Алаш қозғалысы – 20 ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс. Ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында мүлдем жаңа жағдай қалыптасты. Ресейлік әскери-монархиялық басқару жүйесі, қазақ жерінің орыс мемлнің меншігі етіп жариялануы, осыған орай ішкі Ресейден қоныс аударушылар легінің күрт өсуі, қазақ бұқарасының зорлықпен егіншілікке жарамды жерлерден ығыстырылуы, дәстүрлі қазақ шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауы сол қалыптасқан жағдайдың нақты көріністері еді. Сол кездегі қазақ қоғамы дамуының күн тәртібінде қазақ халқының ұлт ретінде жоғалуы, не өзін-өзі сақтауы үшін күреске шығу мәселесі тұрды. Бірақ ендігі уақытта жеке батырлар бастаған қол түзіп, қару асынып көтеріліске шығу нәтиже бере қоймайтын еді.
Қалыптасқан жаңа саяси ахуалға лайық жаңа күрес құралдары, әдісайла қажет болды, ең негізгісі халыққа оның алдында тұрған негізгі мақсатмүдделерін түсіндіріп жеткізетін, сөйтіп оны заман талабына сай күрес құралдарымен қаруландырып, азаттық үшін қоғамдық қозғалысты бастап кете алатын мүлдем жаңа саяси-әлеуметтік күшке сұраныс үлкен еді. Ал ондай саяси күштің қалыптасып келе жатқанын 1905 – 07 жылдардағы оқиғалар көрсетіп берді. Ол күш – сан жағынан аз болғанымен, тез ысыла бастаған ұлттық интеллигенция болатын. Осы бірінші орыс революциясы жылдары ұлттық зиялылар кейін Алаш қозғалысы атаған қоғамдық қозғалыстың негізін қалады.
1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде дүниеге келген Қарқаралы құзырхаты (петициясы) оның бағдарламалық құжаты болатын. Осы мезгілден бастап Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов жетекшілік еткен ұлттық зиялылар жаңа өрлеу ала бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа нысаналы сипат беру үшін газет шығару, азаттыққа үндеген кітаптар бастырып тарату, Мемлекеттік Дума жанындағы мұсылман фракциясы жұмысына, жалпыресейлік мұсылман, түркішілдік қозғалыстарына ат салысу сияқты қазақ қоғамына бейтаныс күрес әдістерін игере бастады. Ал 1911 жылдан шыға бастаған “Айқап” журналы, 1913 жылдан жарық көріп, жалпыхалықтық басылымға айналған “Қазақ”, оның артын ала өмірге келген “Бірлік туы”, “Сарыарқа”, “Ақжол” газеттері ұлт-азаттық күрес идеологиясының қалыптасуына қызмет етті.
Алаш қозғалысының басты мақсаты – қазақ елінің өзін-өзі басқару, яғни ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлкеттік жүйе құру құқын метрополияға мойындату, түбінде дербес мемлекет құру, қазақ жерлеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, дәстүрлі мал шаруашылығын өркендету, сонымен қатар егіншіліктің, өнеркәсіптің дамуын қамтамасыз ету, рыноктық қатынастарға жол ашу, жеке адам құқын және басқа демократиялық принциптерді қадір тұту, ұлттық мәдениетті өркендету, оқу жүйесінің, тілдің дамуына қажет шарттар түзу болды. Біріншісі орыс революциясы жылдарынан бастау алатын Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 1917 жылы ақпан және желтоқсан айлары аралығында өзінің шарықтау шегіне жетті. Осы жылдың жазы мен көктемінде қазақ комитеттерінің пайда болуы, күзіне қарай Түркістан автономиясы (Қоқан автономиясы) және Алашорда үкіметтерінің құрылуы бұл қозғалыстың нақты нәтижелері болды.
1917 жылы пайда болған бұл саяси құрылымдар большевиктер тарапынан күшпен таратылғанымен, ұлт-азаттық қозғалыс күштері саяси күрес сахнасынан бірден кете қойған жоқ. Мемлекеттік тәуелсіздік, жер және кезінде алаш зиялылары күн тәртібіне қойған қоғамдық-саяси басқа да мәселелерді басты талабы етіп, ұлт-азаттық қозғалыс жаңа сипатта Т.Рысқұлов, С.Аспандияров, С.Қожанов, С.Садуақасов, Ж.Мыңбаев қызметінде одан әрі өрши түсті. Елде тоталитарлық жүйе біржола орнағаннан кейінгі уақытта енді ол жаңа саяси жағдайға байланысты шетелдік эмиграция күшімен жүргізілді. Мұстафа Шоқайұлының қызметі, оның басшылығымен Берлинде 10 жыл бойы (1929 – 39) шығып тұрған “Яш Түркістан” журналындағы материалдар соның айғағы.
Негізгі мақсаты – ұлттық бостандық болған Алаш қозғалысы көрші түркі, мұсылман халықтарымен күш біріктіруге тырысты. Сөйтіп, 20 ғасырдың алғашқы жылдарынан бастау алатын Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 30-жылдарға дейінгі тарихи кезеңді қамтыды. Кеңестік тоталитарлық билік алаштық атанған аға буын зиялылардың ең белсенді бөлігін, сондай-ақ олардың кеңестік-партиялық қызметтегі ізбасарларын қуғын-сүргінге ұшыратып, жауыздықпен жазалады.
Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б. – Б.35-36
РЕСЕЙДЕГІ АҚПАН БУРЖУАЗИЯЛЫҚ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ РЕВОЛЮЦИЯСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА ӘСЕРІ
Ақпан төңкерісі – 1917 жылғы 27 ақпанда (12 наурыз) Ресей империясында патша үкіметін құлатып, елде буржуазиялық-демократиялық республика орнатқан төңкеріс. Ақпан төңкерісінің жеңісі саяси жүйенің жоғары сатысы – республикалық құрылысқа көшуге жағдай туғызуымен қатар отаршыл жүйенің күш-қуатын әлсіретуге де мүмкіндік берді.
Ақпан төңкерісі нәтижесінде ресми билікті қолына алған Мемлекеттік Думаның шешімімен құрылған Уақытша үкімет қазақ халқының 1916 жылы өзінөзі билеуге құқықты болғандығын мойындады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқандарының әрекеттері тоқтатылды.
Ақпан төңкерісі жеңісінің ең маңызды нәтижесі бұрынғы Ресей империясы аумағында кең көлемде саяси бостандықтар орын алып, бүкіл қоғамдық өмірдің демократиялануы болды. Бүкіл аймақта буржылы мәндегі бостандықтар (саяси ұйым құру, сөз, баспасөз, т.б.) жүзеге асырыла бастады, жасырын түрдегі партиялар жариялылық жағдайға шықты, жаңа партиялар мен басқа да саяси ұйымдар құруға рұқсат етілді. Алайда Ақпан төңкерісі жеңісі қоғамдық өмірдің барлық мәселелерін шеше алған жоқ (мысалы, соғыс және жер мәселелері).
Ақпан төңкерісі монархияны құлатқанымен, жержердегі ескі басқару аппаратын түбегейлі жоя алмады. Жаңа үкімет органдарын құру үшін күрес күрделі болып, ұзаққа созылды. Жер-жерлерде буржуазияшыл Уақытша үкіметтің органдарымен қатар орталықта Петроград кеңесі басқарған жұмысшы, солдат және шаруалар Кеңестері құрылды. Революция жеңісіне жеткеннен кейінгі алғашқы күндерде Кеңестердің қолында айтарлықтай күш болды. Елде қосүкіметтілік (ресми Уақытша үкімет және оның жергілікті жүйесі мен нақтылы күшке ие болған Кеңестер) жүйесі қатар орын алды.
Уақытша үкіметі Ресей империясының Қазақстан сияқты отар аймақтарында кадеттерден, эсерлерден және өзінің саяси бағытын жүзеге асыруға сенімді деп табылған қазақтың ұлттық-демократиялық интеллигенциясының жекелеген өкілдерінен өлкелік, облысы және уезд комиссарларын тағайындады. Мысалы, Ә.Бөкейханов Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы, М.Тынышбаев Жетісу облысындағы комиссарлары болып тағайындалса, М.Шоқай, А.Бірімжанов, А.Кенесарин Түркістан өлкесі мен Торғай өңіріндегі Уақытша үкіметтің жергілікті органдарында жауапты қызметтер атқарды.
Қазақстанның уезд, облыс орталықтарында Уақытша үкіметтің жергілікті органдары – атқару комитеттер, коалиц. комитеттер, азаматтық комитеттер жүйесі қалыптасты. Олар негізінен, жергілікті орыс буржуазиясының, кәсіпкерлердің, банкирлердің өкілдерінен құралып, кадеттердің, эсерлердің және соларға жақын саяси партиялар мен қозғалыстардың мүшелері болды.
Уақытша үкіметтің өлкедегі ұлттық тірегі 1917 жылғы наурыз айынан құрыла бастаған қазақ және мұсылман комитеттері болды. Олар негізінен, сол жылғы шілде айында қазақтың ұлттық Алаш партиясын ұйымдастырған Бөкейханов басқарған ұлттық-демократиялық интеллигенцияның жетекшілігімен құрылды. Ақпан төңкерісі жеңіске жетісімен ұлттық-демократиялық қозғалыс (1917 жылы шілдеден – Алаш қозғалысы) басшыларының халыққа ұсынған саяси бағдарламасы, жалпы алғанда, түбірлі түрде Уақытша үкіметке қайшы келетін жолды ұстаған кеңестерге әуел бастанақ оң көзқараста болмады, олардан өз іргесін қашығырақ ұстады. Кейінірек, Кеңестер жаппай құрылып, Уақытша үкіметке ашық қарсы шыға бастаған кезде қазақтың ұлттық-демократиялық қозғалысы күрделі жағдайға душар болды.
Қосөкіметтілік өзінің дүниеге келуі арқылы 1917 жылы Ақпан төңкерісінің ішкі қайшылықтарын бейнеледі, елдің қоғамдық-саяси өмірінің тұрақсыз екенін көрсетті. Мұндай жағдай ұзаққа созылмайтын еді: ерте ме, кеш пе, қосөкіметтілік жойылып, барлық билік буржуазиялы мен оның одақтастарының мүддесін қорғайтын Уақытша үкіметтің немесе 1917 жылғы көктемде әлеуметтік және ұлттық езгінің ауыртпалығын көтерген халықтың басым көпшілігі жұмысшылар мен шаруалардың айтарлықтай бөлігінің сеніміне ие болған Кеңестердің қолына көшуге тиіс еді. Ақырында Ақпан төңкерісі нен басталған саяси тұрақсыздық Қазан төңкерісіне ұласып, Уақытша үкімет биліктен тайдырылды.
Нурпеисов К., Становление советов в Казахстане, А.-А., 1987; соныкі , Алаш һәм Алашорда, А., 1995
ШІЛДЕДЕГІ ЖАЛПЫҚАЗАҚ СЪЕЗІ ЖӘНЕ АЛАШ ПАРТИЯСЫН ҚҰРУ ТУРАЛЫ ШЕШІМ.
БІРІНШІ ЖАЛПЫҚАЗАҚ СЪЕЗІ – 1917 жылы 21 – 26 шілде аралығында Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарынан және Бөкей ордасынан 20-дан астам қазақ өкілдерінің қатысуымен Орынбор қаласында өткен съезд. Ол Х.Досмұхамедовтың төрағалығымен, А.Байтұрсынұлының, Ә.Көтібаровтың, М.Дулатовтың, А.Сейітовтың хатшылығымен өтті.
Бірінші жалпықазақ съезінің күн тәртібіне сол тарихи кезеңдегі елдің әлеуметтік экономикалық және қоғамдықсаяси өміріне қатысты төмендегідей 14 мәселе қойылды:
Съезд қабылданған қаулы бойынша Ресей “демократиялық федеративтік республика болып, қазақ облыстары қоныс ұлт жігіне қарай облыстық автономия алуға тиіс” болды. Делегаттар жер туралы мәселені аса ұқыптылықпен талқылап, 14 тармақтан тұратын шешім қабылдады. Онда: “Қазақ халқы өзіне еншілі жерге орналасып болғанша қазақ жері ешкімге берілмесін” деп көрсетіліп, бұрын қазақтардың пайдасынан алынып қойған жерлерді кері қайтару талап етілді. Делегаттар “жер туралы қазақ өз алдына заң жобасын жасасын” деген ұсыныс білдіріп, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының болашақ депутаттарына жиналыста бұл мәселе туралы “басқа партиялармен келісуді” тапсырды.
Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы туралы мәселені талқылап, оған депутаттыққа кандидат етіп 81 адамнан тұратын тізімді бекітті. Олардың ішінде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, Ә.Ермеков, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, А.Тұрлыбаев, А.Сейітов, М.Дулатов, А.Бірімжанов, С.Қадырбаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, М.Тынышбаев, Ы.Жайнақов, С.Аманжолов, М.Шоқай, Ә.Кенесарин, Қ.Қожықов, Ғ.Оразаев, Б.Құлманов, У.Танашев секілді белгілі қазақ зиялылары болды. Сондай-ақ, депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылғандардың арасында Г.Н. Потанин, В.Чайкин, Т.Нарботабеков, Ә.Диваев сияқты басқа ұлт өкілдері де бар еді.
Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне съезд шешімімен Ақмоладан Тұрлыбаев, Семейден Ә.Сәтбаев, Торғайдан Ә.Байғарин, Оралдан Досмұхамедов, Бөкей ордасынан Танашев, Жетісудан Б.Мәметов, Сырдариядан Шоқай, Ферғанадан Оразаев сайланды.
Бірінші жалпықазақ съезі қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуы тиіс деп есептеп, бұл партия бағдарламасының жобасын Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Съездің шешімі бойынша, құрылатын партия парламенттік негізде демокр. принциптерді басшылыққа алған, қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғауды мақсат тұтқан саяси партия болуы тиіс еді. Съезд жұмысы барысында біраз делегат партия құру ісіне байланысты сөйлеген Бөкейхановтан ресейлік кадет партиясына қатынасын ашық мәлімдеуді талап етті. Соған байланысты болашақ партия басшысы кадет партиясынан шығатынын мәлімдеді. Съезд өз қаулыларында “осы күнгі тұрақты әскер орнына халық милициясы құрылсын” деп, ұлттық әскер жасақтауды, “көшпелі елдерде де отырықшылардікі секілді тоқтаусыз болыстық земство ашылсын” деп, земстволық басқару жүйесінің қазақ тұрмысына бейімделген түрін ұйымдастыруды, “қазақтың народный сотын” жойып, оның орнына “қазақ тұрмысына лайық сот – айрықша сот” құруды жақтап шықты.
Съездің оқу-ағарту ісі, әйел теңдігі және дін мәселелері бойынша қабылданған шешімдері қазақ зиялыларының бұл қоғамдық мәселелерді түсініп, шешуде өз заманындағы қоғамдық ойдың алдыңғы қатарында тұрғандығын айғақтайды. Оқу-ағарту ісіне байланысты “бастауыш білім жалпыға міндетті болсын, бастапқы екі жылда оқу баланың ана тілінде жүрсін, мектеп оқулықтары мен мерзімді басылым “Қазақ” газеті емлесімен жазылсын” деп көрсетіп, ал әйел теңдігі жөнінде “әйелдер саяси құқықта ерлермен тең, ерге шығу еркі әйелдің өзінде болсын, қалыңмал жойылсын, 16-ға толмаған қызға құда түсу болмасын, неке қиярда әйел мен еркекті беттестіріп, ризалықтары ескеріліп отырсын” деп қаулы етті.
Съезд Жетісу облысында туындап отырған жағдайды талқылап, Ресей ішкі істер министрі атына: “Жетісуда қазақ-қырғызды атып-жаншып жатқан мұжықтардың және соғыстан қайтқан солдаттың қолынан қару-жарағын жиып алып, халықты тыныштандырсаңыз екен”, – деген мазмұндағы жеделхат жолдады. Сонымен бірге Жетісу облысындағы ашаршылықтан қырылып жатқан қазақ-қырғызға “алаш баласының жәрдем беруін” өтініп үндеу тастады. Киев қаласында тамыз айында өтуі тиіс федералистер съезіне Бөкейхановты, Досмұхамедовты және Танашевті жіберу жөнінде шешім қабылданды. Санкт-Петербургтегі оқу комиссиясына С.Кенжеұлы баратын болып белгіленді. Съездің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қабылданған қарарлар кейінірек, 1917 жылы 21 қарашада “Қазақ” газетінде жарияланған Алаш партиясы бағдарламасы жобасында басшылыққа алынды.
Аманжолова Д.А., Казахский автономизм и Россия, М., 1994; Нұрпейісов К., Алаш һәм Алашорда, А., 1995; Қойгелдиев М., Алаш қозғалысы, А., 1995; “Қазақ”, А., 1998
АЛАШ ПАРТИЯСЫ
Қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы (1917 – 20). 20 ғасырдағы қазақ тарихында терең із қалдырған Алаш партиясының өмірге келуі, біріншіден, қазақ елінің қоғамдық дамуының жаңа экономикалық, саяси және рухани негізде қайта құру қажеттілігінің пісіп жетілгендігін, екіншіден, Ресей империясының Қазақстанда отарлық басқару жүйесінің терең дағдарысқа ұшырағандығын көрсетті.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Саяси партия құру үшін қажетті алғышарттар қалыптасты. Алғашқы жалпықазақ съезін өткізу үшін “Қазақ” газеті жанынан құрылған ұйымдастыру бюросы күн тәртібіне “Қазақ саяси партиясын жасау мәселесін” ұсынылды. 1917 жылғы 21 – 26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы мәселе қарап, бұл партияның жобасын жасауды съезд “Шораи исламға” сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Съездің соңғы күні жаңа қалыптаса бастаған партияның басшысы Бөкейханов ресейлік кадеттер партиясына мүшеліктен шығатынын және оның себептерін мәлімдеді.
Партияның ұйымдық тұрғыдан құрылуы күзге, яғни бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттар сайлау науқанына тұстас келді. “Қазақ” газеті (1917, No244) өзінің бас мақаласында партияның атын “Алаш” қойып, оған тілектестерді Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандитаттар тізімін осы партияның атынан жасауды ұсынды. Сонымен бір мезгілде “Қазақ” басқармасынан барлық облыстардағы Қазақ комитеттеріне қазақ саяси партиясының атын “Алаш” қою туралы жеделхаттар жіберілді.
Алаш партиясының облысы ұйымдары 1917 жылдың қазан айынан қалыптаса бастады. Бөкейхановтың тікелей ұйымдастыруымен және басшылығымен шамамен қазанның 12 – 20 аралығында партияның облысы ұйымдары алдымен Семейде, кейін Омбыда, ал қарашаның 10-на қарай Орынборда ашылды. Семей облысы партия комитетінің төрағасы болып Х.Ғаббасов, Омбы обкомының төрағасы болып А.Тұрлыбаев, ал Торғай обкомының төрағасы болып Ә.Бөкейханов сайланды. Партияның арнайы съезін шақырып, басқару органдарын сайлауға, жарғысы мен бағдарламасын бекітуге қолайлы жағдайдың болмауынан Орталық комитет құрылмады. 1-жалпықазақ съезі Бүкілресейлік Құрылтай жиналысында депутаттыққа кандидат есебінде тіркелген топ партияның басқарушы ұйтқысы болды.
Алаш партиясы жариялаған бағдарламасында Ресей мемлекетінің демократиялық, федеративтік республикалық болғандығын жақтады. Бағдарлама бойынша шашыранды қазақ облыстары өз билігі өзінде тұтас бір мемлекетке бірігіп, автономиялық негізде Ресей Федерациясының құрамына енбек. Әлеуметтік қатынаста феодалдық аристократияны шектеу, таптық жіктелу мәселесі қойылған жоқ, керісінше, жалпыұлттық бағытында тұрды. “Салық малауқат, табысқа қарай байға – байша, кедейге – кедейше ғаділ жолмен салынады,... бар жұмысшылар заң панасында болады”. “Ресей республикасында дінге, қанға қарамай, еркек-әйел демей адам баласы тең. Жыйылыс жасауға, қауым ашуға, жария сөйлеуге, газет шығаруға, кітап бастыруға – еркіншілік”, заң орындарының рұқсатынсыз жеке адамдардың табалдырығынан аттап, ешкім тінту жүргізе алмайды, сот сұрап, билік айтылмай ешкім тұтқынға алынбайды, т.б. Қазақ мемлекетінде оқу орындарының есігі кімге де болса ашық және оқу ақысыз болмақ, оқу жалпыға бірдей жайылмақ. Қазақ тілінде орта мектептер, университеттер ашылады, бастауыш сыныптарда сабақ ана тілінде жүреді. Оқу ісі өз алдына автономия түрінде жүргізіледі, үкімет оқу ісіне араласпайды. Мұғалімдер мен профессорлар өзара сайлау арқылы тағайындалады.
Бағдарламадағы ең негізгі мәселе – жер мәселесі болды. Қазақ жері, оның астыүсті байлығы қазақ елінің меншігі болуға тиіс. Қазақ елінің ықтиярынсыз ішкі Ресейден қоныс аудару тоқтатылады. Жер мәселесіне байланысты заң қабылданып, қазақ алдымен өз жерінен енші алады. Жер сыбағасы тұрған жерінен, ата мекенін әркімнің тілегіне сай ауылға, ұлысқа, руға бөлінеді. Адам басына, жеке үй басына тиетін жер сыбаға шаруаға, жердің топырағына, жергілікті табиғатына байлаулы болады. Жер сыбағасын жергілікті жер комитеттері анықтайды. Заң жерді сатуға тыйым салады. 1917 жылдың соңына қарай ұйымдық тұрғыдан қалыптасқан Алаш партиясының жергілікті комитеті ұйымдары облыстың, уездік Қазақ комитетері, ал жергілікті сауатты, патриоттық ниеттегі зиялылар партияның тірегі болды.
Алаш партиясы күрделі 1917 жылы үш ірі мәселені шешуге үлкен үлес қосты. Біріншіден, партия мүшелері халық арасында, қазақ зиялылары ішінде ең алдымен шешілуге тиіс жалпыұлттық зәру мәселелерді талқылауға мұрындық болып, сол мәселелер бойынша ортақ тұжырымдарға келуде басты рөл атқарды. Бұл тұжырымдар партия бағдарламасының жобасында (“Қазақ”, 1917, No251) берілді. Екіншіден, партияның ұйтқысы болған қайраткерлер қазақ елінің Алаш автономиясы атанған ұлттық мемлекетінің өмірге келгенін жария еткен екінші жалпықазақ съезін (1917, желтоқсан) даярлап өткізді. Осы съезде өмірге Алашорда – Ұлттық үкіметі келгені мәлім. Оның мүшелері түгелдей дерлік өздерін Алаш партиясының мүшесі санағандығы күмән тудырмайды. Үшіншіден, осы жылғы қарашада болып өткен Бүкілресейлік Құрылтайға депутаттар сайлауында барлық қазақ қайраткерлері Алаш партиясының атынан тіркелді және оның атынан депутат болып сайланды. Осы Құрылтайға депутаттар сайлау барысында барлық қазақ облыстарында Алаш партиясы ең көп дауыс алған партия болды. Объективті жағдай, күрделі де қатал өмір ағымы Алаш партиясының саяси күреске білек түріп араласып кеткен ірі саяси күшке айналуына мүмкіндік бермеді. Қым-қиғаш азамат соғысы тұсында ондай міндетті тек Алашорда үкіметі ғана атқара алатын еді.
Нүрпейісов К., Алаш һәм Алашорда, А., 1995; Қойгелдиев М., Алаш қозғалысы, А., 1995; “Қазақ”, А., 1998
17-ШІ ҚАЗАН МАНИФЕСІ
Біз, екінші Николай
Алланың мәрхаматымен
"Бүкілрусия императоры әрі дара билеушісі, Польша патшасы, Финляндия ұлы князі уә ғайры, уә ғайры, уә ғайрылары.
Астанада және Империямыздың көптеген жерлерінде болып жатқан бүліктер мен ереуілдерден Біздің жүрегімізді ауыр қайғы басты. Осы ереуілдердің аяғы ел ішінде тәртіптің бұзылуына соқтыруы, Державамыздың тұтастығы мен бірлігіне қауіп төндіруі мүмкін.
Үкіметке Біздің мынадай қалауымызды екі етпей орындауды жүктейміз.
1905-ші жыл 17-казандағы патша манифесі.
"АЛАШ" ПАРТИЯСЫНЫҢ ПРОГРАММАСЫНЫҢ ЖОБАСЫ
I
Мемлекет калпы
"Россия демократическая, федеративная республика болу.
(Демократия мағынасы мемлекетті жұрт билеу, Федерация мағынасы кұрдас мемлекеттер бірлесуі. Федеративтік республикада һәр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. һәр қайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді).
Үкімет басында учредительное собрание мен Г. Дума қалауынша келісімді жылға сайланатын президент болу. Президент халықты министерлер аркылы бағу, ол министрлер учредительное собрание мен Г. Дума алдында жауаптар болу. Депутаттар тегіс, тең, төте һәм хуфия сайлаумен болады. Сайлау хақында қан, дін, еркек-әйел талғаусыз болады.
Законды жалғыз ғана Г. Дума шығаруы һәм. Г. Дума хүкмет үстінен қарап, іс тексеруі, запрос (сұрау) жасау хақы да Г. Думада болады. Мемлекет салығы Г. Думада салынбау.
II
Жергілікті бостандық
Қазақ жүрген облыстардың бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Россия республикасының федерациялық бір ағзасы болуы. Реті келсе, қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен әзірге бірлесе болуы, реті келмесе, бірден-ақ өз алдына жеке болуы. Қайткенде де осы күнгі земстволықты қабыл алуы.
"Алаш" партиясы қазақ ұлтының би, болыс, ауылнайлары сияқты орындарында қызмет ететін адамдар болуына жаһид қылады. Земстволардың управаларында, милицияларында таза қызметші боларлық адамдардың атын халық қалауына салады.
"Алаш" партиясы ғаділдікке жақ, нашарларға жолдас, жебірлерге жау болады. Күш-қуатын игілік жолына жұмсап, жұрт тарқы ету жағына бастайды.
III
Негізгі хұқық
Россия республикасында дінге, қанға қарамай, еркек-әйел демей адам баласы тең болу.
Жиылыс жасауға, қауым ашуға, жария сөйлерге, газет шығаруға, кітап бастыруға - еркіншілік, хұқымет қызметшілері иесінен рұксатсыз һеш кім табалдырығын аттаушылық; сот сұрамай, билік айтылмай, тұтқын қылмаушылық; қылмысты болған адам судья бар жерде 24 сағат ішінде, судьясыз жерде бір жетіден қалмай судьяға тапсырылып жазба судья хүкімімен жабылуы.
Кісі хатын ашқанға айып, оқығанға жаза болуы.
IV
Дін ісі
Дін ісі мемлекет ісінен айырылулы болуы. Дін біткенге тең хұқық. Дін жоюға ерік. Кіру-шығу жағына бостандық. Муфтилік қазақта өз алдына болуы. Неке, талақ, жаназа, балаға ат қою сияқты істер моллада болуы, жесір дауы сотта қаралуы.
V
Билік һәм сот
һәр жүрттың билік пен соты тұрмыс ыңғайына қарай болуы. Би һәм судья жергілікті жұрттың тілін білу. Аралас жерде соттың тергеу-тексеруі һәм хүкімі жергілікті жұрттың қай көбінің тілінде айтылуы. Би һәм судья орынынан тергеусіз түспеу. Билік һәм сот жүзінде жұрт біткен тең болуы; Құдайдан соңғы күшті би һәм судья болып, кім де болса, олардың хүкіміне мойынсұнуы. Айтылған хүкім тез орынына келуі. Зор жазалы қылмыстар присяжный сотпен қаралуы. Присяжныйлар қазақтан алынуы. Қырдағы ауыл, болыс ішінде билік пен сот жұрт ұйғарған ереже жолымен атқарылуы.
VI
Ел корғау
Ел қорғау үшін әскер осы күнгі түрде ұсталмауы. Әскерлік жасына жеткен жастар жерінде үйретіліп, жерінде қызметету: әскер табына бөлгенде туысқан табына карай болу. Әскерлік міндетін қазақ атты милиция түрінде атқаруы.
VII
Салық
Салық мал-ауқат, табысқа қарай байға - байша, кедейге - кедейше ғаділ жолмен таратылу.
VIII
Жұмысшылар
"Жұмысшылар закон панасында болу. (Қазақ жерінде завод-фабрика аз, сондықтан қазақтың жұмысшылары да аз. "Алаш" партиясы жұмысшылар турасында социал-демократтардың меньшевик табының программасын жақтайды).
IX
Ғылым - білім үйрету
Оқу ордаларының есігі кімге де болса ашық һәм ақысыз болуы; жұртқа жалпы оқу жайылуы. Бастауыш мектептерде ана тілінде оқуы; қазақ өз тілінде орта мектеп, университет ашуы; оқу жолы өз алды автономия түрінде болуы; хүкімет оқу ісіне кіріспеу; мүғалімдер-профессорлар өзара сайлаумен қойылуы; ел ішінде кітапханалар ашылуы.
X
Жер мәселесі
Учредительное собрание негізгі закон жасағанда жер сыбағасы алдымен жергілікті жұртқа берілсін деуі; қазақ жер сыбағасын отырған жерлерден алып орналасқанша, қазақ жеріне ауған мұжық келмеуі; бұрын алынған жерлердің мұжық отырмағандары қазаққа қайтуы; қазаққа тиетін жер сыбағасын жергілікті комитеттер кесуін; сыбаға өлшеу норма жердің топырағы мен шаруалық түріне қарай жасалу; сыбағадан артылған жер земство қолында болу; артық тұрған жерден ел өскенде ауық-ауық сыбаға кесіліп берілу; Түркістанда жермен бірге сусыбағасы да кесілу; жерді қазақ үй басына иеленбей, ауыл-аймақ, туысқан табына меншіктеп алу: өзара әділдік жолымен пайдалану.
Жер законінде жер сату деген болмау, һәр кім өзі пайдалану. Пайдасынан артық жер сатылмай, земствоға алыну. Жердің кені, астығы, байлығы қазынанікі болып, билігі земство қолында болу.
Аса зор ағаш, зор өзендер мемлекеттікі болып, аз ағаш һәм көл байлықтары земство мүлкіне саналу.
Жоба жасаушылар: Ғалихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдес Ғүмаров, Есенғали Тұрмұхамедов, Ғаддулхамит Жүндібаев, Ғазымбек Бірімжанов. "Қазақ", 1917-ші ж., 21-қараша, сейсенбі.
АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЖЕТЕКШІЛЕРІНІҢ КӨЗҚАРАС ЭВОЛЮЦИЯСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ КЕЙБІР ҚҰЖАТТАР
(Ахмет Байтұрсыновтың "Қазақ" газетінің оқырмандарына арнау сөзі)
"Заманына қарай адамы" деген сөз бар. Мұның мағынасы - заманның түріне қарай іс істеу. Төңірекке қарасақ, түнерген-түнерген бұлттар көрінеді. Түбі қандай - белгісіз. Не боларын білмейміз. Нұр болып жауып, жерімізді көгертіп, несібемізді молайтар ма, болмаса дауыл боп соғып, үйімізді жығып, үй-ішімізді шашып тастар ма? Көзіміз бұған жетпейді. Жалаң аяқ, жалаң бас, жеңдеріміз киюсіз, етектеріміз жиюсыз ашылып-шашылып қамсыз жатқан халықпыз. Күннің не боларына көзіміз жетпей тұр, дауылды жауын ету қолымыздан келмесе де үйлеріміз қирамай, шашылмай қалуына амал ету керек емес пе? Сол амалға кіруге жүртқа мүрындық болатын нәрсенің бірі - газет. Халыққа газеттің керегі қандай екенін айтып өткеніміз ұнамсыз болмас.
Әуелі, газета - халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр саналады. Дүниеде не болып жатқанын көру жоқ, не сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ. Бөтен дүниежүзіндегі халықтар телеграмма, телефон, почталардың арқасында бір-бірімен хабарласып, газет арқылы жұртты жиып,бір үйдегі адамдардай сөйлесіп отыр. Дүниеде болып жатқан істер, сөйленіп жатқан сөздер кімге пайдалы, кімге залалды екендігін күні бұрын біліп, пайдалы болса шаттанып, залалдысынан сақтанып тұрады.
Екінші, газет - жұрттың уланбасына медет нәрсе. Олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірді, көргені көп көсемдері, оқығаны көп ғалым адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық етіп тұрады.
Үшінші, газет - халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттерден жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, запаны өсіп, пікірі ашылып, қыр асты жетпекші.
Төртінші, газета - халықтың дауысы. Жұртым деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газета арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпаска тырысады.
Халыққа газетаның осындай қызметтері бар екенін білген жұрттар газетті киетін киімі, ішетін тамағы, үстіндегі үйінен соңғы керек нәрсеге санайды. Газетаның пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі. Сондықтан неғұрлым білімді, өнерлі халықтар болса, соғұрлым газета, журналдары көп… Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың әруақты аты деп газетіміздің есімін "Қазақ" қойдық. Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына күшін қосып, көмектесе қызмет ету қазақ баласына міндет. Қызмет етемін десеңдер, азаматтықтың зор жолының бірі осы.
Милет халін ойымызға алып, қызмет етуді мойынымызға алып, талаптанған бір ісіміз осы. Құдай сәтін салғай. "Әмин" деп қол жайып, "оп" деп күш қосып, "Алла" деп іске кіріселік.
"Қазақ", 1913-жыл, N1.
Ә. Бөкейханов
Мен кадет партиясынан неге шықтым?
Кадет партиясы жер адамға меншікті болып берілсе де жөн дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұрдша көрші мұжыққа сатып, бір аз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді.
Кадет партиясы ұлт автономиясына карсы. Біз алаш ұранды жүрт жиылып, ұлт автономиясын тікпек болдық.
Француз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді, молла хүкіметтен акша алса, сатылып кетеді. Рухани іс аяқ асты болды. Жалование алған моллалар хүкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді. Біздің қазақ-қырғыздың ісін көркейтетін болсак, хүкімет ісінен бөліп қойған оң болады. Оны орысша "отделение церкви от государства" дейді. Кадет партиясы менің бұл пікіріме өзгеше қарайды.
Осы үш жол айырылғаны биыл ашыққа шықты. Мен сонан соң қазаққа Алаш партиясын ашуға тырыстым. Мұны мен июльдегі жалпы қазақ съезінде айткан едім.
Ғалихан
"Қазак", 1917, 23 декабрь, N256.
"Қазақ" - саяси партияға…
"Қазақ" - саяси партияға кірген кісі, кірген партиясының программасына мақұл болады. Онан шыға жайылам деген екен, партия программасына пікірі яки ісі қайшы болса, ондай жағдайда партиядан шыққанға есеп береді. Ғалиханның пікірі кадет программасынан айырылғандығы жағдайы қазақ һәм күзгі күнгі Сібір съездеріне мәлім еді. Орынборда болып өткен желтоқсанның 5-13-інде соңғы жалпы казақ-қырғыз съезінде Ғалихан топқа кадет партиясынан шыққандығын баян қылды. "Кадет партиясынан неге шықтым?" деп себептерін көрсетіп жазған мәнісі сол.
"Қазақ", 1917, N256. Кеңес Нұрпейісов.
Алаш һәм алашорда. - Алматы, 1995.
Міржақып Дулатов
Оян қазақ
Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қарағым, енді жату жарамас-ты.
Найзаменен түртсе де,
Жатырсын,қазақ,оянбай.
Мұнша қалың ұйқыны
Бердің бізге,ой,Алла-ай!
Бар ма екен біздей ғафыл жұрт,
Атырафқа көз салсақ.
Көзі іскенше ұйқыға
Келе жатқан тоя алмай?
Етемін үміт жастардан,
Жаңа гүл шашқан бақшадай.
Мұрадын оңай кім табар,
Жар салып жұртқа қақсамай?
Халыққа,жастар,басшы бол!
Қараңғыда жетектеп.
Терең судан өтер ме,
Мың қойды серке бастамай?
Дулатов М. Оян, қазақ! Роман, өлең-жырлар, әңгімелер. Алматы:
Атамұра, 2003. - 192 б.