Қазақстан тарихы бойынша глоссарий

Санаттар:

Жандармерия ( фр. gendarmerie)

әскери үйымы бар жоне елдің ішінде және әскерде күзет функциясын орындайтын полиция. 1827-1917 жж. Ресейде жандармдар корпусы саяси полицияның ролін атқарды.

Жатақ

дәстүрлі қазақ қоғамындағы көшіп-қонатын күш көлігі болмағандықтан, үнемі қыстауда немесе қала маңында тұрып күн көрген кедейлердің ерекше әлеуметтік тобы.

Жаңа экономикалық саясат

ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы КСРО-да Азамат соғысы салдарынан қираған ел экономикасына жеке меншік иелерін тартып, адамдардың өз еңбегіне мүдделілігін орнықтыруға бағытталған әрекет. Оның мәнісі азық-түлік салғыртын азық-түлік салығымен алмастырып, жеке меншіктің түрлі формаларын пайдалануға жол ашу болды.

Жоспарлы экономика

— өндіріс пен бағаны мемлекет толық бақылауда ұстайтын жүйе.

Жұмысшы факультеті (рабфак)

КСРО-да 1919–1930 жылдары ересектерге арналып ашылып, жалпы білім берген оқу орындары.

Жұт

ауа райының аса қолайсыз құбылыстары (қуаңшылық, жерді көк мұз басуы, тағы да басқа) салдарынан белгілі бір аймақ тұрғындарының экономикалық күйзеліске ұшырауы

Жәдитшілдік

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтары арасында өріс алған қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық қозғалыс.