3.3. Қазақ халқының отаршылдыққа қарсы халық-азаттық күресі


ҚАЗАҚТАРДЫҢ ПУГАЧЕВ БАСТАҒАН ШАРУАЛАР СОҒЫСЫНА ҚАТЫСУЫ (1773 – 75)

Патша үкіметінің саясатына наразы қазақ шаруаларының орыс шаруаларының бас көтерулерімен өзара бірлесуі. 18 ғасырдың 1-жартысында Ресей империясының Қазақстанда, әсіресе, Кіші жүзде отарлық саясаты үдей түсті. Осы тұста Орал мен Сібір бекіністерін салу, көшіпқонудың дәстүрлі жүйесіне нұқсан келтірді.

Ресей үкіметінің Жайық пен Еділ аралығында, Ертістің арғы бетінде көшіп-қонуға тыйым салуы қазақ шаруашылығына кері әсер етті. Оған қоса Батыс Қазақстанда тұз иелігін жасап, оның өнімін Жайық казак-орыс әскеріне сатып алуға міндеттеуі – Кіші жүздің батыс аймағындағы малшылардың жағдайын ауырлатты. Ресей үкіметінің заңсыз әрекетіне наразылық білдірген қазақтардың шағымына ешкім құлақ аспады. Осындай жағдай қазақтардың 1773 – 75 жылы Е.И. Пугачев бастаған шаруалар соғысына қатысуына себепші болды. Көтеріліс жайындағы хабар қазақ ауылына тез тарады. Нұралы хан хатшысын Пугачевқа астыртын жөнелтті. Нұралы Пугачевпен байланыс жасай отырып, бір жағынан Орынбор губернаторына көтерілісшілер тобының орналасқан жерін, бет аласын мәлімдеп, әрі Пугачевке қарсы әскери көмек те ұсынып, екі жақты саясат ұстанды.

Қазақтарды көтеріліске қатыстыруға Пугачев үлкен мән бергенімен, Нұралыны түпкілікті өз жағына қарата алмады. Сондықтан ол қазақтарға тікелей тіл қатуға ұйғарды. Орынборды қоршап тұрған кезде оның адамдары шақыру “қағаздарын” алып, Кіші жүздің ауылдарын аралап жар салды. Пугачев оларға жерсу сыйлап, дін бостандығын беруге уәде етіп, Екатерина ІІнің үкіметіне қарсы бірігіп күресуге шақырды. Орынбор әкімшілігінің мәлімдеуі бойынша тама, табын, жағалбайлы руларының кейбір бөліктері бірінші күннен-ақ Пугачевке қосылып, орыс бекіністеріне шабуыл жасады.

1773 жылы 7 қазанда Орынборға жасалған шабуылға 2 мың қазақ қатысып, үкімет әскеріне көп зиян шектірген. Беріш пен шеркеш руларының жасақтары Орал шебінің бекіністерінің гарнизондарына шабуыл жасаған. 1774 жылы қаңтарда А.Овчинников тобының көтерілісшілері Гурьевті (қазіргі Атырау қаласы) алғаннан кейін, кіші жүздің батыс жағының тұрғындарына шаруалар соғысының ықпалы күшейе түсті. Ресей әкімшілігі мен хандарға қарсы кейбір сұлтандар да көтерілісшілерге қосылды. Досалы сұлтан 200 адамдық қолмен баласы Сейдалыны Пугачевке аманатқа жіберді. Ол Орынбор түбіндегі соғысқа белсене қатысты. Сонымен қатар Орынбор қоршауына және Елек (Илецк) қорғанысына шабуыл жасауға Орта жүз қазақтары да араласты. Кіші жүз бен Орта жүз қазақтары Пугачев әскеріне материалдық жағынан да жәрдем көрсетті.

1774 жылы 10 сәуірде Сақмара ауданындағы ұрыста Пугачевтің негізгі күші жеңіліс тапты. Көтерілісшілер әскерінің қалған топтары таулы башқұрт жеріне ығысты. Олар оңтүстік Оралға келісімен көтеріліске қайта қуат бітті. Көтеріліс орталығының Оңтүстік Оралға ығысуына байланысты қазақтардың Сібір қорғандарына шабуылы жиілей түсті. Пугачев Орта жүз қазақтарын өз жағына тартып, әскер әрі ат алу ниетімен оларға үндеу жазып, өкілдерін жіберді.

1774 жылы маусымның басында Сарыторғай маңында Орта жүз старшындары бас қосып, Пугачев үндеуіне келісетіндіктері туралы ұйғарымға келді. Сол жылы Кіші жүз қазақтары Жайық бекінісіне жиіжиі шабуыл жасады. Жекелеген жасақтар Жаңаөзен уезі мен Еділ жағалауына дейін барды. Қазақтар Пугачев әскерінің әскери қимылдарымен ұйымдасқан түрде байланыста болмағанымен, олардың шабуылы Ресей үкіметі әскерінің күшіне қарсы тұра білді. Бұл соғыс қазақ халқының өміріне айтарлықтай әсер етіп, Ресей үкіметінің болашақтағы отаршылдық саясатына қарсы күресіне негіз қалады.

Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.458-459

 

СЫРЫМ ДАТҰЛЫ БАСТАҒАН КІШІ ЖҮЗДІҢ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ

Кіші жүздегі 1783 – 1797 жылдары Патшалық Ресейдің отарлық саясатына қарсы болған көтеріліс. Көтерілістің басты қозғаушы күші – қарапайым көшпелі халық пен патша үкіметінің қысымына шыдамаған би, старшын және батырлар болды. Кіші жүз руларының барлығы да ат салысты: Шекті, Төртқара, Қаракесек, Шөмекей, Кете, Алаш, Серкеш, Таз, Байбақты, Беріш, Табын, Жағалбайлы, Қызылқұрт, т.б.

Көтерілісшілердің мақсаты – ғасырлар бойы қалыптасқан жерді пайдалану жүйесін қалпына келтіру, Орал казак әскерінің қазақ жерлерін басып алуын тоқтату, Кіші жүз Нұралы хан мен оның сарайындағы ақсүйектердің озбырлығана шек қою. Патша казак әскерінің озбырлығына қарсылықты басқарған, бағыт бергендердің ішінде старшындар Қадыр, Садыр және басқа орта буынға жататын ру билеушілері. Алайда ұзақ мерзімге созылған патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы бағытталған осы ірі көтерілістің халық таныған басшысы Байбақты руынан шыққан старшыны, батыр С.Датұлы болды.

1778 жылғы мәліметтерге қарағанда Орал казактарымен қақтығыстың бірінде Сырымның балалары қайтыс болады. Бірақ ол кезде Сырым Датұлы патша үкіметіне қарсы күреске белсене араласпады: Сырымның Орал казак әскерлерімен ашық түрде күресі 1783 жылдың күзінен басталды. 1783 жылы желтоқсанда кездейсоқ қапаста қалған казактардың тұтқынынан 1784 жылы көктемде Нұралы хан босаттырған батыр ұсақ топтардың басын қосып, ірі әскери қол ұйымдастыруға тырысты. Сырымның Орал казак әскерімен кескілескен күресі 1784 жылы маусымда басталды. Көтерілісшілердің негізгі күші Төменгі Жайық шебі мен Ор бекіністері төңірегінде топтасты. Старшындар Барақ, Тіленші, Оразбай, сұлтан Жантөре бас болған көтерілісшілер Жоғары Жайық бекінісі мен Елек қаласышығының маңайына шоғырланды.

1784 жылы қараша айында Сағыз өзені бойында Сырымның жанына топтасқан адам саны 1000-ға жетті. Патша үкіметіне қызмет еткен Нұралының көтерілісшілермен қатынасын суытуы Орынбор билеушілері тарапынан әскери шаралар қолдануға түрткі болды. 1785 жылы 17 ақпанда көтерілісшілерге қарсы генерал-майор Смирнов басқарған 237 казак, 2432 башқұрттан құралған әскерін жіберді. Бірақ күннің суығынан олар Кіші жүз даласына тереңдеп ене алмай, қазақ ауылдарын тонап, қазақтарды тұтқындап әкетті. 1785 жылы көктемде көтеріліс кең ауқымға жайылды.

1787 жылдың наурызында көтерілісшілерді талқандау үшін орал казак әскерінің басшысы Колпаков пен Понамарев 1250 қарулы казак әскерімен шықты. Бірақ көтерілісшілдердің шөлейтті жерлерде жүруінен және мұндай табиғаттың қолайсыздығынан олар мақсаттарына жете алмады. Нұралы ханның ашық түрде патшаға қызмет етуі көтерілісшілерді оған қарсы қойды, ендігі олардың мақсаты ханды тақтан тайдыру болды. 1785 жылы старшындар сьезі Нұралыны хандықтан тайдыру туралы шешім қабылдады. Патша әміршісімен де арасы суыған, беделінен айрылған Нұралы қашып, кейін Уфаға жер аударылып 1790 жылы қайтыс болады. Осы жағдайды патша үкіметі отарлаудың пайдасына шешпекші болып, О.А. Игельстромның реформасы бойынша хандық билікті жойғысы келді.

Сырым Датұлы реформаны алғашқыда қолдады, себебі оның көздегені хандар арқылы іс жүзіне асырылып отырған үстемдікке соққы беру болатын. Алайда көп кешікпей патша үкіметінің өзі хандық биліктің мүддесіне қайшы келетініне көзі жетті. Ресейдің өз ішіндегі Романовтар әулетіне қарсылық реформаның тоқтауына себеп болды. 1790 жылы казак әскерінің атаманы Д.Донсковтың қазақтарға қарсы қимылы көтерілістің қайта өрлеуіне түрткі болды. 1791 жылы Нұралының өліміне байланысты, Ералының хан болып сайлануы, Сырымның жаңа ханды мойындамауы қазақ сұлтандары мен старшындары арасында жік туғызды. Осыдан кейін Сырымның екі жақты – Орал казактары мен өзіне қарсы феодалдық топтарға қарсы күрес жүргізуіне тура келді. 1794 жылы Ералы ханның өлімі, 1795 жылы Нұралы ұлдарының бірі – Есімнің хан болып сайланып, Нұралы ұрпағының хан тағына қайта оралуы Сырымның Нұралы әулетіне қарсылығын бұрынғыдан да өршітті. Бұл жағдай Сырым тобының хан сарайына тұтқиылдан шабуыл жасап, Есім ханның өлтірілуімен тынды. Бірақ ханның өліміне Сырымның жеке басының ешқандай қатысы болмады.

Хан өлгеннен кейін елде екі билік болды: бірі – Нұралы ұлы Қаратай хан сайланса, екіншісі Игельстромның ұсынуымен жүзеге асқан Айшуақ сұлтан төрағалық еткен хан кеңесі. Оның құрамына Нұралы ханның ұрпағын кіргізген жоқ, себебі осылай патша үкіметі Сырымды өз жағына жақындатуға тырысты. Бірақ олар қателесті. Қаратайдың хан болып сайлануы Сырымның ықпалын қайтадан күшейтті. 1797 жылы сұлтан Қаратайдың қуғынынынан құтылу үшін Сырым Датұлы Хиуа хандығына өтіп кетті. 1802 жылы белгісіз себептермен Датұлы Хиуа хандығында дүние салды.

Вяткин М.П. Батыр Сырым, М.Л., 1947; Қазақстан тарихы, т. 3, А., 2002

 

"СЫРЫМ БАТЫР"

"Қазақ мемлекеттігінің орнықтылығы және тәуелсіздігі ішкі үйымдастыру ісіне ғана емес, мұның үстіне сыртқы қатынастарға да байланысты екендігін Сырым жақсы біледі. Ол империямен жақындасу қажеттігін және осы жақындасудың қандай экономикалық нәтижелері болатындығын жақсы түсінеді. Бірақ империя тарапынан агрессиялық әрекеттер болуынан үнемі қауіптеніп отырады да, ол патша үкіметіне сенбейді. Халық бұқарасының көтерілісіне басшы болып жүріп, ол генерал-губернаторға бір мәрте де барған емес және барамын деп, ізденген де жоқ. Соғыс жанжалының қалай да болмай қоймайтындығын ол алдын-ала көрген, Патша өкіметтерімен сөзге кіріскенде, Сырымның дұрысында көздеген бірден-бір мақсаты: жүз ішіндегі ішкі күреске уақытша болса да патша өкіметтерін араластырмау, сүлтандарды патша әкімшілігінің қолтықтауынан айыру. Бұл мақсатқа Сырым жетеді, генерал-губернатордың патша әкімшілігін жүзді басқару системасына сіңіру жөніндегі жоспарлары, анығында, жоққа шығарылады. Патша өкіметтерімен арасының ашылуын Сырым таяу уақытқа күтеді. Ол соғысқа әзірленеді, бірақ, мұнымен қатар, ішкі алауыздықпен берекесі кеткен, әлсіз қазақ мемлкеттілігінің күш-қуаты айбарлы Россия империясына сай келмейтіндігін ол жақсы біледі. Халық аңызының айтуына қарағанда, ол империямен соғыса қалған күнде, Орта Азия халықтарының бәрінің күшін біріктіріп барып қана жеңілмей шығуға болады деп есептеген. Бұл халық аңызына біз сене аламыз, өйткені ішкі саяси үйымдастыруда да Сырым бірлікке ру старшиналарының бірауыздылығы арқасында жетемін деп есептеген. Ру старшиналарына Сырым халық бұқарасының әкімдері деп қараған. Біз тағы бір аңызға сене аламыз, бүл аңызда патша үкіметімен арадағы болашақ жанжалдарда жеңіле қалған күнде Сырым көбінесе империямен шектес аудандардағы тіршілікке өте қажетті мал жайылысынан қалай да айрылатындығын уайымдайды. Осы аңыздарының бірінде мынадай делінген: Сырым Хиуа ханымен сөйлескенде, оның алдына Россиямен соғыса қалған күнде деп, үш шарт қояды: "Біріншісі – Хиуа қазақтарға қару-жарақпен, адамдармен, атпен және азық-түлікпен көмектесуге тиіс; екіншісі - жеңіле қалған күнде Хиуа хандығының жерінен қазақтарға қоныс берілуге тиіс, сонда Сырым қазақтардың осы жерге ескіден келе жатқан правосы бар екендігін еске салады; үшіншісі – қара қалықтардан бұрын қазақтарға тиесілі мал-мүлікті қайтарып беру".

Дегенмен, патшалық Россиямен қалайда соғыс болмай қалмайтындығын ұғынып, Сырым мұнымен қатар, сол соғысты болдырмау үшін немесе кешеуілдету үшін барлық шараларды қолданады".

1. Сырым батыр бастаған қозғалыс 1783-1793-ші ж. аралығында болды. Бұл қозғалыс хан билігінің Ресей отаршылдарының қолында ойыншық болуынан туындады.

М.П. Вяткин. Сырым батыр. Алма-Ата, 1952. - 270-271 -бб.

 

СІБІР ҚАЗАҚТАРЫ ТУРАЛЫ ЖАРҒЫ

Кіріспе

"3. Бұл қазақтар жөніндегі ерекше Жарғы: біріншіден, басқару міндеттерін, екіншіден, қазақтар туралы өзге ұлттардан (бұратаналардан) бөлек шешімдерді, үшіншіден, Жарғыны іске енгізу жөніндегі тәртіпті тиянақты баяндауға арналады.

Бөлінуі. Бірінші тарау.

4. Линиядан тыс қазақтардың қазіргі жағдайына орайлас олардың көші-қон жері болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінеді, ал олар қазіргі атауларын сақтайды.

5. Ауылда 50-70 шаңырақ, болыста 10-12 ауыл болуы жалпы талап етіледі.

6. Болыстарды басқаруға ыңғайлы болу үшін, олар округтерге бірігеді.

7. Округтің құрамында жалпы 15-20 болыс болады.

Баскару. Екінші тарау.

19. Әр округта Округтік Приказ (Дуан - Ж.А.) құрылады.

20. Приказда Аға сүлтанның төрағалығымен Облыс бастығы бекітетін екі Ресейлік заседатель және сайлау бойынша екі сыйлы қазақтан заседатель.

21. Округтік Приказдың кеңсесі, аудармашылары мен тілмәштарі штат бойынша болады.

22. Округтік Приказдың полицейлік (жазалаушы) және сот билігі бар.

23. Округтің ішкі тәртібін шекаралық казактар командасы құрайды, олар, мүмкіндік болса, сол жерге қоныстануы керек.

Жазалау тәртібі. Үшінші бөлім.

59. Барлық сұлтандар өздеріне бағынышты болыстармен Округтік Приказға тікелей бағынады.

62. Халықты қорғау, қиыншылық болса, керекті көмекті көрсету.

63. Ағарту, еңбекке үйрету және шаруашылық пайдасына әр адамды, барлығын баулу.

64. Қазаққа тән күнделікті тәртіпсіздікті (тонау, барымта, үкіметке мойынсұнбау) өте тез тыюды барлық күшпен қолға алу.

113. Сұлтанның рұқсатынсыз бір жерден екінші жерге көшуге тиым салу.

Шаруашылық тәртібі. Төртінші бөлім.

117. Аға сұлтандар, Округтік Приказ мүшелері мен болысты басқарушы сұлтандар, сонымен қатар, емші, хатшылар, аудармашылар мен тілмәштар, келісімді түрде штат бойынша жалақысын алып отырады.

118. Жаздың соңында қазақтардан жылдық жасақты малмен жинау: жүз бастан біреу, түйелерден жиналмайды.

119. Нанға қазақ тарапынан елеулі сұраныс болмаса да, аурудан малдары қырылып қалса, аштықтан сақтау үшін деп егіншілікті қолдау, әр округте қазыналық нан саудасын жасау, сатуды ұйымдастыру.

171. Далаға (қырға) қоныстанған казактарға 15 десятиналық көлемде жер беру.

172. Егіншілікпен айналысам деген немесе шаруашылық құрылысы бар әр қазаққа 15 десятинадан жан басына беру.

Сот тәртібі. Бесінші тарау.

205. Барлық сот ісі қазақтарға байланысты үш түрге бөлінеді: а) қылмыстық; б) түрмыстық дау; в) басқару тәртібіне қарсы арыз.

206. Қазақтарға байланысты қылмыстық істерге: 1) мемлекетке сатқындық, 2) адам өлімі, 3) тонау мен барымта,

4) үкімет орындарына ашық бағынбау жатады.

209. Қылмыстық істі қозғау Округтік Приказ тарапында.

215. Қылмыстық істер ауылдар мен болыстарда билердің араласуымен атқарылады.

216. Билер ол істерді ауызша, бірақ қазақтардың дәстүріне, ғадетіне сәйкес шешелі.

Ерекше шешімдер. Алтыншы тарау.

244. Қазақтардың осы күнгі діні мұсылмандықтан гөрі мәжусиге мазмұн жағынан келетін болғандықтан, оларды көптеп шоқындыруға үміт бар. Облыстық басшылық күштемей, ақылға салып, үгітпен жұмыс істесе, Қырға арналған ерекше діни миссияны шақыра алады.

245. Әр қазақ өзінің ұлын Империяның ішіндегі кез-келген оқу орнына жалпыға тән тәртіп бойынша орналастыруға құқылы."

1. 1822-ші ж. қабылданған бұл Жарғы 10 тараудан тұрады. Барлығы 319 ережесі бар.

2. Жарғы тек Сібір қазақтарына, яғни Орта жүзге арналған, ал Кіші жүздің жерінде жеке "Орынбор қазақтары туралы жарғы" қабылданды, 1824-ші ж.

А.И. Левшин. Описание… Ч. 3. - С. 243-301

 

 

ПОДПОЛКОВНИК ГЕКЕНІҢ ОРЫНБОР ӘСКЕРИ ГУБЕРНАТОРЫНА ИСАТАЙ ТАЙМАНУЛЫ КӨТЕРІЛІСІ ТУРАЛЫ БАЯНХАТЫ

5 қараша, 1837 жыл.

Менің Глиняный форпостынан 27 қазанда жіберген № 6 хабарымнан кейін мен 28-і күні 20 казакты ертіп, Ішкі орданың ханына аттандым да, оның конысына аман-есен жеттім. Мұнда мен старшын Исатай Тайманұлының тарапынан шабуыл жасалады деп қауіптену себепті, асқан зор абыржушылық пен алаңдаушылыққа душар болдым, ал едәуір тобыр жинаған старшын әрі кеткенде 8 шақырым жерде тұр екен. Менің келуім ханның саны аз, шаршап-шалдыққан және жанынан түңілген жақтастарын сергітіп тастады: мен әскерсіз келіп, елеулі пайдамды тигізе алмасам да, Жәңгір ханның өзі, тегінде, менің келгеніме қатты қуанып қалған тәрізді. Тайманұлы бір кезде ордаға шабуыл жасамақшы болып қорқытып және төңіректі талап-тонап, ханмен келіссөз жүргізіпті, сөйтіп, Жоғары мәртебелі одан халық атынан Қарауылқожа сұлтан мен басқаларын ауыс-тыруды талап етіпті, екі жақтан да келіссөз жүргізу мен шарт қою үшін адамдар жіберіліпті, ол қазір де жалғастырылып жатыр.

Алынған нұсқауға сәйкес, тәртіп бұзушыларға қарсы иландыру және бағыныштылық шараларын қолданғым келіп, мен Тайманұлына Жоғары мәртебелі Сіздің бұйрықтарыңызды білу үшін оның маған келуін талап етіп хат жазып жібердім. Мен бастапқы қағазымда оған, егер ол бастықтардың еркіне бұдан былай да қарсы шыға беретін болса, оны ажал күтіп тұрғанын айттым және қылмыстының қарсыласуы, оның кейіннен аман қалуына ешқандай мүмкіндік қалдырмайтынын ескерттім.

Мен өз хатымды оқып бергенде хан істі өзінің бақылауында тындыруға үміт артып, менен Тайманұлына, әуелі осынша қатты кетпеуімді өтінді. Сондықтан Жоғары мәртебелінің өтінішіне көніп, мен хаттың көшірмесін алып жібердім. Сонымен бірге мен Исатайдың жанындағы старшындар мен рулардың аса құрметті адамдарына хат жазып, шақырдым. Олардың жетеуі ғана келді. Ханның көзінше, мен оларға Жоғары мәртебелінің ашу-ызасын және егер олар ақылға келіп, өздерінің бүлікшілігін қойып, Тайманұлын тастап кетпесе, оларды күйінішті тағдыр күтіп тұрғанын айттым. Олардың басты сылтаулары мынаған келіп саяды: олар ханға амалсыздан қарсы шығып жүрген көрінеді, өйткені Тайманұлы олардың мүлкіне ие болыпты, бала-шағаларын тұтқынға алыпты, сөйтіп, олардың өздерін де өзінің соңынан еруге мәжбүр етіп жүрген көрінеді. Ұзақ әңгімелесіп сендіргеннен кейін олар бүлікшілерден қол үзуге уәде беріп кетті. Бірақ олардың уәдені орыындағаны әлі естілген жоқ.

Келесі күні мен Тайманұлынан жауап алдым, оның да көшірмесін қоса жіберіп отырмын: ол, көптеген себептерді алға тартып маған келуден бас тартты. Мен оны алдап қолға түсіргім келмейді, сондықтан да Махамбет Өтемісұлының туған інісі Бекмұхаметті жіберіп, оған менің: бағынбайтындармен келіссөз жүргізбекші ниетім жоқ екенін; мен оны ендігі жерде, өзі ойлағандай, тепкі көрген адам емес, қайта бастықтардың еркін тындамайтын адам деп санайтынымды, алдағы уақытта оған солай істейтінімді айтуға бұйрық бердім; мені өз халқына тыныштық тілейтін ханның өтініші әлі де тежеп отыр, сондықтан да оның бір-ақ амалы бар, ол тез арада ақылға келіп, Жоғары мәртебеліні қасарысып, одан сайын ашуландыра бермеуғана қалады, олай болмаған жағдайда ханның өтініші де оған көмектеспейді және т.т. Бекмұхамет оған бөрін айтқан болса керек, өйткені кейінірек оның (Тайманұлының) Бекмұхаметті қамап қойғанын білдік.

Егер мен басқаша іс-әрекет жасаудың жолын білсем, сөзді, әсіресе уақытты осыншама текке жібермеген болар едім; бірақ шепке жасақпен шығу үшін көп кешікпей қайтып ораламын ғой деп, мен мұнда 20 казакпен ғана келгенмін, ондағы есебім ставкадағы казак командасына сенгенмін, оның ішінде 60-тай ғана Астрахан казактарын пайдалануға болады, қалған бөлігі мүлде еш нәрсеге жарамайтын қалмақтардың бақташы ұрпағынан құралған еді. Егер 60 астрахандыққа 25 оралдық пен маған еріп келген 20 адамды қосса, әрине, орыс жүздігімен және оралдықтардың үш немесе төрт жүздігімен Тайманұлының тобырына шабуыл жасап, оны қуып жіберуге болатын еді; бірақ оның өзін бірінші шабуыл жасағанда қолға түсірудің сәті түспесе, одан пайда жоқ еді, хан қонысын қорғаусыз қалдыруға болмайтындығы себепті, бұл жасақпен оны алысқа қудалау қолайсыз болатын; ал ханның өзі де айтқандай, ол үшін Исатайдың өзін қолға түсіру немесе әрі қарай қуып тастау мүмкін болмаса, оның бұзақыларымен бірге 80 немесе 10 шақырым жерде тұрғаны бәрібір еді. Онсыз да бұзақыланып біткен тобырдың өшіге түсуіне себеп болатын әлсіз шаралар қолданудан аулақ болу үшін, мен өзімді Горск бекінісінде күтіп отырған 200 казак командасы дереу жолға шығып, маған келсін деп шепке аса қатаң жарлық жібергенді жөн көрдім. Ал подполковник Меркуловқа мен өзімнің келуімді күтпей-ақ Кулагин мен Зеленовтағы төртжүздік жасақпен жолға шығып, Теректі құмы алқабына келуге және Тайманұлы мен оны қолдаушылардың сол жердегі ауылдарын басып алуға бұйырдым. Горскіден жасақ келісімен, мен басқаларының бәрінен де ерекшеленіп тұратын ноғай руының қырғыздарын басшылыққа алып төрт жүз ордалықтың көмегімен Тайманұлының тобырына қарсы аттанып, оны қуып таратпақшы және оның өзін қолға түсірмекші ниеттемін. Бірақ бұл істе, тегінде, қару қолданбаса болмайды және Жәңгір хан да олардың табан тіресе қорғанатындығын біледі. Айтпақшы өз сөзімді қарудың күшімен дәлелдейтін болған кезімде, мүмкін болғанынша тағы да иландыру амалын қолданып көремін.

Мен өз ойларымның іске асырылуын тездетуге тырысып, шепке қайтып, Горск жасағын мұнда өзім әкелгім келіп еді, бірақ Тайманұлының алдын ала сезіктеніп қалмауы үшін және оның үстіне, менің ставкада болмауым ендігі жерде ханға да, басқаларға да едәуір қауіпті болар еді деген оймен де кідіріп қалдым. Мен келгеннен кейін Исатайдың бұзақылары талап-тонауын біршама азайтып, осыдан 30 шақырым жерде жатқан ноғайлардың табындарына шабуыл жасаумен ғана шектеліп отырған: мен осындай жағдайда бұл ордалықтарды көмексіз қалдырмау керек, олар адалдығымен және елгезектігімен соған лайық деп санаймын. Жәнгір хан қазіргі жағдайда менен өзін тастап кетпеуді қатты өтінді, бүкіл осы шаралардың сылбыр- лығынан шыдам таусылып барады, бірақ менің осында болуым пайдасыз еместігін мойындаймын, ал кетіп қалатын болсам, зиянды зардаптары болатыны анық. Сондықтан осы жағдайды ескере отырып, оның тілегімен келісуге тиіспін. Жоғары мәртебеліден мақұлдау табамын ба, білмеймін: менің тілегім - шын жүректен жақсылық істеу, бірақ нақ солай істеп отырмын ба - оны Сіздің ізгі ниетіңіздің шешуіне қалдырамын.

Осы елдегі барлық оқиғаларды мейлінше жақыннан қарағанда, қазіргі жағдайлар мен Орынбордан шығардағы ойлағанымнан әлдеқайда маңызды деп табатынымды жеткізу борышым деп білемін. Ішкі ордадағы тәртіпсіздіктер мен бүліктер аса Жоғары мәртебеліге жеткен және оның қашан, қалай аяқталатынын болжау қиын; бар ойды толқу билеп алған.

Жоғары мәртебелі, Жөңгір ханның маған өтінішінің көшірмесін табыс етіп отырмын; Жоғары мәртебелі ол қазіргі жағдайларды, қайғы-қасіретін ескере отырып, ордада тәртіпсіздіктер аяқталып, тыныштық орнатылғанға дейін мұнда жағдайды ушықтырмай саябырсыту үшін біраз мөлшерде әскер қалдыру, оны ауылдардағы мейлінше көнбейтіндерге жаза қолдануға пайдалану керек болады, бұл шараны, тегінде, Жоғары мәртебелі Сіз де қажет деп санарсыз деп ойлайды. Ал қазір, күмән келтіріп отырылмағанындай, бүлікшілерге қарсы қарудың күшімен әрекет жасауға тиіс болсақ, Тайманұлы қоршаған тобырды толық таратқанға дейін, қазір далада бар жасақтан аталған мақсатқа маған еш нәрсе бөлу мүмкін болмайды. Бұл жағдайда, алыс жатқан ауылдарда қажет болған жағдайда бір-біріне көмек бере алмайтын шағын командалар қалдыру қауіпсіз де болмас еді. Егер тәртіпсіздіктердің аяқталуына дейін десек, бұл шараны қолдану мерзімі жақын болып көрінбесе де, Жоғары мәртебелі Сіздің бұл жөніндегі аллын ала нұсқауларыңызды күні бұрын сұрауға батылым барып отыр.

Тайманұлы өз ордасымен ставканың басқа жағына көшіп кетті және одан 20 шақырым, ноғайлықтардың ауылдарына жақын жерде отыр. Ханға берілген бұл қырғыздардың бір бөлігі ставкада: сөйтіп, ол бұларды өз ауылдарына жібермей отыр, бірақ жыртқыштар мал айдап әкетпекші немесе шабуыл жасамақшы болса, оларға жол бермеу үшін күшті тосқауылдар қойған. Мен осында келгеннен кейін өз адамдарымен кейбір сұлтандар келді. Байбақты руының сұлтаны Шоқа жуырда 200 адам ертіп келді. Хан қонысы қоршауға алынған жер сияқты: бәрі қаруланған, бәрі сақ. Алоның бер жағында ханның есебінен, кейбіреулері үй ішімен тұрып жатқан осы меймандар оған мейлінше қымбатқа түсуде және оған едәуір салмақ түсіруде.

Үшінші күні Теректі құмынан келетін жолға қойылған бақылаушы тосқауылдар сол жерден Исатайға келе жатқан екі қырғызды тұтқынға алды. Олардың біреуі Исатайдың жанындағы басты адамдардың бірі - старшынның ұлы Сарт Еділов. Олардың екеуіне де кісен салып, казематта ұстауға бұйрық берілді.

Кейін батыл қимыл жасау мүмкіндігі туатын болса, мен реті келген кезді қалт жібермеймін және сонда өзімнің не істегенімнің бәрі жөнінде Жоғары мәртебелі Сізге құрметпен жеткізіп тұратын боламын.

Подполковник Геке

XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары (1771-1867 жж.). Құжаттар мен материалдар. 280 -283-6б.

 

СҰЛТАНДАР ҚАСЫМ АБЫЛАЙХАНҰЛЫ, САРЖАН ҚАСЫМҰЛЫ БАСТАҒАН СІБІР ВЕДОМСТВОСЫ ҚАЗАҚТАРЫ ЖЕРІНДЕГІ ҚОЗҒАЛЫС.

Саржан Сұлтанның көтерілісі (1825 – 36) – Ресей империясының Қазақстанда жүргізген отаршылдық саясатына қарсы бағытталған ұлт – азаттық қозғалыс. Хандық биліктің жойылуына байланысты округ және шекаралық ресейлік басқару мекемелері ашылып, әскери бекіністер салына бастады.

Көтерілістің шығуына Солтүстік Қазақстандағы суы мен жайылымы мол Есіл өзенінің бойындағы жерлердің орыс – казак шаруаларына берілуі және алым – салықтың өсуі де қатты әсер етті. Саржанның Қытайдағы Цинь үкіметімен қарым-қатынас орнату әрекеті сәтсіздікке ұшырады. Ол інісі Есенгелдімен бірге қазақ ауылдарында халықты ашық бас көтеруге үгіттеп, 1825 жылы Қарқаралы округіне қарасты Қарпық болыстығы қазақтарының көтеріліске шығуына ұйытқы болды. Қарулы жасақтар Саржан сұлтанның басшылығымен округтік приказдарға, керуен жолдарына тұтқиылдан шабуыл жасап, жергілікті билік орындарын әбігерге түсірді. Жасақтар қатарында Саржанның інісі Кенесары да болды.

1826 жылы 31 қаңтарда Батыс Сібір генерал-губернаторы П.М. Капцевичтің бұйрығына сәйкес жіберілген 200 казактан жасақталған жазалаушы жасақпен Саржан бастаған көтерілісшілер арасында шайқас болып, көтерілісшілер жеңіліс тапты. Бірқатар көтерілісшілер тұтқынға түсті. Қудалаудан құтылу үшін Саржан өз қол астындағы көптеген ауылдармен Орынбор шебіне қарай көшіп, Кіші жүз қазақтарын өз жағына тарту бағытында жұмыстар жүргізді. Соған орай Орынбор генерал-губернаторы Саржан сұлтанды Кіші жүздегі “барлық мазасыздыққа басты кінәлі” деп бағалап, оның мұндай әрекетіне тосқауыл қоюға әрекеттенді. Бұған қарамастан көтерілісшілер қатарына Кіші жүз қазақтарымен қоса қашқын орыс, татар, башқұрттар да қосылды.

Саржан Қоқан, Хиуа хандықтарымен және Бұхар әмірлігімен байланыс орнатты. Саржан жасақтары барған сайын жаңа көтерілісшілермен толығып отырды. Оның жасақтарының бірін басқарған сұлтан Абылай Ғаббасов Қарқаралы округіне жорықтар ұйымдастырды. Көкшетау округінде сұлтан Сартай Шыңғысов Саржанға қолдау білдіретіндігін танытып, ондағы халық көтерілісіне басшылық жасады. Отаршылдық әкімшке жағымпаздануымен ерекшеленген Қарқаралы округінің аға сұлтаны Тұрсын Шыңғысов Саржан бастаған көтерілісшілердің талқандалуына ынталылық танытып, патша әскеріне көмектесті.

Саржан 1832 жылы Қоқан хандығының Ташкент құсбегімен патша өкіметіне қарсы бірлесе күресу жөнінде келісім жасап, Ұлытауға, Сарысу өзені бойына келіп қоныстанды. Қоқандықтардың қолдауымен бірнеше рет Орта жүз жеріне жорық жасады. Ол Ташкент құсбегіне бағынышты Ұлы жүз қазақтарын да өз жағына тартуға тырысты. Бұл өз кезегінде Саржанның қоқандықтармен жанжалына негіз болды. Ташкент құсбегі 1836 жылы жазда Саржанды және оның інілері Ержан мен Есенгелдіні, сондайақ оны қолдаған бірқатар белгілі батырларды Ташкентке алдап шақырып зұлымдықпен өлтіртті. Саржанның өлімінен кейін Ресейдің отарлық саясатына қарсы күрес оның інісі Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлтазаттық қозғалысына ұласты.

Бекмаханов Е., Казахстан в 20 – 40 годы XIX века, А., 1992; Қасымбаев Ж., Кенесары хан, А., 1993; Қазақстан тарихы, 3-т., А., 2002

 

ҚАСЫМ СҰЛТАННЫҢ ХАТЫ

"Сіздің құзырыңызға жеткізуді озімнің міндетім санаймын. Менің қазақтарымның (ордынцы) арасында еш тыныштық жоқ, бұл жағдай мені өте ренжітеді. Оның үстіне, Омбы бастығы генерал Капцевич Кокшетауда жиылыс орнын (қала салу) ашты, ол жер біздің жерде, қазаққа қарасты қыр өлкесінде; онымен қоймай, біздің сұлтандар мен билерді сол орынға күштеп жиналысқа (отырысқа) жинап, сонымен реніш тудырып отыр. Біздің сұлтандар мен билер бастаған қазақтар мүнымен келіспейді, олар бұл жерлерде сот орындарының ашылуына қарсы, оған себеп Абылай ханға сенімді болған адамдардың ішінде ешқайсысы да ол орындардың ашылуы туралы өтініш білдірген жоқ.

Омбы генералы император ағзамға - Абылай ханға сенімді болған сұлтандар мен қазақтар өздері осы сот орындарының ашылуын және онда жиналыс болуын тіледі деп жалған, әділетсіз үсыныс айтқан. Біз өз тарапымыздан император ағзамға жалынышты өтінішімізді жібердік, бірақ оны Сібір жағынан өткізбегенін анық білеміз.

Осындай себептерге байланысты мен өзімнің сұлтандарым мен қазақтарым атынан ұлы патшадан бізге өз қалыптасқан әдет-ғұрыпымызға сәйкес, кезінде менің атам Абылай хан түсында қалай өмір сүрсе, солай өмір сүруге бұдан әрі рұқсат беруін өтінеміз. Біздің император ағзамға қарсылық көрсетпейтінімізді, оған қарсы шықпайтынымызды айтқанды жөн санаймыз. Біз қолымыздан келгенше оған құлшына қызмет істеуге дайынбыз, оған да, бізге де пайда түсуіне ниеттіміз. Тек біз жиналыс орнын ашып, ол жерлерде билік кұрыңдар дегеніне келіспейміз және қабылдамаймыз. Егер де бұл қазақ жеріндегі орталықтар жабылмаса, онда біз өзіміздің ескі қонысымызда қала алмаймыз, сондықтан сіздің жоғарғы мәртебеңіз түсінік береді деген үмітпен жоғарғы ұлық император алдында біздің өтінішімізді орындау жөнінде өз сөзіңізді айтарсыз деп сенеміз. Біз ол хабарды асыға күтеміз.

Осы хатты жазушы, сөз соңында, Сіздің ұлы мәртебеңізге ұзақ жылдық денсаулық пен сәттілік тілейді.

Сұлтан Қасым Абылайханұлы өз қолыммен мөрімді бастым."

Жазылды, 1825 ж. 24 маусымда.

1. Бұл хат Орынбор өскери губернаторының атына жазылған.

2. "Присутственные места" дегенді "жиналыс орыны" деп аудардық, бүл негізінен "Округтік Приказ", оны ашу қазақша "Дуан салды" немесе "қала салды" делінеді. Бүл орталықтарға әкімшілікпен бірге әскер де келді. Қазақ шаруаларының көшіп-қонуына, еркіндігіне бүл "дуан орталықтары" ерекше тосқауыл болды.

3. Қасым сұлтан қазақ қоғамын әлі де Абылай уақытындағы тәртіппен үстауға болады деп сенсе керек, бірақ 1820-шы ж. қазақтың бір де бір беделді ханы, оны сөзсіз мойындайтын халқы қалмады. Жалпы, ел болып бодандыққа мойынсұнған уақыт, асаулығы басылған.

Материалы по истории политического строя. Сб.1. - Алма-Атa, 1960. – С. 137-189

 

СҰЛТАН КЕНЕСАРЫ ҚАСЫМҰЛЫ БАСТАҒАН ҚАЗАҚТАРДЫҢ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ (1837-1847): ҚОЗҒАУШЫ КҮШТЕРІ, БАРЫСЫ, НЕГІЗГІ КЕЗЕҢДЕРІ ЖӘНЕ ЖЕҢІЛІС СЕБЕПТЕРІ.

Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы (1837 – 47) – Ресей империясының Қазақстанда жүргізген отаршылдық саясатына қарсы көтерілген ұлт-азаттық қозғалыс. Патша үкіметінің 1822 – 24 жылдары Орта жүз бен Кіші жүзде енгізген басқару ережелері қазақ ұлтының дәстүрлі басқару және құқық жүйесін жойып, орнына округтік және шекаралық ресейлік басқару мекемелерін ашты.

Ресей билеушілері қазақ жерінің ең шұрайлы жерлерін тартып алып, Ақтау, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау, т.б. жерлеріне өз әскери бекіністерін сала бастады. Қазақ халқының қарулы қарсылығына бір ғана әкімшілік басқару жүйесіндегі отаршыл үкімет жасаған өзгерістер себеп болып қана қойған жоқ, оған Солтүстік, Шығыс Қазақстанда суы мен жайылымы мол Ертіс, Есіл өзендерінің бойындағы жерді біртіндеп орысказак шаруаларының өз иелігіне бөліп алуы, алымсалықтың өсуі де қатты қозғау салды. Ресей империясының саясатына қарсы алғашында Абылай хан ұрпақтары Ғұбайдолла сұлтан, кейін Қасым төренің ұлы Санжар сұлтан көтеріліске шыққан болатын. Бірақ олардың Ресейге қарсы күресінде одақтас болған Қоқан хандығы сатқындық жасады.

1836 жылы Қоқан билеушісінің нұсқауы бойынша Саржан өлтіріледі, ал 1840 жылы Қасым төре қаза табады. Осындай тарихи кезеңде сұлтан (1841 жылдан хан) Кенесары Қасымұлы үш жүзді де толық қамти отырып, қазақ елінің Абылай хан тұсындағы территориялық тұтастығын, дербестігін қалпына келтіру мақсатын алдына қойды. Кенесары қарулы көтерілісін бастамас бұрын Ресей империясының билеушілеріне (Николай І патшаға, Орынбор генерал-губернаторлары В.А. Перовскийге, В.А. Обручевке, Сібір генерал-губернаторы П.Д. Горчаковқа) әлденеше рет хат жазып, тиісті талаптар қойды. Ресей үкіметі “бөліп ал да, билей бер” саясатын ұстанды, қазақтың би-болыстарын шен беру арқылы бірбіріне айдап салып, қарсы қойды. Сондықтан да Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына көптеген аға сұлтандар, биболыстар толық тірек бола алмады.

1837 жылы Кенесары қолы Ақмола бекінісіне шабуыл жасап, орыс-казак әскерлерін талқандады, қамалды өртеп жіберді. 1839 – 40 жылдары көтерілісшілер Есіл өзені бойындағы бекіністерге жиіжиі шабуыл жасап, Жарғалаң өзені бойында бекініс тұрғызу жөнінде шешімнің қабылдануына түрткі болды. Кенесары келесі жорығын Торғай өңірі арқылы Кіші жүз жеріне жасады. 1841 жылы қыркүйекте үш жүз өкілдерінің мақұлдауымен Кенесары қазақ халқының ханы болып сайланды. Осы жылдың жазында Қоқан хандығына қарсы соғыста оны ойсырата жеңіп, оның иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды. Батыс Сібір генерал-губернаторы Перовскийдің орнына Обручев келген соң, 1843 жылы Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлтазаттық қозғалысына қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырылды.

1843 – 44 жылы Ресей әскерінің қолбасшылары Лебедев, Жантөрин, Дуниковский әскерлерімен шайқаста Кенесары жасағы әр түрлі айла-тәсілді мол пайдаланып, үнемі үстем түсіп отырды. 1844 жылы шілдеде Ресей жағында соғысушы Кіші жүз сұлтандарының біріккен күшін Кенесары әскері бірнеше рет ойсырата жеңді. Осы жылдың тамыз айында Наурызбай, Ағыбай батырлар бастаған қол Екатерина қамалын тасталқан етті. 1845 жылы Кенесары әскері шегінуге мәжбүр болды. Орынбор генерал-губернаторы Обручев Солтүстік батыс өлкеде қосымша бірнеше бекіністер салу арқылы Кенесарының басты күштерін ығыстыра бастады. Қазақтардың мейлінше жиі көшіп – қонатын жерлерінде Қарабұтақ, Ырғыз, Торғай, Арал (Райым) бекіністерінің тұрғызылуы көтерілісшілермен күресу мақсатын көздеген еді.

1846 жылы қуаты әлдеқайда басым Ресей әскерінен ығысқан Кенесары қолы Сарыарқаны тастап, Шу өзені бойына ойысады. Кенесарының ойы Абылай ханның тікелей тұқымдары билеген Ұлы жүзге барып, патша үкіметіне және Қоқан ханына қарсы күресте қолдау табу еді. Патша үкіметі де Кенесарының басты күштерінің Жетісуға бет алғанынан хабардар бола отырып, 19 ғасырдың 20 – 40-жылдарда Ресей билігін мойындаған Сүйек Абылайұлы сияқты империяның осы өлкедегі тілектестеріне сүйенуге тырысты. Жетісу жерінде Кенесары Абылай тұқымдарынан қолдау таппады. Дегенмен, Кенесарыға Байзақ Мәмбетұлы, Белқожа би, Медеу би, Құдайберген датқа (Қ.Баетов), Сыпатай батыр және Ұлы жүздің басқа да ру басшылары тарту-таралғыларымен келіп, қостайтындықтарын білдірді. Қырғыздардың Жанғараш, Жантай, Тыналы, Төрегелді секілді басшыларына елшілер жіберіп, патша үкіметіне бірлесе күресу керектігі жөнінде ұсыныс жасады. Бірақ қырғыз билеушілері Ресей империясы билігін мойындауға ыңғай берді, ал ол қазақ ханының ашулы ерегісін туғызды. Сол себепті қырғыздарға қарсы шабуыл жасалды.

Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының тағдырын шешкен ақырғы қанды шайқас Кекілік-Сеңгір тауының етегіндегі Майтөбе деген жерде өтті. Осында Кенесарыны Ресей отаршылдарына арқа сүйеген қырғыз манаптары қапылыста қолға түсіріп, азаптап өлтірді. Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының жеңілу себептерінің бірі – бір жағынан, Ресей үкіметінің, екінші жағынан, Қоқан билеушілерінің қырғыздарды қазақтарға айдап салуының да салдары болды. Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы, шын мәнінде, Ресейдің қырғыз жерін де, Қоқан хандығын да жаулап алуын біраз уақытқа кейін шегерді.

Бекмаханов Е., Казахстан в 20 – 40-е годы ХІХ в., А.-А., 1947; Якушевич А., Дневники и письма из путешествия по казахским степям, А.-А., 1966; Кенесарин А., Султан Кенесары и Сыздык, А.-А., 1992; Қасымбаев Ж., Кенесары хан, А., 1993

Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.320-321

 

КЕНЕСАРЫ ХАННЫҢ ТАЛАПТАРЫ

"Сіздің құзырыңызға мына мәселелерді түсіндіру бақытына ие болғаныма ризамын. Сіздің аталарыңыздың патшалық құрған дәуірінде, ал бізде Абылай хан заманында ел тыныш және жайбарақат еді, оны ешкім де бұзбайтын. Екі патша да екі ел арасында бейбіт саудаға жол берді, біздің елде алым-салық болмаушы еді. Одан кейін заман өзгерді, оның көрінісі - біздің халқымыздан жасақ (алым) жинау және әр-түрлі қыспақ көрсету. Бұрынғы бейбіт келісімді бұзып, сіздің қарамағыңыздағы кіші бастықтар, бүкіл қазақ елі түгел Ресей бодандығын қабылдады деп, жалған ақпар берді. Осыны себеп қылып, менің атам Абылай қарамағында болған жерлерде сегіз диван (Приказ-Округ) белгіледі. Бұл біздің халқымыз үшін аса бақытсыздық, әсіресе жасақ (алым) талап ету. Бүкіл қазақ халқының атынан, оның бейбіт өмір кешіп, жоқшылыққа ұшырамауы үшін, мен сізден, Ұлы патша, талап етемін: Қазақты бұрынғы қалпында қалдырып, жаңадан ашылған сегіз округтік диванды, қырда салынған-ашылған басқа бастамаларыңызды жойсаңыз. Осы сөздерді сізге жеткізу бақытына ие болып отырған, Кенесары Қасымов. Өз мөрімді қойдым".

1. Кенесары хаты. 1838-ші ж. желтоқсанда Николай патшаға жазылған.

Национально-освободительная борьба казахского народа под предводительством Кенесары Касымова. Алматы, 1996. - С. 120-121.

 

 

СЫР БОЙЫ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КӨТЕРІЛІСІ

1856 – 1857 жылдардағы Кіші жүздің әлім руынан шыққан Жанқожа Нұрмұхамедұлының басқарған Ресей отаршылдығына қарсы ірі көтерілістердің бірі.

Сыр бойы қазақтарына Хиуа хандығының салық жинап өктемдік орнатуға тырысуы және бекіністер салуға Арал өңірінің қазақтарын зорлап қатыстыруы жергілікті халықтың ашуызасын келтірді. Жанқожа Нұрмұхамедұлының бастауымен төменгі Сыр қазақтары 1843 жылы қоқандықтардың Қуаңдария бекінісін талқандады. Орыс тобының Сырдарияға, оның Аралға құяр сағасына келуі қазақтардың Хиуа ханы үстемдігіне қарсы күресіне дем берді. Жақсы қаруланған күшке арқа сүйеген Жанқожа батыр өз топтарымен Сырдың төменгі ағысын қоқандықтардан тазартты.

1853 жылы орыс әскерлерінің Ақмешітті алуына байланысты Сырдария әскери шебі пайда болды. Райымнан (Қазалы) Ақмешітке дейінгі аймақ патша әскерлерінің бақылауына көшті. Бұл жерлерде патша үкіметі отаршылдық тәртіп орнатып, тұрғылықты халықтан алымсалық жинады. Ал жаңа бекіністерді салуға қазақтарды зорлықпен тарту 1856 – 1857 жылдары Сыр бойы қазақтарының көтеріліске шығуына себеп болды. Орынбор генерал-губернаторы В.А. Перовский Жанқожа батырға Шекті руын басқартпауға тырысты. Күресті бастаған Жанқожа батыр Жаңақаланы көтеріліс тірегіне айналдырды.

1857 жылы 9-қаңтарда В.А. Перовскийдің бұйрығы бойынша көтерілісті басуға шыққан Фитинговтың әскерімен Арықбалық деген жерде шайқас болды. Өздерінен әлдеқайда басым күшпен соғысқан Жанқожа батыр сарбаздары жеңіліске ұшырады. Жазалаушылар ауылдар тонап, бейбіт елдің берекесін қашырды. Көтеріліс жеңілгеннен кейін қазақ сұлтандары, старшындары патша үкіметінің отаршылдық билігін амалсыздан мойындап, оның сойылын соға бастады.

Мәшімбаев С.М. Патшалық Ресей отарлық саясаты, А., 1994.

Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.669-670

 

1916 ЖЫЛЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСТІҢ ЕҢ ТАБАНДЫ ОШАҒЫ-ТОРҒАЙ КӨТЕРІЛІСІ

Көтерілістің басшылары – Әбдіғаппар Жанбосынов, Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин және т.б. Көтерілістің Торғай ошағы шырқау шегіне жеткен кезінде көтерілісшілер саны 50 мыңға жеткен. Көтеріліс қарсыңында Торғай уезі негізінен қыпшақ және арғын рулары шоғырланған 13 болыстан тұрды.

Көтерілістің алғашқы кезеңінде толқулар қыпшақтар мекендеген Қайдауыл, Аққұм, Сарытоғай, Қарақопа болыстарын, арғындар мекендеген Тосын, Майқарау, Сары қопа, Наурызым 1, 2 болыстарын қамтыды. Көтеріліс кезінде Әбдіғаппар Жанбосынов қыпшақ көтерілісшілерінің ханы, ал Шолақ Оспанов арғын көтерілісшілерінің ханы болып сайланды. Кейін 1916 жылы 21 қарашада 13 болыс өкілдері құрылтайда халық арасында атақты Нияз бидің ұрпағы Әбдіғаппар Жанбосыновты Торғай унің ханы сайлап және атақты Иман батырдың немересі – Амангелді Иманов көтерілісшілердің бас қолбасшысы етіп тағыйындады.

Көтерілісшілер ондық, жүздік және мыңдықтардан құралған өз жасақтарын құрды. 22 қазанда А.Иманов бастаған 15 мың көтерілісші Торғай қаласын қоршады. Көтерілісшілерге қарсы генерал-лейтенант А.Лаврентьевтің жазалау тобы шықты. А.Иманов бастаған 12 мыңға жуық қол Түнқойма стансасында подполковник Катоминнің жазалау тобымен соғысты. Көтерілісшілердің көпшілігі адам күшін сақтау үшін Торғайдан 150 км жердегі Батпаққара ауданында шоғырланды. Олар жазалаушылармен Татыр, Ақшығанақ, Доғал, Үрпек, Күйік деген жерлерде шайқасты. Дегенмен патша үкіметінің Торғай көтерілісшілерін басуға жіберген 17 атқыштар ротасының 18 казак жүздігінен, 4 атты әскер эскадронынан, 18 зеңбірек, 10 пулемет және басқалардан көтерілісшілер екпіні бәсеңдей бастады, алайда көтеріліс тоқтаған жоқ. Торғай көтерілісі патша өкіметі құлатылғаннан кейін ғана тоқтатылды.

Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.696

 

ХІХ ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КҮРЕСТЕГІ ХАЛЫҚ АҚЫНДАРЫНЫҢ РӨЛІ. МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ.

Махамбет Өтемісұлы (1803, қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы – 20.10.1846, қазіргі Атырау облысы Махамбет ауданы Қараой ауылы) – ақын, күйші, Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістің (1836 – 38) көсемі әрі жалынды жыршысы. Бала кезінен мұсылманша, орысша оқыған. Әкесі Өтеміс елге ықпалды би болған.

1824 – 28 жылдары Орынбор қнда Жәңгір ханның ұлы Зұлқарнайынның қасында болды. 1829 жылы Махамбет Ішкі Ордаға Жайықтан жасырын өтті деген айыппен ұсталып, Калмыков бекетіндегі абақтыға 2 жылдай қамалды. 1931 жылы түрмеден қашып шықты, бірақ артыншауылыақ ақталды. 1834 жылы Исатай бауылытырмен бірікті. Осы жылдың 9 маусымында Жәңгір хан Махамбетті өз жағына тарту мақсатында старшын лауазымын ұсынды. Жер мәселесі, жайылымның тарлығы, орыс империясының қазақ хандығын жою мақсатында ісқимылдары, сондайақ Жәңгір ханның жерді туғантуыстарына бөліп беруі мен ел билігінде қайын атасы Қарауылқожаға үстемдік берген астамшылық әркеттері бүліншіліктің тууына себепші болды. Қарауылқожа мен Исатай Махамбет арауылысындағы тартыс өршіп, науылыразылық үлкен қозғалысқа айналды. Исатай атынан жазылған “Әй, Махамбет, жолдасым!” атты Махамбет толғауы, ондағы “Хан баласы жылады-ай, Жанымды қи деп сұрады-ай” деген жолдар хан ордасын қоршауға алған соғыс күндерінің (1837) шындығын сипаттайды. Осы жылдың қараша айында көтерілісшілер Бекетай құмында өздерінен күші әлдеқайда басым Геке әскерімен соғысып, жеңіліс табады. Бұл оқиғалар Махамбеттің “Соғыс” жырында бейнеленіп, “Жабығу”, “Ереуіл атқа ер салмай” туындылауылырында жеңілістің күйзелісті күйі шертілді.

1838 жылы 12 шілдеде Ақбұлақ бойындағы шайқасқа Исатай қазаға ұшырап, Махамбет Хиуа жақта 2 жылдай жасақ жинауға әрекет жасады. Бұл ниеттен нәтиже шықпаған соң Бөкей ордасына жасырын өтіп, ел ішін паналады. Ақын өміріндегі ауыр да сүргінді жылдар жалғасып, 1841 жылы 4 наурызда белгісіз біреулердің Тілекеев деген қазақтың үйінде отырған жерінде Махамбетті тұтқындап, Калмыков ауылында (қазіргі Тайпақ ауданы) екі апта түрмеде ұстады, кейін Орынборға айдатты (17.3.1841). Орынбордың генерал-губернаторы Махамбет ісін әскери соттың қарауына тапсырды. Сот 1841 жылы 7 шілдеде “бүліншілікке” тағы араласса, қатаң жазалансын деп үкіммен тұтқыннан босатып, шекарадан өтпеуді қатаң ескертті.

1841 – 45 жылдары аралығындағы Махамбет өмірі турауылылы деректер аз. 1845 жылы ақпанда Махамбет баласы Нұрсұлтанды оқуға орналастырмақ ниетпен Орынборға келді. Шекарадан өтуіне байланысты генерал-губернатор істі қайта қозғады, Кіші жүздің бауылытыс бөлігінің әкімі Б.Айшуақов та Махамбетті қудалауын қоймады. Ол ақынның 1000 сом тігіп, оны ұстау үшін арнайы адамдардан (құрамында хорунжий Ықылас Төлейұлы, беріш руының биі Жанберген Боздақұлы, табын Төрежан Тұрымұлы, беріш руының қазақтары Мұса Нұралыұлы, Жүсіп Өтеуұлы бар) құралған қарулы жасақ жіберді. Махамбет хорунжий Тұрымұлының қолынан қаза тапты.

Махамбет шығармалары – бұқара өмірінің руханипоэтикалық шежіресі, шаруалар қозғалысының шынайы бейнесі. Ол жыраулықтың поэзияның көркемдік әлемін байытып, шығармаларында ұлт-азаттық идеяларын көтерді, елдікті сақтап қалуға шақырды. Махамбеттің 200 жылдық мерейтойы аталып өтіп (2003), 4 томдық жинағы жарық көрді.

Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.561-562

 

АБАЙ ҚҰНАНБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ МӘДЕНИЕТІНДЕГІ ТАРИХИ РӨЛІ. АБАЙ ЖӘНЕ Е.П. МИХАЭЛИС.

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (10.8.1845, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Қасқабұлақ жайлауы – 6.7.1904, сонда, Балашақпақ жайлауы, бейіті Жидебайда) – ұлы ақын, философ, ағартушы. Ақынның арғы бабасы – Олжай батыр. Олжайдан Айдос, Айдостан Ырғызбай, Ырғызбайдан Өскенбай тарайды. Өскенбайдың әйелі – Зереден Құнанбай туады. Құнанбайдың (1804 – 1885) әйелі – Ұлжаннан Абай дүниеге келеді.

Абай “Ескітам” қонысында әкесі ашқан медреседе оқып, ауыл молдасы Ғабитханнан дәріс алған. Әкесі Абайды он жасқа толған соң Семейдегі Ахмет Риза медресесіне береді. Онда 3 жыл оқиды. Медресенің үшінші жылында Абай осы қаладағы “Приходская школаға” да қосымша түсіп, онда 3 ай орысша оқиды. 13 жасынан елдегі әкімшілік билік жұмыстарына араласады. Ол әке қасында болған жылдарда қазақ даласындағы әлеуметтік өмір қайшылықтарын жанжақты тани түседі. Патша үкіметінің отаршылдық саясаты мен оның аярлығына түсінбей өзара айтыстартысқа түскен, танымы таяз болыстар мен ел билеушілеріне қарсы күресуге бел буған Абай болыс сайлауына түсіп, жеңіп шығады.

1875 – 78 жылы Қоңыркөкше еліне болыс болады. Бұл жылдары өз қолындағы билікті пайдаланып, әділеттіліктің таразысын тең ұстауға күш салды. Абай ел ісіне араласқан жылдарында әділдігімен, білімділігімен көрініп, халық арасында беделі өсті. 1886 жылы Е.П. Михаэлистің ұсынысымен Семей облысы статистика комитетінің толық мүшесі болып сайланды. 1885 жылы мамыр айында Шар өзнің бойындағы Қарамола деген жерде Семей облысының генерал-губернаторы Цеклинскийдің басқаруымен Семей облысына қарайтын 5 уездің 100ден астам би – болыстары бас қосқан төтенше съезі өткізілді. Осы съезде төбе би болып сайланған Абайға “Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережесін” әзірлеу тапсырылды. Абай бастаған комиссия барлығы 93 баптан тұратын ережені 3 күнде әзір етті. Абайдың беделін өсірген Қарамола съезінен кейін оның қарсыластары көбейіп кетеді.

1890 жылы Байғұлақ, Күнту деген кісілер бастаған 16 атқамінер Жиренше қыстауының шетіндегі Ши деген жерде Абайға қарсы дұшпандық әрекетке сөз байласады. 1891 жылы Оразбай бастаған дау 1897 жылға дейін созылады. Бұл шиеленістің аяғы 1898 жылғы Мұқыр сайлауындағы жанжалға, Абай өміріне қастандық жасауға әкеліп соқтырады. Өмірінің соңына қарай пенделік шаруалардан бойын аулақ салып, уақытының көбін шығармашылыққа арнаған. Абай үш әйел алған. Бәйбішесі Ділдәдан (1843 – 1924) Ақылбай (1861 – 1904), Әбдірахман (1866 – 1874), Күлбадан (1863 – 1932), Әкімбай (1866 – 1874), Мағауия (1870 – 1904), Райхан (1871 1896); екінші әйелі Әйгерімнен (1856 – 1919) Тұрағұл (1875 – 1974), Мекайыл (1884 – 1931), Ізкайіл (1895 – 1929), Кенже (1901 – 1932), барлығы 7 ұл, 3 қыз сүйген. Әмеңгерлік жолмен үйленген әйелі Еркежаннан – ұрпақ көрген жоқ.

Абай өлең жазуды он жасында (“Кім екен деп келіп ем түйе қуған...”) бастаған. “Сап, сап, көңілім”, “Шәріпке”, “Абыралыға”, “Жақсылыққа”, “Кең жайлау” өлеңдері 1870 – 80 жылдар аралығында жазылған. Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы – “Қансонарда” 1882 жылы жазылған. “Сен мені не етесің”, “Қан сонарда бүркітші шығады аңға”, “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым”, “Желсіз түнде жарық ай”, “Болыс болдым, мінеки”, “Қызарып, сұрланып”, “Келдік талай жерге енді”, “Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?”, “Көк тұман – алдыңдағы келер заман”, жылдың төрт мезгілін суреттейтін “Қыс”, (“Ақ киімді, денелі, ақ сақалды”), “Күз” (“Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан”), “Жаз” (“Жаздыгүн шілде болғанда”), “Жазғытұры” (“Жазғытұры қалмайды қыстың сызы”) секілді өлеңдерінің қайқайсысы болса да тың дүние, шығармашылық жаңалық. “Сабырсыз, арсыз, еріншек”, “Бөтен елде бар болса”, “Мәз болады болысың” туындылары оның мысқылға шебер ақын екенін дәлелдейді. “Ғылым таппай мақтанба”, “Интернатта оқып жүр” атты өлеңдерінде білім – ғылымды насихаттаудың тамаша үлгісін көрсетеді.

А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтовтың шығармаларын шеберлікпен аударды. Пушкиннің “Евгений Онегинінен” бірнеше үзінді – нұсқаларды таңдап алып, “Татьянаның хаты”, “Ленскийдің сөзі” атты өлеңдерін шығарды. Лермонтовтың “Ой”, “Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз”, “Қанжар”, “Теректің сыйы”, “Асау той, тентек жиын, опыр – топыр”, “Жартас”, “Өзіңе сенбе, жас ойшыл”, “Альбомға” өлеңдерін қазақтың төл туын дысынша сөйлетті. Абай – мысал өлеңдердің де шебері. Крыловтың мысалдарын қазақ халқына жеткізуші. Абай “Масғұт”, “Ескендір”, “Әзім” поэмаларын жазған. Бұларға қоса, ол Лермонтовтың “Вадим” атты көлемді прозалық шығармасын және “Демон” поэмасын өлеңмен аударған. Бұл екі аудармасы мен “Әзім” поэмасы бізге толық жетпеген.

Абайдың философиялық көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі – қара сөздері. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) – ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық алты бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алтыжеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қана қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған. Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының филос. тұжырым – дамасын  құрайды. Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 жылы Семейде шыққан “Абай” журналында жарық көрді. Кейіннен, Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды.

Абай – әлемге көзқарасы қалыптасқан, өзіндік философиялық түйіндері бар ғұлама. Ақынның мұралары терең мағыналы философиялық идеяларға толы. Ол күллі Шығыста философияның негізгі мәні болып табылатын “жетілген адамды” өзекті және басты мәселе етіп қарастырған. Адамгершілік туралы ілімді дамыта отырып, адамды адамгершілік, кісілік тұрғысынан жетілдіру принциптерін, ұлттық эстетика мәселелерін алға тартты. Адамның шексіз танымдық мүмкіндіктері жөнінде, білім мен ғылымның әлеуметтік рөлі туралы, адамтану мәселелерін көтерді.

Абайдың рухани мұрасы шын мәнінде қазақ халқының зерделі ойы мен өмірі тұрғысындағы энциклопедия секілді. Абайды танып, белсенді игере отырып, сол кездегі қазақ қоғамының экономикалық, саяси, құқықтық, отбасылық, мәдени – тарихи, моральдық хал-жағдайынан айқын да толық мағлұматтар алуға болады. Елімізде ұлы ақынға жасалған құрмет ерекше. Абай атында Қарағанды облысында (1997 жылы), Шығыс Қазақстан облысында (1928 жылы) аудан, Семей (1940 жылы), Қарқаралы қларында, Жидебайда (1945 жылы) әдеби – мемориалдық мұражайлар бар. Алматы, т.б. қалалардағы театрларға, көшелерге ақын аты берілген. Абай атында шың (1932), асу, мұздық (1947) бар. Абай қоры жұмыс істейді. Фильмдер, көркем шығармалар, зерттеулер жазылған. Қазақтың классик жазушысы Әуезовтің бас кітабы – “Абай жолы” ұлы ақынға арналған. Ақын тұлғасы өзге де көркемөнер туындыларына өзек болды.

Шығ.:Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңдері, СПб., 1909; Абай термесі, Орынб., 1916; Абай Құнанбайұлының өлеңдері, Қ., 1922; Таңд. өлеңдері, Таш., 1922; Толық жин., Қ.-о., 1933; Таңд. өлеңдері, А., 1934, 1936, 1939; Шығ., 1–2-т., 1939 – 40; Таңд. өлеңдері А., 1943, 1944; Шығ. бір томдық жин., А., 1945; Таңд. өлеңдері, А., 1946; Шығ. толық жин., А., 1948, 1951; Таңд. өлеңдері, А., 1952; Шығ. толық жин., 1-–2-т., 1954; Әндер, А., 1954; Толық шығ. жин., А., 1955; Шығ. толық жин., А., 1961; Шығ. толық жин., 1–2-т., А., 1977; Таңд. өлеңдері, А., 1985; Шығ. жин., 1–2-т., 1986; Шығ. толық жин., 1–2-т., А., 1995.

Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.5-6

← Тізімге оралу