқа апартын жолда, Неакеттен 1 фарсақ арақашықтықта, Пенжикет қаласы болған, ол 8 000 жауынгер қоса алатын; Суябтың маңында тағы үш елді мекен болды, олардың әрбірі жеке билеушіге ие еді. Қастек асуы өтетін таулар, түркілерде қасиетті саналатын; олардың сенімінше, бұл жерде тәңірінің мекені орналасқан екен. Асудан солтүстүкте Беклиг немесе Беклилиг болған, оның билеушісі бір дерек бойынша Бадан-Сангу деп аталса, екінші бір деректер – түркі шені бойынша Йинал-тегін деген есімге ие болған екен; оның қоластында 3 000 жауынгер болған; сонымен қатар, қала соғысқа 7000 жауынгер қосуға қабілетті болатын. Суябтан Барысханға апаратын жолмен керуендер 15 күн, ал түркі поштасы – 3 күн жүретін. Бәлкім, бұл жерде, Қастек, Верный, Іле Алатауының солтүстік баурайының бойы және Қызыл қия асуы (Сан таш қыратында) арқылы Қарақолға апаратын жол меңзеліп отырған сияқты; Ыстықкөлдің солтүстік жағасы бойымен жүретін Тоқмақ пен Қарақол арасындағы жол арақашықтығы арабтардың атаған күн санына сәйкес келмейді. Алайда, қарлұқтардың иелігіндегі жерлермен шекарасындағы, Ыстықкөлдің солтүстік жағасындағы джикилдердің мекенінде, Сикуль атты үлкен сауда кенті бар еді; ол, біз кейінірек көретіндей, Темірдің заманынан келе жатқан, Ыстықкөл қаласының өзі болса керек.

Барлық түркі халықтардың ішінен, мұсылмандық мәдениеттің ықпалына ең көбірек ұшыраған, әрине, қарлұқтар болуы тиіс еді. Қарлұқ джағбуы Мағди халифының (775-785) кезінде-ақ, исламды қабылдаған дейтін мәліметтер, көп күмән тудырады; дегенмен, Х ғ. Таластың шығысында жатқан бірнеше қалаларда мешіттер болғаны рас. Мәдениет ықпалы қарлұқтардың тіршілік салтында айқын көрініс табады, олардың арасында, аңшылар мен көшпенділерден басқа, жерөңдеушілер де кездеседі. Бірақ қарлұқтар барсқа түркі халықтарының тарапынан қысымға ұшырап жататын еді, әсіресе, Х ғ. түркілердің арасындағы ең қуатты болып саналатын токуз-оғыздар көбірек шабуыл жасайтын-ды; діні бойынша, ханымен бірге токуз-оғыздардың басымы манихейлер болатын, дегенмен, олардың арасынан христиандар, буддашылар мен мұсылмандар да ұшырасатын. Бұрындары қарлұқтарға тиесілі болған Барысхан қаласы, Х ғ. токуз – огуздардың қарамағына өткенін айтып кеткенбіз; оның үстіне, Пенчула (оқылымы күмән туғызады) қаласы немесе қазіргі Ақсу туралы деректе, қала қарлұқтардың қоластында болып, бірақ билеушісі токуз – оғыздардың тәуелділігінде болды; ал кейінірек, ол қырғыздардың иелігіне көшті делінеді. Қырғыздар ол кезде Енесейдің бас жағын мекендейтін, ол жаққа, қытай дереккөздеріне сүйенсек, сонау VIII ғ. бастап, Кучиден үш жыл сайын, жібек тиген араб керуендері аттанатын. Сауда-саттық қарым-қатынастар қырғыздарды арабтармен, қарлұқтар және тибеттіктермен жақындастырды; бәлкім, енді қырғыздар қарлұқтармен одақтасып токуз -оғыздарға қарсы әрекеттеніп, қазіргі өз отандары – Жетісудың бір бөлігін басып қалса керек. Не дегенмен де, қырғыздардың негізгі бөлігі Жетсуға айтарлықтай кешірек келген еді. Егер қырғыздар Жетісуда Қараханидтер дәуірінде өмір сүрген болса, онда олар, міндетті түрде, Х немесе ХІ ғғ. исламды қабылдаған болар еді; ал, сонымен бірге, біз олардың тіпті ХI ғ. дейін пұтқа табынушылар болып саналғанын көреміз.

Ақыры, қарлұқ иелігіндегі жерлер, Шу алқабы да, олардың жауларының қолына көшті. ХІ және ХІІ ғғ. Үлкен маңыз атқарған, Баласағұн қаласын, шамамен 940 ж., әлдеқандай «пұтқа табынушы түркілер» билеп отырды; Х ғ. географтарының арасынан ол туралы тек Макдиси жазған екен, ол бұ қаланы «үлкен, жұрты көп және бай қала» деп атайды. Басқа жерде, мен, Баласағұн Шу алқабында орналасқанын дәлелдуге тырысқан едім; қолда оның орналасу жері туралы нақты мәліметтер жоқ. Бұл кездері Шу алқабына иелік еткен халық, тағы сол Х ғ. Орта Азияның бүкіл батыс бөлігін өзінің билігінің астына біріктірген, Қараханидтер әулеті шыққан халықтың өзі болса керек. Енді біз, осы әулеттің тарихына көшелік.

 

IV

ҚАРАХАНИДТЕР

 

Тарихшылар бізге Қараханидтер қай халыққа тура жататынын айтпайды; дегенмен, бұл халық ягма болған деп айтудың негізі бар, олардың патшасы Қарахандарда әдеттен-ақ, Богра-хан шенін тағатын. Бұл жағдайда, осы жолы Шу алқабына жаңа жаугершілердің кимелеуі, оңтүстіктен болған екен. Шу алқабында өмір сүретін Қараханидтер ислам дінін қабылдады. Бұл оқиғалар туралы біздің күнімізге дейін, аңыз-деректер ғана жеткен еді. Ибн әл Асир айтқан бір аңыз бойынша, исламды ең бірінші болып, Шабук (немесе Сатук) Қарахан қабылдайды, оған түсінде көктен бір кісі түсіп, түрікше сөйлеп: «Өзіңнің осы және о дүниедегі амандығың үшін, Ісламды қабылда» депті. Осы аңыздың ең ежелгі нұсқасы Джемал Каршидің шығармасында сипатталады, бұл әулеттің хандарының арасынан алғашқы болып, исламды қабылдаған 344/955-56 жылы өлген, Сатук Богра-хан Абд әл Керім делінеді. Екі аңызда да бір адам айтылып отырғаны анық, өйткені екі автор да бұл ханды Илектің бабасы (Мауреннахрды басып алған, Насырдың түркі шені) деп атайды. Абд әл Керімнің немересі де, Харун, өзмен замандас автордың еңбегінде Богра Қара хан деп аталады.

Аталған Харунның, астанасы Баласғұн болатын, ол ауруы асқынып, шегінуіне тура келген ол, Мәуреннахрдан қайтып келе жатқан жолда, 992 жылы ажалын табады. Мәуреннахрды басып алу ісін, 999 жылы илек Наср ақтаған еді. Қараханидтердің бұдан әрі қарайғы әрекеттерін, газневидтік сұлтан Махмуд (998-1030) тоқтатқан еді, ол өзінің Ауғанстан, Пресияның шығыс бөлігін және Үндістанның бір бөлігін қоластына бағындырып алды. 1008 жылдың 4 қаңтар күні, Утби сипаттағандай, «жалпақ бет, қысық көз, бетінде түгі аз (сақалы сирек), темір қылыш асынған және қара киім киген түріктер» Балх маңында толықтай талқандалып, бұдан былай Амударияға қарай жорық ұйымдастырмайтын болды.

Қараханидтер империясы ХІ ғ. басында-ақ, уделдерге бөлініп, олардың империя басшысынына

деген тәуелділік дәрежесі, ақырғысының жеке бас қасиеттеріне байланысты-тын. Кешікпей-ақ, уделдік жүйеде міндетте түрде пайда болатын, алауыздық басталды, әсіресе, Қараханидтердің екі басты тармақтарының, немесе Сатук Богра-ханның екі немересі, Али (Насырдың әкесі) және Харунның арасындағы тартыс ерекше болды. Біздің қолымызда бұл тартыстың қарқыны туралы және Жетісу қай кезде кімнің қолында болғандығы туралы деректер аз-ақ, тіпті кей кездері қарама-қайшы да келіп жатады. Утбидің айтуынша, Мазмудпен араласады деген күдік тағып, Илек өзінің ағасымен, қашғарлық Туган ханмен жауласыпты; илек 403/10-12-13 жж. қайтыс болғаннан кейін, оның тағы Туган ханның иелігіне көшті. Туган ханның Жетісуда билік жүргізгені анық, тіпті, Шығыс Түркістанды да билесе керек, оны ол жақтан Богра-хан Харунның ұлы, Қадыр хан Юсуф бірте-бірте ығытырған еді, ал оның Мәуреннахрды басқарғаны күмән туғызады. Утби мен Ибн әл Асир Қадыр ханды хотан билеушісі деп атайды; біз бақыр теңгелердің деректерінен оның 404/1013-14 жж. Яркендте, және 405/1014-15 жж. Қашғарда билік құрғанын көреміз.

408/1017-18 жж. Жетісу қиыр шығыстан жөңкілген көшпенді халықтардың басқыншылғына ұшырады, олардың арасында, Солтүстік Қытай мен Орта Азияның шығыс бөлігін иемденген, кейіндері Орталық мемлекетке өзінің атын беретін, қытайлықтар да бар. КәпірлердіңБаласағұнға 8 күндік жер жолы қалғанда, олар Туган ханның үлкен қол бастып қарсы шыққаны турлы хабар алады. Олар шегінді; хан олардың ізіне үш ай бойы түсіп, ақыры жетті де, тас-талқанын шығарды.

Утбидің айтуынша, Туган хан осы шайқастан көп ұзамай қайтыс болды, ал оның мұрагері болып, ағасы Арслан хан жарияланды. Алайда, төменде әлі келтірілетін Бейхакидің әңгімесіне сүйенсек, Туган хан Жетісуды 1025 жылға дейін билегенін білеміз. Арслан хан Мұхамед б Али, теңге деректері бойынша, негізінен Сырдарияның солтүстік-шығыс бөлігін билеген, бірақ оның аты жазылған теңгелер Бұхарада соғылған еді.

1025 жылы Қадыр хан Юсуф пен сұлтан Махмұд Мәуреннахрға қарай жорыққа аттанады, ол кездері, оны Насырдың, Туган хан мен Арслан ханның ағасы Алитегин билеген-ді. Самарқаннан қашықтау емес жерде, Қараханидтер басшысы мен сұлтанның кездесуі болды, бұл туралы Гардизи егжей-тегжей сипаттаған еді. Екі монархтың арасындағы сыпайылық алмасу ғұрыптары нақ ұстанумен жүргізіліп, тең құқықтықты толықтай сақтауға тырысты. Түркі ханы Махмұдқа қарағанда, мұсылмандықты жақсырақ ұстанатыны байқалды, ол өзіне ұсынылған шарапты ішпеген еді. Келісім-шарт жасасып, бұл шарт бойынша, Махмұдтың қызы Қадыр ханның екінші ұлы, Яган-тегінге, ал Қадыр ханның қызы Махмұдтың ұлы –Мұхамедке берілетін болды; Махмұд Яган-тегінге, Әлі-тегіннен Мәуреннахрды тартып алуда қолұшын беретініне уәде етті. Кейін, Махмұд Үндістанға бағытталған жорықты сылтау етіп, өзінің бұл уәдесінен бұлтарып кетеді, осының салдарынан, жоспарланған некелер де орындалмайды. Әлі-тегін Мәреннахрды билеуін жалғастырды, бірақ оның ағасы Туган хан Баласағұннан, Қадыр ханның әскерлерімен ығыстырылған еді.

Қадыр хан Юсуфтың иеліктері, қайтыс болатын, шамамен 1031 немесе 1032 жылы, Шығыс Түркістаннан басқа, Жетісу, Сырдарияның шығыс бөліктерін, дәлірек айтсақ, Әулиеата мен Шымкент уездерін алып жатты; оның астанасы Қашғар болатын. Шығыс Түркістан мен Жетісу, оның үлкен ұлы, Богра –тегін Сүлейменге тиді, ол Арслан ханның шенін қабылдады; Талас пен Исфиджабты (қазргі Шымкенттің Сайрам ауданы) екінші ұлы Яган тегін Мұхамедке мұраланды, ол Богра хан атағын иемденді. Екі ағайын да, Махмұдтың ұлы газневидтік сұлтан Масұдпен араласты; Әлі тегіннен Мәуреннахрды тартып алып, оны Богра ханға беру туралы жоспар қолға қайта алынды; бірақ, бұл жолы да жоспар іске аспай қалды. Бұл жерде, тағы, Лешкер хан деген біреу аталады, секмандық билеуші (?); Секман атауы Беклиг қаласының согдийлік Семекна атауымен мағынасы бір болуы екіталай (жоғ., 36 бет.)

Арслан хан мен оның ағасының арасындағы қарым-қатынастар, көп ұзамай, өшпенділікке айналды. Ибн әл Асир бір жерде, Арслан хан 435/1043-44 жж. өзінің меншікті жерлерін туыстарына бөліп беріп, өзіне тек Қашғар, Баласғұнды және барлық қалған жерлеріне жоғарғы билік жүргізу құқығын қалдырды дейді. Бұл сипаттағы мәліметті, әрине, дұрыс деп айтуға болмас, өйткені уделдік жүйе бұдан жарты ғасыр бұрын қалыптасып қойған еді; дегенмен, осы дәуірде, Арслан ханның әлсіздігінің салдарынан, империя билеушісінің беделі аяқасты қалуы әбден мүмкін. Шамамен, 1056 жылы Богра хан Арслан ханды тұтқындап, оның жерлерін басып алды, бірақ көп ұзамай-ақ, 15 айдан кейін өзінің әйелінің қолынан у ішіп өледі. Ибн әл Асир Богра ханның өлімін 439/1047-48 жж. жатқызады, бірақ бұл жорамал, осы оқиғалардың замандасы Бейхакидің мәліметтерімен жоққа шығарылады, оның деректері бойынша, хан 449/1057-58 ж. қайтыс болған делінеді. Оны өлтіруге, ханның тақты үлкен ұлы Чагра-тегін Хусейнді мұралау ниетіне, ханшаның таққа өзінің кіші ұлы Ибрахимді отырғызбақ ниеті қарама-қайшы келуі себеп болды. Ақырғысы таққа отырғанымен де, кешікпей, барсхандық билеуші Йинал-тегінмен соғыста ажалын тапқан еді. Бұдан кейін, Қашғар мен Баласағұнды 16 жыл бойы (451-467/1059-1074) Қадырханның басқа ұлы, Тогрул Қара хан Юсуф, ағайыны Богра Хан Харунмен бірлесе басқарды. Олар Мәреннахрдың Билеушісі Шемс әлмулькпен (Насырдың бірінші илегінің немересі) соғысты; соғыс бейбітшілікпен аяқталып, осыған сәйкес, Мәуреннахр мен түркістандық Қараханидтердің иеліктерінің шекарасы болып, Ходжент немесе бәлкім, Сырдария өзені белгіленді.

Тогрул ханнан кейін, екі ай оның ұлы Тогрул-тегін билік құрды; одан кейін Қашғар, Баласағұн және Хотанды Богра хан Харун тағы 29 жыл басқарды. Бұл Богра ханға арналып, 462/1069 жылы, немесе ол ағасымен бірігіп билік құрған кезде, Қашғарда түрік тіліндегі бірінші әдеби шығарма, Құтадғу білік дидактикалық поэмасы жазылған еді; бұл поэманың авторы Баласғұнда туып-өскені еді.

1089 ж. сельжұқ сұлтаны Меликшах Самарқанды басып алып Үзгенге дейін жетті; қашғар ханының (Харун болса керек) Меликшахтың қоластына кіруден басқа амалы қалмады. Меликшахтың кетісінен кейін, Самарқанда джикильден шыққан түрік жалданбаларының көтерілісі бұр етті; джикилдер Атбаштың билеушісі және қашғарлық ханның ағасы Якуб Тегінді шақырды. Якуб Самарқанды басқарып, Меликшах жақындағанда, Атбашқа қайта қашып кетті. Жолда оған ағасының әскері шабуыл жасап, қашғарлықтар Атбашты тонап, ал Якубтың өзі тұтқынға алынды. Меликшах Үзгендке қайта жақындап, ханнан Якубты өзіне беруді талап етті. Хан болса, өзінің намысына кереғар келетін бұл талапты орындауға асықпады; ақыры, ол өзінің ұлына Якубты алып, Меликшахқа баруды бұйырады, жолда оның бір қамалдың ішінде қалдырып, оның жанарынан айыруды бұйырады; ал егер сұлтан бұған қанағаттанбаса, ханзада Якубты Үзгендке апарып салуы тиіс еді. Бұл кезде, Қашғар басқа басқыншының – Йиналдың ұлы Тогрулдың қамауында болатын, ол Қашғардан 80 фарсақ (шамамен 500 верст) арақашықтықта тұрақ тепкен еді; Тогрул жоғарыда аталған Йинал тегін мен Барысханның билеушісі болса керек. Хан тұтқынға алынады; бұл хабар оның ұлы мен ұлының серіктеріне жеткенде, Якуб оларды өзін жіберуге көндіреді. Меликшах Якубпен шарттасып, Якубты Тогрулмен шайқасуға қалдырып, Үзгендтен кетеді. Бұл соғыстың немен аяқталғандығы туралы біздің қолымызда еш мәлімет жоқ; Харун тұтқыннан босаған болса керек, өйткені, біз оның Қашғарды ХІІ ғ. басына дейін билегенін білеміз.

1102 ж. Богра хан Харунның өлген сәтте, Мәуреннахрға Қара хан Омар мен Мұхаммед Богра ханның немересі, Баласағұн мен Таластың билеушісі, Қадыр хан Жәбірейіл баса көктеп кіреді. Қадыр ханның әскері мұсылмандармен қатар, кәпірлерден де тұратын; ол Амудария елінің барлығын билеген еді, бірақ кейін, осы өзеннің бойында селжұқ сұлтаны Синжардың талқандауына ұшырап, тұтқынға алынып, көп кешікпей өлтіріледі. Бұдан кейін, біз Жетісу туралы, қарақытайлардың шабуылына дейінгі уақытты қамтитын мәліметтерден адамыз.

Қараханидтердің заманының ішкі тарихына келсек, ол туралы мәліметтер де некен-саяқ. Түркі елдеріндегі бірінші мұсылман әулеттері ретіндегі Қараханидтер, әрине, исламның таралуына барынша ықпал еткен-ді, және осы тұғырдан алғанда, олардың билігінің кезеңдері Орта Азия тарихын үшін үлкен маңызға ие болып табылады. Ибн әл Асирдің айтуы бойынша, 349/960 жж. исламды 200 000 түтіннен тұратын, әлдебір түркі халқы қабылдады деп жазады; бұл мәлімет Жетісу мен Шығыс Түркістан тұрғындарына қатыстыекендігі анық, Шығыс Түркістандағы көшпенділер саны ешқашан аса көп болмағандықтан, бұл сан, Жетісу өңірін мекен еткен жұртқа лайықырақ сияқты. 1043 ж. мұсылмандықты қазіргі қырғыз далаларын мекендеген түріктер де қабылдады; Ибн әл Асирдің айтуынша, 10 000 түтіннен тұратын бұл түріктер жазда болгарлардың жерлерімен көршілес қоынстанса, қыста – Баласағұн маңын жайлайтын. Өкінішке орай, тарихшылар мұсылмандықтың басқа мәдени құрамдастармен күрескендігі туралы еш дерек қалдырмапты. Шығыс Түркістан әрқашан қытай мәдениетінің ықпалында болатын; кейбір қараханидтік билеушілер, ІХ ғ. да Табгач-хан немесе Тамгач-хан лауазымын иемденетін, орхон жазбаларында, бұл атақты, VIII ғ. қытай императорлары иемденетін делінеді; 459/1067 ж. Қараханидтердің теңгелерінде малик ал-машрик ва-с-син («Қытай мен шығыстың патшасы») деген шен кездеседі. Бұл мысал, тек қытай мәдениеті мен қытай патша ауласының ықпалымен ғана түсіндіріледі; ХV ғ. дейін бұл аймақтарда ислам үстемдік алмағандықтан, Қытайдың өзін былай қойып, Шығыс Түркістанмен шекаралас жатқан Қытайдың Үрімші, Тұрфан және Хами сияқты қалаларының өзі, Қараханидтердің қоластында болуы екіталай. Ақыры, Қараханидтердің теңгелерінен, олардың мемлекеттерінде жалпы мұсылмандық (араб) әліппеден басқа, ұйғыр әліппесі, несториандар әкелген деп саналатын, Сириядан шыққан әліппе қолданғанын аңғаруға болады. Кейіндері Құтадғу білік поэмасында кездесетін кейбір мәдени терминдер моңғолдардың сөздеріне ұқсас, бұл сөздер Қараханидтердің сөздігіне моңғолдардан алынса, бұл сөздер оларға ұйғырлар сөздігінен енгені анық. Шығыс Түркістанның Қытаймен шекарас жерде орын тепкен, бұл түркі халықтарының буыны, б.з.б. V ғ. өзінде мәдениеттің айтарлықтай дәрежесіне қол жеткізген-ді. Бұдан кейін көретініміздей, моңғол билігі кезеңінде христиан және будда ұйғырлары мұсылмандардың ең қауіпті жаулары болыпты; Орта Азияда мұндай бәсекелестік бұдан бұрын да болуы мүмкін, дегенмен, бұл туралы біз ешқандай мәлімет білмейміз.

 

 

В.В. БАРТОЛЬД. «ОРТА АЗИЯ ТАРИХЫ ТУРАЛЫ ЕҢБЕКТЕР». Тарих—адамзат ақыл-ойының қазынасы: Он томдық. — Астана: «Фолиант», 2005. Т. 3: Ортағасырлық тарихи ой. — 2005. — 512 бет –Б. 78-96. Томды құрастырғандар: Н.А. Атығаев, К.Қ Ақтаева, Л.Л. Батурина, Ә.Ә. Қайдарова, Қ.З. Өскенбай

 

 

ТҮРІК ҚАҒАНАТЫНДАҒЫ

АДАМИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ

 

Түрік қағанатының мемлекеттік жүйесін құқықтық тұрғыдан қарастырған бұл мақаланы жазу барысында мүмкіндігінше түп нұсқаларды негізгі дерек көздері ретінде пайдалануға тырыстық. Баршаға белгілі, Түрік қағанаты тарихының негізгі дерек көздері Орхон-Енисей жазба ескерткіштері, Қытай жылнамалары (Жоу Шу, Суи Шу, Вей Шу, Вей Шу, Жию Таң Шу, Шин Таң Шу, Сы Фу Юан Гун т.б) және Византия деректері болып үш топқа бөлінеді.

«Түрік» атауын ресми мемлекет атауы ретінде алғаш рет қолданған түріктер 545 жылдан бастап Орта Азияның тарихи сахнасына шықты. Олар монғол текті жуан-жуандарды 552 жылы жеңіліске ұшыратқаннан кейін тәуелсіз мемлекетке айналады. Қытай деректеріне жүгінер болсақ, егеменді ел болудан бұрын да белгілі әлеуметтік құрылымдары болған түріктер, қысқа мер

зім ішінде мемлекеттік негізгі құрылымдарды құрып үлгереді. 742 жылға дейін өмір сүрген Түрік қағанаты, 552-585 жылдары арасында ең құдіретті дәуірін бастан кешіреді. Түрік қағанаты осы кезеңнен, яғни 580 жылдан кейін қытайлардың қастық әрекетімен екіге бөлінеді. Олардың шығыс бөлігі тоқырау кезеңінен кейін 609 жылы жаңадан күш жинап, бой көтереді. Алайда қайта күшейе бастаған кезінде, яғни 627 жылы жазда жауған қардың салдарынан туындаған жұттан кейін құлдырап, бірден әлсірейді. Қытайлардың айла-шарғысымен түрік билеушілері Қытай үстемдігін қабылдағаннан кейін, 630 жылы І Түрік қағанаты жойылады. Сондай-ақ Батыс түрік қағанаты да күшін жоғалтады. 630 жылы олар да Қытай үстемдігін қабылдап тынады.

 

Осы кезең көптеген қарсылықтар мен көтерілістерге ұласып, 679 жылға дейін созылады. Деректерден аңғарғанымыздай, еш тоқтаусыз жалғасқан наразылық осы жылы бірден лап етіп өршіп, үлкен көтеріліске айналған. Нәтижеде Ілтеріс Құтлұқ пен Тоныкөк бастаған азаттық күресі 632 жылы жеңіспен аяқталады. Көп ұзамай қайта күшейген Түрік қағанатының қол астына, әсіресе Капаған қаған кезінде (692-716) барлық түрік тайпалары бірігеді. Тақырып тұрғысынан айта кетерлік ерекше жайттың бірі – түрік тайпалары тәуелсіздік алған кезде Түрік қағанатында 150 жылдан бері өмір сүріп, саудамен айналысып келе жатқан соғдылықтар да Қытайдың қорлығынан құтқарылады.

 

Қайта бой көтергеннен кейін Түрік қағанаты 735 жылға дейін дәуірлеп тұрды. Осы кезеңде, яғни Еуропа елдері әрі жазуды білмеген дәуірде, күллі түрік әлемінің мақтан тұтатын ескерткіші болып есептелетін Орхон-Енисей ескерткіштері жазылды (Тоныкөк-727, Күлтегін-732, Білге қаған-735). Көне түрік әріптерімен жазылған осы жазбаларда Түрік мемлекетінің дүниетанымы, философиясы, билеушінің ұлт алдындағы, ұлттың билеуші алдындағы міндеттері анық түсіндірілген. Осы ұлы ескерткіштер жазылған дәуірде, дәлірек айтқанда, Білге қағанның өлімінен кейін Түрік қағанаты құлдырай бастады. 742 жылы өзге түрік тайпаларының, сондай-ақ ұйғырлар мен басмылдардың шапқыншылығының нәтижесінде Түрік қағанаты толығымен тарих сахнасынан ығысып шықты.

 

ТҮРІК ҚАҒАНАТЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰРЫЛЫМ ЖӘНЕ ЗАҢ

 

Ең алдымен, мемлекетте заңның болғанына толық көз жеткізу үшін әуелі оның құқықтық құрылымдарының бар екеніне және олардың қызметіне үңілу керек.

Түріктерде ең үлкен саяси құрылым ил (ел), яғни мемлекет болған. Бұл жайт Қытай жылнамалары мен Орхон ескерткіштерінде анық көрсетілген. Яғни бүгінгі мемлекеттің орнына қолданылған ел, әулеттен (огуш) бастап, кезегімен әулеттер одағы (ұрығ), ру (тайпа), тайпалар одағын (бодун) қамтитын халықтың ең жетілген және соңғы сатысы болып есептелген.

Түрік тарихының бастапқы кезеңі мен мемлекеттің құрылуы баяндалатын Қытай деректерінде (Жоу Шоу 50-бөлім) мемлекеттің қағаны Бұмынның жуан-жуандарды қырғынға ұшыратқаннан кейін, мемлекет мағынасындағы «ел» мен ел басшысы «қаған» сөзін бірге қолданғаны айтылады (Ел-қаған – мемлекет басшысы). Бұл – мемлекеттілікті білдіретін сөз.

552 жылғы оқиғадан кейін түрік қағанаты пайда болды. Әлбетте, мемлекет болған соң оның жүйесі, құрылымы және қоғамдық құқығы да болуы керек.

Ислам дінінен бұрын және кейін Орта Азияда құрылған өзге түрік мемлекеттері сияқты түрік қағанатында да әлеуметтік жағынан бір-біріне тығыз байланысты құрылымдар жүйесі болған. Әлеуметтік құрылымның негізін әулет құрайтын еді. Әулеттер бірлігі ру деп аталғанына қарамастан, оның негізгі қызметі әлі де болса толық анықталмай келеді. Келесі сатыдағы тайпа – әулеттер және рулардың одағы болды, оларды билер басқаратын. Бір саяси одаққа кіретін руларды оқ, рулар одағын бодун деп атайтын. Оларды жерінің көлеміне қарай жабғы, шад және елтебер басқаратын.

 

ТҮРІК ҚАҒАНАТЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚ ЖҮЙЕСІ

 

Жоғарыда айтып өткендей, бір мемлекеттің (яғни елдің) тәуелсіз ел болуы үшін, онда кейбір шарттардың болуы қажет. Ол шарттар – саяси тәуелсіздік, мемлекет, халық және заң. Түрік қағанатында осы шарттардың барлығы түгел болды ма?

Түріктердің тәуелсіздікке қалай қол жеткізгендігін жоғарыда айтып өттік. Олардың жуан-жуандарды қырғынға ұшыратпастан, бұрын да өз тәуелсіздігін алу жолында маңызды қадамдар жасағанын Қытай деректерінен байқаймыз. 545 жылынан бұрын Қытай қорғанының солтүстігіндегі және Қытай шекараларынан тыс жерлердегі базарларда жібек және өзге сауда түрлерін бастаған Бұмын қаған көрші мемлекетпен байланыс жасауға ұйғарды. Қағанның қадамын құптаған Қытайдағы Батыс Вэй императоры 545 жылы түріктерге елші жібереді. Деректерге сүйенсек, елші барған кезде түріктер қатты қуанған және бір-бірін құттықтап, «Қазір ұлы елдің елшісі келді, мұнан кейін біздің мемлекетіміз дамиды» деген екен. Түріктердің осы оқиғаға қуануының басты себебі, біздіңше, өздерінің тәуелсіз ел ретінде танылуы еді.

Түріктердің тәуелсіздікке қол жеткізуі және оны жоғалтуы жайында Орхон жазба ескерткіштерінде барынша тәптіштеліп түсіндірілген. Онда тәуелсіздікті жоғалтудың халық үшін өліммен тең екені, тәуелсіздікті алудың қайта тірілумен, жанданумен бірдей болатыны және халықтың осындай оқиғалардан сабақ алу керектігі баса айтылған.

630-680 жылдары арасында түрік мемлекеті Қытай басқыншылығына ұшыраған кезеңде де тәуелсіздік жолында бірнеше рет көтеріліске шыққан. Нәтижеде, 679 жылы басталған көтеріліс 682 жылы мемлекеттің тәуелсіздік алуымен аяқталады. Мемлекет өз тәуелсіздігін қайта алған осы кезде қағандар Қытайда қалған өзге түрік нәсілді тайпаларды да құтқаруға әрекет жасаған. Бұл – Түрік қағанатының толық тәуелсіздікке мән беруінің маңызды дәлелінің бірі.

Түріктер тәуелсіз мемлекетін сақтап қалу және оны дамыту үшін атадан жеткен асыл мұра – жерді көзінің қарашығындай сақтады. Отанға деген сүйіспеншілік Орхон жазба ескерткіштерінде де анық сипатталған. Сонымен қатар орталық Өтүкен түріктер ұғымында қасиетті деп саналған. Негізінде, Орхон жазба ескерткіштерінің өзі мәңгі ел орнату жолында жан берген түрік тарихының шежіресі сияқты. Қытай деректерінде Түрік қағанатының шекарасы шығыстан батысқа 10 мың лиді (5 мың км астам), оңтүстіктен солтүстікке дейін 5 мың лиді (2,5 мың км астам) алып жатыр деп жазылған. Түріктер ұғымында «мемлекет» – билеушінің жекеменшігі сияқты емес, Тәңір тарабынан берілген құт ретінде көрініс тапқан. Оны ежелгі Римдегі «империя» ұғымымен салыстыруға болады.

Түрік қағанатында қарабайым халықтың түрлі құқықтары болған және олар экономикалық тұрғыдан тәуелсіз саналды: олар жекеменшікке ие болды. Мысалы, ІІ түрік қағанаты дәуірінде, дәлірек айтқанда 698 жылы Капаған қаған Қытайға бірнеше талаптар қойды. Олардың арасында 30 мың бірлік тары тұқымы да бар еді. Осы тұқымдық тарының халықтың егістік алқаптарында қолданылуы үшін сұралғаны анық. Византиялық дерек көзі «Тактикада» да түріктердің ерікті адамдар болғаны айтылады. Жекеменшік – адам құқығы мен азаттығының кепілі болғандықтан, адам оған ие болып, өз тәуелсіздігін қамтамасыз ете алады. Түріктерде тәуелсіздіктің қаншалықты мән-маңызға ие екенін ескерсек, оның сол дәуірдегі мемлекеттерге қарағанда адам құқықтары жағынан едәуір ілгеріде болғандығын байқаймыз. Ерте заманда кедей, әлжуаз, қорғансыз және кәсібі жоқ адамдардың тегін жұмыс күші ретінде пайдаланылғаны мәлім. Бұл әсіресе отырықшы мәдениетте кең етек алған еді. Ал далалық түрік мәдениетінде жұмысқа ат немесе басқа да жануарлар жегілетін. Орманды мекендеген тайпалар мен отырықшы елдерде билікті уысына ұстаған үстем топтар қорғансыз, панасыздарды (мәселен, славян тайпаларында атақты құл саудасы, Мысырда жұмысқа жегілген құлдар, Қытайда мойындарына бұғау салынған жұмысшылар, үндістанда париялар, Грецияда Аристотельдің кезінде үй жануарлары немесе жанды құрал деп аталған адамдар, Римде осыған ұқсас басыбайлы құлдар) жұмысқа жегіп, қанаған кезеңде, Ұлы дала төсін мекендеген түрік тайпалары мұндай жүйені білмейтін еді .

Көне түрік дерек көздерінде «құл» сөзі 14 жерде кездеседі. Бірақ олар жекеменшіктен шеттетілген, жеке басының құқығынан мақұрым қалған жандар емес еді. Түріктер ұғымында «құл» сөзі саяси және мәдени құқығы шектелген тұтқындық деген мағынаны білдіретін еді. Ал тұтқын болу мен құлдықтың әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан өзгеше екені белгілі. Көне Греция, Рим мен монғолдарда тұтқындардан өзге арнайы құлдар да бар болатын. Бұл орайда, мұндай мағынадағы «құл» сөзі түрік мәтіндерінде кездеспейді деуге толық негіз бар.

Жалпы алғанда, қандай да бір қоғамда жоғарғы таптың қалыптасуы үшін үш фактор маңызды рөл ойнайды:

1. Экономикалық тұрғыдан алғанда, жерге қожалық ету;

2. Басқару-әскери тұрғыдан алғанда, әскерлікті кәсіп ету;

3. Рухани (діни) топқа ие болу.

Осы тұрғыдан алғанда, түрік қағанатынан төмендегі жайттарды көруге болады: ең әуелі түріктерде ауыл шаруашылығы аз ауқымды қамтығандықтан, оларда «жер құлдығы» деген ұғым болған жоқ. Сонымен қатар қолына қару ұстағанның барлығы әскер саналатын дала қауымдарында әскерлік арнайы кәсіп емес еді. Қытай деректерінде түрік әскерлері туралы сөз болғанда «әскер» сөзінің орнына «адам, кісі» сөзінің қолданылуының өзі көп жайтты аңғартады. Өйткені жаужүрек, жауынгер түріктерде жұрттың бәрі әскер болғандықтан, оларды айырып жатудың қажеті де жоқ еді. Ұлы далада құрылған өзге де көне түрік мемлекеттері сияқты, Түрік қағанаты да діни сипатқа емес, саяси және әскери сипатқа ие болған. Сондықтан оларда ерекше сипатқа ие діни топ өкілдері де болған емес.

Бұл орайда, көне жазбалардағы «қара-бодун» деген сөзді «қалың ел», «көпшілік» деп түсіну керек. Басқаша айтқанда, бұл сөз көптік сипатқа ие болып, ұлы, көп, құдіретті деген ұғымдармен үндесіп тұрғандықтан, таптық мағынада қолданылмайтын еді. Түріктердің ұғымы бойынша, мемлекетті құратын да, оны жеңіске жеткізетін де ұлт болатын.

Көне түрік мемлекеттерінде кейбір жоғары лауазымды қызметтердің мұра жолымен берілгені туралы айтылса да, жазба деректерде мұны растайтын мәліметтер кездеспейді. Сондай-ақ түрік тарихына үңілу арқылы жауапты қызметке тағайындау дәстүрінің қалыптасып, орныққанына көз жеткіземіз. Қорыта айтқанда, түріктерде топқа немесе әлеуметтік тапқа бөлінудің болғаны туралы деректерде ешқандай мәлімет кездеспейді.

Тәуелсіз мемлекеті және ерікті халқы бар түрік өлкесінде қоғамдық қатынастарды реттейтін заң жүйесінің болғаны анық. Орхон жазбаларында жазылғандай, Түрік қағанатындағы заңдар «төре» деп аталатын. Жазбаларда «төре» сөзі 11 жерде кездеседі. Соның ішінде, алты жерде ел (мемлекет) ұғымымен бірге қолданылыпты. Қалған бес жерде де төренің елмен байланысы анық көрсетілген. Бұл, әрине, Түрік қағанатының төреге (заң) қаншалықты бағынышты болғандығын көрсетеді. Басқаша айтқанда, мемлекеттің болуы төренің болуымен тығыз байланысты еді: «Мемлекетті өз қолдарына алып, төрені қалыптастырды...», «Түрік мемлекетін, төресін кім бұза алады?», «Құрған мемлекет пен төреміз осындай еді», «Мемлекеттің төресінен бас тартты...», «Ол (Елтеріс) аталарының төресі бойынша бодунның (халықты) басын қосты», «Төре қажет болғанда таққа ағам отыратын...»

Төренің үкімдері әр түрлі шарттарға икемделіп, өзгере алатын еді. Дегенмен төренің өзгермейтін үкімдері де болды. Олар: көнүлүк (ақиқат), узлук (жақсылық), түзлүк (теңдік), кісілік (адамгершілік).

Түріктерде отан ұғымы мемлекеттік деңгейге көтерілгенін байқаймыз. Түріктер әр уақытта мемлекетті билеушіден, яғни қағаннан жоғары қоя білді. Сол себепті, барлық түрік жазба ескерткіштерінде ел (мемлекет) сөзі қаған сөзінен бұрын жазылады. Мемлекет – Тәңір тарабынан берілген құт болып саналады. Қаған Тәңір тарабынан жіберілетін немесе жазаланатын. Сондай-ақ, олардың түсінігінше, бағытынан адасып, жолдан шыққан түрік ұлтын және нашар қағандарды Тәңір кейде жазалап, қолдарынан мемлекетті алып

қоятын еді. Ал мемлекеттен айырылу түріктер үшін орны толмас орасан зор қайғы болатын.

 

ТҮРІК ҚАҒАНАТЫНДАҒЫ БИЛЕУШІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

 

Түріктерде билік, яғни мемлекет басшылығы қағанның қолында болды. Мемлекет басшысы «қаған» деп аталды. Сондай-ақ түріктерде «қағаннан» бөлек, «хан» атағы да болды. Мұны Тоныкөк жазбаларынан көру мүмкін. Деректерге қарағанда, отау, тақ, ту (бөрі басты байрақ), дабыл және жебе биліктің рәміздері болып есептелді. Қытай билеушілері өздері қолдаған немесе мойындаған түрік елдерінің басшыларына бөрі басты байрақ пен дабыл жіберіп отырған.

Түрік қағандары шексіз билікке ие болмаған, билікті қалауынша пайдаланбаған, халықты қанамаған. Тәңірден құт алған олардың ұлт, халық алдында міндеттері болған. Тәңірден жаралғандықтан, Тәңірінің рақымына бөленген түрік қағандары Тәңірдің бұйрығымен күндіз тыным таппай, түнде ұйықтамай, жерін ұлғайтып, ашты тойындырған, жалаңашты киіндірген, азды көп қылған, бәрін бейбіт етіп, ел-жұртын бақытты еткен. Басы барды – идірген, тізесі барды – бүктірген, халықты татуластырған, дұшпандықты жойған.

Түріктер саяси билікті құт деп түсінетін. Оларда халқы үшін күндіз-түні тер төгіп, еңбек етпеген, ұлты алдындағы міндетін адал атқармаған қағанның құты Тәңір тарабынан қайта алынады деген түсінік қалыптасқан еді. 716 жылы Инелдің тақтан түсірілуінің басты себебі де осы болатын.

Түрік қағандары заңдарды (төре) жүзеге асыратын. Қағанның қызметі халық тарабынан мәжіліс арқылы бақыланып отыратын. Мәселен, Білге қаған (716-734) тарабынан түрік қалаларының қорғанмен қоршалуы және өлкедегі буддизмнің уағыздалуы туралы жасалған ұсыныстары мәжіліс тарабынан мақұлданған жоқ. Сондай-ақ мәжіліс 581 жылы Та-ло-пиенді шешесі түрік болмағандығы үшін қаған сайлаған жоқ. Оның орнына әкесінің інісі Ишбараны батыл, ержүрек болғандығы үшін қағандыққа лайық көріп, соны сайлаған.

Қағандардың мемлекетті қатаң басқаруы немесе қысым жасауы халықтың наразылығын туғызып, арты көтеріліске ұласатын. Қытай деректеріне сүйенсек, ұлы түрік қағаны Қапаған халыққа қысым жасағандықтан, түрік қағанатында жиі-жиі көтерілістер болып тұрыпты. 716 жылы бір көтерілісті басып, қайтып келе жатқан ол орманға торуыл құрған Байыку тайпасының көсемі тарабынан өлтіріледі. Бұл оқиға түрік халқының өз еркіндігі үшін кейде қағанға қарсы шыққанын көрсетеді.

Түрік қағандарының өзге де түрік елдерінің әміршілері сияқты, атақ-лауазымдары болған. Олар «Ұлы қаған, Құтлуқ, Бекчор, Көкте туған, Тәңірге ұқсайтын, Тәңірден жаралған, Көктен жаралған, түрік Білге қаған, Көктүріктердің және дүниенің қасиетті билеушісі» сияқты болып келетін.

Түріктерде қағанның өз ұлтының тағдырына жауапты болғанын көрсететін дәлелдердің бірі – Қытай деректерінде сипатталған таққа отыру рәсімі. Қытай деректерінде сүйенсек, қағанның мойына жібек жіпті байлап, буындырып, оның қанша жыл қаған болатыны сұралады екен. Содан кейін қағанның айтқан сөздерін халық ықтият, ыждақатпен тыңдап, сөздерін растайды. Негізінде, бұл рәсімнен бұрын елдің ықпалды азаматтары қағанды ақ киізге отырғызып, жоғары көтеретін және күннің бағытымен, яғни шығыстан батысқа қарай айналдырады. Әр бұрылыста халық қағанға бас иіп, сәлем береді екен.

Қағанның ел алдында абыройлы болуы үшін Тәңір берген үш қасиет бойынан табылуы тиіс еді. Олар: жарлық, құт, тағдыр. Жарлық – Тәңірдің бұйрығы, кейіннен «Тәңірі нәсібесі» деген мағынада қолданыла бастады. «Тәңірі нәсіп етіп, 14 жасымда Тардуш еліне шад болдым. Қаған ағаммен бірге Көк өзен мен Шаттық алқабына дейінгі жерлерді жаулап алдық. ... Түрік халқы елінен, мемлекетінен, қағанынан айырылып қалды» деп келетін жазба дерек қағанның «жеңісі мен жасаған ісін Тәңірінің несібесі» деп атағанын және тағдырға мойынсұнғанын көруге болады.

Түрік қағандары туралы жоғарыдағы мәліметтерді жинақтасақ, түрік қағанның халқы алдында төмендегідей міндеттерінің болғандығын анықтаймыз:

1. Әскерді басқару

2. Халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру

3. Халықты орналастыру

4. Жорыққа шығып, табыс табу

5. Халықтың көңілінен шығып, құрметіне бөліну

Сонымен қатар қаған болатын тұлға дана, алып және шыншыл болуы тиіс еді.

 

 

ТҮРІК ҚАҒАНАТЫНДАҒЫ МӘЖІЛІС ЖӘНЕ ОНЫҢ ФУНКЦИЯЛАРЫ

 

Түрік қағанатында мәжілістің болғандығын Қытай деректері мен Орхон ескерткішінен көруге болады. Заң шығарушы орган ретінде қызмет еткен мәжіліс, түріктер арасында біздің жыл санауымызға дейін-ақ бар болған. Бүгінгі түрік халықтарында қолданылатын «той» сөзі мәжіліс, жиналыс мағынасын беретін еді. Мәжіліске қатысқан мүшелер «тойгун» (қытайша Та-гуан) деп аталатын.

Түрік қағандары мәжілістің төрағасы болып есептелді. Қаған болмаған жағдайда мәжілістің төрағасы ретінде қаған әулетіне ешқандай қатысы жоқ Айгужы және Угелер (мүшелер) тағайындалды. Сонымен қатар бұл адамдар би қызметін атқарды. Аса маңызды құқықтық ұйым болып табылатын мәжіліс (той) Түрік қағанатында билеушілерді таққа отырғызуға немесе құлатуға әсер ететіндей ықпалды болған. Түріктер туралы алғашқы мәлімет берген Чоу Шу атты Қытай жылнамасының 50 бөлімінде түріктердің ерте кезеңі туралы мәліметтермен бірге, кейбір аңыздар да келтіріліпті. Сол аңыздардың бірінде түріктер туралы мынадай дерек беріліпті: Ерте кезде түріктер өз көсемдерін таңдау үшін бір жерге жиналып, биіктікке секіру жарысын ұйымдастырады екен. Нәтижеде ең биікке секірген адам көсем болып тағайындалатын көрінеді. Осылайша, олардың арасындағы ең епті кісі мәжілістің қолдауына ие болады екен. Бұл – аңыз болғанымен, түріктердің қағанды таңдау және сайлау дәстүрін көрсететін маңызға ие құжат.

582 жылы қағанның ауысуына байланысты оқиғалар да мәжілістің қаған сайлаудағы ықпалын көрсетеді. Жоғарыда айтқанымыздай, Тя-по (Табо) қағанның өлімінен кейін оның тірі кезінде қағандыққа тағайындаған Тя-ло-пиен мәжіліс тарабынан қабылданбағаны үшін, Ишбара қаған болып сайланады. Демек, мәжіліс қағанды сайлау және тағайындау құқығына ие болған. Сондықтан мәжіліс қағанды сайлағаны сияқты, оны орнынан да алып тастай алған.

593 жылы басталған басқа бір оқиға мәжілістің қызметін анықтау тұрғысынан өте маңызды. Тоу-лан (До-лан) қағанның Қытай текті жұбайы Қытайдағы әулетін қырып, билікті қолына алған Сун әулетіне қарсы кейбір қытайлар және соғдылармен байланыс құрып, көптеген құпия әрекеттер жасаған. Бұны естіген Сун әулеті жағдайды қағанға жеткізді. Баста қаған араласуды қаламағанымен, Қытай елшісі түрік тойгундардың біреуіне пара беріп, қаған жұбайының

қастандық әрекеттерін анықтағаннан кейін мәжіліс мүшелері қағанды мазақ қылған. Сол себепті, қаған бүлікші қытай мен соғдыларды жазалаған.

Таққа отыру рәсімінде халықтың қағанды ақ киізге отырғызып, жоғары көтеруі оның қағандыққа тағайындалуына келісімін білдіргені болып табылды. Тойларға қатысқан тойгундар тегін, күлшор, апа, еркін, тудун, ілтебер, тархан сияқты атақтарға ие болған. Тойлар әдетте діни, ұлттық рәсімдермен басталып, мемлекеттік мәселелер шешілгеннен кейін ас берілетін еді.

 

ТҮРІК ҚАҒАНАТЫНДАҒЫ ҮКІМЕТ

 

Орхон жазбаларында көрсетілгеніндей, Түрік қағанатында «үкімет» сөзінің баламасы ретінде «айукы» сөзін қолданатын болған. Жоғарыда айтылғандай мемлекет мәселелері мемлекеттік мәжіліс «тойда» қарастырылатын еді. Бірақ жағырапиялық шарттар мен елдегі түрлі ахуалға байланысты үнемі той (мәжіліс) шақыру мүмкін емес еді. Мемлекет мәселелерін шұғыл қарастыру қажет болған жағдайда айукы (үкімет) шақырылып, барлық мәселелер осы органда шешілетін. Қытай деректерінде келтірілген мәліметтерге жүгінер болсақ, Түрік қағанатында үкімет 9 адамнан тұратын болған. Олар Орхон жазбаларында «бұйрық» деп аталады.

Үкімет мүшелерінің атақтарына және деректердегі мәліметтерге қарағанда, аталмыш тұлғалардың маңызы мен мәртебесі жоғары болған (шор, ілтебер, бұйрық-шор т.б.). Кейбір үкімет мүшелері аймақтарда қолбасшы, тудун, салық жинау сияқты қызметтерді атқарған.

үкіметті қаған әулетіне қатысы жоқ айгужылар мен үгелер басқарған. Сонымен қатар мемлекеттің орталығында таңбашы мен бітігшілер қызмет атқарған. Таңбашылар – мөрге жауап беретін хатшылар, ал бітікшілер – байланысқа жауапты қызметкерлер. Байқағанымыздай, Түрік қағанатының құрылымы бір-бірінен бөлек мемлекет басқармасы, заң шығарушы орган (той) және үкіметтен құралған. Яғни биліктің тармақтары бір-біріне тәуелді

болмай, өз алдына бөлек қызмет атқарған. Бірақ қаған (мемлекет басшысы) халық үшін ең бірінші жауапты адам болғандықтан, билікті өз қолына алған. Қаған өз көмекшілері мен орынбасарларын тағайындап, төрелерді өзгерту ұсыныстарын жасаған, мемлекеттік сотты (жарғы) басқарған. Өйткені Тәңір саяси билікті тек соған ғана берген. Басқа көне түрік мемлекеттеріндегі сияқты, Түрік қағанатында да халықты тамақтану, киіну, көбею, қорғану т.б. барлық нәрсемен қамтамасыз ету қағанның міндеті болғандықтан, бұл оның беделін көтеретін еді. Екінші жақтан, әскери сипатқа да ие болғанымен, көне түрік әкімшілік механизмі әскери диктатураға да әсте айналмаған.

Қытай деректері бойынша, Түрік қағанатының жүйесінде 28-ден астам атақ қолданылған және бұл атақтарға ие болған тұлғалар белгілі бір лауазымды қызметтер атқарған. Көне түрік жазбаларында осы атақтарға қатысты көптеген мәліметтер кездеседі. Қолдағы мәліметтер бойынша мемлекет иерархиясы төмендегідей сатыларға бөлінеді: қаған, қаған әулеті, шадапыт билері, тархандар, бұйрық билер, тоғыз-оғыз билері т.б. Ал Қытай деректерінде қаған мен хатуннан кейінгі ең жоғарғы лауазым жабғы болған, одан кейін шад, текін, тудун, еркін сияқты лауазымдар келеді. Бұл лауазымдардың әкеден балаға өтетіні туралы ешқандай да мәлімет жоқ.

 

ТҮРІК ҚАҒАНАТЫНДАҒЫ СОТ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ ЗАҢ БОЙЫНША ЖАЗА БЕРУ

 

Түрік қағанатының жоғары мемлекеттік соты «жарғы» деп аталды. Деректерге көз жүгіртсек, түріктерде заң шығарушы орган болғандығын байқауға болады. Жарғылардың басты міндеті – төре мен дәстүрлі құқықтарды жүзеге асыру еді. Түрік қағанатында әйгілі Тоныкөк сот басшысы болған.

Келтірілген деректер бойынша, Түрік қағанатының негізгі жаза үкімдері төмендегідей еді:

– Отанын сатқандар және әскерден қашқандар өлім жазасына кесіледі.

– зинақорлық жасаған жұбайларға – өлім жазасы,

– адам өлтіргендерге – өлім жазасы,

– ұрлық жасағандар мен жылқы ұрлағандарға – өлім жазасы,

– жас қызды зорлаған адам – мүліктің жаза ақысын өтеп, міндетті түрде сол қызға үйленуі тиіс,

– адамды жарақаттандырғандар жараның ауырлығына қарай, мүліктік жаза ақысын өтейді,

– жылқы мен мал ұрлағандар шығынды 10 есе көп мөлшерде өтеуге міндетті,

– басқа жеңіл бұзақылықтар 10 күн ішінде жазаландырылады.

Жазалар барлық адамдарға бірдей қолданылатын болған.

 

ТҮРІК ҚАҒАНАТЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚ

 

Түрік қағанатында құлдық жүйенің болмағандығын жоғарыда айтып өттік. Яғни түрік қоғамында барлық адамдар еркін, тең болған. Әйел қоғамда маңызды рөл атқарған. Мемлекеттік істерде әйелдің ықпалы зор болғанын 585 жылы қағанның Қытай үстемдігін қабылдауы оқиғасында және 615 жылы Йен Қытай империясын жаулап алған Ших-пи (Ши-Би) қағанның Қытайды қоршаудан босатуы кезінде анық байқауға болады. Сондай-ақ тастардағы жазбаларда Білге қағанның анасы туралы мадақ сөздердің көп кездесуі де Түрік қағанатында әйелге үлкен мән берілгендігін дәлелдейтін маңызды дерек болып табылады. Әйелдің сөз бостандығы болған. Түріктердің көңілдес болуды «опасыздық» деп қабылдағаны да біздің мәдениетіміздің тарихы тұрғысынан өте маңызды құжат. Мәселен, көне түрік жазбаларда «көңілдес» мағынасында қолданылған «күң» сөзінің қытайдың «кюен» деген сөзінен шыққаны белгілі.

Ер адам бір қызды сүйсе, туыстарының бірін оның үйіне жіберіп, құда түсетін еді. Түріктерде қайтыс болған әкесінің, ағасының немесе інісінің жұбайымен үйлену (әмеңгерлік) салты да бар болатын. Осылайша, жесір әйелдің қиыншылыққа ұшырауына жол берілмейтін еді. Басқаша айтқанда, әулеттің тұтастығы сақталатын. Түріктерде өзге тайпа өкілдерімен үйлену (экзогамия) дәстүрі де болған.

Салықтар жылқы және малмен төленетін. Арбалардың шетіне кетік етіп ойылып, есеп жүргізілетін еді. Осындай есеп түрлері көшпенді өмір салты үшін қалыпты жағдай еді. Сонымен қатар алтын ұшты оқтарға балауыз жағылып, мөр (таңба) ретінде қолданатын еді.

Жекеменшіктің болғанын ескерсек, Түрік қағанатында әрбір адамның белгілі мөлшерде жерге ие болғанын байқауға болады. Өйткені кейбір түрік тайпалары қазіргі Батыс Түркістанның шығыс аймақтарында жеміс, көкөніс өсіретін еді. Қыз балаларға да көп мән беріліп, оның әкесінен қалған мұрасы тұтастай жасау ретінде күйеуінің үйіне жіберілетін.

Түрік қағанатында соғыста шейіт болу зор бақыт деп саналатын, сондықтан олар ауырып, төсекте жатып өлуді қаламайтын еді.

Жаза туралы үкімдер нақты үкім болып табылғандықтан, кек алу әрекеттерінің алды алынатын. Көне түрік жазбалары бойынша, сәлемді бас иіп, тізе бүгіп беретін еді.

 

ТҮРІК ҚАҒАНАТЫНЫҢ ШЕТ ЕЛДЕРГЕ ДЕГЕН ҰСТАНЫМЫ

 

Бұл мәселе бойынша да жоғарыда айтып өткен Қытай деректеріне жүгінуге болады. Қытайлар Түрік қағанатымен байланыс орнату үшін, алдымен, оларды жақсы танитын соғдыларды пайдаланатын еді. Өйткені соғдылар Түрік қағанатымен тығыз байланыста болатын. Сол себептен болса керек, Чио-чян қаласынан шыққан Ан-но-пян-то елші ретінде Түрік қағанатының орталығына жіберілген (545) еді.

552 жылы мемлекет құрылғаннан кейін, батыс аймақтың басқарылуы Бұмын қаған тарабынан інісі Естеми жабғыға тапсырылды. Естеми жабғы Батыс Түркістан аймағына толығымен билік жүргізген кезде қол астындағы қалалардың халқына мейірімді болған. Ол мәселен, Шыңғысхан сияқты, жаулап алған қалалардың халқын ешқашан қырғынға ұшыратпаған. Әдетте, жергілікті хандазалардың орнына түрік басшыларды тағайындаған, кейде бұрынғы билеушілерді де орнына қалдыруға мүмкіндік берген. Тіпті, Тарду қаған қызын Самарқан хандазасына беріп, онымен туыстық байланыс құрған. Түріктер Батыс Түркістандағы түрік емес халықтарға қарсы барынша мейірімді болған. Олар кейіннен толығымен Түрік қағанатының қол астында болған Согдияның батысынан шығысына дейінгі алқапта ықпалын жүргізген. Түріктердің ықпалындағы аймақта тұрақтылық сақталған. Сондықтан болса керек, сол дәуірдегі аса ірі сауда жолдары Түрік қағанаты арқылы өтіп, алыс-беріске қолайлы жағдай жасалды.

Түрік қағанатының батыс аймағын билеген Естеми жабғы (552-576) заманында өмір сүрген көрші Сасанидтер мен Византия мемлекеттеріне жіберген елшісі соғдылық Минхан еді. Осы жағдай, түріктердің басқа ұлт өкілдеріне қаншалықты мән бергендігін, тіпті оларды елші ретінде өз мемлекетінің өкілі етіп қызметке тағайындағанын көрсетеді.

Түрік қағанатының 682 жылы тәуелсіздікке қайта қол жеткізгеннен кейінгі саясатының басты мақсаты – 630-680 жылдары Қытай тұтқынына түскен түрік тайпаларын құтқару еді. Қапаған қаған осы мәселеде көптеген жетістіктерге қол жеткізді (696-698 жылы). Бірақ тақырыптық тұрғыдан маңызды мәселе – Капаған қағанның 684 жылы түрік тайпалармен бірге алты аймақта тұрған (жазбаларда 6 чуб чоғдак) соғдыларды Қытайдан талап етуі еді. Басқаша айтқанда, түрік билеушісі бұрын қарамағында болған дос елдің Қытай тұтқыны болғанына шыдай алмаған еді. Нәтижеде, Қапаған қаған мақсатында жетіп, соғдыларды Қытайдың қыспағынан құтқарады.

Түрік қағанатының қылмыскерлерді оңай жолмен өлтірмегендіктеріне қатысты көптеген дәлелдер бар. Бұл жерде соның ішінде бірнеше мысалға тоқталып кетуге болады: 539 жылы Қытайдағы Суи әулетінің дұшпаны түрік билеушісінің Қытай текті зайыбы Чиен-чин ханшайым өз өлкесіндегі жақтастарымен жасырын ынтымақтастық құрып, соғдылармен келісімге келген. Осы жағдайды байқаған Қытайдың тыңшылары оған тосқауыл қою үшін қағанды бұл жағдайдан хабардар еткен. Император тарабынан жіберілген Қытай елшісі Тоулан қағаннан олардың жазаға тартылуын талап еткенімен, қаған әуелі бұл іске араласпаған. Содан кейін Қытай елшісі пара беру арқылы қаған әйелінің істерін әшкерелеп, жұртқа жаяды. Осы оқиғаға байланысты Тоулан қаған қытайлық зайыбын жек көріп кеткеніне қарамастан, оны өлтірмеген. Кейіннен түрік өлкесіне жіберілген қытайлық тыңшы-елші Чаң-Сун-Шең қағанның әйелін өлтірген. Сондай-ақ 621 жылы Қытайды зор шабуылдармен құлдыратқан Чуло қағанды Қытай елшісі Чең Юан-Шоу сендіре алмағандықтан, оны адамдарына у беріп өлтіртті. Өлместен бұрын Қытай елшісі тарабынан у берілгенін сезгенімен, Чуло қаған оларды өлтірмеген, зынданға тастауға бұйрық берген. Қағанның өлімінен кейін елші Қытайға кері қайтқан.

Түріктердің турашыл болғандықтары жайында деректерді сондай-ақ Қытайдың әйгілі мемлекет қайраткері Пей Чүнің императорға ұсынған есебінде көрсетілген жазбасынан да молынан кездестіруге болады. 20 жылдай Қытай императорының батыс және солтүстігіне жетекшілік жасаған осы елші Батыс және Шығыс Түркістанның барлық шағын мемлекеттері жайында ауқымды есеп дайындаған еді. Сол үшін ол мәлімет жинау мақсатында Тун-хуанда соғдылардың арасында өмір сүрген болатын. Сондықтан соғдыларды өте жақсы білетін. Түрік қағанаты үшін де бірнеше рет қастандық жоспарларын жасаған.

Қысқасы, ол екі халықты да өте жақсы білетін еді. Сол себепті оның берген есебі мен жасаған салыстыруларының түрік тарихы тұрғысынан өзіндік мәні бар. Қытайдың елшісі өз есебінде былай депті: «Түріктер негізінде турашыл, аңғал болғандықтан, оңай алданып, бөлініп кетеді. Олардың араларында соғдылар болады. Соғдылардың бәрі зәлім, жауыз әрі қу болып келеді. Түріктерге айла жасауды соғдылар үйретеді. Мен естідім: соғды көсемдерінің бірі Ших-шу-ху-ши айлакерлікпен Шихпи қағанның жанына барыпты. Өтінемін, соның өлтірілуіне себеп болайық!».

Бұл оқиға, ең алдымен, Орта Азияда мыңдаған жылдан бері жалғасып келе жатқан Қытайдың қастандық саясатының жүздеген мысалдарының бірі ғана. Бірақ уәзір түріктерді соғдылардан айырар тұста олардың шыншыл, турашыл екендіктерін баса айтқан. Нәтижеде қытайлықтар сауда жасаймыз деген жалған уәде бойынша соғдыларды түрік өлкесінен алып, Майы қаласына апарады. Сол жерде торуыл құрып, соғдылардың барлығын өлтіреді. Қол астындағы осы қауымның себепсіз нақақ түрде тұзаққа түсіп, қырылуына шыдай алмаған түрік қағаны соғдылардың кегін алу үшін Қытайға қарсы әрекетке көшті. 615 жылы Қытай қорғанын басып өтіп, Иен-мен бекінісінде императорды қоршап алды. Қытай императоры жасырын әрекеттермен осы қауіптен құтылса да, мемлекеттің әлсізденуінің алдын ала алмады. Екі жыл ішінде Қытайда үстемдік жүргізген Суи әулеті ыдырап, орнына Тан әулеті құрылды. Осы оқиғадан шығатын маңызды нәтиже – түріктердің өз ұлтынан болмаса да, қол астындағы ұлттарға жасалған шабуылға қарсы тұрып, олардың құқығын өз халқының құқығымен тең ұстауы болатын.

Түрік қағанатының одақтастарына, яғни ұлтаралық келісім-шарттарға адал болғандығының дәлелі тағы да Қытай деректерінде анық көрсетілген. Бәрінен бұрын шамамен 200 жылдық тарихында қандайда бір келісім-шартты бұзғандықтары туралы мәлімет кездеспейді. 557 жылы оңтүстіктегі Қытай мемлекетінен шыққан Чоу түріктерге үйлену арқылы одақтасу үшін ұсыныс жасаған. Түріктерұсынысты қабылдағаннан кейін 563 жылы Чийлер де елші жіберіп, үйлену арқылы одақ құрғысы келетіндіктерін білдіреді. Көп ойланбастан екінші ұсынысты қабылдамаған түріктер алдыңғы құрған одақтарын бұзбады. Бірақ бұған қарсы Чоулар түріктермен жасаған келісім-шартты бұзып, Чийлермен төлем төлеу және т.б. нәрселер туралы келіседі. Негізінде, Чоулар мен түріктер Чиилерге қарсы ортақ әрекет жасауға шешім қабылдаған болатын. Кейіннен Чоулар Чиилермен келісіп, жорықтан бас тартады. Сонымен қатар Чиилер бұдан бұрын түріктерге Чоулардың сыйлығынан да көп сыйлық ұсынғанымен, түріктер оны бұзбауды қалаған. Кейіннен, қайта сеніп қалған Мұқан 569 жылы қызын ханшайым келін ретінде Қытай астанасына жіберді.

Чоулардың түріктермен жасаған келісім-шартты бұзуына ашуланған Мұқан қағанның кері қайтуы туралы Қытай деректерінде негізсіз айыптаулар кездеседі. Десек те, осы мәселеге қатысты барлық деректер зерттелген жағдайда ғана шындыққа көз жеткізе аламыз. Түріктер туралы екі жүз жыл бойы әртүрлі мәлімет берген Қытай деректері мен басқа тарихи деректерде (Византия) де Түрік қағанатының қандай да бір келісім-шартты бұзғандығы туралы ешқандай мәлімет кездеспейді.

Түрік елшілерінің «тегин» және «тархан» деген атақтары да болған. Елшілердің мемлекет иерархиясында жоғары атағының болуы түріктердің дипломатияға және ұлтаралық байланыстарға мән бергендігін көрсетеді. Түріктердің басқа мемлекеттермен достық қатынаста болуды қалағандықтарын Орхон жазбаларынан білеміз. Мәселен, төмендегі жазба Білге қағанның ең үлкен дұшпаны Қытаймен де дос болуды қалағандығын көрсетеді: «Қытай халқымен келісіп, тату болдым, түзелдім». Сол сияқты түріктер Византия мемлекетімен де барыс-келіс орнатып, дипломатиялық қатынас жасаған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

 

Ахмет Ташағыл. Түрік қағанатындағы адами құндылықтар мен адам құқықтары. Тарих—адамзат ақыл-ойының қазынасы: Он томдық. — Астана: «Фолиант», 2006. Т. 10: Түркі халықтарының тарихи ойы. — 392 б. –Б.369-383

 

ТОНЫКӨК

Тоныкөк - өз заманының атақты аса батыр, әрі ақылды адамдарының бірі. Ол Қытай жерінде туып, оқып білім алған. Тоныкөк Елтеріс қағанның ең сенімді кеңесшісі болған.

Білге Тоныкөк, мен өзім, табғаш елінде төрбиелендім.

Түркі халқы (ол кезде) табғаштарға бағынышты еді.

Түркі халқы, ханы болмай, Табғаштардан ажырады, хандық құрды.

Хандығын тастап, Табғашқа қайта бағынды.

Тәңірі (сонда) былай деген екен:

Хан бердім, ханыңды тастап бағындың.

Бағынғаның үшін (басқаға) Тәңірі (сені) өлімші етті,

Түркі халқы қырылды, әлсіреді, жойылды.

Түрк - сір халқы жерінде тіршілік қалмады.

Ойда-қырда қалғаны жиылып жеті жүз болды.

 

Екі бөлігі атты еді.

Бір бөлігі жаяу еді.

Жеті жүз кісіні ерткен ұлығы шад еді.

- Ілесіңдер! - деді.

Ілескені мен едім - Білге Тоныкөк.

Хан сайласам не? - дедім,

Ойладым:

Семіз бұқаны, арық бұқаны, - дедім,

айыра білмес дедім,

Осылай ойладым.

Сөйтіп, тәңірі ақыл берген соң,

Өзім оны қаған еттім.

Білге Тоныкөк - бойла баға тарқанмен

(Мен, Елтеріс, қаған болайын) - деді.

Түстікте - табғашты,

Шығыста - құтанды,

Терістікте - оғұзды өте көп қырды.

 

Йоллығтегін. Күлтегін. Көне түркі жазба ескерткіші

(Көне түркі тілінен аударған М. Жолдасбеков).

A. 1986. 40-41, 44-45, 48-49, 68-70-б.

 

 

ГАРДИЗИ' ҚИМАҚТАР ТУРАЛЫ

 

…Осыдан кейін Ертіс өзеніне келеді, сол жерден қимақтар елі басталады. Өзеннің екі жағында жабайы жылқылар жайылып жүреді; кейде олардың бір жерде мыңын немесе екі мыңын көруге болады; олар жабайыланып кеткен патша жылқысынан шыққан; олар өсіп-өніп жатыр. Бұл жылқыны арқанмен болмаса ұстай алмайсың; оларды ұстап алғаннан кейін оған мініп, бас үйретеді; олар бас үйретуге көніп, адамдарға үйренісіп кетеді. Ертіс үлкен өзен, егер өзеннің бергі бетінде біреу-міреу тұра қалса, оны арғы бетінен тани алмайсың…

Өзеннің суы қарауытып жатады. Оларда аласа құрылыс жоқ; жұрттың бәрі ормандарда, сай-салаларда және далада өмір сүреді, бөрінің де сиырлары мен қой отарлары бар; оларда түйе жоқ; егер қайсыбір көпес мұнда түйе әкелсе, ол мұнда бір жыл да өмір сүрмейді: түйе осы шөпті жесе болғаны, ол өліп қалады. Оларда түз жоқ; егер әлдебіреу мұнда бір түйір түз әкелсе, оны қымбат аң терісіне айырбастап алады; олар биенің сүтін ішеді, мұны олар қымыз деп атайды; қысқа арнап олардың әрқайсысы өз шама-шарқына қарай қойдың, жылқының немесе сиырдың кептірілген етін дайындап алады. Бұл елде қар қалың түседі; далаға жауған қарға найза бойламайтын кездер болды. Қыстыгүні олар жылқыны алыстағы елге, Оқтау деген жерге айдап апарады; олардың жер астында қыс кезіне арнап ағаштан жасаған астауы бар; қар қалың түскен кезде олардың жылқысы қыс айларында осы суды ішеді, өйткені олар суатқа бара алмайды. Қимақтардың аулайтын аңдары - бұлғын мен ақ тышқан; олардың бастықтарының атағы - Бамал-Пәйгу (немесе Ямал-Пейгу).

 

Деректер мен материалдардағы Қазақстанның өткен тарихы.

A.-М., 1935, 1-том, 30-31-6. (Орыс тілінде).

← Тізімге оралу