П.С. ПАЛЛАС1 ҚАЗАҚ ТАЙПАСЫНЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ ТУРАЛЫ
Бұл халықты қырғыз-қазақ деп атайды, ол өзінің көршілері ресейліктер мен қалмақтарға да осы атпен мәлім. Бірақ қырғыздар маған бұл аттың былайша шыққанын айтты. Бұрын олар түріктермен бірге тұрған және Евфратқа дейін созылып жатқан; онда оларды ерекше иелер басқарыпты, соның ішінде Иазыд хан бұл елдегі ең соңғысы болыпты. Ол түрік тағын иеленбекші болып, сол үшін Мұхаммедтің Хозан және Хұсан деп аталатын және оның қызынан туған екі немересін өлтіріпті. Бірақ бұл кісі өлтіру әшкереленіп, түріктер оның өзін де, барлық қырғыздарды да тұрған жерлерінен қарулы күшпен қуып жіберіпті. Сонан соң олар ноғай татарларымен қоңсы болған, бірақ ақырында олардың өздері де жаулап алынып, қазір олар иеленіп отырған даладан қуылып жіберілген. Олардың ордасы бодандары жоңғарлар мен монғолдарға көрші болған Кергис хан дегенге бағынған; ал аталған Кергис хан оларды әскери кызметке ғана пайдаланған. Бірақ олар оның да сенімінен айырылып, өздерінің қазіргі тұрақтарына көшіпті, сөйтіп қырғыз-қазақ деген атты сол жақтан әкеліпті, бұл Кергис ханның әскери қызметшісі деген сөз және де олардың өздері Ресейдің барлық казактары өздерінің атын да, әскери кимылын да өздерінен алған деп ойлайды.
Деректер мен материалдардағы Қазақстанның өткен тарихы. A.-М., 1935, 125-126 -б.
1Петр Симон Паллас (1741-1811) - орыстың жаратылыстанушысы, Петербург Ғылым академиясының мүшесі. Ресейге Германиядан келген. 1768-1774 жылдары Қазақстанға, Поволжьеге, Сібірге жасалған экспедицияларды басқарған. Ресейдің шығыс аудандарындағы халықтардың этнографиясы мен тарихы туралы, соның ішінде қазақтар туралы да айтылатын «Ресей мемлекетінің түрлі провинцияларына саяхат» деген еңбектің авторы.
И. ФАЛЬК1 «ҚАЗАҚ» ТЕРМИНІНІҢ ШЫҒУ ТЕГІ ТУРАЛЫ
Қазақтар (қырғыздар) ежелден жеке үш ордаға, яғни тобырға (horden немесе orden), ал әрбір орда он центурийге немесе мыңдықтарға бөлініп келді. Кoerder - дала адамдары - қазақтар Үлкен Орданы осылай атайды. Қалған екі орда өздеріне «қыр қазақ» деген ат алды, бұл «қыр» - шөл және «қазақ» - батыл деген сөздерден шыққан.
Фальк И. Ресей бойынша гылыми саяхаттардың толық жинағы (Императорлық Ғылым академиясы шығарған). 7-том, СПб., 1825. 7-6.
1Фальк Иоган Петер (1727-1774) - швед дөрігері және жаратылыстанушы. Петербург Ғылым академиясында жұмыс істеді. 1769-1773 жылдары Қазақстанга, Поволжьеге және Батыс Сібірге экспедиция жасап, қазақ және қалмақ халықтарының тарихы жөнінде материалдар жинады.
И.Г. ГЕОРГИ1 ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШ ЖҮЗГЕ БӨЛІНУІ ТУРАЛЫ
Қырғыздардың біреуі - Ұлы, екіншісі - Орта, ал үшіншісі – Кіші депаталатын үш ордаға қай уақыттан бері және қандай себептермен бөлінгені ешкімнің есінде жоқ.
Ұлы орда буруттармен дос, оның үстіне олармен бір халықпыз және де бұған қоса байырғы халықпыз, Орта және Кіші Орда содан шыққан деп санайды. Олар көбінесе оңтүстікте көшіп жүріп, Алтай тауларына қоныстанған, ал оның өзі Үндістан тауларының солтүстік еңісіндегі жоталар болып табылады, сондықтан да олар алтай қырғыздары деп аталады. Бұл орда қазірдің өзінде де Ташкенттің арғы жағында, Жоғарғы Сырт өзені бойында, Түркістанның маңында және басқа жерлерде көшіп жүреді.
Ол 30 мыңға дейін адамнан атты әскер құрай алады, алайда олардың үштен бір бөлігі ғана соғыс жүргізуге қабілетті. Басқа ордалар сияқты ол да қарақшылық жасап, өздерінің тыныш жатқан көршілерінің жерін ғана емес, сонымен қатар 1738 жылы Ташкенттің жанында Ресей керуеніне жасалғаны сияқты, көпес керуендерін де талап-тонайды. Соонгарлықтар (жоңғарлықтар) оларды өз езгісіне салуға едәуір тырысқан, бірақ оның ержүректігі мен тауларға аяқ басуға болмайтындығы олардың тәуелсіздігін сақтап қалған, сөйтіп олар өздеріне жоңғарлар шапқыншылығына жол бермеу үшін ғана жоңғарлармен одақ жасасқан.
Ұлы орданың қырғыздары немесе буруттар ежелгі қысқы қыстақтарда тұрады, бірақ жаздыгүні көбінесе қамыс лашықтарды мекен етеді, алайда өз тұрақтарының орнын өте сирек ауыстырады. Олардың кейбіреулері аздап егіншілікпен де айналысады, оның үстіне басқа қырғыз ордаларының халықтарынан гөрі әлдеқайда ұқыпты, орнықты және батылырақ шұғылданады.
Орта жөне Кіші Орда да сондай болған. Осы ғасырдың бас кезінде олар жоңғарлықтардан жеңіліс тапты, бірақ соонгарлықтар сияқты, Сібірден мүлдем кетуге тиіс болды, содан кейін қырғыздар өздері иеленіп отырған далаға орын тепті. Әрбір орданың жеке ханы және өздеріне бөлінген жері бар, оны олар бірнеше ұлыстарға бөлген. Олардың даласы: батысында - Орал (қырғызша: Жайық) өзеніне дейін; солтүстігінде - Үйге және жаңа Сібір, яғни Есіл шебіне дейін, Тобылдан Ертіске дейін; шығысында - Суразы өзеніне, Хиуаға, Түркістанға және басқаларына дейін; оңтүстік-шығысы мен оңтүстігінде - Сырдарияға, сондай-ақ Арал теңізі мен Каспий теңізіне дейін созылып жатыр. Батыс және оңтүстік-батыс бөлігін - Кіші Орда, ал көбінесе шығысына және солтүстігіне қарай созылып жатқан елді Орта Орда иеленетін осынау кең-байтақ даланың көп бөлігі құм басқан және сор алып жатқан мидай ашық әрі қуаң алқап; жеміс-жидек өсетін алқап аз, ал орманды жерлер одан да аз. Онда ауыз судың өзі де жеткіліксіз. Көлдердің көпшілігі мейлінше ащы немесе суы аздап кермек, ал суы тазалары аз. Олардың шетке ағатын деп аталатын өзендерін қоспағандағы атақты өзендері мыналар: Жоғарғы Тобыл мен Есіл, олар Ертіске құяды, сондай-ақ Жем, Ырғыз жөне Торғай, олардың біріншісі - Каспий теңізіне, ал қалғандары Ақсақал көліне құяды...
Георги И.Г. Ресей мемлекетінде тіршілік ететін бүкіл халықтардың сипаттамасы. II бөлім, СПб., 1799, 120-121 -б.
1Георги Иван Иванович (Иоган Готлиб) (1729-1802) этнограф, натуралист және саяхатшы. Петербург Ғылым академиясында жұмыс істеу үшін Германиядан келген. 1774 жылы Қазақстанда, Алтайда, Поволжьеде, Сібірде болды. «Ресей мемлекетінде мекендейтін барлық халықтарды, сондай-ақ олардың тұрмыс-салттарын, дағдылы киімдерін, тұрғын үйлерін, әсемдік заттарын, ермектерін, діни нанымдарын жөне басқа да есте қалатын қасиеттерін суреттеу» деген еңбектің авторы. (СПБ., 1776). Бұл - Ресей халықтары туралы, соның ішінде қазақтар туралы да этнографиялық мол мағлұмат беретін еңбек.
«ҚАСҚА ЖОЛДАН» «ЕСКІ ЖОЛҒА» ДЕЙІН
(XV ғ. - XVIІ ғасырлардағы Қазақ хандығы )
XV ғ. - дүниежүзілік тарих үшін жаңа заманның басы. Қазақ халқы үшін өзінің төл мемлекетінің дүниеге келген уақыты. XV ғ. еуразияның далалық өлкесінде "өзбек ұлысы" немесе "Әбілқайыр ханның көшпелі мемлекеті" аталатын бірлестік ірге көтерді. Бұл мемлекеттің құрамына Дешті Қыпшақ тайпаларының дені енді, олар сондықтан "тоқсан екі баулы өзбек" деп те аталады. Әбілқайыр 1428-ші жылы Оңтүстік Сібірде Шымқай Тұра қаласында (Түмен) 17 жасында хан көтерілді. Алғашқы бетте оның саясаты қайткен күнде де Еділ бойында Батудың кұрған Алтын Ордасын иемдену болса, кейін келе онтүстікке ойысты. Оған да себеп мол болатын, алдымен Ақсақ Темір өлген соң, Шағатай ұлысындағы ел бытыраңқы күй кешті, Сыр бойындағы, Хорезм өлкесіндегі қалалар иесіз қалғандай болды. Көрегеннің ұрпағы өз-өзімен соғысып, ұлы мемлекеттің тізгінін дүрыс ұстай алған жоқ. Ал басты себептің бірі - Дешті Қыпшақ тайпаларының көпшілігінің қысқы қонысты оңтүстіктен сайлауына да байланысты еді. 30 - шы жылдардың ортасында Әбілқайыр Ұлытау бойында орда сайлап, сол жерден ұзамай қыстап жүрді, ал 1446-шы жылы Сырдың бойын иемденіп, ордасын Сығанақ қаласына көшірді. Моғолстан мен Мәуреннахрдың көшпелі және жартылай көшпелі руларының көпшілігі Әбілқайыр билігін мойындап, өзбек ұлысының құрамына кірді. Мемлекеттің ұлан-асыр молаюы ішкі саяси күрестің өрістеуіне басты себеп болғаны анық.
Шағатай ордасынан Әбілқайырға қараған рулар, соның ішінде арғындар, қыпшақ билігін мойындауға көнбей, 50 - ші жылдары сепаратистік ниет білдіре бастады. Бұл ұлы қозғалысты Әбілқайырға бақас Керей және Жәнібек сұлтандар қостап, ақыры өкпелі рулар Шу бойына қарай ығысты. Моғолстан өлкесіне көрші қонған рулар алғашқы бетте "өзбек-қазақ" немесе "қазақ" атанды және Жетісулық көшпелі рулармен тығыз саяси одақ құрып, Әбілқайырға қарсы күресті бастады. Моғолстан ханы Исан Бұғы (1462 ж. қайтыс болды) қазақтарды қалмақтарға және өзбектерге қарсы ұтымды шеп есебінде пайдаланды. Бір жағынан хандық билікке таласып жүрген өз ағайыны Жүніске күш бермей кетті. Сол кезеңде Тәшкентті билеген Шайқы Жамал Қара арғын Жүністі кейін билікке өткізбей, кедергі жасап отырды (1466 ж.). Соныменен, Қазақ хандығы атты XV ғ. дәл ортасында өмірге келген мемлекет белгілі дәрежеде көшпелілердің табиғатына тән сепаратизмнің жемісі еді. Осы себептен де болар, қазақ елі көшпелілердің бірнеше мың жылдық өркениеті мен мәдениетінің бірден-бір мүрагері ғана емес, оны қазіргі заманға жеткізуші жалғыз халық болды.
XV-XVII ғ. қазақ хандығының негізгі саясаты ел есебінде қалыптасу және Сыр бойындағы қалаларды өз меншігіне қарату болды. Тәшкент, Сайрам, Отырар қалалары оңтүстіктегі ірі сауда-қолөнер орталықтары болды, олардың ішінде көшпелі рулар үшін Сығанақ қаласының қадірі жоғары. Шығыс авторлары оны Шығыс Дешті Қыпшақтың "сауда алаңы" деп атайтын. Әр жылы көшпелі мал баққан рулар бұл қалаларға жүз мыңдаған бас мал айдап алып келіп, сатып не айырбастап, өз қажеттерін өтейтін. XVIII ғ. дейін Түркістан өңірінің қалалық аймағы Еуразия далалық елін отырықшылық мәдениетінің жемістерімен қамтамасыз етіп отырды. Бірақ қалалардың құлазу нышандары осы түста айқын көрінеді. Ғылыми әдебиетте бұл кері кетуді ел арасындағы жаугершілікпен көбірек байланыстырады, ал негізінен, мәселе одан әрірек - XV ғ. басталған екі система - көшпелілік пен отырықшылық арасындағы бәсекеде. Мыңдаған жылдар бойы Еуропа мен Азияның күре тамыры болып келген Жібек жолы XV-XVI ғ. өз жұмысын тоқтатты. Батыс елдері Шығысқа теңіз жолдарын ашты, өз ішінде кәсіптердің түр-түрін игерді. Трансеуразиялық күре тамыр өз қызметінен айырылды.
XV-XVII ғасырларда қазақтың этникалық құрылымы нығыз орнықты. Әуелде қазақ ордасының Жетісу жерінде ірге көтеруіне байланысты Ұлы жүз, кейін келе "тоқсан екі баулы өзбектің" Сарыарқадан Мәуреннахрға қоныс аударуына байланысты босаған өлкеде Орта жүз, аленді Хақ Назар ханның уақытында Ноғай Ордасының бүліншілікке ұшырап, қазаққа қосылуының арқасында Кіші жүз кұрылды. Сарыарқаның казақ иелігіне көшуі XVI ғ. басында Қасым ханның уақытында жүзеге асты. Өзбек пен қазақтың бір-бірінен айырылған жері - "Таңбалы тас" Бетпақ пен Арқаның шегінде жатыр. Өзбектің ішінен 300 мыңдай адам екі өзен аралығына коныс аударса керек. Мұһамед Шайбани заманында олар Самарқанд пен Бұқараны өзіне қаратып ірі мемлекет қүрды. Қазақ пен екі арада Сыр бойындағы қалаларды бөлісе алмай соғысып, "ғаззауат" ашу да XVI ғ. бірінші ширегіне қатысты оқиғалар. Бұл шежіре Рузбеханның кітабынан толық көрініс береді. Қазақ шежіресі Ноғай дағдарысын "Ормамбет хан өлген күн, Ордың қара ағашы жанған күн" деген тақырыппен баяндайды. Ноғай елінің билігіне ағайынды Жүсіп пен Ысмайылдың таласуы, Ысмайылдың Иван IV-іншіге (қаһарлы) арқа сүйеп, ағасын өлтіруі, өзара соғысқа ноғайлардың көпшілігінің ұшырауы Батыс Қазақстан өлкесінің Қазақ хандығының құрамына өтуінің басты себебі болды. Жермен бірге ел де қазақ этносының құрамына енді. Шежіреде Кіші атанғанымен осы жерге автохтондылығы жағынан ноғайлардың (әлімұлы, байұлы, жетіру) басқалардан гөрі үлесі көбірек. Қазақтың үш жүзге бөлінуі - белгілі дәрежеде дәстүрге сүйену болып табылады. Ғүн, түркі, тіпті одан әрі сақ заманында этникалық, саяси құрылымын үштікке негіздеу салт болған. Бір жағы көшпелі мемлекеттердің әкімшілік-территориялық бөлісінің бір көрінісі есепті.
XV-XVII ғ. ішінде қазақ хандығы өзіне дейінгі ұлыстардың, әсіресе Алтын Орданың мемлекеттік дәстүрін сіңірді. Әлеуметтік құрылым тек қана рулық-генеалогиялық негізге сәйкестенбей, әр түрлі әлеуметтік топтардың үлес салмағы арқасында күрделенді. Мәселен, қазақ хандығындағы төрелер, қожалар немесе төлеңгіттер де дамыған әлеуметтік организмнің элементтері болып табылады. Қандай да бір мемлекет болмасын, саяси билік жүргізуші топтарсыз баянды жұмыс бітіре алмайды. Сонымен бірге, оның үстемдігін жүзеге асыратын қызметкер (төлеңгіттер) топтар салмақты құрылым үшін қажетті шарт. Қожалар болса, мемлекет мойындаған дінді сақтаушы, елдің рухани шаруасын атқарушы. Қазақ хандығының этноәлеуметтік табиғатында рулық негізге және әлеуметтік топтық дәстүрге бағынған екі жүйе бір-бірімен үйлесіп тұр. Ру басы билер мен батырлар ел мүддесіне сай келетін төрені қолдауға міндетті, төре ішінен таңдап сайланған ұлыс сұлтандары мен хандары қашанда рубасыларымен ақылдасып, әр істе санасып отыруы қажет. Дегенмен, кей-кейде рубасшыларының қоғам шаруасын бұра тартып, өз руының, ағайынының пайдасын қуып кететін уақыты болады. Хандар мен ұлыс сұлтандары елді уысында ұстау үшін, әр түрлі амал-айла, сұлтандары елді уысында үстау үшін, әр түрлі амал-айла, әдіс қолданады. Соның түрлері - сыртқы елдерге жаугершілік ұйымдастырып, олжа табу, елді қашанда соғыс жағдайында ұстап отыру, белді-белді рулармен құда-жекжат байланысын бекіту, өз ұлдарын ірі руларға үлыс сұлтаны қылып ұсыну, т.б.
Баяндалып отырған кезеңде қазақ руларының ортақ шежіресі түзілді. Оның бір вариантында қазақтың түбі тікелей пайғамбарға тартса, екінші варианты Алаша хан туралы аңыздарға негізделді. Қазақтың үш жүзін бір адамның тұқымы қылып келтіру қазақ көшпелілерінің тұтас этнос құрып, үлкен міндеттер орайынан шығуына мүмкіндік туғызды. XV-XVII ғ. қазақ мәдениеті "Ноғайлы-қыпшақ" үлгісінде жасалды, материалдық және рухани мәдениет салаларында жеке өрнек салу ұлы далада ол кезде әлі де мүмкін емес шаруа еді.
Қазақстан тарихы: Оқулық хрестоматия / Құраст.: Ж.Артықбаев – Астана: «Фолиант», 2003. – 264 бет. – Б. 123-127
КЕРЕЙТ ХАНДЫҒЫ
Керей хан, Кирай, Гирей (т.ж.б. – 15 ғасырдың 70-жылдарының бас кезі) – Қазақ хандығының негізін қалаушы ұлы екі тарихи тұлғаның бірі, алғашқы қазақ ханы. Ақ Орда ханы Орыстың (Өріс) ұрпағы. Орыс ханнан Тоқтақия, одан Болат, одан Керей хан тараған.
“Тауарих-и гу-зида-йи нусратнаме” дерегі бойынша, Керей хан – Болаттың жалғыз баласы. 15 ғасырдың ортасына дейінгі тарихи оқиғаларда Керей хан туралы мәліметтер кездеспейді. Мұхаммед Хайдар Дулатидың “Тарих-и Рашиди” атты еңбегінде Керей хан туысы Жәнібек ханмен бірге 15 ғасырдың 50-жылдарының аяғында Қазақ хандығының құрылуына қатысты оқиғаларда алғаш рет атала бастайды. Онда Керей хан мен Жәнібек ханның Әбілхайыр хандығынан бөлініп, Моғолстанның батысындағы Шу бойы мен Қозыбасы өңірі аралығына келіп қоныстанғаны туралы баяндалады. Бұл аймақ – сол жылдардағы Моғолстан билеушісі Есенбұға хан мен оның туған ағасы Жүніс хан иеліктерінің арасы болды. Соңғы жылдары ғылыми айналымға енгізілген аңыз мәліметтері Керей хан бойынша мен Жәнібек хан қол астындағы ру-тайпалармен 1457 жылдың күзінде Шу өңіріне көшіп келген. Ал 1458 жылдың көктемінде Керейді хан етіп көтерді.
Керей хан мен Жәнібек ханның бөлінуімен Көшпелі өзбектер мемлекетінде ыдырау үрдісі басталады. Әбілхайыр ханға наразы сұлтандар, әмірлер, ру-тайпа басылары Керей хан мен Жәнібекке келіп қосылады. Аз уақыт ішінде Қазақ хандығындағы халықтың саны 200 мыңнан асып кетеді. Керей хан мен Жәнібек ханның арқасында Есенбұға хан ағасы Жүніске қарсы күресте сенімді, әрі мықты одақтас табады. Жүніс 1461/62 жылы Есенбұға хан қайтыс болғанға дейін Моғолстан тағына қарсы ешқандай әрекет жасай алмайды. 1461/62 – 1469 жылдары Моғолстан ханы Досмұхаммедтің мәнсіз, мағынасыз жүргізген саясаты салдарынан Керей хан Жүніске қолдау көрсете бастайды. Ақыры, 1469 жылы Досмұхаммед хан қайтыс болғаннан кейін, Моғолстандағы билік басына еш қиындықсыз Жүніс хан келеді.
Керей хан тұсында негізі қаланған Қазақ-Моғолстан қатынасы 16 ғасырдың 30-жылдарына дейін достық, бейбіт сипатта болды. Әбілхайыр хан Керей хан мен Жәнібек хан ықпалының күшейе бастағанынан қауіптеніп, оларды дер кезінде талқандау мақсатымен 1468/69 жылы жорық ұйымдастырады. Жорық кезінде Әбілхайыр хан ауырып, қайтыс болады да, әскері кейін оралады. Көп ұзамай Көшпелі өзбектер мемлекетінде билік үшін талас-тартыс басталып кетеді. Кешегі Әбілхайыр ханның қарсыластары – Ахмет пен Махмұт хандар, ноғай мырзалары Мұса мен Жаңбырлы, Сібір ханы Ибақ, шайбанилық Берке сұлтан және қазақ хандары Әбілхайыр ханның мұрагері Шайх Хайдар ханға қарсы шығады.
“Тауарих-и гу-зида-йи нусратнаме” дерегінде қазақ хандары ретінде Керей хан мен Жәнібектің есімдері аталса,, “Фатхнама”, “Шайбанинаме” деректерінде тек қана Жәнібек ханның есімі кездеседі. Дегенмен Керей хан есімі тарихи деректерде соңғы рет 1472 – 73 жылы, Жүніс хан ордасына Бұрыш оғлан деген сұлтанның шабуыл жасауына байланысты аталады. Соған қарағанда Керей хан 1470 жылдың бас кезінде қайтыс болған. Аңыз бойынша, Керей хан Қазақ хандығын 10 жылдай билеген және Хан тауы етегінде жерленген. Керей ханның қандай жағдайда, қай жылы қайтыс болғандығы жөнінде нақты мәліметтер жоқ. Керей ханның үш баласы болды. Олар: Бұрындық хан, Қожа-Мұхаммед және Сұлтан Әлі. Олардың ішінде 30 жылдан астам Қазақ хандығын билеген Бұрындық ханнан соң тақ билігі түпкілікті түрде Жәнібек ханның ұрпақтарының қолына өтеді. Керей ханның қалған екі ұлы жөнінде деректер кездеспейді.
Материалы по истории Казахских ханств XV – XVІІІ вв. (Извлечение из персидских и тюркских сочинений). Сост.: С.К. Ибрагимов, Н.Н. Мингулов К.А. Пишулина, В.П. Юдин, А.-А., 1969; Мухаммед Хайдар Дулати, “Тарих-и Рашиди”, А., 2003; Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. А., 2001; Елеуұлы М., Шу өңірі: аңыз бен тарих//“ҚазМУ хабаршысы. Тарих сериясы”. No3
ЖӘНІБЕК ХАН
Алтын Орда ханы (1342 – 1357). Өзбекханның баласы. Жәнібек өзі билік еткен тұста Алтын Орданың ішкі және сыртқы саяси жағдайын нығайтуға күш салды. Алтын Ордаға бағынған орыс князьдіктерінен алым-салық жинау ісін бір жүйеге келтірді. Алтын Орда аумағын кеңейтуге ұмтылды. Төленің кіші ұлы Хулагу Қап тауының арғы бетінде негізін қалаған Ильхандар патшалығының әбден әлсіреген кезін пайдаланған Жәнібек Қап тауына жорық жасап, ел хандардан 1357 жылы Әзірбайжанды тартып алды. Жаулап алған елді билеп-төстеу үшін үлкен ұлы Бердібекті Тебриз шаһарында қалдырып, өзі Еділ бойындағы ордасына қайтады. Бірақ жолда Жәнібек ұйымдасқан сарай қастандығының құрбаны болды.
Тизенгаузен В.Г., Сборник материалов, относяхщихся к истории Золотой Орды, т. 2, М.–Л., 1941; Греков Б.Д., Якубовский А.Ю., Золотая Орда и его падение, М.-Л., 1950; Закиров С., Дипломатические отношения Золотой Орды с Египтом (XIII – XIV вв.), М., 1966
Махмұт бен Әмір Уәли. Бахр әл-Асрар… Қазақ хандары Керей мен Жәнібек туралы
Әбілқайыр хан Дешті Қыпшақ уәлаяттарында өз ағаларының балаларын жеңіп шыққан кезде Жошы ханның ұлы Тоқай-Темір хан мен Жәнібек хан... бағыну мен мойынсұну шегінен шығып, отанынан кетіп қалуды жөн көрді. (Бабаларынан) мұраға қалған елінен бас тартып, олар жат жерге (апаратын) жолға шықты. Мойындауға лайықты бір топ адаммен олар Моғолстанға баратын жолды таңдап алды.
Ол кезде Моғолстан уәлаяттарында Шыңғысханның ұлы Шағатай ханның ұрпақтарынан тарайтын Уәйіс ханның ұлы Иса-Бұға хан билік етіп тұрған еді.
Ол кезде Әмір Темір көрегеннің ұлы Мираншахтың ұлы, Сұлтан Мұхаммед мырзаның ұлы Әбу Са'ид мырза Ирактан жоғарыда аталған ханның бауыры Жүніс ханды шақырып, оған қамқорлық көмек пен қолдау көрсетіп, оны өз бауырына қарсы аттандырған еді; осы себептен Иса-Бұға хан басқаруының іргетасы шайқала бастаған болатын, (сондықтан) аталған хан Жөнібек хан мен Керей ханның келуін адамдар (үшін) ізгілік пен жақсылықтың нышаны деп білді. Осыдан кейін ол ханзадаларлын ак пейілмен келуін кұрметпен және макұлдай отырып қабылдап, оларға Моғолстанның Иса-Бұға (хан) (иелігі) мен Жүніс ханның иелігі аралығында жатқан батыс өлкесін берді. Бұл жер Шу және Қозыбашы деген (атпен) мәлім.
Жәнібек хан мен Керей хан әлгі аумаққа барып ұзақ уақыт аялдаған кезде Әбілқайыр ханнан безіне бастаған билеушілер (де), әскерлер (де) солардан пана тапты. Әсіресе Әбілқайыр хан өлгеннен кейін, Дешті Қыпшақ уәлаяттарында тәртіпсіздіктер туған кезде өзбек жауынгерлерінің (кошунат-и өзбек) көп бөлігі ханзадалар құдіретті туының астына жиналды. Олар Моғолстанға келгеннен (кейін) (ең) басынан бастап-ақ уақытын қалмақтар мен қырғыздарға шабуыл жасап, (оларды) талап-тонаумен өткізгендіктен және аймақтың шет жақтарында қарақшылықпен айналысқандықтан, бұл халыққа (тайифаға) қазақ деген ат тағылды. Ол кезде Керей хан әмірші деп аталған еді.
Иса-Бұға ханның тірі кезінде (оған) жоғарыда аталған хандардың (көрсеткен) көмегі мен колдауының аркасында Жүніс хан өркөкіректік үзеңгісіне бұзақы аяғын сала қойған жоқ.
XV-XVIII ғасырлардағы қазақ хандықтарының тарихы жөніндегі материалдар. А., 1969, 352-353-б.
Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Та'рих-и Рашиди» атты еңбегіндегі Қазақ хандығының құрылуы туралы мағлұматтар
«Та'рих-и Рашиди» - «Рашидтің тарихы», оны жазған Мырза Мұхаммед Хайдар бен Мұхаммед Хұсайын-куракан дулат. Бұдан әрі біз оны, қазіргі әдебиетте айтылып жүргеніндей, Мырза Мұхаммед Хайдар деп атаймыз. Оның бабалары доғлат тайпасының әмірлерінен тараған, Қашғарияның мұрагер иеленушілері мен әміршілері болған. Мырза Мұхаммед Хайдардың атасы - Мұхаммед Хайдар мырза 1480 жылға дейін Қашғарды биледі, бірақ оны өзінің жиені Әбубәкір одан қуып жіберді. Мырза Мұхаммед Хайдар 1499 жылы Ташкентте туған. Ал әкесі Мұхаммед Хусайн XV ғасырдың аяғы мен XVI ғасырдың басында Моғолстанның батыс бөлігін билеген Сұлтан Махмуд ханның жақын адамдарының бірі болды. Оның анасы Хұб-Нигар ханым Сұлтан Жүніс ханның кіші қызы еді. Әкесі өлтірілгеннен кейін Мырза Мұхаммед Хайдарға да қатер төнді. Туыстары оны Бұхараға, ал содан соң Бадахшанға жасырды. Одан соң Ауғанстанға, Кабулға, өзінің немере ағасы Бабырға барып, біраз уақыт соның сарайында болды. Ол Бабырмен бірге Орта Азиядағы жорықтарға қатысты, 1512 жылы ол Әндіжанға Сұлтан Са'ид ханға қосылып, сонымен бірге өзінің ата-бабасының туған жері Қашғарияға оралды. Жорық Әбубәкірдің тас-талқаны шыға жеңіліп, Қашғарияда жаңа мемлекет - Моғолстанның (Моғолияның) және жаңа әулеттің негізі қаланумен аяқталды. Сұлтан Са'ид ханның мемлекетінде Мырза Мұхаммед Хайдар сарайда және әскерде ірі қызметтер атқарды. Сұлтан Са'ид хан қайтыс болғаннан кейін Мырза Мұхаммед Хайдар Үндістандағы Камран мырзаға кетті. Өмірінің соңғы жылдарында Мырза Мұхаммед Хайдар Ұлы Моғолдар атынан өзі жаулап алған Кашмирді басқарды. Таудағы тайпалармен болған шайқастардың бірінде ол 1551 жылы өз садақшысының жебесінен қапыда қаза тапты. Өмірінің ақырына дейін ол өзінің ата-бабаларының туған жеріне қайтып оралу ниетін тастаған емес. Бұған «Та'рих-и Рашидиді» жазуы дәлел болады. Бұл шығарманың негізіне моғолдардың ауызша аңыздары, сондай-ақ өзінің ізашарлары мен замандастарының бірқатар әдеби және тарихи шығармалары алынған. «Та'рих-и Рашиди» парсы тілінде жазылған. Бұл - Моғолстан мен Қашғарияның шағатай ұрпағынан тарайтын хандарының тарихы, доғлат тайпасы мен оның Шығыс Түркістандағы иеліктері әміршілерінің тарихы, моғолдардың тарихы.
Мырза Мұхаммед Хайдар Доғлаттың еңбегі - қазақ халқының тарихы жөніндегі алғашқы жөне манызды деректемелердің бірі. Мұнда қазақтардың өз атауын неліктен алғаны туралы, қазақ хандары Керей мен Жәнібектің Жетісуға қалай көшіп кеткені туралы, қазақ-өзбек және қазақ-моғол қатынастарының тарихы туралы, Моғолстанды қаратып алу жолындағы күрес туралы хабарлар бар.
«Ол кезде Дешті Қыпшақта Әбілқайыр хан билік етті. Ол Жошыдан тараған сұлтандарға көп әбігер келтірді. Жәнібек хан мен Керей хан одан Моғолстанға қашып кетті, Иса-Бұқа хан оларды ықыласпен қарсы алып, Шу және Қозыбасы өңірін берді, ол Моғолстанның батыс жақ шетіндегі өңір еді. Олар сол жерде рақат өмір сүріп жатқан кезде Әбілқайыр хан өлгеннен кейін өзбек ұлысы бүліне бастады; (онда) көп ұрыс-керіс басталды. (Оның бодандығының) көпшілік бөлігі Керей хан мен Жөнібек ханға көшіп кетті, сөйтіп олардың маңына (жиналған адамдар) саны екі жүз мың адамға жетті. Олар өзбек-қазақтар (өзбек-қазақ) деп аталып кетті. Қазақ сұлтандары сегіз жүз жетпісінші жылдан билік ете бастады.
Тоғыз жүз қырқыншы жылға дейін қазақтар Өзбекстанның көпшілік бөлігінде толық билеп-төстеді. Керей ханнан кейін хан Бұрындық болды. (Сонан соң) Жөнібек ханның ұлы Қасым4 хан болды; ол өз билігін Дешті Кыпшакка таратты. Оның армиясында (лашқарында) миллионнан астам адам болды. Бұл жұртта Жошы ханнан кейін одан құдіретті (хан) болған емес. Одан кейін хан оның ұлы Мамаш болды. Содан соң оның (Касым ханның) немересі Тахир хан болды. Осы Тахир ханның кезінде қазақтар көп тақсірет тартты. Одан кейін оның інісі Бұйдаш хан болды. Бірақ Бұйдаш ханның кезінде қазақтардан небары жиырма мың ғана қалған еді. Тоғыз жүз қырқыншы жылдан кейін ол (яғни Бұйдаш хан) да өліп, қазақтар мүлдем жойылып кетті…
Қысқартып айтқанда, Иса-Бұқа хан дәуірінен бастап Рашид ханның заманына дейін моғолдар мен қазақтар арасында достық жөне бейбіт (қатынастар) болды, бірақ оларды Рашид сұлтан күйретті…».
XV-XVIII ғасырлардағы қазақ хандықтарының тарихы жөніндегі материалдар. А., 1969, 195-б.
ҚАСЫМ ХАН
Қасым хан (шамамен 1445 – 1818 (1523)) – қазақ ханы (1503/1511 – 1518/15-23), Қазақ хандарының негізін салушылардың бірі – Жәнібек ханның баласы. Шешесі Жаған бегім Мұхаммед Шайбани ханның інісі Махмуд сұлтанның шешесінің туған сіңілісі. Қасым ханның ішкі және сыртқы саясаты, ел басқару әдісі, т.б. жөнінде мәліметтер өте аз. Мұхаммед Шайбанидың қазақ билеушілеріне қарсы соғыстары туралы деректемелерде Қасым ханның аты алғаш рет аталады және оған “белгілі сұлтандар мен бахадурлардың” бірі деген баға беріледі, “Бұрындық ханның атты әскерінің жетекшісі” екені атап көрсетіледі. Бұрындық хан Самарқанға кетуге мәжбүр болып, шет жерде дүние салады да, Қасым хан билікті біржолата өз қолына алды.
Қасым хан билеген кезеңде қазақтар мен Шайбани әулеті арасында Сырдария маңындағы қалалар үшін қақтығыстар мен соғыстар одан әрі жалғасты. 1510 жылдың қысында Шайбани хан әскері Ұлытау бөктерінде отырған Қасым хан ұлысына шабуыл жасады. Оларға күшті тойтарыс бере алмайтынын білген Қасым хан шегініп кетті де, тұтқиылдан шабуыл жасап, дұшпанын тас-талқан етті. 1513 жылы Қасым хан Қараталда отырған кезде Сайрамның билеушісі Қаттабек қаланы Қасым ханның билігіне берді де, оны өзбектерге қарсы аттануға көндірді. Сол жылы жазда Моғолстан ханы Сұлтан Сайд Ташкентке бірлесіп жорық жасауды ұсынды, алайда Қасым хан бұл соғыстан бас тартты. Сұлтан Сайд Шығыс Түркістанға кеткен соң қазақ хандығының Жетісудағы билігі нығая түсті. Батыста оның қол астына Ноғай Ордасынан кеткен рулар мен тайпалар келіп қосылды. Хандықтың шекарасы оңтүстігінде Сырдарияға дейін, оңтүстік-шығысында Жетісудың едәуір бөлігін, солтүстік-батысында Жайық өзен аңғары мен солтүстік-шығысында Ұлытау және Балқаш көлінен өтіп, Қарқаралы тауларының сілемдеріне дейін кеңейеді. Халқының саны бір миллион адамнан асты. Оның тұсында қазақтар Батыс Еуропаға дербес этникалық қауым ретінде танылды. Қазақ қандығының орыс мемлекетімен елшілік байланысы басталды. Қасым хан билігінің соңғы жылдарында қазақ билеушілері мен шайбанилердің өзара қатынастары шиеленіскен қалпында қала берді. 1516 – 17 жылы қыста Шайбани әулетінің сұлтандары күш біріктіріп, қазақтарға қарсы жорыққа шықты.
Қазақтардың “Қасым ханның қасқа жолы” дейтін белгілі заңдары Қасым ханның есімімен байланыстырылады. Қасым хан қазақтар мен маңғыттардан қалың қол жинап, Ташкентке жорық ашты. Сүйініш қожа хан әскерімен Ташкент түбінде болған шайқаста Қасым хан жарақаттанып, кейін шегінді. Ташкент үшін мұнан кейін де бірнеше рет соғыс болды, Мұхаммед Хайдардың жазуы бойынша, Қасым хан 1518 жылы өлген. Ал Тахир Мұхаммед “Ру-зат ат-Тахирин” атты еңбегінде Қасым хан 1523/24 жылы өлген деп келтіреді. Қадырғали Жалаиридің айтуынша, Қасым хан Сарайшық қаласында қайтыс болған.
Материалы по истории казахских ханств XV – XVIII веков, А.-А., 1969.
БҰРЫНДЫҚ ХАН
Қазақ хандығының Жәнібектен кейінгі үшінші ханы (1470 – 1511). Бұрындық – Керей ханның үш ұлының үлкені. Есімі алғаш рет 15 ғасырдың 70-жылдарының басындағы “көшпелі өзбектер” мемлекетіне қарсы күрестерге байланысты жазба деректерде кездеседі.
Бұрындық хан тұсында батысындағы Ноғай Ордасымен, оңтүстігіндегі Сырдың орта бойы үшін Темір әулеті билеушілерімен болған күрес нәтижесінде қазақ халқының этникалық территориясы қалыптасты. 1480 – 90 жылдардағы Темір әулетіне қарсы соғыстан соң, Түркістан аймағының солтүстік өңірі Қазақ хандығының қарамағына кіреді.
Жәнібек хан ұлдары (Қасым, Әдік сұлтан) ықпалының күшеюіне байланысты Бұрындық хан өзінің қарсыласы Шайбани ханмен одақтасуға мәжбүр болады. Бұл одаққа қарсы тұру үшін Жәнібек ханның ұлдары Моғол билеушісі Сұлтан Махмұд ханмен арадағы қатынастарын жақсартады. Екі жақ та одақтасуды туысқандық қатынастармен нығайтады. Бұрындық хан екі қызын Шайбани әулетінің сұлтандарына береді. Осылайша 15 ғасырдың соңында қазақ қоғамында бір-біріне қарсы екі топ пайда болады. Бұрындық хан Шайбани ханның қазақтарға жасаған бірқатар жорықтарына (1506 – 10) қарсы шығудан бас тартты. Жәнібек хан ұлдары арасында беделді есептелетін Қасымның абыройы Шайбани әскерін тас-талқан етіп жеңгеннен кейін (1510) одан әрі арта түседі. 1511 жылы Бұрындық хан Қазақ хандығынан кетуге мәжбүр болады. Деректер бойынша, Бұрындық хан Самарқанда қайтыс болған. Кейінгі хан ұрпақтарынан ешкім Қазақ хандығын билеген жоқ. Бұрындық хан өмірінің саналы бөлігі Қазақ хандығының құрылу және нығаю кезеңдерімен тығыз байланысты.
Сыздықова Р., Қойгелдиев М., Қадырғали би Қосымұлы және оның Жылнамалар жинағы, А., 1991.
КАМАЛ АД-ДИН (ШЕР-) ӘЛИ БИНАЙДЫҢ «ШАЙБАНИ-НАМЕ» ШЫҒАРМАСЫНАН. МҰХАММЕД ШАЙБАНИ ХАННЫҢ БҰРЫНДЫҚ ХАНМЕН ШАЙҚАСЫ ТУРАЛЫ
Бірнеше күннен кейін Бұрындық хан Дешті Қыпшаққа қарсы елу мың атты әскерімен келді деген хабар алынды. Бұл хабарды (алғаннан кейін) Мұса мырза өте мазасызданып, күйінген (Мұхаммед Шайбани) ханға былай деді: «Біз азбыз, ал дұшпанның әскері көп».
Хан былай деп жауап қайтарды: «Егер (бүкіл) дүние жүзінің алдаспаны қолданылса да, құдайдың бұйрығы болмайынша, ол бірде-бір желкені қимайды».
Ол кезде ханның жанындағы адамдар үш жүз адамнан аспайтын еді, (бірақ бұған қарамастан) ол әскерлерінің орталығын, оң қанаты мен сол қанатын дереу жайғастырып, (өз жауынгерлерінің) қатарын тәртіпке келтірді. Мұса мырза да маңғыттардың әскерін сапқа тұрғызды.
Бұрындық хан да жақындап келіп, (өз әскеріне) сап түзетті. Көп кешікпей олар шайқасты бастап жіберді.
(Мұхаммед Шайбани) хан бұл шайқаста өзінің қасиетті басымен шайқасқа үздіксіз кіріскендіктен, жарылқаушының өкілі болған хазіреттің бұл іс-қимылын Бұрындық хан әскерінің белгілі сұлтандары мен (даңқты) баһадүрлерінің бірі Қасым сұлтан байқап қалған кезде ол баһадүрлер тобымен хазіреттің (Мұхаммед Шайбани ханның) жолын бөгеді. Хазірет (хан) Қасым сұлтанға лап қойды. Ақырында Қасым сұлтан мен оның әскері қашып, (өз жауынгерлерімен) Бұрындық ханның әскеріне қарсы тұрған Мұса мырза да шабуылға шығып, қырғын шайқас болды. Бұрындық ханның атты әскерлерінің басшысы Қасым сұлтан болып, ол жеңіліс тапқаннан кейін Бұрындық ханның әскерлері де қашуға мәжбүр болды. Мұса мырзаның бауыры Хорезми бек Бұрындық ханды ұстап әкелу үшін оны қуа жөнелді. Бұрындық хан кері бұрылып, Хорезми бекті садақпен атып, оны бір жебесімен өлтірді. Осыдан кейін (Мұхаммед Шайбани) хан және ханның бауыры Махмұт сұлтан Бұрындық ханды қуып барып, оның барлық мүлкін, елі мен ұлысын қолға түсіріп, алып кетті. Олардың (Бұрындық хан адамдарының) көбісін қырып салды…
Бұл хабар жарылқаушының өкіліне (Мұхаммед Шайбани ханға) жеткен кезде хан да сұлтандар мен әскерлерді шақырып алып, былай деді: «Бұл жағдайды (шешудің) және оны жоюдың батылдықтан басқа ешқандай амалы жоқ тәрізді көрінеді». Сұлтандар мен әмірлер жүз адаммен жүз мындаған адамға қарсы тұруға адам мүмкіндігі жетпейтінін білсе де, (егер) жарылқаушының өкілі (онымен шайқасуды) ойға алған болса, демек, құдайдың осылай аян бергені деп түсінді. Сөйтіп, соларада Мұхаммед Шайбани хан Сығанақ уәлаятынан Созақ уәлаятына жорыққа аттануға әмір берді.
Жау жағы жарылқаушының өкілі хазірет (өздеріне) бағыт алғаны туралы хабар алған кезде, ол да Созақтан Сығанақ жағына беттеп, (Сығанаққа баратын) жол үстінде болатын. Согунлук асуына жеткен кезде олар бір-бірімен күтпеген жерде бетпе-бет келіп, сапқа тұрды да, шайқасқа кірісті.
(Мұхаммед Шайбани ханға) жақын әлгі жүз адам орасан көп әскермен (шайқаста) әскери шеберлік көрсеткені сонша, егер (мұны) Рүстем көрсе, ол таңданғаннан бармағын тістер еді. Соның ішінде Сұлтан' Акибат Махмұт ерлікпен шайқасты. Ақырында, жау жағынан Сұлтан' Акибат Махмұтқа бүкіл лаңның бастаушысы болған Махмұт сұлтан (қазақ) қарсы шықты; олар бір-біріне семсер сілтесе кетті… Жау бұл істі көрген кезде, олар оған (Махмұт сұлтанға) лап қойып, оны (Махмұт қазақты) Сұлтан Махмұт әл'Авакибтің қолынан қағып әкетті.
Бірақ жаудың сансыз көп екені сонша, санап тауыса алмайтын болғандықтан, оларды қыру мен қорғанудан пайда жоқ еді.
«Жау теңіздей терең де, біз тамшы едік болғаны,
Батып кетпей теңізге, бізді құдай қолдады».
Сөйтіп жарылқаушының өкілі (Мұхаммед Шайбани хан) жолға шығуға әмір берді.
XV-XVIII ғасырлардағы қазақ хандықтарының тарихы жөніндегі материалдар. А. 1969, 379-380 -б.
ҚАЗАҚ-МОҒОЛ ҚАТЫНАСЫ
Екі халықтың саяси байланыстары. Қазақ-Моғол қатынасы Есен-Бұға тұсында Шығыс Дешті Қыпшақтағы Әбілхайыр хандығынан Жетісуға Керей мен Жәнібек бастаған қазақтың бір бөлігінің көшіп келуімен (1456) басталды. Моғолстан ханы Есен Бұға оларды өзінің солтүстік шекарасын, сондай-ақ, Темір ұрпағы Абу Саид қолдап отырған өзінің бауыры Жүністің шапқыншылығынан батыс шекарасын қорғату үшін пайдалану үшін оларман достық қатынастың негізін қалайды. Осылайша Есен-Бұға ханнан (1429 – 1462) бастап Рашид хан (1533 – 1560) заманына дейін моғолдар мен қазақтар арасында достық және туыстық қатынас сақталынады.
Махмұд хан (1508 жылы өлген) мен Ахмет хан (1504 жылы өлген) кезінде орын алған азын-аулақ қақтығыстар олардың өзара қатынастары үшін елеулі болмаған. Тахир хан маңғыттардан ығысып 200 мың адамымен Моғолстанға қарай көшіп, 1523 – 24 жылдары қыста Қошқарға барады. Моғолдар ханы Сұлтан Сайд оларға қолдау көрсетеді. Алайда сол 1524 жылы Тахир сол кезде моғол ханына қарайтын қырғыздардың бір бөлігін және Жетісуды өзіне қосып алады. Жаркент тағына Саид ханның үлкен ұлы Абд ар-Рашид хан отыруына (1533 жылы шілдеде) байланысты моғолдар мен қазақтар арасында өзара қатынастары күрт өзгерді.
Рашид хан Жетісу аумағынан қазақтарды аластауға және бұл аумаққа өзінің басым ықпалын тарату үшін бұрыннан дұшпандары болып келген шайбаниліктермен достық қатынас орната бастайды. Ол 1533 – 37 жылдары аралығында өзбек ханы Убайдолламен одақ жасасып, қазақтарға жорық жасайды. Оларға қазақтар мен қырғыздардың 16 ғасырдың 20-жылдарынан қалыптасқан одағы қарсы тұрды. Моғолдар Жетісудағы билігін қалпына кел-тіре алмағандықтан көп ұзамай Оңтүстік-Шығыс Қазақстаннан көшіп, Қашқарияға кетеді. Осылайша Жетісуда қазақтардың, Қырғызстанмен жапсарлас өңірлерде қырғыздардың билігі сақталып қалды.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна» , 2006. – 768 б. – Б.376-377
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚАЙТА ӨРЛЕУІ. ХАҚНАЗАР ХАННЫҢ БИЛІГІ.
АҚНАЗАР, Хақназар (шамамен 1510/20 – 80) – хан (1538 – 80), қазақ халқын біріктіруге, мемлекеттігін нығайтуға айрықша еңбек сіңірген мемлекет қайраткері, қолбасшы. Қасым ханның ұлы. Әкесінен жастай жетім қалған. Ақназар анасы Қаныкей сұлтан-ханыммен бірге Қасым ханның қарындасы Қараүлікті паналап, Ноғайлының алты ұлы әулетін билеген Шахмамайдың қолында тұрған.
Ақназар таққа әкесі өлгеннен (1518) 20 жыл кейін отырды. Бұл екі ортада Қазақ Ордасында хан құтаймады. Біразы (Момыш, Тоғым, Ахмет хандар) сырт жауларымен шайқаста шейіт болды. Қасым хан айбынын асырған Қазақ хандығы іштей әлсіреп, сырт жаулармен күресте ірі-ірі сәтсіздіктерге ұшырады. Батысында Ноғайлы, шығысында Моғолстан, солтүстігінде Сібір (Көшім хан), оңтүстігінде өзбек хандықтарының қысымында болды. Осындай кезеңде билікті қолына алған ақназар елінің еңсесін көтеріп, сыртқы жағдайларды Қазақ Ордасының мүддесіне пайдалана білді.
Қасым ханның ісін ілгері жалғастырып, Ноғай ордасының бір бөлігін қазақ хандығына қосты. Мемлекет шекарасын Еділ мен Жайыққа жеткізді. Башқұрт халқының Ресейге мойынсұнбаған бөлігі де Қазақ Ордасының құрамына кірді. Орыс патшасы Иван Грозный Ақназарды құдіретті әмірші ретінде танып, елшілер жіберіп тұрды.
Ақназар Сібір хандығымен күрестің нәтижесінде Орта жүздің шетте жүрген руларын оңтүстікке топтастырды. Ойраттарға (1554) күйрете соққы берді. Моғолстан ханы Абд әр-Рашид ұлы Абд әл-Ләтиф сұлтанды жеңіп (1555), Ұл жүз руларының көпшілігін қосып алды. Моғолдар шебі Тәңіртаудан әрі ысырылды. Түркістан, Сығанақ, Сауран, Сайрам, Тараз қалаларын қайтарып алды. Қырғыздардың бір бөлігі Ақназарды хан деп таныды. Бұдан соң Шайбани ұрпақтарымен саяси-мәмлегерлік тәсілдермен де, қарудың күшімен де шешуші ұрыстар бастады. Бұхар ханы Абдолла мен Ташкент уәлаятының әмірі Баба сұлтанның алауыздығын пайдаланып, Ташкентті қосып алуды көздеп жүрген Ақназар жорықта қаза тапты. Ақназардан Дінмұхамед, Мұңғытай, Бозғыл есімді балалар қалған. Дінмұхамед біраз уақыт Ташкентті және Хиуаны билеген.
Хафиз-и Таныш Бухари, Шарафнама-йи-шахи, М., 1983; Абусеитова М.Х., Казахское ханство во второй половине XVI в., А.-А.,1985; Мирза Мухаммед Хайдар, Тарихи Рашиди, А., 2003
ШЫҒАЙ ХАН
Шығай хан (т.ж.б. – 1528 ж. ш.) – қазақ ханы, Жәдік сұлтанның баласы. Ол қазақ сұлтандарымен бірге Ақназар (Хақназар) бастаған жорыққа қатысып, Баба сұлтанға қарсы аттанды. 1580 жылы Ақназар қайтыс болғаннан кейін Шығай хан баласы Тәуекелмен бірге өзбек ханы Абдулла ханға келді. Абдулла оны қошеметпен қарсы алып, Ходжентті иелікке берді. Шығай хан 1582 жылы Абдулла ханның Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығына қатысты. Сол жорықта қайтыс болды. Бұхар маңындағы Кумушкент елді мекенінде жерленген.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.748
ТӘУЕКЕЛ ХАН
Тәуекел (т.ж.б. – 1598) – қазақ ханы (1586 – 98). Ақназар (Хақназар) хан мұрагерлерінің бірі, әрі ісін жалғастырушы. Моғолстан мен Бұхардан тәуелсіз болу үшін олармен тынымсыз күрес жүргізді. Бұхар әскерін жеңіп, Ташкент пен Самарқанды ба-сып алды. Тәуекел Ресеймен одақ құруға күш салды. Ресейдің мұндағы мақсаты: Көшім ханға қарсы күресте одақтасу; Орта Азия хандықтарымен келіссөз жүргізуге пайдалану; Бұхар хандығына қарсы Тәуекел мен Иран шаһы Аббас І-нің арасында одақ құрғызу еді. 1594 жылы қаңтарда патша үкіметі Тәуекелге әскери көмек көрсетпекші болды. Тәуекел Мәскеуге өзінің ұлы – Хұсайында аманатқа беруге келісті. Патша үкіметі осының қарымтасы ретінде Тәуекелдің немере інісі Ораз-Мұхаммедті қайтармақшы болды. Тәуекел 1595 жылы мамыр-маусымда В.Степанов бастаған орыс елшілігін қабылдап, қонақ етті. Тәуекел Бұхара үшін болған шайқаста қаза тапты.
Вельяминов - Зернов В.В., Исследование о Касимовских царях и царевичах, ч. 2. СПб., 1864; Басин В.Я., Россия и казахские ханства в XVI – XVIII вв., А.-А., 1971.
«ТА'РИХ-И-ҚЫПШАҚ» («ҚЫПШАҚ ТАРИХЫ») АТТЫ ЕҢБЕКТЕГІ ТӘУЕКЕЛ ХАННЫҢ ОРТА АЗИЯ ҚАЛАЛАРЫНА ШАБУЫЛЫ ТУРАЛЫ ДЕРЕКТЕР
Қазақ сұлтандары әкесі мен баласының арасындағы – Абдолла хан мен Әбді-Момын хан арасындағы қырқыс туралы хабар алған кезде бүлік көтеріп, Тәуекел хан орасан көп әскерімен Бұхараны қаратып алмақ болды. Абдолла хан ұрысқа (өз) қолбасшыларының тобын шығарды. Сол шайқаста атақты өзбектердің көпшілігі өлтірілді. Қашып-пысқан әскер Бұхараға келді. Бұл оқиға хан үшін тағы бір реніш болды. Ол әскер жинап, қазақтарға (тойтарыс беруді) әзірлеу үшін Самарқан жағына жорыққа аттанды. Оның басқаруының осы кезеңінде осында үздіксіз жеңілістер оның жүрек айнасына із түсіріп, ол қайғы-қасіреттен ауруға шалдықты, сөйтіп мың жетінші жылы өзінің уақытша өмірінің қалғанын жан алушыға (ажал періштесі Әзірейілге) тапсырды…
Абдолла ханның ұлы Әбді-Момын (өз) әкесі қайтыс болғаннан кейін даңқты Бұхара қаласында (таққа) отырды…
Ол осы жерден Самарқанға аттанды. Мың жетінші жылдың аяғында Темір тағына отырды. Оның (әкесі жағынан) немере туысы Хазірет-сұлтан Ташкентті жаулап алуға ту көтерді. Оған Жәнібек сұлтанның ұлы Рүстем сұлтан көмек көрсетті. Әбді-Момын хан орасан көп күшпен Ташкентке жорыққа шықты. Ол (бірқатар) шайқастардан кейін Хазірет-сұлтанды қолға түсіріп, даңқты қаласына жеңіспен оралды. Сол елдің қазақ сұлтандары (мен) хакімдері (оған) бас иіп, бағынды…
Қазақ Тәуекел хан Әбді-Момын ханның өлтіріліп, Пір-Мұхаммед ханның билік құра бастағаны туралы хабар алған кезде ол Ташкент пен Мауараннахрды бағындыру үшін жолға шықты. Ол әуелі Ташкентті қаратты, ал сонан соң Самарқанды басыпалды (және) Бұхараға (қарай) бет бұрды. Пір-Мұхаммед хан ашық шайқаста қарсыласу мүмкін деп таппай, сондықтан қамалға бекінді. Шамамен жиырма күн бойы Тәуекел хан мен оның қазақтары Бұхараның манайын торбынады, күн шығып, батқанға дейінгі уақыт аралығында екі жақтың арасында үнемі қақтығыстар болып тұрды. Ақыр аяғында қазақтар жеңіліс тапты. Тәуекел хан Самарқанға шегінді. Бауыры Әшім ханмен одақтасып, ол Пір-Мұхаммед ханға қарсы ұрысып, шайқасуға өзірленді. Хан оларды тағы да шайқаспақ ниетпен қарсы алды. Осы кезде оған Пір-Мұхаммед ханның інісі Баки-Мұхаммед сұлтан келіп қосылды. Хан оның келуін жақсылықтың нышаны деп жорыды және оған құрмет көрсетті. Екі жақ әскерлерінің арасында бір айдай уақыт ұрыс-қақтығыс болып тұрды. Бір жолы Тәуекел хан түн жамылып шабуыл жасады. Кескілескен шайқас болды. Тәуекелауыр жараланды. (Ол) еш нәрсеге қол жеткізе алмағандықтан, ат тізгінін Ташкент жаққа бұрды. Сол жарақаттан Тәуекел хан о дүниеге асығыс аттанып кетті…
XV-XVIII ғасырлардағы қазақ хандықтарының тарихы жөніндегі материалдар. А., 1969. 394-395 , 556-б.
ИБН РУЗБИХАН ҚАЗАҚТАР МЕН ӨЗБЕКТЕР АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ- ҚАТЫНАСТАР ТУРАЛЫ
Әрбір қазақ ұлысын Шыңғысхан тегінен тарайтын бір сұлтан басқарады; олардың әрқайсысы ясыға сәйкес Жошыдан бастап Шайбани ханға дейінгі ата-балалары иеленген жерлерге тоқталады; жазғы және қысқы жайылымдарды пайдалану төртібі де нақ осындай. Шайбани хан мен Дешті Қыпшақ ханының арасындағы жаулыққа Дешті Қыпшақ хандарының күншілдігі негіз болған. Дешті Қыпшақ мұрагерлік бойынша Шайбани ханға тиесілі еді, онда барлық кездерде соның ата-бабалары хандық құрып келген-ді. Осы негізде қазақ хандары егер Шайбани хан Дешті Қыпшаққа өтіп алса, ол күшейіп, қазақ хандарының билігін тартып алады деп қауіптенді. Шайбани хан мен Бұрындық хан арасында көптеген соғыс болды, олар барлық өзбектерге жақсы мәлім және оларды Шайбани ханның өзі де өзінің жазған тарихында айтқан. Дешті Қыпшақ хандарына келетін болсақ, олар да осы оқиғалардың бәрін растайды, бірақ басқаша түсіндіреді. Олар өздерінің Хан мемлекетіне шабуылын өздерінің мақта-мата тауарларына деген мұқтаждықтарымен түсіндіреді. Кейбір саяси ойлармен Шайбани хан қазақ көпестері мемлекетке жіберілмесін, ал келе қалған жағдайда тонап алынсын деген жарлық берді.
Хан жарлығының мәні бар еді. Өзбек мемлекетіне келген қазақтар оның күш-қуаты мен ресурстарын зерттепалып, сонан соң құлшына күреске түсер еді, сол кезде оларға қарсы тұру қиын болар еді. Бүгінде олар өзбектердің қалай тұрып, рақатқа батып отырғанын білмейді, сөйтіп өздерінің мешеу өмірін өте жақсы деп санайды, ал егер оларға жақсы және әдемі өнімдер жетсе, олар басқаша ойлай бастаған болар еді. Қазір олар білмейді. Осы ойлар негізінде олармен қарым-қатынас жөне сауда жасауға тыйым салынды, осындай шаралар арқылы қазақ қолының жолын бөгегісі келді.
Деректер мен материалдардағы Қазақстанның өткен тарихы. A. М., 1935, 107-б. (Орыс тілінде): Фазлаллахибн Рузбихан Исфахани… (Перевод, предисловия и примечания Ф. П. Джалиловой), М., 1976, 93-94-б.
ОРЫС ӨКІМЕТІ МЕН ТӘУЕКЕЛ ХАН АРАСЫНДАҒЫ КЕЛІССӨЗДЕР (1595 ЖЫЛҒЫ 18 НАУРЫЗ, ФЕДОР ИВАНОВИЧ ПАТШАНЫҢ ТӘУЕКЕЛ ХАНҒА ОРЫС ЕЛШІЛІГІН ЖӨНЕЛТУІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ХАНЗАДА ОРАЗ-МҰХАММЕДКЕ ГРАМОТАСЫ)
Бүкіл Русь патшасы ұлы кінәз Федор Ивановичтен ханзада Ораз-Мұхаммед Ондановичке.
Біз Мәскеуден Қазақ ордасына сенің ағаң Тәуекел патшаға Вельямин Степановты жіберіп отырмыз. Соған біздің грамотамыз барысымен, сен дереу өзіңнің аған Тәуекел патшаға грамота жазып, оны оған, Тәуекел патшаға және ханзадаларға Вельямин Степановтан беріп жібер, ол өздеріне барып, біздің істеріміз туралы айтқанда оған барлық жағынан сенім көрсетілсін жөне оның айтқанын тыңдағаннан кейін біздің ісіміз бен өздерінің ісін ойлансын, сөйтіп оны кешіктірмей, бүкіл істі толық тындырып, бізге қайтарсын, сол грамотаны бізге Мәскеуге Елшілік приказына біздің диак Василий Щелкаловка дереу жіберген жөн.
XVI-XVIII ғасырлардагы қазақ орыс қатынастары. Құжаттар мен жатериалдар жинағы. А., 1961, 6-б.
ЕҢСЕГЕЙ БОЙЛЫ ЕР ЕСІМ
Есім хан, (т.ж.б. – 1645) – Қазақ хандығының ханы (1598 – 1645), Шығай сұлтанның ұлы. Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласында тұрып, билік жүргізген. Сұлтан кезінде-ақ ағасы Тәуекел хан менбірге Түркістаннан Самарқанға дейінгі жерді Қазақ хандығы құрамына қосқан. 20 мың әскерімен өзі Самарқанда қалып, ағасы Тәуекел 80 мыңдай әскермен Бұхараға аттанды. Бірақ жеңіске жете алмады.
1598-83 жылы Тәуекел қайтыс болған соң, хан тағына отырды. 1599 жылы Бұхар хандығымен шарт жасасып, Ташкент қаласы мен оның айналасын Қазақ хандығына қосып алды. Осыдан бастап Ташкент екі ғасыр бойы Қазақ хандығы билігінде болды.
17 ғасырдың басында Ташкентті билеуші Тұрсын мен Есім хан арасында билік үшін күрес шиеленісе түсті. Тұрсыннан жеңілген Есім хан Шығыс Түркістан билеушісі Абд әр-Рахымның ордасына кетеді. Кейбір зерттеулерде Есім хан Шығыс Түркістанға Абд әр-Рахым ханның тілегі бойынша барған деп көрсетіледі. Абд әр-Рахым ханның қызы Падшаһ аруға үйленеді. Абд әр-Рахым Есім ханның ағасы (кейбір деректерде інісі) Күшік сұлтанның қызын алады. Бұл кезде Шығыс Түркістан хандығының ішкі саяси жағдайы шиеленісіп, өзара талас-тартыстар күшейген еді. Есім хан Абд әр-Рақым ханмен біріге отырып, Шығыс Түркістандағы көптеген қалаларды қайтадан хан билігіне бағындырады. Сөйтіп, Шығыс Түркістан хандығының Абд әр-Рахым хан төңірегіне топтасуына жәрдемдеседі. Осы тұста билікке таласқан өз ағаларынан қуғын көріп, қашып жүрген Әбілғазы Баһадүр хан Есім ханды паналап, оның қолында үш айдай тұрады.
Шығыс Түркістан хандығына арқа сүйеген Есім хан 1628 жылы Тұрсынды өлтіріп, Қазақ хандығының билігін қайтадан толық өз қолына алып, бір орталыққа бағынған ірі мемлекет құрды. Есім хан ойрат қалмақтарымен күресте ерлік пен батылдықтың өнегесін көрсетіп, “Еңсегей бойлы ер Есім” атанады.
Есім ханның қалмақтар мен Тұрсынға қарсы күресінде Қарасай, Алатау, Жалаңтөс, Жарылқамыс, Сүлеймен, Маянбай, Жиембет, т.б. батырлар ерлігімен көзге түсті. Жиембеттің “Уа, Еңсегей бойлы Ер Есім” деп басталатын жыры осы кезеңде туған. Қалмақтарға қарсы күресте Есім хан Бат. Қазақстан жеріндегі ноғайлармен арадағы қарым-қатынасты күшейтті. Есім хан қазақ-қырғыз ынтымағын орнатуға күш салды.
Есім ханға арнап қырғыз жеріндегі Кеңсай шатқалында ескерткіш салынса, Есім хан Ташкентте қырғыз Көкім биге күмбез орнатқан. Есім хан билік еткен тұста Қазақ хандығының әскери қуаты күшейіп, 300 – 400 мыңға дейін атты әскер шығара алған. Ал бұл кезде көршілес үлкен мемлекеттер Иран 50 – 60 мың, Ресей 70 – 80 мың, Қытай 100 мыңдай ғана атты әскер шығарған. Есім хан Жетісу жеріндегі Қазақ хандығының ықпалын күшейту мақсатында Шығыс Түркістанмен саяси байланысын жақсартты. Ел билеудегі жол-жобалар мен әдет-ғұрыптар туралы ережелер жинағы – “Есім ханның ескі жолы” қазақ елінде 19 – 20 ғасырлар ортасына дейін сақталып, қызмет етті.
Ресей деректерінде Есім ханның тұсында қазақ халқы арасындағы жеті атаға дейін некеге тұрмау тәртібі заңдастырылғаны туралы айтылады. Есім хан қазақ халқының ата салтының сақталуына шешуші мән берді. Қазақ хандығының бірлігін нығайтып, шекарасын кеңейтуге үлкен үлес қосты. Есім хан Түркістанда жерленген, қабірінің басына кесене орнатылған.
Материалы по истории казахских ханств, А.-А., 1969; Султанов Т., Кочевые племена на Приаралья в XV – XVII вв. Вопросы этнической и социальной истории, М., 1982; Уәлиханов Ш., Шығ. жин., 2-т., А., 1985; Моисеев В., Джунгарское ханство и казахи XVІІ – XVIIІ вв., А.-А., 1991; Жолдасбаев С., Жетісу тарихы (Палеэтнологиялық зерттеу), А., 1996.
“ЕСІМ ХАННЫҢ ЕСКІ ЖОЛЫ”
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы әдет-ғұрып заңдарының жиынтығы. Оның негізі Қасым хан (1511 – 23) тұсында сұрыпталған (қ. “Қасым ханның қасқа жолы”). Бастапқы кезде әскери-жарғылық сипатта жа-салған бұл жосындарды Есім хан өзгеріссіз пайдаланып, халық ара-сында жаппай қолдануға тырысқан. Есім хан билігі тұсында күнделікті көшпелі тұрмыстағы даулы мәселе-лерді шешуде, азаматтық, қылмыс-тық істерді қарауда, әскери-отбасы-лық қарым-қатынастарда “ата-баба жолы” басшылыққа алынды. Есім хан ғасырлар бойы сұрыпталып, ор-ныққан осынау жол-жоралғы, әдет-ғұрып жосындарын өз заманының әскери-саяси және әлеум. қажетті-ліктеріне орай жетілдіріп жүйеледі. Оны халық “Есім ханның ескі жолы” деп атаған. Дау шешіп, төрелік айту құзыретін иеленген би-қазылардың оны білуі міндетті саналған.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.239
ӘБІЛҒАЗЫ ХАННЫҢ ЕСІМ ХАНҒА БАРУЫ
…Мен қазақ ішіне кеттім. Түркістанда Есім хан қасында үш ай тұрдым. Ол уақытта қазақтың ханы Тұрсын хан еді, ол Ташкентте тұратын еді, Түркістанға келді. Есім хан оны көре барды, мені есік алдына қойып, өзі барып Тұрсын ханға көрініс қылып, қайтып келіп, менің қолымнан жетектеп алып барды. Тұрсын ханға: «Бұл – Йадгар хан ұлы Әбілғазы, еш уақыт бізге бұл жамағаттан кісі келіп, қонақ болған жоқ еді, бізден барғандар көп болар, бұл Сіздің қызметіңізде болғаны жақсы», - деді. Тұрсын хан «Жақсы, сенің айтқаның болсын» деп өзімен бірге Ташкенге алып кетті. Ташкентте Тұрсын хан қасында екі жыл тұрдым. Екі жылдан соң Есім хан Тұрсын ханды өлтірді. Есім ханға: «Сіз екі ханнан пайда тие ме деп келіп едім, Сіздің ісіңіз мұндай болды, енді рұқсат болса, Иманқұлы хан қасына кетейін»,- дедім. «Жақсы айтасың, солай қыл», - деді.
Әбілғазы. Түрік шежіресі. А., 1992, 189 б.
ОРБҰЛАҚ ШАЙҚАСЫ
Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысындағы алғашқы бетбұрысты оқиға. Бұл соғыс 1643 жылдың жазында қазақ қолын басқарған Жәңгір сұлтан мен жоңғар қолын басқарған Батыр қонтайшы арасында өтті. Ол жайлы мәліметті алғаш айтқан – тарихшы И.Э. Фишер. Осы шайқас жайында орыс тарихшылары А.И. Левшин, И.Я. Златкин, А.П. Чулошников, Гуревич, В.А. Моисеев, қазақ ғалымдары М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, С.Асфендияров, С.Сейфуллин жазғанымен, бірақ олардың бірде-бірі ұрыс өткен жерді нақтылап айтпайды.
Тау қойнауында өткен шайқас туралы тұңғыш деректі жазып қалдырушы – Тобыл әскербасшысы Р.С. Куракин, ал оған бұл соғыс жайындағы мәліметті жеткізушілер Тобылда қызмет еткен, Ресейдің Жоңғарияға барған елшілері Г.Ильин мен К.Кучелев (Кучем-бердейке). Олардың 1644 жылғы хабарламасында: “Біз барғанда қонтайшы ұлысында болған жоқ... 50 мың әскермен Қазақ ордасының Жәңгір сұлтанымен, Жалаңтөспен және Алатау қырғыздарымен соғысуға кеткен екен”, – деп жазылған.
Есім ханның ұлы Жәңгір шығыстан төнген жойқын қатерді көзімен көріп, қазақ руларын біріктіруге, басқыншыларға бірлесе той-тарыс беруге ұмтылды. Бұхара әміршісі, алшын (Кіші жүз) батыры Жалаңтөс баһадүрге хабарласып, көмек сұрады. Бірақ халха билеушісі Алтын ханның ұлы Омбы – Ерденемен, хошот билеушілері Үшүрті (Сесенхан) қонтайшымен және Шокур, Солжан тайпаларымен одақ құрған Батыр қонтайшы Жәңгірдің қазақтарды біріктіру жоспарын жүзеге асырмау мақсатында 50 мың қолмен жедел жорыққа шықты. Жолшыбай жоңғар шеріктері Алай және Тоқмақ қырғыздарының аумағын, бір-сыпыра қазақ ауылдарын шапқыншылыққа ұшыратып, 10 мың адамды тұтқындағаны туралы хан ордасы – Түркістанға хабар жетті. Жәңгір шұғыл әрі батыл шешім қабылдап, қазақ жеріне ішкерілеген жоңғарлардың жолын кесу үшін білтелі мылтықпен қаруланған 600 сарбазбен қарсы аттанды.
Әлемдік соғыс өнерінің жылнамасына енуге лайық Орбұлақ шайқасында Жәңгір мылтықпен қаруланған 300 адамды тау ішіндегі тар өзекке ор қазып бекінуге, ал екінші жартысын жоңғарлар тар өзектегі орға жеткенше таудың арғы бетіне жасырына тұруға бұйырады. Оның ойлағаны айнымай келіп, Батыр қонтайшы қаймықпай қорғанған орбекініске шабуыл жасайды, сол сәтте Жәңгір жауға ту сыртынан лап қойып, білтелі мылтықтарынан оқ жаудырады. Осы кезде Самарқандтан алшын Жалаңтөс баһадүр 20 мың қолмен көмекке келіп, 10 мыңнан аса адамынан айырылып, күйрей жеңілген жоңғарлар кері шегінеді. Ұлы жеңіске арғын Ағынтай, Қомпай, найман Көксерек, Бөдес, шапырашты Қарасай, төртқара Жием-бет жырау, қаңлы Сарбұқа, суан Елтінді, дулат Жақсығұл, қырғыз Көтен мен Табай, т.б. батырлар үлес қосқан. Бұл ұрыс қазақ қолбасыларының стратегиялық та, тактикалық та қабілетті болғанын, жауды алдын-ала зерттеп, барлап барып соғысқанын көрсетеді. Соның арқасында аз күшпен өзінен әлдеқайда көп әскерге тойтарыс беріп қана қоймай, оның 10 мыңнан аса әскерін жойып жіберген. Бұл Еуразия кеңістігіндегі жас мемлекет – Қазақ хандығының тәуелсіздігіне төнген қауіп-қатерді бірнеше жылға кейін шегерген жеңіс еді.
Отандық тарихнамада Орбұлақ шайқасы өткен жер туралы бір-біріне қарама-қарсы пікірлер бар. Қазақ халқының орта ғасырлардағы тұрмысын зерттеп, тарихи шығармалар жазған қаламгер М.Мағауин “Қазақ тарихының әліппесі” атты еңбегінде ойрат-халха шабуылының хронологиялық өрбу тізбегін, географиялық орналасу ретін негізге ала отырып, Орбұлақ шайқасы Қазақ хандығының құрамына кірген өңірде, қазіргі Қырғыз Республикасының шегінде өтті дейді. Ш.Уәлихановтың “Ыстықкөлге сапар күнделігінде” (1961, 243-6.) қырғыз жерінің қазіргі Алматы облысының Райымбек ауданымен шектесер тұсындағы асудағы қолдан жасалған табиғи ескерткіш – Сантас үйіндісі туралы сипаттай келіп, оны қазақ-жоңғар соғысындағы елеулі бір оқиғамен, яғни қазақтардың жеңісімен байланыстырады. 1990 жылы жазушы Б.Нұржекеев Орбұлақ шайқасының қазіргі Панфилов ауданының Белжайлау алабында өткендігі жөнінде дәлел ұсынды. 1993 жылы 3 шілдеде Алматы облысы Панфилов ауданындағы Белжайлау алабында ұлы жеңістің 350 жылдығына арналған той еткізілді. Ұрыс болған жердің атауы Орбұлақ, ал оқиға Орбұлақ шайқасы деп аталып, гранит тастан белгі қойылды.
Русско-монгольские отношения. 1607 – 1636 гг., М., 1959; Златкин И.Я., История Джунгарского ханства, М., 1983; Мыңжани Н., Қазақтың қысқаша тарихы, А., 1994; Мағауин М., Қазақ тарихының әліппесі, А., 1995; Галиев В., Хан Джангир и Орбулакская битва, А., 1998; Орбұлақ шайқасы. Тарихи шығармалар, А. 2003.
САЛҚАМ ЖӘҢГІР ТҰСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ.
Қазақ хандығының ханы (1628/45 – 1680), Есім ханның баласы. Әкесінің тірі кезінде-ақ Қазақ хандығының шеткі ұлыстарын, нағашы атасы Әбдірақым хан билейтін Тұрфанмен шекаралас жерлерін басқарып жүрді.
Бұл кезең қазақ-қалмақ арақатынасындағы аумалы-төкпелі, текетірес жылдар болатын. 1620 жылы қазақтың Есім сұлтаны, қалмақтың Алтын ханы, Шолай Убашы тайшы үшеуі ойраттарға қарсы одақ құрады. Алтын хан Қарақұлдың елін шауып, бала-шағасын тұтқындайды. 12 жасар Жәңгір хан осы кезде қалмақ елінде қазақ елшілігінің құрамында барған. Төрт жыл өткен соң қазақ сұлтаны Есім мен шорастың тайшысы Қарақұл бірігіп, Ресей иелене бастаған Тары бекінісіне шабуыл жасайды. Осы сәтті пайдаланған ойраттың Байбағыс пен Далай тайшылары Есім сұлтанның еліне тиіседі, бірақ жеңіліс табады. Осы кездегі ұрыстарда жас Жәңгір хан өзінің қолбасшылық қабілетін байқатады.
1635 жылы қазақ елінің солтүстігінде көшіп жүрген Жәңгір ханның еліне Далай тайшы, Ғужи тайшы, Тәуірхожа тайшы бастаған қарақалмақтар шабуыл жасайды. Жәңгір хан айналасындағы адамдармен қалмақтардың қолына түсіп, жеті жылдай тұтқында болады. Қалмақтар оны “лама” болсын деген ниетпен Тибетке жібере жаздайды. Қалмақтардың әскери тактикасын молынан игерген Жәңгір ханды Батыр қонтайшының Өргесіне келген орыс елшісі Ремезов көріп, онымен тілдеседі. Кейін Жәңгір хан біраз серіктерімен еліне оралып, Қазақ хандығының билігін қолына алады.
1643 жылы Андасай бойындағы Кеңгір деген шақпақ таулы мекенде алты жүз ғана сарбазбен Жәңгір хан Батур қонтайшының алпыс мың әскеріне қарсы тұрып, шегінуге мәжбүр етеді. Шақпақ Кеңгір тауларының қапшық сайына қапылыста кірген қалмақ әскерлері қазақ мергендерінің оғынан әрең құтылады. Жәңгір ханға Самарқан шаһарының аталығы Жалаңтөс баһадүр жиырма мың қолмен көмекке келіп жетеді. Осы шайқас Жәңгір ханның даңқын шартарапқа жеткізеді. Оқыс оқиға тоғыз жылдан кейін Жәңгір ханды ауыр жарақатқа душар етеді. Астындағы атының аяғы суырдың ішіне кіріп кетуі, Жәңгір ханның қалмақтың жас батыры, Цецен ханның ұлы Ғалдаманың сілтеген шоқпарын бойына дарытуына себепші болады. Осы жекпе-жекте мертіккен Жәңгір хан жиырма жыл сал болып жатып, өмірден қамкөңіл өтеді. Қазақтардың “Салқам Жәңгір” деп атауы осыдан.
1680 жылы әкесінің орнын басқан Тәуке хан тұсында Қазақ елі едәуір есін жиды. Бұған қонтайшының екінші әйелі, 1635 жылы Жәңгір ханмен бірге қалмақтарға тұтқынға түскен Ақтайлақ бидің қызы Жұмақас көп септігін тигізеді. Жұмақас өзінің Сенге мен Ғалдан Бошақты сынды бала-ларына нағашыларының еліне маза беруді өтінеді. Балалары анасының бұл өтінішін жерге тастаған жоқ. Жәңгір ханның тұсында, оның баласы Тәуке ханның заманында Қазақ елі жарты ғасырдай тыныштау, бейбіт өмір сүрді деуге болады.
Султанов Т.И., Кочевые племена Приаралья в XV – XVIII вв., М., 1982; Моисеев В.А., Джунгарское ханство и казахи XVІІ – XVIII вв., А.-А., 1991.
САЙРАМ ШАЙҚАСЫ
Қазақ-жоңғар арасындағы 1684 жылы болған шайқас. Қазақ хандығында қалыптасқан ауыр жағдайды пайдаланып, 1681 жылы жоңғар қонтайшысы Қалдан Бошигт қалың қолмен Жетісуға басып кіреді. Шу, Талас арқылы Арысқа жеткен жоңғарлар қазақ жасақтарын жеңіліске ұшыратып, Сайрам қамалын қоршады. Бірақ, Сайрам қамалы берілмейді. Жоңғар әскері қысқа қарай кері шегініп, Іленің жағасына кетіп, күш жинады. 1682 – 83 жылдары соғыс Сайрамның түбінде жүрді. Екі жақ бір-біріне алдырмады. Ақыры, 1684 жылы жазда Қалданның інісі Севан Рабдан Сайрамды басып алды. Жоңғарлар мыңдаған тұтқындарды, қисапсыз олжаны қолға түсірді. Сайрам шайқасынан кейін Жетісу өлкесі жоңғарлардың билігіне көшті.
«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, X том
ТӘУКЕ ХАННЫҢ БИЛІККЕ КЕЛУІ, ОНЫҢ САЯСАТЫ
Тәуке, Мұхаммед Батырхан (т.ж.б. – 1716) – қазақ ханы. Жәңгір ханның ұлы. Тәуке тұсында Қазақ хандығы саяси жағынан нығайған, бір орталыққа бағынған мемлекет болды. Үш жүзге билігі жүрген Тәуке хан тұсында Қазақ хандығының Сыр бойындағы қалалар саны 32-ге жуық болды. Ордасы – Түркістан қаласында орналасты.
Халық зердесінде Тәуке заманы қазақ хандығының ең бір өркендеген, “алтын ғасыр” деп саналады. Орыстың бел-гілі тарихшысы А.И. Левшин Тәукені көне Спартаның ақылғой заңгері Ликургпен теңеген. Тәуке Қазақ хандығының ішкі саяси ахуалын нығайтуға өзіне дейінгі “Қасым ханның қасқа жолы”, “Хақназардың хақ жолы”, “Есімханның ескі жолы” сияқты әдет нормаларына сүйене отырып “Жеті Жарғыны” қабылдаған.
Тәуке хандықты билеуде негізінен әр жүздің билеріне арқа сүйеді. Ұлы жүзде – Төле биге, Орта жүзде – Қазыбек биге, Кіші жүзде – Әйтеке биге, Қарақалпақтарда – Сасық биге, Қырғыздарда – Қоқым биге басқару тұтқасын берген.
Қазақ хандығында Тәуке тұсында сыртқы жағдай бірсыпыра тұрақтанып, нығая түсті. Тәуке Бұқар хандығымен сауданы дамыту мақсатында елшілік алмасып тұрды. 1678 жылы Бұхар ханы Субханқұлы атынан хан мен би басқарған елшілік қазақ даласына келеді. Осыған қарамастан Сыр бойындағы қалалар үшін Бұхар хандығы мен Қазақ хандығы арасында әлсіз қақтығыстар болып тұрды. Тәуке көрші жатқан Ресей елімен мәмілегерлік қатынас орнатқан. 1686 – 93 жылдар арасында Тәуке Ресейге бес елшілік жіберген. Оның 1694 жылы қазан айында жазылған хаты сақталған. Тәуке Ресей еліне арнаған хатында достық қарым-қатынасты сақтай отырып, бейбіт көрші болуға шақырады. Тәуке өзінің әкесі Жәңгірдің ісін жалғастырушы болды. Оның әскердің білгір қолбасшысы болғандығын ойраттармен жүргізген соғыстары дәлелдеп берді. Соғыс тәсілдерін тиімді пайдаланған Тәуке батыр атағына ие болған. 1689, 1702 жылдары қазақ жасақтары ойрат жерлеріне шабуыл жасаса, 1711, 1712, 1714 жылдары ойраттар қазақ жеріне бірнеше дүркін басып кірді. Тәуке көрші жатқан мемлекет термен өз заманына сай тиімді мәмілегерлік қарым-қатынас орнатты. Қазақ хандығы Тәуке хан тұсында басқару жүйесінде хандық билікке негізделген саяси жағынан орталықтанған мемлекет болды.
Спасский Г., Киргиз-кайсаки Большой Орды// Сибир-ский вестник No 7, 9, СПб., 1820; Казахско-руские отношение в ХVІ – ХVІІІ вв., Сб. док. и мат., А., 1961; Басин В.Я., Россия и казахские ханства в ХVІ – ХVІІІ вв., А.-А., 1971; Тынышбаев М., История казахского народа, А., 1993. Левшин А.И., Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей, А., 1996
ТӘУКЕ ХАННЫҢ «ЖЕТІ ЖАРҒЫСЫ»
Тәуке хан тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы.
17 ғасырдағы кейбір хан, сұлтандардың өз иеліктеріндегі ұлыстарды жеке-дара билеуге ұмтылушылығы Қазақ хандығының ыдырау қаупін тудыруына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды.
Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдет-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған “Қасым ханның қасқа жолы” мен “Есім ханның ескі жолын” одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бар, Күлтөбенің басында “Тәуке ханның Жеті жарғысы” деген атауға ие болған заңдар жиынтығына қабылданды.
Жеті жарғыға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды.
Жеті жарғыдан кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан және Жеті жарғының өзі талап, тілекті қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, оның көптеген жол-жобалары мен қағидалары 20 ғасырдың басына дейін қолданылып келді (Мысалы, бұл қағидаларға Абай да үлкен мән бергені және кезінде өзі жасаған заң жобасында ескергені белгілі). Жеті жарғы қазақтың ұлттық шешендік өнеріне сай, негізінен, афоризмдерден, мақал-мәтелдерден, қанатты сөздерден құралған. Бұл жүйені мазмұндық-кезеңдік жағынан “Қасым ханның қасқа жолы” мен “Есім ханның ескі жолына” негізделген және Тәуке ханның өз дәуіріне, саясатына сай енгізілген өзгерістер деп үшке бөлуге болады.
Жеті жарғының толық нұсқасы сақталмаған. Кейбір үзінділері К.Шүкірәлиевтің (1804), Я.Гавердовскийдің (1806), А.Левшиннің (1832) жазбаларында кезігеді. Олардан басқа Н.Гродеков, Л.А. Словохотов, А.П. Чулошников тәрізді орыс ғалымдарының зерттеулері мен айтқан ой-пікірлері шежіреші Ә.Қайнарбайұлынан алынған нұсқаға жақын келеді. Аталған нұсқада Жеті жарғының аталуы Тәуке хан енгізген жеті өзгеріске байланысты деген тұжырым жасалған. Бұл өзгерістерде төрелер мен қожаларға ерекше құқық беру арқылы билікті нығайту мақсаты көзделгені айқын байқалады. Мысалы:
1) “Халықтың ханы, сұлтаны, пір-әзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін”. Яғни қарапайым ер адамның құны 1000 қой немесе 100 түйе, я болмаса 200 жылқы болса, сұлтан мен қожаның құны одан жеті есе көп;
2) “Төрелер мен қожалардың жай қатардағы біреуі өлсе, олардың әрқайсысына екі кісінің құны төленсін”.
Сонымен қатар, қоғамдағы тұрмыстық және адамгершілік қатынастарды құқықтық түрғыдан жетілдіре түскен. Мысалы:
3) “Сырттан кірген адам үйге кірерде мініп келген атын босағаға байлағандықтан біреуді теуіп өлтірсе, бүтін құн, үйдің жапсарына байлаған ат теуіп өлтірсе, жарты құн, ал үйдің артына байлаған ат теуіп өлтірсе тек ат-тон айып тартады”.
4) “Ата-анасын туған баласы ренжітіп, қарсы келіп, қол жұмсаса, онда ол баланы ата-ана өлтірсе де ерікті, сұраусыз болады”.
5) “Кәмелетке жеткен баласы туған ата-анасына тіл тигізіп сөккені үшін (қол тигізбесе) қара сиырға не қара есекке теріс мінгізіп, мойнына құрым іліп, ауылды айналдыру керек”.
6) “Құйрық-бауыр жесіп, құда болған соң ақ баталы жесір басқаға кетсе, оған берілген қалыңмал жесір иесіне түгел қайтарылып, оның үстіне қалыңсыз қыз немесе бір қыздың қалыңмалы беріледі”.
7) “Ұры айыр түйеге нар, атқа аруана, тайлаққа атан, тайға ат, қойға тана төлейді. Оның үстіне үш тоғыз айып төлейді”. Осы соңғы өзгерістермен қатар жер дауы, отбасы және неке заңы, қылмыс пен құн дауына, ұрлық-қарлық, тонаушылыққа және куәлік ету мен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған қазақтың ұлттық әдет-ғұрып заңдары Жеті жарғыда көрініс тапты.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.268-269
М. Х. ДУЛАТИ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ЗАМАН
Мұхаммед Хайдар Дулати XV-XVI ғасырлардағы Қазақ хандығы тарихын, оның ішінде хандықтың құрылу тарихын арғы Моғолстан мемлекетінің өмірімен тікелей байланыста алып қарастырады. Оған «Қазақтар, олардың билеушілерінің жағдайының ерекшеліктері туралы, бұлатаудың оларға берілу себебі және олардың құрылуы туралы баяндау» деген тарау арнаған. Мұнда Қазақ хандығының іргелі елге айналған кезеңі Қасым ханның билік құрған тұсында екендігін ол былайша баяндайды: «Керей ханнан кейін Бұрындық хан болды. Сонан соң Жәнібектің баласы Қасым хан болды. Ол өз билігін Дешті Қыпшаққа да жүргізді. Оның әскері миллионнан (мың-мың) астам еді. Жошы ханнан кейін мұндай қуатты да даңқты хан болған емес».
Иә, Қазақ хандығының құрылуы, оның дамып, өркендеуі сол тұстағы қазақ халқының тыныс-тіршілігі, өмір салты, өзге елдермен қарым-қатынасы, мемлекет басқару, соғыс ісін жүргізу әдістері жайлы Мұхаммед Хайдар Дулати жазған тарихи еңбектей бағалы дерек көзі жоқ. Оның тарихи, танымдық маңызы Орталық Азия елдерінің тарихы мен мәдениеті, әдебиеті мен мәдениеті, ғылымы мен білімі үшін өте жоғары.
Мұнда қазақ халқының құрамына енген ру-тайпалардың таратыла айтылған шежіресі де мол. Мұхаммед Хайдар Дулати нендей кезен, нендей тақырып туралы жазса да шындықты жазады және әрбір жайтқа өзіндік көзқарасын танытып отырады. Мысалы, қазақ хандығы жайындағы жазбаларда рулық, тайпалық тартыстың ел бірлігін бұзып, талай қанды оқиғаларға апарып соқтырғанын ескерте отырып, ел бірлігін сақтауды ең басты нысана етіп алға тартуы - осының айғағы. Мұндай танымы терең, тағылымы мол тұшымды ойлар бүгінгі күнде де өз өзектілігін жоймаса керек. Ғұлама өсиеті ұрпақтан ұрпаққа жалғасын табар, желісін үзбес ұлы ұлағат болып қала бермек.
Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы. Хрестоматия: Жалпы бiлiм беретiн мектептiң 7 –сыныбына арналған/Құраст. С. Жолдасбаев. 3-басылымы. – Алматы: Атамұра, 2012. – 128 бет. – Б.119-120
МҰХАММЕД ХАЙДАР ДУЛАТИДЫҢ, ҚАДЫРҒАЛИ ҚАСЫМҰЛЫ ЖАЛАЙЫРИДІҢ АСА КӨРНЕКТІ ЕҢБЕКТЕРІНІҢ МАҢЫЗЫ.
“Тарих-и Рашиди”, “Рашидтің тарихы” – Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбегі (1541 – 45). Онда 14 ғасырдың 2 жартысы мен 16 ғасырдың 3 ширегі аралығындағы Моғолстан мен Қашқарияның тарихы баяндалады. “Тарих-и Рашиди”, екі дәптерден тұрады. Алғашқы дәптерде Моғолстанды билеген Шағатай әулеті хандарының тарихын жүйелі баяндайды. Екінші дәптер мемуарлық сипат ұстағанмен, онда Мұхаммед Хайдардың Кашмирді жаулап алғанға дейінгі тарихи оқиғалар сөз болды. Сонымен қатар сұлтан Саид ханның Моғолстандағы өкімет үшін күресі, оның 1514 жылы дулат әмірлерінен жаулап алып, Моғолстан мемлекетін құрғаны, Шағатай әулетінің Моғолстанның бұрынғы аймағы – Жетісу мен Тянь-Шаньдағы өкімет билігін өз қолдарына алмақ болған әрекеттері, моғол хандарының Шайбани әулетімен және қазақ хандарының қарым-қатынастары әңгімеленеді.
Шығарма 15 – 16 ғасырларда Орта Азия, Шығыс Түркістан, Ауғанстан, Үндістанда болған тарихи оқиғаларды да қамтиды. Автор еңбегіне моғолдар арасына кең тараған дулат әмірлерінің аңыз-әңгімелерін, мемлекеттік ресми құжаттарды, әсіресе тарихшылар: Йакут, Жамал Қарши, Жувейни, Рашид әд-Дин, Казвини, Абд әр-Раззақ Самарқанди, Шараф әд-Дин Әли Йездидің еңбектерін арқау еткен. “Тарих-и Рашидиді” түпнұсқа ретінде Орта және Орталық Азияның тарихын зерттеушілер пайдаланды. Оның парсы және түрік тілдеріне аударылған нұсқалары мен қолжазбалары Санкт-Петербургте, Ташкентте, Душанбеде сақтаулы. Еңбекті Денисон Росс ағылшын тіліне аударған. 2003 жылы “Тарихи Ра-шиди” қазақ тілінде Алматыда жарық көрді.
Материалы по истории Казахских ханств ХV–ХVІІІ вв., А.-А., Мұхаммед Хайдар Дулати., Тарихи Рашиди, А. 2003.
“ЖАМИҒ ат-ТАУАРИХ” – Қадырғали Жалайыри еңбегінің атауы. Бұл 17 ғасырда жазылған шежіре. Оны кезінде И.Березин (1854) Қазанда бастырған. Бұл басылыммен Ш.Уәлиханов, көптеген татар, қазақ ғалымдары таныс болған. Шежіре қазақ тілінде алғаш 1989, одан соң 1991, 1997 жылы жарық көрді. Жазбаның бас жағы Борис Годунов патшаға мадақ, орта тұсы Рашид әд-Дин шежіресінің ықшам баяны, аяғы Орыс хан мен Оразмұхаммед аралығындағы оқиғаларды қамтыған Шыңғыс ұрпақтарының тарихы.
Қадырғали Жалайыри шежерісі Рашид әд-Дин жазбасының көшірмесі емес. Көлемі шағын, бірақ тың тараулары бар жеке тарихи жазба. Ол Қазақстан, Орталық Азия, Алтай, Моңғолия елдерінің тарихын зерттеуде тарихи дерек көздердің бірі ретінде қолданылып келеді.
Қадырғали Жалайыр, Шежірелер жинағы, А., 1997