“ҚҰПИЯ ШЕЖІРЕ” ЗАМАНЫ
(АЛТЫН ОРДА)
XIII ғасыр басында ерекше геополитикалық жағдай қалыптасты. Түркі руларының бірнеше ғасырға созылған үстемдік дәуірі аяқталды, енді олар бытырап, отырықшы қоныстарға икемделген әлсіз қауымдарға айналды. Олардың жігер-күші әлсіреп, қайраты мұқалды. Осынау шақта Ішкі Азиядан Шыңғыс қаған бастаған мұңғылдар туын желбіретіп, тарих кеңістігіне ат ойнатып шықты. 1205-ші жылға дейін Шыңғыс (Темучин) маңайындағы ірілі-ұсақты түркі-мұңғыл тілді тайпалардың бәріне бас игізді, мақсатына жету үшін көшпелі рулардың ұйымшыл одағын құрды. Оларды отырықшы елдерге қарсы ұлы соғысқа дайындады. Шыңғыс құрған мемлекеттің құрамына әр түрлі тайпалар кірге- німен (мунгыл-туркі), өзара даму деңгейі бір еді, тілі ортақ болатын, мәдени тұғыры мен әлеуметтік құрылымы Түркі Қағанаттарының мұрасын толық қабылдаған. Шыңғыс мемлекетінің кеңсесін, ханзадалардың тәрбиесін ұйғыр ұстаздары жүргізгені де сол себептен. Ұйғырлар түркі көшпелілерінің ішіндегі елеулісі еді. 1206-шы жылы құрылтай Темучинді - Шыңғыс деп жариялады. Шамасы - Шыңқұз - бейне сөзінен шыққан болар. Шежіренің айтуына қарағанда, осы жиынға үйсін Майқы би, қоңырат Сәңкеле би сияқты ел ағалары да қатысқан, он екі ұлыстың басшысы қатарында ақ кигіздің бір пұшпанын көтерген. Сол заманда Хорезм мемлекетінің қарамағында болған Сыр бойындағы қалаларды жаулап алуды Шыңғыс хан 1218-ші жылы бастады. Бас-аяғы бірнеше жылдың ішінде Әму мен Сыр арасындағы отырықшылар қонысын түгел бағындырып, мұңғыл әскері Солтүстік Индия мен Иран жеріне аяқ басты. Ал Жебе мен Сүбедей бастаған 30 мыңдық әскер Кавказды талқандап, Еділ бойында қыпшақ, алан, славян елдерін мойынұсындырып,1223 - жылы Жетісуға қайта оралды. Таяу Шығысты тұтас жаулап алу 1260-шы жылы қағанның немересі Хулагудың тұсында аяқталды. Ал енді Батыс Еуропаны жаулап алуды Бату жалғастырып,1242-ші жылы "жеті жылдық" жорықтың негізінде өзіне қаратты. Қытайды бағындыру 1207-ші жылы басталып,1259-шы жылы Құбылай ханның заманында толық іске асты. Яғни,Шыңғыстың бастаған шаруасын оның ұлдары мен немерелері аса табандылықпен жалғастырып,жарты ғасырға жетпейтін уақытта әлемнің негізгі бөлігін бір Ордаға топтастырды.
Шыңғыс қаған өзінің көзі тірісінде қол астындағы иелікті төрт ұлына бөліп берген. Үлкен ұлы Жошыға - қыпшақ даласын, Шағатайға - Жетісу мен Түркістан өңірін, Үгедейге - Шығыс Түркістаннан шығысқа қарайғы жерлерді, ал Төлеге - мұңғыл қонысын еншіге берген еді.
Жошының көзі тірісінде оның ордасы Ұлытауда болды (1227ж.),ал ол өлгеннен кейін, Шыңғыс немерелеріншақырып алып,он төрт ұлдың ішінде билікті Батуға берген еді. 1236-шы жылы осы Бату империяның әскери күштерін бастап, кеңесшілікке Сүбедей баһадүрді ертіп, батысқа аттанды.Ал енді Батыс жорығынан қайтқан соң,ордасын Еділ бойына тікті.Осының нәтижесінде мұңғыл империясының батыс бөлігі "Алтын Орда" атала бастады. Оның ішкі әкімшілік бөліктері есебінде еншілес інісі Сыбанға (Шибан) берген үлесі - "Көк Орда" - Батыс Қазақстан жері мен Еділ жұрты, Батудың өз ағасы Орда Еженге берген үлесі - "Ақ Орда" - қазақ жерінің көпшілігі. Бұл өлкені мекендеген елді "ноғайлы" деп атау сол Алтын Орда заманында қалыптасты.Шығыс деректері бурынғы дәстүрмен бұл өлкені "Дешті Қыпшақ" деп атады.
Әуел баста Шағатай ұлысы деп аталған оңтүстік-шығым өлке XIV ғ. ортасынан бастап екі иелікке бөлінді: Моғолстан жене Мауреннахр. Біріншісін - дулат, чорос сияқты көшпелілер мекендеді, ал екіншісінде - барлас, қоңырат,арғын рулары билік жүргізді. Жалпы, Шығыс заманынан бері Жетісу көшпелі тайпалардың қонысы болып, отырықшылық нышандарын азайтты, қалалардың көпшілігі құлазып, бос қалды. Әсіресе, Шағатай тұқымынан сайланған Кебек ханның тұсында (1318-1326 жж.), оның біржолата Түркістанға көшуіне байланысты, Мауреннахр отырықшылық үлгісін, ал Моғолстан көшпелілік үлгісін ұстанып қалды. Дегенмен, ғылыми әдебиеттегі көп айтылатын қалалардың қиратылуы, колонердін кулдырауы шындыққа жанаса бермейді. Алтын Орда дәуірінде империяда 300-дей қала бой көтергені белгілі, олардың көпшілігі далалық аймаққа да танымал еді. Әсіресе, көш-керуен жолдары бойында сәулетті қоныстар көп салынды. Алтын Орда заманы сауда- айырбас қатынастарының кең өрістеген кезі. Мұңғыл империясының бір шеті мен екінші шетіне көпестер, елшілер, дін уағыздаушылар емін-еркін саяхаттап жүрді. Соның бір белгісі - көптеген араб саяхатшыларының, Еуропа елшілерінің жазып қалдырған күнделік еңбектері. Алтын Ордадан бұрын да, одан кейін де бұл құбылыс кездеспейді.
XIV-XV .ғ Отырар, Сауран, Сығанақ, Жент сияқты Ақ Орда қалаларында бірқатар құрылыстар салынды. Бұл дәуірдегі ең сәулетті ескерткіш - Ахмет Яссауи кесенесі де қала салу мәдениетінің озық жемісі. Жалпы, Орта Азиялық қала мәдениетің, қолөнерді екі түрлі ортаның бір жағы - отырықшылық, екінші жағы - көшпелілік ұштасқан кезеңнің жемісі деп бағалаған дұрыс. Сонымен қатар, Түркістан өңірінің қалалары Алтын Орда дәуірінде Батыс пен Шығысты байланыстырып отырған делдалдық қызметінен айырылған жоқ. Сонымен бірге, ұлы даланы мекендеген рулардың негізгі кәсібі көшпелі мал шаруашылығы болды. Шығыс Дешті қыпшақ рулары Сыр бойында, Қаратау маңында қыстайтын, ал батыстағы көп рулардың қысқы қонысы Еділ бойы, солтүстік-шығыс Каспий жағалауы маңында болды. Кейбір рулар Жайық пен Жем бойында жаз жайлап, қыс қыстауға теңіз маңына көшті.
Алтын Орда мен Шағатай ұлыстарының мемлекеттік тіршілігі Шыңғыс ханның "Жаза-Жасақ" заңдары жинағының аясында жүрді. Алғашқы бетте бүкіл жаулап алған кеңістікті Қара қорымнан басқарған болса, кейін келе жергілікті ұлыс басшылары өз биліктерін нығайтты. Осыған байланысты жаулап алған өлкелердің дәстүрлі салт-жобасы қайта жаңғырып, қоғамдық дамуда бөлектене бастады. Мұңғыл ұлыстарында хандардан кейінгі билік қара сүйектен шыққан ру басшыларында еді, оларға өз бұйрығын орнықтыру, берік әлеуметтік негіз жасау үшін "тархан”, "қараша бек" лауазымдары берілді. Шыңғыс әулеті өзінің әлеуметтік артықшылықтарының арқасында өз билігін қанша кушейтемін десе де, көшпелі рулар өз көсемдерінің ыңғайына қарады.
Оның бір айқын айғағы - XIV .ғ соңына қарай өрістеген Едіге мен Тоқтамыс арасындағы шиеленіс. Қыпшақ даласындағы осындай келеңсіз жағдай Ақсақ Темірдің көтерілуіне жол ашты.
Алтын Орда, Шағатай дәуірі - Қазақстан мәдениетінің жарқын беттерін құрайды. Оның бөліктері - қалалық мәдениет, мемлекет құру мәдениеті, далалық эпос, жыраулар поэзиясы. Бұл дәуірді жеке-жеке улыс тарихы деп қарағаннан, тұтас мәдени феномен туғызған орта деп ұққанымыз жөн. Бұл дәуірдің аса өркендеген тұстары көшпелілер мен отырықшылардың өркениет нышандарын біріктіріп, сәнді симбиоз туғызғаны айқын. Этномәдени тұтастық көшпелі туркі-мұңғыл жұртында анық әлеуметтік құрылым идеяларын туғызды және өзінен кейінгі пайда болған мемлекеттерге негіз қызметін атқарды.
ЖАЗА-ЖАСАҚ
" I. Шыңғыс бұдан әрі айтады: Менің өсиетімді тыңдауға жылдың басы мен аяғында келген түмен, мың, жүз басы бектері еліне қайтарда әскерін басқаруға рұқсат, ал енді өз жұрттарында отырып, біздің алдымызға келмегендер - үлкен суға тускен тас, қалың қамысқа түсіп жоғалып кеткен оқ сияқты. Ондай адамдар бастық бола алмайды.
IІ. Әркім өзінің от басын дұрыс бастаса, өз иелігін де анық жолмен жетелейді; 10 адамды жақсылап басқарған, орналастырған әркімге 1000 немесе түменді сеніп тапсыруға болады.
III. Әркім өзінің ішін таза ұстаса, өз иелігінен ұрыны тыя алады.
IV. Өз ондығының қамын ойламаған әрбір бекті әйелі мен балаларымен кінәлі деп санап, оның орнына сол ондықтан басқа адамды сайлаймыз. Түмен, мың, жүз басылармен да солай жасаймыз.
V. Әркім өзінен жоғарыға барғанда, оның сұрағын тосуы керек, сонда сұраққа сәйкес жауап берсін. Бірінші сөйлесе, оны естісе жақсы, әйтпесе суық темірді суарған сияқты.
VI. Aғa бектер, әрбір жауынгер аңшылық кезіндегідей соғыста да ұран шақырып, белгілерін тақсын, аты мен атағын марапаттасын.
VII. Ел ішінде үндемес, ұғымды бұзаудай бол, ал соғыс кезінде айғаймен өз жауына ұмтылатын аш құрсақ сұңқардай бол.
VIII. Әр істе байыпты және шешімді бол.
IX. Шөлге шыдамсыз, ашқарақ адамға әскер басқаруға болмайды; жолға есеппен шығатын, әскерін аштық пен шөлден, төрт аяқтысын арықтаудан сақтайтын басшы дурыс.
Х. Әскер бектері ұлдарды садақпен атуға, атқа мінуге үйретіп, осы өнермен жаттықтырып, оларды ержүрек, батыр қылып тәрбиелеу керек.
XI. Егерде біздің рудан біреу "Жазаны" бір рет бұзса, оған ақыл айту керек, егер тағы қайталаса, ұрысқан жөн, үшінші рет бұзса, Балджиун - Құлжыр сияқты алыс жерге жіберу керек: ол жерден түзеліп келеді. Егер жөнделмесе, кісен салып, отырғыз. Оған жөнделсе жақсы, ал жөнделмесе - ру болып ақылдасып шешкен жөн.
XII . Түмен, мың, жүз басылар әр жолы өзінің әскерін дайын, тәртіпті ұстау керек, себебі, қай уақытта болмасын күн демей, түн демей атқа қонып, бұйрық пен жарлықты орындауға тура келеді ".
1. Жаза, ясса, жасақ - Шыңғыс хан (қаған) уақытында қолданылған заңдарды деректер осылай деп атайды. Оның негізгі ережелері хан тарапынан ауызша айтылып, біртіндеп қағазға түскен.
Я.И. Гурлянд. Степное законодательство с древнейших времен по XVII столетие. –Казань, 1904. - 67-68-бб.
АҒАЗЫ ДАСТАНЫ "ШЫҢҒЫСХАН" (БАСЫ)
"Сосын Шыңғыс хан уәләйаттарды бағындырғанда, бір тарабы - Бағдад, бір тарабы - Үндістан, үшінші тарабы - Дешті Қыпшақ және Еділ дария, ол бұл уәләйаттарды төрт-бес ұлына мұра қылды. Ирак уәләйатын Құлағу ханға берді, Үгедей ханға өз уәләйатын қойды, Төле ханды өз қасына ертті, Шағатай ханға Бұқара, Самарқанд және Кисар уәләйаттарын берді. Жошы хан ұлдарынан үлкен еді. Ол (Шыңғыс хан) үлкен әскер қосып Дешті Қыпшаққа жіберді, "Аттарыңа жайылым - жем болсын", - деп, Хорезм уәләйатын да берді. Сонымен, Жошы хан Қыпшақ уәләйатына аттанды, аты мәшһүр Ұлытауға жетті. Бір күн тау арасына аң аулағалы шығып еді. Бір бөлек марал-киіктер жолықты. Оны қуалап, атып (жүргенде) аттан жығылып, мойыны сынып қайтыс болды".
ЕЖЕН ХАН, САЙЫН ХАН
"Ежен хан мен Сайын хан мәшһүр тұрар. Тұралы ханның қызынан туған еді. Және он жеті ұлы өзге әйелдерінен болып еді. Бұл Ежен мен Сайын хандықты бір-біріне мұрағат қылды. Сайын хан кіші еді, ағасы Еженге айтты: "Атам орнына ағам сен, яғни әке орынында әкесің, жат жұртқа бар тұрармыз. Хан бол!"- деді. Ежен айтты: "Менің сенен жасым үлкен екені рас. Бірақ атамыз сені ерекше жақсы көріп, ерке өсіріп еді. Осы уақытқа шейін сенің еркелігіңді, бұйрығыңды, сөзіңді түгел көтердім, ал бәлки хан болсам - бұрынғыдай сенің айтқаныңнан шыға алмаймын. Тақа арамызда ұрыс-керіс болар. Сен-ақ хан бол. Сенің хандығыңа мен шыдармын, бірақ менің хандығыма сен шыдамассың", - деді. "Ол деген не сөз? Жолы үлкен (Жасақты) ағам тұрғанда қалай хан бола-мын" , - деп, (Сайын) көп жалынды. Қабыл қылмаған соң, айтты: "Болмаса, бір іс қылалық. Ұлы бабамыз Шыңғыс хан қасына баралық. Мен өз сөзімді арыз қылайын, сіз өз сөзіңізді арыз қылыңыз. Қайсысына бабамыздан жарлық болса, содан дегені болады", - деп еді, бұл сөзді мақұл көріп, қабыл қылды. Бір анадан туған екі ұл, өзге аналардан туған он жеті - баршасы қосылып Ұлы ханға көрініске барды. Бұлар ханның қызметіне жеткенде, хан бұларға орда тікті.
Алтын босағалы ак орданы Сайын ханға салды, күміс босағалы көк орданы Еженге салды, болат босағалы боз орданы Шәйбанға салды. Бәсе, үш жерде Шәйбан оғландары Тоқтамыш хан, Темір Құтлық және Орыс хан оғландарынан кеуде көтеріп, мақтаныш қылар еді: "Біз сіздерден артық тұрамыз", - деп. Оның бірі - орда туралы. Айтар еді: "Атамыз Жошы хан өлгенде, ұлы бабамыз Шыңғыс ханның қасына аталарымыз барған еді, Ежен мен Сайыннан соң біздің атамыз Шәйбан ханға орда салды. Сіздің аталарыңызга телеген (жабық арба) де салмады" , - дер еді.
Тағы екіншіден: Өзбек хан қаһар қылып, өзінің барша оғландарына оларды елдерімен бірге Қыйат Исатайға үлеске қосып қылып берсе, ол таға да бізге ізет және құрмет көрсетіп: "Қылыш шапқан, жұрт алған Ер-Шәйбан ұлдары, бұлар", - деп екі бөлек елді бізге берді: бірі қарлық, бірі бүйрек аталар. Ол екі елді алып Сайын хан анықтаған жұртымызда өз хәлімізше тұрдық.
"Біз ол Жыр Құтлының кесенесіне тас кірпіш қойғанда және таңы Теңіз Бұқаның есігінде қор болып, тізе бүккендердің ішінде біз жоқ болатын едік" , - деп айтар.
Солай болған, Бердібек ханның кезінде Сайын хан ұлдары құрыды (тәмәм болды) деп, Жәнібек ханның анасы Тай Дуалы бегім: "Енді жұрт пен хандық Шәйбан хан ұлдарына тиер",- деп, Маңғытайұлы Хызыр ханды шақырып, Сарай Уәлайатына хан қылды. Сайын ұлдарынан соң ол хан тағында хандық бізге тигендер - төрелер. Бұл бір сөз тақырыптың ыңғайында айтылды. Енді келдік сөздің басына:
Сонымен, Шыңғыс хан оғландарына орда салып, ақшамда сүйсін-қоналқыға есеп жасады, таңында көрініс берді. Он екі қатар түзілді, бектері барлығы отырды тізе бүгіп, ас тамақ ішілгеннен соң, Сайын хан қайтып жүгінді, тағы айтты: "Атамыз өлді, енді орнына әмәндә атам сен, жат жұртқа бара тұрармыз", - деп, "хан болыңыз" ",- дедім. Қабыл алмады. Не себеппен қабыл алмағанын білмеймін. "Бұл арызымызды сізге айтайын деп келдім" , - деді. Хан айтты: "Сайын жосықты сөз айтып тұр. Не үшін қабыл қылмадың?" - деді (Еженге). Ежен де жүгініп айтты: "Дұрыс ханым! Жасы үлкен екенім рас. Бірақ біздің атамыз оны ерекше сүйіп, ерке өсіріп еді. Бұл уақытқа дейін мен оның айтқанынан шықпаған едім. Ол менің айтқанымда емес еді. Хан болсам, бұрынғыдай оның айтқанынан шыға алмаймын, арамызда кінә, әдепсіздік болар. Сіздің көзіңізге жаман көрінермін деп , бұл ұсынысын қабыл алмадым” деп еді, ханның бұл сөздерге көңілі бұзылып, ұлы Жошы жадына түсіп, көздерінен жасы ағып, екеуіне тағы көп дуа-бата қылды. Тағы айтты: “Таңда бектермен кеңесіп, сіздерге жауабын беремін”, деді. Таңында бектерімен кеңесіп, хан жасағына сай Еділ дариясы бойындағы уәләйаттарды оң қол қылып, Сайын ханға берді, сол қол- Сырдария бойындағы уәләйаттарды Ежен ханға берді.”
1. Сайын хан- Бату хан.
2. Қыйат Исатай- Өзбек хан тұсындағы ірі қараша бек. Өзбек еліне қарсылық жасаған төрелерді соның қарамағына жіберіп отырған.
3. Ақ Орда ,Көк Орда атаулары Шыңғыс ханның Жошыдан туған немерелеріне арнап тігілген үйлердің түсінен шығуы әбден мүмкін.
4. ”Шыңғыснама” - XVI ғ. ортасында Сыр бойында түрік (шағатай) тілінде жазылған шығарма.
Утемиш Хаджи. Чингис наме. - Алматы, 1992. -91-93-бб.
ИМПЕРАТОР МЕН ОНЫҢ КНЯЗДАРЫНЫҢ БИЛІГІ
“Оның үстіне, княздар мен басқа атақты және атақсыз адамдар олардан (елшілерден) көп сыйлық сұрайды, оны алмаса, елшілерді төмен бағалайды, ешкімге де санамай қояды. Ал егер елшілер ұлы адамдаи тарапынан келсе, олардан қарапайым сыйлықты алмайды, “Сіз ұлы адамнан келдіңіз, ал сондай аз бересіз”, дейді. Сол себепті, егер елшілер өз шаруаларын жақсы бітіргісі келсе, көбірек берулері керек. Сондықтан бізге де қажет болғанда, қайырымды адамдардың жолға деп берген заттарының үлкен бөлігін сыйлыққа таратуға тура келеді. Тағы бір ескертетін нәрсе, барлығы императордың қол астында тұрғаны сондай, ешкімге де “бұл менікі немесе сенікі” деп айтуға батылы бармайды, барлығы да императордыкі, яғни дүние-мүлік, көлік және адамдар; осыған байланысты жақында императордың жарлығы шықты.
Көсемдердің билігі де осындай, татарлар мен басқалар көсемдердің арасында бөлінген. Көсемдердін елшілеріне , императорлардікіндей, барлығы да көлік пен тамақты беріп, ешқандай қарсылықсыз жылқыны күзететін, елшіге қызмет істейтін адамдарды бөлу керек.
Көсемдер және басқалар императорға бірнеше жылқы, қанша десе де, сүтін саууга биелерін беру керек, көсемнін бодандары да өз бастықтарына осындай сый көрсетеді, сонымен, бұл елде еркін өмір сүретін адам жоқ. Қысқаша айтсақ, император мен көсемдер олардың дүние-мүлкінен не алам десе де,қанша алам десе де қуқы бар. Сол сияқты, олардың жеке бастарына да щалай ыңғайлы болса, солай иелік етеді. Жоғарыда айтылғандай, император өлген соң, көсемдер жиналып императорлыққа ханның ұлы - Үгедей- ді сайлады. Ол бектердін (князьдар) жиналысын жасап, немере туысы Батуга әскер бөліп берді. Оны Ұлы Сұлтан- ның жеріне, Бессермендердіғ жеріне өарсы жіберді, олар сарацин (мұсылман) болғанымен, тілі Құманша еді. Ол сол жерге келіп соғысып, өзіне бағындырды. Ал Бархим деген бір қала коп қарсылық көрсеткен-ді, қаланы айнала ор қазып, үстін жауып қойды; қалага шабуыл жасағандар сол орға кұлады. Сол себепті орды толтырғанға дейін қала- ны ала алган жоқ. Ал Ианкинт деген қаланың халкы бұл хабарды естіген соң, өз еріктерімен оларга берілді, сол себептен қала қиратылмай аман қалды. Бірак олар көп адам- ды өлтірді, жер аударды, қалага басқа адамдарды әкелді. Олар Орнас деп аталатын щалага да шабуыл жасады. Бұл адамы көп қала еді - хазар, рус, аландар және басқалар, көп христиан, оған қосымша сарациндер болды. Қаланың билігі сарациндер қолында еді. Қалада байлық мол еді, себебі ол Ианкинт қаласы орналасқан Бессермен еліне қарай ағып, теңізге кұятын өзеннің бойында орналасқан. Басқа сарациндердың онда үлкен базары бар, су арқылы жүретін саудаға ыңғайлы қала еді. Қаланы ала алмаған соң Өзенді ортасынан қазып, сонымен қаланын адамы, мал, дүние-мүлкін тұншықтырып бағындырды.
Осыны жасаған соң олар Түріктердің жеріне енді, олар- дың өзі нағыз можусилер, оларды жеңіп, Руске шықты да, Рус жерінде ұлы Қырғын жасады, қалаларын бекіністерін қиратты, Киевті қоршады, адамдарын өлтірді, Ресейдің
астанасы болған. Біз олардың жерімен өткенде өлген адамдардың шашылып жатқан көп сүйектерін көрдік, қаланың өзі үлкен, адамы мол еді, қазір бар болғаны екі жүз үй, олардың өзі ауыр құлдықта. Рус пен Құманнан шығып татар көсемдері венгр мен поляктармен айқасты…”
1. 1235-ші жылы құрылтайдың шешімімен ииперия жерінде хабар, қызметкерлер қозғалысын қамтитын қызмет пайда болды. Пошта станцияларын “ям” - “жом” деп атайды. Әрбірінде дайын ат, тамаққа мал тұруы керек.
2. Ұлы Сұлтан- Хорезмдік Мұхамет Текеш болса керек.
3. Бессермен - Еділ қыпшақтары болса керек.
4. Құман- ол да қыпшақ атауының бірі (Еуропалықтар қолданған)
5. Бархим- Баршынкент қаласы, Сырдың бойында.
6. Ианкент- Янгикент, Жанкент- Сырдың төменгі ағысындағы ірі қала.
7. Орнас- Үргеніш (Хорезм елінің астанасы)
8. Хазар- Еділ бойында (VII ғ. қағанат құрған түркі руы, діні-иудей).
9. Алан- осетиндердің бабалары. Иран тілдес көшпелі ру, Шығу тегі сарматтармен тығыз байланысты.
10. Сарацин- Еуропалықтар Батыс Азиялықтарды, мұсылмандарды осылай деп атайды. Текстте хорезмдік елдер туралы айтылса керек.
11. Түрік- бұл жерде Еділ бойындағы торк(түрік) руы туралы айтылды деп жорамалдауға болады.
12. Киев қаласын мұңғылдар 1240-шы ж. бағындырды. Әскерді бастаған- Бату.
13. Татар- Алтын Орданың негізгі халқын, түрік-қыпшақтарды Еуропада осылай атаған.
14. Шығарма 1245-1247-ші жж. саяхаттың нәтижесінде жазылған.
Джиовани дель Плано Карпини. История монголов. Путешествия в восточные страны. - Алматы, 1993. -40-42-бб.
ТАТАРЛАРДЫҢ ҮЙ-ЖАЙЛАРЫ ТУРАЛЫ
“Олардың еш жерде тұрақты қоныстары жоқ, болашақта қайдан табатынын және білмейді. Олар Дунайдан бастап, күннің шығысына дейінгі алқапқа жайылған Скифияны өзара бөліп алған. Әр бек өзінің қол астындағы елдің санына орай өз жайылымдарының шекарасын, сонымен қатар, өз малдарын қыста, жазда, көктем мен күзде қайда бағарын біледі. Қыста олар оңтүстікке, жылылау жаққа түсіп, жазда солтүстікке, салқын жаққа көтеріледі. Суы жоқ, бірақ жайылымы жақсы жерлерде табындарын қыста бағады, себебі қар судың орнында қолданылады. Өздерінің ұйықтайтын үйлері талдан тоқылған, дөңгелекті арбаның үстіне қояды; жоғары қарай талдар шаңырақ болып, одан әрі пештің тұрбасындай көтеріліп тұрады; оны ақ киізбен жауып, көбінесе ақ балшықпен, ақ топырақпен және сүйектің ұнтағымен жарқыратып сылайды, кейде қара балшықты да пайдаланады. Жоғарғы мойындағы осы кигізді өте әдемі оюмен, суретпен көркемдейді. Кіре беріске әр түрлі матамен әдептелген кигізді іледі. Түрлі-түсті кигіздермен құрап жүзім сабағын, құстар мен аңдарды бейнелейді.
Олар осындай үйді кең жасайтыны сондай, кейде ені 30 футқа жетеді. Бірде күйменің екі доңғалағының арасын өлшеп едім- 20 фут болды, ал үстіндегі үй екі жағынан 5 футтан шығып тұрды. Осындай күймені 22 өгіз тартатынын санадым, екі қатар жегілген (11х11). Күйменің кіндігі (осі) корабльдің мачтасындай, айдаушы үйдің алдында, күйменің үстінде тұрды.
Оның үстіне талдан тоқып, үлкен сандық сияқты төрт бұрышты үйшік жасайды талдан, бұл жәшіктің үстін қара кигізбен жабады, жауын өтпейді, кіре берісі бар, бұл жәшікті де әр түрлі материалдармен көркемдейді. Мұндай сандықтарға олар ыдыс-аяғы мен қазынасын салып, үлкен күймеге мықтылап тіркейді. Үйді түсірген жерлерінде есігін оңтүстікке қаратады, күймелер мен сандықтарды екі қатар қояды, екі ірге сияқты. Әйелдер өз күймелерін өте әдемілейді, оны тілмен жеткізу мүмкін емес, егер суретші болсам, суретін салар едім. Бір бай Мұңғыл немесе Татар осындай күйме мен сандықтардың 100,200-іне ие болады; Батудың да, орданың артында тұратын бір-бір үлкен үйден ьар; кіші үйлер бөлме сияқты, жастар тұратын, әр үлкен үйге 200-дей күйме жақын орналасады. Тоқтаған уақыттарында бәйбіше өз ауласын батыстан сайлайдя, одан кейін тәртіп бойынша шығысқа қарай орналасады, арасы тас лақтырым. Соныменен, бай мұңғылдың ауылы үлкен қаладан кем емес, тек онда еркектер аз. Әлсіз деген әйел 20-30 күймені бір-біріне тіркестіріп басқара береді. Өткелден бір-бірлеп өткізеді. Жүріс ақырындығы сондай, қозы немесе өгіз аяңына ұқсас. Жерлері тегіс".
ҚҰДАЙЛАРЫ МЕН САЛТ-ДӘСТҮРІ ТУРАЛЫ
"Есігін оңтүстікке қаратып, үйлерін орнатқанда - үй иесінің төсегі солтүстік жағында, ал әйелдің орыны - шығыс жағында, яғни үй иесінен солға қарай, егер өз төсегінде, жүзін күнгейге бұрып отырса. Ерлер жағы батыс, яғни оң жақ. Еркек үйге кіргенде, ешқандай жағдайда қорамсағын әйел жағына ілуіне болмайды. Отбасының бас жағында кигізден жасалған қуыршақ немесе мүсін тұрады, оны от басының ағасы дейді; осыған ұқсас мүсін бәйбішенің бас жағында да тұрады, оны бәйбішенің ағасы дейді; бұл кейіптер іргеге бекітілген, ал олардан жоғары, арасында кішкене, жұқа мүсін тұрады, ол, былайша айтқанда үй күзетшісі. Бәйбішенің оң жақ бүйірінде, төсектің аяғында, жоғары ішіне жүн тығылған ешкі тұлыбы ілулі, оның жанында әйелдер мен күңдерге қараған кіші мүсін бар. Кіре берісте, әйелдер жағында сиыр желіні суретпен бейнеленген, сиыр сауатын әйелдер үшін. Кіре берісте қарсы жақта, еркек жағында бие желінінің мүсіні тұр, еркектер үшін, бие сауатын. Қай уақытта қымыз ішуге жиналса да, алдымен отағасының бас жағында тұрған, одан кейін бәйбішенің басындағы, одан кейін тәртіп бойынша басқа мүсіндерге шашып барып қана отырады. Осыдан кейін, қызметкер қымыз құйылған кесемен далаға шығып, тізесін бүгіп, оңтүстікке үш рет шашады - отқа тағзым еткені, шығысқа бетін бұрып қайталайды, ауаға құрметінің белгісі, осыдан кейін батысқа қарайды, құрметін көрсету үшін, ал солтүстікке аруақтарға шашады. Отағасы қолына тостаған алғанда, ішпес бұрын бір бөлігін жерге шашады, егер аттың үстінде отырып ішсе, ішер алдында мойынына не жалына тамызады. Соныменен, қызметкері әлемнің төрт бұрышына тамызық қылып, құрмет көрсеткен соң, үйге қайтып келеді, ал екі қызметкер тостағанмен, сол шамада, тағаммен дайын тұрады, қымызды өз орындарында отырған бай мен бәйбішесіне ұсыну үшін".
ІШІМДІКТЕРІ ТУРАЛЫ
"Қысты күні күріштен, тарыдан, сұлыдан және балдан таза, шарап сияқты тамаша ішімдік жасайды, ал шарапты алыс елдерден жеткізеді. Жазды күні олардың қам қылатыны тек қана қымыз. Қымыз қашанда үйге кіре берісте тұрады, оның жанында кішкене музыка аспабы (гитара, негізінде домбыра болуға тиіс) бар өнерпаз тұрады. Мен ол жерде гитара мен виелла көргем жоқ, бірақ бізде жоқ көп аспапты көрдім. Үй иесі іше бастағанда, кызметкердің бірі қатты дауыспен "ага" деп айғайлап, ал өнерпаз болса, домбыраны бір тартып жібереді, үлкен мереке болса, бәрі алақандарын ұрып, музыка дауысымен билейді, еркектері байдың, әйелдері бәйбішенің алдында".
Гильом де Рубрук. Путешествие в восточные страны. – Алматы, 1993. - 79-82-бб.
ҰЛЫ ЖИҺАНГЕРДІҢ КҮНДЕЛІГІНЕН
(ХІІІ ғасыр)
"Шыңғыс ханнан кейін Күйік хан биледі, үшінші хан - Бату хан, төртінші хан - Алтын хан, бесінші - Мөңке хан, алтыншы - Құбылай хан - ең үлкен, ең күштісі бәрінен; осы бесеуінің басы қосылса күші Құбылайға жетпейді; оны айтасыз, христиан, мұсылман патшаларының бәрін түгел алсақ, Құбылайға қарсы күші жоқ, оның жасағанын жасай алмайды. Осының бәрін, біздің кітапта, толық баяндаймын.
Шыңғыс ханның тұқымынан шыққан барлық ұлы патшаларды үлкен тау Алтайда жерлейді, татардын патшасы қай жерде өлмесін, тіпті таудан жүз күндік жерде болса да, жерлеуге алып келеді. Ең бір таңғажайыбы - ұлы хандардың денесін тауға әкеле жатқанда қырық күншілік жерден кездескеннің бәрін "о дүниеде біздің патшамызға қызмет ет" деп мүрдені әкеле жатқандар қылышпен өлтіреді. Өлген адам о дүниеге барғанда, олардың патшаларына қызмет істейтініне шын сенеді. Аттармен де соны істейді. Билеуші өлгенде "о дүниеде қол астында болсын" деп, оның ең жақсы аттарын өлтіреді. Біліп қойыңыздар, Мөңке хан өлгенде мүрде жолында кездескен 20 мың адам өлтірілді. Татарлардан бастадым, тағы да бір әңгіме айтайын.
Қыста татарлар жылы, малға жайылымдык шөбі бар далада, ал жазда суы мен тоғайы бар қойнауларда өмір сүреді. Үйлері ағаштан жасалған, арқанмен тартылған, дөңгелек, өздерімен бірге алып жүреді, көшіп-қонуға жеңіл, шыбықтармен жақсы бекітілген, үйді орналастырғанда, есігі оңтүстікке қарайды. Күймелері қара кигізбен жабылған, күні бойы жауын жауса да су өтпейтіндей жақсы, оған түйе мен өгіздерді жегеді, бала-шағасы соның ішінде. Әйелдері, мен сізге айтайын, еркегіне керектің бәрін өздері сатып алады, сатады да, үй шаруасына берік. Күйеулері еш нәрсеге алаң болмай, соғысып немесе сұңқарларымен аң мен құсқа саятшылыққа шығып жүреді.
Ет жеп, сүт ішіп, аңнан олжасын ас қылады; суырды жейді, олар барлық жерде, жазықта көп. Жылқы етін азық қылып, бие сүтін ішеді. Әр түрлі етті жей береді. Өзгенің әйелімен ойнап-күлмейді, жат қылық санайды. Әйелдеріне сенімді, үй шаруашылығымен жақсы айналысады. Үйленгендері былай: әркім қанша әйел аламын десе, тіпті жүз болса да, ерікті, тек оларды асырай алсаң болды...
Ал діндері мынадай: олардың құдайлары бар, "Найзағай" деп атайды. "Жер бетінің құдайы" деп атайды, ол ұлдарын, малдарын, азықтарын сақтайды. Қатты құрметпен, оған көп сиынады, ол әркімнің үйінде. Кигіз бен матадан жасап және үйлерінде ұстайды, оған әйелі мен баласын жасап қояды. Әйелін жанына, ұлдарын алдына қояды, оларға да сиынады. Ас ішерде бір кесек маймен құдайдың, оның әйелі мен ұлының ауыздарына жағып, ал сорпасын табалдырықтан әрі төгеді, соны істегеннен кейін құдай өз жақындарымен ас ішті деп, өздері тамақтана бастайды.
Олар, біліп қойыңыз, бие сүтін ішеді, ақ шараптың өзіндей, өте дәмді, қымыз аталады.
Киімдері мынадай: байлары алтын оқалы, жібектен киінеді, құс қауырсынымен әдемілейді, түлкі, құндыз, жаннат терілерін пайдаланады. Ат әбзелі және қымбат. Қару-жарағы садак, қылыш, шоқпар, әсіресе садақты көп қолданады, себебі айлалы атқыштар; арқаларын өгіз немесе басқа теріден жасалған, өте қатты сауыт қорғап құрады. Соғыста өте ержүрек, майталман.
Өзгелерден гөрі кезбе, себебі татар шаруасы болса, тұтас бір айға еш азықсыз кетіп қалады; қолына түскен аң мен бие сүтін қорек қылады, аты табылған шөпті жей береді, не шалам, не арпа алып жүрудің қажеті жоқ. Билеушісінің айтқанынан шықпайды, керек болса, түні бойы бесқаруымен ат үстінде өткізеді, аты қашандағыдай жайыла береді. Қиындық пен жоқтыққа басқа халықтардан гөрі шыдамды, шығыны аз, басқа жұрттар мен патшалықтарды бағындыруға өте бейімді ел.
Мынадай тәртіптері бар: татар патшасы жорыққа аттанып бара жатып, өзімен жүз мың атты әскерді ертеді де, оларды былай орналастырады: он адамға бір басшы, жүз адамға біреуін, мың адамға да солай, ал кейде - жүз мыңға да, өзі он-ақ адамды біледі, түмен басы он адаммен байланысады, мың адамның үстінен қойылған ол да он адаммен, жүз үстіндегі ол да ондықпен. Сіз естігендегідей, әркім өз бастығына ғана жауап береді... Жүз мың, білсеңіз, туғ, он мың - түмен, мың, жүз, ондық аталады.
Әскер бір іспен тау немесе жазықпен жортқанда екі күн бұрын жан-жағына, төрт қабырғасына, екі жүзден барлаушы адам жұмсайды, біреулер кездейсоқ шабуылдамасын дегендіктен. Алыс жолға шыққанда соғысқа, екі сүйретпе сүт алады ішуге, ет пісіретін қыш бақырды алып жүреді. Оған қосымша жаңбыр жауса деп, қос алып жүреді. Қажет күн туса, он күн бойы ассыз, от жақпай шабады, аттарының тамырын тесіп, ол кезде қанын ішеді. Олардың қамыр сияқты, қою созылмалы кұрғақ сүттері де бар, суға салып, әбден езілгенге дейін араластырады, содан кейін ішеді.
Книга Марко Поло. - Алма-Ата, 1990. - 80-82-бб.
ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ НАЙМАН
ЕЛІМЕН СОҒЫСЫ
"Найман Тиаң оң құт бегі Алақұш тегіне кісі салып "Шыңғыс хан өзінің тілін алмағандарды өлтірді, жамандарын өзіне бағындырды. Керейіт жұртымыздың бір үлкен елі еді, оның ханын да, жақсыларын да қырды, жамандарын өзіне тәуелді етті, басқа да ұсақ елдер қорыққаннан барып, өздері бағынып жатыр. Бұрынғы жақсылар: "Он дәруіш бір алашаның үстіне сияр, екі патша жер жүзіне сыймас",- деуші еді. "Ендігі кезек не сенікі, не менікі. Ол үстімізге аттанбас бұрын екеуміз бірігіп, Шыңғыспен соғысалық",- деді. Алақұш тегін бұл сөзді естіген соң, бір жақсы кісісін жұмсап, Тиаң ханнан естігенін Шыңғыс ханға жеткізді. Шыңғыс хан бұл сөзді естіген соң, бектерін жинап ақылдасты. Бектердің бәрі: "Қазір атымыз болдырған және арық, атымыз оңалған соң найман үстіне жүрейік",- деді. Шыңғыс ханның әкесінің інісі Дәрітай ечеке айтты: "Аттарыңыздың шаршағанын дәлел етпеңіздер, бүгінгі істі ертеңге қалдырғанның ісі бітпес, сіздердің аттарыңыз арық болса, менің елімнің аттары семіз, менің аттарымды мініңіздер", - деді. Хижранын 600-ші, яғни тышқан жылы аттанып, Тиаң хан үстіне жүрді. Шоша ноянды шолғыншы етіп жіберген еді, ол бір тіл алып, Шыңғысқа жіберді. Оның хабары бойынша, Тиаң хан Алтай суының жағасында отыр, найман әскерінен басқа меркіт, ойрат және жойрат әскерлері бір жерге жиналып, Шыңғыс хан үстіне жүрмек екен. Тиаң хан да Шыңғыстың аттанғанын естіп, екеуі қарсы ұшырасты. Шыңғыс хан соғысуға әскерін дайындап, оң колына інісі Жошы Қасарды, сол қолына үлкен ұлы Жошы ханды қойып, өзі орталық әскерді басқарды. Ертеден күн батқанша, қатты соғыс болды. Тиаң хан ауыр жаралы болып, найман әскері қашты. Тиаң ханды таудың басына алып шығып, одан ақыл сұрап еді, ол жауап бере алмады. Ханнан үміт үзген сон, найман бектері өзара ақылдасып: "Төремізден, елімізден айрылып, жат қолға түскенше, өлгеніміз артық", - деп таудан түсіп, тағы соғысты. Найман қолы аз қалғанда Шыңғыс хан: "Сіздердің ерлігіңіз сыйлауға тұрады, мен кек алмаймын, қандарыңызды кештім. Найза-қаруларыңызды тастап, маған келіңіздер!" - деп, бес-алты рет айғайлады. Қабыл қылмай, бірі қалғанша соғысты, бәрі де өлді. Мұны көріп, Тиаң ханның қасындағы кісілер ханды атқа өңгеріп қашты, жол бойында хан жан тапсырды. Тиаң ханның ұлы Күшлік соғыстан аман шығып, әкесінің үлкен ағасы Бұйрық хан қасына барды.
Шыңғыс хан кейін Ертіс бойында отырған Бұйрық ханның елін шауып, өзін өлтірді. Күшлік құтылып кетіп, Түркістанға қара қытай гөрханына барды. Мұнғылдар оны ол жерден де қуды. Ақыры Бадахшанға кетті, қолбасшы Шоша ноян найман билеушісін ол жерде іздеп тауып, өлтірді".
Кононов А.Н. Родословная туркмен: сочинение Абу-л-Гази хана хивинского.
Москва-Ленниград. Издательство АН СССР, 1958. 285 с.
ШЫҢҒЫС ТУРАЛЫ ЕСКІ СӨЗ
"Біздің қазақтың ескі сөзінше: бұл Шыңғыс тауының Шыңғыс атанғаны, баяғыда Шыңғыс хан мұңғол, татарды алып, үлкен хан болғанда, осы Шыңғыс тауында, қол астындағы елдердің топ басы бектері келіп, мына Қарауыл өзенінің күншығыс жағындағы Хан биігінің басына, ақ кигізге салып, хан көтеріп, Шыңғысты алып шыққан. Сонда Ұлы жүздің қазағынан үйсін Майқы би барған екен. "Түгел сөздің түбі бір, түп атасы - Майқы би", - деп, мақал болған осы кісі. Және Орта жүзден Қоңырат Сәңкеле би барған. Сонда Шыңғыс хан бектеріне ұран, құс, ағаш, таңба беріпті. Ұлы жүз Майқы биге: "Таңбаң - сүргі, яғни малатемір болсын, құсың - бүркіт болсын, ағашың - қара ағаш болсын, ұраның - Салауат болсын!" - депті. Орта жүз Сәңкеле биге: "Ұраның - Қоңырат, құсың – сұңқар, ағашың - алма, таңбаң - ай болсын!" - депті.
Шыңғыс ханның шын аты - Темучин еді. Сол үлкен хан болғанда Шыңғыс қойды: мағынасы - бек мықты, зор деген сөз. Бұл таудың аты Шыңғыс атанғаны сол. Ана биіктің Хан биігі атанып, осы біз қыстап отырған өзеннің Хан өзені атанғаны - бәрі де сол Шыңғыс хан атыменен. Әбілғазы хан сөзінше, бұл таудың бұрынғы аты - Найман кере болса керек".
1. Мұңғылдың өз шежірелері Шыңғыс хан Орхон-Керулен маңында хан көтерілгенін айтады.
2. Найман кере - Әбілғазы "Найман кіре" дейді, егер парсы сөзі болса - "кућ" делінер еді. Бұл оқиға Әбілғазы бойынша хижраның 599-шы жылы болған, яғни жаңа жыл санауымен 1202-ші - доңыз жылы делінеді. "Шыңғыс" деп ат қойған Көкше деген бақсы, "тәңірінің беті - тіл тіңірі" деп атайды екен.
Шәкәрім Кудайбердіулы. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Орынбор, 1911. - 46-47 бб.
"ӘЛҚИССА, ТОҚТАМЫШ ОҒЛАН
ҚАЗАҚЫЛАП ЖҮРІП, ОРЫС ХАННЫҢ
ЕЛІНЕН ЖЫЛҚЫ ҚУЫП, ЕЛІН ШАБАР ЕДІ"
"Шырын, барын, арғұн, қыпшақ - Тоқтамыш оғланның ата-аналарының байырғы елдері еді. Бұл оғлан мәзкүр қазақылап жүріп, тарихи істер қыла бастады. Бұл елдердің дәу білекті жігіттері барып, оған нүкер болып, медет бере бастады. Орыс хан енді бұл елдерге бірсыпыра жапа қыла бастады. Бұлар енді Тоқтамыш оғланға кісі жіберіп: "Сенің себебіңнен хан бізге азап қылып, малымызды алып тұр. Басымызға және төнген қатер бар. Бір тірлік қылып біздің пікірімізді қолдамасаң, қиямет күні сенің жағаңда біздің қолымыз тұрар". – деді. Оғлан бұл сөзді естіп, көңілі сарсаң болып, келген кісіге айтты: "Бұл жылы жайлауға шығармыз, елдің соңын ала көшсін. Пәлен судың бойында жайлаңыз, тағы жарағыңызды қылып тұрыңыз. Енші алла, өлмесем, өзім де жетіп көремін сіздерге", - деді. Жаз да болды. Хан жайлауға көшті. Бұл ел де басқа елдің соңында көшті. Жайлауға да жетті, әрбір судың бойына кетті. Бұл елдер болжам қылған судың бойына келіп жайлады. Халайықтар қымыз ішіп, ойын-қызыққа батты.
Бұл кезде Тоқтамыш оғлан бұл елдің ішіне кіріп келді (жасырын). Алдын-ала келіскендей, барлығы жарақтарын дайын қылып еді. Әр отбасы бір тіләгәнға (күйме) екі ат жегіп, ұлы-қызын мінгізіп, Еділ дариясының тарапына қашты.
Екі күннен соң ханға хабар келді. Тоқтамыш оғлан келіп, шырын, барын, арғұн, қыпшақ, тағы әр елден алып, Еділ дарияға ауысты деп. Хан қасындағы кісілермен жақын тараптарға кісі шаптырып, өзі бұл елдердің соңынан қуғын салды. Ханның елдері жайлауға тарқап еді. Аты семірген, майлы еді. Хан қатты жылжыды. Жырақтағы елдерінің шерігі ханға жете алмады, жақындағы елдерінің және аттары семіздігінен (жүре алмай) қалды. Бұларға жақын жеткен кезде ханның жанында кісі аз қалды, екі жүз кісі, көп болса үш жүз кісі болған еді. Күн батып бара жатқанда, қашқан елдің қарауылы ханның шаңын көріп келді. Бұлар кеңес қылды: бұлардың аттарының мойыны қатып келіп тұр. Аз- көп демес, қашан жетсе, бізге тисер. Біз бәрібір өлім кісісі. От басының үстінде өлерміз, не тұқымымыз құрымасын, атқа мінуге жарар ұлдар мен Жәлел-ад-Дін сұлтанды, тағы Жақсы қожаны сайлап шығарып, екі жол білер кісі оларды дайын қылсын. Үн естілер шақ жерде әскердің жанында алып жүрсін. Егер жауды біз бассақ, сүренімізді біліп, біздің артымыздан келгей. Егер жау бізді басса, сүренінен мәлім болып тұрар, тұрмай, қаша көрсін", - деп ынтымақ қылды.
Жәлел-ад-Дінді басшы қылып, Жақсы Қожаны, ол - Үрік Темірдін үлкен үлы еді, және бірнеше атқа берік оғландарды сайлап шығарды. Жәлел-ад-Дін сол кезде он екі жасында еді. Жақсы Қожа ол да сол қатарлы еді. Олар бұл кеште әскердің жанында, үн естілер жерде бара жатыр еді. Түннің бір бәсі өткенде, хан бұлардың соңынан қуып жетті. Көштерін алдына салып, соңынан жасанып барады екен. Хан айтты: "Бұл кісілер бізден көп болып тұр. Нақақ таң атып, біздің аздығымызды көрсе, жаман болар. Түнде шауып, ұран салып тиелік, азды-көптігімізді білмес, қашар" - деді. Тағы сүрен салып тиді. Бір толғасып шықты. Үрік Темірдің аты жығылды, жаяу қалды. Айғай салды: "Әй, нәмәрт (мәрттігі жоқ) Тоқтамыш! Сөзіміз анадағы осы ма еді? Қайтып толғанса, мен қалдым!" - дер еді.
Осы кезде оғландар ат басын тартып, бір жерде тұрып құлақ салар еді. Жақсы қожа атасының үнін таныды дағы Жәлел-ад-Дін сұлтанға айтты: "Көрдің бе? Ол менің атам дүр, оны түсірді (ұстады). Одан кейін сенің атанды түсірер. Аталарымыздан айырылып, біз, жас оғландар, не күн көрерміз? Біздің бірге өлгеніміз жақсырақ емес пе?" - деп еді. Алла тағаланың көмегімен Жәлел-ад-Дін, тағы басқа оғландар қолға тап келіп, әрбіреуі шері-мәрт жігіттей, сүрең салып, біржолата ат салды. Ханның кісілері қорқып, тізгінін тартты. Тоқтамыш оғлан қайта айналып келіп тиді. Үрік Темірді атқа көтеріп алып кетті. Хан кісілерінің аттарының мойыны қатып келіп еді, көп кісіні сонда-ақ алдырды. "Бәлі, соңында қолы бар". - деп, көп қуа алмады. Түскен кісіні сол жерде оқлап қылды оқпен (өлтірді).
Ат жарағын алып, елінің соңынан жүрді. Ханның қолға түспеген кісілері аулақ шығып жығылды, қараса - еш жерде хан жоқ. Бұлардың бірі айтты: "Мен хан қасында едім, ханды екі кісі келіп тұтқанын көрдім. Онан соң, не болғанын білмедім. Қайтып ұрыс жеріне келді.
Ханның өлігін тапты. Сол жерден ханның мәйітін алып, қайта елдеріне қашты. Олар (Тоқтамыш) соңымыздан хан жетер деп, ол басқа жаққа қашты. Орыс ханның өлгенінің оқиғасы осы еді.
Өзбектер айтады: "Жәлел-ад-Дін хан оғлан кезінде бір бөлек оғландарды бастап, атасы мен Орыс хан соғысып тұрғанда көлденеңнен ат салып, Орыс ханды жеңіп өлтірді", - дейтіндер. Жағдайы осы болды".
1. Өтеміш қажының бұл шығармасы XVI ғ. ортасында қағазға түскен. Тарихи аңыздарға кұрылған, қызықты, деректі шығарма.
2. Қазақылық - осы мағынасында өте ерте заманнан бері қолданыста бар, "еркін жүрген ел" деген ұғым.
3. Өзбек - Ақ Орданың халқы. Кейін бірде өзбек, бірде қазақ, бірде ноғай болып қолданылып келді.
Утемиш хаджи. Чингис наме... 142-143-бб. https://www.vostlit.info/Texts/rus6/Chengiz-name/framevved1.htm
"ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ ӨСИЕТІ"
"254. Бұдан соң Чингис хаган сартаул (Орта Азиялық Хорезм елі) еліне жіберген Ухуна бастаған жүз елшісі өлтірілгенін естігенде: "Алтын арқанымызды сартаулдарға қидырып, қол қусырып отырамыз ба? Ухуна бастаған жүз жігітіміздің кегін қайтарып, сартаулдармен соғысып, егеске қысас істеп, сартаулдармен шайқасайық", - деп, дереу аттанғанда, Есүй ханым Чингис хаганға:
«Хаган,
Ұлы асудан асарда, Пана тұтар денеңіз,
Ұлы өзеннен өтерде, Пани кетсе көнеміз.
Ұзақ жолға шығарда, Қасиетті туыңды.
Елін қайтып билеуді, Кім ұстар, деп сенеміз?
Етер өсиет, алдымен. Аузыңыздан сұрайық,
Туған дене солатын, Айтпай, қайтіп тұрайық,
Тоңған гүл де оңатын. Туылған төрт ұлыңның.
Барша әлем кезегін, Таққа кімі лайық?
Батыл ойла алдымен. Хан ұлың мен бауырың,
Асқар таудай денеңіз, Қарапайым халыққа,
Апат болса көнеміз. Қалың тобыр-қатынға,
Қалың елің - Мұңғолды. Қалай әмір етерін,
Кім билер деп сенеміз? Хаган сізден сұрайық? - дегенде, Чингис хаган: "Қатын болса да, Есүй тым орынды айтты. Бауырларым мен ұлдарым, Боорчи мен Мухулай, сендердің бір де біріңнің есіңе бұл сөз түспеді. Мен де, ата-бабамның артынан бармайтындай, бұл жайды ұмытып кетіппім. Мені өлім соқпай өтердей, шынында да, ойламаппын. Ал, ұлымның үлкені - Зүчи еді. Кәне, не айтасың? Сен айт!" - дейді. Зүчи сөйлеуден бұрын сөзге Цагадай араласады: "Зүчиге сөз сөйле!"- деп, оны неге нұсқағалы отырсың? Біз Мэргидтің қоқсығына бағынбақпыз ба?" (Бөртені мэргид алып кеткенде, жүкті болғандықтан, солай деп отыр) дегенде, Зүчи қарғып тұрып, Цагадайдың алқымынан ала түсіп, бүй деседі: "Мені хаган әкем сырт көрмегенде, сен неге мені шеттетіп отырсың? Сен менен қандай білгір мықтылығыңмен артықсың? Сен тек долы - шарқаялығыңмен ғана артық шығарсың? Сенімен атысып мерт болсам, бармағымды кесіп берейін, күресіп жығылсам, жығылған жерімнен тұрмайын! Хаган әкемнің жарлығы білсін", - дейді.
255. Сөйткенде, Чингис хаган: "Зүчиді шеттетуге бола ма? Ұлдарымның үлкені Зүчи емес пе? Будан соң, өйтпеңдер", - дегенде, Цагадай жымиып:
Ауызбенен өлтірсе, Қашып кеткен сұмдарды,
Айтуға сірә болмас-ты. Қыршынынан қияйық,
Жел сөзбенен өлтірсе, Безіп кеткен қуларды,
Жерлеуге сірә болмас-ты. Бет қаратпай қырайық.
Балаңыздың үлкені. Кешірімді еді Өгэдей,
Біз екеуміз оңдалып, Хаган таққа ылайық.
Боғды Әкейге тыныс боп. Қадірмен Әке жанынан,
Болайық серік сомдалып, Қалдырмай оны тұрайық.
Қарқара тымақ кигізіп, Қабыл болуын сұрайық.
- дейді.
Сөйтіп, Чингис хаган: "Зүчи не айтар екен, айтсын?"- дегенде Зүчи: "Цагадайдың айтуы бойынша, Цагадай екеуіміз бірігіп жәрдемдесейік. Өгэдэйді ұлық тұтайық",- дейді. Сонда Чингис хаган: "Бірігу деген не? Жер-ана кең, өзен- көл көп қой. Бөгде елдерді бодам етіп, жеке-жеке болыңдар. Өз-өзіңнің елдеріңді кеңейте беріңдер. Ал, Зүчи мен Цагадай екеуің айтқандарыңа жетіп, елге күлкі, дұшпанға таба болмай, ынтымақтасып жүріңдер. Бұрын Алтын мен Хучар осылайша серттессе де, айтқан сөзінде тұрмай қайтадан қақтығысып, ақыр аяғында неге душар болғанын білесіңдер ғой? Енді Алтын мен Хучар екеуінің елін сендерге бөліп беремін. Сол құсамай, уәдеге болыңдар"
"Ал, Өгэдэй, сен не айтасың? Айт!" – дейді. Сөйткенде, Өгэдэй: "Хаган Әкем рұқсат етіп, сөйле дегенде, не айтарымды білмей тұрмын. "Істей алмаймын" деп қайтіп айтамын. Істеуге тырысайын. Тек ұрпақтарым, немере-шөберелерім, шөпке орап берсе, сиыр жейтін болып туып, бұланды көздеп, тышқанға тигізетін болып жүрмегей. Мен бұдан басқа не демекпін", - дейді. Сөйткенде, Толуй: "Мен Хаган Әкем атаған ағайдың жанында болып, ұмытса - есіне салып, ұйықтаса - оятып, ұран салса - үн қосып, атқа мінсе - қамшысы, алысқа жүрсе - серігі, соғысқа - сойылы болайын", - дейді".
1. Чингис хаган - Шыңғыс хан
2. Қысас - кек қайтару
3. Боорчи - Бауыршы, Шыңғыстың атақты қолбасшысы, өз қолында тәрбиеленген.
4. Мухулай - Мұқалай, ірі қолбасшы. Қытайды бағындырушы, табы Жалайыр.
5. Зучи - Жошы
6. Цагадай - Шағатай
7. Өгедей – Үгедей } Шыңғыс ханның ұлдары
8. Толуй - Төле
9. Алтын мен Хучар - Шыңғыс ханның інілері, өзіне серік болған.
Монголдың құпия шежіресі / ; [моңғол тіл. ауд. М. Сұлтанияұлы ; ред. алқасы: Б. Бұқатұлы, И. Байбатырұлы] ... – Өлгий : [б. ж.], 1979. - 150 б. - 132-135-бб.
"Дала әлеміне әйгілі "Ел айрылған" жоқтау-күйін қыр өнерпаздары әлі күнге қобызда ойнайды, және кәрі ақсақалдардың сезімін босатып, көзінен жас шығарады. "Жүз мың ноғай бүлінгенде, Ормамбет би өлгенде, Ордың қара ағашы жанғанда", - деп жыр төгеді дала жырауы. Бұл күй қазақ пен ноғайдың екі бөлінген оқиғасына арналған."
1. Ормамбет би (1590-1597-ші ж.ж.) ноғайлы елінің соңғы тауелсіз басшыларының бірі. XVII ғ. бастап бұл елдің ішкі ісіне Ресей толық қожалық етті. Осыған байланысты ноғайлы этносы ыдырап, оның үлкен бөлігі Қазақ Ордасының құрамына енді. Ресей шекарасындағы ел бірнеше ғасыр бойы ауыр азапты бастан кешіп, қазіргі күні саны 100 мыңга жетпей отыр.
Ч.Ч. Валиханов. Киргизское родословие. Собрание сочинений в пяти томах. Алма-Ата, 1985. m. 2. - 166-б.
Темүжiндер Сеңгүр бұлағынан көшiп, Керлiн өзенiнiң жоғары жағындағы Бұрғы деген жердi мекендеген кезде Сотан әжейдiң китке әкелген қара бұлғын iшiгiн алып, Темүжiн, Қасар, Белгiтей үшеуi әкесi Есукей батырдың ежелгi досы Уаң ханға дидарласпақ болып барады. Әкемiздiң досы әкемiздей болар деп ойлаған Темүжiн Тула өзенiнiң бiр саялы жерiн мекендеген Уаң ханға барып, сәлемдескен соң, былай дейдi: «Әкем марқұмның ежелгi досы сiздi өз әкемдей көрiп, өзiм үйленгенде енемiз китке берген қара мақпал iшiктi сiзге әкелiп отырмын», – деп iшiгiн ұсынады. Бұған дән риза болған Уаң хан бы- лай дейдi:
«Қара бұлғын iшiгiң
Қор болып текке кетпесiн.
Тозғындаған елiңдi
Топтастырып берейiн.
Бытыраған елiңдi
Бiрiктiрiп берейiн.
Әй дейтiн болсын ажасы,
Қой дейтiн болсын қожасы».
Монголдың құпия шежіресі / ; [моңғол тіл. ауд. М. Сұлтанияұлы ; ред. алқасы: Б. Бұқатұлы, И. Байбатырұлы] ... – Өлгий : [б. ж.], 1979. - 150 б. 46–49-б.
Шыңғыс қаған мен Уаң хан екеуi найманның Күшiгiнiң Бұйрық ханымен соғысуға аттанып, Ұлықтақтың Соғақ су деген жерiне бар- ған кезде Бұйрық хан төзiп тұра алмай, Алтай аса көшедi. Шыңғыс қаған мен Уаң хан екеуi Соғақ судан Бұйрық ханды өкшелей қуып, Алтай асырып, Құмсiңгiрдiң Үрiңгi өзенiне дейiн қуады. Сөйтiп, олар- дың Еди-тобылық деген нояны қарауылға шығып жүрiп, бiздiң шол- ғыншы әскерлерге кез болып қалып, тауға қарай қашқанда айылы үзiлiп, ұсталады. Бұйрық ханды Үрiңгi өзенiне дейiн қуалап, Қызыл- бас көлiнде қуып жетiп, оларды сол жерде құртады.
Сонан соң Шыңғыс қаған мен Уаң хан екеуi қайтып келгенде Көксеу Сабырық батыр Бәйдiрiк алқабында әскерiн реттеп, соғыспақ болып тосып тұр едi. Шыңғыс қаған мен Уаң хан екеуi де соғыспақ болып әскерiн сапқа тұрғызып келгенде әбден кеш болғандықтан, «ертең соғысайық» десiп, реттеген қалпында түнейдi. Алайда түнде Уаң хан түскен жерiне от жағып тастап, Қара суiл (құйрық) өзенiн өрлей қозғалады.
Уаң хан найманның Көксеу Сабырық батырынан жеңiлген соң, Шыңғыс қағанға елшi жiберiп: «Менiң дүние-мүлкiм мен қыз-ұлда- рымды наймандар тартып әкеттi. Ұлым, сенен төрт батыр жiберудi өтiнемiн. Менiң ел-жұртым мен дүние-мүлкiмдi құтқарып бере гөр», – дейдi. Шыңғыс қаған жасағын жөндеп, Борши, Мұқылай, Бороқұл, Шұлуын деген төрт батырын әскерiмен қоса жiбередi. Бұл төрт ба- тыр барудан бұрын Сенкiм Ұланқұс деген жерде соғысып жүрiп, аты- ның санына оқ тиiп, қолға түсуге таяған кезде Шыңғыс қағанның төрт батыры оны құтқарады және дүние-мүлкi мен қыз-ұлдарын тар- тып алып бередi. Сол кезде Уаң хан: «Бұрын Темүжiннiң абзал әкесi менiң быт-шыт боп кеткен елiмдi жинап берген едi. Ендi Темүжiн ұлым да төрт дөй батырын жiберiп, менiң айырылған ел-жұртымды құтқарып әкеп бердi. Қарымын қайтаруды тәңiр бiлсiн!» – дейдi.
Сондай-ақ Уаң хан тағы да:
«Батыр туған Есукей
Бытыраған елiмдi
Бiрiктiрiп берген-дi.
Тұңғыш ұлы боп туған
Темүжiнiм – Шыңғысхан,
Телiм боп кеткен елiмдi
Түгел жинап бергiздi, – дейдi.
Монголдың құпия шежіресі / ; [моңғол тіл. ауд. М. Сұлтанияұлы ; ред. алқасы: Б. Бұқатұлы, И. Байбатырұлы] ... – Өлгий : [б. ж.], 1979. - 150 б. 97–101-б.
Темүжiн мен Жамұқа екеуi Талқұн аралынан аттанып, Қорқы- нық Жұбырға қарай жүредi. Тұғырыл хан Бұрхан халдунды жота- лай Өкiртi орманын, Ғашуырты (шыршалы), Ұлаты (қызғылт) деген жердi басып, аң аулай жүрiп, Тула өзенiнiң Қара орманына таман беттейдi.
Темүжiн мен Жамұқа екеуi Қорқынық алқабына келiп түсiп, ежелден анда екендiгiн еске түсiрiп, «ендi қыл өтпес дос болып, той жа- сайық» деседi. Ең алғаш дос болғанда Темүжiн он бiр жаста едi. Сол кезде Жамұқа құралай сақасын Темүжiнге берiп, Темүжiн құйма са- қасын Жамұқаға бередi. Соның келер жылғы көктемiнде Темүжiн имек садағымен атқалы жатқанда, Жамұқа тайыншаның қос мүйiзiн қиыстырып тесiп iстеген, сыңғырлап тұратын оғын Темүжiнге, Темүжiн арша басты жебесiн Жамұқаға берiп, дос болады. Екi рет достасуы осылай болған едi.
«Ендi екеумiз ең сүйiктi дос болайық», – деп Темүжiн меркiттiң Тоқтасынан олжалап алған алтын белбеуiн Жамұқа досына буын- дырып, Тоқтаның қызба құласын да Жамұқа досына мiнгiзедi. Жа- мұқа оның есесiне Убас меркiттiң Дайыр-ұсыннан олжалап алған алтын белбеуiн Темүжiнге буындырып, Дайыр-ұсынның кекiлiн түйген боз атын Темүжiнге мiнгiзедi.
Екеуi осылайша тату болып,
Қорқынық Жұбыр жағасында,
Мөлдiр өзен сағасында,
Мәуелi ағаш саясында
Мерейi асқан той iстеп,
Мың бұралтып би билеп,
Жарқын көңiлi хош болып,
Жарасымды дос болып,
Түнде бiр көрпеге оранып жатысқан едi.
Монголдың құпия шежіресі / ; [моңғол тіл. ауд. М. Сұлтанияұлы ; ред. алқасы: Б. Бұқатұлы, И. Байбатырұлы] ... – Өлгий : [б. ж.], 1979. - 150 б. 60–61-б.
Жылан жылының2 қысына қарай Шыңғысхан қањарман армия- сымен Отырар қаласына жеттi: оның шатыры бекiнiстердiң қарсы алдына орнатылды. Сұлтан Қайыр ханға көп әскер бердi, ал оған көмекке 10000 атты әскермен Қараша ханды жiбердi; қаланың бекiнiстерi мен қабырғаларын әбден нығайтып, соғыс құралдарын жи- нады. Шыңғысхан Шағатай мен Үгiдейге бiрнеше түмен әскерiмен қаланы қоршауға, Жошыға Жент және Жанкент жағына беттеуге әмiр бердi; бектер қосынын Ходжент және Бенакет жағына жiбердi және әскерiн жер-жерге жөнелттi. Ал өзi Төле ханмен бiрге Бұха- раға бет алды...
Отырар жанында екi жақ бес ай бойы шайқасты. Ақырында Отырар тұрғындарының жағдайы барынша қиындап кеттi; Қараша ба ғынып, қаланы беруге келiсiм бердi, бiрақ Қайыр хан осы қырғынға өзi бас болғанын бiлiп, бұл шешiмдi бекiтудi ойға да алған жоқ, ба- рынша күш пен ынта салып, «мен жарылқаушыға арамдық жасағым келмейдi» деген сылтаумен бiтiмге келмедi. Осы себеппен Қараша да ендi оны қыстаған жоқ, сөйтiп түн жамылып, өз әскерiмен қаланың қақпасынан шықты. Монғол әскерлерi оны ұстап алып, бекзадалар- ға қызмет етуге апарды. Олар: «Сен осының алдында қаншама қай- ырымдылық жасағанына қарамастан, өз мырзаңа адал болмадың; сенiң бiзге адал болатыныңа қалай сене аламыз?» – дедi. Олар оны барлық нөкерлерiмен қоса қырып салды, қаланы алып, барлық адамдарды қаладан қойдай топырлатып айдап шықты, сөйтiп қолға түскен нәрсенi тонап алды. Қайыр хан жиырма мың әскерiмен қамал iшiне бекiндi. Олар қамалдан елу адамнан шығып, қырыла бердi. Соғыс бiр ай бойы толастамады, сөйтiп көпшiлiгi қаза тапты. Қайыр хан екi адамымен қалды: ол үнемi қорғанып, соғыса бердi. Монғол әскерлерi оны бекiнiсте ығыстыра бердi: ол шатырға шығып, берiлмедi. Екi нөкерi де қаза тапты. Қару қалмады. Содан кейiн ол кiрпiш лақты- рып, қарсыласуын тоқтатпады. Монғолдар оны бiртiндеп қоршап алып, қолға түсiрдi. Олар қорған мен бекiнiстi жермен-жексен еттi. Ажалдан аман қалған халық пен қолөнершiлердiң кейбiреулерiн топырлатып Бұхараға, Самарқанға және өздерiнiң жерлерiне ай- дап әкеттi, ал Қайыр ханды Көк Сарайда өлтiрiп, олар ол жерден кетiп қалды.
1 Рашид-ад-дин (1247–1318) – иранның энциклопедист ғалымы және мемле- кет қайраткерi.
2 Жылан жылы – мұсылман деректемелерiнде 1219 жыл.
Деректер мен материалдардағы Қазақстанның θткен тарихы. А., -М., 1935, 43–44-б..
Әбiлқайыр ханның Моғолстан жағына аттанысы туралы және оның (осы) сапар кезiнде қаза болуы туралы әңгiме. Әбiлқайыр хан Дештi Қыпшақ пен Хорезмнiң жерiн, Фарангистан жерiнiң төңiрегi мен Моғолстан уәлаяттарының шет аймақтарына дейiнгi солтүстiк шекараны (бойлай) барлық қамалдар мен жерлердi қарақшылар мен бүлiкшiлер (зұлым) қаскүнемдiгiнiң бүлiгi мен арам қылықтарынан тазартып, азат еткен кезде ол кейбiр туыстары мен залым адамдарды жазалаған, ал кейбiреулерiн жат елдерге қаңғытып жiберген (кезде) және ол (сол) кездегi сұлтандарымен бiрге туысқандық қатынастар (орнату) арқылы достық пен одақтың iргетасын қалаған (кезде) оның кенеттен Моғол- станның моғол сұлтандарының билiгiнде болып отырған басқа жерiн жаулап алғысы келдi де, ол ержүрек әскерлерiн жинауға әмiр еттi. Құдай жарылқаған ел мен ұлыстың барлық қолбасшылары мен әскер- басылары белгiленген уақытта өздерiнiң ондықтарымен, жүздiктерi- мен және мыңдықтарымен Атил өзенiнiң жағасында қасиеттi жасаққа қосылсын деген, орындалуға тиiстi хан жарлығы берiлдi де, (Әбiлқайыр ханның) өзi қасиеттi жеке басымен әскерлердiң қару-жарағын, сауыт-сайманы мен шайқас құралдарын тексерумен айналысты. Жеңiстердiң панасы болған әскерлерге ол берекелi қазынадан жа- лақы төледi.
Бiрақ қасиеттi соғыс (джихад ва газат) жүргiзуге лайық болу тiлегiнiң хан жүрегiне барынша орнығып алғаны сонша, ол суықтың бетi қайтқанын күтпей, құдайға сиынып, кәмiл сенiммен аттаныс туын көтердi. Күн (сияқты) көрiктi (Әбiлқайыр ханның) iзгi пiкiрi әмiр нұрын шашып, шахзада Күшкiншi Әмiр Жұлдыз тарханмен, Хасан бек ойратпен, Жәлел оғланмен, Сатылмыш найманмен, Сайдбек қоңыратпен, Темiр маджармен, Ташбек қыпшақпен және басқа да әмiрлер мен басқақтардан шыққан кейбiр (адамдармен) бiрге манглай ретiнде қол бастады.
Қасиеттi қосын Аққыстаққа iрге тепкен кезде суықтың қайтадан қатты күшейгенi сонша, (одан әрi) iлгерi (жол) жүру аса қиыншы- лыққа айналды. Осы себептi қосындағы көптеген жарық жұлдыздардың денсаулығын сақтауды ойлаған (Әбiлқайыр хан) жорықты (қоз- ғалмай) тоқтатып, үзiлiс жасауға ойысты.
Осы кезде (сол кезге дейiн де) онша жақсы болмаған (Әбiлқайыр ханның) денсаулығы қалыпты жағдайдың даңғыл жолынан ауытқып кеттi...
...бақытты ғұмыр кешкен хан сегiз жүз жетпiс төртiншi жылы1, яғни тышқан жылы елу жетi жасында (құдайға) өзiне жан тәсiлiм ету жөнiнде айтылған сөзге құлақ асып, хаққа мойынсұнып, бұл шiрiк дүниеден мәңгiлiк мекенiне көштi...
1 874 ж. – қазiргi жыл санау бойынша 1469–1470 ж.
ХV–ХVIII ғасырлардағы қазақ хандықтарының тарихы жөнiндегi материалдар. А., 1969, 358–361-б.
Әбiлқайыр хан қайтыс болғаннан кейiн оның ұлы Шайхы-Хай- дар хан болды. Оның заманы ұлы бектердiң және оның iзгi тектерiнiң қадiр-қасиетi мен атақ-даңқын құрметтеуден қала бастаған кезде оның күш-қуаты күн санап кеми бердi.
Сол заманда Әбiлқайыр ханның жұртында2 жаулар пайда болды. Олар (Шайхы-Хайдар ханның өмiрiне) қаскүнемдiк жасады. Бұл жау- лардың есiмдерi: Қажы Мұхаммед-Тарханның3 ұлы Сайибек (және Қажы Мұхаммед ханның немересi, Махмүдек ханның ұлы) Ибақ4, Ба- рақ ханның ұлдары5 Жәнiбек (және) Керей, Араб6 ұлдарынан Береке сұлтан7, маңғыттан8 Аббас бек пен Мұса (және) Жаңбыршы, солар басқарып (солармен бiрге жаулар) жиналып, (оған) жан-жақтан қастық жасады. Осы Қарашы-бањадүрлер өз қолдарында болған хан- задалармен бiрге қылышпен шауып, көп iс жасады. Олар көптеген жылдар бойы осы екi ханзадаға зиян жасауға жол бермедi.
2 Жұрт – ел.
3 Дұрысы – Қажы Мұхаммед хан.
4 Ибақ – ол әрi Абақ хан және Айбек хан.
5 Барақ ханның ұлдары – Жәнiбек пен Керей, шынына келгенде оның алыс туыстары болған, олардың бабалары қазақ хандары әулетiнiң негiзiн салушы Ұрұс хан (1369–1376 ж. билiк еткен).
6 Араб – Шайбани тұқымы. Арабшах, Алтын орданың ханы.
7 Береке – сұлтан. Шайбани тұқымы. Арабшахтың ұрпағы.
8 Маңғыт – Дештi Қыпшақ тайпаларының бiрi. Маңғыт (Ноғай) ордасын бас- қарған.
ХV–XVIII ғасырлардағы қазақ хандықтарының тарихы жөнiндегi материалдар. А., 1969, 358–361-б.
«Та’рих-и Рашиди» Моғол хандығы туралы. «...Шыңғысханның төрт ұлы болды. Ол әлемдi осы төрт ұлына бөлiп бердi. Әрбiр ұлының ұлысы жаулап алынған әлемнiң халық мекендейтiн мәдениеттi елдерi мен шөл даласының төрттен бiр бөлiгi болды. Тарихи шығармалар- дың «Төрт ұлыс (ұлыс арба’а)» сөз етiлетiн жерлерiнде нақ осы төрт бөлiк айтылады. Ғалым Мырза Ұлықбек тарих жазып, оны ол «Ұлыс арба’а» деп атады.
Осы төрт ұлыстың бiреуi – Моғол (ұлысы). Ол екi бөлiкке бөлiндi: бiреуi – моғолдардың, екiншiсi – шағатайлардың бөлiгi. Бiрақ осы екi бөлiмше өзара жаулықтың себебiнен бiр-бiрiн кемсiткен атпен: шағатайлар моғолдарды «жете», ал моғолдар шағатайларды «ка- раунас» деп атайды. Бабыр патшаның ұлдары болып табылатын шағатай патшаларын қоспағанда, шағатайлардан қазiргi уақытта бiрде-бiр адам қалған жоқ. Ал шағатайлардың орнына олардың мұрасындағы қалалар мен уәлаяттарды (басқа) адамдар иеленiп алды. Ал моғолдардың Тұрфан мен Қашғар шегiнде отыз мыңдайы қалды, ал Моғолстанды өзбектер (қазақтар) мен қырғыздар басып алды. Қырғыздар да моғол тайпасы болғанымен, олардың (моғол) хақандарына қарсы жиi көтерiлiс жасағанына байланысты олар моғолдардан бөлiнiп кеткен. Барлық моғолдар мұсылман болды, олар дiндар адамдарға айналды (санатына кiрдi). Ал қырғыздар бұрынғысы сияқты, дiнсiз күйiнде (билiгiнде) қалды. Олар моғол- дардан осы себептi бөлiндi.
«...Қолда бар шежiрелер мен бұрынғы авторлардың еңбектерiнде
Моғолстанның шекаралары көрсетiлмеген, (сондықтан) қазiр оларды ешкiм бiлмейдi... Алайда қазiр Моғолстан деп аталатын аумақтың енi мен ұзындығы 7–8 айлық жол (қашықтық) болып табылады.
(Моғолстанның) шығыс жағы қалмақтар жерiмен шектесiп жа- тыр және Барс көлдi, Емелдi, Ертiс өзенiн қамтиды. Солтүстiгiнде ол
ХV–XVIII ғасырлардағы қазақ хандығының тарихы жөнiндегi материалдар. А., 1969, 216–217, 219-б.
Камадан Астраханға дейiнгi Едiлдiң сол жақ жағалауындағы және одан әрi Каспий теңiзiнiң татар-түрiкмендердiң жерiмен шектесiп жатқан солтүстiк және солтүстiк-шығыс жағалауындағы барлық жер маңғыттардың (mangat) немесе ноғайлардың жерi деп аталады. Оның халқы Мұхаммед үмбетi; 1558 жылы мен Астраханда болған кезiмде оны азаматтық қырқыстардың, ашаршылықтың, iндеттiң және т.б. апаттардың әбден бүлiндiргенi сонша, сол жылы 100 мыңға дейiн адам қырылды; мұндай апаттың болғанын мұндағылар ешқашан бiлген емес, демек, жайылымы мол ноғай жерi ноғайлармен ежелден қатаң соғыс жүргiзiп келе жатқан орыстарды аса қанағаттандырып, ендi бос қалып отыр.
Ноғайлар өздерiнiң гүлденген заманында былайша өмiр сүрген: олар орда деп аталатын бiрнеше қоғамға бөлiнген. Әрбiр орданың өз билеушiсi болады, оған король сияқты бағынады; билеушiсi мырза деп аталады. Ноғайлардың қаласы да, үйлерi де жоқ, олар ашық да- лада өмiр сүредi; әрбiр мырзаның немесе корольдiң жанында әйелдерiмен, балаларымен, малымен өз ордасы болады. Малы бар шөптi жеп қойған соң, олар басқа жерге көшiп қонады. Көшкен кез- де олардың тұрағы – доңғалақты шатырлар немесе арба үстiне орна- тылған шатырлар, оны бiр жерден екiншi жерге түйе жегiп апарады; олар өздерiнiң әйелдерiн, балаларын және оларда онша көп бола бермейтiн бүкiл байлығын осы арбалармен алып жүредi. Әрбiр еркектiң күңдерiн есептемегенде кемiнде 4 немесе 5 әйелi болады. Олар теңге дегендi мүлде қолданбайды, бiрақ малын көйлек-көншекке және басқа да қажеттi заттарға айырбастайды. Олар өздерi өте тәжiрибелi, әскери өнерден басқа, қолөнермен де, көптеген өнер түрлерiмен айна- лысады. Көбiнесе бұлар малшы халық, иелiгiнде малы көп, оның бүкiл байлығы содан құралады. Олар еттi, негiзiнен, жылқы етiн көп жейдi, қымыз iшедi, оны көбiнесе мас болғанша iшедi, бұлар бүлiкшiл, кiсi өлтiру мен талап-тонауға бейiм тұратын халық. Олар астық екпейдi және нанды мүлдем жемейдi. Бiздiң қамалдарымызды жек көрiп, христиандардың нан жейтiнiн күлкi етедi, олар бiздi шөптiң басын жеп, нақ солардан iстелген сусын iшесiңдер дейдi, өздерiмен күш теңестiрiп, мықты болу үшiн олар көп ет жеп, сүт iшудi ұсынады...
1 Дженкинсон Антон – ағылшын саяхатшысы, көпес және дипломат, Ресей мен Қазақстанда ХVI ғасырдың орта шенiнде болған.
Деректер мен материалдардағы Қазақстанның θткен тарихы. А.-М., 1935, 125–126-б.
АҚ ОРДА (XIII Ғ. СОҢЫ – XVҒ. БАСЫ)
Шығыс Дешті Қыпшақта Жошының үлкен ұлы Орда Ежен, оның інілері Шайбани, Шингкүр, Тұқа темір ұлыстары негізінде құрылған мемлекет. 1226 – 1309 ж. Ақ Ордада Орда Ежен (1226 – 47/50), Күнқыран (1250/51 – 80), Қоныша (1289 – 1301), Баян (1301 – 09) билік құрды. Астанасы алғашында Шығыс Қазақстанда, Ертіс өзенінің жоғарғы ағысы бойында, Алакөл маңында болды. XIII ғ-дың II жартысы мен XIV ғ-дың басында Сырдарияның орта ағысы бойындағы қалалардың экономикалық, мәдени, геосаяси жағынан қайта өркендеуінің және Хайду мен Дуваның Баян ханмен Шығыс Қазақстанда территориялық үшін талас-тартысының салдарынан ұлыс орталығы Сыр бойына көшірілді.
1309 – 15 жылдары Ақ Ордада Сасы Бұқа хан билік құрған. Оның ұлы Ерзен (Ибисан) тұсында (1315 – 20) Сыр бойындағы қалаларда көптеген медресе, мешіт, ханака, ғимараттар салынды. Бұл кезде Ақ Орда әлі де Алтын Орданың құрамында еді.
Ақ Орда алғаш рет Ерзеннің ұлы Мүбәрәк Қожа хан тұсында өзінің саяси тәуелсіздігін сақтауға ұмтылды. 1327 – 29 жылдары оның өзі соқтырған теңгелер айналымда болды. Мүбәрәк Қожа ханның дербестікке ұмтылуы Өзбек хан (1312 – 42) тарапынан қарсылыққа ұшырап, нәтижесінде ол Ақ Ордадан кетуге мәжбүр болды.
1344 жылы Жәнібек ханның (1342 – 57) жарлығымен Ақ Орда тағына Мүбәрәк Қожаның інісі, Ерзен ханның баласы Шымтай хан отырды. Алтын Ордадағы “дүрбелең жылдар” (1359 – 79) Шымтай хан тұсында басталды. 1361 жылы Алтын Орда әмірлері 17 жыл бойы Ақ Ордада билік құрып отырған Шымтайға Алтын Орданың Сарайдағы тағын ұсынды. Бірақ ол Алтын Орда ісіне араласудан бас тартты.
Орыс хан (Өріс хан, Ұрыс хан) тұсында Ақ Орда дербес хандыққа айналды. Орыс хан Алтын Орда тағына да отырды. XIV ғ-дың 70-жылдары Әмір Темірдің бірнеше жорығынан (1370 – 1405) соң Ақ Орда әлсіреді. Орыс ханның ұлдары Тоқтақия (1375), Темір Мәлік (1375) хандықты күшейте алмады.
1376 жылы Ақ Ордаға Әмір Темірдің қолдауымен Тоқтамыс хан келіп, 1380 жылдан бастап бүкіл Жошы ұлысын уақытша болса да қайта біріктірді. XIV ғ-дың 80-жылдарының соңы мен 90-жылдарының I жартысында Тоқтамыс хан мен Әмір Темір арасындағы күресте Орыс ханның баласы Құйыршық Мәуераннахр әмірінің жағында болды. Ол Әмір Темірдің жеңісінен соң Шығыс Дешті Қыпшақта билік жүргізді.
1419 – 22 жылдары Құйыршықтың ұлы Барақ хан Ұлықбектің қолдауымен Ақ Ордадағы билік басына келді. 1422 – 26 жылдары Алтын Орда тағына отырды. 1428 жылы Барақ хан Ноғай мырзаларымен болған ұрыста қаза тапты. Барақ ханнан кейін Ақ Ордада Ежен әулетінің билігі құлады да, Шығыс Дешті Қыпшақтағы саяси билік Шайбанилар әулетіне (1428 – 69) көшті. Ақ Орда – Қазақстанда жергілікті тайпалардың (қыпшақ, қоңырат, керей, үйсін, найман, қарлұқ, арғын, т.б.) негізінде құрылған мемлекет болды.
Тарихнамада Ақ Орда, Көк Орда терминдеріне, олардың орналасуына байланысты әлі шешімін таппаған пікірлер көп.
Тизенгаузен В.Г., Сборник материалов, относящихся к историй Золотой Орды, т. 2, Извлечение из арабских сочинений, СПб., 1884; Материалы по историй казахских ханств 15 – 18 веков (Извлечения из персидских и тюркских сочинений), А., 1969; Әбілғазы, Түрік шежіресі, А., 1992; Қадырғали Жалайыр, “Шежірелер жинағы”, А., 1997; Стэнли Лэ-Пуль, Мусульманские династий, М.-Таш.-Бишк., 1996
МОҒОЛСТАН (XIV Ғ. ОРТАСЫ – XVI Ғ. БАСЫ). МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚҰРЫЛУЫ. АУМАҒЫ МЕН ЭТНИКАЛЫҚ ҚҰРАМЫ.
XIV ғасырдың орта тұсынан – XVI ғасырдың бас кезіне дейін Жетісу мен Шығыс Түркістан жерінде өмір сүрген мемлекет.
Моғолстан Шағатай әулеті билеген ұлыс ыдырағаннан кейін дербес мемлекет болып бөлініп шықты. XIV ғасырдың 50-жылдары Шағатай ұлысының батыс бөлігі бір-біріне бағынбайтын 15 иелікке бөлініп, онда кейіннен Әмір Темір мемлекеті орнады. Ал елдің шығыс бөлігінде 1346 (47) ж. Дулат тайпасының әмірі Болатшы бастаған билеушілер тобы Шағатай әулетінен шыққан Тоғлұқ Темірді хан етіп сайлады.
Моғолстан термині Орталық Азия мен Қазақстандағы моғол, мұғұл тайпасының атауынан алынып, парсы, түркі тіліндегі шығармаларда “моңғол” деп жазылды. Сөйтіп, Шағатай ұлысының кезінде-ақ Оңтүстік-Шығыс Қазақстан, Қырғызстан, Шығыс Түркістанның солтүстік бөлігі Моғолстан деп аталды. Себебі мұнда көшпелілік дәстүрді сақтап қалған моғолдар көбірек орналасқан еді.
Мырза Мұхаммед Хайдар Дулат Моғолстанның шекарасын былай деп көрсетті: “Шығыс шеті қалмақтар жерімен шектесіп, Барыскөл, Емел, Ертісті қамтиды. Солтүстікте оның жеріне Көкше теңіз (Балқаш), Бұм және Қаратал кірді. Батыста Моғолстан Түркістанмен және Ташкентпен, оңтүстікте Ферғана уәлаятымен, Қашғармен, Ақсу, Чалышпен және Тұрфанмен шектеседі”.
Моғолстан халқының құрамына жалпы моғол атанған дулат (доғлат), қаңлы (беншік), керейіт (керей), арғанұт, барын, арлат, барлас, т.б. түркі және түркіленген моңғол тайпалары кірді. Бұлардың басым көпшілігі кейін қазақ халқының, қалған бөлігі қырғыз, ұйғыр халықтарының құрамына қосылды.
Жартылай тұрақты егіншілікпен ұштасқан көшпелі мал шаруашылығы Моғолстан экономикасының негізі болды. Шағатай әулеті билеген мемлекеттерде ұзақ жылдар созылған тартыс XIV ғасырдың ортасына таман Жетісудың тұрақты егіншілік пен қала мәдениетін жойып жіберді. Баласағұн, Алмалық, Алмату (Алматы), Тараз, Ілебалық (Иланьалық), Қойлық, Екіөгіз және басқа көптеген ежелгі қалалар жойылып кетті. Дегенмен Моғолстан халқы егін шаруашылығын, әсіресе Шу, Тадал өзендерінің алқабындағы егіншілікті бірте-бірте қалпына келтірді. Мұнда Тарсакент, Қараялық мекендері, Аспара қорғанының қалдықтары сақталған, XIV – XV ғасырлардағы жер өңдеу кәсібінің жұрнағы Тараз, Садырқорған жұрттарынан табылды. Мұнда мал. шаруашылығы дамып, жайылымдық пен шабындықтар ретке келтірілген.
Жазба деректерде Іле бойындағы Ұлығжұлдыз, Кішіжұлдыз жайлауы, Шарын (Ақтоғай) мен Шелек өзендерінің аралығында Әбіш Жайлымдығы, т.б. белгілі жер атаулары келтірілген. Мұхаммед Хайдар Дулаттың деректемесі бойынша Ыстықкөл маңында жаңа мекендер, қорғандар, керуен сарайлар салынған.
Моғолстан халқының тірлігінде Қашғадарияның өркендеген тұрақты егіншілік аймақтары едәуір рөл атқарды. Көшпелі аймақтарда жерді қауымдар пайдаланды, бірақ мұнда көптеген патриархалдық-рулық дәстүрлер сақталды, сөз жүзінде хан қарамағындағы жерге мемлекеттік меншік ақсүйектердің шартты жер иелену тәртібінің жақсы дамыған жүйесімен ұштасып жатты. Моғолстанның тәуелді халқы көптеген алым-салықтар (қалан, тағар, купчур, зекет, т.б.) төлеп отырды.
Моғолстан тарихының саяси өмірінде өзара соғыстар жүріп, әрі көршілес мемлекеттерге де шабуыл жасалып отырды. XIV ғ-дың 60-жылдары оның алғашқы ханы Тоғлұқ Темір мен Ілияс Қожа Мәуераннахрды өздеріне бағындыруға әрекет етті. XIV ғасырдың 70 – 90 жылдары Моғолстанның билеушілері Қызыр Қожа хан (1389 – 99), Қамар әд-Дин әмір, Еңке төре, т.б. Әмір Темірдің жаулап алушылық жорықтарына қарсы тұрды. XV ғасырдың I жартысында Моғолстанның ішкі саяси жағдайы қиындап, өзара қырқыс күшейе түсті. Жағдай Қызыр Қожаның ұлы Мұхаммед хан (1408 – 16) тұсында ғана біршама жақсарды. Темір әулеті тәуелділіктен құтылып, Шу, Талас аймағы азат етілді. Моғолстанда ислам діні кеңірек тарай бастады. Елдің шығыс жағынан ойраттардың шабуылдары жиілеп, Уәйіс хан (1418 – 28) олармен бірнеше рет шайқасты. Ол Моғолстан астанасын Тұрфаннан Жетісудағы Ілебалыққа көшіруге мәжбүр болды. Уәйіс хан қайтыс болған соң Моғолстанда өзара қырқыс одан сайын күшейіп, Жүніс пен Есенбұға сұлтандарды жақтаған екі топ пайда болды. Бұл күрес Есенбұғаның пайдасына шешілді. Оның тұсында Жәнібек пен Керей сұлтандар бастаған қазақтардың бір бөлігі Дешті Қыпшақтан Жетісуға қоныс аударды (қ. Қазақ хандығы). Жетісудың түркі және түркіленген тайпалардың Ақ Орданың, кейінірек Өзбек хандығы мен Ноғай Ордасының тегі бір тайпаларымен бірге қазақ халқы болып қалыптасу кезеңінің аяқталуы Оңтүстік-Шығыс Қазақстан мен Қырғызстанның бірте-бірте оқшаулануына және осыған байланысты Моғолстанның ыдырауына алып келді.
Жергілікті халықтың мемлекеттік және экономикалық жағынан дербес дамуы жолындағы күресі де осы этникалық үрдіспен тығыз байлынысты болды. Жүніс хан (1469 – 87 ж.) мемлекеттің жағдайын біршама нығайтты, бірақ 1472 жылы Жетісуда ойраттардан жеңіліп, Сырдарияға қашты. Онда Жүніс хан Сайрам мен Ташкентті басып алды. Оның баласы Ахмет хан 1474 жылы Қырғызстанда тәуелсіз иелік құрды. Махмұд хан (1487 – 1508) Жетісу мен Түркістанда қазақ хандарымен соғысты. Жүніс ханның немересі Сұлтан Саид хан 1514 жылы Әбубәкір Мырза Дулаттан Қашғарды тартып алып, Шығыс Түркістанда жаңа Моғол мемлекетін құрды. XV ғасырдың 60 жылдарынан бастап Жетісуді мекендеген түркі тайпалары Қазақ хандығының құрамына кірді.
Бартольд В.В., Очерки истории Семиречья, соч., т. ІІ, ч. 1, М., 1963; Мирза Мухаммад Хайдар Доглат, Тарихи-и-Ра-шиди// Материалы по истории Казахских ханств XV – XVIII веков, А.-А., 1969; Қазақстан тарихы: көне заманнан бүгінге дейін, 2-т., А., 1998.
КӨШПЕЛІ ӨЗБЕКТЕР МЕМЛЕКЕТІ (1428-1468 ЖЖ.), НЕМЕСЕ ӘБІЛҚАЙЫР ХАН МЕМЛЕКЕТІ. АУМАҒЫ ЖӘНЕ ЭТНИКАЛЫҚ ҚҰРАМЫ. ӘБІЛҚАЙЫР ХАННЫҢ БИЛІККЕ КЕЛУІ.
Орта ғасырлардағы қыпшақ тайпалары негізінде құрылған мемлекет.
Ортағасырлық деректерде Өзбек хандығы, Әбілхайыр хандығы деп те аталды. 1428 жылы Ақ Орда ханы Барақтың өлімінен соң қыпшақ, үйсін, найман, қоңырат, қаңлы, т.б. тайпалардың қолдауымен Әбілқайыр хан таққа отырды. Оның хандығы батысында Жайық, шығысында Балқашқа дейін, оңтүстігінде Арал мен Сырдың төменгі ағысынан, солтүстігінде Тобыл мен Ертістің орта ағысына дейінгі жерлерді алып жатты. Астанасы Сібірдегі Тура қаласы (қазіргі Түмен қаласы) болып, 1446 жылы Сыр бойындағы Сығанаққа көшірілген. Көшпелі өзбектер мемлекетінен 1457 – 69 жылдары аралығында Қазақ хандығының негізін салушылар Керей мен Жәнібек хандар ұлыстарымен бөлініп кеткен соң және Әбілқайыр хан өлгеннен кейін (1469), мемлекет ыдырады. XV ғасырдағы Орта Азия тарихында бұл мемлекет маңызды этносаяси рөл атқарған.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.352