1694 ЖЫЛҒЫ ҚАЗАН. ҚАЗАҚ ХАНЫ ТӘУКЕНIҢ РЕСЕЙМЕН ДОСТЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫ ЖАҢҒЫРТУ ТУРАЛЫ ЖӘНЕ ТОБОЛЬСКIДЕ ҰСТАЛҒАН КЕЛДЕЙ МЫРЗАНЫ ҚАЗАҚСТАНҒА ЖIБЕРУ ТУРАЛЫ ӨТIНIП I ПЕТРГЕ ЖАЗҒАН ХАТЫНАН
...Асқан мәртебелi тақ иесi және аса жоғары мәртебелi әрi ұлы өкiл және ие әрi құдiретi күштi ұлы ақ патшаға.
...Барынша басымды иiп тағзым етемiн, ал Сiздiң аса қасиеттi ұлы мәртебеңiздiң қайырымдылығына тағзым еткеннен кейiн мынаны хабарлағым келедi. Тобыл уезiне iзгi мақсатпен елшi қылып екi адам жiбергенмiн, оның бiреуi қайтыс болды, ал менiң қызметшiм Келдей мырзаны онда ұстап алды. Ал Адам атадан осы кезге дейiн елшiнi ұры адам сияқты ұстаған мұндай iстi естiген емеспiз. Ал ендi Сiздiң аса қасиеттi ұлы мәртебеңiзге Күлтебай Аталықовтың ұлы, өзiмнiң сенiмдi малайым Тайқұмыр батырды жiберiп, Сiзден бiздiң өтiнiшiмiзге көңiл бөлуiңiздi, осындай ұрлықшы жаман адамдардың iстегенi үшiн ауызға да алмай, Келдей мырзаны босатуды сұраймын;
... Ал құдiреттi тақсырдың уақыты болса, Сiздiң де, бiздiң де рақымымызбен елшiлер мен сауда адамдары бұрынғысынша жүрiп-тұратын болады, алдағы уақытта да Сiз бен бiздiң жақсы атағымыз жайылып, Сiздiң де, бiздiң де рақымымызбен патшалықтарымыз арасында әрбiр адамға барынша iзгiлiк жаусын...
ХVI–ХVIII ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары. Құжаттар жинағы. А., 1961, 14–15-б.
1716 ЖЫЛҒЫ 13 ҚЫРКҮЙЕК. ҚАЙЫП ХАН ЕЛШIЛЕРIНIҢ ҚАЗАҚТАРДЫҢ РЕСЕЙМЕН ТАТУ ТҰРУ ТIЛЕГI ТУРАЛЫ МӘЛIМДЕМЕСI
1716 жылғы қыркүйектiң 13-i күнi Тобыл жұртының татар қызметшiлерiнiң басшысы Сабанақ Құлмаметов мырзаға Қазақ ор- дасының жiберген адамдары Бекболат Екешев, Байдәулет Бөриев былай дедi: оларды Тобольскiге Қайып хан жiберiп, Сiбiр губернаторы кiнәз Матвей Петрович Гагаринге оның, Қайып ханның, ұлы мәртебелi патшамен мәңгiлiк татулықта болғысы келетiнiн жеткiзуге әмiр берiптi: ал қоңтайшы мен оның, Қайып ханның, арасында көп жыл дардан берi дау бар екен, осы жолы да, өз елшiлерi жүрiп кеткеннен кейiн, оған, қоңтайшыға, он немесе он бес мың адаммен соғысқа ат танғысы келiптi. Алдағы уақытта да, егер ұлы патша оған, қоңтайшыға қарсы соғысқа бар десе, ол, Қайып хан, тек қана өзiнiң жиырма және 30 мың адамымен немесе орыстың әскери адамдарымен бiрге оған қарсы соғыс ашуға әрқашан әзiр болады. Ал ендiгi жерде Қазақ ордасынан шыққан қарақшы адамдар патша слободаларына қандай болса да күйзелiс келтiрсе, ал оны Қайып хан бiлсе, ол адамдарға жаза қолданылады немесе жаза қолдану үшiн ол адамдар Тобольскiге жiберiледi. Ал егер ол ұры адамдар слободаларда ұсталса, ол адамдарға жарлық Тобольскiде қолданылсын, сөйтiп оларға сауда жасау үшiн Тобольскiге Қазақ ордасымен және бұхаралықтармен сауда жасасу үшiн жыл бойы немесе жыл сайын Тобольскiден қанша адам көрсетiлсе, сонша адам жiберiп отырады...
Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы. Хрестоматия: Жалпы бiлiм беретiн мектептiң 7 –сыныбына арналған/Құраст. С. Жолдасбаев. 3-басылымы. – Алматы: Атамұра, 2012. – 128 бет. – Б.97
1717 ЖЫЛҒЫ 29 ҚАРАША. СIБIР ГУБЕРНАТОРЫ, КIНӘЗ М. ГАГАРИННIҢ БЕЙБIТ ҚАТЫНАСТАРДЫ ЖАҢҒЫРТУҒА КЕЛIСЕТIНI ТУРАЛЫ ХАТЫ
Аса қасиеттi ұлы мәртебелi патшаның Сiбiр губернаторы, кiнәз Матвей Петрович Гагарин Қазақ ордасының әмiршiсi Қайып ханға.
Биылғы 1717 жылғы қыркүйектiң 26-сы күнi маған Тобольскiге бiзден жiберiлген Тобылдың бояр ұлы Никита Белоусов жолдасымен келiп, сен, Қайып хан және сенiң Қазақ ордаңның адамдары бiздiң ұлы мәртебелi патша ағзамның, Сiбiр губерниясының адамдарымен татулықта болғыларың келетiнiн айтты. Сөйтiп ұлы мәртебелi патшаға қарсы шыққысы келетiн қалмақ әмiршiсi қоңтайшымен соғысқысы келедi дедi.
Бiздiң ұлы патша ағзамның жарлығы бойынша ұлы мәртебелi патшаның Сiбiр губерниясының адамдары сендердiң адамдарыңмен дауласпайды және бейбiт тұратын болады.
Ал бiздiң ұлы патша ағзамның өз жарлығымен маған тапсырылған ұлы мәртебелi патшаның Сiбiр губерниясы адамдарынан, олардың ешқайсысының тарапынан сендердiң адамдарыңа ешқашан ренiш жасалмайды. Ұлы мәртебелi патшаның жағына ұрлық iстеуге келмеу үшiн және қырқыс туғызбау үшiн сендердiң адамдарыңа да осындай тапсырма берiлгенi жөн; ал сендердiң адамдарыңнан және сендердiң адамдарыңмен бiрге бұхаралықтардан бiзге сауда жасап келетiндерiне емiн-еркiн және ренiшсiз сауда жүргiзуге әмiр беремiн, сөйтiп Қазақ ордасынан келетiн сендердiң адамдарың мен бұхаралық тардан баж салығын алуға рұқсат етпеймiн.
ХVI–ХVIII ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары. Құжаттар жинағы. А., 1961, 20-б.
1718 ЖЫЛҒЫ 21 ҚАҢТАР. Б. БРЯНЦЕВТIҢ ЖӘНЕ БАСҚАЛАРЫНЫҢ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ЖОҢҒАР ҚАЛМАҚТАРЫМЕН ӨЗАРА ҚАТЫНАСТАРЫН АНЫҚТАУ МАҚСАТЫМЕН ҚАЙЫП ЖӘНЕ ӘБIЛҚАЙЫР ХАНДАРҒА БАРҒАН САПАРЫНЫҢ НӘТИЖЕЛЕРI ТУРАЛЫ СIБIР ГУБЕРНАТОРЫ, КIНӘЗ М. ГАГАРИННIҢ АТЫНА ЖАЗҒАН ЕСЕБIНЕН
...Қасиеттi Сiздiң жарлығыңыз бойынша бiзге бiрiншi рет Қазақ ордасының жұртына келген соң, осы өткен жылдың жазында болған соғыста Қазақ ордасының қалмақтарға не iстегенiн, бақыт олардың қай жағында – Қазақ ордасы жағында немесе қалмақтар жағында болғанын және Қазақ ордасы Қалмақ жерiне жорықты қаншалықты алыс жасағанын шын мәнiнде анықтауға бұйрық етiлдi. Қасиеттi Сiздiң сол жарлығыңыз бойынша Қазақ ордасының алғашқы үйлерiне 1718 жылғы өткен қаңтар айының 21-i күнi жеттiк.
Ал алғашқы үйлерде Құттыбай мырза Қазақ ордасының қалмақтармен соғысы туралы былай дедi: қалмақтарға олардың қазақтарынан 30000 әскер барды, соғысқа оның өзi де қатыстым дедi, Ангус деген өзеннiң жағасына барып, сол жерде олар мың адам болатын қалмақтарды кездестiрiптi, олармен кешке дейiн ұрыс болыпты, түнде қалмақтар ағаш кесiп, ағаш тосқауыл жасап, аңдып отырыпты: ал қазақтар болса қалмақтардiкiнен биiгiрек ағаш тосқауыл жасапты да, сол тосқауылдан қалмақтарды екi күн атыпты. Үшiншi күнi қалмақтар жағынан тағы да бiр жарым мың әскер келiп, олардың аспаздар қосынына шабуыл жасапты, аспаздар қорқып, қаша жөнелiптi, олардан кейiн қазақ әскерлерi де қайтып, содан кейiн олар қалмақтармен соғысыпты; ал қалмақтардан немесе өздерiнен қанша адам өлгенiн ол бiлмеймiн дедi; олар қалмақтардан тiл ғана ұстап алыпты, олар қазiр де солардың жерiнде көрiнедi, олардың атақты адамдарынан өлтiрiлгенi 2 адам ғана, Қайып және Әбiлқайыр хандар мен басқалары өз ұлыстарына аман-есен қайтыпты; қазақ халқының барлық адамдары жоғарыда айтылған, Құттыбай мырза да айтқан сөздердi нақ солай қайталап айтады, бiрақ анық былай дедi: үшiншi күнi, таңертең ертемен көп қалмақ келiп, олардың әскерiне шабуыл жасапты, олар, қазақтар, оларды садақпен атыпты, қалмақтардың оларға қатты тигенi соншалық, олар бұған шыдамай, бәрi қашажөнелiптi, оларды қалмақтар жарты күндей өкшелей қуып, олардың адамдарын қырыпты, қаншасын өлтiргенiн ол бiлмейдi...
1718 ЖЫЛҒЫ 7 МАМЫР. Б. БРЯНЦЕВТIҢ КIНӘЗ М. ГАГАРИНГЕ ЖАЗҒАН ЕСЕБIНЕН
...Қасиеттi сiздiң жарлығыңыз бойынша бiз Әбiлқайыр ханға осы 1718 жылғы мамырдың 4-i күнi келiп, оның киiз үйлерi маңында түнедiк...
Ал мамырдың 5-i күнi бiзге Әбiлқайыр хан өзiне келуге бұйырды... Сонан соң Әбiлқайыр хан аса қасиеттi ұлы мәртебелi патшаның және Қайып ханның жарлығымен өзiнiң қалмақтарға қарсы соғысуға әзiр екенiн, нақ сол сияқты ұлы мәртебелi патшаның адамдарымен қандай болса да сауда жасайтынын және аса қасиеттi ұлы мәртебелi патшаның және оның адамдарының есендiгiн сақтауға әрқа шан әзiр екенiн айтты. Және де өзiнiң маңайында тұратын қазақ халқы, мiне олардың тарапынан аса қасиеттi ұлы мәртебелi патшаның адамдарына ешқашан ешқандай ұрлық жасалмайды, өзiмнен қашықта тұратындарға, оларға да Сiбiрдiң қалаларына ұрлық жасауға әсте бармауға әмiр беремiн дедi...
ХVI–ХVIII ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары. Құжаттар жинағы. А., 1961, 22–25-б.
РЕСЕЙ ОТАРШЫЛДЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ ҚҰЖАТТАР
1723 жылы Жоңғар ханы Түркiстанды басып алды. Жоңғарияға бағынбау үшiн Орта жүз бен Кiшi жүз халқы сан қиыншылықтарды бастан өткерiп, батысқа қарай жылжуға әрекет жасады. Башқұрттарды ығыстырып, Арал, Каспий теңiздерi мен Жайық өзенi аралығындағы жерлерге келiп табан тiредi, сөйтiп, олар орыстармен көршiлес болып шықты. Ол кезде Кiшi жүзде өте қабiлеттi, бiрақ екiжүздi Әбiлқайыр хан болды, опасыздығына қарай ол халыққа ықпалын ұзаққа сақтай алмады және өз жоспарларын жүзеге асыра алмады. Кiшi жүздiң ханы бола отырып, ол Ұлы жүз ханы болып та сайланды, бiрақ көп ұзамай тақтан түстi. Аз уақыт ол Түркiстанда да хан болып, Хиуаны биледi. Нәдiр шах әскерлерiнiң Хиуаға бет алғанын естiген Әбiлқайыр ол тақты да тәрк еттi.
Өз бәсекелестерiмен күресте тығырыққа тiрелген сәтте Әбiлқайыр аз ғана жақтастарымен Ресейге бағынуға тiлек бiлдiрдi. Бұл 1730 жылы едi. Қырғыз (қазақ — К.Е.) халқының көпшiлiгi оның ұсынысын қолдамады, тек бiраз айтыс-тартыстардан соң ғана қырғыздар оны хан ретiнде мойындады. Ақыр соңында 1734 жылы (1731—К.Е.) ғана келiсiмге қол қойылып, Әбiлқайыр орыс керуендерiне тиiспеуге мiндеттендi, ал орыстар өз тарапынан Әбiлқайыр ұрпақтарының хан тағына мұрагерлiк құқын таныды. Орыстардың қырғыз халқының көңiл күйi мен талап-тiлегiн түсiнбеушiлiктен туған осы келiсiмiнiң өзi далада орын алған талай бүлiкке себепшi болды. Келiсiм бойынша, ханды ертеден келе жатқан еркiн сайлау қағидасы жойылды. Яғни, мұндай жағдайда көне ру өкiлiне жатпайтын және халық арасында еш беделi жоқ Әбiлқайыр ұрпақтары ешқашан да хан тағына отырмас едi....
Қырғыздар арасындағы бас көтерулердiң негiзгi себептерiнiң бiрi — жаңа тәртiп оларды жылдар бойы жағаласып келе жатқан орыс-казактарының құзырына бағындырады деген хабар болды. Торғай облысының әскери губернаторы үнемi Орынборда тұрса да, Орынбор губернаторына мүлде тәуелсiз едi. Бiрақ Орал облысына Орал казактары мекендеген жерлер енгеннен соң, Орал казактарының да атаманы атанды. Алаңдаушылықты Хиуа ханы да қоздыра түстi. Нәтижесiнде 1869 және 1870 жылдары дала үлкен толқу үстiнде болды. Пошта станциялары қиратылып, жол бойына күзеттер қойылды, саяхатшыларға дейiн тұтқынға алынып, бiразы өлiм жазасына кесiлдi, қалғандары құлдыққа сатылды.
Даладағы бекiнiстерде орналасқан шағын орыс гарнизондарына үлкен қауiп төндi. Ақыр соңында, тәртiп қайта қалпына келтiрiлдi. Қазiр дала тыныштық жағдайда...1
Қырғыздар басқа азиялық халықтардан гөрi балаға тән мiнездi, барлық жақсылық пен кемшiлiктi бойына сiңiрген табиғат ананың ұлдары iспеттес. Қырғыздарды жақын бiле түскен сайын, оларды сүймеу, құрмет тұтпау мүмкiн емес. Орта Азияда болған, өмiр сүргендердiң бәрiнiң де пiкiрi қырғыздар өзге тайпалардан (халықтардан — К.Е.) осы табиғи тазалығымен ерекше көзге түседi деген тұжырымға саяды...2.
1 Скайлер Ю. Түркiстан. Орыс Түркiстаны, Қоқан, Бұқара және Құлжаға саяхат жазбалары. 1-том. Лондон, 1876. 31, 34, 54-бб.
2 Бұл да сонда. 34—38-бб.
Есмағамбетов К. Қазақтар шетел әдебиетiнде. Алматы: Атамұра — Қазақстан, 1994. 76—78-бб.
ҚАЗАҚ-ЖОҢҒАР ҚАТЫНАСТАРЫ ТУРАЛЫ ҚҰЖАТТАР
Ғасыр басындағы қазақ-жоңғар соғысы азаттық үшiн күрескен қазақ халқының тарихындағы ең бiр елеулi кезең.
Тарих қойнауына үңiлсек, 1740 жылдың күзiнде Қытаймен бейбiт бiтiм жасасқан жоңғарлардың қалың қолы Орта жүз қазақтарына тұтқиылдан, жан-жақтан шабуыл жасағаны белгiлi. Күтпеген соққыға тап болған, оның үстiне шайқастың алғашқы сәтiнде-ақ айбаты айқын Абылай сұлтан қолға түсiп (құжат №3), сарбаздарының қатары селдiреген Әбiлмәмбет хан әскерiмен Кiшi жүз жерiне қарай шегiнуге мәжбүр болды.
Барақ сұлтан мен Жәнiбек батырға жоңғарлар шабуыл жасаған
жағдайда, сақтық шараларын қолдану мен оларға көмек көрсету
туралы Сенаттың Орынбор экспедициясының бастығы
В.А.Урусовқа берген Жарлығынан
9 тамыз, 1740 жыл.
«... Жоңғар қалмақтарынан ресейлiк жаққа ешқандай нұқсан келтiрiлмеуi үшiн ерекше сақтық жасау керек... Қажет болған жағдайда Барақ сұлтанға, сондай-ақ Жәнiбек батырға зеңбiрек пен мылтықтан өзге оқ-дәрiмен және басқа нәрселермен, мүмкiндiгiнше, мөлшерлеп қана көмектесу керек».
Орта жүз ханы Әбiлмәмбетке, қажет болған жағдайда,
Орынбордан баспана беру туралы Сенаттың
Орынбор экспедициясының бастығы
В.А.Урусовқа берген Жарлығынан
18 ақпан, 1741 жыл.
«...Егер Әбiлмәмбет хан өзiн қорғау үшiн қалаға енудi өтiнсе, онда оны және жанындағы бiрнеше игi жақсыларын өткiзiңдер, ал әскерлерiне мұндай рақым жасалмасын. Олар қамалға ғана емес, шекарадан да аттап баспасын, мүмкiн болса керi, Ор өзенiнiң ар жағына қайтарылсын».
Сiбiр губерниялық кеңесiнiң қазақтардың жоңғар әскерлерiнiң
оңтүстiк бөлiгiн талқандағаны туралы Сыртқы iстер коллегиясына
берген Рапортынан
2 қыркүйек, 1741 жыл.
«... Өткен жылы (1741—В.М.) күз кезiнде Қалдан Серен қазақ жерiн жаулап алу үшiн үш мың адам жiберген... Қыс ортасында, олардың тiлiмен Цаган Сар (ақпан) айында Қазақ ордасы мен қалмақтардың сол күшi арасында шайқас болды. Осы шайқаста қазақтар қалмақ қолын жеңiп, олардың оң қанатын көп шығынға ұшыратты».
Ойрат О.Лозаковтың қазақтардың ноян Сыптан ұлыстарын
талқандағаны туралы Сiбiр губерниясы кеңесiне берген
Мәлiмдемесiнен
Қараша, 1741 жыл.
«...Өткен (1740) жылы Атаг өз ұлысының бастығы Сыптанға туыс басқа ұлыстарға барып, онда бiр түнеп ертеңiне таңертең өз жерiне келдi. Сол кезде Қазақ ордасының иелерi көп қол жиып келiп, оның ұлысын талқандап, Атагтың өзiн тұтқынға алған».
Орынбор комиссиясының бастығы И.И.Неплюевтiң қазақтар
мен жоңғарлар арасындағы бейбiт келiсiмдер туралы Сенатқа
жеткiзген Мәлiмдемесiнен
7 маусым, 1742 жыл.
«...Қайсақтардың жоңғар билеушiсi Қалдан Серенге Ақшора батыр бастаған елшiлер барып, қайтарында жоңғар қалмақтарынан үш адам олармен ере келдi. Келгендер қазақтардан өздерiне аманат үшiн абырой-атағы барлардан он адамды үй-жайымен және малдарымен, соның iшiнде Барақ сұлтанды, Жәнiбек батырды және басқа игi жақсылардың балаларынан бiр-бiр ұлды, сондай-ақ башқұртстандағы бұрынғы қарақшы, бүлiкшi, мұнда оны қонтайшының ұлы Сүной батыр атап жүрген Қарасақалды берудi өтiндi. Осы айтқандарын орындаса, жоңғар билеушiсi Қалдан Серен қазақтарға қарсы соғыспайды. Егер бермеген жағдайда, шайқасатын мерзiмi мен мекенiн жедел хабарласын деп шарт қояды».
ОРЫС ЖАНСЫЗЫНЫҢ ЖАЗБАЛАРЫ
1743 жылғы наурыздың 21-i, 1742—1743 жылдары Әбiлқайыр
ханның ордасында тұрған прапорщик Муравиннiң журналы
Қаңтар айы, 1743 жыл.
Хан ордасы жаңа өрiске көшiп қонды. Көшi-қон кезiнде Әбiлқайыр хан менен парсы шахының Астраханға соғыс ашатындығы жөнiндегi өсекке сенетiн-сенбейтiнiмдi сұрап бiлдi. Бұған мен еш нәрсе дей алмадым. Егер шахтың соғыс ашатындығы рас болса, хан өзiне қарасты қырғыздардың (қазақтардың — ред.) басын қосып, шахқа өзiнiң қарсы шығатынын мәлiмдедi. Өйткенi бұл шах талай мұсылманның жанын қиған, ендi ол әбден астамсып, Ресейге қол көтерiптi-мыс. Бiз хабардың өтiрiк-шындығы жөнiнде хабар күтемiз.
Ханның молдасы мына жайттан хабардар еттi: ол ханға келiп жүрген қайсыбiр қырғыздардың сөз саптауынан оның парсы шахымен соғыспаққа әзiрленiп жатқанын аңғарыпты. Олардың кейбiреуiнiң пiкiрiнше, орыс жағы жеңсе, бұларға жақсы болады-мыс. Әлгi молда тағы да мынаны айтты: «Ол ханым мен Нұралы сұлтанның өзара әңгiмесiнен Қожахмет сұлтанды Шыңғыспен алмастырғаннан кейiн кепiлдiкке нағыз хан кiндiгiнен өрбiген ұлдар берiлмейтiн болады...».
Молданың маған келiп-кетiп жүргенiн байқап қалған хан қатты ашуланып, оны өлтiрмекке ниеттендi. Алайда мен араға түсiп, сорлы молданы өлiмнен арашалап қалдым.
Артынан хан әлгi молданы: «Барып тұрған оңбаған адам, сенен естiген әңгiменiң бәрiн елге жайып жүр», — деп әңгiмеледi.
Ақпан айы
Хан менi өзiне шақырып: «Тәулiгiне неге екi рет тамақтанасың», — деп сөктi. Өйткенi хан Ор қаласында тәулiгiне бiр-ақ рет нәр сызыпты-мыс, кейде тiптi мүлде аш қалыпты.
Сондықтан маған да тәулiгiне бiр-ақ рет тамақтануға рұқсат еттi. Бұрын Гладышевтiң де, менiң де тамақтануыма тыйым салынбаған-ды. Хан ордасында жүрген бiр түрiкмен келiп, хан мен ханымның өзара әңгiмесiнен: «Хан бұдан былай Орынбор комиссиясының бас командирлерiмен жүздескiсi келмейтiнiн, жасының ұлғайған шағында орыстарға барамын деп, бауырларының табасына қалғанын айтыпты. Алда-жалда Орынборға жол түсер шаруа болса, Ералы сұлтанды аттандырмақ ойда. Наурыздың 15-iнен менi де керi қайтаруға ниеттенген екен, бiрақ қардың қалыңдығынан, аттардың арықтығынан қайтара алмағанына өкiнетiн тәрiздi. Және бұдан былайғы жерде елшi ұстағысы келмейтiн сияқты, өйткенi елшiнiң ханды күзетiп торуылдағаннан басқа жұмысы жоқ көрiнедi».
Хан молдасы түннiң бiр уағында жасырынып келдi. Кезiнде мен талап еткен қашқын солдат Леонтий Киршагский Нұралы сұлтанның қолында көрiнедi. Хан өз қарауындағы мерген Кәнкi деген қалмақ арқылы Нұралыға қашқынды өлдi деген едi. Әлгi қалмақ қашқын солдаттың тiрi екенiн өз көзiмен көрiптi. Айыбын мойнына алып, бала-шағасымен қайтуға құштар екендiгiн өз құлағымен естiптi, бiрақ «құлақ кестi құл» еткiсi келген ханның оны қайтармақ ойы жоқ екендiгiн әлгi қалмақ молдаға айтып берiптi.
Әлгi молда жол-жөнекей өтiп бара жатқан Барақ сұлтанның төлеңгiттерi мен қызметшiлерiнен жоңғар қалмақтарына аттанған майор Миллердiң аман-есен жеткендiгiн, естiптi. Әбiлқайыр хан әлгi «өлтiремiн» деп доқ көрсеткен молданы шақырып алып, оған бұрынғы күнәсiн кешiретiндiгiн айтып, бұдан былайғы жерде елшiлерге бармауын, Орынбор комиссиясының басшы командирлерiне хат жазбауын, жалпы, Ресей мемлекетiне байланысты ләм-мим демеуiн өтiнiптi, өйтпеген жағдайда оны өлтiруге дейiн жаза қолданатынын ескертiптi.
Кiшi жүз iшiнде Бүлiкшора басқаратын шектiлердiң Бақтыбай деген батыры төменгi қалмақтарға тиiскелi жатқанын естiдiм... Хабарды ести сала ханға жеткiзiп, қазақтардың бұл қылығын тыюын өтiндiм. Әйтпесе Ұлы мәртебелi императрица қањарына ұшырайсыңдар, — дедiм.
Бұған хан, әуелi: «Олар патшаға опасыздық жасаған қалмақтарға соғыс ашады», — дедi. Кейiннен хан әлгi Бақтыбай батырға кiсi жiберiп, қалмақтарға тимеудi тапсырды.
Наурыз айы
Бұрын Башқұртстанда тұрған Аллабердi деген қазақ, бұдан бiрер күн бұрын хан құзырына қарасты қазақтардың бас қосқанын айтты. Батыр сұлтан шектi Қарамырзаны Барақ сұлтанға жұмсап, қалмақтарға бiрге аттануды өтiнiптi. Бiрақ Барақ сұлтан бұған көнбептi.
Әбiлқайыр хан менi өзiне шақырып алды. Әңгiме арасында ханнан: «Орынбор комиссиясының басшы командирлерiмен кезiге алар ма екенмiн», — деп сұрадым. «Мұның бәрiн тиiстi жерге өзiм жазып жiберермiн», — дедi ол.
Бұған қазақтар жағы әуелi елдi жинап кеңесуi, хабардар ету керектiгiн, қазiр адамдары әр тарапта, бiразы орыстар жағында көшiп-қонып жүргендiктен, олардың басын қосып, ақылдаспайынша жауабын бере алмайтынын бiлдiрдi.
Жоңғар билеушiсi әскерлерiнiң барлығы бiрдей қосындарына оралмаған-ды. Мысалы, сары Мәнжi (Қалдан Сереннiң күйеу баласы) бастаған мыңнан астам қол Талас өзенi бойында қалған. Олардың әскерлерi өткен қыста аң кәсiпшiлiктерiнде болған қазақтардан бiраз адамды қолға түсiрген...
Қырғыз-қайсақтар өз әңгiмелерiнде Ақшораның да, Абылай сұлтанның да қол-аяғының байлауын шешiп, ал Абылайдың бауырын елiне қайтара тұрып, егер Ақшора қасына ерген үш қалмақпен бiрге жоңғар билеушiсiне қайтып оралып, аманаттарын орындаса, тұтқындағылардың бәрiн түгелдей босататынын айтқанын сөз еткен.
Семей бекiнiсiндегi қазақ саудагерлерiнiң қазақ билеушiлерi мен
жоңғар феодалдары арасындағы өзара қарым-қатынастары туралы
хабарынан
9 наурыз, 1745 жыл.
«…Қырғыз-қайсақ билеушілерінің біразы Бұқара маңында тұрады. Ал сол жерге жақын орналасқан жоңғар қалмақтары олармен жиі кездеседі. Тіпті олармен алыста тұратын қалмақтар да араласады. Бұрын бұлар бір-бірімен сыйыспай, қақтығысып, бірін-бірі тұтқынға алып жататын. Қазір олардың арасында шапқыншылық та, басараздық та байқалмайды. Бес жыл бұрын қалмақ Сыптан әскерімен қырғыз-қайсақтарға барып, олардың билеушісі Абылай сұлтанды көп адамымен қолға түсірген болатын. Екі жылдан кейін оны тұтқындағы көп адамдармен еліне қайтарып, бейбіт қарым-қатынас орнатуы үшін қалмақтардан да адамдар қосып жіберген. Содан бері осы кезге дейін қалмақтармен бейбітшілік орнаған. Олар даладан аң ауласа да, бірлесіп баратын болды. Сол соғыстан адамдарын, қарттары мен балалары үшін орнына мінер ат, сауыт-сайман береді. Қазір олар Қалдан Серен қалмақтарымен сыйластық орнатып, бір-біріне келіп-кетіп тұрады».
Ақиқат, 1993. №9. 60 67-бб.
ЖОҢҒАР-ҚАЗАҚ ТАРТЫСЫНДАҒЫ САЯСИ
ЖӘНЕ ӘСКЕРИ МӘСЕЛЕЛЕР
...1635 жылы Орталық Азияда дербес ел ретiнде қалыптасқан Жоңғария мемлекетi 1758 жылы (оны Маньчжур-Цин әулетi талқандады) тарих сахнасынан кеткенге дейiн осы өңiрде ерекше орын алған хандық екендiгiн өткен ғасырлардағы да, кеңес заманындағы авторлар да бiр ауыздан мойындайды. Көрнектi шығыстанушы, Жоңғар елi жөнiндегi бiлгiр маман И.А.Златкин өзiнiң монографиялық зерттеуiнде Жоңғария туралы 80-жылдардың басына қарай тек орыс тiлiнде жарық көрген еңбектердiң саны 150-ден асып кеткендiгiн атап көрсетедi. Ол мұнысы мемлекеттiң тарихында деген қызығушылығымен түсiндiредi. Тағдыры Қытай, Қазақстан, өзбекстан, Қырғызстан, Түрiкменстан, Қарақалпақстан, Моңғолия, Алтай халықтарымен байланысты болған осы хандық жөнiнде аталған елдер тiлiнде, тiптi Батыс Еуропа елдерiнiң тiлдерiнде жүздеген еңбектердiң жарық көргенi айқын.
Мұхаммед Хайдардың айтуына қарағанда, ХVI ғасырдың бiрiншi жартысында жиырмадан астам қарапайым (төрт бес iрiленген) ұлыстарда 1 млн 200 мыңнан — 1 млн 500 мыңға дейiн қазақ болған. Осы кезеңнен ХVIII ғасырдың соңына дейiн қазақ халқының демографиялық ахуалын анықтайтын мәлiметтер жоққа тән. А.И.Левшиннiң 1832 жылы жарық көрген қазақтар туралы алғашқы монографиялық зерттеуiнде халқымыздың санын 2,5 млн-нан 3 млн-ға дейiн жеткен деп топшылауында негiз бар. Осы мәселемен тiкелей айналысқан кеңес-бурят тарихшысы Ш.Чимитдоржиевтiң зерттеуiне қарағанда, Жоңғарияның көркеюiнiң ең шыңына жеткен шағы ХVIII ғасырдың 20-жылдарының орта шенiне сәйкес келедi. Бұл кезеңде тұрғындар саны 1 млн шамасы
болған. Жоңғар хандығындағы тұрғындар саны 1 млн-нан аспағанын басқа да деректер мен зерттеулер растайды.
ХIХ ғасырдың бiрiншi ширегiнде орыс әлеуметтанушылардың iшiнен ерекше көзге түскен Бичуриннiң “Жоңғарлардың соғыс кезiнде миллионға жететiн әскер жинайтын мүмкiндiгi болды” деген қорытындысы шындықтан алыстау. Бiрақ халқының саны жағынан қазақтар жоңғарларданәлдеқайда басым екендiгiне ешбiр ғалым таласа қоймас.
Экономикалық жағынан екi елдi салыстырғанда төмендегiдей ахуал байқалады. Қазақ хандығы да, ойрат-жоңғар мемлекетi де, негiзiнен, мал шаруашылығы басым болған көшпелi елдер. Мал шаруашылығының мүддесiнен екi елдiң арасында жиi жер дауы туып, ол саяси кикiлжiңдерге ұласты. Қазақ феодалдары да Тәуке хан тұсында Жоңғар жерiне басып кiрiп, елдiң шығыс шекарасын кеңейтуге тырысты.
Жоңғарлардың да iргелес қазақ елiне жиi басып кiруiнiң саяси негiзi — жерiн кеңейту. Осының салдарынан ел арасындағы тартыс бiрде сөнiп, бiрде өрттей лаулап отырған. Алайда жоңғарлардың қазақтардан бiр ерекшелiгi — Жоңғар жерiнде XVIII ғасырдың басында темiр және басқа түстi металдарды балқытатын зауыттардың болуы. Қазақжоңғар тартысында бiрқатар шайқастарда қалмақтардың басым болған себебi де олардың жауынгерлерiнiң зеңбiректермен қаруланғандығында.
Орыс тарихшыларының мәлiметтерiне қарағанда, XVII ғасырдың соңында қалмақтардың қарулы күштерi “отты қарумен” қамтамасыз етiлген.
I Петр патшаның тiкелей нұсқауымен жоңғар қонтайшысының сол кездегi резиденциясы Ургада болды. Қалмақтардың әскери дайындық дәрежесiмен арнайы танысқан капитан И.Унковский жоңғарлардың әскери дайындығы ерекше жоғары дәрежеде екендiгiн таңғала жазады. Жоңғарлардың зеңбiректердi мол дайындауы көпшiлiк зерттеушiлердiң Иоган Густав Ренат деген шведтiң шпик-юнкерiнiң (артиллерия сержанты) атымен байланыстыруында негiз бар. 1709 жылы Полтава түбiндегi шайқаста орыс тұтқынына, кейiннен 1719 жылы ақпан айында Ертiстiң жоғары бойында, Ямышев тұз көлiнiң жанында, орыстардан жоңғар тұтқынына түскен Ренат Жоңғар елiнде бiрнеше зауыттар салуға басшылық жаса. Себан-Рабданның (Цэван-Рабдан) сенiмiне ие болып, жоңғар-қытай соғысында қалмақтардың iрi қолбасшысы ретiнде бiрқатар жеңiстерге жеткен.
Ренаттың атын ғылымға әйгiлi еткен — соның қолымен дайындалған, тарихта “Ренаттың Жоңғар картасы” деген атпен тек ХIХ ғасырдың 80-жылдарында белгiлi зерттеушi Макшеевтiң басшылығымен жарияланған карта. Осы кезге дейiн осы топографиялық құжат Жоңғар жерiнiң Қазақ хандығымен iргелес аймағын көрсететiн құнды дерек.
XVIII ғасырдың 20—30-жылдары қазақ-қалмақ байланыстарының мейлiнше шиеленiскен кезеңi. 1722 жылы жоңғарлардың қарсыласы Цин императоры Канси дүние салды. Оның мирасқоры Юнь-Чжиннiң Жоңғар жөнiндегi саясатының әлi де анықталмауы жоңғарлардың барлық күшiн қазақтарға қарсы жұмылдыруға мүмкiндiк туғызды.
1723 жылы “Ақтабан шұбырындының” басталуының басты себебi де осыдан. Жаудың ұрыс даласында қазақтарды ығыстыруға басты себеп — қалмақтардың зеңбiректерiнiң мол болуы және оны жоңғар қолбасшыларының ұтымды пайдалануы. 1732 жылы Жоңғарлардың жаңа қонтайшысы Қалдан-Сереннiң (Голдан-Цэрэн) резиденциясында болған орыс елшiсi майор Л.Угримовтi сол Ренат Жоңғар жерiнде мортира және басқа да зеңбiректердi құюдағы жетiстiктерiмен таныстырған. Жоңғар зеңбiрек зауыттары жұмысын жандандыруға Демидовтер меншiгiнде болған Колыван, Үлбi және Алтайдың басқа жерлерiнен қашқан орыс мамандары септiгiн тигiздi. Мысалы, 1741 жылы Темiрлi өзенiнiң жағасында мастеровой Иван Бельдяганың басшылығымен мыс зеңбiректер құятын зауыттар iске қосылды. 1745 жылы Телеут көлiнiң төңiрегiнен руда қорын iздеген Петр Шалягин жоңғардың қарулы қолын кездестiрген. Олардың көпшiлiгiнiң тек сайдақпен (садақпен) ғана жарақтанбай, сонымен бiрге “туркумен” (мылтықпен) де қаруланғанын өз есебiнде келтiредi.
Жоңғарлардың зеңбiрек және мылтық жасайтын зауыттарының қызу жұмысы шикiзат қорына тәуелдi едi.
Жоңғар билеушiлерiнiң Қазақстандағы Алтайға ерекше көз тiккендiгiн Жоңғарияға түстi металдардың өте қажеттiгiмен де түсiндiрген дұрыс. ХVIII ғасырдың 30-жылдарына қалмақтар уақытша үстемдiк еткен Алтай тайпаларынан металдың жетiспеуiн жою үшiн “алман” (салым) ретiнде темiрден құйылған бұйымдар, соның iшiнде, қазанды тапсыру мiндеттелген едi. Алым-салық төлеудiң қалмақтардың саяси-әскери мүддесiне үйлестiрiлгенiн мынандай фактiден көруге болады. Бараба аймағында (Ертiс пен Обь өзенiнiң аралығы) көшiп-қонып жүрген тайпалар алым-
салықтарын аң терiсiмен өткiзе алмаса, мүйiздi садақпен атуға жарамды ағаштан 20 жебе дайындап өткiзетiн.
Жоңғарияны қалай да әлсiретудi ойластырған шекаралық Сiбiр шебiнiң бастығы генерал И.Киндерман Ресейге ауытқыған Алтай тайпаларына темiрден жалпы металл бұйымдарымен Жоңғарияға “алман” өткiзуге тыйым салды.
Жоңғарлардың қазақтармен соғыстарда тағы да бiр өзгешелiгi — ұзақ жылдар бойы Маньчжур-Цин әулетiмен арпалыста iрi соғыс операцияларын ұйымдастыруда мол тәжiрибе жинағандығын да ұмытпаған жөн. Қазақтың, әсiресе Кiшi жүздiң жағдайын бiршама қиындатқан нәрсе — батыстан жоңғарлармен дiндес, тiлдес, тағдырлас Едiл қалмақтарының жиi-жиi Кiшi жүзге басып кiруi. 1670 жылы Себан-Рабдан өз қызы Дармаболаны Едiл торғауыттарының дербес ханы Аюқаға айттырды. Дiнi (лама), тарихы, мәдениетi жағынан жақын, ендi династиялық жағынан жақындаған екi жоңғар елi қазақтарға зор қауiп төндiрдi.
Қазақтардың әскери өнерi көшпелi өмiрдiң әсерiнен, көршiлес елдермен тұрақты алыс-шабыстарда шыңдалды. Жаумен алысқанда, әрбiр ру өздерiнiң бабаларын, қасиеттi ру аттарын ұран қылып атой салғанда, оған қарсы тұру тiптi жоңғарларға да қиын соғатын едi. Рулық жiктелу, феодалдық құрылым, көшпелi өмiр салты, қазақтардың әскер өнерiнiң өзiндiк жолмен дамуына әсер еттi.
Жаугершiлiк заманда қазақтардың қару-жарағының, сауыт-сайманының өзiндiк ерекшелiктерi болды: көпшiлiгiнде Орталық Азия базарларынан айырбаспен не сатып алынған қылыштар, әсiресе қазақ батырлары ерекше құрмет тұтқан “наркескен” деп аталған парсы семсерi болды.
Батырлардың көпшiлiгiнiң ұстайтыны “жеке ауыз” деп аталған қысқа қылыш едi. Әрбiр атты жауынгерде жуандығы 3—5 см-ге дейiн, ұзындығы 2 м-ге дейiн жететiн, қарағайдан жасалған әбден кептiрiлген ағаш найзадан тұратын, ұшы темiрден жасалған қанжардың өткiрлiгiндей, екi жақты жүзi бар қару. Келесi “азиялық” дәстүрлi қару iшiнде кең тарағаны — садақ. Қазақтардың қолөнерлiк бұйымдар мен қару жасайтын мамандары тамаша садақтарды өздерi де дайындайтын. Ш.Уәлихановтың растауына қарағанда, қазақтар қытайдың да садақтарын пайдаланған.
Осы садақтар арасында жауынгерлер үшiн өте бiр құндысы — сауыт бұзар садағы.
Жоңғарлармен соғыс жағдайында қазақ сарбаздары мылтықты жиi пайдаланды. Жеке сұлтандар қолында болған “шаңғалы” мылтығы 700 м-ге дейiн жететiн. Жоңғарлардың зеңбiректен артықшылық жағдайда тұруы үнемi оларға басымдылық бермедi. 1643, 1717, 1726, 1729 жылдардағы және басқа да көптеген соғыстарда қазақ сарбаздарының жеңiске жетуi халықтың әскери рухының бекем болғандығын, батырлардың жан қияр ерлiгiн, Абылай сияқты ұлы мемлекеттiк қайраткерлердiң көрегендiгiн, елдi ортақжауға жұмылдырудағы даналығын көрсеттi.
Қасымбаев Ж. Қазақ тарихы. 1993. №2. 24—30-бб.
ЖОҢҒАРҒА ҚАРСЫ ЖОЙҚЫН ШАЙҚАС
Көне тарих қазақ-қалмақ жаугершiлiгi заманының талай оқиғаларын бiздiң дәуiрге дейiн жеткiздi. Соның ең есте қаларлығы және жоңғарға қарсы жүз жылдық азаттық күрестiң бастамасы —1643 жылғы алты айға созылған жойқын соғыс. Бұл жылы жоңғар қонтайшысы Батур қазақ жұртын құлға айналдыру мақсатында зор күшпен аламан жорыққа аттанады. Оған хошауыттың Огирту шешенi, Абылай тайшы, Алтан ханның балалары, ханның iнiсi Шоқыр тайшы қатарлы ойрат елiне әйгiлi билеушi ханзадалары түгел қатысады. Батур ордасы маңында 50 мың атты жасақ сап түзейдi. Бұл жолғы аламан жорыққа хошауыттың Күнделен тайшысы келмедi. Жердiң шалғайлығына байланысты Кiшi қара қалмақ ордасының ханы Хо-өрлiк те (Едiл-Жайықта орналасқан) күш қоса алмады. Соғыс, ең алдымен, Алатау қырғыздарын шабудан басталды. Жайбарақат отырған ел ойрат қосынының ойранына ұшырады. Қаңтардың суығында шабуылға ұшыраған ел арып-ашып, азып-тозып кеттi. Жоңғарлар 10 мың тұтқын, қыруар мал-мүлiк олжа түсiрдi.
Қаһарлы қонтайшы қарауылдағы 50 мың жасақты Огирту ноян, Абылай тайшы, Солтан, Омбо-Ердени және Шоқыр тайшыларға басқартып, қазақ хандығына қарсы 5 бағытта жорыққа шығарды. Жоңғарлардың жорық жолдары туралы әскери деректер (карта, сұлба) сақталмаған. Бiрақ сол кездегi шекара шептерiне және ежелгi үлкен жолдардың орналасуына қарап пайымдағанда, Шу—Талас бойымен, Қаратаудан, Сусамыр жоталарынан, Алакөл—Бетпақ арқылы жасалған деуге толық негiз бар.
Шабуыл барлық бағытта бiр мезгiлде Түркiстан, Ташкенттi бетке ала жүргiзiлдi. Ойрат ханының қырғыздарға қол аттандырғанынан толық хабардар болып отырған қазақ ханы Есiм бұл соғысқа өз тарапынан күштi дайындала бастады. Көп адамдар үлкен жолдардан шалғайға, алыс түкпiрлерге көшiрiлдi, тау асуларына мықты күзет қойылды. Ақжайықтан Алтайға, Сiбiр ормандарынан Ташкент, Самарқанд iргесiне дейiн шашырап жатқан жасақтарының Түркiстанға жиналуы хабарланды. Алшын Жалаңтөс Бахадүр, Жәңгiр сұлтан, Жиембет, Марғасқа сияқты қолбасы-жыраулар ел басына ауыртпалық түскен мұндай күндерде Еңсегей бойлы ер Есiмнiң жанында болып, оған ақыл-айласымен көмектестi.
Шу—Талас аңғарында, Сусамыр тауында, Бетпақта, Алакөл—Аягөз жазығында, Тарбағатай асуларында жүрiп жатқан сұрапыл соғыстарда бүкiл қазақ қолына басшылық ету сенiмi мен мәртебесi Жалаңтөс Бахадүрге тапсырылды.
Қолда бар мағлұматтарға қарағанда, Марғасқа, Жиембет бастаған қосындар, сол кездiң дәстүрлi тiлiмен айтқанда, байұлы, жетiру жасағы Түркiстан бағытындағы жау әскерiне қарсы тұрған. Есiм хан Түркiстанда едi, сондықтан қонтайшы бұл бағыттағы соғыс қимылдарына ерекше мән берiп, бұған қосалқы күшпен белсендi көмек көрсетiп отырды.
Алакөл—Аягөз жағынан Бетпақ арқылы келе жатқан жау корпусы Жәңгiр сұлтан, Жанкөбек би (Қу дауысты Құттыбай бидiң арғы атасы), матай Жарылқамыс батыр, Көшебе Маянбай батыр бастаған найман-керей қолының тегеурiндi қарсылығына ұшырайды. Шақшақ би (Жәнiбек тарханның арғы атасы), Әлдеуiн батыр бастаған арғын-қыпшақ жасағы, бөгежейлi Жақсығұл үйсiн-ойсыл қолы, Көкiм бидiң қырғыз қосыны Қаратау етегi мен Ташкент тауларында, Шу—Талас аңғарларында шайқас жүргiзедi.
Самарқанд маңындағы қазақтардан жиналған 2 түмен әлiм қолы Сусамыр тауындағы асу, жолдарын бақылайды. Ұзын ырғасы 2 мың шақырымдай жерде соғыс шебi құрылады.
Қыстың аяз-боранын пайдаланып, тез тiзе бүктiрмек болған қонтайшы есебi терiс болып шығады. Бұл жолғы шабуылдың қыста ұзаққа созылуына қарамастан, қарттар, балалар, әйелдер 1723 жылғыдай қырғын көрiп, шұбырындыға ұшырамайды. Дұшпанның темiр шеңгелi бұл жолы отбасы, ошақ қасына дарымайды. Шайқас көбiне асуларда, жол торабы мен ашық шептерде өтедi. Қарсы жақтар қыс бойы бiр-бiрiнен жеңiлмей, жұлқыласумен шығады. Есiм хан Түркiстанда отырып, майдан шебiнде жүрiп жатқан ұрыс барысын бақылауында ұстады.
Батур қонтайшы мамыр айы басталысымен әскерiнiң қалжырай, қожырай бастағанын сезедi. Азық-түлiк, ат-көлiк жетiмсiздiгi байқалады. Мұның, керiсiнше, қазақ жағы жаз шыға күшейе бастайды. Жасаққа сойыс мал әкелiнiп, Ташкент, Самарқандтан мылтық, оқ-дәрi, қылыш, найза жеткiзiледi. Мұндай жағдайда “Күнделен тайшы ту сыртымнан келiп тиiп, тағымды тартып ала ма?” деген қауiп те Батур қонтайшының көкiрегiндегi үрейдi ұлғайта түстi. Осының бәрiн таразылағанда, Батур қонтайшы қазақ хандығының жоймақ болған райынан ерiксiз қайтуға мәжбүр болды. Сөйтiп әскерге мысық табандап шегiнуге жарлық берiлдi.
Жоңғар қосындары Балқаштың терiстiгiне жиналып, одан әрi қарай Алакөлдi жағалап, Барлық тауын бөктерлей Күнделен тайшы жайлайтын қоныстарға жетпек болды. Батур бұл бағытты текке таңдамаған едi. Жоңғар әскерiнiң қуып келе жатқан қазақ жастарын Күнделен тайшы ұлысына кiргiзу арқылы хошауыт тайпасын соғысқа тарту болатын. Бiрақ оның бұл мақсаты iске аспай қалды. өйткенi дәл осы кезде ойрат әскерiнiң үлкен бiр бөлiгi (корпусы) қоршауға түсiп қалды. Бұл оқиға Қазақ КСР тарихында былай баяндалған: “Жәңгiр өз қосынының бiр бөлiгiне, қалмақтар тар асудан асып келгенше, екi таудың арасындағы тар жылғаға ор қазып, бекiнiп жатуға бұйырып, қосынының екiншi бөлiгiн таудың арғы жағына жасырды. Сөйтiп, Жәңгiрдiң ойлағанындай болып шықты. Қонтайшы ор қазып алып ерлiкпен қорғанып жатқандарға қарсы шабуыл жасады. Ал осы кезде Жәңгiр сұлтан жауға тылдан бас салды… Сөйтiп қалмақтарды қатты жеңiлiске ұшыратқаны
сонша, дұшпандар жағынан 10 мыңдай адам табанда қаза тапты… Ұрыс бiтуге жақындағанда Бұқар әскерлерi келiп қалды да (20 мыңдай адам—2 лек), Батур кейiн шегiнуге мәжбүр болды…”
...Қазақтардың есте сақтауы бойынша, бұл оқиға “Жоңғар қақпасы” аталатын Алакөлдiң күн шығысындағы тау жылғасында болған. Екi жағы биiк, құз-қиялы 10 шақырымға созылатын қақпа тасты бұл жылғаның бiр жағы шалқыған көлге тiрелiп жатқан. Қазақ жастарының алдарқатуымен енiп кеткен бiр бөлiм жау әскерi қоршауда қалған. Бұл хабар қонтайшыға жетiп, одан көмек келгенше Жалаңтөс Бахадүр 20 мың қосынмен қоршаудағы топты жою ұрысына басшылық еттi. Бұл ұрыста 10 мың адамынан өлiдей айырылған Батур Қобықсары тауының бауырындағы (Текес өзенiнiң жағасы, Текес — Iленiң бiр саласы) ордасына ат басын бұрады. Бұл жолғы, яғни 1643 жылғы жойқын соғыстағы жеңiстi есте қалдыру үшiн Есiм хан, Шынташ асуында (Қарқара жайлауының қырғыз жағы) Тасқорған ғимаратын салдырды. Қазақ-қырғыз ынтымағының белгiсi ретiндi Ташкент қаласында Күкiмнiң көк күмбезiнтұрғызды.
1643 жылы сұрапыл соғыс оқиғасы қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы 100 жылдық азаттық күресiнiң алғашқы ерлiк беттерi болып тарихқа ендi. Бұл жолғы қан кешуде қазақ, қазақ халқына басшылық еткен ұлы перзенттер — Жалаңтөс Бахадүрге, Есiм ханға, Күкiм биге, Жәңгiр сұлтанға ескерткiш орнатып, құрмет бiлдiретiн уақыт жетсе керек.
Хасенов Ә. Қазақ тарихы. 1994. №5. 30—32-бб.
АБЫЛАЙ ЖӘНЕ ЖОҢҒАР ШАПҚЫНШЫЛЫҒЫ
Қазақ елiнiң тарихында ХVIII ғасырдың маңызы өте зор. Бiрнеше онжылдықтың iшiнде ол өзiнiң тәуелсiздiгi мен мемлекеттiк құрылысы үшiн ерекше күрес жүргiздi. Сол аласапыран кездiң тарихы Абылай есiмiмен байланысты. Оның ұрпағы Шоқан Уәлихановтың айтуы бойынша, осынау “тамаша қазақтың” даңқты өмiрлiк жолы көптеген ғалымдардың еңбектерiнде жақсы зерттелiп және баяндалып суреттелген. Бiрақ бiздерге бұл күндерi Абылайдың саясаты, әскери және дипломатиялық шеберлiгi, әсiресе қазақтар мен жоңғарлардың арасындағы қарым-қатынастарға байланысты iстерi өте қызықты және қажеттi болып тұр.
Жоңғар мемлекетi қазақ даласына үнемi көз алартып, өзiнiң саяси, экономикалық және идеологиялық экспансиясын тоқтаусыз жүргiздi. Екi мемлекеттiң арасында кейбiр уақыттарда бейбiтшiлiк те орнаған едi. Тiптi кей кезде одақтас та болған. Түптеп келгенде, қазақтар мен жоңғарлар өзара ымырасыз саясатты үнемi жүргiзе берген. Осы жағдайды өзiнiң замандастарымен салыстырғанда, Абылай жақсырақ пайдаланған. Оның ең негiзгi мақсаты — Жоңғар мемлекетiн әлсiрету едi. Қалмақтарды халық ретiнде емес, олардың мемлекеттiк шапқыншылық саясатын жоюды көздедi. Ал қалмақтардың түбiне жеткен Абылай емес, қытай өкiметi—Цин әулетi болатын. ХVIII ғасырдың 50-жылдарының соңында қытайлар бiрде-бiр ойратты қалдырмай қырып жiбергендiктен, жоңғардың ұлы империясы жойылып тынды. Абылай осы жағдайды жақсы түсiндi. Содан кейiн де өте белсендi, парасатты дипломатиялық саясатты Цин өкiлдерiмен жүргiзетiн болды. Әрине, Абылай мемлекетi өте ерекше мемлекет едi. Қазақ елi қырғын соғыстардан үлкен шығынмен шығып, болашаққа бет алған едi. Осы тұста Абылай саясаты Қазақстанның Шығыстағы шекарасын қауiпсiздендiрдi. Ол үшiн ХVIII ғасырдың 30-жылдарынан бастап, Абылай қазақ әскерлерiн басқарып, жоңғарларға қарсы шабуылдарды үстi-үстiне ұйымдастырды.
Абылайдың жоңғарларға қарсы ең атақты жорығы — жасы жиырма екi немесе жиырма үшке, соңғысы алпыс жасқа толған кезiнде болды. Қалдан-Сереннiң баласы Лама Доржыны жекпе-жекке шығып өлтiргенi халық арасында аңызға айналған болатын. Осы жекпе-жекке шығу — елге белгiсiз Сабалақты, кейбiреулерге ғана таныс Әбiлмансұрды бүкiл елдiң мақтанышы Абылай хан есiмiн шығарды.
1734 жылдары Абылай Орта жүздiң арғын тайпалық бiрлестiгiнiң бiрнеше руларын басқарып, Құрметтi хан деген атаққа ие болды. Ал ресми құжаттарда әлi де сұлтан деп аталған. Сол жекпе-жекке тағы да тоқталсақ, қазақ ақындары мен жыраулары бұл оқиғаны тамаша жырлармен суретте-
ген және Абылайға батыр деген атақ берген. Абылайдың ерлiгi, батылдығы сол негiзгi шайқастарды қазақтың пайдасына шешкенi баршамызға мәлiм.
Шоқанның айтуы бойынша, 30-жылдардың соңында-ақ Абылай төрелердiң арасындағы ең беделдi саяси қайраткерге айналды. Дәл сол кезде, 30-жылдардың аяғында, жоңғарлардың қазақтарға қарсы қайтадан үлкен агрессиясы басталды. Олардың көздеген мақсаты — қазақтардың негiзгi күштерiн бiрiктiрiп тұрған Орта жүздi құрту, әлсiрету болды. Негiзгi соққы 1739 жылдың соңында басталды.
Жоңғарлар, әскер саны жағынан алғанда, бiрнеше он-мыңдыққа жеттi. Сонымен қатар жеңiмпаз соғысты тез ұйымдастыруға әскерлермен қоса қолбасшылары да жақсы мүдделiлiк көрсеттi. Ал оларға көмек берiп тұрған қосымша күш қазақтардың әлi болса да “Ақтабан шұбырындының” салдарынан есiн жинай алмағандығы едi. Оның үстiне, көшпелi шаруашылық жақсы дайындыққа мұрша берген жоқ. Бiрақ қазақ жасақтары тойтарыс бере бiлдi. Сол кезде жоңғарларға соққы беру үшiн, әрине, асқан қабiлеттi ұйымдастырушы керек болды. Ал осындай ұйымдастырушылық қызметтi Абылай атқарды. Шоқанның айтуынша, сол жылдары Орта жүзде Абылайдан артық абыройлы басшы жоқ едi. Орыс құжаттары да Абылайды ерекше бағалайды. Ал осы жеңiмпаз батыр, беделдi қайраткер, әрине, жаудың да назарын аударды. Абылайды ұстап алып, көзiн құрту ойраттардың негiзгi мақсаттары болды. Қалдан-Серен баласы Лама Доржыны көпшiлiктiң алдында өлтiрген Абылайды бiр сәтке де естен шығармады. “Абылайды қандай қиыншылық болса да ұстап, жазалау керек”, — деп жоңғар ханы бұйрық бердi. Сөйтiп Абылайды ұстау үшiн белгiлi қалмақ қолбасшысы Жалбы деген кiсi жiберiлген болатын.
Бұл оқиға 1741 жылы болды. Қалмақтардың басқыншылығы 30 мың адамы бар әскери күшпен жасалды. Ал барлық әскерлердi басқарған Қалдан-Сереннiң мұрагерi Лама Доржы едi. 30 мың әскер Абылайды ұстауға және Орта жүздi тiзе бүктiруге жiберiлген болатын. Қолға түскен Абылай “Құрметтi тұтқын” ретiнде ұсталған, өз өлiмiнен қорықпай, жеке басына қауiп туса да, оған мән бермей, абыройын төкпей, тiптi өзiн-өзi тәкаппар ұстап, сонысымен Қалдан-Серенге ұнап қалған едi. Жоңғарлардың тұтқынында Абылай өмiрiнiң бiр жарым жылын өткiздi. Қалданмен сөйлесуге келгенде тамаша тапқырлық көрсетiп, ақылдылығымен, ойшылдығымен аман-есен өлiм жазасынан құтылады. Елiне қайтып бара жатқанында, Қалдан оған көп бағалы сыйлықтар бередi. Мiне, сөйтiп, Абылай өзiнiң елiне оралады.
Абылай содан кейiн дәстүр бойынша өзiнiң ордасын Көкшетау өңiрiне тiгедi. Қалмақтар оған қанша құрмет көрсетсе де, Абылай өзiнiң бүкiл саясатын қалмақтарға қарсы қойды. Көп жағдайда, бұл ретте, қару-жарақ емес, мәмлегерлiк шеберлiк керек болды. Мiне, осы жағына да Абылай қатты көңiл бөлдi. Екiжақты саясатты көп пайдаланды. Бiрiншiден, қарулы күрес, екiншiден, келiссөздер жүргiзе бiлу. Мұндай саясатты жүргiзуге сол кездегi бүкiл қазақ қауымы: сұлтандар, батырлар, жыраулар, билер, қарапайым халық — барлығы үлес қосты. Содан кейiн де ол үлкен абыройға ие болды. Әрине, Абылай шеберлiгi ала бөтен ерекше едi. Қазақтармен жоңғарлардың арасындағы бейбiт келiсiмдерге келе бiлу, соның нәтижесiнде, көшiп-қонып жатқан ауылдарды сақтау, әрине, Абылайға аңызға бергiсiз шетсiз-шексiз бедел әкелдi. Елшiлiктер мен аманаттарды пайдалану, барлық келiсiмдердi рет-ретiмен жүргiзу, әрбiр уақытты жемiстi пайдалану сияқты iстерi, әрине, “жабайы көшпендiлердiң” әрекетiне ұқсаған жоқ. Содан кейiн де Орынбор әкiмшiлiгiнiң оң қолы болған басшылары В.Татищев, И.Челневтер қазақ елiндегi Абылайға ерекше мән беретiн болды.
Дипломатиялық саясат жүргiзген кезiнде Абылай бiрнеше мәселенi ескерiп отырған. Ең алдымен, қазақ жасақтары көпке созылған соғысқа шыдай алмайтындығын түсiндi. Себебi, өте көп күш жинап алған жоңғар империясы нағыз айдаһар сияқты алыпқа айналып едi. Оның үстiне, қазақтар бiрнеше майданда соғысуға мәжбүр болды. Сондықтан да Абылайды ылғи да келiссөздер жүргiзуге итермелеген оның нағыз қажеттiктен туған ақыл-айласы едi. Соның нәтижесiнде, бiрте-бiрте қазақ хандығын нығайтуға жағдай жасалды. өзiнiң күреске толы даңқты өмiрiнде Абылай талай жорықтарға шығып, белгiлi бiр мақсаттарды ұстап отырды. Кейбiр қателерi де болды. Оның қаталдығы мен кейбiр қателерiн Бұқар жырау сияқты елдiң терең ақыл-абыройлы азаматтары әдiл сынайтын едi. Солай десек те, Абылай саясаты сол кездегi ең дұрыс, ең озық саясат едi.
Абылайдың жеңiмпаз ұрыстары Жоңғар империясын әлсiретiп, күшiн жойған едi. Бiрқатар жеңiлiстен кейiн ол империяда алауыздық туды. Оған себепшi — 1745 жылғы қаһарлы Қалдан-Сереннiң қазасы едi. Абылай осы жағдайды жақсы пайдаланды. Бүкiл жоңғар тағы үшiн таласқан бiрнеше жоңғарлар Абылайдан көмек сұрап, оған бас иiп келдi. Абылай Жоңғарияда көп жағдайда, әсiресе 50-жылдарда өзiн-өзi қожайын ретiнде ұстады. Түсiнiктi болу үшiн — мұның себептерiн, алғышарттарын сәл қайталап, толығырақ ашып көрсетейiк.
1741—1742 жылдар арасында Жоңғар мемлекетi, жоғарыда айтқанымыздай, қазақтарға қарсы iрi басқыншылық соғыс ашты. Сол кездегi құжаттар бойынша қазақтар жоңғар феодалдарына ауыр салық төлейтiн болды.
Аудармашы И.Лапиннiң айтуы бойынша, 1744 жылға қарай қазақтар әр үйден бiр-бiр қарсақтың орнына бiр жылқы төлейтiн болды. Ал осы соғыста Абылай асқан ерлiк көрсетiп, тағы да басқыншыларға қарсы негiзгi күштi ұйымдастырушы болды. 1745 жылы Қалдан-Серен өлген соң Жоңғарияның өз iшiнде лаң басталды. Сол кезде Давади, Ламадоржы және Әмiрсана тақ үшiн күреске шықты.
Абылай бiрден-ақ Әмiрсананы қолдады. Оған себеп, ең алдымен, Лама Доржы қазақтарға қарсы басқыншылық соғыс жүргiзген қолбасшы едi. Екiншiден, Әмiрсана, аңыз бойынша, Абылайдың өкiл iнiсi. Абылай Қалданның тұтқынында болған кезде ол қазақ сұлтанын өзiнiң iнiсi Әмiрсанаға өкiл ағасы ретiнде қосып қойған едi. Ал шындыққа қарасақ, Әмiрсана қазақ мемлекетiне қарсы басқыншылық соғыс жүргiзбеген жоңғар басшысы, қайраткерi едi. Осы тарихи жағдай 1751 жылы болды. Көп ұзамай Лама Доржыны жоңғар феодалдары өлтiредi. Әмiрсана жаңа саяси жағдайды пайдаланып, Давадиға қарсы шығады. Ал оған саяси және әскери көмек көрсеткен Абылай едi. Абылай Әмiрсанаға материалдық көмекпен қатар әскери көмегiн де бердi. 1754 жылы Әмiрсана қарулы күресте жеңiлiп, Қытайға қашып кеттi. Абылай сол арада не iстедi?
Құжаттарда қазақ феодалдары Әмiрсананы толық қолдағаны туралы жазылған. Бұл мәселенi кеңiрек талдасақ, мынадай ұғымға келемiз. Абылай, ең алдымен, айтқанынан қайтпайтын, бiр сөздi қайраткер. Содан соң да өкiл iнiсiн толық қолдады. Ал басқа жағынан, ендi Цин басқыншылығына қарсы күштердi шығарды. Осыған орай Цин өкiметi Жоңғарияға өздерiнiң әскерлерiн кiргiздi. Бұл оқиға 1755 жылы болды. Осы кезден бастап Қытай өкiметi Жоңғарияны түгелдей жоюға кiрiстi. Бiрнеше жылдан соң Жоңғар мемлекетi жер бетiнен жоқ болды.
50-жылдары Абылай және оған жақын феодалдар өздерi жоңғарларды тәуелдiлiкке түсiруге әрекет жасады. Мынадай мысалдарды келтiруге болады. Емел өзенi өңiрiнде қоныстанған 10 мың қалмақ отбасынан 50-жылдары қазақтар шабуылынан соң 7-8 мың отбасы қалған едi. Сол кезде Абылай қалмақтарды қырмай, қоныстарын аударып, олардың бiразын қазақтармен некеге тұрғызды, яғни туыстастырды, өзi де сол саясатты пайдаланып, қалмақ қызы Топыш ханымды алды. Болашақ Кенесары ханның әжесi осы едi.
Осы сияқты мысалдар қазақтардың басқыншылық соғысын емес, қайта өз жерiне, өз қоныстарына қамқорлық жасағандарын көрсетедi. Себебi, бұл жерлер — қазақтың ежелден келе жатқан мекенжайы. 50-жылдары қазақ елiнiң күшi керемет нығаяды. Көп жағдайда жоңғарлар одақты қазақтармен де құрған. Мысалы, мына бiр құжатта: “Қазақтармен бiрiккен Батма-Серен Давади қонысына шабуыл жасады”, — деп жазылған. Ал осы Батма-Серен — Әмiрсананың жақын туысы.
Қазақтардың жоңғарларға қатысты саясатын басқарған, әрине, Абылай болатын. Абылайдың күшейiп кететiндiгiнен қорыққан Қытай өкiметi өз әскерлерiн Жоңғарияға кiргiздi.
1755 жылдың жазында қытайлар Давадидi ұстап алып, Абылайға бiрiншi елшiлiктi жiбердi. Бiрақ солардың ең негiзгi мақсаты — Әмiрсананы ұстау едi. Әмiрсана сол кезде қазақтармен, қырғыздармен, кейбiр ойрат руларымен одақ құрып, Жоңғарияның тәуелсiздiгi үшiн күрес бастайды. Сол күресте оған тiптi орыстар да көмектескен едi. Ал негiзгi көмек Абылай хан жағынан болды. Қытайлар жағдайды жақсы түсiндi де, Абылайды өз қолында ұстау үшiн 1756 жылы наурыз айында қазақ сұлтанына тағы бiр елшiлiк жiбередi. Бұл, әрине, бейбiтшiлiк көздемеген елшiлер едi.
Елшiлер әкелген хатта Абылайдан Әмiрсананы ұстап беруiн талап етедi.
Абылай циндiктердiң кеңесiн тыңдаған жоқ. Қазақ жасақтары Жоңғарияда өз билiгiн жүргiздi. Абылай Қытайдың басқыншылығы күшейiп келе жатқанын да түсiнетiн едi. Көп ұзамай Қытай өкiметi қазақ елiне қарсы соғыс бастады.
1757 жылы жазда олар Тарбағатайдан асып, қазақ қоныстарына баса-көктеп кiредi. Абылай ендi бiрiккен қазақ-ойрат әскерлерiн басқарып, Цин империясына тойтарыс бердi.
Содан барып Қытай өкiметi Жоңғарияны толық құрту жөнiнде шешiм қабылдайды да, әскерлерiн Жоңғарияға кiргiзедi. Сөйтiп, XVII-ХVIII ғасырларда өмiр сүрген ұлы көшпелi империя жойылды. Бұл қайғылы оқиға 1759 жылы аяқталды.
Жоңғарияны құртқан Абылай емес едi. Абылай — қазақ мемлекетiнiң құрылысын қорғаушы, ұйымдастырушы, саяси және әскери қайраткер. Себебi, ол жоңғар шапқыншылығының бетiн қайтарып, Қытай басқыншылығын тоқтатты. Мiне, осы үшiн бүгiнгi күнi Абылайды ерекше бағалаймыз. Оған тағзым етемiз. Сондай саяси қайраткерлердiң арқасында қазақтар ел болып, жұрт болып сақталды. Абылай есiмi бiзге үлкен мақтаныш, мемлекет қайраткерлерiнiң арасында өз орнын алып тұр.
Уәлиханов Е. Қазақ тарихы. 1994. №1. 29—33-бб.
АБЫЛАЙ - ТАРИХИ ТҰЛҒА
Мен ұлы Абылай тұлғасына философиялық тұрғыдан тоқталғым келеді. Иә, тарихты жасаушы халық екендігінде дау жоқ. Бірақ бұл арада «халық» деген сөзді абстрактілі ұғымда кабылдамау керек. Қазақ халқының санасына да Абылай шын мәнінде тарихи тұлға ретінде орнығып қалды. Осы орайда мынадай сұрақ туар еді: «Неліктен Абылай айрықша тұлға болып саналады? Ол туралы қазақ ауыз әдебиетінде, толып жатқан аңыз-әнгімелерде, жыр-дастандарда тарихи деректердің мейлінше көп болуының сыры неде?»
Мен Абылай ханның тарихи тұлғасын нақты айқындауға негіз боларлық мына жайларды алдымен айтар едім. Халқымыздың санасында ұлы бейне болып қалыптасуы, оның барлық қазақ жүздерін біріктіре білуіне байланысты болатын. Тәуке ханнан кейін дербес, тәуелсіз Қазақ мемлекетін құруы - Абылайдың тарихи жетістігі болғанына ешкім қарсы дау айта алмаса керек. Ал нақ, осындай тәуелсіз, дербес мемлекет болу - әр уақытта бар қазақтың асыл арманы болған еді.
Әр кезде қазақтардың барлығы бірдей, әсіресе олардың жүздері, рулары біріге бермеген. Әуелден-ақ алғыр, жауынгер халқымыздың сырт жауларға мықты тойтарыс бере алмай, кейде жеңіліске ұшырауына бірінші себеп болған да осы екенін біз жақсы білеміз. Сондықтан да бар қазақтың басын біріктіріп, шығыс пен батыстағы алпауыт көршілеріне тәуелсіз, біртұтас Қазақ мемлекетін құруға қолы жеткен Абылай - халықтың санасында тарихи тұлға болып орнығып қалған.
Бұл жерде: «Әйткенмен Абылай хан белгілі бір дәрежеде Қытайға да, Ресей империясына да тәуелді болған жоқ па?» - деген сұрақ тууы мүмкін. Мен осыған байланысты мына жағдайларға да тоқтала кеткім келеді. Цин империясы кезіндегі Қытай дәстүрі бойынша өздерімен дипломатиялық қарым-қатынаста болып, хат жазысып тұрған мемлекеттердің бәрі Қытайға тәуелді деп есептеліп келген. Тіпті II Екатерина өзі Қытай императорымен қарым-қатынас хаттарында өзін «біздің қызымыз» деп атағаны үшін Қытай империясына хат жазбайтын болған көрінеді. Осындай дәстүр бойынша Абылай да Қытайға тәуелді болып есептелген. Бірак шын мәнінде Абылай ханның тұсында Қазақ мемлекеті, Қазақ хандығы, өзінің ішкі де, сыртқы да саясатын ешкімге жалтақтамай дербес жүргізді. Ресей империясымен арадағы қарым-қатынас туралы да осыны айтуға болады.
Иә, Абылай Ресей империясының боданы екенін мойындап, тиісті құжатқа қол қойғаны шындық. Соған қарамастан, ол өз хандығында ішкі-сыртқы саясатты жүргізуде толық дербестігін сақтап қалды. Бір ғана мысал. Ресей патшасы II Екатерина Абылайды хандыққа бекіту, әйтпесе оған әлдебір нұсқаулар беру үшін оны талай рет Петербургке, не Орынборға арнайы шақыртқанын біз қазір жақсы білеміз. Абылай болса бұған селт етпеген. «Мені үш жүзге хан қылып халқым сайлады, ендеше бұған қоса айрықша бір куәлік алудың қажеті жоқ», - деп, ол мәселені келтесінен бір-ақ қайырды.
Әбділдин Ж. Абылай хан. Кенесары. Алматы: Ғылым, 1993. 35-36-бб.
“АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ, АЛҚАКӨЛ СҰЛАМА”
1723 – 25 жылдары аралығында болған, қазақ халқының тарихындағы қасірет, Отан басына күн туған кезең. 1718 жылы Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін Үш жүздің дербестеніп, бір-бірінен алшақтануы Қазақ хандығының әскери-саяси қуатын әлсіретті. Әз Тәуке қазақ-жоңғар қатынасы жыл өткен сайын шиеленісуі жағдайында бытыраңқылықты жойып, өз елінің бірлігін нығайтуға көп талпынғанымен көздеген мақсатына жете алмады. Жоңғар басқыншыларына тойтарыс беруді діттеген қазақтар 1710 жылы Қарақұм съезіне жиналып, қанжығалы Бөгембайды қолбасшы сайлап, бүкілхалықтық жасақ құруға шешім қабылданған еді. Аздап болса да жаудан кек ала бастағанымен, бұл кезеңде күштердің ара салмағы, көбінесе, қалмақтар пайдасына шешіліп отырды. Құба қалмақтар 18 ғасырдың басында өздерінің ішкі қайшылықтарын реттеп, әскерін жарақтады. Орыс елімен қатынасын жақсартып, көрші мемлекеттерден қару, оқ-дәрі сатып алды.
1715 жылы орыстарда тұтқында жүрген швед шебері Ренатты қолдарына түсіріп, зеңбірек құю технологиясын меңгерді. Сөйтіп Севан Рабдан (1697 – 1727) тұсында жоңғарлар өз әскерінің саны жағынан да қару-жарағы жағынан да қазақтардан басым болды. Мұны 1708, 1711 – 12, 1914 – 17 жылдардағы С.Рабданның жорықтары кезінде өткен қазақ-қалмақтың қантөгіс соғыстары айғақтады. 1723 жылдың көктемінде жайлауға көшуге қамданған бейқам қазақ еліне жоңғарлардың қалың қолы тұтқиылдан шабуыл жасады.
Тарихшы А.Левшиннің жазуынша және қазақ жырауларының куәлігіне қарағанда Жоңғария қалмақтары әрқайсысы 10 мың жауынгері бар 7 қолмен қазақтарды шапқан. Олар Балқаш, Қаратау бағытымен жылжып (қолбасшысы Қалдан Серен), Алтай асып, Көктал өзен бойымен өрледі (қонтайшы Құлан Батур), Нұра өңірін қанға батырып (Әмір-сана), Шелек өз. (Доржы), Есік к. (Лама Доржы), Шу өңірін таптап (Дода Доржы), тоқтаусыз Іледен өтіп (Севан Рабдан) қарудың күшімен, найзаның ұшымен қазақ жерлерін иемденді. Екпіні қатты шапқыншылар Қазақстанның оңтүстік аудандарындағы бейбіт елді аяусыз қырғынға ұшыратып, Түркістан, Сайрам, Ташкент қалаларын басып алды.
Жоңғарлардың жойқын шабуылының нәтижесінде қазақтар шайқас даласында 100 мыңға жуық жауынгерлерінен айырылды, ал қорғансыз халықтың шығыны одан әлдеқайда көп болды. Абылай ханның айтуынша сол кезде әрбір он адамның төртеуі қаза тапты. Бұл деректі Ш.Құдайбердіұлы да қостайды. Қорғануға мұршасы келмеген ел, әсіресе, Талас, Боралдай, Арыс, Шыршық, Сырдария өзендері бойында көп қырылды. Тірі қалғандар ата мекенін тастап шықты.
Тарихта бұрын болып көрмеген алапат құбылыс – қазақ халқының үдере қашқан босқыншылығы туды. Тоз-тоз болған Ұлы жүз, Орта жүздің шағын бөлігі Сырға Шыршық құятын тұстан сәл жоғары өткелден өтіп Ходжент, Самарқан иеліктері-не көшті. Кіші жүз Сауран қаласын айналып, (“Сауран айналған”) Бұхараға ауды. Шұбырған халықтың басым көпшілігі Сырдан өтіп, Алқакөлге жетіп құлады. Кейбір тайпа-рулар Қызылқұм, Қарақұм ішіне сіңді. Осы тұста халықтың жүрегінде мәңгі сақталған ащы зар мен ауыр мұңға толы “Елім-ай” әні дүниеге келді.
Жоңғар шапқыншылығынан күйзелген қазақ жеріне Еділ бойы қалмақтары (торғауыттар), Жайықтың казак-орысы, Орал башқұрттары, Қоқан бектері, Бұқар мен Хиуа хандары тұс-тұстан шабуыл жасады. Қазақ елі өз тарихында алғаш рет қасіретті зардабы өте зор зұлматқа тап болып, жер бетінен ұлт ретінде жоқ болу қаупіне ұшырады. Қазақтар бұл апаттың сырын түсінді, жасанған жауларына қарсылық жасап бақты, ұрпағын қырғыннан аман алып қалудың амалын іздеп қарманды. “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның” шырғалаңы мен аласапыраны қазақтардың азаттықты аңсаған күш-жігерін жасыта алмады, олардың еркіндік пен ерлік рухын шыңдады. Ұлт перзенттері бардың басын қосып, халық бірікпей тірлік болмайтынын түсінді. Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Жәнібек, Малайсары, Абылай, Әбілқайыр бастаған қалың ел 1726 жылы ақырында, 1727 жылы жоңғарларға қарсы майдан ашты. Бұланты мен Бөленті өзендерінің жа-ғасында қалмақтарға қарсы соққы берді. 1727 жылы қазақтар Қаратауды қайтарды, Хан тауына Орда тігіп, Аңырақай даласында ұлы жеңіске жетті. “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” қазақ халқының есінде ұлы қасірет болып мәңгі тарихқа хатталды.
Қозыбаев М., Тарих зердесі, 1-т., А., 1998.
БҰЛАНТЫ – БІЛЕУТІ ШАЙҚАСЫ
1727 жылы Ұлытау өңіріндегі Бұланты және Білеуті өзендері аралығында қазақ жасақтарының жоңғар басқыншыларымен болған шайқасы.
1723 – 25 жылдары қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды, Сырдарияның орта ағысына дейінгі өңірін басып алған жоңғарлар Ұлытауға қарай бет бұрды. Осы қауіпті кезеңде Ордабасы жиынында біріккен бүкіл қазақ қолының бас қолбасшылығына Әбілқайырхан сайланды. Бұл жоңғарларға қарсы ұйымдасқан шабуылға шығуға мүмкіндік туғызды. Соның нәтижесінде Ұлытау өңіріне енуді көздеген жоңғарлар 1726 жылы Шұбартеңіз шайқасында қазақ жасақтарынан ойсырай жеңіліс тапты. Мұның артынша Бұланты мен Білеуті өзендері арасындағы кең жазықта шешуші ұрыс болды. Ол тарихқа Бұланты – Білеуті шайқасы деген атпен енді. Онда қазақ жасақтары жеңіске жетіп, жоңғарлар Ұлытауға жеткізбей тоқтатылды. Сол жеңістен кейін майдан кіндігі болған төбе Қалмаққырылған атанды. Қанжығалы қарт Бөгембайдыңұсынысымен соғыста қаза болған қазақ жауынгерлерінің денесі таудың басына шығарылып жерленді.
Өзінің маңыздылығы жөнінен Бұланты – Білеуті шайқасы 1941 жылы Мәскеу түбіндегі жеңіспен тең. Осы оқиғадан кейін жоңғарлар басып алған қазақ жерлерін азат ету кезеңі басталды.
Тынышпаев М., История казахского народа, А., 1993; Бұланты шайқасы, Қарағанды, 1998.
АҢЫРАҚАЙ ШАЙҚАСЫ
1729 жылдың мамыр – маусым айларында орын алған, біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі.
Болат ханның бастауымен үш жүз хандары (Жолбарыс, Сәмеке, Әбілқайыр), билер (Төле, Қазыбек, Ақсуат), сұлтандар, батырлар қатысқан Ордабасы жиынында (1726) бүкіл қазақ қолының бірігуі (бас қолбасшылыққа Әбілқайыр хан сайланған) жауға қарсы бірыңғай шабуылға шығуға мүмкіндік туғызды. Саяси және әскери бірлікке қол жеткізген үш жүз жасақтары 1728 жылдан бастап, Балқаш пен Шу бойына қарай жылжып, ұрысқа әзірлене бастады. Бұл кезде қалмақ қонтайшысы Севан Рабдан өліп, оның ұлы Қалдан Серен (Цэрен) билікке келген (1727).
1723 жылдан бастап еліміздің Шығысы мен Жетісуды, Оңтүстігін, Сырдарияның орта ағысына дейінгі өңірді басып алған жоңғарлар енді қазақ жерін тұтастай иелену ниетінде еді. Қазақтардың әрекетін сезген олар да Шу мен Балқаштың оңтүстігінде үлкен шеп құрды.
Үш жүз жасақтары шешуші шайқас алдында Хантауында, Сұңқар тауында (кейін бұл жер Әбілқайыр тауы аталды) жиналды. Бұл таулардың бауырында “Үлкен Орда қонған”, “Кіші Орда қонған” деген жер атаулары күні бүгінге дейін сақталған. Шайқас солтүстік Балқаш, Оңтүстік Отар даласы, батысы Шу, шығысы Күртіге дейінгі аралықтағы бедерлі жерлерде өткендігін бұл өңірде жиі кездесетін қазақ, қалмақ қорымдары дәлелдейді. Аңырақай аталатын да – осы өңір. Шамамен көктемде басталып, жаз айларына ұласқан (40 – 45 күн) майданда біртіндеп басым түсе бастаған қазақтар Итішпестің Алакөлі (Балқаштың шығысындағы Алакөл емес) маңында ірі жеңіске жеткен. Балқаштан оңтүстікке қарай 120 км жердегі бұл көл қазір Сорқұдық деп аталады. Аңырақай шайқасына 30 – 35 мың қазақ, 35 – 40 мың жоңғар әскері қатысты деген болжам бар.
Орыс барлаушыларының деректеріне қарағанда 1723 – 25 жылдары қырғынға көп ұшырап, жері жау қолында қалған Ұлы жүз 10 мың жасақ шығарған. Орта жүз жауынгерлерінің саны 15 мыңдай болған. Адамдары көбірек сақталған Кіші жүз жер шалғайлығынан 10 – 15 мыңдай әскермен келді деп топшылауға болады. Үш жүз жасақтарының қимылын үйлестіру міндетін бас қолбасшы Әбілқайыр жүзеге асырды.
Аңырақай шайқасы алғашқыда күштерді барлау соғысы болды. Екі жақ та өңірдің таулы, жыралы бедерлерін өз мақсаттарына ұтымды пайдаланып, жауын аз шығынмен көп қыруға тырысып бақты. Қалмақ жағынан қару-жарағы басым еді. Мылтықпен бірге өздерінде құйылған, Ресейден сатып алынған әр түрлі қашықтыққа атқылайтын зеңбіректері де болды. Қазақтар бұл кезде зеңбірекке қарсы ұрыс тәсілдерін меңгергендігін байқатты. Көптеген қазақ батырлары соғыс өнерін жетік білетіндігін көрсетті. “Ай қораланды”, “Құйрық жеу”, “Ашамай”, т.б. қазақтың байырғы ұрыс тәсілдерін кеңінен қолданды.
Ұлы жүз қолын Жолбарыс хан мен Төле би, бұл қолдың құрамындағы дулат тайпасының әр руының қолын: сиқым Қарабатыр (Төле бидің күйеу баласы), жаныс Өтеген, ботбай Сәмен, шымыр Қойгелді, ошақтыларды Саңырық, ыстыны Төлек, шапыраштыны Қазыбек бек, албандарды Хангелді батырлар бастады. Орта жүз қолын қанжығалы Бөгенбай, шақшақ Жәнібек, керей Жәнібек, қыпшақ Тілеулі, қаракерей Қабанбай, абақ керей Жауғашар (Шақантай), Кіші жүз қолын тама Есет, шекті Тайлақ, т.б. батырлар басқарып, үлкен ерлік көрсетті. Қазақ садақшыларының жеке жасағын ошақты Саурық батыр басқарды. Кейбір деректерде болашақ ұлы хан шамамен 17 – 20 жасар Әбілмансұрдың (Абылайдың) жауға “Абылайлап” шапқаны осы шайқас деп көрсетіледі, сіргелі Елшібек батырдың өз тобымен жау зеңбіректерін жарып жібергендігі айтылады.
Шайқасқа болашақ қолбасы шапырашты Наурызбай да қатысқан. Аңырақай шайқасында көптеген батырлар жекпе-жекке шықты. Қанжығалы Бөгенбайдың Қалдан Сереннің інісі, қолбасы Шономен жекпе-жекке шығып, бірін-бірі жеңе алмағандығы айтылады. Шапырашты Бөлек батыр жекпе-жекте қалмақ Аңырақайды, шымыр Ақша батыр қалмақ Дәржіні (Дәржі атты жер бар) өлтірді.
Бұл соғыста көптеген атақты батырлар – шымыр Ақша, күнту Барлыбай, сиқым Қарабатыр, т.б. шейіт болды. Итішпестің Алакөлі маңындағы соққыдан есін жия алмай қалған қалмақтар сусыз сортаң жерде шөлге ұшырап, одан әрі соғыса алмай Аягөз, Шарға қарай жөңкіле қашты. Бірақ қазақтар бұл жеңісті одан әрі дамыта алмады. Оған шайқастың соңғы жағында Болат хан жараланып, қайтыс болғаннан кейін басталған тақ үшін талас кедергі келтірді. Болат ханның інісі Сәмеке (Шахмұхамед) ұлы хандыққа сайланбады. Көпшілік Болат ханның баласы жас Әбілмәмбетті қолдады. Бұған наразы болған Әбілқайыр майдан даласын тастап, Кіші жүздің қолын Ырғыз арқылы батысқа алып кетті. Орта жүз қолының көбісін Сәмеке хан соңынан ертіп солтүстікке бет алды. Бірақ Аңырақай шайқасындағы жеңіс қазақ халқының рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін бекітті.
Бұл жеңіс көршілеріне қазақ хандығының қуатты ел екендігін паш етіп, Орта Азиядағы саяси ахуалды күрт өзгертті. Жау жағадан алғанда етектен тартқандар енді қазақ елімен санаса бастады. Халқымыз үшін Аңырақай шайқасының маңызы орыстардың Бородино даласындағы, Еуропаның біріккен қолының Ватерлоо, КСРО халықтарының Ұлы Отан соғысындағы Сталинград түбіндегі жеңістерімен бірдей. Аңырақай жеңісі тәуелсіздікті аңсаған қазақ елінің тұтастығын сақтап қала алатындығын айқын дәлелдеді.
Басин В.Я., Казахско-русские отношения в XVI – XVIII вв., А.-А., 1974; Моисеев В.А., Джунгарское ханство и казахи в XVII – XVIII вв., А.-А., 1991; Тынышпаев М., История казахского народа, А., 1993.
ҚОЙБАҒАР ҚОБАЯКОВТЫҢ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ МИССИЯСЫ.
Көбеков Қойбағар (18 ғасырда өмір сүрген) – Кіші жүз ханы Әбілқайырдың 1726 жылы Санкт-Петербургке жіберген елшісі. Бұл елшіліктің алдына Кіші жүз қазақтарын Ресей үкіметінің қолдауына қол жеткізу міндеті қойылды. Қойбағар патшалық иемденіп алған жер-суды, Еділ мен Жайық өзендері арасындағы жайылымдарды қайтарып алу, Ресеймен сауда-саттық қатынастарды жолға қою, Жайық казак-орыстары тарапынан төніп тұрған қауіп-қатерге жол бермеу, соғыс тұтқындарын алмастыру сияқты мәселелерді шешуге тиіс болды. Бірақ Қойбағар бастаған елшіліктің жұмысы сәтсіз аяқталды.
СЕЙІТҚҰЛ ҚОЙДАҒҰЛОВ ПЕН ҚҰТЛЫМБЕТ ҚОШТАЕВ БАСҚАРҒАН ХАН ӘБІЛҚАЙЫР ЕЛШІЛІГІ.
ҚОШТАЕВ ҚҰТЛЫМБЕТ (т.-ө.ж.б.) – би, Әбілқайыр ханның 1730 жылы Петербургке жіберген елшісі. Елшілік орыс патшасы Анна Иоановнаға Әбілқайыр бастаған Кіші жүз қазақтарының арнаулы хатын жеткізді. Бұл кезде қазақтар жоңғар қалмақтарымен қатар көршілес башқұрттар тарапынан да шапқыншылыққа ұшырай бастаған. Елшілік егер патша өкіметі қазақтарды өз қорғауына алатын болса, жасақ беруге әзір екендіктерін мәлімдеді. Патша өкіметі бұл өтінішті қабылдап, 1731 жылы 19 ақпанда Кіші жүзді Ресейдің қол астына алатындығы жөніндегі грамотаны елшілікке табыс етті.
Казахско-русские отношение в XVIII – XIX вв. (1771 – 1867 гг.), Сб. док. и материалов, А.-А., 1964; Қазақстан тарихы, 3-том, А., 2000
И.К. КИРИЛОВ ЖОБАСЫ. ОРЫНБОР ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛУЫ МЕН ҚЫЗМЕТІ.
Орынбор экспедициясы, Кирилов экспедициясы – 1734 жылы 18-мамырда Ресей императрицасы Анна Ивановнаның нұсқауы бойынша өзінің қол астына кірген Кіші жүз қазақтарының жерлерін игеру және бағындыру үшін ұйымдастырылады.
Нұсқау бойынша: экспедициясы құрамында, “жерді, өзен-суды қағазға жақсы түсіре алатын әскери маман болуы керек; бұл жұмыстарды жергілікті адамдарға сездіртпей, халықтың ашуызасын келтіріп алмай, өте сақ жасырын жүргізілуі тиіс; бекіністер салуға қолайлы жерлерді белгілеп отыру керек; сондай-ақ, қазақ жері арқылы Орта Азия халықтарымен сауда қатынасын жасау үшін Ор өзенінің Жайыққа құяр және Сыр өзенінің Арал теңізіне құяр сағасынада қала тұрғызып, теңіз арқылы сауда жолын жалғастыру мәселесі алға қойылады.
Экспедициясының басшылығына бұрынғы сенат хатшысы И.К. Кирилов, оның көмекшілігіне А.И. Тевкелев тағайындалады. Экспедициясы құрамында әр түрлі мамандықтағы 200-дей адам болады. Олар 1734 жылы 15 маусымда жолға шығып, белгіленген жерге 15 тамызда жетеді. Көп кешікпей қаланың негізін қалау рәсімі болады. 1735 – 1740 жылдары арасында Орынбор қаласы салынып отарлық-әкімшілік басқару саясатының орталығына айналды. Кирилов бастаған Орынбор экспедициясының жүзеге асыра алмаған жұмыстарының бірі – Сырдың Аралға құятын сағасына портты қала сала алмауы еді. Бірақ Ресей империясының отарлық саясатын Кіші жүз жерінде біртіндеп жүргізуіне жол ашып берген-ді. 1737 жылы 14 сәуірде Орынбор экспедициясының бастығы И.К. Кирилов қайтыс болып, патша жарлығымен осы жылы 10-мамырда Орынбор экспедициясы Орынбор комиссиясы болып қайта құрылады, комиссия бастығына орыс ғалымы В.Н. Татищев тағайындалды.
Мәшімбаев С.М. Патшалық Ресей отарлық саясаты, А., 1994; Қазақстан тарихы, т. 3, А., 2002.
1740-ШЫ ЖЫЛҒЫ ОР КЕЗДЕСУІ
"Бұл екі арада қолжазбада кұпия советник Татищевтің ү.м.и, сарайына шакырылғаны, полковник Тевкелевтің құпия советниктің бірсыпыра істеріне разы болмай, наразылық айтқаны, ерекше тексеру комиссия келіп, 1739-шы жылы 17-маусымда Татищевтің орынына Орынбор комиссиясының басшысы болып генерал-лейтенант киязь Василий Урусовтың тағайындалғаны, бұл уақытта қазақ жерінде екі керуеннің тоналғаны жайында айтылды. Генерал-лейтенант Орынборға келгеннен кейін қазақ хандарымен жүздеспекші болып, Орта жүз Әбілмәмбетке (ол 1739-шы жылы Орта жүздің ханы болып сайланған) поручик Гладышев пен Таймас тарханды жіберген.
Бұл уақытта, 19-тамызда Әбілқайыр ханның үлкен ұлдары - Нүралы мен Ералы сұлтандар келіп, 22-сі күні генералда болды. (Әбілкайыр хан 1740-шы жылы кездесуге келген жоқ. "Қонысым алыс, науқаспын", - деп, сәлем айтты, ал, шын мәнінде, Татищев өзіне сеніп тапсырған керуеннің қазақ қолында тоналғанына қымсынған еді. Бұған қоса өзіне Орта жүз ханы Әбілмәмбеттен кем құрмет жасала ма деп тосылды, ол екеуінің әуелден араздығы бар еді. Әбілқайыр: "Генерал-лейтенант өзі әскерімен маған келсін, Сыр бойында қала салынсын", - деп, өзінің ұсақ қажеттері мен уәждерін айтып, талаптар қойды).
Генерал қазақтың атақты ру басысы - Жәнібек батырға: "Сіздін сіңірген қызметіңізді жақсы білемін, ол үшін ү.м.и. мейіріне лайықтысыз", - деді. Миллерді тұтқыннан босатуға қосқан қызметін сүлтандар көзінше айтты, Орынборда осы істің баяны анық екенін аңғартты. Осы арада қалада кепілде (аманатта) жүрген Қожақмет келіп, ағалары мен ру басыларына сәлемдесті. Бұдан кейін ү.м.и. адал болуға ант берісіп, қонақасы жеді. Бірінші столда, ортада - генерал, оң жағында - Нұралы мен Қожақмет сұлтандар, сол жағында - Ералы сұлтан мен Жәнібек батыр, одан әрі штаб-офицерлері мен қазақтың 74 ру басы отырды. Қонақасыдан соң ү.м.и. атынан Нұралы сұлтанға күміс қынды қылыш, штуцер, төрт кез қызыл шұға, бір қара түлкі, төрт кез алтын парша, Ералы сұлтанға осындай тарту, Жәнібек батырға күміс қынды қылыш, бір жұп бесатар, төрт кез қызыл шұға, бір тай қамқа, бір қара түлкі сый берілді".
1. Ү.м.и. - ұлығ мәртебелі император
2. Г-л. - генерал-лейтенант В. Урусов.
3. Штуцер - мылтық түрі
П.И. Рычков. История Оренбургская (1730-1750). - Оренбург, 1896. - 42-б.
НҰРАЛЫ СҰЛТАНДЫ ХАНДЫҚ ЛАУАЗЫМҒА БЕКІТУ.
НҰРАЛЫ, Нұрмұхамедәлибаһадүр (1704 ж. ш. – 1790) – Кіші жүз ханы (1748 – 86), Әбілхайыр ханның баласы. Оны хан сайлау рәсіміне тек Кіші жүз қазақтары емес, Ұлы және Орта жүз өкілдері де қатысты. Алғашқы жылдары саясатқа жүйрік, мәмілегер Бопай ханымның ақылымен әрекет жасап, әкесінің саясатын жалғастыруға тырысты.
Жалпы Нұралы өз заманы сияқты күрделі қайшылықты тұлға, көздеген мұрат-мүддесі мен атқарған іс-әрекетіне байланысты біржақты баға беруге болмайды. Ол Ресей әкімшілігінің Жайық бойын отарлауына барынша қарсылық көрсетті. Орыс патшайымы Елизавета Петровнаға әлденеше рет елші жолдап, қазақ даласын отарлаудың негізсіздігін дәлелдеуге, оны тоқтата тұруға талпынды. Орынбордың тұңғыш губернатары И.И. Неплюевпен теңбе-тең қарым-қатынас орнатып, Арал бойында өзін “хан” жариялаған Қайып баласы Батыр сұлтанмен күресті. Жоңғария билеушісі Сыбан Доржамен мәмілегерлік байланыс жасап, өзге қазақ жүздеріне шығыстан төнген шабуыл қауіпін бәсеңдетуге ұмтылды.
1750 жылы подпоручик Ригельтанның қолдауымен әкесі Әбілқайырға кесене салдыртты. Алайда сұлтандық билікті күшейту қамымен қоластындағы халықтың бір бөлігін өзіне қарсы қойып алғанын байқамады. Әсіресе қайшылықты ахуал Сырым Датұлының кезінде тым шиеленісіп кетті. Петербург сарайымен астыртын мәмілеге барып, көтерілісшілер арасына жік салуға тырысты.
1773 – 75 жылдары Е.Пугачев көтерілісіне жасырын қолдау көрсетті, қазақ жеріне “бүлікшілер” манифесінің таралуына кедергі жасамады. Немере інісі Досалы сұлтанның қазақ жасақтарымен сол көтеріліске қатысуына тілекші болды. Бұл жағдай ІІ Екатерина патшайымның ашу-ызасын келтірді. Оның үстіне Орынбордың жаңа губернаторы О. фон Игельстром Нұралының халық алдындағы беделінің күштілігін аңғарып, оны хан тағынан аластатуға кірісті. Бірқатар билер мен старшындарды азғырып, Нұралыға қарсы айдап салды. Осы мақсатын жүзеге асыру үшін патша өкіметі Сырым батырды да пайдаланды. Нұралының өз ықтиярымен Ресей билігіне көнбейтіндігіне әбден көзі жеткен ІІ Екатерина 1786 жылы 6 маусымда Нұралыны арнайы жарлығымен тақтан түсірді. Алғашында жайық бекінісіндегі абақтыға қамалып, кейін Уфаға жер аударылды. 1790 жылы көктемде ол осы қалада дүниеден озды. 1792 жылы хан тағына Нұралының інісі Ералы отырды.
Қасымбаев Ж., Нұралы хан (1704-1790)// Отечественная история, 1998, No1; Сонікі, Государственные деятели казахских ханств в XVIII веке., т. 1, А., 1999.
ЕДІЛ ҚАЛМАҚТАРЫН ҚУҒАН ЗАМАН
"Қазақ ханы Нұралыдан осы әскердің басшысына арнайы келген хабаршы жолды өзгертуге мәжбүр қылды. Ол хабар мынадай еді: қалмақтар Ор өзенінің бастауына соқпай, Мұғалжар тауы арқылы Ырғызға шыққан және шап-шаң алыстап барады, хан болса өз ордасының бір бөлегімен соңынан қалмай өкшелеуде, бар мүмкіндігімен ұрыс салуда.
Хан ақыр соңында Ресей әскерлерінің Ор өзенінің жағалауын қойып, тура Ырғыз өзеніне шығуын талап етеді, біріккен күшпенен қашқын бүлікшілерді тоқтату үшін. Хабаршы осыған қоса бізге тағы төмендегі жаңалықтарды жеткізді: өздерінің хандары мен бірнеше сұлтандары бастаған қазақтар қалмақпен екі рет соғысқан, бірі - Мұғалжар тауларында, екіншісі - Жем өзенінде. Екеуінде де қарсы жақ бас сауғалады, Табуйлу және Арселен деген екі атақты зайсанын жоғалтты, көп адам жеңімпаздардың қолында олжа болып қалды. Қалмақтың мініс атына аса мұқтаждығы туралы бұрынғы хабарды жаушы растады. Осы себептен қалмақ өте мүсәпір халде, қысқы ауыр жолда аттарынан айрылған олардың көпшілігі балалары мен дүние-мүлкінің қалдығын жаяу арқалап барады…"
* * *
"Ханның жіберген адамы бізге ауызша мына хабарды жеткізді:
Ауызша айтқан бұл хабарды не тіпті теріске шығаруға, не растауға болмайды. Себебі қазақтардың арасында мақтана білудің өзі өнер деп табылады. Олардың бізге жіберген хабарларының қаншалықты шындыққа жанаспайтынына кейін анық көз жеткіздік.
Осындай сенімді жолбасшымыз болған соң, таңертең түстік-шығысты бетке алып, Торғай өзеніне бастадық".
1. Бұл оқиға 1771-ші жылы болған. Ресей үкіметінің Еділ бойын игеріп, қысымшылығы асып бара жатқаннан кейін, Еділ торғауыттары өз отандары - Жоңғарияға қайтпақ болып, қыс ішінде үдере көшкен. Сол кашқан елді куып, Ресейден әскер шыкты. Капитан Н. Рычков сол әскердің құрамында болған.
2. Дәуітбай тархан - Шақшақ Жәнібек батырдың ұлы. Тархандық атағы әкесінен мұраға қалған.
Н.Н. Рычков. Дневные записки путешествия в киргиз-кайсацкой степи в 1771 г.
СПб., 1772. - 6-19-бб.
ҰЗЫНАҒАШ ШАЙҚАСЫ
Жетісу өңіріне саяси-әкімшілік ықпалын жүргізіп, билігіне бағындаруға ұмтылған Қоқан сарбаздары мен отаршыл орыс әскерлері арасында болған қарулы қақтығыс.
1860 жылы қыркүйек айының ішінде Қанағат шаһ (Қанатша) бастаған 15 мың Қоқан әскері Әулиеата қаласына жетеді. Қоқандықтардың мақсаты – Пішпек (Бішкек), Тоқпақ (Тоқмақ) қорғандарын қайтадан өздеріне қаратып, орыс тұтқынындағы адамдарын босату, Іленің оңтүстік-батыс бетіндегі қазақ-қырғыз ауылдарын бағындыру, орыс әскерлерін Іленің арғы бетіне қуу еді. Бұл хабарды естіген Верныйдағы Алатау округінің бастығы, подполковник Г.А. Колпаковский өлкедегі әскери бөлімшелер мен гарнизон басшыларын Верныйға жинап, төтенше кеңес құрады.
13 – 17 қазан аралығында қоқандықтардың жолындағы қорғандар нығайтылып, Қас-текке 4 атқыштар ротасы, 4 казак-орыс жүздігі, 8 зеңбірек пен 2 ракетті станок орналасты. Ал Саурық қорғанына подпоручик Сарковский отряды, Ұзынағашқа подполковник Шайманов басқарған казак-орыс жүздігі, атты артиллерия мен бір рота солдат келді. Қоқандықтардың “исламды қорғауды” ұран еткен үндеуіне қырғыздардың Сарбағыш руы түгелдей, қазақтардың Дулат руының жартысына жуығы жақтады. Тіпті Пішпек пен Фарш жаққа жіберілген шапырашты Сұраншы батыр да, одан кейін Андас би, Әлдеке, Диқанбай батырларда қоқандықтарды қолдады. Қоқан сарбаздарының саны, кейіннен қосылған 10 мыңдай қазақ жігіттерін есептегенде, шамамен 22 000 мыңдай адамға жеткен. Сондай-ақ, шиті мылтық асып, түгелдей атқа мінген қоқандықтар 6 мыс зеңбірекпен жарақтанған еді. Қоқан сарбаздары Қордай тауы арқылы Жиренайғырға өтіп, шабуылға дайындалды.
19 қазанда 200-дей атты қазақ жасағы Қастекті қоршап, оқ жаудырған соң шегінуге мәжбүр болады. Олардың бірнешеуі оққа ұшып, үшеуі орыстардың қолына түсті. Бұл – Ұзынағай шайқасың басталуы еді.
Тұтқындардан Қанағаттың 16 мың сарбазымен Қастекке беттеп, 2 мың қазақ-қырғыз жасақтарын Верныйға аттандырғанын естіген Колпаковский Қастекке 3 рота жаяу әскер мен біраз атты казак-орысты, 2 зеңбіректі қалдырып, өзі Ұзынағашқа келеді. Бұл кезде Саурық қорғанына қазақ жасақтары, Ұзынағашқа Қоқаннның сарбаздары дүркін-дүркін шабуылдап тұрды. Әлімбек басқарған Қоқан сарбаздары мен қазақ-қырғыз жасақтары Ұзынағаштың тау жағындағы, күнбатыс беткейдегі Қоңыр, Доңғал жоталарын басып алып, Ұзынағашқа шабуылдағанмен, қазылған ордан өте алмады. Әлімбектің кері серпілгенін естіген Қанағат шаһ Верныйға барар жолынан Қарақыстақ арқылы Ұзынағашқа бұрылды.
Орыс әскерлері 3 жаяу әскер ротасын, 4 казак-орыс жүздігін, 6 зеңбірек пен 2 ракетті станокты шешуші шайқасқа әзірлейді. 21 қазанда олар таң қараңғылығын пайдаланып, Құтырған түбегінде түнеп жатқан қоқандықтарға тұтқиылдан шабуыл жасады. Сол жерде кескілескен шайқас басталып, күш біріктіріп үлгермеген қоқандықтар тауға қарай серпілді. Қарақыстақтың сол жағына өткен соң өзенді өрлеп барып Қоқан қолы орыс тобының жолын тосты. Қоршауда қалудан қауіптенген орыс топтары қарсы бетке зеңбіректен оқ жаудыра бастады. Қоқандықтар да, қазақ жасақтары да зеңбірек оғынан қаймықпай, қайта-қайта шабуылдаумен болды. Сол күні ұрыста қоқандықтардың 400-дей сарбазы қаза тауып, 600-і жараланды. Көп ұзамай Колпаковскийдің бұйрығымен өліктер мен жаралылар Қастек қорғанына жеткізіліп, ол жақтан оқ-дәрі, азық-түлік тасылып үлгерді.
Жеңісті қолдан бергендерін түсінген қоқандықтар қайта шабуылдауға тәуекел ете алмады. Ұрыстардан беті қайтып қалған Ташкент сарбаздарының сардары Шамаған қожа және т.б. қолбасылар кері қайтатындықтарын мәлімдеген соң, Қанағат шаһ 22 қазанда Қордай асуы арқылы еліне қайтуға мәжбүр болды. Бұл хабарды Колпаковский 26 қазан күні естіп, Омбыдағы генерал-губернатор Гасфортқа “Жетісу өлкесін Шуға дейін азат еткендігі туралы” хабарлама жібереді. 1860 жылы 19 – 21 қазандағы Ұзынағаш шайқасына қатысқан орыс офицерлерінің шені жоғарылатылып, әр түрлі ордендер бағалы сыйлықтармен қоса табыс етілді. ІІ Александр патшаның өзі Ұзынағаш шайқасындағы жеңісті “Даңқты іс” деп бағалады. Өйткені, осы соғыстың нәтижесінде Қазақстан мен Орта Азиядағы Ресейдің отаршылдығына қарсы бой көтерген ұлт азаттық қозғалыстарға ашық және астыртын қолдау көрсетіп отырған Қоқан хандығы алғаш рет ойсырай жеңіліп, оның ықпалындағы өлкелерді кедергісіз бағындыру мүмкіндігі ашылған еді.
Жансүгіров І., Жетісу, 1730 – 1916, А., 2001.