3.2. Қазақстанда Ресейдің әкімшілік-саяси жүйесінің енгізілуі (ХVІІІ ғ. соңғы ширегі – ХХ ғ. басы)


ҚАЗАҚСТАНДА РЕСЕЙДІҢ ӘКІМШІЛІК-САЯСИ ЖҮЙЕСІНІҢ ЕНГІЗІЛУІ (ХҮІІІ ҒАСЫРДЫҢ СОҢҒЫ ШИРЕГІ – ХХ Ғ. БАСЫ)

 

Игельстром реформасы (1786) – Кіші жүзді басқарудың 1786 жылы Екатерина ІІ қуаттаған жобасы. 1775 жылғы реформаға сәйкес О.А.Игельстром далалық жерлерді жалпы империялық негізде басқару мақсатында, Кіші жүзде хандық басқару жүйесін жоюды көздеген жоба ұсынып, патшайымның мақұлдауынан соң ол “Игельстром реформасы” деп аталды.

Бұл жоба бойынша негізгі билік шекаралық комиссияның орнын басатын шекаралық сотқа берілуі тиіс болды. Оның құрамына патша шенеуіктері мен басқа да жергілікті қауым өкілдері кірді. Орынбор губернаторлығы басқару кеңсесінің бақылауында болатын жаңа әкімшілік органдар – расправалар құрудағы Ресей үкіметінің мақсаты ең алдымен сұлтандарды басқару ісінен шеттету болатын. Расправаларды алғаш құрған кезде көптеген беделді старшындар оның құрамына енуден бас тартты. Сондықтан патша әкімшілігі енді “бас старшын” деген атақ енгізді. Дегенмен расправалардың Кіші жүзді басқару ісіне араласуына сұлтандар қарсылық білдірді. Ресей үкіметінің Кіші жүзде расправалар құру жолымен хандық билікті жою жөніндегі шаралары болмады.

Игельстром реформасының сәтсіздікке ұшырауының басты себебі – дәстүрлі басқару түрін жоюдың алғышарты қалыптасуында болатын. Расправалардың басқару ісіне араласуына Кіші және Орта жүздердегі ықпалды сұлтандар қарсы шықты, олар Кіші жүздегі хандық билікті қалпына келтіруге ұмтылды. 1789 жылғы Француз революциясынан шошынған патша үкіметі Игельстром реформасы туғызған наразылықтардың монархиялық басқару негізін шайқалтуы ықтималдығын ойлап, Игельстром реформасын аяғына жеткізуден бас тартты.

 

Вяткин М.П., Батыр Срым, М.–Л., 1947; Касымбаев Ж., Хан Айшуак (1719 – 1810), А., 2001

 

ПАТША ҮКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ-ӘКІМШІЛІК РЕФОРМАЛАРЫ

XIX ғасырдың бірінші жартысы қазақ тарихындағы маңызды кезеңнің бірі. Дәл осы кезеңде Қазақ мемлекеттігі толықтай жойылып, Қазақстан Ресей империясының отарына айналған. Өлкеге жаңадан енгізілген басқару жүйесі қазақтардың әлеуметтік құрылымына, шаруашылық түріне, рухани мәдениетінің дамуына, қоғамдағы демографиялық ахуалға өзгеріс енгізеді.

Осы орайда Ресей империясы құрамындағы Қазақстанның орнын анықтау қажеттілігі туады. Н.М.Коркунов, П.П.Семенов-Тянь-Шанский сынды өлкетанушылар, ғалымдар патша өкіметінің отарлау әрекеттерін жұмсартыңқырап: "Батыс мемлекеттерімен салыстырғанда Ресейдікі "таза саяси сипатта", - деді. Ресейдің отарлау мақсатындағы ішкерілеп енуі недәуір күшейе түседі. Ресейдің отарлауы әсіре сақтағанымен, мейлінше қитұрқылығыменерекшеленеді. Ішкерілеу үздіксіз және ашық жаулап алумен емес, негізінен, қазақтарды Ресей мемлекетінің ықпалауқымына біртіндеп тарту арқылы жүзеге асырылды.

 

Патша үкіметі қазақ жерінің шалғай аудандарына сұғына еніп, шекара тарту арқылы өз үстемдігін нығайтуға тырысқан еді. Ірі шонжарлардың кедей-кепшікке ғана емес, күші кемдеу бекзада-байларға да үстемдік жүргізуі кейінгілерді патша әкімшілігінен әділдік сұрауға мәжбүр еткен. Патша әкімшілігінің күткені де осы еді. Өкімет шағынушыларды қолдап қана қоймай, олардан ауыл-аймағымен бірге Ресейдің "мәңгілік бодандығына" өтуді талапетеді. Ондай рубасылардың, старшындардың бір бөлігі шекара маңына көшіп келсе, екінші бөлігі Ертістің оң жағасына, яғни Ресей аумағына қоныс аударды. Мұнда оларға көшіп-қонатын жер беріліп, сұлтандар мен старшындар жыл сайын әрбір еркек кіндікті үшін қазынаға жасақ (алым-салықтың бір түрі) төлеуге міндеттеніп, қол қояды. Алайда осымен бірге қазақтар барлық жер төлемдерінен, әскер беруден және жұмыс күшінен босатылады.

Ертістің сол жағасындағы, шекара маңындағы қазақтар жасақ төлемегенімен, шекаралық әкімшіліктің әртүрлі тапсырмаларын орындаған. Осы ауылдардың старшындары қазақ арасындағы ахуал туралы мәлімет беруге, Ресей керуендерін күзетуге, орыс тұрғындарын қазақ арасындағы ұры-қарылардан қорғауға тиіс еді. Осы ауылдардың басшылары арқылы шекарадан шалғайдағы қазақ қоныстарымен байланыс жасалған. Шекараға таяу қоныстанғандардың саяси дербестігі жалған еді. Ал шалғайдағы қазақтардың Ресейге бодандығы сөз жүзінде ғана болатын. Патша үкіметінің қазақ даласын отарлауының алғашқы қадамдарының бірі - I Александр 1822 жылы 22 маусымда заң жүзінде бекіткен "Сібір казақтары туралы Жарғының" қабылдануы. Бұл құжат сол кезеңнен бастап, 60-жылдардың ортасына дейін Сібір әкімшілігіне қарасты қазақтарды басқаруда сүйенетін басты заң болған. Ш.Уәлиханов бұл заң туралы былай деген: "1822 ж. Сперанский Сібір ережесін құрастырып, 1824 ж. ол қазақ жұртына енгізіліп еді. Ұғым-түйсігі, салты бөлек, сауатсыз, көшпелі халық еш ойланбастан күні бүгінге дейін қазақтүгіл, орысқа да түсініксіз кеңселік тіл мен тәртіптен түратын бюрократиялық орталыққа бағындырылды. Бізге бұйрықтармен, мәжілістермен, кіріс және шығыс журналдармен бірге татар молдалары мен татар білімін теліді. Біз бұл сияқты реформаларды халық үшін зиянды және прогреске керегар деп санаймыз".

"Жарғы" аса сақтықпен, асықпай жүзеге асырылған. 1824 жылы 24 маусымда Қарқаралы округі мен дуанын, 17 қыркүйекте Көкшетау сыртқы округі мен ауданын, 4 наурызда Арғын округтік дуанын ашу жөнінде жарлықтар шығарды. Осыдан соң 1831 жылы Аягөз дуаны, 1832 жылы Ақмола, 1833 жылы Баянауыл және Үшбұлақ, 1834 жылы Қарағай, 1838 жылы Көкпекті дуандары ашылады. Казак жері әкімшілік-аумактык бөлініске түседі. "Жарғыға" сәйкес әрбір округтің шектеулі жері белгіленеді, округ тұрғындары жергілікті әкімшіліктің рұқсатынсыз өздеріне белгіленген жерден өтпеуге тиіс болады. Қазақтар тыйымға көнбей, шекарадан өтіп кетпес үшін қарулы казактардан арнаулы топтар жасақталады. Сөйтіп, қазақтар өз округінен шықпай көшуге мәжбүр болады. Жарғыға сәйкес 50-70 түтінді бір ауыл деп санап, 10-12 ауыл бір болысқа, бірнеше болыс округке бірігеді.

"Жарғының" енуімен мынадай шаралар жүзеге асырылды: округтік дуандар құрылды: сұлтандардың билігі шектелді; басқарудыңалқалық ұстанымы енгізілді. Сұлтандар дуанға есеп беретіндіктен, өз билігін шектен тыс пайдалануға жол берілмейді.

Иерархиялық басқару жүйесі құрылды: аға сұлтан болыс старшын. Әркімнің міндетінің айқындығы және басшылыққа есеп беретіні ел ішіндегі қатынасты ептеп реттеді, шаруашылыққа зиянын тигізетін феодалдық қырқысуларды тоқтатты. Екінші жағынан, басқарудың жаңа жүйесі империяның мүддесін қанағаттандыруға бағытталды. Ол мүдде округтік дуандар арқылы жаңа жерлерді бағындыру, қазақ жерін бақылауда ұстау еді.

Сот ісіне де шектеу қойылды. Барлық қылмыстық және саяси істер округтік дуанға жөнелтетін болды. Ал империяға қауіп төндірмейтін ұсақ-түйек істер дала заңымен шешілуі үшін билердің кұзырында қалдырылды. Мұндай екіжақтылық арқылы, бір жағынан, "Жарғыны" құрастырудың бірінші шартына - "бұратаналардың" салты мен тәртібін ескеруге қол жеткізілсе, екіншіден, оның негізгі мақсаты - бағындырылған жерді қатаң бақылау жүзеге асырылады.

Қазақ хандары Ресейдің вассалы еді. Қандай да бір ханның билікке келуі патша өкіметінің оған деген көзқарасына байланысты болатын. Ресейдің хандарды сайлауға ықпалды ақсақалдар алқасы, ел ағалары ұсынған хандарды патшаның бекітуінен басталған. Содан бастап патша өкіметі хандарды мүмкіндігінше өзіне тәуелділікте ұстауға тырысты және қолайына жаққан сұлтандардың ғана хан болуын қадағалады.

Патша үкіметі жергілікті халықтың хан сайлау дәстүрін бұзуға шамасы келмегендіктен, оны ептеп өз мақсаттарына қарай бұруға тырысқан. Сондықтан төре тұқымына жатпайтын бай-шонжарлардың көңіл күйінде "ойнап", оқалы шапан жабу, сыйлық беру арқылы оларды ынталандыруға тырысқан. Үкіметескі дәстүрді сақтауға көмектескен болып, бірте-бірте сайлаудың мүлдем жойылуын көздеген хан сайлаудың қосымша түрін енгізуге ұмтылған еді. Патша үкіметі отарлаусаясатын күшейту мақсатында 1854 жылы 19 мамырда Семей облысын басқару жөнінде жаңа ереже енгізеді. Аталған ережеге сәйкес, "қазақ даласының сол қанаттағы бөліктерінен: Көкпекті, Аягөз сыртқы округінен және Жетісу өлкесінен, Семей, Өскемен қалаларынан, Бұқтырма бекінісінен және Ертістің оң жағалауындағы кейбір қазақтар қоныстанған жерлерден Семей деп аталатын айрықша облыс құрылады".

Облыс басшылығына әскери губернатор тағайындалды. Семей облысы қазақтарының округтік, болыстық және ауылдық басқару жүйелеріне басқа өлкелермен салыстырғанда көбірек өзгеріс енгізілді.

Округтер округтік әскери приказға бағындырылды. Оларды төраға құқығындағы округтік әскери башы басқарады. Округтік приказдың құрамына аға сұлтан, үш орыс шенеунігі және бір "кұрметті қазақ" енді. Округтік әскери басшы "тыныштық, тәртіп және алаңсыздықты" сақтауға міндетті еді.

Дәл осы Семей облысында отарлық әкімшіліктің ықпалы күшейе түсті. Өйткені мұндағы округтердің басшылығында сайланбалы сұлтандар емес, Ресей әскерилері тұр еді. Округ басшылары аға сұлтандардың билігін шектеп, болыстар мен ауыл старшындарына үлкен өкілеттілік беріп, соларға сүйенуге тырысты. Қабылданған ереже бойынша, олар белгісіз мерзімге сайланатын, яғни ауыстырылмайтын еді. Бұған қоса Семей облысының қазақтарына ең көп мөлшерде салық салынды.

1867 жылы Ресей империясының ауқымы аса кеңейгендіктен, бұл жерлерді заңды, саяси-әкімшілік тұрғыдан бекітетін өзгерістер енгізу қажет еді. Осы мақсатта комиссиялар құрылды. Бірнеше жобаның ішінен Дала комиссиясының жобасы таңдап алынды. Оның негізінде "Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарын басқару жөніндегі Уақытша ереже" (1867 ж. 11 шілдедегі және 1868 ж. 21 қазандағы) шығарылды. Нәтижеде - қазақ даласы Түркістан, Орынбор және Батыс Сібір деп аталатын үш генерал-губернаторлыққа бөлінді. Қазіргі Солтүстік-Шығыс Қазақстан аумағы Батыс-Сібір генерал-губернаторлығының аумағына енгенеді. Әрбір генерал-губернаторлық облыстарға бөлінді. Оны әскери губернаторлар басқарды. Облыстар уезд бастықтары уездерге, уездер болыстарға бөлінді. Әрбір болыс 1000 3000 түтіннен құрылып, іштей өзара ауылдарға бөлінді.

1867-1868 жылдары Қазақстанда жүргізілген реформалар патша үкіметінің отарлаусаясатының маңызды бұтақтарының бірі еді. Ол өлкенің әкімшілік құрылымы, жер мәселесі, сот жүйесі, халық ағарту, салық саясаты сынды аса маңызды салаларын қамтыған болатын. "Уақытша ережеге" қол қойылған соң бір жыл өткенде, Орынбор генерал-губернаторы Крижижановскийдің: "Бұдан әрі қазақ даласы шын мәнінде орыс жері… Бұдан былай қазақтар орыс билігіне бағынуга мәжбур болады", - деп жазуы бекер емес болатын. Өйткені басқа себептерді былай қойғанда, осы Ережеден соң бүкіл қазақ жері Ресейдің мемлекеттік меншігіне алынып, қазақтарға ақылы түрде ғана пайдалануға беріле бастап еді.

Борсықбаева А. Қазақ тарихы. 2000. №6. 22 24-бб.

 

УАҚЫТША ЕРЕЖЕЛЕР

(1868-ШІ ЖЫЛ)

 

"61. Әкімшілік бөлінісі.

1. Орынбор және Сібір облыстарының қазақтары және Семейпалат, қазіргі құрамымен, Орал және Сібір казак-орыстары әскерінің жерлері төрт облыс құрайды: Орал, Торғай, Ақмола және Семейпалат.

2. Орал және Торғай облыстарының бас басқармасы Орынбор генерал-губернаторлығына, ал Ақмола мен Семейпалат - Батыс Сібір генерал-губернаторлығына қарайды.

13-16. а) Орал облысы - 4 уезге, Торғай облысы – 4 уезге, Ақмола облысы - 4 уезге, Семейпалат облысы уезге бөлінеді.

21. Облыстық басқару жүйесі әскери губернатор және облыстық басқармадан құралады.

44. Әр уездің басқару жүйесі уезд басшысының қолына жинақталады.

58. Көшпелі ел, қазақтар, әр уезде болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінеді.

59. Болыстарға, ауылдарға бөліну уездерде жергілікті жағдайға байланысты жүреді және губернатор тарапынан бекітіледі. Ауылда 100-200 шаңырақ, болыста 1000-2000 шаңырақ болуы көзделеді.

60. Болысты қатар қыстау жердің ыңғайына қарай, көрші ауылдардан құралады.

62. Болысты болыстық басқарма, ауылды ауылдық старшын басқарады.

68. Әр болыста 50 шаңырақ бір сайлаушы (елубасы) шығарады, осылар өз жиналыстарында болыстық басқарма мен оның кандидатын сайлайды.

92. Сібір және Орынбор қарамағындағы қазақтар, осы облыстар көлемінде, империяның ортақ заңдарымен, әскери сотпен және халық сотынан соттасады.

93. Әскери сотпен қазақтар: сатқындық үшін, үкіметке қарсылық, қарсылық үндеу, почта мен қазына транспортына шабуыл жасау, телеграфты бүлдіру, христиан болам дегендерді өлтіру, қызметкерлерді олтіру қылмыстары үшін сотталады.

94. Империяның жалпы қылмыстық заңдарымен қазақтар: кісі өлімі, тонау, барымта, көпес керуендеріне шабуыл жасау, өзге иеліктерге қашу, жалған ақша шығару, қазына мүлкін ұрлау, үкімет басқармаларының тәртібін бұзу, қызмет қылмысы үшін сотталады.

97. Әскери сот пен жалпы империялық соттың қарамағына жатпайтын қылмыстар бойынша, өзара ұрыс-керісі бойынша билердің хүкіміне жүгінеді.

168. Орынбор және Сібір қазақтары әр шаңырақтан жылына 3 руб. кибиточный сбор төлейді (алым-салық).

169. Көшпелі елдің міндетіне: жергілікті басқарманың шығыны (ауыл старшындары мен болыстардың жалақысы), шабармандарының шығыны, жол бойын жондеп отыру, почта трактын үстау, жазды күні ауруларға (емдеу кезінде) үй тігу, ауылдардың үстімен жүрген қызмет бабындағы чиновниктерге үй тігу, отынын әкеліп беру.

205. Почта жолынан алыс жерде чиновниктерге рұқсат қағазы бойынша көлікке ат беру.

210. Қазақ жайылымындағы жерлердің бәрі мемлекеттік болып табылады және қазақтарға қоғамдық негізде беріледі.

211. Жеке меншік жер иеленуші болып тек патша ағзам тарапынан сыйға алған жерлер және иелігі акті бойынша заңдастырылғандар саналады.

230. Ресейден қоныс аударушы орыстарға, Сібір қалаларына орнығатын адамдарға белгіленген жеңілдіктер беріледі.

231. Башқұрт, татар, және Азиядан шыққандар қалалар мен қоныстарға орнығып, жеке бөлінбей, қалыптасқан қоғамға енеді, оларға орысқа берілгендей жеңілдік берілмейді.

251. Өздерінің діни мәселелері бойынша қазақтар Орынбор мұсалмандарының діни жиынынан шығады.

252. Жергілікті жерде діни мәселелерге иелік жергілікті моллаларға, оларды азаматтық басқармаларға бағындыру арқылы іске асады. Олар Ішкі істер министрлігіне бағынады.

254. Моллалар тек Ресей бодандығындағы қазақтар арасынан ғана сайланады, басты шарты - сотқа тартылған адам ұсынылмайды.

258. Мешіт көтеру тек генерал-губернатордың рұқсаты арқылы ғана іске асады".

1. 1865-ші жж. Орта Азияны бағындырған Ресей үкіметі Қазақстанды толық отарлау барысында Түркістан өлкесіне арналған "Ережелер" (1867-ші ж.) шығарды.

2. 21-қазан 1868-ші ж. қабылданған "Уақытша ереже" атымен белгілі бұл құжат далалық өлкедегі қазақ елінің XIX ғ. екінші жартысындағы дамуы барысына жөн сілтеген негізгі заң.

3. Алғашқы бетте әр облыста 4 уезден болады, дегенмен, кейіннен өзгерістер болды. Көпшілігі 5-7 уезден құралды.

Материалы по истории политического строя… C. 323-340.

 

“ЖЕТІСУ МЕН СЫРДАРИЯ ОБЛЫСТАРЫН БАСҚАРУ ЖӨНІНДЕГІ УАҚЫТША ЕРЕЖЕ”

Патшалық Ресей үкіметінің жүргізген отарлық әкімшілік басқару шарасы. Бұл ережені дайындау үшін ІІ Александр Түркістан өлкесі мен қазақ даласына шенеуіктерден құралған, құпия кеңесші полковник А.Гирс бастаған арнайы комиссиясы жіберді. Қазақ даласында отарлық басқарудың тиімді жүйесін құруды мақсат еткен бұл комиссия қазақ даласын зерттеп, көшпелілерде қолданылып келген әдет және исламдық заң ілімінің заңдық нормалары туралы да көп мәліметтер жинады.

Реформаны дайындау кезінде жергілікті халықтың ой-ниеті ескерілмеді. Ислам конондарына негізделген дәстүрлер мен ғұрыптар империяның билеуші топтарының саяси және экономикалық мүдделеріне сай келетін дәрежеде ғана ескерілді. Ш.Уәлиханов жергілікті халықтың тұрмыс жағдайларын жақсартуға, дәстүрлерін сақтауға жәрдемдесетін батыл реформалар жүргізуді жақтады. Бірақ қазақ халқының жайын ойлаған мұндай пікірлер қабылданбады. 1867 жылы жазға қарай Қазақстанды басқаруға арналған жаңа жүйенің жобасы аяқталды.

1867 жылы 11 шілдеде ІІ Александр патша “уақытша ереженің” жобасын бекіту туралы жарлыққа қол қойды. Жоба 1869 жылы 1 мамырдан бастап енгізілетін болып қабылданды. “Уақытша ереже” 11 бөлімге біріктірілген 395 баптан тұрады. Ереженің көпшілік бөлігі әкімшілік құрылымға (128 бап), сот ісіне (115 бап), салыққа (100 бап) арналған. Ереже бойынша құрамына Жетісу мен Сырдария облыстары кіретін Түркістан генерал-губернаторлығы құрылды.

Генерал-губернаторлық облыстарға, уездерге, болыстарға, ауылдарға бөлінді. Генерал-губернаторлықты жоғарыдан сайланатын генерал-губернатор, облысты – әскери губернатор, уезді – уездік начальниктер басқарды. Болысты – болыс басшысы, ауыл-ды – ауыл старшындары мен халық соты – билер басқарды. Олар үш жылға сайланып, отаршы билеушілер бекітетін отарлық әкімшіліктің ең төменгі тобы болды.

Жетісу облысының құрамына: Сергиполь, Қапал, Верный, Ыстықкөл және Тоқмақ уездері кірді. Орталығы – Верный; Сырдария облысының құрамына: Қазалы, Перовск, Түркістан, Шым-кент, Әулиеата, Ташкент, Ходжент, Жизақ уездері кірді. Орталығы – Ташкент.

Ереже бойынша үш сатыдан тұратын сот жүйесі құрылды: әскери сот, империялық жалпы заңдары негізіндегі сот және халық соты. Халық соты 2 бөлінді: қазақтарға және өзбектер мен басқа халықтарға арналған сот. Сондай-ақ салық жинау ісі де жергілікті халық пен шетелдік халық арасында екіге бөлініп қарастырылған. Тәжірибе жасау мақсатында екі жылға уақытша енгізілген ереже жиырма жылдан астам уақытқа созылып, 1886 жылы 2 маусымда Түркістан өлкесін басқару жөніндегі Ереже қабылданды.

 

Материалы по введению русской политической системы управления в Казахстане, А., 1999

 

“ТОРҒАЙ, ОРАЛ, АҚМОЛА, СЕМЕЙ ОБЛЫСТАРЫН БАСҚАРУ ТУРАЛЫ УАҚЫТША ЕРЕЖЕ”

1868 жылы 21 қазанда ІІ Александр патша қабылдаған Қазақстанның далалық өлкесін басқарудың жаңа отарлық әкімшіліктік жүйесі. Бұл ереженің жобасын дайындаған патшаның алдын ала Қазақстанды зерттеу үшін жіберген полковник А.Гирс бастаған арнайы комиссиясы. Ереже жергілікті халықтың мақсат-мүддесімен санаспай, таза отарлық мақсатта жасалды.

Жоба 1869 жылы 1 мамырдан бастап енгізілетін болып ұйғарылды. “Уақытша ереже” әкімшілік құрылым, сот ісі, қазақтардың құқықтары, оқу-ағарту, дін және медициналық көмекке арналған бөлімдерден тұрады. Ереже бойынша екі генерал-губернаторлық құрылды: Орынбор және Батыс-Сібір.

Орынбор генерал-губернаторлығына қарасты Орал және Торғай облыстары, ал Батыс-Сібір генерал-губернаторлығына қарасты Ақмола және Семей облыстары құрылды. Облыстар уездерге, болыстарға, ауылдарға бөлінді.

Орал облысының құрамына – Орал казак-әскерінің жері және орынбор қазақтарының орталық бөлігі (орталығы Орал), ал Торғай облысының құрамына сол облыстың қалған бөлігі қарады (орталығы Орынбор).

Ақмола облысының құрамына Көкшетау, Атбасар, Ақмола және Сібір казак әскерінің жерінің бір бөлігі (орталығы Ақмола), Семей облысының құрамына – Семей, Көктөбе және Сергиополь мен Зайсан өлкесінің бір бөлігі, Баянауыл, Қарғалы және Сібір казак-әскері жерінің бір бөлігі (орталығы Семей) енді.

Генерал-губернаторлықты жоғарыдан сайланатын генерал-губернатор, облысты – әскери губернатор, уезді – уездік начальниктер басқарды. Болысты – болыс басшысы, ауылды старшындар басқарды.

Ереже бойынша Қазақстан жері мемлекеттік меншік болып жарияланды (210 бап). “Уақытша ереже” тәжірибелік мақсатта екі жылға енгізілген болатын, бірақ ол жиырма жылдан астам уақытқа созылып, 1891 жылы 21 наурызда Ақмола, Семей, Орал және Торғай облыстарын басқару жөніндегі Ереже қабылданды.

 

Материалы по введению русской политической системы управления в Казахстане, А., 1999.

 

ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІН БАСҚАРУ ТУРАЛЫ ЕРЕЖЕ

1886 жылы 12 маусымда Ресей патшасы III Александрдың қол қоюымен қабылданды. Ереже төрт үлкен бөлімнен, 331 баптан тұрады.

Ереженің I-бөлімі бойынша Түркістан өлкесі үш облыстан құрылды: Сырдария (Әмудария бөлімі және Қазалы, Перовск, Шымкент, Әулиеата, Ташкент уездері), Ферғана (Қоқанд, Маргелан, Әндіжан, Наманган, Ош уезі) және Самарқанд (Самарқанд, Катта-Курган, Ходжент, Жизақ уездері). Олар болысқа, ауылға бөлінді. Өлкенің басқару орталығы Ташкент қаласы болды.

Қаржы, бақылау, оқу және пошта-телграф ведомстваларын қоспағанда, Түркістан өлкесін басқару Әскери министрліктің қарауында болды (9-бап). Дегенмен басқару генерал-губернатор арқылы жүзеге асырылды. Сондықтан Түркістан өлкесінің ең жоғарғы билігі генерал-губернатордың қолында болды.

Түркістан өлкесін басқару төрт сатыдан тұрды:

  1. Бас басқарма;
  2. Әр түрлі ведомствалардың жеке бөлімдерінің басқармасы;
  3. жергілікті әкімшілік: а) облыстық, ә) уездік, б) қалалық, в) ауылдық;
  4. Сот.

Ережеде Түркістан өлкесінде Ресей үлгісімен жаңа соттар құру туралы айтылған. Сот билігі – бітістіруші сот, облыстық сот және Сенаттың қолында болды.

Сонымен қатар “халық соты” деген атпен мұсылман тұрғындардың ісін жүргізетін төменгі буын ұйымдастыру көзделді. Шын мәнінде, халық соттары империялық сотқа қосалқы, дербес мәселе шеше алмайтын, тәуелді буын болып қалды.

Ереженің III-бөлімінде жер мәселесі отырықшы және көшпелі тұрғындарына және әскери округтің төменгі шені арасында бөліп қарастырылған. 270-бабында “көшпелілер пай-даланып отырған Мемлекеттің жері осы Ереже тәртібі бойынша көшпелілерге шектеусіз пайдалануға беріледі” делінген.

Ереженің негізгі өзегі бүкіл жер қорын мемлекеттің меншігіне беру болды, ол қазақтардың экономикалық әл-ауқатының негізгі нысаны – мал шаруашылығына орасан нұқсан келтірді.

4-бөлімде осы ереже бойынша енгізілетін салық пен оның түрлеріне және мөлшеріне тоқталған. Бұл ереже 19 ғасырдың соңғы ширегіндегі Қазақстан тарихынан құнды мәліметтер береді.

 

Материалы по введению русской политической системы управления в Казахстане, (состав.: Жакыпбек С.К., Бельбаева А.А.), А., 1999;

 

БӨКЕЙ ОРДАСЫНЫҢ (ІШКІ ОРДА) ҚҰРЫЛУЫ: БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ, АУМАҚТАРЫ.

Бөкей ордасы – Ресей императорының рұқсатымен құрылып, 1801 – 45 жылдары Еділ мен Жайық өзендері аралығында болған қазақ хандығы. Ішкі орда немесе Бөкей хандығы деп те аталады.

18 ғасырдың соңына қарай Кіші жүзде Қаратай, Жантөре, т.б. сұлтандардың таққа таласып өзара қырғи-қабақ болуы және ұлттық езгінің күшейе түсуі халықтың тұрмыс-тіршілігін күйзелтті. Кіші жүз қазақтарының дені тіршілік етуге “жеңілдеу” басқа жерлерге көшуді көкседі. Сондықтан қолайлы жерлердің бірі – Жайық пен Еділ арасындағы Нарын құмы болды. Бұл өңірді қалмақтар тастап кеткеннен кейін (1771) ешкім қоныстанбаған болатын. “Қалмақ аймағы” деп аталған осы жерге Кіші жүз қазақтары осы жерге үлкен үміт артты. Мұны Бөкей сұлтан пайдаланып қалды.

1801 жылдың басында ол Нарынды тұрақты қоныс етіп бекітіп беру жөнінде Павел І-ден рұқсат сұрады. Павел І өзінің 1801 жылғы 11 наурыздағы жарлығымен Бөкей сұлтанның тілегін орындады. Ресей үкіметі бұдан ұтылған жоқ. Біріншіден, кіші жүз екі иелікке бөлінді. Демек, ол саяси жағынан әлсіреді. Екіншіден, Еділ мен Жайық аралығындағы сауда жолдары қауіпсіздендірілді. Содан Ресей үкіметінің Қазақстанға ықпалы күшейе түсті.

1806 жылы патша жарлығы негізінде Бөкей ордасының нақты шекарасы, сонымен қатар жәрмеңке орындары белгіленді. 1808 жылы шілденің 17-і күні патша жарлығымен Бөкей ордасы Астрахан әскери губернаторы мен Орынбор шекаралық комиссиясына бағындырылды. Патша нұсқауында Бөкей ордасы Ресей империясына бағынады делінгенімен, Бөкей сұлтан Жайық пен Еділ аралығындағы жерде қазақ руларын өзі басқарды. Әуелде ордадағы үй саны 5 мыңдай болса, 1812 жылы 7500, 1819 жылы 8500, 1825 жылы 10490 үйге жетіп, халық саны 50 мыңнан асты.

1815 жылы Бөкей хан қайтыс болды. Жәңгір ер жеткенге дейін хандық уақытша Бөкейдің туысы Шығай сұлтанға көшті. 1823 жылы таққа Жәңгір отырды. Ол билікті нығайтуға тырысты, басқару әкімшілігі өзгертілді. Орталықтан басқарылатын әкімшілік (хан депутатында – 10, хан кеңсесінде – 10, старшын-есауыл – 14 адам болды, базар сұлтаны, арнаулы тергеуші, іс жүргізетін кеңес) құрылды. Әрбір ірі немесе бірнеше ұсақ рудың басына Жәңгір өз туыстарын, өзіне шын берілген сұлтандар мен билерді қойды. Ру ішіндегі аталарды старшындар басқарды. Тағайындалған ру басшылары старшындарды Орынбор шекаралық комиссиясы бекітті. Бөкей ордасының әкімшілік орталығы Орда қаласы 1826 жылы салынды.

Бөкей ордасын жан-жағынан орыс әскерлерінің бекініс шептері қоршап жатты. Қазақстанның басқа аймақтарымен салыстырғанда, мұнда тауарлы-ақша қатынасы басымырақ өркендеді. Бөкей ордасында егіншілік жанданды. 1840 жылы хан ордасында бастауыш қазақ-орыс мектебі ашылды. Бөкей ордасы жерінде 1836 – 37 жылдары Исатай Тайманұлы бастаған көтеріліс болды. Көтеріліс хан ордасын шайқалтып тастады. 1845 жылы Жәңгір хан өлгеннен кейін хандық үкімет жойылды. Хандықтың орнына Ішкі орданы басқару жөніндегі уақытша кеңес құрылып, оған патша шенеуіктері басшылық етті.

 

Шахматов В.Ф., Внутренняя орда и восстание Исатая Тайманова, А.-А., 1946; Зиманов С.З., Россия и Букеевское ханство, А.-А., 1982; Мәшімбаев С.М., Патшалық Ресейдің отарлау саясаты, А., 1994

 

ЖӘҢГІР ХАН БИЛІГІНІҢ СИПАТТАМАСЫ: ЖЕРГЕ ИЕЛІК ЕТУ МЕН ЖЕР ПАЙДАЛАНУДЫҢ ЖАҢА НЫСАНДАРЫ. ЖӘҢГІР ХАННЫҢ АҒАРТУШЫЛЫҚ САЯСАТЫ.

Жәңгір (1801 – 9.6.1845) – Бөкей ордасының ханы (1821/23 – 45), Бөкей ханның баласы. Бөкей қайтыс болғаннан кейін (1815) хан тағы мұрагерлік жолмен Жәңгірге берілген. Алайда Жәңгір жас болғандықтан, ол ер жеткенге дейін ордадағы билік Бөкей ханның інісі Шығай сұлтанға тапсырылады. Жәңгір 1823 жылға дейін Астрахан губернаторы Андреевскийдің үйінде тәрбиеленіп, еуропаша білім алды, хандықты әкімшілік жағынан басқару әдісін үйренеді. Жәңгір орыс, татар тілдерін, неміс тілін білген.

Жәңгір билік еткен тұста Бөкей ордасында сауда жәрмеңкесі (хан жәрмеңкесі) ұйымдастырылып (1832), дәрігерлік бөлімше, 1838 жылы дәріхана, мұрағат ашылды, хандықтың алғашқы картасы жасалды.

1841 жылы Жәңгір хан өз қаражатына мектеп ашып, онда М.С.Бабажанов, М.Бекмұхамедов, Қ.Шығаев, т.б. білім алған. Жәңгір сол жылы Қазан университетінің жанындағы ғылыми кеңеске мүше болып сайланып, 1843 жылы генерал-майор атағын алады. 1844 жылы Қазанда Жәңгірдің “Мұхтасар әл-фикғайат” аталатын еңбегі жарық көрді.

Жәңгір асыл тұқымды жылқы өсірумен, қазақ шежіресін жинаумен шұғылданды. Жәңгір хан тұсында Бөкей ордасында басқарудың жаңа жүйесі енгізіліп, хандық билер басқарған 12 әкімш. орталыққа бөлінді. Билер мен хан өкілдері кеңесі, тархандар институты қайта құрылды. Бірақ Бөкей ордасында қалыптасқан күрделі экономикалық және саяси жағдай Исатай Тайманұлы пен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық қозғалысын туғызды (1836 – 37).

Жәңгір қозғалысты басуға басшылық етіп, Ресей әскерінің күшімен көтерілісшілер жазаланды. Жәңгір хан кенеттен белгісіз жағдайда қайтыс болған соң, Бөкей ордасындағы хандық билік жойылып, басқару жүйесі қайта құрылды. Жәңгір ханның өлімінен соң көп ұзамай ханның 3 әйелі, балалары Сақыпкерей, Сейіткерей, Ибрагим Исмаил, Ғайшы, т.б. туған-туыстары қаза табады.

 

Зиманов С., Россия и Букеевское ханство, А.-А., 1982.

 

ХАН БИЛІГІНІҢ ЖОЙЫЛУЫ ЖӘНЕ ІШКІ ОРДАНЫ БАСҚАРУ ЖӨНІНДЕГІ УАҚЫТША КЕҢЕСТІҢ ҚҰРЫЛУЫ.

Ішкі орданы басқару жөніндегі уақытша кеңес – 1846 жылы 21-қаңтарда Бөкей ордасында бекітілген Бөкей ордасын уақытша басқару жобасы негізінде құрылды.

Жоба бойынша Ішкі орданы уақытша басқару Орынбор Ше-кара Комиссиясының қарауында қалдырылады. Бөкей ордасын жоғарыдан басқару Мемлекеттік мүлік министрлігінің қарауына жүктеледі.

Жаңа басқару жүйесі бойынша: “Хан ордасындағы арнайы Кеңесте оның төрағасы және төрағаның кеңесшісі, айрықша билігі бар 2 орыс шенеунігі немесе сұлтандардан екі адам отырды. Екі кеңесшінің әрқайсысында бір-бірден көмекші, екі-екіден хатшы, бұларға қоса отыз шабарман болған. Кеңес төрағасы мен оның көмекшілерін Орынбор Шекара Комиссиясының ұсынысымен Орынбор генерал-губернаторы бекітеді. Төтенше орыс қызметкерін Мемлекеттік мүлік министрлігі ұсынып бекітеді.

Уақытша ішкі орданы басқару төрағасы мен басқарманың міндеті ордада қазақтар арасында тыныштық сақтау, ал тәртіп бұзушыларға қарсы шара қолдануды төрағаның тікелей өзі шеше алады. Барлық мәселеде Ішкі орданы уақытша басқару төрағасының пікірі шешуші роль атқарды”.

Ішкі орданы басқаратын алғашқы Кеңес төрағасы болып Жәңгір ханның інісі Әділ Бөкейұлы және кеңес мүшелері болып Меңдігерей Бөкейханұлы, Шөке Нұралыұлы тағайындалып, Мемлекттік мүлік министрлігі атынан кеңесші болып наурыз айында Сарпай жанындағы Матвьев ант береді. Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін Бөкей ордасында жергілікті басқару жүйесіне көп өзгерістер енгізбей, оны Ресей басқару әкәмшілік жүйесіне бағындырылып, жергілікті басқару орындары тежелді.

 

Мәшімбаев С.М. Патшалық Ресей отарлық саясаты, А., 1994.

 

ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДА СТОЛЫПИНДІК АГРАРЛЫҚ САЯСАТТЫҢ ЖҮРГІЗІЛУІ ЖӨНІНДЕ ЖЕРГЕ ОРНАЛАСТЫРУ ЖӘНЕ ЕГІНШІЛІК БАС БАСҚАРМАСЫНА ХАТЫ

30 сәуір, 1909 жыл.

Торғай губернаторы биылғы 5 сәуірде Ұзынкөл көліне жақын жердегі жер алқабына өздігінен орналасып алушылардың жерді өз бетінше басып алған оқиғасы туралы хабарлай келіп, қырғыздардың жерін тартып алу туралы жалпы мәселе қозғаған. Губернатордың хабарлауына қарағанда, қырғыздардың жер пайдалануынан қоныстану алқаптарын алып, дұрыс, заңда белгіленген қоныстандырумен қатар, соңғы қазыналық қоныстандыру алқаптарын құру мүмкін емес деп танылатын жерлерде қырғыздардың жекелеген алқаптарды өз бетімен басыпалатын өте орынсыз оқиғалары жиілеп кеткен. Мұндай басып алушылықтарға қарсы күресу өте қиын, өйткені басып алынған жерден көшіру белгілі бір уақыттан соң тек сот тәртібімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Оның бер жағында, сот ісі созылып кетеді де, өз бетінше құрылған поселкелер өсіп, көшіру жөнінде қабылданған шешімді жүзеге асыру барысында енді ондаған емес, жүздеген үйлерді көшіруге тура келеді.

Өз бетінше орналасып алушылардың сот шешімдеріне өз еркімен бағынудан бас тартуы себепті мұндай шешімдер, әдетте, орындалмай қалуда. Бұл істердің сот шешімдері беделін мұндай қорлаушылықпен аяқталуы көптеген жағдайларда өз бетімен орналасып алушыларға басып алынған жерді бөліп жіберу жолымен заңдастыру арқылы аяқталады. Облысқа қоныстандыру нақтылы реттелмей және ұйымдастырылмай отырған кезде орналасып алушылар үшін бұл сияқты әрекет, мейлінше тиімді де, сондықтан онымен бір жағынан келісуге де болады. Оның үстіне, әлі толық есептеліп коныстандыру мұқтаждарына алынбаған қырғыз жері көлемінің кең-байтақ екендігі жағдайында мұндай басыпалушылық, көп жағынан алғанда, қырғыздар үшін ерекше залалды және ренішті болған емес. Бірақ қазіргі уақытта, мысалы, Қостанай уезінде қырғыздардың шұрайлы жерінің едәуір бөлігі қазірдің өзінде қоныстандыру үшін пайдаланылып қойған кезде және қоныстандыру қорын ұлғайту үшін қырғыздардың өздерін қоныстандыру нормалары бойынша жер пайдалану мөлшеріне келтіру көзделіп отырған кезде, заңда бөлінген қырғыздарда қалатын жерді өз бетінше қосымша басыпалушылық олардың шектен тыс ашу-ызасын туғызбай қоймайды. Атап айтқанда, Қостанай уезінде қырғыздар арасында қоныстануға осы соңғысының барлық түрлеріне қарсы үгіт едәуір күшті және қоныстанушылар туралы мәселе қырғыздар арасында тұрақты кеңестердің тақырыбы және алдағы уақытта қырғыздардың өздерін жерге біржола орналастырып болғанша, қоныстандыруды мүлде тоқтату туралы қазірдің өзінде талай рет жасалған өтініштердің негізі болып отыр.

Жоғарыда аталған жағдайды Жоғары мәртебелі Сізге хабарлауды борышым деп санаймын, өзіңізге бас ие отырып, барынша, құрметім мен адалдығымды қабылдауыңызды өтінемін.

Қол қойған: П.Курлов

Қазақстандағы 1907-1914 жж. жұмысшы және аграрлық қозғалыс. Құжаттар мен материалдар. Алматы, 1957. 139-140 -бб.

 

XIX ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН

Көне замандардан бері қазақ жері көшпелі елдердің құтты қонысы болып келді. Дүниежүзі үлкен өзгерістерге түсіп жатқан уақыттарда бұл өлке бірқалыпты ырғақпен ғасырдан ғасырға шығып отырды, не бір күрт даму, не бір әлеуметтік қайшылық бұл қоғамдарға тән емес еді. Тек табиғаттың әсері, ішкі демографиялық өсу, жер тапшылығы және рухани еркіндік, жауынгерлік дәстүрлер оларды қозғалысқа итермелейтін. Сәтін салғанда, көшпелілер дүниежүзілік империялар құрып отырды, Батыс пен Шығысты судай сапырылыстырды, отырықшылықтарды бағындырып, мемлекеттер құрды. Осы үрдіс XVIII ғасыр соңына дейін қазақ-жоңғар ортасында өз жалғасын тауып келді. Ал, енді, XIX ғасыр ол заңдылықтардың шеңберінен шықты. Оған басты себеп - қазақ жерінің осы ғасырда Ресейдің нақты отарына айналуы деп білеміз. 1822-1824-ші жылдардағы "Жарғыларға" дейінгі қазақ бағыныштылығын протекторат деп атағанымыз жөн (өзге елдің қамқорлығына көшу, ішкі жағдайындағы тәуелсіздік), 1867-1868-ші жылдардағы "Уақытша ережелерге" дейінгі бағыныштылықтың түрін "вассалдық" деп атаған келіседі, себебі ол - белгілі дәрежеде алым-салығын төлеп, сыртқы тәуелсіздіктен қол үзумен байланысты. Таза отарға (колонияға) айналу - "Уақытша ережеден" кейін ғана болған жағдай.Оның бір белгісі - қазақ жерінің иесі болып Ресей империясының атануы, әкімшілік биліктен қазақты ығыстыру, әлеуметтік топтардың (төре, қожа, төлеңгіт) жойылуы, елдің тұтас қара боданға айналуы. Сонымен, XIX ғ. қазақ үшін үш ғасырдың жүгін көтеріп келді десек, артық айтқандық болмас.

Қазақтың солтүстік өлкесіндегі Ресей әсері алдымен кең тараған қайыршылық болды (әсіресе, С. Датұлы көтерілісінен кейін үдеп кетті), малдан айырылу (жер тапшылығы және сауданың кесірінен) егіншілік кәсіптің кең тарауы, шөп шабу, саудаға бейімделуден сезілді. А.И. Левшиннің жазуынша, XIX ғ. басында әр жылы қазақтар Ресейге І млн. қой, 100 мың жылқы сатқан, осынша малды Қытай, Бұқара, Хиуа елдеріне жөнелткен, яғни қазақ әлі де малды ел болған.

Оның бір айғағы XIX ғ. бірінші жартысында ел ішінде 10-20 мың жылқысы бар байлар сирек болмаған. XIX ғ. екінші жартысында мал саны шектеле бастайды, егер дәстүрлі кезеңде малдың негізгі қоры орта шаруада болса, ғасырдың соңына қарай аз малдың өзі байлардың қолына жинақталғаны аян. Осыдан-ақ Қазақстандағы әлеуметтік ірі өзгерістердің басы мал шаруашылығындағы дағдарыспен байланысты екенін аңғару қиын емес. Әрине, егіншілік және өзге кәсіптер (мұжыққа, орыс-қазаққа жалдану, жәрмеңке саудасына араласу, өндірісте жұмыс істеу) мал шаруашылығынан босаған жүмыс қолын өзіне сіңіріп жатты. XIX ғ. бірінші жартысында Қазақстан жерінің негізгі халқы қазақтар еді. Қалыптасқан дәстүр бойынша олар руларға бөлініп, ал рулар жүздерді құрады. 1822-1824-ші жылдары қабылдаған "Жарғылар" қазақ этноәлеуметтік тіршілігінің осы заңдылықтарынан аса алмады. Хан билігін жойғанымен, рулық байланыстар сақталды, бұрынғы ұлыс сұлтандардың орнына аға сұлтандар отырды. Тек "Жарғы" қазақ ішіндегі әдет-ғұрып заңдарына көп кесел келтіріп, мәселен, билер институтын әлсіретті. Тіпті ру басыларын аға сұлтанды сайлауға енгізген жоқ. Осы шара арқылы патша үкіметі көшпелілердің басқарушы элитасын екіге жарып тастады, сұлтандар мен би, батырлардың өзара жаулығын қоздырды. 30-шы жылдары бұл күрес өршіп, әкімшілік тәртіпке үлкен нұқсан келді. "Жарғы" бойынша руларды территориялық тұрғыдан болыстықтарға бөлгенімен, нақты шекара орнату мүмкін болмады. Негізгі өзгерістер тізбегі 1867-68-ші жылдары басталады. Оған басты себеп - осы жылдары қазақ өлкесінің Ресейдің ішкі колониясына айналуы деуге болады. 60-шы жылдары Қоқанд және Хиуа билігіндегі Түркістан өңіріне қарулы қол жіберіп, қалаларды (Тәшкент, Шымкент, Әулие ата) бағындырған соң, империя шекарасы Бұқара әмірлігіне шықты, тіпті әмірдің өзі де бағыныштылығын мойындады.

Осыған қарамастан, көшпелілер XIX ғ. бірнеше дүркін ірі көтерілістерге шығып, өз тәуелсіздіктерін қорғап бақты. Шынтуайтына келгенде, оларды ұлттық-азаттық дегенімізбен, көшпеліліктің Ресей әкелген жаңа өмір-салтына қарсы реакциясы деген жөн. Мыңдаған жылдар бойы еркін өмір сүрген шаруашылық-әлеуметтік система реформалармен бірге енген жерге бөліну, алым-салық, кәсіпке бейімдеу, әкімшілік жүйені, т.б. қабылдай алмады. Мысал ретінде, Бөкей ордасында 30-шы жылы өрістеген Исатай мен Махамбет көтерілісін айтуға болады. Бұл көтеріліс – Жәңгір ханның Орда жерінде жүргізген реформаларына қарсылықтың ең ушыққан түрі. XIX ғ. қазақ жерінде белең алған көтерілістердің ішінде К. Қасымов бастаған 10 жылдық күресті ғана "ұлт-азаттық" деп атауға негіз бар. Себебі, басқа көтерілістерге қарағанда, Кенесары мен оны қоршаған әлеуметтік топтардың өз бағдарламасы, ұлттық-мемлекеттік мұраттары болды. Оның ең басты талабы - Абылай хан тұсындағы еркіндікті сақтау, ішкі шаруада тәуелсіз болу, Ресейді тек сырттай ғана мойындап өмір сүру. Үлкен күреске жалғаспағанымен, Арынғазы бастаған қозғалыстың мақсат-міндеттері Кене ханның жоспарымен тоғысады. Қазақ жеріндегі XIX ғ. соңғы көтеріліс (1870-71-ші жж.) - Адай руының ішіндегі реформаға қарсы қозғалыстың нәтижесі. Бірақ бұл көтеріліс қазақ руларынан қолдау таппай, шектеулі аймақты ғана қамтыды. Бұл да болса көшпелілердің әлі де ұлттық міндет-мақсат қоя алмайтын, бір-бірін ортақ мақсат жолында қолдай қоймайтын қасиетіне байланысты.

Ресей отаршылдығының оң нәтижесі болды ма? Бұл мәселе қандай тарихшыны болмасын толғандырмай қоймайды. Қай ел үшін болмасын, отар болу үлкен бақытсыздық, соның ішінде еркін көшпелі ел үшін бодандықтан асқан сорлылық жоқ. Қандай ел болмасын, өз бос-тандығын өз еркімен бермейді. Бірақ отаршыл ел де, адамзат дамуынан қол үзбейді, жақсылық пен жамандық оған да тән, Ресейлегі 60-шы жылларлағы реформалар капиталистік дамудың көзін ашты. Әр түрлі реформалардың (заң, оқу-ағарту) шапағаты қазақ жеріне де түсті. Осының нәтижесінде "оқуға сенген - ұмытшақ, жазуға сенген - жаңылшақ" деп келген қазақ оқу-білімге бас қойды. Бас-аяғы 20-30 жылдың ішінде жаңа заман талабына сай зиялы қауым өсіп шықты. Оның көрнекті өкілдерінің бәрі де Ресей жоғарғы және орта оқу орындарынан өткендігін ескерген жөн. XIX-ХX ғ. шектескен тұсындағы осы зиялы қауымның жанқиярлық қызметі мен қайраты қазақ елін этнос және қоғам есебінде апаттан (жойылып кетуден) аман алып қалды.

Сонымен қатар, XIX ғ. - ісләм дінінің бұрын-соңды болмаған дәрежеде қанат жайған уақыты. Қазақ жерінде мыңдаған мешіттер салынып, оның шәкірттері Орта Азия мен Еділ бойы оқу орындарының ғұламалық бұлағынан сусындады. Екі ғасырдың тоғысқан тұсына қазақтар иманы бұзылмаған қалпында келіп килікті. Көшпелілерге тән ит жандылық пен ісләм діні сіңірген иман қазақтың талай апаттан аман өтіп, осы күнге дейін жетуінің басты кепілі болды.

XIX ғ. екінші жартысында жер мәселесі қара шекпендердің қоныс аударып, қаптап келуіне байланысты ауырлады. Ең шұрайлы деген жерлер солардың үлесіне көшті, бұл саясат патша заманындағы ең бір ауыр, кесапаты Совет (Кеңестік-ред.) дәуірінен кем емес саясат еді. 1916-шы жылы қазақ жерін түгел қамтыған көтерілістің бір басты себебі - осыдан келіп туындағаны анық. Дегенмен, XIX ғ. соңы - ХХ ғ. басында халықтың ұлттық құрамында өзгерістер болғанымен, қазақтың үлес салмағын тым азайтқан жоқ, олар саны жағынан өзінің үстемдігін сақтап қалды.

Оның үстіне ХХ ғ. басында ауыл-болыс, ояз болып жүрген халықтың басын қосатын амал - газет-журнал шығару ісі қанат жайды. Қазақ сауатты, кітап оқығыш халық қатарына ене бастады. Әрине, ол кітаптардың көпшілігі діни тақырыпта болғанымен, арасында жаратылыс ғылымы мен көркем әдебиет те кездесетін. Шежірені жариялау да осы кезеңнің жемісі.

Қазақ халқы өзін мемлекет ретінде XV ғ., ұлт есебінде XVIII ғ. сезінсе, XIX ғ. басында одан айырылса, аяғында қайта жаңғыртты. Сондықтан оқу-білімге деген ұмтылыс-"ұлт-азаттық қозғалысы" деуге лайық.

Қазақстан тарихы: Оқулық хрестоматия / Құраст.: Ж.Артықбаев – Астана: «Фолиант», 2003. – 264 бет. – Б. 181-186

 

МАҢҒЫСТАУ КӨТЕРІЛІСІ

1870 жылы Маңғыстау өңірінде патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы бағытталды. Көтеріліс патша өкіметі 1868 жылы қабылдаған “Уақытша ережеге” (“Далалық облыстарды басқару жөніндегі Ереже”) сай туындады. Ресей империясы адай руларын 19 ғасырдың 30-жылдарынан бағындыра бастады.            

1866 – 67 жылдары адай руларынан Жоғары адай (Бәймәмбет Маяев басқарды) және Төменгі адай (Ғафур Қалбин басқарды) дистанциялары құрылды. Екі билеуші Орал облысы басқармасына шақырылып, жаңа ережелермен танысты. Жаңа реформа бойынша салықтың мөлшері 1 сом 30 тиыннан 3 сом 50 тиынға дейін өсті және билеушілерден үй санын дәл есепке алуды, жерді мемлекеттік меншік деп тануды, болыстар мен ауылдарға бөлінуді талап етті. Ел арасында толқу басталды.

Халық бұқарасын Досан Тәжіұлы, Алғи Жалмағамбетов, Ержан және Ермембет Құловтар басқарды. Оған қоса Маңғыстау приставы полковник Рукин би-шонжарлардың көмегімен салықты екі жылға (1869 – 70) бірақ жинамақшы болды. Рукин 1870 жылы 15 наурызда Б.Маяевтың жол көрсетуімен төрт зеңбірегі бар 35 қазақ, тілмаш Бекметов, 60-тай билер мен старшындар құрамымен адай руларынан салық жинауға аттанды. Рукиннің қарулы жасақпен келуі көтерілістің басталуына түрткі болды. Көтерілісшілер Рукин отрядымен 22 наурызда кездесті. Көтерілісшілерге “Ұсақ” құдығы маңында Бозащы тобы қосылды. Рукин отряды біржолата талқандалып, Б.Маяев өлтірілді, Рукин көтерілісшілердің қолына түспес үшін өзінөзі атып өлтірді. Көтеріліс бүкіл түбекті қамтып, көтерілісшілер саны 10 мыңға жетті.

1870 жылы 5 сәуірде көтерілісшілер Александровск форты мен Николаевск станицасына шабуыл жасады. Шабуылшылар теңіз бағдарларын өртеді, дүние-мүлкін, гарнизон қорлары сақталған Нижнее бікінісін талқандады. Алайда зеңбіректерден жауған оқ көтерілісшілерді шегінуге мәжбүр етті. Көтерілісті басып-жаншу Кавказ уәкіл әкіміне жүктелді.

Мамыр айының соңында Маңғыстауға Кавказдан Апшерон полкінің батальоны, екі атқыштар ротасы, желілік батальонның екі ротасы, Дағыстан полкінің 4 ротасы, 4 зеңбірекпен қаруланған Терек казактарының екі жүздігі жеткізілді. Көтерілісшілер “Ұсақ” құдығында, Үшауыз шығанағында, Александровс фортында жазалаушыларға қатты қарсылық көрсеткенімен, күшті қаруланған тұрақты әскер бөлімдерінен жеңіліс тапты. Көтерілісшілер үстірттен солтүстікке қарай ығысып, көше бастады. Бірақ Орынбордан шыққан жазалаушы отрядпен (Н.А. Крыжановский мен генерал-майор Биязнов бастаған) қақтығыста көп шығынға ұшырап, қайта шегінуге мәжбүр болды. Патша әскерлері Маңғыстауда үш ай болып, көтерілісшілерді қатал жазалап, қудалай бастады.

Көтеріліс басшылары М.Тіленбаев, Тәжұлы, Құлов патша жендеттерін қудалауынан қауіптеніп, 1870 жылы желтоқсанда өз жақтастарымен бірге Хиуа хандығына өтіп кетті. Сөйтіп, жазалаушылар халықты “Уақытша Ережеге” күшпен көндірді.

Турсунова М.С., Казахи Мангышлака во второй половине XIX в, А., 1977; Қазақстан тарихы: көне заманнан бүгінге дейін, А., 1994.

 

ОРАЛ ОБЛЫСЫ ӘСКЕРИ ГУБЕРНАТОРЫНЫҢ ҚАРАШЫҒАНАҚ БОЛЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ПАТША  ӘКІМШІЛІГІ ШЕНЕУНІКТЕРІНЕ ҚАРСЫЛАСУЫ ТУРАЛЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНЕ ХАБАРЫ

Өте құпия

маусым, 1908 жыл.

 

Өткен мамыр айы ішінде маған сеніп тапсырылған облыс халқының көңіл күйін Қарашығанақ болысы қырғыздарының тарапынан қазірдің өзінде бөлу жоспарланып қойылған жер телімдерінде жер өлшеу жұмыстарын жүргізушіге кейбір қарсы әрекет жасалуы бұзды. Мен атаған оқиға айтарлықтай ушықпағанмен және жергілікті шаруалар бастығы тыныштық пен төртіпті дереу қалпына келтіргенімен, қырғыз даласындағы жер бөлу жұмыстарының бұдан былайғы барысында мен үкімет қолданған жұмыстардың тыныш жүргізілуіне қырғыздардың оларға тікелей мүдделі топтары тарапынан бірлі-жарым қарсы әрекеттердің қайталанып қана қоймай, сонымен қатар неғүрлым ірі тәртіпсіздік жағдайлардың да болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Дегенмен де бұл тәртіпсіздіктер осындай жұмыс жүргізілген ауылдар мен болыстар шегінен шығып кетеді деп болжау қиын.

Түпнұсқаға қол қойған әскери губернатор, лейтенант-генерал: Родзянко

Растау: кеңесші үшін: A. Шадрин

Тексерілді: іс жүргізуші үшін (қойылған қол түсініксіз).

 

Қазақстандағы 1907-1914 жж. жұмысшы және аграрлық қозғалыс. Құжаттар мен материалдар жинағы. Алматы, 1957. 57-б.

 

Ә.БӨКЕЙХАНОВТЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ДУМА МҮШЕЛЕРІНЕАШЫҚ ХАТЫ

23 қаңтар, 1914 жыл.

Қоныстандыру басқармасы қырғыз даласындағы қазыналық жерлерді «барлық әлеуметтік топтағы» адамдарға: жері аз кінәздар Кочубейлерге, Касаткин-Ростовскийлерге, граф Медемдер мен басқаларға тек үлестіріп беруді ғана емес, сондай-ақ қырғыз халқын «православиелік-христиан діні нанымдарын қабылдауға» әзірлеуді де ойластырып отыр.

Басқарма жұмысын жүргізушілердің қырғыздарға егіншілік нормасын беріп және орталық өкімет органдарының нақты нұсқауларын орындай отырып, басшылыққа алатын құжаты мына тұрғыда:

Торғай-Орал ауданындағы қоныстандыру ісінің меңгерушісіне

Қасиетті синод үстіміздегі жылғы 5(26) сәуірдегі №3067 ұйғарымы бойынша мыналар қажет деп тапты: қырғыздар қоныстандырылатын жерлердегі жерге орналастыру жұмыстары кезінде мұсылман қырғыздар, православиелік қырғыздар орыс шаруаларымен бірге қоныстандырған кезде, мұсылман қырғыздар саны сол жердің православиелік халқының жартысынан аспауы керек, өйткені өздерінің шаруашылық тұрмысы мен қажеттеріне қатысты барлық мәселелерді шешкен кезде православиелік адамдардың бұратаналар алдында басымдығы болуы шарт. Қасиетті синодтың пікірі бойынша, аталған шаралар арқылы Дала облыстары мен Түркістан өлкесінің қырғыз халқы православиелік-христиан дінін қабылдауға жақындатылуы мүмкін.

Жерге орналастыру және егіншілік бас басқармасы осыны хабарлай отырып, өзге нанымдағылар арасында православиені тарату және нығайту мақсатында да, осы жолмен Дала облыстарының байырғы халқын орыс мемлекеттілігі мен орыс мәдениетіне тез арада жақындату және оларды толық орыстандыру себепті де қырғыздарды орыс тұрғындарымен бірге қоныстандыру қажеттігін жақтаған пікір айтты.

Жоғары мәртебелі Сізге тиісті өкімдер үшін осыны хабарлаймын. Қол қойылуға тиісті түпнұсқа.

Шағын аудандардың меңгерушілері мен шаруалар бастықтары мырзаларға. Орал облысы әскери губернаторының православиеліктер мен мұсылмандарды бірге орналастыру туралы үстіміздегі жылғы 12 маусымдағы №11400 хабарламасының осы көшірмесі Жоғары мәртебелі Сізге басшылыққа алу және орындау үшін жіберіліп отыр.

№9373. 27 маусым, 1912 жыл.

Қоныстандыру ісінің меңгерушісі үшін: Константинов

Хатшының міндетін атқарушы: H. Арсеньев

 

1905 жылғы 17 сәуірдегі Жоғары дәрежелі Жарлықтан" кейін қасиетті синод басқа діндегілердің ісіне, 5 млн қырғыз халқының шаруашылық өміріне қысым жасау түрінде өзінің  араласуы қажет деп табады, ал Жерге орналастыру және егіншілік бас басқармасы 1904 жылғы 12 желтоқсандағы Жоғары дәрежелі Жарлықтан' кейін жергілікті әкімшілік пен қоныстандыру басқармасының қызметкерлеріне қасиетті синодтың ұйғарымын орындауды ұсынады.

Қырғыз жеріне көз тігуші кінәздар мен графтар арасынан шыққан шенеуніктердің күш салуы арқасында, «3 маусымдағы Заң»2 бізді Мемлекеттік Дума мінбесінен қорғану құқығынан айырды. Депутат мырзалар келтірілген құжатта заңдардың өрескел бұзылғаны айқын екеніне назар аударады және депутаттар Мемлекеттік Дума құру туралы Ереженің 35 және 58-баптарын пайдаланады деп сенемін.

 

I Мемлекеттік Дума мүшесі Әлихан Бөкейханов

«Речь» газеті. 1914, 23 қаңтар.

 

Қазақстандағы 1907-1914 жж. жұмысшы және аграрлық қозғалыс. Құжаттар мен материалдар жинағы. Алматы, 1957.

 

ДАЛА ӨЛКЕСІНІҢ ГЕНЕРАЛ-ГУБЕРНАТОРЫ Н.А.СУХОМЛИНОВТЫҢ ҚАЗАҚТАРДЫ ТЫЛ ЖҰМЫСТАРЫНА АЛУ ТӘРТІБІ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАУЫ

 

30 маусым, 1916 жыл.

 

Император ағзамға осы маусымның 25-і күні соғыстың қалған уақытына соғысып жатқан армия шебінде қорғаныс құрылыстары мен әскери қатынастар орнату жөніндегі жұмыстар үшін империяның әскери міндетінен босатылған бұратаналарын, атапайтқанда, Дала өлкесінің қырғыздарын дереу тартуға Жоғары мәртебелі әмір берудің ыңғайы келді.

1885 және 1897 жылдар аралығында туған, яғни 19-дан 31 жасқа дейінгі қырғыздар ең таяу кезекте алынуға жатады.

Бұл адамдар реквизициялық тәртіппен әскер қатарына емес, қазынадан ақы төленіп және азық-түлік беріліп, армия үшін қажетті жұмыстарға тартылады.

Маған сеніп тапсырылған өлкенің қырғыз халқына осы туралы хабарлай отырып, қырғыздар патшаның шақыруына сөзсіз үн қосады және сол арқылы өздерінің патша мен Отанға адалдығын, бұрын өз еңбектерімен және соғысқа шақырылған запастағы шенділердің отбасына қарайласу жөніндегі қамқорлықтарымен дәлелдегені сияқты іс жүзінде дәлелдейді деп кәміл сенемін.

 

Дала генерал-губернаторы, кавалерия генералы: Сухомлинов

 

Омбы. 30 маусым, 1916 жыл.

 

Орта Азия мен Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс.

Кұжаттар мен материалдар. М., 1960. 26-б.

 

 

ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘСКЕРИ КЕҢЕСІ МЕН ӘСКЕРЛЕРІ ҚОЛБАСШЫСЫНЫҢ И.Е.МАМОНТОВТЫҢ ҚОЛБАСШЫЛЫҒЫМЕН ҚЫЗЫЛ АРМИЯ ОТРЯДТАРЫН ҚҰРУ ТУРАЛЫ БҰЙРЫҒЫ

 

Верный

13 мамыр, 1918 жыл.

 

Әскери кеңес дереу партизан отрядын құру қажет деп санайды. Отряд бастығы болып азамат Мамонтов тағайындалады.

Майдандардың қолбасшылары мен 1-Жетісу социалистік жаяу әскери полкінің командирі, майдан мен полктің тілек білдірген азаматтарына аталған партизан отрядына жазылуды дереу ұсынатын болсын. Партизан отрядына өткісі келетін адамдардың тізімдері міндетті түрде үстіміздегі жылдың 14 мамырында таңертеңгі сағат сегізге дейін Әскери кеңеске жіберілсін.

Партизан отрядының қатарында қатаң революциялық тәртіпке бағына алатын және еңбекші халықтың мүдделері жолында өз өмірін құрбан етуге дайын адамдар ғана өте алатыны хабарланады.

 

Әскери кеңестің Төрағасы және облыс әскерлерінің қолбасшысы үшін: Демченко

 

Шетелдік соғыс интервенциясы және Орта Азия мен Қазақстандағы азамат соғысы. 1-том. Алма

← Тізімге оралу